Жамбылдың толғаулары

Жинақтың екінші томына енген толғауларының толық нұсқасы

ЗАМАНА АҒЫМЫ
(қолжазба, ОҒҚ: 651-бума)

Сексен бірге жас келіп,
Әрнемеден жасқандық.
Кәрілік деген тақымдап,
Өлім қалды жақындап,
Суырылып сөз келді,
Жамбыл сынды қартыңнан.
Мұнша жасқа келгенде,
Не көріп, не білгеннен,
Бір ауыз сөз айтылмай,
Қалса – үлкен мін ақынға.
Жақсы, жаман десең де,
Өрнек болсын артымда.
Жасым болса жетіп тұр.
Мезгіл болса өтіп тұр.
Ұлғайған бұл шағымда
Қуат болса кетіп тұр.
Айтар сөзім мұңыма,
Құлақ салғын мұныма!
Сексен бірге жас келіп,
Шығар-шықпас ес болып,
Қария болған шағымда
Тайдырма маңдайдағы бағымды.

Артта қалған сөзім бар,
Сөзімді айтар кезім бар.
Ел ішінде жақын бар,
Кімді жұтпас қара жер,
Ақылыңмен ойлай бер.
Ойы жеткен кемеңгер,
Жамбыл өлмей жүргенде,
Сөзі бекер демеңдер.
Жамбыл айтты қиссаны,
Өлең десе Жамбылың,
Қанат байлап ұшады.
Біз түгілі алмады
Құдайымен сөйлескен
Әзіреті Мұсаны.

Неше түрлі ел өтті,
Неше түрлі жан өтті,
Жұрт билеген хан өтті.
Не батырлар ол өтті,
Не шешендер, би де өтті.
Білегі жуан балуан
Білексіз де өтті дүниеден.
Тілдерінен бал тамған,
Жорға, жүйрік майталман,
Шешен де өтті дүниеден.
Иегіне түк жұқпай,
Көсе де өтті дүниеден.

Ел шетінің қорғаны,
Жау бетінің айбары,
Сауыт, сайман асынған,
Ерлігін жаннан асырған,
Батыр да өтті дүниеден.
Ойы үрия асылдан,
Сөзі бұлақ тасыған,
Ақын да өтті дүниеден.

Замана деп толғанған,
Ел қайғысын қолға алған,
Абылайдың алдында
Сөзін айтқан болжаудан,
Бұхар жырау о да өтті.
Шернияз бен Шортанбай,
Дулат пенен Сүйінбай –
Сөздерін айтып құйындай,
Олар да өтті дүниеден.

Осыларға ойланып көз жіберсем,
Өлім деген маған да жақындады.
Ой жіберсем соларға,
Сексеннен ары жасадым.
Бет алғанның бәрін де,
Артыма тастап асадым.
Естіген ел, ұрпақтар,
Өзім менен сөзімді
Алдыңа жайып тастадым.

Сөз сөйледі Жамбыл қарт бәріңізге,
Жасың менен аралас кәріңізге.
Күнде өтіп күні біткен бара жатыр,
Біз өлмейтін солардан дәріміз бе?

Сөз сөйледі Жамбыл қарт халқыңызға,
Үлкен кіші, халайық, жалпыңызға.
Өлгенде мұны ала кетпейін деп,
Жаздырып тастап барамыз артымызға.
Қаза жетіп, дүниеден өтіп кетсем,
Алғыс айта жүрерсіз кәріңізге,
Қата болса сын тақпас қартыңызға.

Замана жайы – терең сыр,
Замана жайы– бітпес жыр.
Көз жіберсек өткенге,
Жыл артынан жыл қуып,
Шежіре болып жеткенге.
Ай көре алмай аспаннан,
Күн көре алмай өмірден,
Қайғы кетпей көңілден,
Еңіреген, егілген.
Қаһар көріп хандардан,
Білек көріп бектерден,
Байдан қамшы, тепкі көріп,
Быт-шыт қылып үздірдің.
Қамшы көріп билерден,
Қалың қауым иленген.

Халықты басқан Қаратау,
Бұл бір заман қысымы.
Жаңылдырған есінен,
Айрылдырған күшінен,
Ажыратқан түсінен,
Азап түспей үстінен.
Мына бүгін қарасаң,
Елге жарық күн туды,
Күн емес-ау, нұр туды,
Ер талабы шарқ ұрды,
Еңбекші, жалшы-кедейдің
Мерейі жаннан артылды.
Қол жеткендей бұлтқа,
Өмірдің алып кілтін,
Кеңестен сөз сөйледі.
Өнері асты ел билеп,
Ел жақсысы менмін, –деп
Жүргендер тең келмеді.
Бай, жуанды жаныштап,
Жойып жатыр аластап,
Күн сайын күші өрледі.

Таянарға таяқ жоқ,
Шіренерге тірек жоқ,
Тіленерге тілек жоқ,
Сыбанарға білек жоқ,
Кеудесінде жүрек жоқ.
Бір кезде қор болып езілдің,
Еңбегіңді жуанға еш қылдың.
Таяғын жеп байлардың,
Еңбегіңді өзің еш қылдың.

Күреске, іске құралды,
Қуатты, күшті бел болып,
Қаптаған қалың ел болып,
Қолына Қызыл Ту алды,
Ерікті өз алдыңа ел болып,
Жылаған жалшы қуанттың.
Жамбыл қартың қозғалды,
Оқы, міне, сөз қалды!
Адыра қалып ескі заң,
Жаңа мизам басталды.
Жаңалықтан кім құр қалды.
Әйел, еркек бірдей боп,
Саналы жерден үлгі алды.
Толып жатқан көп ұлт,
Қатардан бірігіп орын алды.
Терезесі тең ел боп,
Өткен күні болды ұмыт.
Жамбыл қартың сөйлесін,
Жаңа күймен төселіп.
Ұрпақтарым тыңдасын,
Сендер де менің сырласым,
Ақын бір толғап жырласын.

II

Сонау сұмырай заманда,
Қазақтардың ішінен,
Хан шығыпты басынан.
Не жуандар, мықтылар
Кетпепті оның қасынан.
Үйреткен ісі сол болды:
Елді шабу, жұрт талау,
Күнде сүргін, күнде жау –
Кәсібі еді жасынан.
Жан бұзбаған сөздерін,
Қырын келген кісіге
Қадаған олар көздерін.
Әрбір жерден қан шығып,
Таластырған сөздерін.

Мәртебем артық болсын деп,
Біріне-бірі жанасып,
Қара тер боп сабылып,
Ағашы оқтай қаласып.
Адамы болса жиып aп,
Ұрыс шығарып қасынан,
Бір ауыз сөзге таласып,
Қырықпышақ боп қырылысқан.
Қысым көрген, қырылған,
Таланған да шабылған,
Сорлы қазақ халқы еді,
Көше қонып, мал баққан.
Момын жүріп, жай жатқан,
Еліміздің салты еді:
Өнер, білім елде жоқ,
Күштілерге пенде боп,
Жүрген елдің қалпы еді.

Ат десе, атады,
Шап десе, шабады
Қараңғылықта өскен бұқара.
Қараңғы өскен халыққа,
Басшы болар көсем жоқ,
Ел бастайтын шешен жоқ,
Күш қуатқа жігер жоқ,
Бүйткен қазақ
Ақылды қайдан таппақ.
Қазақ деген ел едің,
Жапанда жатқан жан едің.
Талапты іске ұмтылмай,
Малды жүрдік өсіріп,
Үйде жаттық көсіліп.
Ештеңемен ісі жоқ,
Бұл қалай дейтін кісі жоқ,
Дүниемен ісі жоқ.
Жалшыға мал бақтырып,
Жақсы бақса жақтырып,
Жаман бақса зарлатып,
Көтіне қазық қаққызып,
Өзі шықпай үндері
Жалаңаш шекпен етінде,
Секпілі бар бетінде,
Қайтеміз деп дірдектеп,
Бай-манаптың көтінде,
Жан сақтамас секілді
Қорлық көрді мұндай боп,
Дүниеден жұрдай боп,
Сүйектері қырдай боп…
Шалап, сарсу бар асы,
Қатыны мен баласы,
Байға жұмыс қылады.
Қылмайын десе, шара жоқ.
Барып шашын жұлады,
Үлкен ойран қылады.

III

Николай дуан салдырды,
Жақсыларың қайда деп,
Ығай-сығай, бай, бек, манап,
Шақыртып бәрін алдырды.
Шен, тонменалдап оларды,
Елге бүлік салдырды.
Бай менен бек жуанның
Николай сөзін қоштады.
Мизамды сонда бастады,
Кедейді былай тастады,
Шаруаны бір қолмен жасқады.

Малайлар жүрді жыласып,
Қайғы кетті ұласып.
Жуандардың кәсібі –
Сайлауға шықты таласып,
Кедей-кемтар, сорлылар
Есінен қалды адасып,
Күштілердің үгіті
Хандармен жүрген таласып,
Күші жетпес пе таласып.

Байдың сөзі пұл болған,
Жалшы-кедей құл болған,
Сөйлеуге жоқ шарасы.
Теңдікке жетпеген.
Бай, манаптың қорлығы
Өлсе де естен кетпеген,
От жақтырып, мал баққызып,
Ақысын да бермеген.
Жүгіріп барса ұлыққа,
Ит келгендей көрмеген.
Солай жүріп күн көрген,
Жалпы кедей сорлының
Бір айтқаны келмеген.
Ата-ананың ұлы боп
Сайлауға кеп таласқан,
«Кигіземін жейдені,
Саламын жанға теңгені,
Менің сөзім тастама,
Нағыласың өңгені…» –
Десе кедей көнгені.
Баста ерік жоқ ол сорлы,
Амалы жоқ көнгені!

Кедейде шара жоқ,
Өмірінше құл болған.
Үндейін десе амал жоқ,
Байдың сөзі пұл болған.
Күресерге күйі жоқ,
Ойласарға ойы жоқ,
Жарлы күні немене.
Мінейін десе аты жоқ,
Көңілінде шаттық жоқ,
Киейін десе киім жоқ,
Басында еркі жоқ,
Сандалып жүрген ол сорлы,
Өмірінше құл болып, еркі жоқ.
Ішейін десе асы жоқ,
Ауырып тұрған кісідей,
Бүтін болған есі жоқ.

Кім болса сол жетелеп,
Сайлау жерге төтелеп,
Сол сайлау шары өткенше,
Жүреді оны мәпелеп.
Сайлау шары өткен соң,
Жөн тартады төтелеп,
Даулы болса байлармен,
Барар жүгіріп болысқа.
Өзі сайлаған «танысқа»,
Таныс енді танымас,
Теңдік тимей олардан,
Селсоқ болып қайтады.
Байдың жайын айтайын,
Пара берсең, қостаған,
Бермесең сен пара,
Ісіңді бекер тастайды.

Болысқа барса шағыммен,
Есінен барса адасып –
Бидің сөзінен шықпа деп,
Билігі оның нұсқа деп,
Нығап жаман тастайды.
Кететұғын жері жоқ,
Көкіректе шері көп,
Ақсақал болса болысың.
Ыңғайына тартады.
Байдан асу қайда бар,
Кедейге одан қайыр жоқ,
Не жақсылық артады!
Қарсы келсе бұған да,
Болыс жақтан шығады.

Бәрі айналып келгенде,
Кедейді байға жығады:
«Ақсақалға тілің тиді деп,
Ат, шапан кисем айыпқа,
«Жалғыз атың тартқын деп,
Үстіне шекпеніңді жапқын деп», –
Алартпай сөйле көзіңді
Шалмай сөйле сөзіңді!
Бұл қылығың қоймасаң,
Жоғалтармын көзіңді!
Тілің жаман бір итсің,
Жақсыдан жамқанып,
Тіліңді байға тартпайсың,
Жалғыз атың тартылды.
Есіркесе береді,
Қаһарланса алады!»
Кедей сорлы құтылмай,
Бұл қорлығын көреді
Мұнысына да көнеді.
Баласыз болып бұл сорлы,
Адасып бұлай жүреді.
Көрген күні күн емес,
Талай қорлық ол көрген,
Көргені жалғыз бұл емес.

IV

Бай-манаптың бәрі де,
Елді жеп бай болған.
Арамдықпен ой толған,
Салық салып алғаны –
Елден жиғаны қой болған.
Әбден байып алған соң,
Қатын алсам деп ойланған.
Жалғыз қатын үстіне
Тағы бір қатын алайын.
Қалың малды шашып алады,
Шақыртып оны алады.
Шақыртқан соң келеді,
Қорыққаннан береді.
Тағы қатын аламын деп,
Қалың малды
Ел мойнына саламын деп,
Берсе де аламын,
Бермесе де аламын.
Егер бермесе,
Баста бүлік саламын.

Қатын төртеу-бесеу болғанда,
Мейманасы толғанда,
Бір қатын төркініне қашады.
Абиырын ашады.
Қашса дағы қоймайды,
Не өзін, не малын деп,
Съезд қылар байың кеп.
Шақыртып алды қатынды,
Ояз билік қылады.
Көзінше берер бақыртып.
Қатынның кетер жері жоқ,
Сөйлесерге кері жоқ.

Жылай-сықтай жүреді,
Иттің күні көргені,
Тезек – оның тергені.
Бұзау, қозы бақтырып,
Сондай қорлық көргені
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Киімі жоқ басында.
Дудардай боп қара шаш,
«Обалым сені жібермес,
Екі ай болды бір түні
Қасыма кеп кетпедің.
Жіберсең де өлтіріп,
Қылығыңа жараса айтқаным.
Тірідей қорлық тартқаным…
Обалым сенің мойныңа,
Шақырып ап ағасын.
Қара табан күң қылып,
Отын, суға салғаны.
Көп қатынның ішінде –
Теңгермейді өзімді,
Көрмеді қабыл сөзімді.
Қорлықтан басқа күнім жоқ,
Жұмсаудан басқа түгі жоқ,
Қарсы айтар шамам жоқ,
Тыныштық, тыным маған жоқ.

Жұмыс болды қылғаным,
Жусан болды жиғаным.
Көзің ашылмасын, ағатай,
Қызыл шоқтың үстінде,
Ұстап беріп кісіге,
Бұ да сенің қылғаның
Сенен болды бұл күнә
Мені малға сатқаның.
Жұмыспен малды бақтырып,
Білдің бе мұны Құдай ұрғанын.

Мені мұнда жылатып,
Даусымды жаудай бұлатып.
Мақұл ма үйде жатқаның?
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Бір жағынан қарным аш.
Обалым сенің мойныңа –
Алған малға болдың мас!
Тентіреп жүріп өлермін,
Бұл қорлыққа қайтіп көнермін.
Бұл қылығын қоймаса,
Талапкердің бірімен кетермін.

Мұнан жаман күйім жоқ,
Үстімде оңды киім жоқ,
Жылай-жылай үнім жоқ,
Қатты айтуға тілім жоқ.
Егер де қатты айтсам,
Көретін тірлік күнім жоқ.
Жібермесін обалым,
Ұстап берген әкем мен ағамыз
Қайтсек бұған жағамыз.
Обалың менің мойныңа
Кетті біздің бағамыз?!

 

Ұлыққа барсам жүгіріп,
Онан да шықтым түңіліп,
Жас келеді көзіме,
Ұлығың қошемет қылды өзіне,
Қайтадан байлап берді ғой,
Бұрынғы келген жеріме.

Әр жағынан келген молда бар,
Кітап, Құран онда бар.
Жібермегін қатынды,
Жіберсең [егер] қатынды,
Алып қал берген ақыңды.
Шариғатың ішінде
Осы сөзім мақұл-ды.

V

Молданың бірі келген ар жақтан,
Бірі келген бер жақтан,
Алдап бала оқытқан,
Жұрттың көзін шоқытқан.
Байды жақсы көрмегі,
Оқытып бала ермегі
Үйінен тамақ ішкені
Бай баласы бойшаң боп,
Мешітке бала кіргені.
Кедей байғұс баласы,
Үстінде жаман тоны бар,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Денсаулығына көңлі мас,
Бай баласы жүгіріп барады.

Ішсе тамақ тоқ,
Басында абзал шоқ,
Кедей байғұс баласы,
Көрген күні немене,
Көктемгі жүні түспеген
Боран күнгі тайдай боп,
Бай-манап ұлы киініп,
Молдаға барар жиылып,
Аты болса мініліп.
Ата-анасы тұрады,
Оны көріп сүйініп.
Бар болса менің балам да,
Сондай болар еді деп,
Кедей тұрар күйініп.
Шоқайын киіп шоқаңдап,
Кедей ұлы барады.
«Төрдің алдын былғайсың,
Сен төмен оз» деп,
Жаман көзбен молда қарады.

Сонда кедей баласы
Бірге кіріп барады.
Бай баласын мақтайды
Үйінде етін астырып,
Қант пен шайын шаштырып,
Сорлы кедей баласын
Көңілін қояр пәс қылып.
Бай баласының сөзін сөз дейді,
Сабақ берсе алдымен
Бай манаптың баласын көздейді.
Сорлы кедей ұлына
Кезекпен сабақ бермейді.
Жуандардың басынан айналып,
Жуық маңда кезек оған келмейді.
Екі бала таласса орынға,
Былжырамай жайға тұр
Бай баласыныкін «жөн» дейді.
Бай баласы былпылдақ
Бір молда тілі болмаса,
Өңге жанға көнбейді.
Бай мен кедей баласы таласса,
Байдың сөзін «жөн» дейді.
Былшылдамай, кедей, жайыңа отыр,
Манаптың баласының айтқаны жөн дейді.

Қожа келер таласып,
Басына сәлде орасып,
Шариғат жөні мынау деп,
Қараңғы бұл халық,
Есінен қалар адасып.
Малыңнан зекет бергін деп,
Шариғат жолына көнгін деп,
Қырық қойдың бірін бер
Өлігіңе бие байла деп,
Бір тоғыз байлайсың!
Ақырет қашан ойлайсың,
Малың толып жатса да,
Дүниеден тоймайсың.

Малыңнан зекет бермейсің.
Сөзімді қабыл көрмейсің,
Менің де айтқан сөзімді,
Құдайдың сөзі деп ойлағайсың,
Құраннан аят айтайын.
Сауап қылсаң өліге,
Үш тоғызды байлайсың.
Ақымақ туған қу қазақ,
Құдайды қашан ойлайсың?

Байламасаң бір бие,
Жаназа оқып болмайды.
Қожаның тілін алмайды,
Түбі қазақ оңбайды.
Ақыретте дозақ бар,
Басыңа қатты азап бар,
Бірің түгіл бәрің де,
Есіттің бе, қазақтар!
Мен айтамын Құранды,
Өзім көрген сөзімді.
Ақырет ісі қиын-ды,
Шариғат сөзі түйінді.
Арам малды айдама,
Арамдықты ойлама!
Зекетті былай өткізбей,
Түйеңді әзір байлама.
Зекеттің өтіп алдына,
Тағы қанша малың бар,
Артын тағы ойлағын.
Жүз қаралы жылқың бар,
Бір атыңды байлағын.
Артқы жағын ойлашы,
Қанша берсең көп емес,
Сиырдың бірін байлашы.
Астығыңнан құшыр бердің бе,
Құраннан аят айтамын:
Құлағыңмен есітіп,
Өз көзіңмен көрдің бе?

Жан-жақтан келген молда бар
Келді дағы алдады,
Төте жолға салмады.
Бай-манапқа таныс боп,
Соңымыздан қалмады,
Молда келді жиылып,
Қатым Құран қылғын деп,
Бір үйді тіктіріп,
Әр қойды сойдырып,
Қатым менен құранға
Бір тоғызды байлатып.
Көгеннен қойды ағытып,
Оны былай айдатып…
Баланы жөнге салмады.
Үлкен төте жол болмады.
Баланы жемқор қылды да,
Елдің бәрін алдады.
Еліміз енді түзелмей,
Сол мәністе қалғаны.

Түзу жолды көрген жоқ,
Ар-намысты білген жоқ,
Осылай қор болып,
Білімді озған бастық жоқ.

VI

Николай сонда ор болды,
Көмегі оның сол болды:
Николайдың қасында,
Сегіз санат ол болды.
Николай сол шақта,
Әбден күштенді,
Әрбір істі істеді.
Жақсы жерін тартып aп,
Крестианды зарлатты.

Жерсіз қалған крестиан,
Шоқтай болып қамалып,
Жан сақтарға жер таппай,
Таба алмады амалды.
Жерін тартып алғаны,
Далада жылап қалғаны.
Қағазында бар шығар,
Осы сөздің жоқ-ты жалғаны.
Онымен де қоймайды.
Малын алды салыққа,
Шыға алмады жарыққа,
Басып жүрер жері жоқ,
Қарсы айтар кері жоқ,
Патшаның алдына кеп,
Жиылып барып жылады.

Қазақта бос жер бар деп,
Бізге қарай айдады.
Дуанға келді қусырып,
Губернатор алдына
Қағазын әкеп береді.
Мынаған енді жер бер деп,
Землемерді шақырып алады.
Сүйген жерін береді,
Қазақ енді бейшара
Су бағына кетті жиырылып,
Тауға кетті сыпырылып.
Басын қосып крестиан,
Жағалай бекет салады.

Ұлы суды жағалап,
Қазақ кетті шөлменен
Тау мен тасты сағалап.
Қазақтың нашар болғаны
Егін салар жері жоқ,
Білімсіздіктен міні жоқ.
Басшылық қылар ұлы жоқ,
Жан сақтардың шені жоқ,
Мал өсіріп, бой сақтап,
Қайтеміз деп жалтақтап.
Сөйтіп жүрген ел еді,
Жан сақтарға жері жоқ
Айтатұғын шері көп.
Жанның бәрі сенделсоқ
Өлем деуге шара жоқ.

Крестиан келді де
Жанжал салды қазаққа.
Басы қалды азапта.
Жаза басса қазағың,
Басы болды таяқта.
Шетіне келсе бір малы
Оны ұстап алғаны.
Шеттен келген қазақты
Алар қолға таяқты.
Таяқ жеп ол сорлы
Жазықсыздан өлгені.
Құтылмастай бәлеге,
Ылажы жоқ көнгені.
Осы болды халықтың.
Осы болды қазақтың,
«Ақ патшадан» көргені.

Қазақ жері көп еді,
Жер пайдасын білетін,
Білімділері жоқ еді.
Тамам байлықтың бәрі де,
Жердің асты мен үстінде,
Алтын, күміс ол жатыр,
Қорғасын, темір мол жатыр.
Бұдан бізге бүршік жоқ,
«Білімді» жұрт aп жатты.
Мұның жайын білмедік,
Көзді байлап надандық.
Қанша қор боп жүрмедік?!
Шеттен алды тіміскілеп,
Ағылшынның байлары
Асылдың бәрін биледі,
Келіп зауыт салады!
Тау-тастың бәрін тінтісіп,
Кенді қазып алады.

Таскөмір шықты бір жерден,
Темір шықты бір жерден,
Қорғасын шықты бір жерден,
Қалайы мен мыс шықты.
Алтын, күміс шығар деп,
Қарап тағы ынтықты.
Тінтпеген тау қоймады,
Табамын деп ойлады.
Табушының бірі екен,
Білімі үлкен зор екен.
Біздің қазақ бейшара,
Ештеңе білмей жүр екен.
Білмегеннің мәнісі –
Оқуы жоқ басында,
Шаруаға айналып,
Босқа қапты жасында.
Жер жақсысын кім алды,
Болыс пенен би алды,
Қарны жуан бай алды,
Мойны жуан мырза алды,
Қазынасын ақтарып,
Ағылшындар қол салды.

Алтай – Орал арасы –
Сарыарқадай жер екен.
Алатау, Каспий арасы –
Жетісу, Сырдың бойы екен,
Қарқаралы, Балқаш көл,
Көкше сұлу, Баян тау –
Жер жұмағы дер екен.
Айдын-шалқар сулары,
Жасыл алап нулары –
Толған ырыс мол екен.
Сол жер түгел таланды,
Бар шұрайды өлшетіп,
Николай патша ол алды.
Туған, өскен жерлерден,
Қалың қазақ қуылып,
Бетпақ шөлге қамалды,
Көрді қыспақ заманды…
Жер жақсысын мекендеп,
Таңдап байлар және алды.

Қымыз ішіп ыңқылдап,
Көшкендей күледі
Салқында отырып сыңқылдап:
Мына жер менің қыстауым,
Қалай менің ақылым
Бөліске берген нұсқауым;
Анау менің жайлауым.
Осылай менің ойлауым.
Анау пішен шабысым,
Бұл жерді бөліске салмаймын.
Мынау менің жоңышқам,
Оны неге алмаймын!..
Кедей тұрар бүгіліп,
Сөйлеріне шама жоқ,
Қатты қайырып сөйлесе,
Көзін ашар заман жоқ.
Күресерге дәрмен жоқ,
Қолдан келер амал жоқ.

Тізесі батқан бұрыннан
Сөзі тиер қырынан
Шошиды танып түрінен
Көңілі тұрар қапа боп.
Үйге барар салбырап,
Жеңі жыртық жалбырап,
«Айтсам сөзім ем болмай,
Маған берер дем болмай,
Біз сықылды сорлылар
Кімдерге жүр жем болмай
Қапа болды ол сорлы:
Қатын-балаға ұрысып,
Айдайын десе егінді,
Айдайтұғын көлік жоқ.
Ол кедейде ерік жоқ,
Байға серік болғалы –
Үйде жатып ойлады:
«Байым берсе көлікті,
Маған берсе ерікті,
Егін шықса бағыма –
Болар едім көрікті».

Байға барып жалынып:
«Көлігіңді беріңіз,
Сауын болса беріңіз,
Әл-күшімді көріңіз,
Сізден қайран болмаса,
Солқылдады беліміз.
Осы еді айтар шеріміз,
Мен салайын егінді
Егін шықса тегінді…»
Баулап ішіп отырсам да,
Байдан алармын кегімді.

Қос өгізін береді,
Қос өгізді жетектеп,
Дірдектеп айдап келеді.
Бүрсеңдеп жүріп ол сорлы,
Көзі жетпей түбіне,
Егінді осылай салады.
Егіні болса салулы
Жұмысы болса қылулы,
Баласы жүр дірдектеп,
Көзден жасы секектеп,
Өрнелі күн қос айдап,
Өзі жүрер құл болып,
Әйелі жүрер күң болып,
Баласы кетті жұмысқа,
Бір ай қосты айдасып,
Қосы біткен уақытта,
Арығы болса қаздырып,
Жоғы болса таптырып,
Егіні болса суартып,
Жарылқаймын деп қуантып,
Пішен уағы болды деп,
Ұраң сенің толды деп,
Салған астық піскенше,
Аузымыз оған тигенше,
Ел етекке түскенше,
Бұл кедейде тыным жоқ.

Айдауымен ол жүріп,
Құлдықтан басқа күні жоқ.
Жағы-басы қуарып,
Ұрты-басы суалып,
Астық пісіп келед деп,
Балалары қуанып.
Егінге енді түскін деп,
Егінге айдап салады.
Бір ай орақ орады.
Байдың үйі асығып,
Келмей жатыр дәрмені.
Бай егінді бастырып,
Қызылын қапқа салдырып.
Жарылқаймын мұны деп,
Бір кәрі қой сояды.
Екі-үш қапты қаптатып,
(Ұзақ жазға бос жатып)
Бай астыққа тояды.

Егін салған кедейді,
Адам деп кім елейді?
Үштің бірі тимейді.
«Ағалығым тағы бар,
Күш-көлік те менікі…
Қырман түбі сенікі…»
Деп бай бәрін билейді.
Көзі көрген мұндайды,
Кедей қалай шыдайды:
«Көнбес іске көндіріп,
Терезем тең ұл едім,
Кем болдым»,– деп жылайды.
«Тайыңды байлап шөбіме,
Тақсыр, мен мінейін», – деп,
Азулы байдан
Ол келіп сұрайды.
Сорлы кедей момынның,
Бір айтқаны келмейді.
Тайым өліп қалад деп,
Оған тайды бермейді.

Бай-манаптың бәрі де,
Үйде келіп жатады.
Жер жақсысы таңдаулы,
Орысқа да сатады,
Кедейге де сатады.
Ортаққа жер алып,
Шаруаның кем болмаған жері жоқ.
Құр бай болғанмен,
Малдың қамын жемеген.
Қыс қайтеміз демеген.
Құр малы көп, тамақ тоқ,
Күні-түні ұйықтап арман жоқ.
Ойлауға онда білім жоқ болып,
Білімсіз байлық – құр байлық
Кеудесінде сана жоқ,
Санасыз елде пана жоқ.
Басшылық қылар аға жоқ,
Жұттан малы қырылған.
Жаздай пішен шаппаған,
Ақыл-айла таппаған,
Далаға айдап тастаған.
Бір кедейге бақтырған,
Қыс ортасы болғанда,
Жылқы өлер арықтан.
Қырылар қыс қасқырдан.

Сол кезде бай бақырар:
«Құрттың сен, – деп, – қу кедей,
Жылқышыға ұрысты шалықтап.
«Саған ақы бермеймін,
Өлген жылқы сенікі.
Құрттың менің мүлкімді,
Бір ашпайсың ұйқыңды,
Үйге келсең шықпайсың,
Тамақ ішсең тоймайсың.
Арамдықты қоймайсың,
Арығымды бақпайсың,
Бұл қылықпен сен жақпайсың.
Атаңа нәлет иттің малы деп,
Көтермей теуіп тастайсың.
Бұл дүниеде оңбайсың,
Менмендікті қоймайсың.
Малға неге ерте бармайсың.
Тілімді менің алмайсың
Өз еркіңше болмайсың.
Сенде ерік бар ма,
Қарайтын көркің бар ма?
Қайда айдаса сонда жүр,
Менен басқа сендей бар ма?

Тіл алмайсың қылжақтап,
Киім тозды деп,
Бас ауыртып мылжыңдап,
Неменемді аядым,
Жыртық емес берген киімім,
Қара мұның жолының сұйығын.
Әкесі өлгендей түсінің суығын,
Қарашы өңі суығын!
Бар, жылқыны жайып кел,
Неге отырсың айуан!..»

 

Тігіп берген үйі жоқ,
Келіп тұрған күйі жоқ,
Үстінде бүтін киім жоқ,
Өмірі байға жылқышы,
Қайтіп болсын тамақ тоқ.
Көйлек жаман жыртылып,
От басында итініп,
Үстіне киген шапанда
Сау-тамтық жоқ,
Жаман тоны үстінде, –
Ол тонына қарасаң,
Қолтығында өкпе жоқ.
Етігінде өкше жоқ,
Жаңбыр жауып, қар жауып,
Боран болып, үсініп,
Кетеді жалшы қысылып.
Өлімге мойынсұнып,
Тамаққа қарын тоймаған,
Өлмек болды бір кезде,
Тұла бойы үсініп.
Екі өкпесі қысылып,
Қысылып жатып өледі.
«Жылқышың өліп қалды», – деп,
Біреу айтып келеді.
«Ананы көме салғын», – деп,
Бай бір жаққа кетеді.

Жалшы өлгенмен, құны жоқ,
Қатын, баласы шулап қалады,
Қарасатын жаны жоқ,
Сататұғын малы жоқ,
Тентіреумен күні өтер.
Аш-жалаңаш қаңғырып,
Қатын менен жас бала
Байға келер жүгіріп.
Бір жанынан түңіліп,
Байға қарап үңіліп,
Иемізден айрылып,
Тамақсыз болды бүйірім,
Көзіңнің салғын қиығын.
Киім, тамақ – бәрі жоқ,
Көрініп тұр ғой сиығым.
Ашылмай тұр қабағым.
Бізге қандай жәрдем бар,
Ойланшы, қарағым.
Біз бейшара кедейің,
Жәрдемің болса, көрсетші,
Біз бір жетім лағың.

Ешбір қайыр, жақсылық
Ала алмайды бұл байдан.
«Мен малыңды алғам жоқ,
Бар сұраңдар Құдайдан.
Мазаны алмай кетіңдер,
Жақын жүрме маңайдан…»

VII

Сәудегерлер келеді,
Қойдың жүнін қоймады,
Алғанымен тоймады,
Елтірі, қап, теріні,
Оны да алып қоймады.
Арзанға алып қой, жылқы.
Андижанға айдайды.
Бұл шаруаның малы еді,
Шаруа ештеңені білмеген.
Бітеу тұрған жан еді,
Соныменен сәудегер,
Миллиончік бай болып,
Көңілі солай жай болды,
Бұлар да елді алдады,
Бұл да жалшы жалдады,
Қайда барса жалшыға,
Бір жарық күн қалмады.
Өмірінде қанауда
Менікі дейтін күші жоқ.
Ауырса ол жалшы,
Жаны ашыр кісі жоқ.

Қатыны жүрер дірдектеп,
Баласы жүрер бүрсектеп.
Қалбалақтап ол жүрер,
Қолынан келер жәрдем жоқ.
«Құдай салды, амал жоқ»
Жұмысыңнан қалма деп,
Ауруыңа барма деп,
Тегін асты кім берер,
Жалшы аурудан өлмейд деп,
Міне сорлының көргені.
Дамыл алмай дедектеп,
Таяқ болды жегені,
Тезек болды тергені.
Осылай, заман осылай,
Бұқараның жүні жығылды,
Күндейін десе біреуі
Жалғыз жүрген бейшара,
Жоқ па оның сүйеуі
Жалғыздың сөзі ем емес,
Қолтықтан сүйер дем болмай,
Соның аузы біріксе,
Жалғыздың сөзі жөн болмай,
Омыраулап болмаса,
Мойны кесік кесіліп,
Екі көзі тесіліп.

Атын тартып көлденең,
Шапан жабар шешініп.
Кешке үйіне барғанда,
Мойын кесік кестім деп,
Бәтшағарға осы да eп!
Өзінен басқа кісі жоқ,
Аяғын отырар көсіліп.
Мойында кескен кесік бар –
Қайтсе сөзі оңалар,
Бұған қосылар кім болар,
Шошынып сорлы отырар.
Жалғыз өзі қашады,
Жалғыз сөзі батпады.
Ешкім сөзімді айтпады,
Жұртпен бірге кірермін,
Сілесі қатып бейшара,
Қабылдауға шара жоқ,
Болысар кісі және жоқ.
Өмір бойы осылай,
Атқан дыбыр таңы жоқ.
Бәлеге басы шатылып,
Жалғыз аты сатылып,
Қайда барса жаны қалады!

Болыс деген тоқпақ қой,
Тоқпақ мықты жерге кірер қазықты,
Шығын алма деп еді жазығы,
Бұқара емей немене,
Би болыстың азығы.
Күш жетпей тілін тістейді,
Үндеместен бұқара,
Ойбай, к… «қыс!» – дейді.
Жалғыз өзі тығылды,
Мұның жүні жығылды.
«Билік кімнің басында,
Байлық кімнің қолында,
Малы, жаның кімдікі?
Қазыналық малың бар,
Дыбысыңды шығарма –
Шығар-шықпас жаның бар!
Бай, манап, би, болыспен,
Күресер қанша әлің бар!
Бетімен кеткен қарақшы,
Не тіршілікке сәнің бар?

Зорлығыма көнерсің,
Зорлығыма көнбесең,
Ауырмастан өлерсің!
Шығармағын үніңді,
Табармын сенің мініңді.
Мен айтайын шынымды,
Абақтыға барарсың,
Шіріп сонда өлерсің.
Бұл қылығыңды қоймасаң,
Көрмегенді көресің!»

Осылай енді бұл сорлы
Көрмегені болмады.
Күштіменен күресіп,
Жазықсыз жерде жығылды.
Болысатын кісі жоқ,
Абақтыға тығылды.
Абақтыда жатады,
Екі көзі сатылды.
Бермеймін деп шығынын,
Шығарды оның тығынын.
Үндемей кетті жайына,
Таныды бектің қылығын.
Оның қылған жазығы
Бар жерден айрылды.

Шаруаға салықты көп салып,
Жұрт байғұс сандалып,
Екі иінінен дем алып,
Қарсы айтар кері жоқ,
«Болсын деп ем тамақ тоқ,
Кемтарлар үшін сөйлеп ем,
Тиді өзіме атқан оқ…»
Амалсыздан тынады,
Атасынан қор болған,
Пайда сөзі пұл болған,
Қатынына қарасаң
Қаратабан күң болған.
Зорлықпен күн өткен,
Жылаумен түн өткен.
Амалы жоқ жалшының
Кәріпті сөйтіп жүдеткен.

Күнде шығын тартқаны,
Күнде уайым айтқаны
Өмір бойы тергені
Штрабқа бергені.
Осындай ауыр қорлыққа
Амалсыз көнгені.
Қайтсе құтылар азаптан,
Өмірлік тозақтан.
Қолын созат алақтап.
Көмегі жоқ жан-жақтан.
Патшаның әділеті болмады:
Бай, манаппен болысты.
Кедейлерді жем қылып,
Бір-біріне жегізді.
Өлгенін қойды құнсыз қып,
Болысқан жағын мұңсыз қып,
Жалшыларды жылатып,
Көзінің жасын бұлатып,
Ашылмастай тұман ғып,
Байғұстарды солай қамады.
Көз көрместей тұман ғып.

VIII

Мен әперейін намысты,
Табайын саған қонысты,
Қара шаруа халыққа
Маркс – Ленин болысты.
Жердің жүзін қоймады,
Табанын да байлады.
Бар елді байға қарсы сап,
Күндіз-түні үндеді,
Бұл арыстан жол тапты,
Қуат, күшті мол тапты.
Жалшыларды жуандарға қарсы үндеп
Күресуге шақырды.
Өмірі қатарға жетпеген,
Сөзі туғалы өтпеген,
Малшы, жалшы кедей боп,
Құлшылықтан кетпеген
Езілгендер жиылып,
Жуандармен күресті.
Ұлы Ленин бас болып,
Езушілермен қас болып,
Бай, патшаны құлатты,
Би, болысты жоғалтты.
Совет құрды – жаңа заң,
Бұл бір атқан бақыт таң.

Қара шаруа жұмыскер –
Жалшы, кедей, әйел боп,
Сөз сөйледі жүйелеп:
Арамнан жиған малдарға,
Енді сен ие деп,
Байлар енді құлады,
Кедейге берді теңдікті,
Өкіметке сен ие деп.
Патшаның тұсында,
Кедей шаруа жасыды.
Патша тақтан түскен соң,
Езілгендер тасыды.
Бай, манапты ығыстап,
Өзін жерден айдады.
Еңбегімен байыған,
Биелері құлындап,
Сиырлары бұзаулап,
Түйелері қайыған.

Қойы болса қоздаған,
Еңбегін жегізген жалшылар
Зар еңіреп боздаған.
Теңдікке бір кенелді-ау,
Бай малынан айрылды.
Жалшы кедейге қайырды.
Сөзі тапты жүйесін,
Малы тапты иесін, –
Иесіне мал келді,
Бұл іс кедейге дәл келді.
Кеңестің ұраны:
Теңдігін жегізген малайлар,
Басын қосып теңелді.
Жалғызды көпке теңгерген
Жұмыскер мен кедейге
Адаспастай жол берген,
Ел қанаушылықта болмаған,
Әділдікке бастаған,
Көп үшін еңбек қып,
Ленин осы жолды тастаған,
Жуандарды жұмсартқан,
Байды ішінен айдаған.
Арада бірін қоймаған.

Большевиктің тұсында,
Аяқты қисық баспаған.
Ауызды бекер ашпаған.
Елдің бәрі бірігіп,
Араларын ашпаған.
Бір ауызға қараған,
Бір ауыздан мақұлдап,
Жиылған жерде тараған.
Қашқан байды қоймаған,
Ұстап алып шайнаған.
Жазасын беріп осылай,
Тиылмаған жуан қоймаған.
Басында жақсылар жер алды,
Кедей, шаруа құр қалды.
Кеңес өкіметі болды да,
Қайтадан жерді өзі алды.
Жерге қожа кім болды?
Қодаңдаған жуандар,
Тілін тістеп дым болды.

Кедей, жалшы масайрап,
Теңдікке енді жеттім деп,
Бай, манаптың құрығынан
Жылап жүріп өттім деп,
«Бұрынжерді сатушы ед,
Шалқасынан жатушы ед,
Бірігіп егін салғын деп,
Бестің бірін алғын деп,
Егінді салсаң салғын деп,
Бейнетіңді аяма,
Жіберме бекер заяға,
Қосты барып айдағын,
Тауға шықпай далаға жайлағын.
Шабатұғын пішен бар,
Суаратын егін бар,
Қазатұғын арық бар,
Жауғанша нанбайсың.
Жұмыс деген тіпті көп,
Ішің, сірә, байыптар…

Менменсінген немесің,
Әсте еңкейіп сынбайсың.
Ашып қара көзіңді.
Кім бұзады сөзімді,
Қақшаңдамай жұмыс қыл,
Жоғалтармын көзіңді.
Қорқып қалған ол байғұс,
Жұмысына барады.
Келе ме деп артымнан,
Жалтақ-жалтақ қарайды.
Етек-жеңін түрініп,
Жүгіре алмай сүрініп,
Қатынына айқайлап,
«Шапшаң кел!» – деп ойбайлап,
Шапшаң жұмыс қыламыз.
Бір сұмдық болар деп.
Неге қарап тұрамыз.

Шоқпыт көйлек етінде,
Жамаулы дамбал көтінде,
Қатын келер жүгіріп,
Баласының қарны аш,
Үйде отырған бүгіліп,
Жылап-сықтасып,
Дүниеден түңіліп.
Жылап еді зар қағып,
Сөйткен байдың зорлығы,
Өз басына келіп тұр.
Кеше қорлық көргендер,
Бүгін шат боп күліп тұр,
Бай басынан ерік кетті
Қолындағы жері кетті,
Зорлықпен жиған мал кетті,
Үстінен үй кетті.
Өз қылғаны өз басына жетті,
Ақырында кеп жетті!

Үкіметтің ұраны –
Білмегенді үйретті.
Кедей жетті серікке!
Кімді қойды еркіне.
Кедей жерді биледі,
Осы сөздің тазасы.
Кедейден болды жалшысы,
Осы ісі болды мақұл.
Құрық тимес жуанды,
Бай, манаптың бәрі жоқ,
Қарсы келер шарқы жоқ.
Кедей шықты төбенің басына,
Жуан жұдырықтың бәрі де
Кедейге кеп өтінді.

Менменсіген байлары
Жалшы өзіне қаратты.
Жер төңкеріс болды деп,
Мейманаң толды деп,
Ағындаған арманың
Елде қайда қалдым деп,
Жан көрінбей көзіне,
Жауап бермей сөзіне,
Менменсінген батыр-ау
Өз обалың өзіңе.
Ойлағаннан жетпейді,
Шығынданып өздері
Ақырында өтейді.

Байлар арамдығын қоймайды әлі күнге.
Өз еркімен істейді білгендерін.
Ақыл салмай білгендерге.
Енді ұлы іске бастаған,
Ескі әдетті тастаған,
Арам, жалқауды іске қоспаған.
Адал ниет, ақ жүрек,
Арамға ауыз ашпаған,
Мизамсыз іс қылмаған,
Ерегіскен жауының,
Түбін құртпай тынбаған.
Жалпыға оқу ашылған,
Жер бетіне нұр шашылған,
Балалар да жол танып,
Өкімет жолына қосылған.

Үлкен, кіші деместен,
Оқуға бәрі жабылған,
Ойлап қалсам бұл жерін.
Адал орын табылған.
Бұрын адасып жүрген кісі екен
Маркс – Ленин кемеңгер кісі екен
Ақылменен жол тапқан,
Асып туған ер екен!
Зорлықты қойғызды,
Жалғызды көпке теңеді.
Еркек пен ұрғашы
Оқуға барды сағынып,
Етек-жеңін қағынып.

Сағынып жеткен орнынан
Сексен бір жасқа келгенде,
Өз көргенім мен көргенім.
Замана ағымы осылай!
Айтып бердім жүрсін деп,
Естеріңде сендердің.
Ендігісін біртіндеп,
Көрсетіңдер өздерің:
Ленин туын қолға алған,
Қалың қайрат қозғалған –
Жалшы кедей досым-ай!
Күн де туды сен үшін,
Ай да туды сен үшін,
Заң жасалды ел үшін,
Серпіле түс, серпіле –
Бұрынғыдай жасымай!

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы