Абайдың әндері

Өзгеге, көңілім, тоярсың

Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.

Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.

Қара басқан, қаңғыған,
Хас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар,
Құлағын ойлы ер салсын.

Әуелесін, қалқысын,
От жалын боп шалқысын.
Жылай-жырлай өлгенде.
Арттағыға сөз қалсын.

Ата-анаға көз қуаныш

Ата-анаға көз қуаныш

Ішім өлген, сыртым сау

Ата-анаға көз қуаныш –
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті,
Ер жетті,
Не бітті?

Оқытарсың молдаға оны,
Үйретерсің әр нені.
Медеу етіп ойы соны,
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дәме етті,
Босқа өтті.

Ата көңіл жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса,
Ел танымай, үй танып құр,
Шаруасын да ұқпаса –
Үміті қайда?
Соны ойла,
Абайла!

Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла,
Ойбайла –
Не пайда?

Зарланарсың, ойланарсың,
Не болам деп енді мен.
Құрбылардан қорланарсың,
Тәңірі ісіне сен де көн.
Қайғысыз пенде
Көрдің бе
Өміріңде?

Тәңірі сорлы етсе, пенде
Не бітірер құр жылап.
Жігері жоқ, ақылы кенде,
Жамбасыңнан жат сұлап.
Бір жаман мен бе
Дедің бе
Көңіліңде?

Көзімнің қарасы

Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде
Ғашықтың жарасы.

Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын.

Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.

(І-нұсқа)
(ІІ-нұсқа)

ТҮСІНІКТЕР

Өзгеге, көңілім, тоярсың. Абайдың өзгеше бояулы, кең, ойлы, аса салмақты мінезбен орындалатын әндерінің бірі – «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әні. Өлең 7–8 буынды жыр үлгісінде жазылған, 9 шумақтан тұрады.

№1.1. Бұл Абайдың көп орындалмаған әндеріне жатады. А.Затаевич алғаш Мұсылманқұл Әбсалықовтың орындауында «Өлеңді қайтіп қоярсың» деген атпен жазып алып, «500 ән-күй» жинағында жариялаған [7, 146]. Осы тұста Абай әндерінің насихатшысы ретінде М.Әбсалықов жөнінде қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн. В.Дернова: «А.Затаевич 1926 жылы Семей губерниясы бойынша үлкен саяхат жасады. Осының нәтижесінде Семей, Павлодар, Қарқаралы және Қу болыстығының ауылдарынан көптеген әндер жинайды. Жол бастаушы – белгілі қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов (1895–1937) болды. Ол көптеген әншілерді білетін еді. Соның арқасында қазақ әнінің асқан шеберлері Ғ.Айтбаев пен
М.Әбсалықовтан (жанама аты Пшим) әндер жазып алады. А.Затаевич
М.Әб­салықовты әнші ретінде және музыка шығарушы ретінде «нәзік, арманшыл» деп атаған. Одан он үш ән жазып алып, «500 ән-күй» жинағына жарияланды. А.Затаевич өзінің Ромен Ролланға жазған хатында үш әншінің атын ерекше атап жазады: Ғ.Айтбаев, М.Шамсутдинова және М.Әбсалықов. Халық әртісі Қ.Қуанышбаевтың айтуы бойынша, Мұсылманқұлдың халық алдында өнер көрсеткенде қарап, зер салып отыратын Абай өлеңдері жазылған дәптері болған. Яғни, М.Әбсалықов Абай әндерінің насихатшысы болған және оны халық әртісі
Қ.Байжанов та растайды» [9, 42–43], – деп жазады.

А.Затаевичтің «500 ән-күй» жинағында ән мәтіні толық жазылып алынбаған. 1-шумақтың 2-тармағындағы мәтінді (Өлеңді қайтіп қоярсың) әннің басталуы ретінде нота астына жазған. В.Дернова әннің ноталық жазбасы Мәскеудегі
А.Затаевичтің қолжазбаларының арасынан да шыққаны жөнінде айта келіп: «Өкінішке қарай, А.Затаевич өлеңнің бір жолын ғана жазып алған, қалған жолдардың әуенге қалай жазылатыны жұмбақ боп қалып отыр. «Өлеңді қайтіп қоярсың» әні кімге тиесілі? Абайға ма әлде оның өлеңін оқып, таратушы М.Әбсалықовқа ма? №1 жұмыс дәптерінде осы әнге қарата «Сөзі Абайдікі, әні оныкі» деп жазылған. Абайдікі немесе Мұсылманқұлдікі екені белгісіз» [9, 42–43], – деп жазады. Бірақ «500 ән-күй» жинағында осы әнге берілген түсінікте: «Қазақтың тамаша ақыны әрі әншісі Абай Құнанбаевтың басқа әндері «1000 ән» жинағында берілген», – деген түсінік жазылған [71, 315]. Сондықтан, В.Дернованың күмәні орынсыз болған секілді және одан беріде сирек болса да орындалып келеді.

Кейінгі орындаушылардың бірі өлеңнің бір шумағын ән кеудесі, бір шумағын қайырма қылып орындаса, енді бірі екінші шумағын тұрақты қайырма ретінде қолданған. Ән 1940 жылғы жинаққа енбеген, кейінгі АМТ [5, 33] және АСҚ жинақтарында жарияланған [6, 54]. Әуен f эолиялық ладына негізделгенмен, альтерациялардың кілт жанына екеуі ғана қойылып (си, ми), бірі кездейсоқ белгі ретінде ғана берілген (ля бемоль). Ал төртіншісі жоғарылатылған VI саты үшін қойылмаған.

Өзгеге көңілім тоярсың

№1.1.(а) А.Затаевичтің нотаға түсірген үлгісіне өлең мәтіні толық беріліп, әннің алғаш өңделген нұсқасы «Абай» энциклопедиясында жарық көрді. Бұл нұсқада түпнұсқадағы әуендік құрылым мен метроритмдік жүйе негізінен сақталып ұсынылғанымен, мәтіндік тұрғыдан аз өзгеріс орын алғаны байқалады. Атап айтқанда, «іштегі» сөзінің соңғы буыны қысқарып, әуенге кіріктірілген. Сонымен қатар, түпнұсқадағы кездейсоқ белгі (ля бемоль) бірден кілт жанына қойылып, төртінші белгі (ре бемоль) жоғарылатылған VI саты үшін көрсетілмеген. Жалпы алғанда, бұл нота үлгісі – аталған әнді алғашқы өңдеу (расшифровка) әрекеттерінің бірі ретінде маңызды.

№1.1(б). 2007 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты А.Затаевичтің «500 ән-күй» жинағын толық мәтінмен жаңаша басылым етіп шығарды. Жаңа жинақта әнге реконструкция жасалып, такт сызығы өлең өлшеміне қарай қойылып, ырғағы 6/4, 7/4 өлшемге ауыстырылған және әр әуендік жолдың басында А.Затаевич жазбасында кездеспейтін триольдық ырғақтар пайда болған [72, 524].

№1.2. Абайдың бұл әні А.Затаевичтің нотаға түсірген уақытынан бастап 1995 жылға дейін орындалмаған деуге болады. 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерей­тойына орай Семей қаласының жергілікті телеарнасы ұйымдастырған хабарда ән алғаш рет Т.Рахимовтың орындауында ұсынылды [8], [14]. Осы орындау негізінде ән қайтадан нотаға түсіріліп, алғашқы жазбамен салыстырғанда бірқатар айырмашылықтар анықталды.

Т.Рахимов бұл әнді бастапқы әуендік құрылымын бұзбай, оның стильдік ерекшеліктерін сақтай отырып орындаған. Әсіресе әрбір тармақтың соңындағы әуезді дыбыстарды ұзаққа созып, дыбыстың динамикасын piano, pianissimo деңгейіне дейін бәсеңдету арқылы әннің ішкі драматургиясын терең түсініп, лирикалық иірімдерді шынайы сезіммен жеткізіп, вокалдық мәдениет және жоғары көркемдік талғаммен ерекше орындаушылық шеберлік танытқан.

Ән кеудесінің соңғы тармағында (Іштегі дертті жоярсың) пунктирлік, сикопалық ырғақтар жиі байқалады. Тек бір ғана өзгешелік – қайырманың соңғы 3, 4-әуендік жолында VI сатының жоғарылауы (дориялық лад) мұнда кездеспейді және қайырманың 3-әуендік жолындағы сексталық секірістен кейінгі (жас ақсын) жоғарғы I сатыдағы сегіздік нота ферматалық ұзақтыққа созылған. Ол шартты түрде жартылық және лигамен қосылған нүктелі төрттік нотамен берілді.

Т.Рахимов өлеңнің 1, 2, 3 және 5-шумақтарын айтқан. Ән мәтінінде өзгерістер бар. Жинақтағы «Хас надан нені ұға алсын», «Құлағын ойлы ер салсын» болып келетін 3-шумақтың 2, 4-тармақтары «Қас надан нені ұғарсың», «Құлағын салса, ер салсын» болып айтылған.

№1.3. «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әні 2009 жылы шыққан «Қазақтың 1000 әні» аудио-антологиясына әнші Е.Рысқалидың айтуында енді [73, CD 22, 7-трек]. Алайда бұл орындауда да жинақтағы үлгіден айтарлықтай айырмашылығы бары көрінді.

Өзгеге көңілім т

Қайырманың 3-әуенжолында сексталық секірістен кейін кездесетін қайырма­дағы VI саты мүлде кездеспейді, кульминациялық биіктік (I) V сатымен шектелген.

Жалпы дориялық ладтың қазақ әнінде кездесіп тұратыны және ол әуенді байытатыны түсінікті. Алайда осы әндегі VI сатының жоғарылауының сыры ертедегі домбыралардың 9, 11 пернелі болуы және оны белгілі аспап шебері
Ж.Тұрдықұловпен кеңескенімізде, ертедегі шығыс өңіріндегі домбыралардың перне байлауында 8-перненің (ми бемоль) кездеспейтіндігімен түсіндірді.

Е.Рысқали қайырма соңындағы шағын фразаны субкварталық өрнекпен қайталаған (Омырауым боялсын). Ол Затаевич нотасында жоқ, әншінің интер­пре­тациясы. Өлеңнің 1, 5-шумақтары ән кеудесі, 2-шумақ тұрақты қайырма ретінде айтылған.

Абай әндерінің жинағын құрастыруда кеткен қателіктердің бірі – АСҚ жинағына Ә.Еспаевтың «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әнінің енуі. Ж.Елебеков, М.Ешекеев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов сынды әйгілі әншілердің орындауында елге кең таралып, автордың бірнеше жинақтарында жарияланса да, әннің Ә.Еспаевтікі екені құрастырушының назарынан тыс қалған (Құрастырушы Б.Ерзакович).

Әннің ноталық үлгісі 1963 жылғы [74, 39] және 1975 жылы жарық көрген «Аққуым» жинағынан [75, 178] алып ұсынылып отыр.

Өзгеге көңілім

Аталған телехабарда Т.Базарбаев: «Ә.Еспаевтың «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әнін Абайдікі деп қателесіп берген. Ә.Еспаевтың ол әні 1954 жылы шыққан қазақ композиторларының «Абай сөзіне жазылған әндер» жинағында жүр. Қазіргі заманда Абайдың стилін, жазу мәнерін, әндерінің теориялық негізін зерттеп келіп, қайсысы Абайдікі екеніне, қайсысы Абайдікі емес екеніне көзіміз жетті, турасын айтуға болады» [8], [14] – дейді. Т.Ибрагимов та бұл жинақта «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әнінің авторының Абай деп жаңсақ көрсетілгенін жазады.

Өкінішке қарай, Ә.Еспаевтың «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әні кейбір орындаулар­да әлі күнге дейін Абайдың әні ретінде беріліп келеді, ал қарапайым тыңдаушылар тарапынан да солай қабылдануда. Жеке қорда сақталған Н.Алдажаровтың орындауында да бұл ән Абайдікі болып айтылған. Бұған дейін «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әніне қатысты пікірімізде, аталған әннің ғылыми еңбектерде Абайдың әні ретінде қарастырылып, талданғаны жөнінде айтылған болатын. Сол жағдайды бұл әнге де қатысты айтуға болады. Қазақ музыка этнографиясының қалыптасқанына 200 жылдан астам, ал кәсіби музыкатану ғылымының негізі қаланғанына бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, Абайдың ән мұрасы жүйеленбей келе жатқаны өкініш тудырады. Соның салдарынан мұндай деректік қателіктер орын алып отыр. Бір сөзбен айтқанда, АСҚ жинағына енген «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әнінің ІІ түрінің авторы – Әбілахат Еспаев.

Ал әннің инвариант үлгісі ретінде А.Затаевич жинағы негізінде айтылған Т.Рахимов нұсқасы алынды.

Ата-анаға көз қуаныш. Абайдың өзгеше пішінде жазылған өлеңдерінің бірі – «Ата-анаға көз қуаныш». Қ.Мұқаметхановтың Абай шығармаларына берілген түсініктерінде: «Өлең «Ақылбайға» деп аталып, 1933 жылғы жинақта тұңғыш рет жарияланған. Бұл өлеңнің жазылу тарихы туралы Мұхтар Әуезов былайша мағлұмат берген: «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңді Ақылбай деген үлкен баласына ренжіп, талапты болмадың деп айтқан. Бірақ Ақылбай күндегі өмірде талапты пысық болмаса да, Абайдың балаларының ішінде ең талантты болған. Бұл ірі ақын және музыкант, домбырашы, скрипкашы, ән шығарғыш болған. Мұның шығарған екі үлкен әңгіме өлеңі бар: бірі «Дағыстан», бірі «Зұлыс» [12, 295].

Өлеңнің Ақылбайға арналғанын Т.Жұртбай да растап, Оспан өмірден өткеннен кейінгі ағайын арасындағы оқиғамен байланыстыра жазады [76]. Сонымен қатар, бұл өлеңге жауап ретінде Ақылбайдың да «Тайға міндік, тойға шаптық» деген өлеңмен жауап жазып, кешірім сұрағанын, екі өлеңнің де тарихының бір, егіз өлеңдер екенін және Мүрсейіт қолжазбаларында бір өлең ретінде қағазға түсіп, 1939 жылғы жинақтан бастап қана екі өлең болып жарияланғанын айтады. Ол жөнінде «Мұхтар Әуезов өзінің «Абайдың өмірі мен ақындығы», «Абай Құнанбаев» атты монографияларында мұны ашық ажырата баяндаған. «Оспан өлгенде өзінің бір баласының атынан айтқаны», – деп түсінік беруі де сондықтан» [76, 422–426], – дейді. Тағы бір мақаласында өлең тарихы жөнінде қысқаша айта келіп: «Әрине, бұл Абайдың өлеңдерінің шығу тарихы туралы аңыздардың бірі. Мүмкін, Ақылбайдың мұнан басқа, Оспанның өлімінен бұрынғы бір мінездеріне қаратыла айтылған шығар» [76, 274–275], – деп те жазады.

Өлең 7 тармақты, 6 шумақтан тұрады. Әр шумағы 8-7 буынды (4+4, 4+3) төрт тармақ және 5+3, 3, 3 буынды үш тармақты екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім ән кеудесі болып есептелсе, екінші бөлім әннің қайырмасы қызметін атқарады. Бұл өлеңде де «Сен мені не етесің?» өлеңіне ұқсас шумақ арасында ұйқастық байланыс бар. Өлеңнің бірінші бөліктері шумақ ішінде ұйқасса, екінші бөлігіндегі (5, 6, 7-тармақтары) ұйқастар міндетті түрде келесі шумақтың екінші бөлігінің осы тармақтарымен алыстан ұйқас құрайды.
a — Ата-анаға көз қуаныш –                d — Оқытарсың молдаға оны, 
b — Алдына алған еркесі.                    e — Үйретерсің әрнені. 
a — Көкірегіне көп жұбаныш,              d — Медеу етіп ойы соны,
b — Гүлденіп ой өлкесі.                        e — Жаны тыныштық көрмеді. 
c — Еркелік кетті,                                  c — Жасында күтті,
c — Ер жетті,                                         c — Дәметті,
c — Не бітті?                                         c — Босқа өтті.

С.Мұқанов та осылай түсініктеме беріп, өлеңнің әр шумағы 14 жолдан тұрады деп қорытынды жасаған [43, 342–343].

№1.1. Әнді алғаш Б.Ерзакович 1934 жылы Қ.Лекеровтің орындауында нотаға түсірген. Ән орташа екпінде орындалады. «Абай» энциклопедиясында Қ.Жүзбасов: «Әуені бірқалыпты, қайырмасы ширақ, кейбір иірімдері дәстүрлі тұрмыс-салт әндерінің сарынында келеді. Сондықтан, ән әуезінен гөрі мұнда ақындық көркем тіл зергерлігі басым» [11, 96], – деген түсінік берген. 1940 жылғы [10], АМТ [5, 34], АСҚ [6, 55] жинақтарында тек Қ.Лекеров жеткізген бір ғана түр-нұсқасы берілген. Әуеннің музыкалық құрылымы екі бөлімнен тұрады – aabc def.
Әннің бүгінгі күнге таралуына Ж.Елебеков нұсқасы ерекше ықпал етті.
Қ.Лекеров пен Ж.Елебеков нұсқаларының бір-бірінен айтарлықтай алшақтығы болмаса да, олардың арасында белгілі бір әуендік және ырғақтық айырмашылықтар байқалады. Атап айтқанда, қайырма бөлімінің басындағы он алтылық ноталардың орындалуында әуен екпінінің бірден шапшаң, речитативтік сипатқа ауысуы – осы айырмашылықтардың бірі.

Ата-анаға көз қуаныш

№1.2. Консерваторияның фольклорлық зертханасында Абай әндерінің ішінде «Ата-анаға көз қуаныш» әнінің М.Мұхаметжанованың орындауындағы нұсқасы да сақталған [15], [16]. Бұрын-соңды ешқандай жинақта жарық көрмеген бұл орындаудағы нұсқаның да өз ерекшелігі бар.

Ата-анаға көз

Жалпы Абай ұрпақтары мен кәсіби орындаушылар айтуындағы әндерде айыр­машылықтар жоқ емес. М.Мұхаметжанова нұсқасын Лекеров, Елебеков (төменде) нұсқаларымен салыстырғанда 3-әуенжолдағы VI–І саты арасынан бас­талатын даму бұл нұсқада бірден І сатыдан басталып, глиссандо арқылы төменге бағытталған септималық секіріс арқылы өрнектеледі. 4-әуенжол да (Гүлденіп ой) бөлекше бедерленгені байқалады. Мұндағы көрінген тағы бір өзгешелік – II сатының төмендеуі (фригиялық лад).

М.Мұхаметжанова орындауында әннің 1, 4-шумағының 5, 6, 7-тармақтары 2-шумақтың 5, 6, 7-тармақтармен ауыстырылып айтылса, 2-шумақ орнына айтылған 4-шумақтың (Сүйер ұлың болса сен сүй) 5, 6, 7-тармақтарының орнына 3-шумақтың 5, 7 және айтып отырған 4-шумағының 7-тармағын айтқан. «Үміті» сөзі «Үмітің» болып айтылған.

№1.3. Арқа әндері, оның ішінде Абай әндерін орындауда көркемдік биіктік пен стильдік нақтылық көбіне Ж.Елебековтің интерпретациясымен бағаланып, сол нұсқамен салыстыра қарастырылады және өнертанушылар тарапынан да эталон ретінде танылған. Сондықтан да оның нұсқасын Абай әндерін орындаудың үздік үлгісі деп бағалауға толық негіз бар.

Бұл орындауында Қ.Лекеров нұсқасындай қайырмада жеделдету жоқ, басынан аяғына дейін бір екпінде айтылған. Ғ.Бисенова: «Абайдың кейбір әндерінде декламациялық-речитативті (көркемдеп, мәнерлеп тақпақтай баяндау) және әндете айту сыйысып, үйлесіп кеткен. Бұл әндерге «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы» (1 нұсқа), «Ата-анаға көз қуаныш», «Сұрғылт тұман» әндерін жатқызуға болады» [7, 88], – деген пікір айтады. Ж.Елебеков орындауындағы ән мәтінінде өзгеріс бар.

1-шумақтың 5, 6, 7-тармақтары (Еркелік кетті, Ер жетті, Не бітті?) 2-шумаққа, 2-шумақтың 5, 6, 7-тармақтары (Жасында күтті, Дәме етті, Босқа өтті) 1-шумаққа ауысқан және «Босқа өтті» сөзі «Бос кетті» болып өз­герген. 3-шумақтың осы тармақтарының орнына соңғы шумақтың тармақтары (Бір жаман мен бе, Дедің бе, Көңіліңде) айтылған.

№2.1. Консерваторияның ғылыми-зерттеу фольклорлық зертхана қорында «Ата-анаға көз қуаныш» әнінің бұрын ешқайда орындалмаған бір түрі сақталған [15], [16]. Ән 1965 жылы 15 шілде күні Семей облысы Абай ауданы Қарауыл селосында музыкалық-этнографиялық фольклорлық экспедиция кезінде жазылған. Экспедиция жасаушы – Асқан Серікбаева. Әнді орындаған – Бақтажар Көмкебаев («Қор болды жаным» әнінің бір нұсқасын жеткізуші).

Ата-анаға көз қуа

«Ата-анаға көз қуаныш» әнінің бізге жеткен үлгісі иониялық ладқа негізделіп орындалса, Б.Көмкебаев жеткізген нұсқасы эолиялық лад ерекшеліктерін сақтаған. Әннің бастапқы интонациясында Ә.Ысқақов орындауындағы «Сұрғылт тұман дым бүркіп» шығармасының әуендік әсері байқалғанымен, мелодиялық желі ары қарай өзіндік бағытта дамып, дербес сипат алады. Сонымен қатар, Ж.Елебеков пен
Б.Көмкебаев орындаған нұсқалардың ладтық негіздері әртүрлі болғанымен (иониялық және эолиялық), олардың ырғақтық құрылымында белгілі бір ортақтықтар аңғарылады.

Әннің Б.Көмкебаев жеткізген бұл түрінің текстологиялық жағынан да аздаған өзгерістері бар. Орындаушы әннің 1, 2, 3-шумақтарын орындаған. 1-шумақтың 3-тармағындағы «көкірегіне» сөзі «жүрегінде», 4-тармақтағы «еркелік» сөзі «бала­лық» болып айтылған. «Балалық өлді, білдің бе?» өлеңінің ықпалы болуы мүмкін.

Консерватория зертханасында сақталған Ж.Елебековтің әншілік дәстүрін ұс­­танған шәкірттері М.Көшкінбаев және жеке қорымызда сақталған К.Өлме­секов­тердің орындауындағы «Ата-анаға көз қуаныш» әні ұстаз нұсқасының негізінде айтылғандықтан түсініктерге берілмеді.

Ж.Елебеков орындауындағы «Ата-анаға көз қуаныш» – әннің түпнұсқаға жақын үлгісі болып алынды.

Көзімнің қарасы. Абай – қазақ жазба әдебиетінің тарихында махаббат, ғашықтық, сүйіспеншілік, сұлулық тақырыбын биік эстетикалық өреде жырлаған тұңғыш ақын. Осы тақырыптағы өлеңдерінің бірсыпырасына ән де шығарып, халық арасына кең таралды. Солардың ішінде көпшілікке аса белгілісі – 1891 жылы жазылған «Көзімнің қарасы».

Өлеңде ғашық жарға деген іңкәрлік, ыстық сезім, «жүректен қозғай» тіл қатқан ішкі сыр, ынтық «көңілі тынар күнді» аңсап үздіккен, күйіп-жанған жігіттің жай-күйі, сүйген жардың сұлу бейнесі, екеуінің жүрек лүпілі айқын суреттеледі.
М.Әуезов: «Бұл өлеңдердің (Қор болды жаным, Көзімнің қарасы) тұсында алғашқы ғаруз уәзінімен жазылған шағатайша бәйіттердің жотасы қайта көрінеді. Бірақ енді ақын Шығыстағы «Тассауын» (сопышылдық) поэзиясының рухын, ішкі-тысқы үлгісін, негізгі сарынын терең түсіне бастаған (Қор болды жаным). «…Сенсің – жан ләззәті, Сенсің – тән шәрбәті. Сұлуды сүймәклік, Пайғамбар сүннәті…», – деген сияқты сарын да Шығыстан келіп тұрған леп. Тақырып махаббат болғанмен не қазақ, не Европа үлгісіндегі махаббат жыры емес» [2, 130], – деп өлең бойында шығыстық үлгінің бар екенін айтады.

«Көзімнің қарасы» – 3+3 бунақты, 6 буынды үлгіде жазылған, төрт тармақты, 22 шумақтан тұратын өлең. Ұйқасы aaba.

№1.1. «Көзімнің қарасы» әнінің де екі түрі және бірнеше нұсқалары жеткен. Әнді алғаш нотаға түсірген – А.Затаевич. АСҚ жинағында ІІІ түр болып берілген [6, 57].

«Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты» әндеріне байланысты түсініктерде Мәскеудің М.И.Глинка атындағы музыкалық мәдениет музейі қорынан А.Затаевич қол­жазбаларының табылғаны турасында айтылды. «Көзімнің қарасының» бұл нұсқасы да сол қолжазбадан табылған. Ол жөнінде В.Дернова: «А.В.Затаевичтің №148 қолжазбасында «Кашек» деген атпен жазылып алынған ән бар. Қолжазбаның төменгі жағында «Абайдың «Көзімнің қарасы» деп жазылған. Ән 1921 жылдың маусым айында Семей облысы, Өскемен уезінде Серғазы Тәмтеев деген адамнан жазылып алынған (НПиК жинағында «Сейтгазы Тамтеев» болып көрсетілген). Жинақтарында бұл жайлы түсінік жоқ. Қолжазбасында «Кашек» атты ән жалғыз. Соған қарағанда Серғазы Тәмтеев кездейсоқ корреспонденттердің қатарында болған сияқты. Себебі бұдан басқа ештеңе ұсына алмаған. Қолжазбадағы «Көзімнің қарасы» әніне байланысты түсініктеме кейіннен басқа сиямен жазылған және оны алғашқыда Абайға тиесілі екен деп ойламаған. Негізінде бұл Ж.Елебековтің М.Әуезов үлгісінде үйреніп, айтып жүрген нұсқасы. Сонда «Кашек» сөзі қай қайырмасынан алынып отыр? Сөйтсек, Затаевич қазақ тілін аз біліп, ән мәтіндерін де аз түсінетін 1921 жылдары ән қайырмаларындағы сөздердің үйлесімділігіне қызығып, жазып алып жүрген екен. «1000 ән» жинағының алғы сөзінде «…авторлар қайырмаларға тыңдаушының құлағына жағымды естілетін, тек сөз тіркесінің сұлулығы мен ерекшелігі арқылы әсер ететін еркін әрі жаңаша сөз қолданыстарын қосатынын атап өтеді»», – деп жазған. Сол себепті Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңінің төртінші тармағындағы «Ғашықтың жарасы» деген сөздегі қайырмалық әрі әуендегі үндестік бойынша, ән атын қазақша еш мағынасы жоқ «Кашек» (бұрмаланған «Ғашық» сөзі) сөзімен таңбалаған. Серғазы Тамтеев айтқан «Көзімнің қарасы» әуені қарапайым әрі түсінікті. Біз оны өзіміздің түсірген мәтіндік нұсқамыз бойынша және бірнеше ырғақты нақтылаулармен бірге ұсынамыз», – деп кең түсінік бере отырып, әннің нотасын бірге жариялаған [9, 38]. ПРН жинағында да осы мәндес түсінік берілген [20, 33. 83]. Бұл жерде В.Дернованың ән атына қатысты болжамына толық келісуге болады. Себебі, А.В.Затаевичтің 150 жылдығына орай 2019 жылы жарық көрген «Народные песни и кюи (из архива исследователя)» (НПиК) жинағындағы ән атауының астына «Припев» деген сөз қалдырылған. Яғни, бұдан В.Дернова айтқандай, ән атының қайырмамен байланысты екені аңғарылады [77, 117].

А.В.Затаевич алғаш нотаға түсірген «Көзімнің қарасы» («Кашек») әні оның қолжазбаларында сақталғанымен, негізгі жинақтарында (1000 ән, 500 ән-күйі) жария­ланбаған. Алғаш 1971 жылы В.Дернованың құрастыруымен жарық көрген ПРН жинағына «Ғашық» деген атпен мәтінсіз енген [20, 83]. 1986 жылы АСҚ жинағына «1922 жылы Орынборда жазылған» деген түсінікпен әннің ІІІ түрі болып басылған [6, 57]. Жалпы ән әр басылымда әртүрлі биіктікте берілген. Мәселен, қолжазба негізінде жарық көрген НПиК жинағында шығарма fis эолиялық ладына (фа диез минор) негізделсе, В.Дернова мақаласы мен ПРН жинағында a эолиялық лады (ля минор) шеңберінде берілген. Ал АСҚ жинағында ән e эолиялық ладына (ми минор) түсірілген. Сондай-ақ, ПРН жинағында алтыншы тактідегі сегіздік квартольдар көрсетілмеген. Бұл бір жағынан, ғылыми тұрғыдан да, орындау тұрғысынан да дұрыстыққа саналады. Біріншіден, нүктелі ширек нота мен сегіздік квартоль 6/8 өлшем аясынан асып, метроритмдік тепе-теңдікке қайшылық тудырады. Екіншіден, мұндай квартольдер әуеннің табиғи екпінін тежеп, ырғақтың ішкі динамикасын бұзады. АСҚ жинағында да осылай басылған, сол қалпында ұсынылып отыр. Бұл – әннің халыққа кең тараған түрінің бір нұсқасы. Әуендік құрылымы төрт элемент­ті – abcd. Ән әр нұсқада диапазонының әртүрлілігімен де ерекшеленеді. Бұл нұсқада децимаға тең.

Көзімнің қарасы

Ән біркелкі 6/8 өлшемде түскенімен, әуеннің такт сыртынан (затакттан) басталуы оның метроритмдік құрылымына айтарлықтай әсер етеді. Бұл жағдайда бастапқы екпін негізгі екпінмен қабыспай, екпін түседі деп күтілетін буыннан сәл кейінге ығысады. Нәтижесінде, негізгі метрлік жүйе мен фразалық құрылым арасында және өлең бунақтарының әр соңғы буыны да келесі тактінің бастапқы үлесіне ығысып, үйлесімсіздік тудырады. Сондай-ақ, өлең тармақтарының да табиғи интонациясы бұзылып, тұтастық сақталмай қалады.

Сонымен бірге, әуен такт сыртынан (затакттан) емес, бірден метрикалық екпін түсетін әлді үлестен басталғанда, әрбір поэтикалық бунақ тактінің ішіне толық сыйып, өлең жолдары бөлінбей, тұтас сақталар еді әрі Ж.Елебеков сынды орындаушылардың үлгісіне әлдеқайда жақын болар еді. Өкінішке қарай, мұндай ырғақтық-мелодиялық сәйкессіздіктер ертеректегі ноталық үлгілердің көпшілігінде кездеседі. Мұны В.Дернова да: «Такт сызығы екпінді буынды көрсетеді. Алайда жолдардың соңында екпін түсетін үлес белгіленбеген. Затаевичтің мұны не себепті көрсетпегені беймәлім» [9, 44], – деп жеке тоқталып өтеді. Тағы бір өзгешелік, әннің 3, 4-әуендік жолдары қайырмалық қайталаусыз (репризасыз) берілген.

№1.2. «Желсіз түнде жарық ай» әніне берілген түсініктерде А.Затаевичтің Ә.Марғұланнан «Көзімнің қарасы» әнін де жазып алғаны, оның М.И.Глинка атындағы музейдегі этнограф қолжазбаларынан табылғаны туралы айтылған болатын.

Көзімнің қарасы

В.Дернова: «А.В.Затаевич қазақ әндерін жинай бастаған кезеңде Қазақстанда араб графикасы қолданылып жүрген еді. Сондықтан ән мәтіндерін орыс әрпімен жазуға тура келген. Бұл күрделі жұмыс барысында оған А.Х.Марғұлан сынды білікті жандар көмектескен. Марғұлан өлең тармақтарын тактіге бөліп, мәтінді әуенге дәл түсіруде белсенді үлес қосқан. Мысалы, олар Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңін мынадай үлгіде сәйкестендірген:

Козим / нин кара / сы,
Конилим / нин сана / сы,
Битбей / ди ишим / де;
Гашык / тын жара / сы.

Затаевич бұл әннің астына «Қатыгез романстық мінезде» деп тегін жазбаған. Оның нұсқасынан қалалық романсқа тән субдоминанттық үшдыбысты құрылым мен доминант-септаккорд (V7) айқын көрінеді. Әуен мен мәтін арасындағы сәйкестікті мұқият сақтаса да, Затаевич бұл романстық сипаттағы нұсқаны «Қазақтың 500 әні» жинағына енгізбеген.

Ал «Көзімнің қарасы» әнінің кейінгі – Л.А.Хамиди, А.Қ.Жұбанов, С.Ско­рульский жазып алған нұсқаларында мұндай романстық белгілер айқын емес. Керісінше, қазақтың дәстүрлі интонациясы басым. Бұл жағдай ұлттық ән өнерінің орыс романсына әсер етіп, оны өзіндік сипатқа икемдегенін көрсетеді. Осы ретте, Затаевич жазбасы мен кейінгі 1935 жылғы нұсқаларды салыстыру халықтың орындаушылық дәстүрінің романстық формаларды ұлттық болмысқа сай өзгерткенін дәлелдейді» [9, 44–45] – деп жазады.

Әсілі, Ә.Х.Марғұланнан жазып алынған нұсқаның Затаевич тарапынан «қатыгез романс» деп сипатталуына тағы да бірнеше музыкалық себеп бар секілді. Біріншіден, бұл нұсқадағы триольдік ырғақтық құрылым Затаевич үшін тосын сипатта болған. Екіншіден, әннің гармониялық минор ладында өрбуі және жоғарғы тірек тонда аяқталуы оған қазақтық бояудан гөрі еуропалық романстың драматургиясын еске салған болуы ықтимал. Алайда триольдік ырғақ қазақ әні мен дәстүрлі орындаушылар мәнерінде жиі кездесетін, әннің ішкі серпінін ұстап тұратын ерекшеліктердің бірі. Сондықтан Ә.Марғұлан бұл шығарманы дәстүрлі орындаушылық мектепке тән ырғақ үлгісінде орындаған деуге болады. Ал гармониялық минор бояуы қазақ дәстүрлі музыкасына тән емес. Мұндай тәсіл әнге қалалық романстық сипат дарытып, оның қала музыкасына тән белгілермен түрленуіне жол ашқан. Бұл Ә.Х.Марғұланның қала мәдениетіне тән музыкалық алған үлгі нәтижесіндегі интерпретациясы болуы мүмкін.

Ән қалыпты басталып, 2-әуенжол V сатыдан жоғарғы ІІІ сатыға сексталық секіріс жасау арқылы басталған. Бұл бұрынғы нұсқалардың ешқайсысында кездесе қоймайды. Ал осы әуенжол соңының V сатыға қайтуы – дәстүрлі орындаудағы нұсқаға ғана тән үлгі (Ж.Елебеков, М.Ешекеев, Қ.Байбосынов. 1.2.(а) үлгісін қараңыз). Тіпті, М.Ешекеев орындауында IV сатыға дейін төмендейді. Бір ескерер жайт, дәстүрлі орындауда 2-әуендік жолдағы әннің шарықтау шегі жоғарғы IV сатыға дейін көтерілсе, оркестрлік үлгіде жоғарғы ІII сатымен шектеледі. Сол себепті, оркестрлік үлгідегі «Көзімнің қарасының» диапазоны дәстүрлі үлгіге қарағанда бір тонға кем – децима. (Қ.Байбосыновтың «Сыр сандық» жинағында оркестрлік үлгідегі «Көзімнің қарасы» II түр болып берілген [78, 103]).

Көзімнің қарасы

Осы тұрғыдан алғанда, «Көзімнің қарасы» әнінің бастапқы нұсқасы дәстүрлі қалыпта айтылғанын аңғарылады. Бұған дәлел ретінде 1965 жылы Қазақ ұлт­тық консерваториясының ҒЗФЗ қорына Абай елінен жазылып алынған, Күлия Тол­ғанбаеваның аспап сүйемелінсіз орындаған үлгісін келтіруге болады. Бұл нұсқаның ырғақтық сипаты Ж.Елебеков, М.Ешекеев. Қ.Байбосынов сынды орындаушылар ұсынған интерпретациялармен толық үндес келеді. Осыған сүйене отырып, әннің бастапқыда дәстүрлі үлгіде орындалып, уақыт өте келе оркестрлік, фортепианолық немесе хорға лайықталып, «қалалық романс» үлгілеріне икемделгенін пайымдауға болады.

№1.2.(б) К.Толғанбаеваның орындауында

Халық арасынан шыққан қарапайым орындаушылардың өзінен халықтық ырғақ, ұлттық нақыш айқын білініп тұрады. Ертеде және өз ортасында қалай орындалды, солай үйреніп жеткізді. Бұл – олардың ең басты ерекшелігі және тазалығы.

№1.3. Әннің келесі нұсқасы жөнінде сөз етпей тұрып, салыстыру үшін Ж.Елебековтің алтын қорда сақталған «Көзімнің қарасының» ноталық үлгісі ұсынылады.

Көзімнің қара

№1.3(а). Бұл нұсқа да Ж.Елебеков айтуында 1939 жылы Б.Ерзаковичтің нотаға түсіруімен хатталған. Бұл да осы түрінің бір нұсқасы. Ән 1940 жылғы жинақта [10], АМТ [5, 36] және АСҚ жинақтарында әннің ІІ түрі болып жарық көрген [6, 56]. Сонымен қатар, Б.Ерзакович құрастырған ҚХӘ жинағында тура осы қалпында жарияланған [21, 277]. Ән 1940 жылғы жинақ бойынша беріліп отыр. АСҚ жинағында әннің бірінші тактісінде аздаған өзгеріс бар. Кейіннен жөнделсе керек.

Әншінің жас күндегі орындауы (1.3(а) мен кейінгі орындауында (1.3) біршама айырмашылық бары айқын көрінеді. Бұл орындаудағы ән нұсқасы Ж.Елебековтің алтын қорда сақталған аудиожазбасымен салыстырғанда ырғағы, әуені, орындалуы жағынан әлдеқайда қарапайым, диапазоны да оркестрлік нұсқадағыдай бір тонға кем – децима. Яғни, осыдан-ақ әншінің өсу жолы мен әннің де жаспен бірге толысып, әсем иірім, өзгеше өрнектермен көркемделіп, байи түскенін аңғарасыз. Ж.Елебековтің алтын қордағы жазбасында (1.3.) әннің 1, 2, 6 және 22-шумақтары орындалған. 2-шумақтың 1-тармағындағы «Қазақтың данасы» сөзі «Қазақтың баласы» болып, 3-тармақтағы «Бар демес сендей бір» сөзі «Бар дей ме сіздей бір» болып айтылған. 22-шумақтың «Ер емес қымсынар, Әркім-ақ ұмсынар» болып басталатын 1, 2-тармақтары «Әркім-ақ ұмсынар, Ер емес қымсынар» болып орны ауысқан. Жинақтардағы «Құдай-ау, бұл көңілім, Күн бар ма бір тынар?!» болып берілген 3-тармағы «Құдай-ай, күн бар ма, Бұл көңілім бір тынар» болып айтылған. Соңғы жолдар әнші М.Ешекеевтің айтуында да, кейінгі жас орындаушыларда да осылай орындалып жүр. Ал М.Ешекеевтің ертеректегі жазбаларында соңғы шумақ «Қыз емес қымсынар» болып айтылса, кейінгі жазбаларында «Ер емес» болып орындалған.

№1.4. Әннің келесі бір нұсқасын Қ.Жүзбасов М.Мұхаметжанованың орындауында нотаға түсірген. Ән АСҚ жинағында IV түрі болып басылған [6, 57].

Көзімнің

№1.4.(а) М.Мұхаметжанованың орындауындағы әндердің таспаға жазылып алынғандығы – түсірілген нотаны салыстыру үшін үлкен мүмкіндік. Ал осы орындаушының консерватория қорындағы «Көзімнің қарасын» Қ.Жүзбасов нотаға түсірген үлгімен салыстырғанда, аздаған айырмашылық байқалды. [15], [16].

М.Мұхаметжанованың бұл орындауында ауыспалы ырғақтың қолданылғаны байқалады. Атап айтқанда, алғашқы тактіде әуен триольдік өлшеммен басталса, 2-әуенжолдың соңына қарай біркелкі, тұрақты ырғаққа өтеді. Мұндай ырғақтық өзгеріс, бір жағынан «Көзімнің қарасы» әнінің жалпы халықтық орындау тәжіри­бесінде оркестр сүйемеліне лайықталған нұсқасының кеңінен таралуымен бай­ланысты болуы мүмкін. Яғни, орындаушы сол үлгіге бейімделіп, кең танымал болған ырғақтық құрылымды басшылыққа алғандай әсер береді. Соған қарамастан, дәстүрлі нұсқадағы интонациялық, әуендік өрнектерді сақтауға және жеткізуге тырысқаны аңғарылады.

№1.5. Абайдың «Көзімнің қарасы» әніне қатысты қызықты деректі А.Ахмет­жановтың «Рухани жол» еңбегінен кезіктірдік. Ол: «Бұл жинаққа енген екі ән «Мен сәлем жазамын» және «Қызарып, сұрланып…» туралы айтарымыз мынау: Абайдың лирикалық әндерінің кейбір мелодия түрлері елдің бәріне таныс «Көзімнің қарасы» деп басталатын ән өлеңдерімен әр орындаушыдан өнертанушылар нотаға түсірген. Сол себептен де жоғарыда аталған екі әннің әуені өз өлеңіне телінбей, әнсіз қалып, «Көзімнің қарасының» түрлері болып жазылып алынған. Жазып алушы әнді орындаушы қай сөзбен айтты, солай көшіріп беруді ғана білген. Бұл әндердің өз өлеңі нақ осы «Көзімнің қарасы» ма, жоқ па, ол арасына тереңірек үңілмей, басқа да өлеңімен айтылатын осы әуендер ноталарда «Көзімнің қарасының» түрлері болып қалған. Сол себептен де 1935 жылы Л.Хамидидің Архам Кәкітайұлы Ысқақовтан түсіріп алған үлгісі елге кең тарап, осы әннің қалыптасқан үлгісі ретінде көпшілік шырқап айтып жүр. Ал қалған түрлері көмескіленіп, екінші орынға ысырылып келеді…

Абай бұл өлеңіне ән шығарған. Өлең құрамы, мазмұны соншама күрделі, бір-бірінен ажырамас лирикалық шумақтар тез жатталына қоймаған. Сол себептен бұл өлеңнің өз әуен-сазы тілге жеңіл, баршаға ортақ «Көзімнің қарасы» өлең шумақтарымен жиі айтылып кеткен. Осы жинақты құрастырушы 1954 жылы Абайдың туған жері Қасқабұлақ жеті жылдық мектебі оқу ісінің меңгерушісі Нұрғалы Байұзақовтың орындауынан нотаға түсірген…

«Қызарып, сұрланып…» деп басталатын Абай әні 1954 жылы Қасқабұлақта жазып алған әуенімен осы жинаққа Абайдың бір әні болып енгізіліп отыр. Бұның да әнші Ж.Елебековтің «Көзімнің қарасы» деп, құйқылжыта айтатын екінші түріне (№1.3а) кейбір ұқсастығы бар. Жүсекең «Көзімнің қарасы» әнінің бірінші түрін 1939 жылы Б.Ерзаковичке жазғызса да, бұл «Көзімнің қарасы» әнінің негізгісі болып алынса да, «Қызарып, сұрланып…» атты Абай әнін «Көзімнің қарасы» әнінің екінші түрі» деп өзі орындап келген. Дегенмен, Ж.Елебековтің орындауындағы әуеннен «Қызарып, сұрланып» әнінде әжептәуір айырмашылықтың бар екенін аңғаруға болады… [63, 48, 124] – деп, әннің клавирлік үлгідегі нотасын жариялаған. Мұнда канталық үлгісі ұсынылды.

Көзім

Бір түсініксіз жайт, автордың «қалған түрлері көмескіленіп, ысырылып келеді» дегенде «Қызарып, сұрланып…» «Көзімнің қарасының» бір түрі дегенді меңзегені ме? Екінші, Ж.Елебековтің «Қызарып, сұрланып…» әнін орындағаны жайлы дерек кездеспейді. Оны әншінің шәкірті, Абай елі әндерінің білгірі Амангелді Жікеновтен сұрағанымызда, ол Ж.Елебековтің Абайдың мұндай әнін орындамағанын және ел ішінде де бұл әннің естілмегенін айтты.

№2.1. Абай әндері ертеден көптеген түр-нұсқалармен жетіп, олардың ішінде кейбір әндерінің сөзі басқа бір әнінің сөзімен ауысып немесе белгілі әндері ақынның мүлде басқа өлеңдерімен айтылып, иә болмаса, белгілі ән мәтіндері бұрын-соңды естілмеген әуенмен айтылып жеткен. Сондай жағдай осы әнде тағы кездесіп отыр.

Әннің интонациялық құрылымы мен әуендік желісі алдыңғылардан өзгеше болуымен ендігі айтылатын «Көзімнің қарасы» түрге жатады. Бұл түрін Л.Хамиди
Ә.Ысқақовтың орындауында жазып алған және А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында пайдаланылған. Бірақ бұл үлгіні орындауда дәстүрлі орындаушылар арасынан Т.Рахимовтың есімі ғана аталады. Ән 1940 жылғы жинақтан бастап барлық кейінгі басылымдарда І нұсқа ретінде тұрақты түрде жарияланып келеді.

Көзімнің

Әннің бұл түрі турасында Ғ.Бисенова: «Абай бір өлеңге екі түрлі әуен шығаруы мүмкін бе? Иә, мүмкін. Бұл өлеңнің мазмұнына байланысты. Негізгі екі бейнеге байланысты екі себеп дамиды: сұлулығымен таңғалдырған сүйікті жар және күшті, үлкен сезімнен туған азап. Жігіттің осынша сезіміме жауап ала алам ба деген күмәні терең уайымға ұласқан. Жас жігіттің адами қарым-қатынас туралы ойға шомуы да философиялық маңызға ие. Өлеңдегі бұл алғышарттар терең мазмұнымен ерекшеленетін Л.Хамидидің А.Ысқақовтан жазылған нұсқасын өмірге әкелді. Осы нұсқаның А.Жұбанов пен Л.Хамидидің операсында Абайдың музыкалық бейнесін жасауға қолданылуы да кездейсоқтық емес» [7, 71], – деген пікір білдіреді. Өлеңдегі адами қарым-қатынас турасында академик З.Ахметов те: «Мұнда ынтызарлық сезім қаншалықты нәзік, терең көрінсе, ғашық жарын идеал тұту, қастерлей, қызығып тамсану сарыны да соншалықты күшті шыққан» [79, 121], – дейді.

Т.Базарбаев «Абай» журналындағы мақаласында: «Айтылып жүрген түрінен мүлде бөлекше. Хамиди мен Жұбановтың «Абай» операсында қолданған түрі. Бірақ та жазылу ритмі дұрыс емес. Әнді нотаға түсіргенде айтушы бұрыс айтып тұрса да, дұрыс түсіру керек емес пе? Бұл әнге өткір ритм келмейді. Сондықтан әннің ішіндегі нүкте қойылған сегіздік нота мен он алтылық нота үйлеспей тұр. Ал, расын айтсақ, бұл ән басқа бір текспен айтылатын ән сияқты. Әлі зерттеуді керек ететін ән. Бірінші түрі өлеңге ауыр және қайырмасы «Қараңғы түнде тау қалғыпқа» ұқсап тұр»[32, 193], – десе, «Құлақтан кіріп бойды алар…» хабарында: «Мына жинақтың ішіне әннің төрт түрі кірген. Олар қазіргі айтылып жүрген түрі және халыққа көп тарамаған түрі. Оны А.Жұбанов пен Л.Хамиди «Абай» операсына кіргізген. Әрине, мұны Л. Хамидидің өзі жазып алса керек. Сондықтан Абайға осы екі түрі де жақындау деп, оның ішінде айтылмай жүрген түрін үйреніп, сіздерге ұсынғалы отырмыз. Бұл түрі өте терең» [8], [14] – деп қысқаша түсінік береді. Т.Базарбаев зерттей келе кейінгі пікіріне тоқталған секілді.

Әннің мәні – сөз бен саздың тереңдігі мен үйлесімінде. Олар бір-бірін толықтырғанда ғана тұтас, толық көркем дүниеге айналады. Әннің бұл түріндегі кейіпкер мінезі алдыңғы түріне қарағанда ойлы, мұңды, қаталдығы да байқалмай қалмайды. Ырғағы өте баяу, еркін жүрісті, кең тынысты, сонымен қатар орындаушыдан терең ой мен танымды да талап етеді. Әннің драмалық сипаты басым.

№2.1.(а) Т.Рахимов әннің негізін Ә.Ысқақовтан ала отырып, әуендік интонациясын бұзбай орындап шыққан. Бірақ кульминациялық дамудың алдында бірде пунктирлік, бірде синкопалық ырғақтар пайда болған. Ал Ә.Ысқақов нұсқасындағы әр тармақтың басы мен соңында кездесетін пунктирлер бұл орындауда жадағайланып, жойылып кеткен. Т.Базарбаев жоғарыда келтірген бір сөзінде жинақта берілген әннің ырғағына көңіл толмастық білдіріп, «жазылу ритмі дұрыс емес» деген болатын, яғни өзі қадағалаған болса керек. Т.Рахимов әннің соңын әртүрлі аяқтап отырған. Орындауында текстологиялық өзгерістер жоқ.

Көзім

№2.1(б). Дәл осы ән жөнінде А.Жікенов: «Елде Еркінбеков Қалиасқар деген ақсақал болған. Өмір бойы Бөріліде тұрды, сол жерде жерленді. Мал баққан адам еді. Бірақ ақындығы бар, дастандар жазған. Шығармалары кезінде газеттерде жарияланған. Абай еліне белгілі, өнерге өте жақын адам болды. Ән салып, ірі дастандарды жатқа айтатын. Оның үстіне Әлмағамбеттермен бірге жүріп, Абайдың әндерін естіген. Бұл кісілер жалпы ешкімге ашылып әңгіме айтпайтын. Шәкерлер де сондай еді ғой. Әбден қорқып қалған. Ж.Елебековтен оқу бітіріп келген жас кезім. Арасында Бөріліге барып тұрамын. Менің келгенімді естиді екен де, үйінен шығып мені қарайды екен. Бір күні мені көріп, тұмағын бұлғап шақырды. Аман-сәлем жасап, үйіне кіріп, әңгімелесіп отырғанымызда маған: «Ей, Амангелді, сен Жүсіпбектен оқып келдің ғой. Жарайды, дұрыс… Әншісіңдер… Ал бірақ мен осы Абайдың әндерінің бәрін бұрын Әлмағамбеттерден естігенде басқа болатын. Сендер басқаша қылып айтасыңдар», – деп талай әндерді айтты. Оның бәрін мен жазып алмадым. Ол кезде ештеңені елемейсің. Қазір ғой ұрпаққа қалдыруымыз керек деп бірдеңелерді ойлап жүреміз. Сол кісінің айтуындағы «Көзімнің қарасының» II түрі жадымда сақталып қалыпты. Әні жатымды болғаннан кейін адам ойында мөрдей басылып, жатталып қалады ғой. Артық дыбыстары жоқ әндер сондай болады», – деп әнді орындады.

Көзі

Алдыңғы екі әуен жол речитативті түрде дамыса, соңғы екі әуенжолдың екпін-ырғағы баяулап, созылып айтылған. Әуен алғаш басталғаннан-ақ Ә.Ысқақов нұсқасынан өзгеше екені көрінеді. Субкварталық өрнек жоқ. Бұл нұсқада жаңа заманның бояуы білінеді.

№2.1.(в). Абай аудармаларының ішінде көптеген мысал өлеңдер бар. Соның бірі 1909 жылғы жинақтан бастап, барлық басылымдарда басылып келе жатқан И.А.Крыловтан аударған «Қарға мен бүркіт» мысал-өлеңі. Осы мысал-өлең де Ә.Ысқақов жеткізген «Көзімнің қарасының» II түрінің әуенімен жазылып алынған.

Өлеңді Б.Ерзакович 1948 жылы Семей облысы Жарма ауданы Октябрьдің XV жылдығы атындағы колхозда тұратын ақын Қасенбек Байғұтдиновтың айтуында нотаға түсірген. АМТ [5, 48], АСҚ жинақтарында [6, 81] жарияланған. Бұл деректер АСҚ жинағынан алынып беріліп отыр. Ғ. Бисенова да өз зерттеуінде «Қарға мен бүркіттің» «Көзімнің қарасымен» ұқсастығын атай отырып, монографиясының қосымшасына жеке ән ретінде енгізген [7, 159].

18, 19, 20, 21 тармақтары ғана 6 буынды, қалған тармақтары 7-8 буынды (4+3, 5+3) жыр үлгісінде жазылған 40 тармақты мысал-өлеңнің «Көзімнің қарасының» (aaba, (3+3) әуенімен айтылуы таңғаларлық.

Көзімн

Алдыңғы жинақтарда «Қарға мен бүркіт» мысал-өлеңінің әуені болғанымен, ол кейінгі жинақтарға енбей қалғанына байланысты өнерпаздар мен зерттеушілер тарапынан бұл жағдай сынға ұшырауы мүмкін. Алайда, Абай өлеңдерінің жазылу хронологиясына сүйенсек, ең алдымен «Көзімнің қарасы» өлеңіне орын берілуі заңды. Бұл орайда, әуен де дәл осы өлеңге тиесілі болуы тиіс.

Екіншіден, «Көзімнің қарасы» әнінің әуендік сипаты – баяу екпінді, мұңды мінезімен ерекшеленеді. Үшіншіден, қазақтың жыр-терме, қисса-дастан, мысал жанрларына тән әуендік ерекшелік – жүрдек екпінді, речитативті сипатта орындалады. Осы тұрғыдан алғанда, «Қарға мен бүркіт» мысал-өлеңінің мәтіні мен «Көзімнің қарасы» әнінің әуені арасында көркемдік тұтастық байқалмайды. Осы сәйкессіздікке байланысты аталған мысал-өлең Абай әндерінің құрамынан алынуына негіз болып отыр.

№2.1.(г). «Көзімнің қарасының» бұл түріне қатысты да қызықты бір дерек А.Ахметжанов еңбегінен көрінді. «Абайдың ән мұрасы» бөлімінің соңғы тарауында: «Мен сәлем жазамын» әнінің мелодиялық нотасы сол 1954 жылы Қасқабұлақ ауылының тұрғыны, мектеп оқу ісінің меңгерушісі, ұстаз Байұзақов Нұрғалыдан жазылып алынды. Сол кісінің айтуы бойынша скрипкада ойнап, өз оқушыларына тыңдатып, жаттатты… Бұл мелодияны Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің бірінші түрі етіп, сол жылдары Семей қаласында Ә.Ысқақовтан Л.Хамидидің жазып алғандығын, оны операға пайдаланғандығын тағы кейін біліп отырмыз. Сөйтіп, «Мен сәлем жазамын» атты Абайдың әні өз авторлығымен айтылмай қалды. Сол жылдары Н.Байұзақов ұстаздан жазылып алынған Абайдың өз әні – «Мен сәлем жазамын» әнінің нотасын осы жинаққа енгіздік» [63, 49] – делінген.

Ал әнге берілген түсінікте алдымен «Абай жолы» романындағы: «Екі айдай ауру едім, қазір лазаретке түсемін. Мағышты үйге қайырдым. Тезірек Мағаш (Мағауия) мұнда келсін» – деген Әбіш хатынан кейінгі Абайдың көңіл күйін тұтас келтіреді. «1894 жылдың күзіндегі бұл оқиға ақын жанынан жыр боп ағылады, күй боп төгіледі», – деп ақынның «Әбдірахман науқастанып жатқанда» (Иә, құдай, бере көр), «Әбдірахманға» (Алланың рахматын), «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» (Көзімнің нұрысыз) өлеңдерін «Мен сәлем жазамын» өлеңімен қатар қоя отырып: «Үш ауыз өлеңімен осы әнді 1954 жылдары Қасқабұлақ ауылындағы үлкен аталар мен әжелер айтатын. Және осы әуен сол ауылдағы жеті жылдық мектептің оқу ісінің меңгерушісі Нұрғалы Байұзақовтың орындауында нотаға түсірілген. Нұрғалы ағаның жары Мінәш Әрхамқызы Ысқақова осы мектепте ұстаздықты бірге атқарған. Қазір Семей қаласында тұрады. Нұрғалы ұстаздың үлкен әкесі Байұзақ – Абайдың «Қыздарға» деген өлеңіндегі атасы, Бәкең (Байбөрі) Қыздардың ағасы, Абайдың сыйлас дос, туысы. Сол себептен де «Мен сәлем жазамын, қарағым қалқама» әнін Абай асыл баласы Әбдірахманға шығарған деген пікірімізді дәлелдей аламыз. Ә. Ысқақов асығыстықтан 14 әннің махамын қатар айтып, нотаға түсірткендіктен, жалпыға ортақ жатталған «Көзімнің қарасы» әнінің сөздері нота астына жазылып кеткен. Ән қайғылы, зарлы, шерлі күйдің тебіренісін айна қатесіз суреттейді. Байсалды, адами, тоқтамды, қажырлы, ержүректіктің күңіренісін береді» [63, 147–149], – деген түсінік береді. Бұл жерде А.Ахметжанов өлеңді 1894 жыл жазылған дегенді айтып отыр. Ал салыстырып отырған өлеңдері – осы жылы жазылған туындылар.

Көзімнің

Иә, ақын ұлы Әбдірахманның бір басына арнап он үш өлең жазғаны белгілі. А.Ахметжанов келтірген дәлелінің қисыны да жоқ емес секілді. Оның үстіне бұл әнді Ә.Ысқақовтың қызы мен күйеу баласынан үйренген. Ақынның дәл осы өлеңіне мұндай қисын мен ғылыми талдау ақын Ы.Ожайдан да көрінген болатын. Ол да «Көзімнің қарасына» жасаған герменевтикалық талдауында 20 шумақ өлеңнің алғашқы төрт шумағын «Бұл Абайдың тәні бөлек демесең жаны бір, жалғандағы шын «ғашығы» Әбдірахманға арнаған өлеңі болатын» – дейді [80].

Жалпы «Мен сәлем жазамын» өлеңі алғаш 1933 жылғы жинақта басылып [81, 195], 1945 жылғы жинақта: «Мен сәлем жазамын, қарағым қалқама» (1897) – деген өлең де тек 1933 жылғы (195–196 беттер) және 1939 жылғы Абай жыйнағында ғана бар (I том, 199-бет), одан бұрынғы баспаларында жоқ. Өзі әнмен айтылған өлең болуға тиіс. Кімге, не жайында жазылғаны белгісіз», – делінсе [82, 200, 446], А.Омаровтың жаңаша үлгідегі жинағында: «Үш шумақ өлең, сірә да, Абайдың әзілі. Жақын жүрген дос-інілерінің бірі сүйген қызынан күні бойы хат-хабар күтіп, жүдеп, сарғайып (азып) жүргенін аңдап, соны өлең еткен. «Қайғыңнан азамын, Барушы айта ма?» деген сияқты қалжың аралас сөз осының айғағы. Кімнің атынан жазылған? Ол – Ырысайдың Ысқағы, Кәкітай я Көкбай немесе өзге біреу болуы да мүмкін. Ал 52 жастағы Абай қызға «сәлем жазды» деу ақылға симайды. Шүбәсіз, өлең 1897 жылғы емес. Жаңа айтқандай, өлең дерегі «мен он жыл бұрынғы кездікімін» деп әйгілеп тұр. Сондықтан оны Абай алғаш жастар тәрбиесіне бет түзеген 1887 жылғы шығармалар қатарына қосуға ұйғардық» [58, 264], – деп түсінік берілген.

Байқағанымыздай, бір ән айналасындағы әртүрлі дерек біртұтас көзқарас қалыптастыруға кедергі келтіреді. Ән мәтіні мен оның музыкалық нұсқасына қатысты пікірлер де әртүрлі. Мәселен, әнді «Көзімнің қарасының» II түрі деп қарастыруға болғанмен, 1945 жылғы жинақтағы «әнмен айтылуға тиіс» деген түсініктеме Ахметжанов қисынына жақындата түседі. Оның үстіне, Т.Базарбаевтың: «расын айтсақ, бұл ән басқа бір текспен айтылатын ән сияқты», – деген пікірі де осы музыкалық параллельді аңғарғаннан туған секілді. Ал Әлмағамбеттермен бірге жүрген Қалиасқар ақсақалдың әнді «Көзімнің қарасы» деп жеткізуі (А.Жікенов) мәселені одан әрі күрделендіре түседі. Алайда, Семейде жарық көретін «Абай» журналында Т.Базарбаевтың аталмыш мақаласы жарияланған кезде (1995), А. Ах­метжанов неге пікір білдірмеді екен?

Бұл болашақта Абай шығармашылығының поэтикалық-музыкалық байланысын қайта қарап, жаңаша бағалау қажет екенін көрсетеді. Бұған абайтанушылар да, музыкатанушылар да атсалысуы керек деп санаймыз. Ал А.Омаров пайымы қисыннан алыс көрінеді.

Музыкалық жағынан «Мен сәлем жазамын» мен Ә.Ысқақов айтуындағы «Көзімнің қарасы» бір интонацияға құрылған әндер. Ішкі өрнектері А.Жікенов айтуындағы нұсқаға біршама жақын.

№3.1. «Көзімнің қарасының» бұрын «белгісіз де белгілі» нұсқасы консер­ваторияның ҒЗФЗ қорынан кейінгі кезде табылды. Бұл нұсқаны жеткізуші –
О.Хаймулдин. Ән домбыра сүйемелімен айтылған.

Жоғарыда «белгісіз де белгілі» деген сөздің мәні бар. Бұл – ертеден келе жат­қан, Шыңғыстау өңіріне тиесілі әндердің бірі. Уақытында қазақ әндері әр­түрлі жағдайда елге тарады, әртүрлі жағдайда жинақталды. Кейбір ән авторлары саясат тырнағына ілініп, тағдыры талқыға түсіп, сонымен бірге олардың шығар­масын да айтуға тыйым салынды. Сондай кездерде ел әннің ұмыт қал­мауы үшін ән сөздерін басқа сөздермен алмастырып жеткізуге тырысты. О.Хаймулдиннің орындауында «Көзімнің қарасы» болып жетіп отырған ән – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жиырма үш жасымда» деген әні.

Бұл жайында Т.Жұртбаймен ауызша сөйлескенімізде: «Шәкәрім халық жауы боп атылып кеткеннен кейін оның жаңғырығы жүрсін деген оймен «мынау Абайдың әні екен» деп, Шәкәрімнің сөзін Абайдың әніне немесе Абайдың сөзін Шәкәрімнің әніне салып өткізіп жіберетін тәсілдер болған. Зиялылардың арасында айтылғанда бірін-бірі біліп отырса да, «бұл Абайдың әні ғой» деп, біреуі сендірген болып, біреуі сенгенсіп тыңдап жүретін болған», – дейді. Бұл айтылып отырған ойдың үлкен қисыны бар. Бұл әуен де сондай тағдырды басынан өткізіп, халық арасына тарап кетуі бек мүмкін.

Жиырма үш жасымда

«Жиырма үш жасымда» – 1–4 тармақтары 6 буын, 5-тармағы 11 буын, 6-тармағы 12 буыннан құралған жастық, махаббат тақырыбындағы лирикалық ән. О.Хаймулдин жеткізген «Көзімнің қарасы» алғашқы төрт тармақтың әуені негізінде айтылған. Бұған екі өлең құрылысының бірдей болуы да әсер етсе керек. Қорытындылай келе, О.Хаймулдин жеткізген «Көзімнің қарасы» қазақ музыка этнографиясы үшін құнды жәдігер болып қала береді. Алайда Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің нұсқасы ретінде қарастыруға негіз жоқ. Әуен Шәкәрімге тиесілі.

Жоғарыда сөз етілген «Көзімнің қарасының» екі түрі ішінде Ә.Ысқақов пен Ж.Елебеков нұсқалары түпнұсқаға жақын үлгі ретінде берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы