Абайдың әндері

Қор болды жаным

Қор болды жаным,
Сенсізде менің күнім,
Бек бітті халім,
Тағдырдан келген зұлым.
Тағдыр етсе Алла,
Не көрмейді пәндә?

Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен.
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Қамырықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл?

Сағындым сені,
Көрмедім деп көп заман.
Адам деп мені
Салмадың сен хат маған.
Жай таба алмай жүрек,
Жасыған соң сүйек.

Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына,
Ол – қылған дәрім
Ғашығымның жанына,
Оңалдырып ойды,
Түзетпей ме бойды?

(І-нұсқа)
Қор болды жаным
(ІІ-нұсқа)
Қор болды жаным

Сен мені не етесің?

Сен мені не етесің?
Мені тастап,
Өнер бастап
Жайыңа 
Және алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің.
Неге әуре етесің?
Қосылыспай,
Басылыспай,
Байыңа.
Және жаттан
Бай тап,
Өмір бойы қор өтесің.
Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып
Ішіме.
Иттей қормын,
Зармын,
     Сен үздің ғой бұл желкемді.
Кім білер ертеңді?
Өлім айтпас,
Келсе, қайтпас
Кісіге.
Бүгінгі күн
Бармын – 
     Жолдас еттің сен бөтенді.
(І-нұсқа)
Сен мені не етесің
(ІІ-нұсқа)
Сен мені не етесің

Айттым сәлем, қалам қас

Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,
Туса туар – артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.

Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас.

(І-нұсқа)
Айттым сәлем, қаламқас
(ІІ-нұсқа)

ТҮСІНІКТЕР

Қор болды жаным. Абай бұрын-соңды қазақ поэзиясында кездеспеген жаңа түр қалыптастырған ақын. Сондай өлеңдердің бірі – «Қор болды жаным». Бұл ақынның 1880 жылдардың аяғында жазған өлеңі. Тұрағұл естелігінде: «Онегин мен Татьянаға тиісті өлеңдерді 1889 жыл мен 1892 жылдың ішінде жазған», – деп атаған отыз өлең ішінде «Қор болды жаным» да бар [1, 192]. Мұны келтіріп отырған себебіміз, ақынның әр жинақтарында өлеңнің жазылған жылы әртүрлі берілген.

М.Әуезов: «1889 жыл тақырыптарының тағы бірі – махаббат жайы деген едік. Сол қатарға кіретін осы жылы жазылған бірнеше өлең бар. Бұлар: «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?», «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі», «Білектей арқасында өрген бұрым». Осы бес өлеңнің тұсында Абай әртүрлі стиль іздеп, махаббат, ғашықтық жөнін әр алуан үлгіде жырлап көреді. Сонда «Қор болды жаным» осы тексерудің бас кезінде біз айтқан, шығыс ақындарының Абайға еткен әсерін көрсетеді. Махаббатты «тағдырдан келген зұлым», – дейді. «Жаным қор болды, бек бітті халім», – дейді. Сол ауыр дертпен тең мүшкілдікті Алланың жіберген тағдыры, оны бенденің көрмеске шамасы қане? – дейді. Әрине, оқушыға ап-айқын, махаббат жайын бұлай жырлап көрген қазақ ақыны болған емес», – деп жазады [37, 148].

Өлең 6 тармақты, 4 шумақтан тұрады. 1, 3-тармақтар 5 буынды, 2, 4-тармағы 7 буынды, 5, 6-тармақтары 6 буыннан құралады. Өлеңнің алғашқы 4 тармағы abab шалыс ұйқасты, 5, 6-тармағы өзара ұйқасып (сс), шумақтағы ойды қорытындылайды.

№1.1. Әннің бүгінгі күнге дейін төрт нұсқасы жеткен. 1940 жылғы жинақтан бастап, әр жинақтарда екіден-үштен нұсқалары жарияланып келеді. Әнді алғаш рет Өскемен уезінде Ескендір Дайрабаевтың орындауында А. Затаевич нотаға түсіріп, мәтінсіз жазып алған. «1000 ән» жинағына енген [35, 332]. Өлең қандай өрнекті болса, ән де сондай көркем.

«Қор болды жаным» әнінің поэзиялық та, әуендік те құрылымдары бірдей, үш элементтен тұрады – abab cc. Үш музыкалық сөйлем бар. Алғашқы екі әуендік жолды кейінгі екі әуендік жол тура солай қайталайды, яғни қайталанған қос тармақ. Ал 5, 6-жол поэтикалық ойдың да, әуендік ойдың да түйінін жасап, қайырмалық қызмет атқарады.

Әннің бүгінге жеткен төрт нұсқасының әуені бір-бірінен алыс емес. Ән диапазоны үш түрінде дециманы құраса, алғаш хатқа түсіп, баспа бетін көрген А. Затаевич жинағындағы бұл нұсқа ундецимаға тең. А. Затаевич әндерді нотаға көбінесе мәтінсіз және темперациялық жүйеде түсірген. Берілген ноталық жазба «1000 ән» жинағынан алынып отыр. Ән e эолиялық ладында негізделгенмен, әуенде II саты алынбағандықтан, fis (фа диез) альтерациясы қойылмаған. Әуен бірден жоғарғы тірек тоннан IV сатыға кварталық секіріс жасау арқылы басталады.

Қор болды жанымT1

А.Затаевич «1000 ән» жинағының 413-ескертпесінде «бұл әннің шыққан тегі орыстікі» деп жазса, осы пікірді Б.Ерзакович: «Расында да, Абайдың осы әнінің сазы орыстың «Возле речки, возле моста» деген белгілі халық әніне ұқсас» [19, 25], – деп, қуаттаған пікір білдіреді.

Осы тұста сәл шегініс жасауға тура келеді. Жинақтың алғашқы басылымында (2020) А.Затаевич пен Б.Ерзаковичтің осы пікіріне орай орыс халқының аталған әні интернет желісі арқылы тыңдалып, әннің частушка жанрына жақын әрі өте жылдам екпінде айтылатын пляскалық ән екеніне көз жеткізіп, екі әннің бір-бірінен алшақ екені жазылған болатын. Алайда қайта қарастырғанда, орыстың аталған халық әнінің әртүрлі үлгілері және олардың ноталық үлгілерінде де, мәтінінде де айырмашылық бары анықталды. Тіпті, бүгінгі орыс орындаушыларының айтқандарында да әр­түрлілік аңғарылды. Солардың бірінен аздаған әуендік-ырғақтық жақындық білінгені рас. Бірақ Ерзакович айтқандай емес. Орыстың аталған халық әні сол бойынша нотаға түсіріліп, «1000 ән» жинағындағы нұсқамен салыстырылды [38].

Возле реки

Нәтижесінде, «Абай әуендерінің барлығы орыс әндерінен алынған» деген көзқарастың үстірт әрі біржақты екені анық байқалады. Ең алдымен, екі әннің поэтикалық құрылымдары айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, салыстырмалы мысал ретінде ұсынылған орыс әнінің әр шумағы 8 және 12 буынды екі тармақтан ғана тұрады (Возле реки, возле мосту, Возле реки, возле мосту трава росла). Алғашқы баяу айтылатын тармақ қайталанып, екі әуенжол түзсе, одан кейінгі 2-тармақтың қайталануы арқылы 3 және 4-әуенжолдар қалыптасқан. Яғни, әуендік құрылымы қарапайым әрі симметриялы – aabb үлгісінде. Бұдан кейінгі музыкалық даму үдерісі біртіндеп үдей түсіп, соңғы бөлім өте шапшаң екпінде аяқталады.

Ал Абай өлеңінің құрылымы бұдан мүлде өзгеше. Оның тармақтық-буындық жүйесі күрделірек (5, 7, 5, 7, 6, 6), ырғақтық үлгісі де басқа негізге құрылған. Музыкалық жағынан алғанда, Абай әнінің әуендік сипаты – ойлы, толғанысты, баяу екпінде өрілетін, дыбыстық өрнегі күрделі. Мұндай құрылым мен әуендік табиғат орыс әндеріне тән үдемелі, динамикалық сипатпен сәйкес келмейді. Осыған орай, екі мәдениеттің ән үлгілері арасындағы кейбір ұқсастықтарға қарамастан, Абай әуенінің түп-төркінін тек орыс музыкасына тіреу – ғылыми негізсіз, біржақты тұжырым болып табылады.

Т.Әлімқұлов ән әуенінде татар музыкасының элементтері бар екенін де айтады: «Музыка әлемінде, жоғарыда айтқандай, ұқсастық жиі. Төл мен бөгденің арасында шым-шытырық шәркездіктер кездесе береді. Қиянатсыз ұқсастық сорақылыққа жатпайды, табиғи төркіндестікке тартады… Оның «Қор болды жанымы» татар әнінің әуенін көзге елестетеді. Семей аймағында ертеде татарлардың көп болғанын, Абайдың ноғайша киінгенін, татар мәдениетінің ықпалы тимеуі мүмкін емес екенін, Абайдың «Юзи – раушан, көзі – гәуһар» деп басталатын өлеңі татар тілінде жазылғанын, тіпті ән текстіндегі «бек бітті халім» деген сөздің татар төркіндес екенін еске алсақ, көзге елестеген әуеннің сырын ұғыну қиынға түспейді» [39, 123]. Бұл жайында музыкатанушы А.Бердібай да Абай мен Жаяу Мұса әндерінің ерекшеліктері жөніндегі мақаласында: «Олардың ән композицияларына енгізген жаңалықтары көбінесе қазақ-орыс және қазақ-татар этносаралық мәдени байланыстары мен өзара қарым-қатынастарына байланысты болды, ал соңғысы ғылымда даму факторы және этникалық ұқсастықтың бір көзі ретінде түсіндірілетіні белгілі» [40, 94–95], – деген ой айтады. Сонымен қатар, Алтай-Тарбағатай немесе Жетісу өңірінің әндерінде кездесетін пентатоникалық дыбыс қатарларына да жақындық білінеді.

Бір ескерту: «Абай» энциклопедиясындағы осы әнге берілген мақаланың мазмұны «Қор болды жаным» әніне қатысы жоқ екенін, ондағы келтірілген деректер Татьянаға қатысты әннің түр-нұсқаларының біріне берілген [11, 364].

№1.1.(а) Әннің бұл нұсқасы (Е.Дайрабаев – А.Затаевич) «1000 ән» жинағынан кейін АМТ жинағына ІІІ түрі болып мәтінсіз жарияланса [5, 23], АСҚ жинағына І түрі болып, алғаш рет мәтінімен басылған [6, 42]. «1000 ән» жинағында ән нотаға біркелкі өлшеммен түссе, АСҚ жинағында 2/4 және 4/4 аралас өлшеммен берілген. Абай әндеріне одағай сөздер тән болмаса да, қайырма алдындағы жартылық нота «ей» одағайы болып алынған. Бұл «Возле реки, возле мосту» әнінің ноталық үлгісінде болмағанмен, орыс орындаушыларының айтуында (ех) қолданылған.

№1.1.(а) АСҚ жинағындағы мәтінмен жарияланған нұсқа

№1.2. Әннің келесі бір нұсқасын 1933–1934 жылдары Е.Брусиловский Ә.Қашаубаевтың айтуында жазып алған. Ән es эолиялық ладына негізделген. Бұл нұсқада да әуен жоғарғы І сатыдан басталады. Әуен басы алдыңғы нұсқадай кварталық емес, синкопалық ырғақта терциялық секіріспен дамиды. Алдыңғы нұсқаға қарағанда бұл нұсқада синкопалық ырғақ басым. Қайырманың 2-бунағындағы (Тағдыр етсе Алла) әуен Е.Дайрабаев (А.Затаевич) нұсқасында ІІІ сатыдан IV сатыға пунктирлік ырғақ арқылы жоғары өрлеп, төменге кварталық секіріс жасаса, бұл нұсқада пунктирлік ырғақ сақталып, сатылап (ІІІ, ІІ, І) төмен түседі. Е.Дайрабаев нұсқасында қайырмадағы екі әуендік жол репризалық қайталау болса, Ә.Қашаубаев нұсқасында реприза жоқ, бір ғана синкопа екі әуендік жолды бір-бірінен бөлектеп тұр. Бұл нұсқада да қайырма басында «ей» одағайы қолданылған. Бұл «қамырықты» көңіл мен күрсіністі күйді білдіретіндей.

Қайырмалық 2-әуенжолдағы алғашқы екі буын (Не көр-мейді) ноталық жазылымда лига арқылы байланыстырылған екі төрттік нота түрінде берілген. Мұндай жазылымда екі буын бір дыбыстық бірлік ретінде қабылданғандай көрініс береді. Нәтижесінде, сөздің осы екі буыны ұзартылған жартылық нота тәрізді орындалып, буын мен дыбыс арақатынасы бұрмаланған. Ал шын мәнінде, әрбір буын жеке дыбыстық өлшем болып табылады және олар өз алдына дара, буынмен сәйкес келетін интонациялық-ырғақтық мәнге ие. Әсіресе, бұл әр буынға бір дыбыстан келетін Абай музыкасына тән қасиет. Мұндай дәлсіздік кеңестік дәуірде ноталық транскрипция жасаған орыс тілді зерттеушілер тарапынан жиі кездеседі.

Ән АМТ жинағында да [5, 22], АСҚ жинағында да [6, 42] ІІ түрі болып берілген.

Қор болды жанымT4

№1.3. М.Әуезов тек Абай өмірі мен өлеңдерінің ғана емес, әндерінің де білгірі әрі қамқоршысы болған. Ақынның музыкалық мұрасының жинақталып хатталуына ерекше ұйтқы болып, 1935 жылы Семей қаласында Л.Хамидиді Ә.Ысқақовпен таныстырып, одан Абай әндерін жазып алған. Ол жөнінде Б.Ерзаковичтің келтірген Л.Хамиди естелігінде: «…Мен халыққа кеңінен танымал көптеген қазақ әндерін қағазға түсірдім. Әсіресе, айтулы қазақ ақыны Абайдың оның немересі Әрхам Ысқақовтан 1935 жылы Семей қаласында жазып алған 18 әні айрықша бағалы еңбек болып шықты. Бұл жазбалардың ой салған ұйтқысы Мұхтар Әуезов болды. Кейін «Абай» операсын жазысқан тұста бұл жазбаларым кәдеге асты», – десе [13], тағы бір естелігінде: «Абайдың басқа әндерін КСРО-дағы Ғылым Академиясының Қазақстандағы филиалының тапсыруы бойынша 1935 жылы Семей қаласында Абайдың жиені (немере інісі. Е.Ш.) Архам Исхақовтан жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге мен жазып алдым. Композитор Ахмет Жұбанов симфония оркестріне және Құрманғазы атындағы ұлт оркестріне арнап «Абай» деген поэма жазды. Поэмасында Абайдың атақты әндерін пайдаланды, Абайдың музыкалық мұрасын, әйгілі әндерін пайдаланып композитор Ахмет Жұбанов екеуміз «Абай» операсын жазып шығар­дық» – деп жазады [41, 7]. Л.Хамиди түсірген 18 әннің ішінде «Қор болды жаным» әні де кездеседі.

Әннің бұл нұсқасы аралас өлшемде түскен. Әуеннің дамуы ұқсас болғанмен, жоғарғы ІІІ сатыға өрлеуі алдыңғы нұсқалардағыдай өрнекті емес: әуен терциялық, кварталық секіріспен тік шырқалып, тік құлдилайды. Әнде пунктирлік, синкопалық ырғақ кездеспейді. Осы нұсқа алғаш 1940 жылғы жинақта басылған [10]. АМТ жинағында І түрі болып [5, 21], АСҚ жинағында ІІІ түр болып жарияланған [6, 42].

№1.4. Әннің келесі бір нұсқасы М.Мұхаметжанованың орындауында жеткен. Ән 1984 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорына жазылып алынып, Қ.Жүзбасов нотаға түсірген. Алдыңғы нұсқалармен салыстырғанда ән әуенінде айтарлықтай өзгешелік жоқ. Бірақ әннің алғашқы әуендік жолындағы екпін баяу, созылыңқы екені байқалады. Одан әрі сегіздік, он алтылық ноталармен әуен жүрісі жеделдеген. Қайырма алдындағы «ей» одағайы бұл орындауда да кездеседі.

№1.4.(а) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми зерттеу фольклорлық зертхана (ҒЗФЗ) қорында сақталған М.Мұхаметжанова орындауындағы «Қор болды жаным» әні домбыра сүйемеліне лайықталып нотаға түсірілді [15], [16]. Қ.Жүзбасов нұсқасымен салыстырғанда, аздап айырмашылықтар байқалады. Бұл нұсқа алғаш рет жарияланып отыр.

Көріп отырғанымыздай, Қ.Жүзбасов нұсқасындағыдай емес, ән басындағы ұстамды, бірқалыпты екпін соңына дейін сақталған. Екінші, орындаушы қайырманың екі тармағын тұтас бір деммен айтып шыққан. Басқа нұсқаларда қайырма репризалық қайталау ретінде берілсе, бұл орындауда қайырмадағы 1-әуендік жолдың соңын пунктир арқылы І сатыдан ІІІ сатыға жалғай отырып, үзбей, бір деммен екінші жолды сабақтап әкетеді. Орындаушының осы ерекшелігі ескеріліп, ноталық жазбада (1.4.) қайырма басынан соңына дейін үлкен лигато белгісі қойылды.

М.Мұхаметжанова әннің үш шумағын орындаған. Ән мәтінінде өзгерістер бар. 2-шумақтың 4-тармағындағы «салмадың» сөзінің орнына «жазбадың» сөзін қолданса, сол шумақтың 5, 6-тармақтарының орнына (Жай таба алмай жүрек, Жасыған соң сүйек) 4-шумақтың 5, 6-тармақтарының сөзі (Оңалдырып ойды, Түзетпей ме бойды) айтылған.

№1.5. Консерваторияның ҒЗФЗ қорында 1989 жылы А.Серікбаеваның Семей облысы, Шұбартау ауданына жасаған музыкалық-этнографиялық экспедиция ке­зінде Абайдың бірқанша әндері жазылған. Соның ішінде «Қор болды жаным» әнін де кездестіруге болады. Орындаушы – Бақтажар Көмкебаев [15], [16].

Әуеннің негізгі жүлгесі сақталғанымен, алғашқы бунақта (Қор болды) болатын жоғарғы ІІІ сатыдағы секіріс шумақтың 2-бунағына (жаным) ауысқан. Қайырма алдындағы «ей» одағайы да бұған дейінгі барлық нұсқаларда жоғарғы І сатыда айтылса, бұл орындауда VII сатыға тұрақтаған. Әуен жеңіл, ширақ екпінде айтылған.

№1.6. Алдыңғы сөздің бірінде айтқандай, Абай Құнанбайұлының санаулы әндері ғана халыққа кең тарағаны болмаса, оның көптеген әндері бүгінге дейін айтылмай, назардан тыс қалып келеді. Соның бірі – «Қор болды жаным». Бұл туындылар ардагер әншілер айтуында да жетпеген, сол себепті олардың халық арасына кең таралуы да аз болды. Алайда, Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми-зерттеу фольклорлық зертхана (ҒЗФЗ) қорында сақталған деректер бұл көзқарасты қайта қарауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, осы қорда Мағауия Көшкінбаев орындауындағы «Қор болды жаным» әнінің сақталуы. Бұл ардагер әншілердің айтуында жетпегенмен, соларды үлгі еткен кейінгі буындағы әншілердің Абайдың сол әндерін орындағанын көрсетіп отыр [15], [16].

Қор болды жаныT8

Әннің бұл орындаудағы нұсқасының алғашқы шумақ пен кейінгі шумақтарында ырғақ өзгешелігі болмаса, басқа нұсқалардан алып бара жатқан алабөтендігі жоқ. Әсіресе, М.Мұхаметжанова нұсқасына жақындық анық білінеді. М.Көшкінбаев әнді барынша баппен, асықпай орындаған.

№1.7. «Қор болды жаным» әнінің ендігі бір орындаушысы – Т.Рахимов. Жоғарыда айтылған хабарда Т.Базарбаев: «Қор болды жаным» деген әнді кезінде Л.Хамиди мен А.Жұбанов «Абай» операсына қолданған. 1940 жылғы жинақтың ішінде бар. Біз сол түрмен алдық», – дейді [8], [14]. Яғни, Ә.Ысқақов нұсқасы бойынша орындаған. Ол жинақта осы бір нұсқасы ғана берілген [10]. Ән нотаға Т.Рахимовтың орындауы бойынша домбыра сүйемеліне лайықталып түсірілді.

Т.Базарбаев Абай әндерінің түр, нұсқаларын қарастырғанда, оның ұрпақтарының айтқаны анағұрлым түпнұсқаға жақын екеніне мән беріп, аса жауапкершілікпен қарағанын байқауға болады. Дегенмен, Т.Рахимовтың өз орындау ерекшелігі байқалмай қоймайды. Оны Т.Базарбаев: «Әр әнші әнді айтып отырғанда жоғары-төмен қосымша дыбыстарды қосып отырады, не болмаса өткінші дыбыс кетіп қалады. Ол – әншінің өзінің ерекшелігі. Оның бәрін нотаға түсіре берудің керегі жоқ. Бұл нәрсе халық әндерін орындағанда керек. Ал Абайдың әні классикаға жатады. Осы қосымша дыбыстар Абай әндерін орындағанда да қосылып кеткен жағдайлар болған. Сол қосымша дыбыстарды алып тастаса Абайдың өз әні шығады», – дейді [8], [14]. Т.Базарбаевтың бұл ойымен келісуге болады. Бұл бұрыннан қазақ әні мен қазақ әншісіне тән ерекшелік.

Т.Рахимов орындауындағы «Қор болды жаным» әнін Ә.Ысқақов нұсқасымен салыстырсақ, әнші алғашқы әуендік жолдың 1-бунағын (Қор бол-ды) он алтылық ноталармен өрнектеген. Әр әуендік жолдың соңын молынан қайырып, созып, толық аяқтап отырған. Тағы бір ерекшелік, 2-әуендік жолдағы «сен-сіз де ме-нің» сөзінің соңғы буыны нүктелі ширектік нотаға дейін созылған. Бұл әншінің ән драматургиясын түсініп, дамытып, әнге әр, ойлы-мұңды мінез беріп орындауынан болса керек. Басқа нұсқаларда кездесетін қайырма алдындағы «ей» одағайы Т.Рахимов орындауында жоқ. Әннің қорытынды фразасы триольдармен өрнектеліп, речитативті түрде аяқталған.

Қор болды жанымT10

«Қор болды жаным» – ел санасынан өшіп, ұмытылуға жақын қалған әндердің бірі. Әнді М.Көшкінбаевтан басқа алдыңғы үлкен әншілердің айтқаны жайлы еш дерек жоқ. Оның өзі енді табылып отыр. Әр жинақтарда жарияланып келсе де, үйреніп айтқан Т.Рахимов қана. Ал орта немесе кейінгі жас буын өнерпаздар арасында бұл әндерді орындайтындар мүлде кездеспейді. Бір айта кетер жайт, бұл ән опера әншілерінің репертуарынан орын алған және «Musicola» тобы өздерінің репертуарына қосып, К.Абдуллина орындаған.

Келешекте осы әндердің орындалуы басты мұрат болуға тиіс. Бұл айтылған әндер ішінен консерваторияның қорынан табылған М.Мұқаметжанованың нұсқасы мен Ә.Ысқақов негізінде айтылған Т.Рахимов нұсқасы әннің түпнұсқаға жақын үлгісі ретінде алынды.

Сен мені не етесің. Абай өлеңдерінің ішіндегі пішіні, мазмұны жағынан оқшау тұрған шығармалардың бірі – «Сен мені не етесің». Тұрағұл естеліктерінде 1889–1892 жылдар аралығында жазылған өлеңдер ішінде аталады. Өлең әр тармағы әртүрлі бунақта құрылған, 7 тармақ сайын бір қайырылып отыратын, яғни әр шумағы екі бөліктен тұратын 14 тармақты өлең. Қ.Мұқаметханов: «Ақын бұл өлеңіне тағы да ерекше түр табады. Әр шумағы жеті жолдан қайырылып отыратын бұл өлеңді «жеті аяқ» деп атауға болатын сияқты. Өлеңінің тағы бір түр ерекшелігі: шумақтың әр жолындағы сөздердің саны, буын өлшеуі күрт өзгеріп отырады. Өлеңнің кейбір жолдары бірнеше сөзден құрылса, енді бір жолдарда бір ғана сөз бір жол болып келіп отырады. Осындай аса күрделі, жаңа түрмен жазылған өлеңіне арнап қазақтың ән өнерінде кездеспейтін, жаңадан ән де шығарған» [12, 284], – десе, Р.Сыздықова: «14 тармақты «Сен мені не етесің?» өлеңінің синтаксистік құрылымы айрықша талдауға тұрарлық өте қызық. Жалпы тармақ саны 14 болғанмен бұл өз ішінен жеті-жеті тармақтан екіге бөлінеді. Бұл шығарманың буын саны мен ұйқасу суреті де өте күрделі… Бұлардың барлығында да және қызық нәрсе: ең алғашқы тармақ – айтылмақ ойдың түйіні, қазығы, ал әрі қарайғы тармақтар – сол ойды айқындай, дәлелдей түсу» [42, 302], – дейді.

a – Сен мені не етесің?          6-бу.           a – Неге әуре етесің?

b – Мені тастап,                    4-бу.           g – Қосылыспай,

b – Өнер бастап,                   4-бу.           g – Басылыспай,

c – Жайыңа                           3-бу.           c – Байыңа,

d – Және алдап,                    4-бу.           g – Және жаттан

e – Арбап,                             2-бу.           e – Бай тап,

a – Өз бетіңмен сен кетесің.   6-бу.           a – Өмір бойы қор өтесің.

Көріп отырғанымыздай, өлеңнің 1-8 (Сен мені не етесің, Неге әуре етесің), 7-14 (Өз бетіңмен сен кетесің, Өмір бойы қор өтесің) және 4-11 (Жайыңа, Байыңа), 6-13 (Арбап, Бай тап) тармақтары алыстан күрделі ұйқас құраса, екі бөлік ішіндегі 2, 3-тармақтар өзара ұйқас құрайды. Тек 5-12 тармақтар ғана ұйқасқа құрылмаған. 6-13 тармақтардың ұйқасы 1-шумақта әлсіздеу болғанмен, қалған шумақтарда берік.

С.Мұқанов өлең жолын 5, 6 және 12, 13-тармақтарын қосып, 12 жол деп қарастырған. Ұйқастарын а, б, б, в, г, а, а, д, д, в, г, а деп талдаған. [43, 343]. Мұның бәрін жазып отырған себебіміз, орындаушы бір шумақты екіге жарып, әр жерінен бір алып, өлеңнің жүйесін бұзбасын дегендік. Өлең ғашықтық тақырыбында, ғашық кейіпкердің монологы іспетті. Бірақ жазушы, сыншы Т.Әсемқұлов: «Бұл өлең ғашық жігіттің монологы емес, екі адамның – әйел мен еркектің арасындағы этикалық тартыс» [44, 199], – деп жазады.

Ал осы құрылымы бөлек өлең әнге айналғанда 7 жол емес, ырғағына қарай өлең тармақтары бірігіп, 1-тармақ – 1-әуенжол; 2, 3, 4-тармақтар – 2-әуенжол; 5, 6-тармақтар – 3-әуенжол және 7-тармақ – 4-әуенжолға айналып, төрт музыкалық сөйлем, яғни төрт әуенжолды құрайды.

№1.1. Композитордың бұл әні де басқа туындыларына ұқсамайды. Әннің бұл нұсқасын 1935 жылы Ә.Ысқақовтың айтуы бойынша Л.Хамиди нотаға түсірген. Алғаш 1940 жылғы жинақта басылса [10], кейіннен АМТ жинағында жарияланды [5, 24].

V сатыдан басталған әуен жоғары-төмен терциялық секірістер жасай отырып IV сатыға аялдаумен жалғасады. 2-әуендік жол сексталық интервал арасында әуен өрнегін құраса, 3-әуендік жолдағы төменгі квинталық секіріс (субкварта) ән диапазонын децимаға ұлғайтып тұр. Мұндай төменгі бағыттағы квинталық секіріс «Сұрғылт тұман дым бүркіп» (Ә.Ысқақов, А.Жікенов) әнін еске түсірсе, ән соңында кездесетін төменгі сексталық секіріс «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Есіңде бар ма жас күнің» әндерінде де кездеседі. Жалпы сексталық секіріс Абай музыкасына тән интонация. Тағы бір өзгешелік – ән соңы «кетесің-ай» болып, одағай буынмен аяқталған. Дәл осы нұсқа 1994 жылы фортепианоға арналып өңделіп, «Абай әндері» жинағына енген. Өңдеген – Н.Меңдіғалиев [45, 12].

№1.2. Әннің екінші нұсқасын М.Мұхаметжанованың орындауында 1984 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорына аудиотаспаға жазы­лып алынған. Қ.Жүзбасов нотаға түсіріп, АСҚ жинағына тұңғыш рет жарияланған [6, 44]. Нұсқа сол жинақ бойынша беріліп отыр.

Сен мені не етесіңT2

№1.2.(а) Қ.Жүзбасовтың fis эолиялық ладына негіздеп түсірген әннің нота­лық жазбасын консерватория қорындағы М.Мұхаметжанова орындауымен салыстырғанда екеуінің әуендік-ладтық арқауы бір болып шықты [15], [16]. Бұл нұсқаның алдыңғы нұсқадан айырмашылығы – VI сатының жоғарылауы (дориялық лад). Алдыңғы нұсқада 3-әуендік жолдағы төменге бағытталған квинталық секіріс (II-V) бұл нұсқада I сатыдан төменгі V сатыға субкварталық секіріс болып берілген. Тіпті, секіріске дейінгі әуен бедерлері де екі нұсқада екі бөлек. Бұл да екі нұсқаны бір-бірінен бөлектеп тұратын ерекшелік деп айтуға болады. Ән соңы алдыңғы нұсқадай октавалық емес, сексталық секіріспен аяқталған (1.2.(а). Қалған әуенде өзгеріс жоқ.

Сен мені не етесіңT3

М.Мұхаметжанова әннің үш шумағын айтқан. Бірақ ән сөзін әр шумақтың әртүрлі тармағынан алып, ауыстырып орындаған. (Бұл жерде өлеңнің әр шумағы 14 тармақты деп алынды.) Өлеңнің 1-шумағының 1, 2, 3 және 11, 12, 13, 14-тармақтары және 2-шумақта 1, 2, 3, 4, 5, 6 және 14-тармақтары айтылған. Ал 3-шумақта 5-шумақтың алғашқы 7 (бірінші бөлігі) жолы айтылған. Нотаға түсіру барысында өлең шумақ-тармақтарының реті сақталып жазылды.

№1.3. 2008 жылы Шәкәрімнің 150 жылдығына орай Ниязбек Алдажаровтың айтуындағы Абай, Шәкәрім, Шәкәрімнің ұлы Қабыштың (Ғабдолла) және басқа халық әндері енген аудиожинақ жарыққа шықты. Сол жинаққа «Сен мені не етесің» әні де енген [8].

Әнші әннің толық бір шумағын (14 жолын) ешқандай текстологиялық өзгеріссіз орындап шыққан. Ән алдыңғы нұсқалардай терциялық емес, кварталық секіріспен басталады. 2-әуендік жолда VII сатыдан бірден сатылап түсу жоқ, әуен VI сатыда өрнектеле I сатыға өрлеу арқылы негізгі интонациялық ізге түседі. 3-әуендік жолдағы қосарланып келген төмен бағытталған квинталық-кварталық секірістер әуеннің диапазонын ундецимаға теңестіреді. Әнші әннің екі шумағын екі түрлі – төменге бағытталған сексталық және октавалық секіріспен аяқтаған. Ән 2009 жылы «Қазақтың 1000 әні» аудио антологиясына әнші Перизат Тұрарованың орындауында енді. Әннің бұл нұсқасы бірінші рет нотаға түсіп, жарияланып отыр.

Абайдың «Сен мені не етесің» әні үш-төрт түрлі нұсқада жетіп, бүгінгі күнде соңғы табылған Н. Алдажаров нұсқасы елге кең таралып, сахналардан жиі орындалып жүр. Жинаққа М.Мұхаметжанова мен Н.Алдажаров жеткізген нұсқалар инвариант үлгі ретінде алынды.

Айттым сәлем, қалам қас. Абай шығармаларының ішінде кең таралғаны да, көп орындалғаны да – «Айттым сәлем, қалам қас» әні. Жігіт пен қыз арасындағы бір-біріне деген іңкәр сезім мен нәзік сырды жеткізуде дәнекер болған хат-өлең халықтың сүйікті әні де болды.

Өлең 1889 жылы жазылған. 1909 жылғы жинақта «Жігіттің қызға айтқаны» деген атпен берілген. Кейінгі жинақтарда «Жігіт сөзі» болып жарияланып, Қ.Мұқаметханов түсініктерінде: «Ғашық жігіттің сезім-сыры оның сүйген қызына жолдаған сәлем хаты арқылы баяндалады» деген түсінік берілген [12, 284]. Яғни, өлең мазмұны – хат-өлең, оған қайтарылған жауап хат-өлең – «Қыз сөзі» («Қиыстырып мақтайсыз». 1909 жылғы жинақта «Қыздың жігітке айтқаны»). Бірақ «Қыз сөзінің» әнмен айтылғаны жайлы дерек жоқ.

«Айттым сәлем, қалам қас» 4+3 буынды екі бунақтан тұратын, 4 тармақты, 10 шумақты өлең. Өлеңнің ешқандай шумағында бунақ орындарының ауысқаны немесе буын санының артық-кемі байқалмайды. Әнде өлеңнің бастапқы үш шумағы ғана орындалады. Әнді домбырамен айтуға байланысты Т. Базарбаев: «…Осы әнді домбырамен сүйемелдеп айтып жүрген әншілер тіпті, жоқ десек те болады. Себебі, өте қиын. Домбыра фактурасына келмейді», – деп жазған [32, 192]. Расында, кейінгі әншілер арасында Ж. Кәрменовтен басқа әншілердің айтқаны кездеспейді.

№1.1. Шығарма Абайдың бұған дейінгі біз сөз еткен әндерінің ішіндегі «Желсіз түнде жарық ай» секілді жаңаша сипат, өзгеше ырғақта туған терең лирикалық әндерінің қатарына жатады. Әуендік құрылымы abcd. 3, 4-әуендік жолдар қайталанады – қайталанған қостармақ. Әннің дыбыс ауқымы – ундецима. Әуендік арқауы эолиялық ладқа негізделген.

Әннің екі түрі жеткен. АСҚ жинағында берілген ІІІ түрі А. Бимбоэс жеткізген «Сегіз аяқ» әніне қатысы бар. Ол туралы осы әннің 1.2 нұсқасында сөз болады және «Сегіз аяққа» берілген 1.1 түсінікте жазылды.

«Айттым сәлем, қалам қас» алғаш 1934 жылы Алматыда Т.Арғынбаевтың орындауында Б.Ерзаковичтің жазып алуымен хатқа түсіп, 1940 жылғы жинақта
ІІ түрі болып [10], АМТ [5, 25] және АСҚ жинақтарында [6, 45] І түр болып басылған. Шығарманың бұл нұсқасы АСҚ жинағынан алынып ұсынылып отыр. Ән 3/2 өлшемге түсірілген.

Абайдың «Айттым сәлем, қалам қас» әнінің бүгінгі орындаудағы нұсқасында бірінші әуенжолдың соңғы буыны (қалам қас) қатар орналасқан екі пунктирмен аяқталады. Алайда, Т.Арғынбаев нұсқасындағы осы құрылымда айырмашылық байқалады: мұнда бір пунктир «ой» одағай буынына бөлінген түрде берілген. Мұндай шағын вариациялар Абай әндерінің әртүрлі ауызша жеткен нұсқаларында кездесіп тұрады. Дегенмен, бұл әуенге де, ырғағына да теріс әсерін тигізіп тұрған жоқ.

Әннің ең басындағы I, III, IV, V сатылар арқылы басталатын тетрахордтық интонация ән бойында үш рет кездеседі. Әдетте, мұндай қайталау қазақ әндерінде көп ұшыраса бермейді. Әннің бұл ерекшелігін Ғ.Бисенова да кең талдап, анықтама берген [7, 49].

№1.2. Алдыңғы нұсқаға байланысты түсінікте ескерткеніміздей, «Айттым сәлем, қалам қастың» осы нұсқасы жөнінде бір түсініксіз жайт бар. Б.Ерзакович А.Бимбоэс жазып алған «Сегіз аяқ» әніне: «Халыққа мейлінше көп тараған «Айттым сәлем, қалам қас» әні орыстың қала романстық лирикасына өте жақын. Оны тұңғыш рет А.Э.Бимбоэс жазып алған және «Сегіз аяқ» деген атпен «Қырғыздың 25 әні» жинағына енгізген. Бірақ бұл әнді Бимбоэстің жазып алғанынан гөрі әлдеқайда жақсы айтатын әншілерді білеміз. Бірақ әуендік негіз бәрінде де бір тектес болып қала береді», – деген пікір білдірген болатын [19, 25]. Ол осы пікірінен айнымай, А.Бимбоэс жазып алған «Сегіз аяқ» әнін АСҚ жинағына «Айттым сәлем, қалам қастың» мәтінімен де енгізген. («Сегіз аяқ» 1.1) Яғни, АСҚ жинағында бір әуен ақынның екі өлеңіне арқау болған («Сегіз аяқ» және «Айттым сәлем, қалам қас»).

Айттым сәлем, қаламқасT

№1.3. «Айттым сәлем, қалам қас» – домбыра қостауымен көп айтыла бермейтін әндердің бірі. Бұл ән де көбінесе фортепиано, оркестр сүйемелінде, көпдауысты хор, капелла ансамбльдерінің репертуарынан жиі көрінеді. Домбыра аспабында айтып жеткізуші Ж.Кәрменов қана.

Өткен ғасырдың 80-жылдары А.Сейдімбеков пен Ж.Кәрменовтің «Асыл мұра» топтамасы негізінде жасалған «Абай әндері» хабары. Ж.Кәрменов әнді айтардың алдында: «Қалам қас» әні Абай ауылында, Абай төңірегіндегі қарттардың айтатын үлгісі екен», – деп түсінік береді.

Ж.Кәрменов айтуындағы нұсқа әуенінде бүгінгі айтылып жүрген үлгіден бір айырмашылығы – 2-әуенжолдың кульминациялық шарықтауында (мал мен бас) жоғарғы IV сатыны қамтымайды. Сондай-ақ, ырғағында ерекшелік бар. Ал әнді мейлінше созып айтуынан Ақан серінің «Сырымбетіндей» кеңдік, еркіндік көрінеді. «Желсіз түнде жарық ай» түсінігінде айтылғандай, бұл әннің де Ж.Кәрменов нұсқасы домбыра сүйемелімен түсірілген жағдайда дәстүрлі орындаушылық ерекшелігі айқын көрінетіні белгілі. Алайда жинақ көлеміне байланысты мұнда да канталық үлгісі ғана ұсынылды.

№2.1. Келесі сөз әннің түрі жайлы. 1935 жылы Л.Хамиди Ә.Ысқақовтың орындауында нотаға түсірген. Ән алдыңғы нұсқаларға мүлде ұқсамайды, басқа түрге жатады. Әуендік құрылымы aaab. Аздаған өзгерістермен ғана ерекшеленгені болмаса, алғашқы үш әуенжолдың әуені бір. Ә.Ысқақовтан кейін бұл түрінің орындалғаны жөнінде ешқандай дерек жоқ. Ән Абай стилінен алшақ. Сол себепті бұл әнді Абай әндерінің қатарынан көре алмай тұрмыз. Ән нұсқасы 1940 жылғы [10], АМТ [5, 26], АСҚ [6, 45] жинақтарына және Ғ.Бисенова монографиясының қосымшасына енген [7, 141].

АМТ жинағында es иониялық ладында берілген және 3-әуендік жолда VII сатының төмендеуі кездеседі. АСҚ жинағында осы миксолидиялық лад кездейсоқ белгі емес, ноталық жол басына төрт бемоль белгісі қойылу арқылы көрсетілген. Ән АМТ жинағы бойынша беріліп отыр.

Айттым сәлем, қаламқас

Жоғарыда музыкатанушылардың көбінесе ақынның елге кең таралған әндеріне ғана назар аударып, сол әндерді негізгі зерттеу нысаны ретінде қарастырғаны ай­тылған болатын. Әсіресе, «Айттым сәлем, қалам қас» әніне қатысты пікірлер сан түрлі.

Г.Шомбалова: «Бұл әннің мелодиясынан ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс халқының тұрмыстық романстарына тән бірталай ерекше белгілерді табамыз. Бұл – сексталық мелодиялық жүрістер мен жеке мелодиялық оралымдар және шумақтың екінші жартысын қайталаудан туатын түр құрылысының екі бөлімнен келуі» [4, 91], – десе, М.Ахметова: «Айттым сәлем, қалам қас» әніне келсек, оның жұмсақ та баяу әуені Абайға тән терең мәнді, мол тынысты ақындық мәтініне мінез қоса түседі. Онда алдыңғы сегіз жолды өлең сияқты («Сегіз аяқ») қазақтың жеті буынды өлеңіне де жаңаша кең әуендік құрылым мен стиль қолданған. Абайдың бұл кең құрылымды «Айттым сәлем, қалам қас» әні жалпы сипаты бойынша ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс романстық шығармашылығы және орыс қалалық әнімен сөзсіз интонациялық байланыс бар екенін байқауға болады» [18, 87], – деп, жалпы әуен құрылымында жаңашылдық пен өзгешелік барын баян етеді.

Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бұл әннің әуені орыстың халық әні «Карие глазки» туындысымен ұқсас екендігі жөнінде пікірлер жиі айтыла бастады. В.Дернованың «…Жаңа лирикалық жанрға бүтіндей жататын Абайдың үш қана әні бар: «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және «Қараңғы түнде» [9, 117] деген пікіріндегі әндер қатарына «Айттым сәлем, қалам қас» әнінің қосылмауының сыры «Кари глазкиге» ұқсауында жатқан сияқты. Мұндай ойды Б.Ерзаковичтің Абай әндеріне қатысты мақалаларынан да кездестіруге болады.

Олай болса, «Кари глазки» жайлы әуелгі сөз қайдан шықты? Жазушы Т.Әлімқұлов алғаш рет бұл әннің орыстың «Кари глазки» деген әніне ұқсайтынын айтқан. Өзінің «Жұмбақ жан» еңбегінде: «Абайдың жұртшылыққа түгел тараған «Айттым сәлем, қалам қасы» орыстың «Кари глазки» аталатын ежелгі халық әні боп шықты. Ежелгі дейтін себебім, әннің текстінде славянизмнің шалығы бар. Әннің «Карие глазки» болмай, «Кари глазки» аталуы, үнді бір әріптің түсіп қалуы, толып жатқан келте орам, қайрылыстар осыны аңғартады.

Осы әннің нотасын мен қазақ музыкасын зерттеуші һәм композитор Б.Г.Ерзаковичке 1954 жылы берген едім. Он екі жылдан кейін 1966 жылы Алматының «Наука» нәшіриятында шыққан «Песенная культура казахского народа» атты кітабында Б.Г.Ерзакович осы нота хақында былай деп жазады: «Абайдың халыққа өте-мөте кең тараған «Айттым сәлем, қалам қас» әні орыстың қалалық романс лирикасына ерекше жақын. Бұл ән «Карие глазки» деп аталатын орыстың ертедегі тұрмыстық романсына әуен жағынан аса жақын. «Карие глазкиді» Абай өзінің орыс достарының бірінің үйінен естуі мүмкін. Бұл романстың Сібір мен Қазақстанда ғана емес, Россияда да кең тарағанын жазушы-сыншы Т.Әлімқұловтың хабарлаған қызықты фактісі дәлелдейді». Осыдан кейін Б.Ерзакович «Айттым сәлем, қалам қастан» айнымайтын орыс әнін менің қашан, қай жерде, кімнен естігенімді жазады. О баста мен ауызша айтқандықтан және көшеде жүрдім-бардым айтқандықтан нобайын ғана келтіреді. Шындықты сақтау үшін толық жазғым келеді», – деп әнді қалай жазып алғаны жайын сөз етеді.

«Москваның А.М.Горький атындағы әдебиет институтында оқып жүрген кезімде, 1950 жылы қыста, жеке пәтерде тұрушы едім. Бір күні кеште «Айттым сәлем, қалам қасты» ыңылдаттым. Пәтер жалдаушы кемпір – Ольга Дмитриевна таңданып: «Бұл – орыстың әні ғой!» – деді. Бірақ әннің төркінін таба алмады. Осындай таңданысты мен Қырымда Анна Алексеевна дейтін кемпірден және есіттім.

Арада үш жылдай уақыт өткенде, 1953 жылы, Алматыда Городская көшесінің 19-шы үйінде тұратын Анна Степановна Аринчехина кейуана әннің орыс әні екенін анықтады. Ол Фрунзе қаласына барған сапарында сіңлісінің үйіндегі фарфор вазадан әннің нотасын көшіртіп әкелді. Менің Б.Ерзаковичке бергенім сол көшірме. Түпнұсқасы Фрунзе қаласында, вазадағы сурет-нәш.

1954 жылдың күзінде жазушылардың Бүкілодақтық съезіне келе жатқанымда осы әнді вагон-рестораннан естідім. Аспазшы орысқа даяшы қыз қосылып, аяғы хорға айналып кетті. Ән түн ортасы ауғанға шейін шырқалды. Күні бүгін осы әнді москвалық шофер Иван Сергеевичтен естіп жүрмін.

Осындай фактыларға қарағанда, «Кари глазки» («Карие» емес») Б.Ерзакович айтқандай, қалалық романс емес, орыстың әріден келе жатқан халық әні ме деп топшылаймын. Романстың тексті де, сазы да ұзақ болмайды. Бұл әннің тексті ұзақ та, өзі шамасыз шұбалаңқы.

Енді әнді Абайдың «Айттым сәлем, қалам қасымен» салыстырар болсақ, ырғақтарда ғана болмашы айырма бар. Орысшасы баяулау айтылады да, ұзақтан қайырылады.

Бұл өлеңнің кейбір шіркеулік-славяндық сөз нақышы «әріден келе жатқанды» растайды. Рас, әннің кейбір сазы, әсіресе, қайырымы осы күнгі арагідік айтылып жүрген әйгілі «Волга – реченькаға» ұқсайды. «Волга – реченьканың» өзінің Еділден тараған талай әнге, мысалы, «Разлилася Волга широкаяға» ұқсайтыны хақ. Орыстың халық әнінің саздысының көбі осы Еділге байланысты туғанын еске алсақ, «Кари глазкидің» тым әріден келе жатқанына күмән қалмайды. Бір қызығы, бұл ән орысшасында қыздың атынан айтылса, Абай оны жігіттің аузына салады, яғни өзінің көңіл хошына бейімдейді. Әннің айырмашылығы да осыдан тарайды. Орысшасы нәзіктеу, мұңдылау, созымдылау. Қазақшасы ірірек, шерлірек, қысқарақ.

Әрине, Абай өз әндерінің барлығын орыстан көшірмеген. Біз келтірген мысал некен-саяқ. Бірақ Абайдың орыс әнін сүюі, содан тікелей үйренуі ешқандай күдік тудырмайды» [39, 117–119], – дейді.

Б.Ерзакович: «Мынадай бір маңызды жайға тоқтала кеткен жөн: революцияға дейінгі қазақ музыкасы орыс музыкасымен байланыстың арқасында жетіліп, байып қана қойған жоқ, өзі де кейбір орыс композиторларының шығармашылығының қайнар көзі болып, кәдесіне жарады. Ол кездегі зерттеушілер мұны талай рет атап көрсетті. Торғай облысының музыкалық фольклорын зерттеуші С.Г.Рыбаков (С.Г.Рыбаков – этнограф, музыкатанушы, фольклорист. Орыс географиялық қоғамының мүшесі. 1902–1908 жылдар арасында Торғайда тұрған.) дәл осындай пікір айтқан. Географиялық қоғам мәжілістерінің бірінде жасаған хабарында ол мынадай ойын ортаға салған: қазақ музыкасын зерттеу «орыс музыкасын зерттеуге пайдалы әсер етуі мүмкін. Оның пікірінше, А.П.Бородин өзінің «Князь Игорь» операсында көп ретте біздің шығыс халықтарымыздың музыкасының ерекшеліктерін өте нәзік те шебер көрсеткен». Бұл мәселе жөнінде С.Г.Рыбаков бір де бір факт келтірмесе де, оның айтқандары – назар аударарлықтай.

Мына бір оқиғаны еске алса да болады: төрт жыл үзілістен кейін 1874 жылы А.П.Бородин «Князь Игорь» операсын жазуға қайта кіріседі де тікелей өзі және В.В.Стасов арқылы атақты зерттеуші-жазушы В.Н.Майновтан половец музыкасының сипаты жайында сұрағанда, В.Н.Майнов А.П.Бородинге: «поло­вецтердің музыкасы таза шығыстық әуендер жиынтығынан құралған болу керек, бірақ «Ложится в поле» Балакирев әуеніндей, парсы әндеріндегідей ерекше әсем емес, өйткені алтайлық түріктер мұндай әсем әуен дәрежесіне әлі жеткен жоқ, бұған олардың чуваш, башқұрт, қырғыз ұрпақтары дәлел бола алады», – деген.

В.Н.Майновтың бұл пікірін еске алады да А.П.Бородин венгр және половец әндерінің жинақтарымен танысады. «Шығыс әуендерінің жиынтығын» іздеу кезінде А.П.Бородиннің қазақ әндерімен танысуы да ықтимал. Бірақ мұны анықтайтын жазба деректер әзірге жоқ. Әйтсе де, қазақ әуенін «Князь Игорьдің» әуенімен салыстыру бұл болжамды онан әрі зерттеу қажеттігіне негіз бола алатын сияқты. Мәселен, қазақтың А.В.Затаевич жазып алған «Ай, айнам» және «Ғазиза-ай» әндері мен половец жауынгерлерінің музыкалық образдары арасында өзара даусыз табиғи ортақтық бар екенін көрсетеді. Сол сияқты Кончаковнаның каватинасы мен қазақтың халық әні «Жайма қоңырдың» (Мұхиттың әні – Е.Ш.) арасында да әуендік ұқсастық бар екенін байқауға болады» [19, 27-28], – дейді. Бірақ Б.Ерзакович осылай дей тұра «Айттым сәлем, қалам қастың» ар жағына үңілуде біржақтылық танытқан сияқты.

Т.Әлімқұлов «Орыстың халық әнінің саздысының көбі осы Еділге байланысты туғанын еске алсақ, «Кари глазкидің» тым әріден келе жатқанына күмән қалмайды» деп бір ойды тұспалдап кеткен сияқты. Көрші, аралас отырған этностардың мәдениеті, тілі, өнері, өмір сүру салтының бір-біріне ауысуы немесе күшті мәдениеттің үстемдік құратыны табиғи заңдылық болса, «Кари глазкидің» де ар жағында қыпшақтардың (половец) әуені жатқан жоқ па деген ой келеді. Болашақта ұқсастықтарды осы аяда қарастырған дұрысырақ деп ойлаймыз…

Ақын әндерінің орыс әнімен ұқсастығына қазақ музыкатанушылары біршама қарсылықты пікірлер білдірген. А.Жұбанов Абайдың композиторлық жолының қалыптасуын айта келіп: «…Әннің қазақ халқының рухани байлығының ішіндегі өткір қаруының бірі екенін білді. Ол ән шығару әдісінде жаңа интонациялық көріністермен танысты. Бұрынғы қазақтың әндерінің дәстүрін меңгерді. Сол дәстүрде де ән шығарды. …Біржанның, Ақанның салып кеткен музыкалық ізін, дәстүрін қирату керек демей, қайта Арқа әндерінің асқақ үндерін өзі есіткен орыс, украин халық әндерінің, қаланың демократиялық ән үлгілерінің, орыстың романстық лирикасының үлгілерімен қабыстырып, түрлі бояудан келіп, жаңа бір сапалы түр тапты», – деп түрленуінің, дамуының, жетілуінің негізін ашып береді. Ал Абайдың музыкадағы осы жолын біржақты қараушыларға: «…Абай әндерін орыс музыкасының көлеңкесі деп қараушылардың қолында оны дәлелдейтін ешбір айғағы жоқ, Абай әндері басынан аяғына дейін қазақ музыкасының халықтық интонациясында құрылған, бірақ басқа интонациялық демдердің араласуы арқылы жаңа заман тілі, «сөздігі» бар шығарма болып қалыптасқан» [46, 122–123], – деп түйіндейді».

Абай әндеріне қатысты осындай біржақты ойлардың бүгінгі күнде ескіргені, жаңаша көзқарастың қажет екендігін музыкатанушы С.Күзембаева да айтады. Ол: «Абайдың лирикалық әндерін сөз еткенде, ескере кететін бір проблеманы еске салған жөн. Ол Қазақстан музыкатану ғылымында осы күнге дейін қалыптасып келе жатқан орынсыз ой-пікір. Бұл қате тұжырым бойынша, Абайдың нағыз ұлттық нақышпен безендірілген, нағыз қазақи туындылары «Айттым сәлем, қалам қас» пен «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орыстың «Карие глазки» романсы мен орыстың халық әні «Коробейникиге» еліктеп шығарылған, тіпті бұл әндерді Абай жазбаған да шығар деген күмәнді сөздер айтылып келеді. Біздің ойымызша, бұл теріс ұғым кеңес заманы идеологиясының салдарынан шыққан тұжырым. Соншама әндер шығарған Абай тек осы екі әнге келгенде, қалайша олардың авторы болмайды?! Рас, Абай кезінде өз ортасында әртүрлі халықтардың музыкасын естіп, табиғи дарынының арқасында оны қабылдап, өз шығармашылық лабораториясынан өткізгені мәлім, соның нәтижесінде біз Абай тек өз мәнеріне тән әндер жазған деп толық айта аламыз» [47, 2], – деп үн қосады.

Осы пікірге Т.Базарбаев та: «Осы дауды бұрынырақ А.Затаевич қозғап еді, «Айттым сәлем, қалам қас» орыстың «Черноглазая» деген әнімен бірдей деп. Енді оны Ерзакович қайталап айтып жүр. Мұндай пікірлерге кезінде Жұбанов үзілді-кесілді қарсы болған. Шынында да Абай орыстың алдыңғы қатарлы ақындары мен композиторларын жақсы білгендігі белгілі…» [32, 191] – деп, өзінің бұл пікірге қосылмайтынын білдіреді.

Бұл турасында Қ.Жүзбасов та: «Айттым сәлем, қалам қас» әнінің өлең өрнегі кәдімгі қазақ әндерінің қайырмаларында жиі кездесетін бунақтармен ұқсас келетінін де айта кету орынды болар. Солай бола тұрса да, кейбір зерттеушілер бұл әнді малоросс немесе орыс әндерімен үндес деген тұжырым айтқан кездері болды. Бірақ мұндай пікір тым ұшқары, негізсіз. Өйткені романс жанры музыканың европалық үлгісіне жатады да, міндетті түрде аспаптық сүйемелмен орындалады. Оның композициялық тұрпаты бірнеше бөлімнен құралып, циклдық түрмен ерекшеленеді. Сондықтан Абай әндеріне ұқсастықты бөтен жанрлардан іздестірудің реті жоқ», – деп жазады [48, 8].

Ғ.Бисенова осы әндерді салыстыра келе, ол әндердің бір емес, бірнеше нұсқасының барын айтып, салыстырады.

Ғ.Бисенова «Кари глазки» әнінің тағы бір нұсқасын музыкатанушы Н.Ма­таганованың анасының орындағаны жөнінде айта келіп, «Ол нұсқаны Б.Ерзакович нұсқасымен салыстырғанда ұқсастық таптық. Әнді орындаушы Жетісу өңірінде туған, ұзақ уақыт Семейде тұрған», – деген дерек береді.

Кари глазки

Ғ.Бисенова: «Бұл жағдайда Абай әнінің орыс романсының әуеніне кері әсері байқалады деп болжауға болады. Б. Ерзакович «…революцияға дейінгі қазақ музыкасы орыс музыкасымен байланыстың арқасында жетіліп, байып қана қойған жоқ, өзі де кейбір орыс композиторларының шығармашылығының қайнар көзі болып, кәдесіне жарады», – деген пікірді дұрыс айтқан. Абай әнінің жалпы құрылымы жоғарыда айтылған «Карие глазки» романсының екі нұсқасына қарағанда әлдеқайда бай екендігі сөзсіз. Бұл шарықтау шыңына жақындауды көрсетеді, даму тақырыбы неғұрлым мәнерлі, толығырақ. Абайдың әуені өзі естіген романстың шығармашылық тұрғыдан қайта ойластырылған нұсқасы (аудармасы) деп есептесек, онда әуеннің барлық иін, иіріміне үйлес, сай, дәл жазған ақындық даналығына таңданбасқа шараң жоқ. Бұл – осы шығарманы бағалаудағы ең маңызды нәрсе. Сондықтан, Абай әуенінің орыс романсымен интонациялық (бірақ метрикалық емес) ұқсастығына мән берудің қажеті жоқ деп санауға болады. Сонымен қатар, Абай «Кари глазки» романсына назарын аударды дегеннің өзінде, әуеннің кеңдігі, әннің эмоционалды-бейнелік құрылымы ақынның шығармашылық тұлғасына жақын болғанынан деп есептеу қажет» [7, 52], – деген ой айтады.

Ғ.Бисенова сонымен қатар: «Абайдың Тоғжанға деген махаббаты оны көптеген лирикалық туындыларды тудыруға шабыттандырғаны белгілі. «Айттым сәлем, қалам қас» әні сүйіктісінен айрылған кезде тууы мүмкін. «Жігіт сөзі» Найман руынан шыққан Қаламқас есімді қызға арналған деген сөз бар. Мұндай куәлікті Семей облысының Абай ауданында тұратын Балқатай Толғамбаев береді. Ол Абайдың өмірі мен шы­ғармашылығынан, ұлдары мен туыстарынан көптеген мәліметтерді біледі. Бәрібір, бұл әннің ішкі мазмұны өмірбаяндық мінез арқалап тұрғандай сезіледі» [7, 51–53], – дейді.

Ғ.Бисенова келтіргендей, әннің Тоғжанға немесе Найман руынан шыққан Тана мырзаның қызы Тұржанға арналған екен деген сөздің бары рас. Ақын Қалихан Алтынбаев «Қалбатау» кітабында осы жайға зерттеу еңбегін арнаған [49, 134–138]. М.Әуезов 1945 жылы жазған «Абайдың өмірбаяны» еңбегінде Абайдың алғашқы ақындық қасиетінің қалыптасуына байланысты сөз қозғай келіп: «…Абай өзін ақынмын деп санамаған. Өлеңді де, дәл өлең түрінде, келелі тартыс үстінде аз қолданып, жәй ойын, қалжың, мысқыл түрінде көбірек айтып тастап жүрген. Әсіресе жігіттікке жеткен шағында қыз-келіншекке арнаған сәлем хат, қалжыңды көбінесе өлеңмен айта беретін болған. …Жаңағы айтылған әйелдер сияқты Абайдың жас күнінде қатты қадірлес болған әйелінің бірі – Мұрын Тананың қызы Тұржан сұлу екен. Бұл кейін Сыбан ішіндегі Быжы деген өзбекке тигенде, Абай әдейілеп барып, амандасып жүрген» [2, 161–162], – деп қысқа түсінік береді. Тұржан туралы сөздің төркіні осыдан шықса керек. Біздің ойымызша, өлең-әннің кімге арналғаны маңызды емес. Бастысы – шығарманың туылуы, оның көркемдігі, эстетикалық мәні, кейінге жетуі.

Жинаққа әннің Т.Арғынбаев жеткізген нұсқасы мен Ж.Кәрменов нұсқасы (дәстүрлі орындаушылар үшін) инвариант үлгі ретінде берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы