Абайдың әндері

Сегіз аяқ

Сегіз аяқ
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған –
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра ала алмас.
Қиналма бекер тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ – ойға олақ.
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды – 
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос 
Көрмесең, істің бәрі бос.
Тамағы тоқтық, 
Жұмысы жоқтық 
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа, 
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.
 
Бір кісі мыңға, 
Жөн кісі сұмға 
Әлі жетер заман жоқ. 
Қадірлі басым, 
Қайратты жасым 
Айғаймен кетті, амал жоқ. 
Болмасқа болып қара тер, 
Қорлықпен өткен қу өмір.
 
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым – тап шыным!

ТҮСІНІКТЕР

Сегіз аяқ. Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңі қазақ поэзиясында бұрын-соңды кез­деспеген, мазмұндық-формалық жаңашылдығымен ерекшеленетін туынды болып табылады. Бұл өлеңнің құрылымы өзгеше пішінде, нақты айтқанда, aab, ccb, dd үлгісімен өрілген және тармақ өлшемі жағынан да күрделілігімен назар аудартады. Аталған үлгі бойынша өлең 8 тармақтан тұрады, олардың буындық құрылысы – 5+5+8; 5+5+8; 8+8 болып келеді. Мұндағы алғашқы алты тармақ поэтикалық тезис рөлін атқарса, соңғы екі тармақ ақындық ойды қорыту, түйіндеу қызметін атқарады. Бұл құрылым жөнінде әдебиеттанушы З.Ахметов: «Сегіз аяқта» алдыңғы алты тармақ тезис есебінде келеді де, соңғы екі тармақта ақындық ой қорытылады» [11, 505], – деп тұжырымдайды.

Аталған өлең тек құрылымдық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ оның әндік нұсқалары да қазақ музыка мәдениетінде ерекше орын алады. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін «Сегіз аяқ» әнінің оннан астам түрі мен нұсқасы хатқа түсіп, ғылыми айналымға енген. Бұл ән алғаш рет 1940 жылы жарық көрген Абай шығармаларының академиялық жинағының екінші томында екі түрлі нұсқада – мажорлық және минорлық ладтарда жарияланған [10]. Осы екі ладтық нұсқа 1945 жылғы жинақта да қайталанады.

«Сегіз аяқ» әні Абайдың музыкалық мұрасындағы ең күрделі әрі көркем өрнекті туындылардың бірі болып саналады. Ол құрылымдық жағынан дараланып қана қоймай, кең таралуы мен орындаушылық әркелкілігі арқылы да ерекшеленеді. Аталған әнге қатысты бірқатар жинақтарда оның түрлі нұсқалары берілген: АМТ жинағында бес түр-нұсқа [5], АСҚ жинағына – сегіз [6], ал Ғ.Бисенованың монографиясында бес түр-нұсқа келтірілген [7]. Бұған қоса, зерттеу еңбектерінде ғана жарық көріп, жинақтарға енбей қалған бірнеше сирек нұсқалар да бар.

Музыкатанушы М.Ахметова «Сегіз аяқ» әнінің құрылымы жөнінде былай деп жазады: «Жалпы өлеңде үш әуендік (музыкалық) сөйлем бар. Алғашқы екі әуендік сөйлем (aab, ccb) үш әуендік жолдан тұрса, үшіншісі (dd) екі әуендік жолды қамтиды. Үлкен шумақты ән бола тұра, «Сегіз аяқ» әнінде қайырма жоқ. Бірақ үшінші әуендік сөйлем қорытынды әуендік-қайырмалық қызмет атқарады» [18, 85]. Бұл пікірлер әннің поэтикалық және музыкалық құрылымындағы үндестік пен ішкі бірлікті анықтай түседі.

Осылайша, «Сегіз аяқ» – тек өлең құрылымы мен мазмұндық тереңдігі ғана емес, сонымен қатар күрделі музыкалық формасы, ладтық өзгермелілігі мен орындаушылық әртүрлілігі арқылы қазақтың поэтикалық әрі әншілік дәстүріндегі қайталанбас көркем туындылардың бірі ретінде танылып отыр.

№1.1. Абайдың музыкалық мұрасының алғаш жинақталып, хатқа түсуі және алғаш жария болуы өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан басталады. 1919–1922 жылдар аралығында А.Э.Бимбоэс Ақмоладағы әскери-саяси бөлімнің инструкторы болып жүріп, музыкалық үйірмелер ашып, сонымен бірге қазақ әндерін хатқа түсірумен де айналысады. 1926 жылы Ленинградтағы Орыс географиялық қоғамының этнографиялық бөлімінде халық музыкасын зерттеу жөніндегі комиссия Н.Ф.Фин­дейзен редакциялаған «Музыкалық этнография» мақалалар жинағын шығарады. Осы жинаққа Бимбоэстың «Қырғыздың 25 әні» (Қазақтың. Е.Ш.) мақаласы және 25 әннің нотасы жарияланады. Сол 25 әннің ішіне Абайдың «Татьянаның хаты» мен «Сегіз аяқ» әні (1.1) де енген. «Сегіз аяқ» әнінің мәтінін нота астына А.Бимбоэс өзі жазған. Бірақ А.Бимбоэстің өзі түсірген әннің мәтінін өзі жазғаны туралы екіұшты пікірлер кездеседі.

Г.Шомбалова: «Сегіз аяқ» әнінің үшінші түрі А.Бимбоэсте бар, мұнда под­текстовкасыз» [4, 97] десе, В.Дернова: «Абай әндерін А.Бимбоэс пен А.Затаевич тұңғыш рет нотаға түсіргенде мәтінсіз жазған. Жинаушылар тек әннің мелодиясына ғана назар аударған» [4, 99], – дейді. Ал З.Визель: «Төменде жарияланған әндердің әуендері аталған жинақ бойынша емес, А.К.Глазунов мұрағатынан табылған қолжазбаға сәйкес басылған. Онда төрт ән өңделіп берілген, тоғызының орыс әріптерімен мәтіні жазылған. Олардың ішінде Абайдың қазақ музыка мәдениеті тарихындағы «Сегіз аяқтың» мәтінімен жазылған алғашқы жазбасы бар» деген нақты дерек береді [9, 71]. Одан бөлек, Ғ.Бисенова өз еңбегінде 1926 жылы шыққан «Музыкалық этнография» жинағынан «А.Бимбоэс әндердің мәтіндерін жазып алған, бірақ ән сөздері жинақтағы «25 қырғыз әні» мақаласына орын жетіспеушілігіне байланысты толық орналастырылмады» деген үзінді келтіреді [7, 40]. Міне, соңғы екі пікір Бимбоэстің әнді мәтінмен бірге жазып алғанына дәлел деуге болады.

Б.Ерзакович А.Бимбоэс жеткізген «Сегіз аяқтың» осы түріне байланысты: «Халыққа мейлінше көп тараған «Айттым сәлем, қалам қас» әні орыстың қала романстық лирикасына өте жақын. Оны тұңғыш рет А.Э.Бимбоэс жазып алған және «Сегіз аяқ» деген атпен «Қырғыздың 25 әні» жинағына енгізген. Бірақ бұл әнді Бимбоэстің жазып алғанынан гөрі әлдеқайда әдемі айтатын әншілерді білеміз. Бірақ әуендік негіз бәрінде де бір тектес болып қала береді», – дей келіп, – «Абайда «Сегіз аяқ» өлеңі бар, бірақ оның әні мүлдем басқа. Әнші Абайдың басқа әнінің атын ойлап айта салуы мүмкін, ал Бимбоэс ән сөздерін жазбағандықтан әншінің кездейсоқ қатесіне көңіл аудармауы да мүмкін» [19, 25], – деп, А. Бимбоэстің «Айттым сәлем, қалам қасты» «Сегіз аяқ» деп жариялағанын сынға алады. Бұл тұрғыда Б.Ерзаковичтің пікірі де орынды. Әннің интонациялық жағынан «Айттым сәлем, қалам қасқа» ұқсастығы жоқ емес.

Алайда Б.Ерзаковичтің бұл ойына Ғ.Бисенова: «Шынымен, Бимбоэс жазба­сындағы алғашқы әуендік жолда интонациялық жағынан «Айттым сәлем, қалам қас» әніне ұқсастық байқалады. Бірақ үшінші тактіден бастап «Сегіз аяқтың» басқа белгілі нұсқаларымен байланысы бар екені айқын болып тұр. (Бұл жерде Қ.Лекеров жеткізген 1.3 нұсқасы жөнінде айтылып тұр.) А.Бимбоэс жазбасы Б.Ерзаковичтің Т.Арғынбаевтан жазып алған нұсқасымен бірдей. (Т.Арғынбаев емес, Қ.Лекеров нұсқасы болу керек.) Б.Ерзаковичтің бұл пікірімен келісу қиын. Біріншіден, Т.Арғынбаев – керемет әнші, «Айттым сәлем, қалам қас» әнінің негізгі және ең көп таралған нұсқасын берген, бұл екі әнді шатастыра қоятын әнші емес…» [7, 40] деген пікір білдіріп, соңынан қателесіп Т.Арғынбаевтың орындауындағы нота жазбасы деп Қ.Лекеров жеткізген «Сегіз аяқ» нұсқасын берген. Яғни, айтылып отырған «Айттым сәлем, қалам қасқа» ұқсайтын нота жазбасы дұрыс берілгенімен, орындаушы Т.Арғынбаев деп қате көрсеткен. Ал «Сегіз аяқтың» Т.Арғынбаев жеткізген түрі жөнінде төменде айтылады, ол мүлде басқа ән (3.1. нұсқасын қараңыз).

Иә, Ғ.Бисенованың пікіріне қосылуға болады. Себебі, А.Бимбоэс: «…әндерді ауылды жерде домбыра дауысының көмегімен жазып алғанын және мүмкіндігінше әншілерді (Мұстафа Нұрабаев, Оспан) пианиноның көмегімен жазып алу үшін қала­ға шақырып тұрғанын», сонымен қатар, «қырғыз (қазақ) әншілердің айтатын әндерінің әуендік иірімдері көңіл күйіне байланысты әрдайым бірдей бола бермейтінін» біліп, «жазып алған әуендердің түпнұсқасын анықтап, көз жеткізу үшін 2 1/2 жыл бойы әбден тексергенін» [9, 72–73] айтады. Соған қарағанда, Б.Ерзакович біржақты пікір білдірген секілді. Бимбоэстің бұл жазбасы Б.Ерзаковичтің ән мәтінін жазып алмаған деген сөзіне де жауап болатын сияқты.

Сонымен, «Сегіз аяқтың» ең алғаш нотаға түскен бұл түрі АМТ жинағы [5, 20] мен Ғ. Бисенова монографиясында V түрі болып [7, 137] мәтінсіз жарияланса, АСҚ жинағына І түрі болып енген [6, 36]. Бір түсініксіз жайт, бұл ән АСҚ жинағына «Айттым сәлем, қалам қас» әні болып та енген. Ол жөнінде «Айттым сәлем, қалам ­қас» әніне берілген түсініктерде де қосымша айтылады. «Сегіз аяқтың» бұл түрлері жазылып алынғаннан бері еш жерде орындалмаған. Мұның өзінің бірнеше нұсқалары бар. «Абай» энциклопедиясында осы нұсқаның ноталық жазбасы берілген [11, 85].

Ән кең, сазды, эолиялық ладта жүреді. Әуен интонациясы жағынан Б.Ерзакович айтқандай «Айттым сәлем, қалам қас» әніне ұқсайтындығы байқалады. Бірақ 3-так­тіден бастап әуен басқаша дамиды.

Сегіз аяқ. Бимбоэс

Абай әндеріне қатысты зерттеу еңбектер мен жинақтардағы ән мәтінінің жазылуы, ән әуенінің транспозициялануы және тактіге бөлудегі өзгешеліктер әр зерттеуші мен құрастырушының ғылыми шешіміне қарай өзгеріске түсіп отырған.

Мәселен, Абай әндеріне ай, ой, ау, ахау, халалай, әгәгай, әридай секілді т.б. алексикалық сөздер мен одағай буындар тән болмаса да, музыкатанушы Г.Шомбалова «Абай әндері» мақаласында «Сегіз аяқтың» А.Бимбоэс жеткізген түрін көрсете келіп, 3-әуендік жолдағы лига арқылы қосылған жоғарғы ІІІ және ІІ сатыдағы дыбыс астына (g, f) «ой» одағай буынын қосқан. Және осы түрінің 5-тактісінде қи-у-а-дан сөзінің төрт буынға бөлініп жазылуын Г.Шомбалова қи-уа-дан деп үш буынға бөлген. Оның себебі келесі шумақтардағы осындай тармақтарда кездесетін сөздердің (біл-ген-ге, көп айт-са, жі-гер-лен, т.б) үш буыннан ғана тұратынын ескергенінен болса керек. Сөйтіп жоғарғы І сатыда айтылатын қи-у-а-дан сөзіне қатысты төрт сегіздік нотаның екеуін қалдырып, соңғы екеуін лига арқылы қосып, ширек ұзақтыққа созған. 4, 5-тармақтағы ша-уып, та-уып сөздерінің соңғы буындары Бимбоэс жазбасында (түпнұсқа) IV және ІІІ сатыға сәйкес болса, Шомбалова салыстыруында III және ІІ сатыға сәйкестендірілген (1.1.(а). АСҚ жинағында да осылай берілген [6, 97].

Сондай-ақ, 8-әуенжолдағы ширектік триольдар мен ширектік жеке ноталар сегіздік триольдар мен сегіздік жеке ноталарға өзгеріп, түпнұсқаға қарағанда бір тактіге кеміген. Ғ.Бисенова да «Сегіз аяқтың» А.Затаевич пен Бимбоэс нұсқасына транспозиция жасаған.

№1.1(а). Жоғарыда Г. Шомбалова түсірген нота жазбасындағы өзгерістер.

Сегіз аяқ-Шомбалова

№1.2. А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» (бұдан әрі – «1000 ән») және «Қазақтың 500 ән-күйі» («500 ән») жинағына Абайдың нақты бес әні жарияланған. Алғашқы «1000 ән» жинағына «Татьянаның әні» (№129), «Абай» (№665, «Бойы бұлғаң»), «Қор болды жаным» (№708) және «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» енген. Соңғы ән халық әні «Үкілім-айдың» әуенімен айтылған (№752). Одан бөлек Абайға қатысты «Тілек-батам» (Бұл жөнінде «Қарашада өмір тұр» әніне қатысты түсінікте толық айтылады.) әнін де айта кеткеніміз дұрыс. «500 ән» жинағында бір ғана «Өлеңді қайтіп қоярсың» (№88) әні берілген.

В.Дернова Мәскеудегі М.И.Глинка атындағы Орталық мемлекеттік музыкалық мәдениет музейінен (Кеңес үкіметі кезінде осылай аталған. Қазір «Ресей ұлттық музыкалық мәдениет музейі» деп аталады) А.Затаевичтің жеке қолжазбалары табылғанын және онда 1920–1926 жылдары нотаға түсірілген Абайдың 12 әні бары жөнінде жазады [9, 35–36]. Яғни, А.Затаевич Абайдың 17 әнін нотаға түсіріп, оның бесеуі жоғарыда аталған жинақтарда жариялаған. Ғ.Бисенова: «Сол қолжазбаның ішінде «Татьянаның хаты» әнінің екі түрі, «Көзімнің қарасы» әнінің екі түрі, «Желсіз түнде жарық ай» әнінің бір түрі бар» [7, 28], – деген де дерек береді.

Осы тұста Қазақстан «Ғылым ордасының» Орталық ғылыми кітапханасында А.Затаевичтің қазақ әндерінен құрастырған үшінші жинағының қолжазбасы сақталғанын айта кеткен жөн. Бірақ онда Абай әндері кездеспейді. Тек 2019 жылы А.Затаевичтің 150 жылдығына орай Ресей ұлттық музыкалық мәдениет музейінде сақталған қолжазбалары негізінде жарық көрген «Народные песни и кюи из неопубликованных архивов» (Құрастырушы редакторлар: С.Елеманова,
В.Недлина)» жинағында «Кашек» деген атпен бір ән жарияланған. Ол жайлы «Көзімнің қарасы» әніне беріл­ген түсініктерде мағлұмат аласыздар.

В.Дернова: «А.Затаевич Абайдың «Сегіз аяқ» деп аталатын белгілі әнін екі рет жазып алған. Бірінші рет 1922 жылдың 21 қазанында Қостанай губерниясы, Аяқ болысының тұрғындары Қостай Мырзабеков пен Кәрім Қашқымбаевтан, екінші рет 1926 жылдың жазында Семей губерниясынан Дүйсенбай Құнановтың орындауында «Алыстан сермеп» (әннің алғашқы жолы бойынша) деген атаумен жазып алған. Бұл үш орындаушының ішінде «1000 ән» жинағына «Ақ бала» деген ән берген (1000, 479) Қ.Мырзабеков жайлы ғана дерек анық. №285 түсінікте Затаевич Қ.Мырзабековтің 14 жастағы бала екенін айтады. Екі әннің де қолжазбалары жол дәптерінен табылды. Екеуі де бір-бірінен бөлек әндер, оларға жақын нұсқалар ертеректе «Сегіз аяқ» деген атпен жазылып алынған», – деп Дүйсенбай Құнанов орындауындағы нота жазбасын ұсынған (2.2). Сонымен бірге, А.Бимбоэс жазып алған «Сегіз аяққа» ұқсас Қ.Мырзабеков пен К.Қашқымбаевтың орындауындағы «Сегіз аяқтың» да ноталық жазбасын (1.2) өзі жазған мәтінімен ұсынып, «Бірақ А.Бимбоэс нұсқасы А.Затаевич жазып алған «Татьяна хаты» (1000, 129) сияқты, зерттеушілер арасында бұл әнді Абай әндерінің қатарына қосуға бола ма, ақынның бұл әнін қазіргі орындаушылардың бір де бірі білмейді және орындамайды деген күмән туған. Дегенмен, бұл нұсқалар­-
дың Затаевичтің жол дәптерінен табылуы «Сегіз аяқтың» бұл әуенмен айтылғанды­ғын дәлелдейді», – деген ой айтады [9, 35–36].

В.Дернова жоғарыдағы мақаласында «Сегіз аяқтың» екі нұсқасына байланысты үш адамның атын атағанымен, кейіннен «Песни разных народов» (бұдан әрі –
ПРН) жинағында Д.Құнанов жеткізген «Сегіз аяққа» Қ.Мырзабеков пен К.Қаш­қымбаевтың аттары жазылып, Д.Құнановтың аты алынып тасталған [20, 33–34]. Бұдан әрі Д.Құнановтың аты-жөні ешқандай әнге қатысты айтылмайды. (Бұл жөнінде «Қарашада өмір тұр» әніне қатысты түсінікте толық айтылады.) Екі жинақты да (Народная музыка в Казахстане, Песни разных народов) құрастырған В.Дернова болғанмен, қай жинақта қате кеткені белгісіз. АСҚ жинағының түсініктерінде де Қ.Мырзабеков пен К.Қашқымбаев «Сегіз аяқтың» II түрін жеткізген, яғни осы түсініктегі 2.2. нұсқасын жеткізген адам ретінде берілген [6, 77]. Ал мақалада 1.2. нұсқасын жеткізушілер болып көрсетілген.

Сонымен, Қ.Мырзабеков пен К.Қашқымбаевтан жазылып алынған «Сегіз аяқтың» басқа сатыдан басталуы және секірістер арасындағы интервалдардың әртүрлілігі болмаса, бұл нұсқа да А.Бимбоэс жазып алған 1.1 нұсқасынан алыс емес.

Немесе

Сегіз аяқ. Қ.Мырзабеков

Б.Ерзакович айтқан «Сегіз аяқтың» 1.1 нұсқасына қарағанда «Айттым сәлем, қалам қас» әніне осы 1.2 нұсқасы жақындау.

Сегіз аяқ-Қаламқас

№1.3. Дәл осы түрінің бір нұсқасын Б.Ерзакович 1939 жылы әнші Қуан Лекеровтің орындауында нотаға түсірген. (Ғ.Бисенованың қателесіп Т.Арғынбаев орындады дегені осы нұсқа.) Бұл түрі 1940 жылғы [10], АМТ [5, 17] және Ғ.Бисенова монографиясына әннің ІІ түрі болып [7, 135], АСҚ жинағында [6, 38] V түрі болып жарияланған. Сонымен бірге, Б.Ерзаковичтің «Қазақстанның халық әндері» жинағында (бұдан әрі – ҚХӘ) да жеке берілген [21, 282].

Бұл нұсқада әуеннің жоғарыға өрлеуі байқалмайды, тек 1, 2-әуендік жол квинта интервалы арасында ғана қайталанған қос тармақ түрінде бедерленеді. Тек 3-әуендік жолдан бастап «оу» одағай буыны арқылы І сатыдан жоғары децимаға секіріс жасап сөйлем құрайды. Қалған әуен алдыңғы 1.1 нұсқасына ұқсас.

Бұл нұсқадан «Бойы бұлғаң» әнінің интонациясы анық байқалады. Ол жөнінде В.Дернова да: «Сегіз аяқтың» осы вариантының мелодиясы Абайдың «Бойы бұлғаң» деген әнінің мелодиясымен ортақтығын көрсетеді» [4, 105], – деп, төмендегідей әндердің салыстырмалы ноталық үлгісін берген.

Сондай-ақ, бұл нұсқаның 4, 5, 6-әуендік жолдары осы күнде көп айтылып жүрген «Гүл-гүл жайна» деген халық әнінің қайырмадағы әуенімен де үндес.

Сегіз аяқ-Гүл-гүл жайна

Сонымен, «Сегіз аяқтың» бұл түрінің қазақ даласында айтылған үш нұсқасы жазылып алынған. Әннің 1.1, 1.2, 1.3 түр-нұсқаларын белгілі әншілер арасында Қ.Лекеровтен басқа ешкім айтпаған. Бүгінгі айтылып жүрген түрі речитативке жақын болса, бұл түрінде әуен басым. Ақынның ішкі күйік, уайым-қайғы, мұңы мен зары, ең соңы «жалғыздығын» қосып, «қанымен» жазылған «Сегіз аяқтай» толғаулы өлеңіне лирикалық әуен қабыса қояр ма екен? Бұл нұсқалардың ақынның басқа әндеріне (Айттым сәлем, қалам қас), сонымен қатар халық әндеріне де (Гүл-гүл жайна) ұқсастығы жоқ емес. Біздің пайымдауымызша, әннің бұл түрі ауызша тарау арқылы ақынның басқа да әндеріндегі өрнектермен араласып, халық әндерімен бірігіп, өзгеше бір нұсқа пайда болғанға ұқсайды. Бір қарағанда Абай қолтаңбасына жақындық бар сияқты көрінгенімен, алшақтығы одан да көп. Композитордың өз елі – Шыңғыстау өңірінде ешқашан айтылмаған және айтылғанын білетін де, есті­ген де адам жоқ. Сол себепті, бұл түр-нұсқалары Абай әндерінің қатарына қосылмады. Өкінішке қарай, бұлар Абайға қатысты кештердің театрландырылған қойылымдары мен поэзиялық оқуларында музыкалық лейтмотив ретінде алынып, хор, капелла орындауымен айтылып жүр.

№2.1. «Сегіз аяқтың» халық жадында сақталған негізгі түрі Жүсіпбек Елебеков айтуында кеңінен танымал болды. Осы түрінің басқа нұсқаларын салыстыру үшін алдымен Ж.Елебеков нұсқасын негізгі нысан етіп ұсынамыз.

Сегіз аяқ. Ж.Елебеков

«Сегіз аяқтың» бұл түрінің әуендік негізі иониялық ладқа құрылған. М.Ахметова көрсеткендей, ән үш музыкалық бөлімнен тұрады. Ән ырғағы жағынан речитативке жақын. 8 тармақты шумақтың музыкасында да осы «сегіз аяқ» ұйқас құрылымына үндесетін ырғақтық ерекшелік бар. Әннің 6/8 өлшемі оның әр тармағына ырғақтық жағынан симметриялы әрі жүйелі анық құрылым береді. Яғни, әннің әрбір тармағы бір тактіге толық сыйып, тұрақты құрылымдық форма қалыптасқан. Мұндай ырғақтық негіз әнге речитативті сипат дарытып, поэтикалық мәтінді анық жеткізуге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, бұл өлшем орындаушыға әннің интонациялық және ырғақтық ерекшеліктерін нақты сақтап айтуға қолайлы жағдай туғызады. Әуенде 2, 4-әуенжол мен 3, 6-әуенжол соңындағы дыбыс қатарларының бір биіктікте қайталануы кездеседі. Яғни, әуен 7 элементтен тұрады – abc, bde, fg.

Ән құрылымы негізінен қайырмасыз формаға негізделгенмен, 7, 8-шумақтар қайырмалық қызмет атқарады. Әр шумақ өзінше дербес музыкалық ойды жеткізеді. Олардың арасында интонациялық бүтіндік сақталып, ән толық бір композициялық тұтастыққа айналған.

Жүсіпбек Елебеков орындауында бұл әннің ұлттық нақышы мен ішкі драматургиясы терең ашылған. Ән бірден жоғарғы тірек тоннан тегеурінді басталып, әр тармақта біртіндеп қарқын алып, әр 3-әуенжол сайын поэтикалық та, музыкалық та ой түйінделіп, соңында толығымен эмоциялық шегіне жетеді. Бұл музыкалық құрылым Абай поэзиясындағы ой тереңдігі мен философиялық мазмұнды музыка тілімен шебер үйлестіре білгендігін көрсетеді.

№2.2. «Сегіз аяқтың» қазіргі айтылып жүрген түрінің бір нұсқасы – В.Дернова­ның А.Затаевич мұрағатынан тапқан, Дүйсенбай Құнановтың орындауындағы «Алыстан сермеп» деген атаумен жеткен нұсқасы. Кейінгі жинақтарда Д.Құнановтың аты-жөні алынып қалғанын жоғарыда (1.2) айтқанбыз.

Біздің ойымызша ПРН жинағын құрастыру барысында қателік кетіп, екі әнді жеткізушілердің аты-жөні ауысып кеткен. Біріншіден, мақала мен ПРН жинағының шыққан жылын салыстыратын болсақ, мақала – бұрын. Мақалада көп нәрсе анық, нақты, айы-күні айқын жазылса [9, 35–36], ПРН жинағында қысқа ғана түсінік берілген [20, 33–34]. Сол себепті, семейлік Д.Құнановты 2.1. нұсқасын жеткізуші ретінде қалдыруға болады. Екіншіден, семейлік Д.Құнанов жеткізген нұсқа Ж.Елебеков айтатын «Сегіз аяқпен» бір. Үшіншіден, Семей өңірінде әннің негізгі әуені ретінде осы түрі ғана орындалады, тіпті басқа ақынның сөзімен де айтылғанын білеміз (Шәкәрім. «Жастық», «Кәрілік»). Әннің Ж.Елебеков айтқан «Сегіз аяққа» ұқсайтынын В.Дернова да «Дүйсенбай Құнановтың «Алыстан сермеп» деген атаумен жеткізген әннің әуені Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков орындауындағы елге кең танымал «Сегіз аяқ» әніне жақын нұсқасы» – деген [9, 35]. Бұл түрі де жеткізушілердің орындауына қарай әртүрлі өрнекпен айтылған. А.Затаевич қолжазбасы мен В.Дернова мақаласындағы нота жазбасында да, А. Затаевичтің ПРН жинағында да мәтінсіз берілген [20, 84]. АСҚ жинағында әннің ІІ түрі болып [6, 37], мәтінмен жарияланған. Ал ән мәтінін жинақты құрастырушылар өздері үйлестіріп жазған.

Бұл «Сегіз аяқтың» бүгінгі айтылып жүрген түрінің бір нұсқасы. Ән g иониялық ладына негізделгенмен, әуенде VII саты кездеспейтіндіктен нота жолының басына альтерациялық fis (фа диез) белгісі қойылмаған.

Сегіз аяқ. Құнанов

Ән жеткізушінің орындауына қарай аздап өзгеріске түскен. Ж.Елебеков нұсқасымен салыстырсақ, 5-әуенжолдың соңы Ж.Елебеков нұсқасында ІІ сатыға аялдаса, бұл нұсқада І сатыда аяқталған. 7-әуендік жол Ж.Елебеков нұсқасында төменгі V сатыдан бастап октава интервалы арасында өрнек құраса, бұл нұсқада ІІІ сатыдан бастап, IV-I сатылар арасында өзгерген түрде аяқталады. Әуеннің екі-үш жерінде триольдік ырғақтар да кездеседі.

№2.3. Ә.Қашаубаевтың орындауындағы «Сегіз аяқтың» бұл нұсқасы Е.Брусиловскийдің нотаға түсіруімен жеткен. Қай жылы жазып алынғаны белгісіз. Ғ.Бисенова Ә.Қашаубаев орындауындағы нұсқаны Ж.Елебековтің орындауындағы Л.Хамиди және В.Дернова түсірген ноталық нұсқалармен салыстыра қарастырған [7, 39]. (Е.Брусиловскийдің қолжазбасы қолымызға тимегендіктен, Ғ.Бисенованың еңбегінен алынып берілді).

Сегіз аяқ. Қашаубаев

Бұл орындаудағы «Сегіз аяқта» аздаған өзгешеліктері болмаса, бүгінгі Ж.Елебеков нұсқасымен бір. 3-әуендік жолда триольдық ырғақ байқалады және бұл В.Дернованың Ж.Елебеков орындауында түсірген нота жазбасында да кездеседі. Тағы бір айырмашылық, 4-әуендік жолдың екінші бунағы (шауып) Ж.Елебеков нұсқасындағыдай III емес, VI сатыда қалып қояды. Әннің аяқталуы да өзгеше, №2.1 нұсқаға жақын.

№2.4. Әннің келесі нұсқасын Л.Хамиди 1935 жылы Семей қаласында Ә.Ысқақовтан жазып алған. 1940 жылғы жинақ [10] пен АМТ жинағына І түрі [5, 16], АСҚ жинағында ІV түрі [6, 38] және Ғ.Бейсенованың монографиясына І түрі болып енген [7, 135].

Бұл нұсқада әуен синкопалық ырғақта V сатыдан жоғарғы І сатыға секіріс жасау арқылы басталып тұр. Әуеннің аяғына дейін синкопалық ырғақ сақталады. Бүгінгі орындаудан тағы да аздаған айырмашылығы – 2.2 және 2.3 нұсқалары секілді 7 және 8-әуендік жол III сатыдан басталады. Мұны В.Дернованың Ж.Елебеков орындауынан жазып алған нұсқадан да кездестіруге болады.

№2.5. Әннің осы түрінің келесі бір нұсқасын Л.Хамиди Ж.Елебековтің айтуында нотаға түсірген. Жазылған жылы белгісіз. Бұл нұсқа АМТ жинағына IV түрі болып [5, 19] және АСҚ жинағына VI түрі болып енген [6, 39]. Нотаға түсірушінің триольдарды қолдануына қарағанда, ән ширақ айтылған сияқты. Ән Ж.Елебековтің 1970 жылдары жазған аудиотаспасымен салыстырғанда (мысалы, 2.1 нұсқа), аздаған айырмашылықтар бары байқалады. Дегенмен, негізі сақталған.

Сегіз аяқ. Ж.Елебеков-2

№2.6. Әннің II түрінің ендігі бір үлгісі – Қ.Байжановтың орындауында жеткен нұсқа. АСҚ жинағында: «Қ.Байжановтың айтуы бойынша нотаға түсірілген. Осы орындаудағы Абай әндері 1954 жылы Алматыда магнитофон лентасына жазылып алынған. 1984 жылы Қ.Жүзбасов нотаға түсірген», – деп түсінік берілген [6, 77]. Жалпы Қ.Байжанов әнді өте түрлендіріп орындаған. Оның бірінші айтқаны екінші айтқанына ұқсамайды. Себебі, Қ.Байжанов орындаған әндерді басқа әншілердің орындауымен салыстырғанда көптеген айырмашылықтар көрінеді. Әншінің төменгі дауысты (бас) болғандығынан ба екен, орындаған әндерінде төменгі дыбысқа түсу жиі кездеседі. Ондай өзгешеліктер «Қараңғы түнде тау қалғып» немесе А.Затаевичтің «500 ән-күй» жинағындағы «Сырғақты», т.б. әндерінен де байқалады. Қалидың мұндай импровизаторлығы жайлы көптеген естеліктерде де жазылған. Қ.Байжанов орындауындағы «Сегіз аяқ» әнінде де осындай өзгешеліктерді аңғаруға болады және Қ.Жүзбасов та барлық шумағын нотаға түсіруге тырысқан. Бұл нұсқа АСҚ жинағына тұңғыш рет VІІ түрі болып енген [6, 39].

Әнші әннің алғашқы төрт шумағын орындап, 3 және 4-шумақтардың орнын ауыстырып айтқан. Осындағы 4-шумақтағы сегіз буынды «әдеті надан адамның» сөзі ән айтылу барысында «әдет(і) надан адамның» болып бір буынға қысқарған. Ал енді түпнұсқада жеті буынды «Бойда қайрат, ойда көз» сөзі «Бойда бір қайрат, ойда көз» болып өзгеріп, ол да сегіз буынға көбейген.

Сегіз аяқ. Қ.Байжанов24

Әуен пунктирлі-синкопалық триольды ырғақтарға толы. Ән басқа нұсқалардай жоғарғы I сатыдан басталып, 6-әуендік жолға дейін орындаушылық интерпретация арқылы түрленіп орындалған. Тіпті 4-шумақтың соңғы әуендік жолында дыбыстың жоғарғы VI сатыға дейін көтерілуі ән диапазонын дуодецимаға дейін ұлғайтып тұр. Бұл нұсқаның басқадан айырмашылығы сол – әуен жоғарғы тірек тонда аяқталып отырады. Әннің бұлай жоғарғы I сатыда аяқталуы – қазақ әндерінде кездеспейтін, орыс және Еуропа музыкасына тән ерекшелік. Бұл әншінің өткен ғасырдың 30-шы жылдары Қарағанды радиокомитетінде хор әншісі болып жұмыс істеген кезінде алған үлгісі болса керек.

№2.7. «Сегіз аяқтың» осы түрі ішінде Қ.Байжанов орындауына (2.6.) жақын айтылғаны – М.Мұхаметжанова нұсқасы. Бұл АСҚ жинағында VIII түрі болып алғаш рет жарияланған [6, 40].

Сегіз аяқ.Мұхаметжанова25

Әннің бұл нұсқасында да Байжанов нұсқасындай ерекшеліктер бар – мұнда да әннің соңы жоғарғы тірек тонда (I) аяқталып отырады. Тек 2-шумақтың соңы ғана негізгі тонда (тоника) аяқталған. Ал соңғы әуендік жолды М.Мұхаметжанова қатар-қатар келген секірістер жасау арқылы аяқтайды. Жалпы, Қ.Байжанов пен М.Мұхаметжанова нұсқалары бір адамнан үйренгендей өте ұқсас. Алайда жинақ түсінігінде М.Мұхаметжановадан түсірілгені болмаса, нақты қай жазбадан алынғаны айтылмаған.

№2.8. Ал консерваторияның фольклорлық зертхана қорында сақталған осы орындаудағы «Сегіз аяқта» жоғарыдағы ерекшеліктер байқалмайды.

Сегіз аяқ. М Мұхаметжанова-2

М.Мұхаметжанова 1, 2, 4-шумақты өзіндік орындаушылық мәнермен өрнектеген. Мұндағы басты ерекшелік – VII сатының төмендеуі. Ал алдыңғы нұсқадағыдай жоғарғы тоникада аяқтау кездеспейді.

Сонымен, «Сегіз аяқтың» бұл түрінің түрлі мәнерде орындалған сегіз нұсқасы жетіп отыр. Мұның өзі әннің ел ішінде көп айтылып, кең таралғандығынан хабар береді.

Әннің бұл түріне қатысты ел ішінде, тіпті кейбір орындаушылар мен зерт­теуші ғалымдар аузынан естіліп қалып жүрген тағы бір сөз – әннің Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жастық туралы» және «Кәрілік туралы» әндеріне қатыстылығы. Иә, Шәкәрімнің аталған өлеңдері құрылымы жағынан «Сегіз аяқпен» бір. Бұл әннің де Қабыш Керімқұлов, Ниязбек Алдажаров, Ахат Шәкәрімұлы және Шәкір Әбеновтер арқылы бірнеше нұсқасы жеткен.

Ахат Шәкәрімұлы «Естелігінде»: «21 жасында Шәкерім «Жастық», «Кәрілік» деген тақырыптарда өлең жазып, оған ән шығарады» – десе [22, 784], естеліктің енді бір тұсында: «Жастық туралы» әнінің шығу тарихынан да мына бір естелікті айтады: «Семейдегі бір музыкант орысқа скрипка алғызып бер деп тапсырған едім. Сол «скрипка алғыздым», – деп хабарлаған соң, жазғытұрым келіп, одан скрипка тартуды үйреніп, бұрынғы білетінімнен жақсы тартатын болдым. Бір ай Семейде жатып, Ақылбай екеуміз бір қайттық. Семейден ерте шығып, Шағылдың белесіне келіп отырмыз (Шағыл – қазіргі Семей қаласындағы Абай атындағы әуежайдың орны. Е. Ш). Семейден қоңыраудың соғылған, барабанның айғай-шуы, неше түрлі дыбыстар естіліп тұрды. Мен Ақылбайға айттым: «Мынау естіліп тұрған дыбыстардан, мынау көктемнің ғажап көрінісінен бір ән менің ойыма оралып тұр» – деп. Содан скрипкаға бір сарын салдым. Ақылбайға: «Бір ән шығарам» – деп аулақ барып отырдым. Сол жерде «Жастық» туралы өлеңге ән шығардым. Ақылбай да бір ән шығарды» [22, 812] – деп жазады (Бұл естелік төменде Абайдың «Сұрғылт тұман дым бүркіп» әніне де қатысты ескеріледі).

Бұл жөнінде Шәкәрім әндерін насихаттаушы К.Өлмесеков те: «Бұл өлең Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің әуенімен айтылады. Біз Ниязбек Алдажаров пен Шәкір Әбеновтен сұрағанымызда: «Бұл «Жастық туралы» өлеңде ән болмаған, сол «Сегіз аяқтың» әуенімен айтылатын» деуші еді. Кейінгі кезде кейбір білгіштердің «әнді жазған Шәкәрім» деп айтып жүргендері бар. Бірақ Шәкәрім әнді жазған жоқ, ән Абайдікі. Шәкәрім екі өлеңін (біреуі «Кәрілік туралы») Абайдан он екі жыл бұрын жазғандықтан, кішкене айтыс-керіс болып жатқан жағдайы бар. Мен әнші ретінде «Жастық туралы» дейтін бұл әнін Шәкір Әбеновтен алған едім. Ол кісі осы Абайдың «Сегіз аяғының» әуенімен айтқан. Ал «Аманат» кітабында Ахат аға екі-үш нотасын өзгертіп, әнді «Сегіз аяқтың» әуенімен орындаған. Біз сол үйреніп кеткен «Сегіз аяқтың» әуенімен орындап жүрміз» [23], [24, 347–349] – дейді.

Шәкәрімнің ұлы Ахаттың тікелей өзінен ақынның барлық әнін жазып ал­ған – композитор Арғынбек Ахметжанов. Ол «Рухани жол» жинағында «1879 жылы жазылғаны анық» – дейді. Яғни, 21 жасында жазылған [25, 43].

Дәл осы мәселеге абайтанушы А.Омаров та Шәкәрімнің С.Мұқановқа жазған хатына сүйене отырып, «Сегіз аяқ» па, жоқ әлде «Жастық» пен «Кәрілік» пе?» мақаласында, «Бозбала мен кәрілік» өлеңін 32 жасында жазғанын, Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңі Шәкәрімнің осы екі өлеңінен кейін Көкбай, Шәкәрім, Әріп үшеуіне арналған сыны екенін («Әзірет Әлі айдаһарсыз…», «Алтын иек сары ала қыз…», «Кәрілікті жамандап өлім тілеп…») және осы сынаудан кейін Шәкәрім өз қателігін түсініп «Жастарға» (Жалыналық Абайға, жүр, баралық…) өлеңін жазғанын айтады. Және бұл өлеңдердің барлығының жазылған мезгілі бір екенін мазмұны мен жазылған жылдарына қарай салыстырып, осы арқылы «Сегіз аяқ» өлеңінің алдымен жазылғанын дәлелдейді [26]. А.Омаров тағы бір мақаласында: «Ортаңғы шумақта Көкбайдың, Әріптің сәл-пәл сынға ілігуі – Шәкәрімді бүркемелеу амалы ғана. Сын найзасы тек өзіне тіктелгенін Шәкәрім білген, жақсы ұққан. Баласы Ахатқа «Отыз жас шамасында бір айдай тілім байланды» деп осы жайлы сыр ашқан. Ақырында өз айыбын мойындап, аға алдына келеді. Оған дәлел – «Жастарға» атты ұзақ толғау» – деп өз ойын білдіріп, дәлелін алдыға тартады [27]. Ал Турағұл естелігінде «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңінің не үшін жазылғаны жайынан хабар бергені болмаса, қай жылы жазылғаны айтылмаған [1, 195].

Алайда Шәкәрімнің С.Мұқановқа жазған хатында: «Ардақты Сәбит бауырым! 11/ XII да жазған хатыңызды жаңа ғана алдым. Бүгін Аягөзге жүрмек адамнан осы хатты асығыс жаздым. Қолымда барынан біраз ғана жазбамды жібердім. Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нартайлақ әңгімесі», «Қазақтың түп атасы», жиырма бес жасымда жазған – «Бозбала мен кәрілік», отыз екі жасымда – «Баламен айтысып жеңілгенім» [28] , – деп жазылған. Қолжазбаның кирилл әрпіне көшіріліп машинкаға басылғанынан да ұққанымыз – осы [29, 35]. «Бозбала мен Кәрілікті» 25 жасында жазғаны анық көрсетілген (Өкінішке қарай, ақынның Сәбитке жазған хаты дұрыс оқылмай (расшифровка), тыныс белгілері дұрыс ескерілмей, әр жерде әртүрлі беріліп жүр). «Шәкәрім өлеңді ертеректе жазып, Абайға кейіннен көрсетуі мүмкін» дегенмен, өлеңнің («Жастық», «Кәрілік») дайын әуенге дәл келуі, елдің бірден «Сегіз аяқтың» әуенімен айтып кетуі – әуеннің бұрын шыққанын көрсетеді. Ал кіріспе бөлімде айтылғандай, ақын әндерінің шығуы бір мезгілде болған дегенді ескерсек (Көкбай – 1889–1890, М. Әуезов – 1886–1897, А. Омаров – 1888–1890), «Сегіз аяқтың» алды­мен шыққан деген сөз шындыққа жанасады. Бірақ…

Бірақ Шәкәрім шығармаларының Орталық ғылыми кітапхана қорында сақталған 1588-бума 16-дәптер (тапсырған адам белгісіз), А.Шәкәрімұлының өз қолымен тапсырған 1620-бума 16-дәптер мен Рахым Жандыбаев тапсырған 1623-бума 2-дәптер және Ұлттық кітапхана қорындағы 188-бума 1-дәптердегі қолжазбаларда «Жастық туралы» мен «Кәрілік туралы» өлеңінің жазылған жылдары көрсетілген. 1588 бен 188-де тақырыпсыз, «25 жаста жазылған» деген ескертпемен берілсе, Ахат (1620) пен Р. Жандыбаев (1623) нұсқаларында «21 жаста жазылғаны» көрсетілген. Бірақ Ахат нұсқасында әуелде «25» болып, артынан «21» болып түзетілгені анық көрінеді [30]. Бұл Шәкәрім өлеңді 21 жасында жазды десе де, 25 жасында жазды десе де «Сегіз аяқтан» бұрын жазылғанын көрсетеді. Егер Шәкәрімнің екі өлеңі «Сегіз аяқтан» кейін жазылғаны рас болса, онда «Сегіз аяқтың» жазылған жылы он жылға кейін көрсетіліп жүруі мүмкін. Бұл әлі де терең зерттеуді қажет ететін мәселе.

«Сегіз аяқтың» әуенімен айтылған «Жастық туралы» әннің А.Шә­кәрімұлы нұсқасы Т.Бекхожинаның құрастыруымен шыққан «Аманат» ән­дер жинағы мен А.Ахметжановтың «Рухани жол» жинағында берілген [31, 25], [25, 34]. Ж.Елебеков айтуындағы «Сегіз аяқпен» салыстырсақ, екеуінің де әуенінде аздаған өзгеріс бар. Нота «Аманатта» кіші октавада түскендіктен, бір октава жоғары көтерілді.

Сегіз аяқ-Жастық туралы

«Сегіз аяқтың» қазіргі айтылып жүрген үлгісінің ән кеудесі жоғарғы I сатыдан басталып, V-III-I сатылар арасында өрнек құраса, «Аманатта» берілген «Жастық туралы» «Сегіз аяқтың» Ә.Ысқақов нұсқасына ұқсас (2.4) V сатыдан жоғарғы І сатыға көтерілу арқылы басталады. Ал 2-әуендік жол (бұлбұлдай сөзі) жоғарғы II сатыға дейін дамиды және әннің жоғарғы II сатыға дейін көтерілуі «Сегіз аяқтың» бұл түр-нұсқаларында бұрын-соңды кездескен емес. Жалпы, ән ішіндегі кейбір иірімдердің ауысып түскені болмаса, негізгі әуен «Сегіз аяқ» әуенімен жүріп отырады. Шәкәрімнің «Кәрілік туралы» өлеңі де осы әуенмен айтылған. Оны да
А.Ахметжановтың жинағынан көруге болады [25, 39].

Ендігі бір қызық дерек – Шәкәрімнің «Жастық туралы» әнінің мүлде басқа түрінің Ж.Кәрменовтің айтуында жетуі. Мұны абайлық әнші, Ж.Елебековтің шәкірті
А.Жікенов те, Ж.Кәрменовтің шәкірттері де растайды және үйренгені бойынша айтып та берді. Алайда әннің бұл түрін Ж. Кәрменовтің кімнен үйренгені жайлы дерек жоқ.

Ж.Кәрменов айтқан «Жастық туралы» әннің арқауын иониялық лад құрайды. Ескерте кетер жай – ән сөзінің буынына қарай ән иірімдері әртүрлі ауысып, құбылып отырады. Шәкәрімнің осы сөзіне Д.Рақышев та ән шығарған. Ол әннің де табиғаты осы әнге жақын. Бірақ диапазон жағынан Д.Рақышевтің әні гексахорд көлемінде ғана жүреді. Бұл жөнінде «Сұраған жанға сәлем айт» (СЖСА) жинағында кеңінен айтылған [24, 347–349]. Алғашқы басылымда бұл түрі Ж. Кәрменовтің шәкірті Б.Күлдірбаевтың орындауында нотаға түсірілген болатын. Кейіннен Ж.Кәрменов­тің өз орындауында табылып, сол бойынша ұсынылып отыр.

Жастық. Болат - Ж.Кәрменов

3.1. Жоғарыда «Сегіз аяқ» әнінің иониялық және эолиялық ладтағы бірнеше түр-нұсқалары келтірілді. Осылардың ішінде әзірге нұсқалары байқалмаған екі түрі болса, бірі – 1934 жылы Т.Арғынбаевтың орындауында Б.Ерзакович нотаға түсірген түрі, екіншісі – Х.Елебекова жеткізген түрі. Т.Арғынбаев жеткізген бұл түрінің арқауын эолиялық лад құрайды. Ән АМТ [5, 18] мен АСҚ жинағында III түрі болып жарияланған [6, 37].

Ән баяу, салмақты, сабырлы екпінде айтылады. Әннің алғашқы әуендік жолдары қайталанған қостармақ ретінде жүрсе, 3-әуендік жол да осы жүрісті қайталай отырып, соңғы буында ғана III сатыға төмендеу арқылы алдыңғы жолдардан бөлектене түседі. 4-әуенжол бірден децималық секіріспен дамып, әуен 6-әуенжолдан соңына дейін триольдық ырғақта ширай түседі. Интонациясы басқа болғанмен, дәл осындай өрнек 1.3 нұсқада да кездеседі.

Сегіз аяқ. Т.Арғынбаев

Әртүрлі жинақтар мен зерттеу еңбектерде жарияланған «Сегіз аяқтың» осы түр-нұсқаларына, анығында АСҚ жинағына жарияланған «Сегіз аяқтың» түр-нұсқаларына қатысты Т.Базарбаев: «Бірінші варианты мүлде басқа ән (1.1.
А.Бимбоэс). Қайырмасында орыс әнінің элементі жүр. Екінші варианты «Сегіз аяқты» елестетеді, бірақ та өзіндік әуезді жойып жіберген (2.2. Д.Құнанов). Үшінші вариант Абайдың әртүрлі әнінен алынған… марш екпініне ұқсап кеткен. Анық Абайдікі емес екені көрініп тұр (3.1. Т.Арғынбаев). Төртінші түрі әнді елестетеді, бірақ әнді төменнен бастап көтереді. Және өткір жерлерін екінші түріне ұқсатып, баяулатып жіберген. Бұл әсіресе, үшінші тактісінен-ақ көрініп тұр (2.4. Ә.Ысқақов). Бесінші түрінің басы «Бойы бұлғаң» әнін елестетіп тұрса, әрі қарай бірінші түрінің көшірмесіне айналып кеткен (1.3. Қ.Лекеров). Алтыншы түрі ғана Абайдың стиліне келеді. Нағыз ыза мен өкініш осы ритмде ғана беріле алады (2.5. Ж.Елебеков). Жетінші-сегізінші варианттар – екеуі бірдей, бірақ әр тональносте берілген. Екеуі де Абайдың емес, әншінің стилін көрсетіп тұр. Кейбір дыбыстары логикасыз, орнында емес (2.6., 2.7. Қ.Байжанов, М.Мұхаметжанова). Осы жеті варианттың бір-ақ варианты дұрысырақ» [32, 191–192], – деп Ж.Елебеков нұсқасына тоқталған.

№4.1. Абай мұрасына қатысты тың деректердің табылуы ХХІ ғасырдың өзінде де тоқтаған емес. Архивтер мен фольклорлық зертхана қорларында Абайдың музыкалық мұрасына қатысты сыры ашылмаған деректердің әлі де бар екеніне сеніміміз мол. Сонымен қатар, ел ішіндегі көнекөз қариялардың Абай ән-күйлеріне қатысты айтқан әңгімелері мен жеткізген әндері осыған дәлел болғандай. Алайда деректерді сыни талдау арқылы пайымдай отырып пайдаланған дұрыс екенін ескергеніміз абзал.

2009 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекованың орын­дауында Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің бір түрі жетті. Әнді алғаш жазып алушылар – М.Әбуғазы мен Е.Шүкіман. 2009 жылы «Сарыарқа әндері» антологиясына (СӘ) тұңғыш рет жарияланды [33, 158]. Х.Елебекова әнді жеткізердің алдында оны 8-9 жасынан бері білетінін айтып, Шәкәрімнің «Жастық туралы» әнін қазіргі «Сегіз аяқтың» әуенімен орындап беріп: «Менің 8-9 жастағы кезім еді. Әкем: «Шыңғыстауда Шәкәрім ақынның жаңа бір әні бар екен. Сол әннің сөзін толық жазып, әнін үйреніп кел», – деп 18-19 жастағы ағамды сол елге жіберді. Арада аптаға жуық уақыт өткенде ағам осы әнді айтып келді», – деп әннің қалай жетуі жайынан аз-кем сөз етіп, өзі білетін «Сегіз аяқты» ешкім естімеген тың әуенмен орындап берді. Аудиожазбаға басылған бұл әңгіме жеке қорда сақтаулы [8]. Мұның қаншалықты Абайға тиесілі екеніне ешкімнің көзі жетпейді. Х.Елебекова жеткізген бұл түрі қазіргі күнде әншілер арасында көп орындалып, музыкалық оқу орындардың бағдарламасына енді. Сонымен бірге, ән бес сериялы деректі-драмалық «Абай» фильміне де (сценарий – Е.Төлеутай, режиссер – Н.Садығұлов. Әнді орындаушы – А.Жорабаева) музыкалық лейтмотив ретінде пайдаланылды.

Дегенмен, «Сегіз аяқтың» бұл түріне қарсылықты пікірлер де болды. Е.Төлеутай жоғарыда аталған «Абай» фильмі жарыққа шыққаннан кейінгі бір сұхбатында «Сегіз аяқтың» бұл түрін әннің түпнұсқасы деген пікір білдірген. Осы пікірге қарсы Семейдегі Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Анар Бүркітбаеваның «Сегіз аяқты» неге сергелдеңге саламыз?» деген көлемді мақаласы жарық көрді. Мақалада: «…А.Жорабаева орындаған әуен Абайдың «Сегіз аяғының» түпнұсқасы екен. Ал, қаншама жыл Абайдікі болып келген (қаншама ғалым тер төгіп зерттеп, қаншама әншілер орындап келген) әуен Шәкәрімдікі болып шықты». Яғни, осы күнге дейін Абай әндерін зерттеген ғалымдар, не айтып нотаға түсірткен әншілер қателескен, не білсе де жасырып келген бе? Әрине, Шәкәрім мұрасы көп жыл көмулі жатты. Бірақ, қай жылдардан бастап Шәкәрім туралы айту мүмкін болмады? Абай әндерін айтып нотаға түсірушілер, ең алдымен (басқалары білмеуі мүмкін делік) немере інісі Әрхам, немересі Мәкен Абайдың әуенін қалай білмеген? Әлде, білсе де жасырған ба? Қандай мақсатпен? Олар білмеді деп айта алмаймыз, себебі білмеулері мүмкін емес. Онда Әрхам Ысқақұлы мен Мәкен Мұхамеджанова Абайға қиянат жасаған ба деген ой туындайды. Неге олар Абайдың «Сегіз аяққа» шығарған әуеннің түпнұсқасын нотаға түсіртпей, жас Шәкәрім әуенін нотаға түсіртіп, зерттеушілерді шатастырады. Әлде, оларға Шәкәрімнің әуені ұнап, Абайдікі ұнамағаны ма? Бірақ, бұлай болуы да мүмкін емес, шындыққа жанаспайды. Сұхбатты оқу барысында ұққанымыз, фильмнің авторы бұл әуенді Қарағандының бір қариясынан естіген. Елғұтты қарияның сөзге ұста, көргенді жан екеніне күмән келтірейік деп отырғанымыз жоқ, бірақ Абайдың «Сегіз аяғы» жайында батыл айтуға қандай негізге сүйеніп отырғанын біле алмадық… Автордың куәға тартып отырған екінші адамы – Хабиба Елебекова. Хабиба апамыз Жүсіпбек Елебеков Шәкәрімнің баласы Ахат ақсақалмен тығыз қатынаста болып, содан естіген, бірақ Шәкәрімнің есімін атауға қорқып, Абайдың әні деп орындаған дейді. Сонда Жүсіпбек сынды саңлақ әнші әннің түпнұсқасын білген бе? – деген сауал туындайды. Білмеді деу мүмкін емес, Ахат ақсақалдан сұрамай ма? Сонда жоғарыдағы сұрақ тағы туады. Жүсіпбек Елебеков те Шәкәрімнің әнін ұнатқандықтан, осы әуенді таңдап орындаған ба әлде ұлы ақынның «Сегіз аяққа» жазған әуеніне көңілі толмады ма!? Абайдың ән мұрасын орындаушылар, зерттеп, насихаттап келген қаншама ғалымдардың «Сегіз аяқтай» әннің әуені кімдікі екенін білмеулері мүмкін емес.

Енді Шәкәрімге келсек, Шәкәрім Абайдың талантты шәкірті. Ұстазының дәстүрін поэзияда да, музыкада да жалғастырушы. Қазақ халқының ән өнеріне зор үлес қосқан сазгер. Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы қорында Ахат Құдайбердиев тапсырған Шәкәрімнің барлық әдеби мұрасы және Ахаттың әкесі жайында жазған естеліктері сақталған. Сол естеліктердің ешқайсысында «Сегіз аяқ» әнінің әуенін жазған әкем еді деген мәлімет жоқ. «Сегіз аяққа» қатысты бір айтқаны бар, ол «Сегіз аяқ» үлгісімен өлең жазған Шәкәрім деген. Қайталап айтамыз, әуені емес, өлеңнің үлгісі» – деген өткір пікірін білдірген [34]. Жинақты құрастырушы және түсініктерін жазушы ретінде біздің де ойымыз осы пікірмен үндес. Ал «Сегіз аяқ» пен «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» өлеңдердің қайсысы бұрын, қайсысы кейін жазылғаны бөлек мәселе.

Ақын әндерінің түр-нұсқаларына қатысты Ж.Елебековтің шәкірті, абайлық әнші А.Жікеновтен ақыл-кеңес алынып отырды. А.Жікенов жинақтар мен ғылыми еңбектердегі белгісіз түр-нұсқалардың Шыңғыстау өңірінде бұрын да айтылмағанын, бүгін де айтылмайтынын айтты. Әсіресе, Х.Елебекова жеткізген түріне қатысты «Бұл Абайдың әні емес. Бірінші, егер әннің бұл нұсқасы айтылған болса, ел ішінде сақталып қалу керек еді. Бұл әуеннің біздің елде жұқанасы да жоқ. Облыстық газет-журналдардың біріне берген сұхбатымда бұл жайында кеңірек айтқанмын. Екіншіден, егер Абайдың өз әні болса Ж.Елебеков неге айтпаған? Мен Ш.Әбеновпен өте тығыз араласқан адаммын. Н.Алдажаровтың алдын көрдім. Ол кісілерден сұрағанымда, «Шәкәрімнің бұл өлеңінде ән болмаған. Ел «Сегіз аяқтың» әуенімен айтқан» деп жауап берген. Сондықтан бұл жаңсақ сөз. Олай кесімді пікір айтуға болмайды», – деген ойын айтты.

Алайда Х.Елебекова «Сегіз аяқтың» бұл түрін М.Әбуғазы мен Е.Шүкіманға әннің түпнұсқасы деп емес, мұндай да бір нұсқасы бар, бала күнімізде осы әуенмен айтқан едік» деп жеткізген болатын. Сондықтан әннің бұл үлгісін түпнұсқа деп қабылдау дұрыс емес. Және бір айтар ой, Х.Елебекованың 1916 жылы туғанын ескерсек, ағасының әнді үйреніп келген уақыты 1925 жылдар шамасына сәйкес келеді. Демек, аталған кезеңде бұл ән өз әуенімен халық арасына кеңінен таралғаны анық. Осыған сүйене отырып, бұл әуенді де ел ішінде еркін орындалып жүрген, авторы белгісіз өзге нұсқалар тәрізді халықтық үлгідегі көп әуендердің бірі деуге негіз бар.

Жалпы, ән баяу ырғақ, салмақты жүріспен басталады. Әуеннің алғашқы екі тармағындағы жоғары-төмен секірістер Абай әндерінде кездесіп тұратын интонация. 3-әуендік жолдың соңғы бунағында ғана өтпелі дыбыс арқылы ән өзінің жоғарғы шегіне барады. Диапазонында алдыңғы түр-нұсқалардай кеңдік болмағанмен, әннің ішкі жаратылысында мол кеңістік бар. Сол себепті ән табиғаты ешқандай биік айғайды қажет етпейді. Ән мінезі ауыр. Қоңыр бояу басым. Әуен гептахорд аралығында ғана дамиды. Нота СӘ антологиясынан алынды [33, 158].

Сегіз аяқ. Хабиба Елебекова

Әннің Т.Арғынбаев пен Х.Елебекова жеткізген түрлерінің алғашқы екі әуендік жолынан аздаған интонациялық ұқсастықтар байқалады. Осыдан да Х.Елебекова нұсқасының халықтық әуендермен негізі бір екенін көруге болады.

«Сегіз аяқ» әніне қатысты архивтік жазбаларға байланысты В.Дернова: «А.Затаевич Қ.Мырзабеков пен К.Қашқымбаевтардың нұсқасын өңдеп, ырғақтық жағынан аяқтамаған және жинаққа сыймай қалған. Себебі, әннің интонациясынан орыстың қалалық романсының лебі білінеді. Мүмкін ол жазып отырғанда Абайдың әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңін білмеген де болу керек. Ең алғаш Затаевич бұл өлеңнің атын Абайға еш қатысы жоқ ән берген қостанайлық татар-актер Ислам Самигулиннен естіген. Әннің «Восемь ног» атауы оны қайран қалдырады. Ал Самигулиннен естіген «Сегіз аяқ» «1000 ән» жинағындағы Ерғали Алдоңғаров жеткізген «Нұржанның әнінің» (№424) бір нұсқасы. Н.Наушабаев – өлеңдерін діни, рухани бағытта жазған халыққа белгілі кітаби ақындардың бірі. Абайдың «Сегіз аяғынан» кейін бұл өлең формасы елге кең таралып, ақындарға да ұнаған. Мүмкін Н.Наушабаевта да осындай өлең болуы ықтимал. Бірақ И.Самигулиннен жазып алған ән әуені Абайдың «Сегіз аяғына» ырғақ өлшемі жағынан да, шумақ өлшемі жағынан да сай келмейді» [9, 37], – деп жазады. Ал А.Затаевич осы әнге берген түсінігінде: «Нұржан Науша­баев – халық әншісі. Бұл әнді мен таңғаларлық «Сегіз аяқ» деген атаумен қостанайлық татар-актер Ислам Самигулиннен естідім» [35, 212, 492], – дейді.

А.Затаевичтің «1000 әні» жинағының 2-басылымында (1963. Ред. алқа­сы: Ахметова М.М., Дернова В.П., Ерзакович Б.Г., Жұбанов А.К. (жауапты ред), За­тае­вич О.А.) әндерді жеткізуші қазақ зиялыларының аты-жөндері (А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, т.б) мен олар туралы және олар жеткізген әндердің түсініктері алынып тасталғаны белгілі. Бірақ 2-басылым М.И.Глинка атындағы Ресейдің музыкалық мәдениет музейі қорындағы А.Затаевич қолжазбаларынан алынған жаңа 64 әнмен толықтырылып, оларға құрастырушылар тарапынан қосымша түсініктер жазылған. Осы әндер ішінде И.Самигуллиннен жазылып алынған «Сегіз аяқ» әні де берілген және оған: «Нұржанның «Сегіз аяқ» («Қолжазба» №715) әнінің нұсқасын келтіреміз. «Сегіз аяқ» – қазақ поэзиясына Абай Құнанбаев енгізген өлең өлшемі. 5 сент. 1922 г. г. Кустанай» – деген жазба қалдырылған. [35, 529]. Құрастырушылар «1000 ән» жинағындағы «Нұржанның әнімен» (№424) ұқсастығына қаратып әнді «Нұржанның «Сегіз аяғы» деп бергенге ұқсайды.

И. Самигуллин. «Сегіз аяқ»

Сегіз аяқ. И.Самигуллин

«Нұржанның әні». «1000 ән»

Сегіз аяқ - Н.Наушабаев

«Нұржанның әні» мен И.Самигулиннен жазылған «Сегіз аяқ» әндерінде ладтық және дыбыс қатары жағынан ұқсастық болғанмен, «Нұржанның әнінде» VII сатының төмендеуі (миксолидиялық лад) кездеседі.

Н.Наушабаев шығармашылығына қатысты Сыздық Әбілғазиннің «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» еңбегінен [36] «Сегіз аяқ» формасындағы өлеңді кездестіре алмадық. Біздің ойымызша, И.Самигуллиннен жеткен әннің «Сегіз» сөзіне қатысты болуын басқа жақтан іздеген жөн секілді. Н.Наушабаев жастайынан медреседе білім алып, дидактикалық бағыттағы терме-толғау, нақыл, ғақлия, шығыстық назым үлгісінде өлеңдер шығарып, әнші, сері атанған ақын-композитор. Оның көп ән-өлеңдері назым түрінде жеткен. Бүгінгі күнде 17 назымы, оның ішінде 4, 6, 8, 9, 13, 17-назымдары әнші Сыздық Әбілғазиннің орындауында нотаға түсірілген. Бірақ Н. Наушабаевтың «Сегізінші назымының» дыбыс қатарларында Самигулиннен жазып алынған «Сегіз аяқ» пен «Нұржанның әніне» ұқсастық болғанмен, лад жағынан бір-бірінен алшақ. «Сегізінші назым» эолиялық ладта шыққан [36, 485].

«Сегіз аяқтың» тағы да белгісіз, екіұшты боп жеткен бір түрін В.Дернова өзінің еңбегінде атап өтіп, ноталық үлгісін қалдырған. Бұл ноталық жазба Мәскеудегі музыкалық мәдениет музейі қорындағы А.Затаевич қолжазбасынан алынған. В.Дернова «Затаевич жазбаларындағы Абай әндері» атты мақаласында: «Жол дәптерінде» жұмбақтау күйдегі тағы екі жазба болды. Олардың біреуі – «Сегіз аяқ», кейіннен оның аты сызылып, үстіне «Өткен заман» деп жазылған. Ал соңына «Абай. Әуені автордікі» деп белгіленген» – деп әннің ноталық жазбасын келтірген [9, 43].

Осы әннің ноталық жазбасына байланысты В.Дернова: «Ноталық жазбадағы ұсақ ноталар қайталау кезіндегі нұсқалық өзгерістерге қатысты. Бірақ неге алдыңғы «Сегіз аяқ» атауы сызылып, «Өткен заманмен» ауыстырылды? Бұл не мәтін?» деп сұрақ қоя сөзін аяқтайды [9, 44].

Сонымен, «Сегіз аяқ» әнінің өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап жинақталып, әртүрлі ғылыми еңбектерде басылған және әншілердің орындауында осыншама түр мен нұсқалары жетіпті. Сонымен қатар, М.Ешекеев, Н.Әбішев, М.Көшкінбаев, Қ.Байбосынов, Ж.Кәрменов, С.Әбеуов, Б.Тілеухан, Ж.Құжиманов, Т.Сембаев секілді т.б көптеген әншілердің айтуында аудиожазбалары сақталған. Аталған әншілер әрқайсысы өз мәнерімен түрлендіріп орындағанмен, барлығы Ж.Елебеков үлгісін негізге алған. А.Жұбанов, А.Серікбаева, М.Төлебаев, Е.Брусиловскийлердің басқа орындаушылардан жазып алған ноталық жазбалары қолымызға тимегендіктен жинақ түсініктеріне енбеді.

«Сегіз аяқтың» осы түр-нұсқаларының ішінен халыққа кең таралған, көпшілікке белгілі Ж.Елебеков орындаған түрі инвариант үлгі ретінде алынды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы