Жинақтың екінші томына енген толғауларының толық нұсқасы
Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей, – көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым сонан.
Солайша Жамбыл тауда Жамбыл туған,
Қырық күндей маймен сылап, тұзбен жуған.
Сүйінбай онан әрі Бұхар жырау,
Атақты ақындардың жолын қуған.
Ел үркіп жүрген кезде күні-түні,
Сары аяз көш-жөнекей боран күні.
Қар қауып, мұзға түскен Жамбыл екем,
Жұтынып суық ауа шыққан үні.
Мен емес, суық демді ел де алыпты,
Тарылтқан қысаң заман кең жарықты.
Қара күн хан билеген, қанды жорық
Дегендей ел аузында сөз қалыпты.
Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім,
Қамыққан қанды жасты жанды көрдім.
Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім,
Қойнында Алатаудың зарды көрдім.
Бой бермес ел өмірі асау шері,
Тұрса да құрсауланып тоқсан жері,
Бірде от, бірде суды көктей кешіп,
Талпынып тілегіне басты ілгері.
Өмірмен араласқан өсті Жамбыл,
Ел басқан отты, суды кешті Жамбыл,
Құлыннан құнан да өрлеп, дөнен де өрлеп,
Шыққандай бола қалды бесті Жамбыл.
Он жаста ойнап жүрдім бала болып,
Өлеңге бөлдім көңіл алаң болып.
Райыттап тана мініп, қозы бақтым,
Еңбекті иемденгенде шама келіп.
Қойшымен кеңес құрдым қыр басында,
Өлеңмен ермек болдым жолдасыма.
Сол еңбек қалытқыдай кетті алып,
Байлардың жақындатпай мырзасына.
Өлеңді өркендеттім, өршіп, өстім,
Көргенде жақсы жырды құстай ұштым,
«Жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын» –
Дегенде дара болып көзге түстім.
Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға,
Тең басқан төрт аяғын болдым жорға,
Он алты желі ұзатты, өрістетті
Түскендей бұлтартпайтын даңғыл жолға.
Топ десе он жетімде тартынбадым,
Семсердей майдандағы жарқылдадым.
Ақынды ауылға ермек басып озып,
Жұлдыздай көзге түсіп, артылғанын.
Еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа,
Бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа, –
Бір жағы қайнап өскен қалың елім,
Бір жағы атқа мінген бай мен датқа.
Атымды «жақсы» тартты арымалап,
Қоршалап көп отырды қайырмалап.
Өлеңнің майлы басы көпте қалып,
Отырғам улы басын байға қадап.
Жаманды ел қарғаған жамандадым,
Манапқа жақсы сөзді таба алмадым.
Аз сөзім бай, манапқа арналғанда,
Жалтақтап ел не дер деп алаңдадым.
Келгенде жеме-жемге, елде қалдым…
Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым.
Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы
Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым.
Ол кездегі заманның бейнесі осындай еді. Көрініп отырып «көк» деп жасырынбақ ойнаған баладай:
Алпыс қасқыр аналы,
Жетпіс қасқыр балалы,
Ниеттері бәрінің
Жиылып келіп қой қырмақ, – деген сөзді ел «жұмбақ» деп айтып жүруші еді. Алпыс аналы қасқыр да, жетпіс балалы қасқыр да адам еді – хан, бек, датқа, билер болатын. Ел бейне бір көл бетінде толқыннан тұрған көбік тәрізді сырғып, жөңкіліп қашып жүретін. Улы тырнағын салған қалмақ ханының, Қоқан ханы Құдиярдың, аш бүйірден қадалған орыс патшасының елге тиген ылаңы аз болмаған еді. Қоқан ханының ел басқаруға қойған датқасы жалпақ елді жаялыққа айналдыратын. Ел аузына қақпақ, басына тоқпақ болатын. Ел шабыншылықтан қорқып, сынаптай сырғып көше беретін, көше беретін. Жынның ойнағы көше алмаған жоқ-жұқаның үстінде болатын. Қатарға ұстаған құл мен күң солардан шыққан жастар болатын.
Осыны көрген Жамбылдың жүрегі ол заманға тас болып қатқан. Босып көшкен елдің өрісінің бір шеті – Қарғалы, Ұзынағаш, бір шеті – Жамбыл тауы, Байғара, тіпті Арыс, Сырдария болып жүрді. Әкем Жабайдың ат пен танаға жүгін артып, көшкен елдің артынан еріп отыратын күйі болып еді. Жолда егіл-тегіл жылаған зардың үні әлі құлағымда ызыңдап тұрғандай елестейді.
Жыландай улы зәрін шашқан заман,
Хан – қырғи, ел – торғай болып қашқан заман.
Игілік, үлгілі істің иісі шықпай,
Даланы сасық тұман басқан заман.
Қанқұмар қанасынан азған заман.
Бірінің бірі иығынан басқан заман,
Шаянын ұсақ-түйек жұтып қойып,
Аранын айдаһардай ашқан заман.
Даланың бір жағы от, бір жағы мұз,
Қарыған алдын жалын, арқасын сыз.
Бауырдай бөліп-бөліп, отқа салған,
Қазақтың жай емес ед болуы Үш жүз.
Мен жиырмаға жеткенде патша қазақты түгел қаратып алды. Елді руымен, малды қора, келе, үйірімен есептеу қалды. Құдайдың көкте дейтін «лауқыл мақбозы» жерге түсті. Барлық мал-жан дәптерге жазылып, есеп алынды. Оны ел «Қарақат» деп атады.
Оны «Қарақат» деп қалай атамасын! Бұл қаттау елдің көпшілігі үшін кедей-кемтары үшін басын санап көгендегендей болды. Бұрынғы зары тамшы болса, дарияға айналды. Бұрынғы зары екпін болса, дауылға айналды. Елдің әкімдерінің аты өзгерді. Адамы баяғы шонжар, шынжырбалақ, шұбартөс дегдардың тұқымы болды. Датқа, хан, бек деген ат құрып, «төрт қазы» деген құрылды. Ол Жетісудың алабында жатқан рудың атасынан сайлап алынды…
Шапырашты Екейден Сарыбай,
Қиқымнан қу сирақ Шомай,
Албаннан – Қара,
Жалайырдан – Төкей дегендер қазы болды.
Бұлардың бұрынғы биден айырмасы – уездің ақылын алмай, аузын ашпайтын болды. Көшпенділік қалып, отырықшылыққа айналды. Ел кедейленіп, басы байдың босағасына байланды. Кедейдің көргені – құқай, кигені шоқай болды. Өзі байдың малын бақты, қатыны отын жақты. Оған рахым етпеді, басынан жаманшылық кетпеді, шекпені тізесіне жетпеді».
Тараншы, қазақтың кедейлері арқа еті арша, борбай еті борша болып азып-тозды. «Құдайдың жері» деген жер қалмады, – байдың жері болып, жерсіз кедейлер солардың басы байлаулы бендесі болды.
«Он екі айдың біреуі арай болды,
Елдің бірі бай, мыңы малай болды.
Көлдей аққан көз жасты көремісің,
Бай, манап озбырлығың қалай болды!» – деген жыр айтылды.
Байлардың айтқан жауабы:
Құдай кедей қылған соң обалың жоқ,
Саған айтам жоқ болсаң малай бол деп.
Жер мен суын тапсын да, барып қонсын,
Шақырдым ба соларға жанай қон деп.
А, Жамбыл неге маған шағып тұрсың,
Шымбайыңа батқандай налып тұрсың.
Қақсам қазық сындырамын шиім болған,
Итаршы боп кедейге нағып тұрсың», – деді.
Патша байларға осындай мансап берді. Көпшігіне су құйып шарықтатты, сабын шайнатып аузын көпіртті.
Ұлық неге көрмейді көздің жасын,
Көрмес болса даттаған неге басын.
Үйге келіп өксиді қатынына,
Бүйткен тірлік болғанша құрып қалсын.
Күн өткізді кедей де жылай түсіп,
Бай ақырса кедейдің зәресі ұшып.
Малай қатын қарайды жыпылықтап,
Байын көріп иығы кеткен түсіп.
Биге шағып барады, кедей бақыр,
Маған қорлық берді деп байлар, ақыр.
Біз де сіздің бұқара, еліңіз ғой
Теңдік әпер байларды тергеп, шақыр.
Биден қайтар кедейге «жылы» сөзі:
«Мыңқылдаған қиқаңды қойшы, батыр,
Жусандысен ішсең де күн көресің,
Асыраған байлар ғой сендерді ақыр!» –
Жасым жиырмадан асты. Шарықтап көтерілген ақындығым, халықты қатықтай ұйытқан жалынды жырым мені жұбата алмады. Менің оқпаны кең тілегімнің қойны бос жатқандай еді. Жастыққа жеңдіріп, тасқындап жыр айтайын десем де, айта алмадым. Жырдың зар жағы басым бола берді. Өлеңге берілген төрт-бес жылым мені талай жерге сүйреді. Ұлы жүздің жерін де, елін де, ел басқарған ерін де көрдім. Қатар жатқан қырғызды көруге құстай талпындым. Ондағы ел мен ел басқарған ердің сыңайын көргем. Шәбденге бардым.
Ханнан туған ханзада батыр Шәбдән,
Қазаққа да жетісті ақын Шәбден.
Қазақтың дарынды ақыны Сүйінбайы,
«Келед» деп Тезек ханға жатыр Шәбден.
Ақынға дайын дейтін ат, шапаның,
Шапан үшін мен адам мақтамадым.
Еліңнің ұлдығынан құлдығы басым жатыр,
Қай жақта елдің тұзын ақтағаның?
Түнерген ел қабағы жабық жатыр,
Бірі тоқ, мыңның өзегі талып жатыр,
Ел басқару қарынның қамы ма еді,
Ит те, құс та тамағын тауып жатыр.
Қазақтың қанға құмар Кене ханы,
Кеше ғана басылды шыққан шаңы.
Хан болмады, қан ішкен қасқыр болды,
Белгісі жоқ көмілген моласы әні.
Асқақтаған адамда тоба болмас,
Ел қарғаған адамда мола болмас;
Елден туып, ер болсаң, елге қара,
Шірік қурай ауылға қора болмас, – дедім.
Отырған манаптың бірі:
– Жамбыл, ханды мақтағалы келдің бе, боқтағалы келдің бе? – деді.
Мен: – Екеуі де емес, елдің мүддесін жоқтағалы келдім, – дедім. Ханның бетінен ашу ажары көрінді, артынан езу тартып күлді.
Мен жиырма беске шықтым. Патша нығайды. Оның үйез приставы елдің басына қонған құзғынға айналды.
Кедейленген ел басы байдың көгеніне байланды. Ел билейтін болыс, ел билеген қулары үш жылда бір сайланды. Ел қамын жеген батырлар жер Сібірге айдалды.
Жас отызға келгенде
Даланың түрі өзгерді,
Өзгергенін көз көрді.
Күл-талқан боп төрт қазы,
Болыстарға сөз берді.
Аранын ашты бай, манап,
Үдете түсті езгенді.
Ел налыды қонысқа,
Бас билігі болыста,
Болыс сайлау, қан төгіс,
Ақша төгу үйезге,
Приставқа жалбақтау,
Құдайындай сыйыну
Әкім болған болысқа.
Сайлау үшін шабысты,
Елді быт-шыт бөліп ап
Ырсылдасып алысты;
Ылай судың ішінде
Көр наһандай қағысты;
Бозға түскен өрттейін
Елді үйтіп тауысты;
Жер ошақтың басында
Ит пенен ит жолығып,
Аузына май жағысты;
Жылан ба әлде, немене,
Әкім емес, кене ме.
Зәрлі тілді, улы азу,
Аш бүйірден жабысты.
Ел жүдеген үстіне жүдей берді, ел менен жыр сұрағанда, кепкен ботаның тұлыбына еміренген маядай батырларды жырла дейтін болды. Мен де жұрттың тілегіне сәйкес Өтеген батыр, Саурық батыр, Сұраншы батыр, Көрұғлы батыр, Алатай-Жапарқұлдың жырын айтатын болдым. Осындай елді жарыққа шығаратын батырлар да туар-ау, сондай батырдың сапында тұрып, туын көтеріп, соңына ерерміз-ау әлі десетін.
Сөйтіп елге бостандық әперген Ленин, Сталин, Ворошилов, Чапаев, Блюхер, Буденный, Амангелді сияқты батырларды сол кездің өзінде-ақ ел толғатқан болатын. Сол батырлардың туын көтергенін көзімен көрді Жамбыл.
Жамбыл отыз беске келді. Албандағы Құлманбет ақын да жырдың бетін елдің тілегіне қарай бейімдеп, сөзінің көбі атқамінерлерге шаншу болып келген ақын еді, сондықтан манаптар ақынды айтыстырып, жырдың бетін заманды сынап, мінеуден гөрі егеске, ру араздығына аударғысы келетін еді. Екі ақын қосылған жерде айтыс ұйымдастыратын, жеңгеніне бәйге беретін үрдіс болды. Сол ретпен:
Құлманбетпен салыстым,
Күшті ақынмен алыстым,
Итермелеп манаптар,
Жыртуын жырттым намыстың.
Менің жоғарыда:
Аз сөзім бай-манапқа арналғанда,
Жалтақтап ел не дер деп алаңдадым, – дегенім осындай реттерде еді.
Қырықтың қырын бір басып
Елудің шықтым беліне,
Өлең менен жырымның
Сүңгідім шалқар көліне.
Ортадан орным жоғары,
Үйдің шықтым төріне.
Жүрегімді алған сасықтай,
Заманнан қалдым жеріне.
Ел сүймеген адамның
Жоламай кеттім шеніне.
Алпыс жасқа келгенде
Өрлей түсті өнерім,
Орыс, өзбек, ұйғырдың
Санадым бәрін – өз елім.
Ынтыға тыңдап жырымды,
Қоштады Жамбыл келгенін.
Орыс, қазақ кедейі
Дос болғанын тіледім.
Ел болып көрген азапта
Айырма бар демедім.
Алпыстың келдім бесіне,
Елдің күйі көп түсті
Қартайған сайын есіме.
Терең-терең ойландым,
Мұңды шаға жырладым,
Жақсылыққа жетпесем
Тудым дедім несіне?
Шиеленген ел күйі
Қалмаған соң шешіле,
Ызалы сөз әкімге
Қарсы айтылды көсіле.
Ел құлағын тұндырды
Сол кездегі бір соғыс,
– Кіммен жатыр соғысып?
Кесілген бас, аққан қан,
Ел жүрегін шошытып,
Қора-қора адамды,
Күнде айдады тоғытып,
Көлге айдаған қойдай ғып,
Қызыл қанға обытып.
Алдым салық аты көп,
Ел құйқасын үйітті
Соғысқа болыс болысып.
Малы бардан мал алды,
Малы жоқтан жан алды.
Аралдағы қояндай,
Ел топанға қамалды.
Әнші, жыршы ақыннан,
Елдің досы жақыннан,
Шашылды да зәрлі жыр,
Көпшілікке таралды.
Жасым жетпіске шыққанда:
Арық ел алабыта тұрған ықтап,
Жайлаған мына қырсық неден мықтап?
Қажығанның үстіне қанды соғыс,
Жығылғанның үстіне жұдырықтап, – деген өлең-жырымның бастамасы болды.
Ақындардың бұл жыры әкімдерге де ескерусіз қалмады. Алматыға барлық ақын-жыршыларды жинап алып, түрі түрмеге қамағандай бір жиналыс ашты.
Ақыны, әнші, күйші қыруар жан,
Аймағын Жетісудың жинап алған,
Сабаннан төсек, ерден жастық етіп,
Жатарға жай салғызды ат қорадан.
Сорпасы капустаның ыстығына,
Сөткесіне – бес кісіге бір қара нан.
Қырық тиын күндігіне ақша беріп,
Нан, пұлын алып тұрды ұстап сонан.
– Үгіт айт, патшаны мақта, – деді,
Болып жатқан соғысты жақта, – деді,
Жыр айтсаң құдай менен пайғамбарды айт,
Онан басқа жырыңды айтпа, – деді.
Ол айтты, тіл кескендей үндемедім,
Ол жиыннан табылмай бір керегім.
Ақын, жыршы топырлап жеті жаттық,
Түсінгенім болмады мүлде менің.
Ұстаған қанды тырнақ елді қысты,
Кім болмақ ызаланса елден күшті?
Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда,
Николай ұрған доптай тақтан ұшты.
Осыдан 17 жыл бұрын көңіліме түйткіл болған істің түйіні енді шешілді. Ол, 1921 жылы Ұзынағашта болған бір жиылыс еді. Сол жиылыста Сапаров, Қожанов дегендер «большевик» атты жамылып келді: «Жер бұрын қазақтікі еді, мынау орыстар тартып алып поселке салған. Енді Совет өкіметі теңдік әпереді. Қазақ жерді қайтып тартып алады, орысты қуады», – деді.
– Бұл қалай? «Арқада қыс болмаса, ақбөкен төркіндеп жүр ме?» дегендей орыстар қазақ жерін тартып алғалы келіп пе еді, бұларды сонау Ресейден, кірін жуып, кіндігін кескен ата қонысынан, патша жерін байларға тартып әперіп, өздерін жерсібір қып, айдатып салған ел емес пе еді, бізді қысқан патша бұларды жай қойды ма? Айдайтын болсаң байын, кулагын, төре-төрешігін айда, еңбек еткен кедейлердің жерінен, суынан айырамын дегенің – патша зарықтырған халықты тағы да зарықтырам дегенің болады, – дедім. Олар мені жиылыстан айдап шығарды.
Степан, амандаса келдім саған,
Түршігер сөз естідім түрі жаман;
Бөрі өлсе де бөлтірігі сау жүргендей
Ұзынағаш келіпті төрт-бес адам, – деп, тамырым Степанның үйіне бардым да жаттым.
Ол азғындардың жасырынған жау екенін сонда білдім.
2014 жылғы басылымында ҚР Мемлекеттік архивінде сақталған «Подстрочники стихов Джамбула» атты бумадағы өмірбаянның көлемдірек нұсқасы бойынша толықтырылғаны айтылады.
Жамбыл шығармаларының 1940 жылғы алғашқы толық жинғы мен 1914 жылғы басылымындағы «Менің өмірім» өмірбаяндық нұсқасы салыстыру барысында кейінде өзгеріске түскен сөз, сөйлем оралымдары кездесіп отырды.
Өлең мен қара сөз аралас айтылған,Қалмахан Әбдіқадыров 1938 жылы хатқа түсірген бұл өмірбаяндық нұсқада 1940 жылғы жинақта өлеңдер шумаққа бөлінбей берілген. Кейінгі басылымдарында сегіз, төрт тармақты шумақтарға бөлінеді.
1914 ж.ж. Сүйінбай – 1940 ж.ж. – Сүйімбай.
2014 ж.ж. 8 (9)-шумақтың 3-тармағы – «Сол еңбек қалытқыдай кетті алып».
1940 ж.ж. – «Сондықтан құйрық үзіп кеттім алыс».
2014 ж.ж. 11 (12)-шумақтың 4-тармағы – «Жұлдыздай көзге түсіп, жалтылдадым».
1940 ж.ж. – «жарқындадым».
2014 ж.ж. 13-ш. 4-т. – «Отырғам улы басын байға қадап». 1940 ж.ж. – «Отырған».
2014 ж.ж. 15-шумақ:
Келгенде жеме-жемге, еде қалдым…
Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым.
Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы
Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым.
Бұл шумақ 1940 ж.ж.:
Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым.
Аздарға сатылмадым, көлде қалдым, –
болып, 2 тармақпен жазылған.
Өмірбаян мәтінінің 1940 жылғы басылымдағы нұсқасы кейінгі жинақтарда біршама редакциядан өтіп беріліп отырған.
2014 жылғы жинақта «Алпыс қасқыр аналы» деп келген өлең жолдарынан соң берілген мәтіндегі «Улы тырнағын салған қалмақ ханының, қоқан ханы Құдиярдың, аш бүйірден қадалған орыс патшасының елге тиген ылаңы аз болмаған еді. Қоқан ханның ел басқаруға қойған датқасы жалпақ елді жаялыққа айналдыратын. Ел аузына қақпақ, басына тоқпақ болатын. Ел шабыншылықтан қорқып сынаптай сырғып көше беретін, көше беретін. Жынның ойнағы көше алмаған жоқ-жұқаның үстінде болатын. Қатарға ұстаған құл мен күң солардан шыққан жастар болатын» деп келген тұсы 1940 жылғы қалпынан біршама өзгеріске түсіп, қайсыбір тұста қысқартылып, кіріктіріліп, енді бір сөйледер жаңадан қосылып берілген.
1940 ж.ж. осы тұстағы мәтінде «Қотыр үстіне шың патшасы улы тырнағын салды. Одан бұрынғы қалмақ қаны, Қан шығандай аш бүйірден қадалған орыс патшасы, қоқан ханы Құдиярдың елге тиген ылаңы аз болмаған еді» деп келетін жері кейінде алынып қалған. Ал 2014 ж.ж. «Қатарға ұстаған құл мен күң солардан шыққан жастар болатын» деп келген жері 1940 ж.ж. айтылмаған.
«Шың патшасы» деп Шын елін, қытай патшасын айтып отырған сияқты.
Өмірбаянның «Жыландай улы зәрін шашқан заман» деп өлеңге ойысқан тұсындағы келесі, 2014 ж.ж. берілген «Хан – қырғи, ел – торғай болып қашқан заман» деген тармақ 1940 ж.ж. жоқ.
1940 ж.ж. 2014 ж.ж. осы өлең сөздің «Қазақтың жай емес ед болуы Үш жүз» деп келген соңғы жолынан кейін:
Ұстады елді шайнар биді берік,
Бүйірден қатын патша тиді келіп,
Ел жылады, қандарын сойды келіп,
Байларға боз інгендей иді келіп,
Аузына алты қарыс азу салып, – деп жалғасқан. 1940 ж.ж. «Үш жүз» сөзі – «үш жүз» деп жай әріппен жазылған.
Өмірбаян мәтінінде 1914 ж.ж. және басқа басылымдарында да «Қарақат» деп жазылып жүрген науқан атауы 1940 ж.ж. – «қара қат». Дұрысы осы. Хатқа түскен қара тізім мағынасында айтылған сөз болса керек. Мал-жанның дәптерге есебін жазып түгендеу науқанына орай айтылған.
Мәтін мазмұнында бұл анық тұр. Осында хаттауға қатысты айтылған 1940 ж.ж. «Бұл қаттау елдің көпшілігі үшін, кедей, кемтары үшін басын санап көгендегендей болды» деген сөйлемдегі асты сызылған сөз 2014 ж.ж., басқа басылымдарда – «көргендей». Дұрысы «көгендегендей» болуы керек.
Өмірбаянда 1940 ж.ж. «Шомай» деп жазылған адам есімі 2014 ж.ж. – «Шомбай».
«Тараншы, қазақтың» деп басталған абзацтағы «кедейлер» сөзі (2014 ж.ж.) 1940 ж.ж. айтылмайды.
«Биге шығып барады кедей бауыр» деп басталған кезекті өлең жолдарына жалғас 2014 ж.ж. «Маған қорлық берді деп байлар, ақыр» тармағындағы асты сызылған сөз 1940 ж.ж. – «кәпір».
Өмірбаянның өлеңмен жазылған «Ханнан туған ханзада батыр Шәбден» (2014) деп келген шумағындағы «Қазаққа да жетісті ақын Шәбден» деген келесі тармағы 1940 ж.ж. жазылмаған.
2014 ж.ж. соңғы тармақ – «Келед» деп Тезек ханға жатыр Шәбден».
1940 ж.ж. – «Кезеп».
Осы өлеңдегі 2-шумақтың 3-тармағы 2014 ж.ж. – «Еліңнің ұлдығынан құлдығы басым жатыр».
1940 ж.ж. – «бұлдығынан».
Біздіңше, 1940 ж.ж. нұсқа қисынды. Осы өлең айтылған тұстағы 2014 ж.ж. берілген 4-шумақ 1940 ж.ж. жоқ.
Қазақтың қанға құмар Кене ханы,
Кеше ғана басылды шыққан шаңы.
Хан болмады, қан ішкен қасқыр болды,
Белгісі жоқ көмілген моласы әні.
«Жас отызға келгенде» деп басталатын өлең тұсында 14-тармақ 2014 ж.ж. – «Әлім болған болысқа». 1940 ж.ж. – «нойысқа».
17-т. 2014 ж.ж. – «Ырсылдасып алысты».
1940 ж.ж. – «Ырылдасып».
25, 26-тармақтар 1940 жылғы жазылуынан 2014 ж.ж. орны алмастырылып берілген.
Әрі қарайғы қара сөз мәтінде 1940 ж.ж. «ел есіткенде ыңыранып жылайтын, ауру кернегендей болатын» деп жазылған сөйлемдегі астын сызған сөз (астын сызған біз – ред.).
2014 ж.ж. – «көргендей». «Кернегендей» – дұрыс. Ауру кернеп, дерттену, ыңыранып зарлау.
Өмірбаянда өлең сөзінде «Сөткесіне кісіге бір қара нан» (1940 ж.ж.) – 2014 ж.ж. «бес кісіге» дегендей өзгерген тұстар кездесіп отырады.
Өлең соңында 1940 жылғы жинақтағы «Ленин мен Сталиннің ұлы есімі» деп келетін 2 тармақ 1955 жылдан кейінгі басылымдарында алынып қалған.
2014 жылғы басылымында қосылып берілген, түсінігінде ҚР Мемлекеттік архивінен алынып қосылды деген өмірбаян айтылған тұстағы саяси ахуалға екпін түсіріле айтылған қара сөз мәтін 1940 жылғы жинақта да басылым көрген.
Жамбыл Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне (1940 жылғы жинақта «Ұлы Советіне» деп жазылған – ред.) кандидатурасы ұсынылғанда сайлаушыларға өлеңге қара сөз қосып өз өмірбаянын айтып береді.
Алғаш «СоциалистікҚазақстан» газетінде (12.06.1938) жарияланған. Толық жинаққа 1940 жылы кірген.
Толғаудың 1940 жылғы басылымы мен 2014 жылғы жинақты салыстыру барысында мәтіндік-құрылымдық, жеке сөз, сөйлем бойынша түзетулер, жаңсақтықтар бар екендігі анықталды.
Жамбылдың жасының жиырмадан асқан кезін әңгімелейтін тұсында қара сөздерінен кейін келген өлең мәтінінің кезекті үшінші шумағы 2014 жылғы жинақта:
Қазақтың қанға құмар Кене ханы,
Кеше ғана басылды шыққан шаңы.
Хан болмады, қан ішкен қасқыр болды,
Белгісі жоқ көмілген моласы әні, – деп келген.
1940 жылғы басылымында бұл шумақ жоқ.
Мәтін кейінде, Кенесарының тарихи тұлғасына тиісу күшейген шақтың ызбарымен 1955 жылғы жинаққа қосылған.
2014 жылғы жинақта бұл туындының соңғы бөлігінде 1940 жылы баяндалатын әңгіме басылған. Ол мәтін 1957, 1982, 1996 жылғы Жамбыл жинақтарында жоқ.
Бұл жаңа толық жинақта 2014 жылғы мәтіндік нұсқасымен басылды.
Қ.Мәдібай