Жинақтың екінші томына енген толғауларының толық нұсқасы
Сексен бірге жас келіп,
Әрнемеден жасқандық.
Кәрілік деген тақымдап,
Өлім қалды жақындап,
Суырылып сөз келді
Жамбыл сынды қартыңнан.
Мұнша жасқа келгенде
Не көріп, не білгеннен
Бір ауыз сөз айтылмай
Қалса – үлкен мін ақынға.
Жақсы, жаман десең де,
Өрнек болсын артымда.
Жасым болса жетіп тұр.
Мезгіл болса өтіп тұр.
Ұлғайған бұл шағымда
Қуат болса кетіп тұр.
Айтатын бір сырым да,
Құлақ сал, жұрт, мұныма!
Сексен бірге жас келген,
Не заманды бас көрген,
Солар арқау жырыма.
Артта қалған сөзім бар,
Сөзімді айтар кезім бар.
Кімді жұтпас қара жер,
Ақылыңмен ойлай бер.
Ойы жеткен ой тігер,
Жамбыл ақын сөйлеген,
Сөзді бекер демеңдер.
Жамбыл айтты қиссаны,
Өлең десе Жамбылың
Қанат байлап ұшады.
Неше түрлі ел өтті,
Неше түрлі жан өтті,
Жұрт билеген хан өтті.
Тілдерінен бал тамған,
Жорға, жүйрік майталман,
Шешен де өтті дүниеден.
Иегіне түк жұқпай,
Көсе де өтті дүниеден.
Ел шетінің қорғаны,
Жау бетінің айбары,
Сауыт, сайман асынған,
Ерлігін жаннан асырған,
Батыр да өтті дүниеден.
Ойы дана асылдан,
Сөзі бұлақ тасыған,
Ақын да өтті дүниеден.
Замана деп толғанған,
Ел қайғысын қолға алған,
Абылайдың алдында,
Сөз сөйлеген болжаудан,
Бұхар жырау о да өтті.
Шернияз бен Шортанбай,
Досқожа мен Нысанбай,
Дулат пенен Сүйінбай –
Сөздері жел-құйындай,
Өтті еңіреп олар да.
Жақсы да өтті дүниеден,
Жаман да өтті дүниеден…
Ой жіберсем соларға,
Дүниеде анық өлмегім,
Артта қалсын өрнегім.
Сексеннен ары жасадым,
Кездескеннің бәрін де
Артқа тастап басамын.
Естіген ел, ұрпақтар
Аңыз қыла жүрсін деп,
Арнаулы жыр тастадым.
Сөйледі Жамбыл бәріңе,
Жасың менен кәріңе.
Өзге өлгенде дүниеден,
Біз өлмейтін дәрі ме.
Сөйлейді Жамбыл халқына,
Үлкен, кіші – жалпыңа.
Өлгенде ала кетпеуге,
Қалдырдым өз артыма.
Қаза жетіп көз жұмсам,
Айтар алғыс қартына.
Замана жайы – терең сыр,
Замана жыры – бітпес жыр.
Көз жіберсек өткенге,
Жыл артынан жыл қуып,
Шежіре боп жеткенде.
Ай көре алмай аспаннан,
Күн көре алмай өмірден,
Қайғы кетпей көңілден
Еңіреген, егілген,
Қаһар көріп хандардан,
Білек көріп бектерден,
Тепкі көріп байлардан,
Қамшы көріп билерден,
Қалың қауым иленген.
Халықты басқан Қаратау,
Бұл бір заман қысымы.
Жаңылдырған есінен,
Айрылдырған күшінен,
Ажыратқан түсінен,
Азап түспей үстінен…
Мына бүгін қарасаң,
Елге жарық күн туды,
Күн емес-ау, нұр туды,
Ер талабы шарқ ұрды,
Еңбекші, жалшы-кедейдің
Мерейі жаннан артылды.
Қол жеткендей бұлтқа
Өмірдің алып кілтін,
Кеңестен сөз сөйледі.
Өнері асты ел билеп,
«Ел жақсысы менмін», –деп
Жүргендер тең келмеді.
Бай, жуанды жаныштап
Жойып жатыр аластап,
Күн сайын күші өрледі.
Күреске, іске құралды,
Қуатты, күшті бел болып,
Қаптаған қалың ел болып,
Қолына Қызыл Ту алды,
Ерікті өскен ел болып,
Жылағаның қуанды.
Жамбыл қартың қозғалды,
Оқы, міне, сөз қалды!
Адыра қалып ескі заң,
Жаңа мизам басталды.
Әйел, еркек бірдей боп,
Саналы жерден үлгі алды.
Толып жатқан көп ұлт,
Терезесі теңеліп,
Өткен күні болды ұмыт.
Жамбыл қартың сөйлесін
Жаңа күймен төселіп.
Ұрпақтарым тыңдасын,
Сендер де менің сырласым,
Ақын бір толғап жырласын.
II
Сонау сұмырай заманда,
Қазақтардың ішінен
Хан шығыпты тасыған.
Не жуандар, мықтылар
Кетпепті оның қасынан.
Үйреткен ісі сол болды,
Елді шабу, жұрт талау,
Күнде сүргін, күнде жау –
Кәсібі еді басынан.
Жан бұзбаған сөздерін,
Қырын келген кісіге
Тіккен олар көздерін.
Әрбір жерден хан шығып,
Таластырған сөздерін.
Мәртебем артық болсын деп,
Біріне-бірі шабынып,
Қара тер боп сабылып,
Адамы болса жиып aп,
Қырық пышақ боп қырылысқан.
Қысым көрген, қырылған,
Таланған да шабылған,
Сорлы қазақ халқы еді,
Көше қонып, мал баққан.
Момын жүріп, жай жатқан
Еліміздің салты еді,
Өнер, білім елде жоқ,
Күштілерге пенде боп
Жүрген елдің қалпы еді.
Қараңғы өскен халыққа
Жаны ашыған кісі жоқ,
Жұрт жайымен ісі жоқ.
Жалшыға мал бақтырып,
Жақсы бақса жақтырып,
Жаман бақса зарлатып,
Көтіне қазық қақтырып,
Үні шықпай үндерге,
Жалаңаш шекпен етінде,
Секпілі бар бетінде,
Қайтеміз деп дірдектеп,
Бай манаптың көтіне,
Жан сақтамас секілді
Қорлық көрді мұндай боп,
Дүниеден жұрдай боп,
Сүйектері қырдай боп.
Шалап, сарсу бар асы,
Қатыны мен баласы
Байға жұмыс қылады.
Қылмасына шара жоқ,
Барып шашын жұлады,
Үлкен ойран қылады.
III
Николай зіркіл қағады,
Жақсыларың қайда деп,
Ығай-сығай, бай-манап,
Шақыртып бәрін алады.
Шен, тонменен оларды aп,
Елге бүлік салады.
Бай менен бек жуанның,
Николай сөзін қоштады,
Мизамды солар бастады,
Кедейді былай тастады,
Қалың елді жасқады.
Малайлар жүрді жыласып,
Қайғы кетті ұласып.
Жуандардың кәсібі –
Сайлауға шықты таласып,
Кедей-кемтар сорлылар
Кетті есінен адасып.
Байдың сөзі пұл болды,
Жалшы-кедей құл болды –
Сөйлеуге жоқ шарасы.
Елдің болып кекті ісі,
Не зорлыққа көнбеген.
Бай, манаптың тепкісі
Өткен өңмен, кеудеден.
От жақ деп, мал бақтырып,
Ақысын да бермеген.
Жылап барса ұлыққа
Ит келгендей көрмеген.
Солай жүріп күн көрген,
Жалпы кедей сорлының
Бір айтқаны келмеген.
Аруақтының ұлдары
Сайлау болса сабылып,
«Кигізем деп жейдені,
Төгемін деп теңгені,
Менің сөзім тастама
Нағыласың өңгені…»
Десе кедей көнгені.
Баста ерік жоқ ол сорлы,
Кімге амалсыз көнбеді!
Күресерге кейіп жоқ,
Ойласарға ойы жоқ,
Жарлы күні немене.
Мінейін десе аты жоқ,
Көңілінде шаттық жоқ,
Киейін десе киім жоқ,
Тон, шалбары сірі боп,
Жүзі солғын, жұпыны
Өлімшінің бірі боп.
Ішейін десе асы жоқ,
Ісінің бір сәті жоқ.
Қашып әбден ұсқыны,
Кім болса сол жетелеп,
Сайлау жерге төтелеп,
Сайлау шары өткенше
Жүреді оны мәпелеп.
Сайлау шары өткен соң,
Бай кетеді желкелеп.
Даулы болса байлармен,
Барар кедей болысқа.
Өзі сайлаған «танысқа»,
Таныс енді танымас,
Іргені салар алысқа.
Таныстан көңіл жарымас,
Байдың сөзін айтады.
Сорлы кедей қарны аш,
Селсоқ болып қайтады.
Байдың жайын айтайын,
Пара берсең қостаған,
Бере алмасаң параны
Істі аяқсыз тастаған.
Болысқа барса шағыммен,
Сараң сөйлеп жарлымен –
Бидің сөзін жықпа деп,
Билігі оның нұсқа деп,
Нығап жаман жасқаған.
Ақсақал болса болысың
Ыңғайына тартады.
Байдан асу қайда бар,
Кедейге одан қайыр жоқ,
Не жақсылық артады!
Қарсы келсе бұған да
Болыс жақтай шығады.
Бәрі айналып келгенде,
Кедейді орға жығады:
«Жақсыға тіл тигіздің,
Ат-шапан бер айыпқа,
Кім деп жүрсің байыпта!..»
Екі аяғын кедейдің
«Бір етікке тығады».
«Айыбыңа атың тарт,
Бар, үстіне шекпен жап!..» –
Десе жарлы ығады.
«Кім деп жүрсің өзіңді,
Байқап сөйле сөзіңді!
Бұл қылығың қоймасаң
Жоғалтармын көзіңді!
Тілің жаман бір итсің,
Байға тілмен тиіпсің,
Жалғыз атың тартылды.
Есіркесе қалдырар,
Қаһарланса зар қылар!..»
Кедей сорлы тұқырып,
Бұған тағы көнеді.
Жалғыз аттан айрылар,
Есі кетіп мәңгіріп,
Зорға үйіне келеді.
Көрген күні күн емес,
Талай қорлық ол көрген,
Көргені тек бұл емес.
IV
Бай-манаптың бәрі де,
Елді талап бай болған.
Арамдықпен ой толған,
Салық салып алғаны –
Қора-қора қой болған.
Әбден байып алған соң,
Қатын алуды ойлаған.
Бір дәнігіп алған соң,
Қатынға бай тоймаған.
Ел мойнында қалың мал,
Байдан оған не құрар.
Болысы бар, биі бар,
Бермесе елді шыжғырар.
Қайтарса бай тауанын,
Алады жұрт жауабын:
«Берсе, қолдан аламын,
Бермесеңдер, шабамын!»
Бай басынып алған соң,
Сөйтіп ашар аранын.
Қатын бесеу болғанда,
Мейманасы толғанда,
Байдың көнбей еркіне –
Қатын қашар төркінге.
Қашқанмен бай қояр ма,
Абыройды ашу оңай ма,
Не өзін, не малын деп,
Съезд қылар байың кеп.
Қатынды алар шақыртып,
Ояз қылар білгенін.
Қатында не қайрат бар,
Байлап берер бақыртып.
Қатынның кетер жері жоқ,
Сөйлесерге кері жоқ.
Жылай-сықтай жүреді,
Иттің күні көргені,
Тезек оның тергені.
Бұзау, қозы бақтырған,
Құр шыбыны өлмеді.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Иығында лыпа жоқ.
Дудардай боп қара шаш,
Тіл қатады ыза боп:
«Сені обалым жібермес,
Екі ай болды бір түні –
Қасыма кеп жатпадың
Жіберсең де өлтіріп,
Қылығыңа айтқаным.
Ылғи қорлық тартқаным…
Обалым, аға, мойныңда,
Шақырып үйден алғалы.
Қаратабан күң қылып,
Отын, суға салғаны.
Көп қатынның ішінде –
Теңгермейді өзімді,
Жөн көрмейді сөзімді.
Қорлықтан басқа күнім жоқ,
Жұмсаудан басқа түгі жоқ,
Қарсыласар шамам жоқ,
Еш рахат маған жоқ,
Жұмыс болды қылғаным,
Жусан болды жиғаным.
Көзіңді ашпа, ағатай,
Қызыл шоқтың үстінде
Ұстап беріп кісіге,
Азап, бейнет ішінде
Шырқырады қу жаным.
Көзің қиып қор етіп
Мені малға сатқаның.
Мені мұнша жылатып,
Көз жасымды бұлатып.
Не болмақшы татқаның?
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Бір жағынан қарным аш.
Обалым өз мойныңа –
Алған малға болдың мас!
Тентіреп жүріп өлермін,
Қорлыққа қайтіп көнермін.
Бұл қылығын қоймаса,
Көз көрмеске жөнермін.
Мұнан жаман күйім жоқ,
Үстімде жөнді киім жоқ,
Жылай-жылай өңім жоқ,
Қатты айтуға тілім жоқ.
Егер қатты сөйлесем,
Көрер тірлік күнім жоқ.
Әке менен ағалар –
Мойындарыңа обалым,
Менде енді не баға бар?!
Ұлыққа бардым жүгіріп,
Онан да шықтым түңіліп,
Жас келеді көзіме,
Жан көнбеді сөзіме.
Ұлық та байды құп алды,
Қайтадан байлап жіберді
Баяғы жердің өзіне.
Шеттен келген молда бар,
Кітап, Құран онда бар.
Жіберме деп қатынды,
Ол да құрдай жорғалар.
Шариғатын ағызып,
Тілінен май тамызып,
Бай сөзіне қосылды.
Ойлай-ойлай осыны,
Көзімнен жас сорғалар»
V
Молданың бірі ар жақтан,
Бірі келген бер жақтан,
Алдап бала оқытқан,
Жұрттың көзін шоқытқан.
Байды жақсы көрмегі,
Бай баласы бойшаң боп,
Мешітіне кіргені.
Кедей байғұс баласы
Үстінде жаман тоны бар,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Дірдек қағып жүгіріп,
Көрген күні немене,
Көктемгі жүні түспеген
Боран күпті тайдай боп,
Жұлма-жұлма түрлері.
Бай баласы киініп,
Барса оған жиылып,
Ата-анасы тұрады,
Қуаныш қып сүйініп.
Барса менің балам да,
Сондай болар еді деп,
Кедей тұрар күйініп.
Шоқайын киіп шоқаңдап,
Кедей ұлы барады:
– Төрдің алдын былғайсың,
Төмен таман отыр деп,
Молда зекіп қағады.
Екі бала таласса,
Бай баласын «жөн» дейді.
Бір молдадан басқаға
Бай ұлы да көнбейді.
Молда алдында жүрсе де,
Кедей сорлы еңірейді.
Қожа келер тау асып,
Басына сәлде орасып,
Шариғатқа мөлиіп,
Қараңғы жұрт шын ұйып,
Қалар естен адасып.
Қожа зікір түсірер:
«Малдан зекет беріңдер,
Шариғатқа көніңдер,
Қырық қойдың бірін бер,
Уа, қараңғы пенделер!
Өлігіңе бие бер,
Малмен иман алғайсың!
Ақырет қашан ойлайсың,
Малың толып жатса да
Дүниеден тоймайсың.
Малыңнан зекет бермейсің,
Сөзімді қабыл көрмейсің.
Менің де айтқан сөзімді
Құдай сөзі дегейсің.
Құраннан аят айтайын,
Сауап қылсаң ұлыңа,
Үш тоғызды байлайсың.
Ақымақ туған болмасаң,
Құдайды қашан ойлайсың?!
Байламасаң бір бие,
Ақыретте оңбайсың.
Ақыретте дозақ бар,
Басыңа қатты азап бар,
Бірің түгіл бәрің де
Есіттің бе, қазақтар!
Ақырет ісі қиын-ды,
Шариғат сөзі түйінді.
Арам малды айдама,
Арамдықты ойлама!
Зекетіңнен құтылмай,
Түйеңді әзір байлама.
Тағы қанша малың бар,
Артын тағы ойлағын.
Жүз қаралы жылкың бар,
Бір атыңды байлағын.
Артқы жағын ойлашы,
Қанша берсең көп емес,
Солай деген Алласы.
Астығыңнан құшыр бер,
Құраннан аят айтамын.
Ақыретте иман бар,
Не болмақшы жиған мал…»
Жан-жақтан көп молдалар
Жұртты күнде алдайды,
Төте жолға салмайды.
Бай, манапқа таныс боп,
Соңымыздан қалмайды,
Дем салысып, үшкіріп,
Қатым менен Құранға
Сан тоқтыны байлатты,
Қосақты қойды айдатты.
Жанды жөнге салмады.
Жемқорлыққа үйретіп,
Елдің бәрін алдады.
Ел ыңғайы түзелмей,
Сол мәністе қалғаны.
Түзу жолды көрген жоқ,
Ар-намысты білген жоқ.
VI
Николай қазған ор болды,
Көмегі оның сол болды.
Николайдың қасында
Сегіз санат қол болды.
Амалы жоқ ел көнді,
Николай тым мелжемді,
Тегеурінді, күшті еді,
Сан қиястық істеді.
Жақсы жерін тартып aп,
Крестианды зарлатты.
Жерсіз қалған крестиан,
Шоқтай болып қамалып,
Жан сақтарға жер таппай,
Көрінгенге көз сатты.
Жер болды тек арманы,
Шулап жылап қалғаны.
Қағазында бар шығар,
Сөзімнің жоқ жалғаны.
Онымен де қоймайды,
Малын алды салыққа,
Шыға алмады жарыққа,
Басып жүрер жері жоқ,
Қарсы айтар кебі жоқ,
Патша алдында еңіреп,
Егіліп кеп зарлады.
Құтылмастай бәлеге
Ылажы жоқ көнгені.
Осы болды халықтың,
Осы болды қазақтың
«Ақ патшадан» көргені.
Қазақ жері көп еді,
Жер пайдасын білетін
Білімді ері жоқ еді.
Ен байлықтың бәрі де,
Жердің жеміс нәрі де,
Алтын, күміс ол жатты,
Қорғасын, мыс мол жатты.
Бұдан бізге бүршік жоқ,
«Білімді» жұрт aп жатты.
Мұның жайын білмедік,
Көзді байлап надандық,
Қанша қор боп жүрмедік?!
Шеттен алды тіміскілеп,
Ағылшынның байлары
Асылдың бәрін биледі,
Нелер завод салмады!
Тауды, тасты тінтісіп,
Кенді қазып шарлады.
Көмір шықты бір жерден,
Темір шықты бір жерден,
Қорғасын шықты бір жерден,
Қалайы мен мыс шықты.
Алтын, күміс шығар деп,
Қарап тағы ынтықты.
Тінтпеген тау қоймады,
Табамын деп ойлады.
Біздің қазақ бейшара
Түкті білмей жүр екен.
Білмегеннің мәнісі –
Оқуы жоқ басында,
Шаруаға айналып,
Босқа қапты жасында.
Жер жақсысын кім алды,
Болыс пенен би алды,
Қарны жуан бай алды,
Мойны жуан мырза алды,
Қазынасын ақтарып,
Ағылшындар қол салды.
Алтай – Орал арасы
Сарыарқадай жер екен.
Алатау, Каспий арасы
Жетісу, Сырдың бойы екен,
Қарқаралы, Балқаш көл,
Көкше сұлу, Баян тау –
Жер жұмағы дер екен.
Айдын-шалқар сулары,
Жасыл тоғай нулары –
Толған ырыс мол екен.
Сол жер түгел таланды,
Бар шұрайды өлшетіп,
Николай патша ол алды.
Туған, өскен жерлерден
Қалың қазақ қуылып,
Бетпақ шөлге қамалды,
Көрді қыспақ заманды…
Жер жақсысын мекендеп,
Таңдап байлар және алды.
Салқын жерде сыңқылдап:
– Мынау менің қыстауым,
Деп күпінді бай, манап.
Бізге беріп нұсқауын:
– Анау менің жайлауым.
Анау күзеу жайларым,
Анау пішен шабысым,
Кедейден жер алынсын,
Бәрі істелсін айланың.
Мынау менің жоңышқам,
Оны неге алмаймын!
Кедей кетті бүрісіп,
Сөйлеріне шама жоқ,
Қатты қайырып сөйлесе,
Көзін ашар заман жоқ.
Күресерге дәрмен жоқ,
Қолдан келер амал жоқ.
Басындағы борыштан
Шошынады бейшара,
Кетем бе деп қоныстан.
Мойнына су төгіліп,
Үйге барар салбырап,
Қабырғасы сөгіліп,
Жеңі жыртық жалбырап,
«Айтсам сөзім ем болмай,
Маған берер дем болмай,
Біз сықылды сорлылар
Кімдерге жүр жем болмай».
Қапа болды ол сорлы,
Айдайын десе егінді,
Дайын тұрған көлік жоқ.
Ол кедейде ерік жоқ,
Байға серік болғалы –
Үйде жатып ойлады:
«Байым берсе көлікті,
Маған берсе ерікті,
Егін шықса бағыма –
Болар едім көрікті».
Байға барып жалынып:
– Көлігіңді беріңіз,
Сауын болса қарайлас,
Әл-күшімді көріңіз,
Сізден қайран болмаса,
Солқылдады беліміз.
Осы еді айтар шеріміз,
Мен сайлайын егінді,
Егін шықса тегін-ді…
Бай қуана көнеді,
Қос өгізін береді,
Қос өгізді жетектеп,
Дедектеп кедей келеді.
Бүрсеңдеп жүріп ол сорлы,
Көзі жетпей түбіне,
Тынбай егін салады.
Баласы жүр дірдектеп,
Әйелі жүр бірге ептеп.
Өсіп жігер-талабы,
Бәрі түсер жұмысқа.
Қосы біткен уақытта,
Арығы болса шаптырып,
Жоғы болса таптырып,
Және тынбай суарып,
– Жебеймін деп қуантып,
Пішен уағы болды деп,
Жарылқаймын сорлы деп,
Бай да аузын созды кеп.
Салған астық піскенше,
Ел етекке түскенше,
Бұл кедейде тыным жоқ.
Ұзақ жазға кедейдің
Құлдықтан бос күні жоқ.
Жағы-басы қуарып,
Ұрты-басы суалып,
Астық пісіп келед деп,
Балалары қуанып.
Егін пісті, күн жетті,
Егінді бай шолады.
Байдың сөзін екі етпей,
Кедей егін орады.
Байдың үйі асығып,
Мол егінді бастырып,
Қабы астыққа толады.
Жарылқаймын мұны деп,
Бір кәрі қой сояды.
Талай қапты қаптатып,
(Ұзақ жазға бос жатып)
Бай астыққа тояды.
Егін салған кедейді
Адам деп кім елейді?
Үштің бірі тимейді.
«Ағалығым тағы бар,
Күш-көлік те менікі,
Қырман түбі сенікі…»
Деп бай бәрін билейді.
Көзі көрген мұндайды
Кедей қалай шыдайды:
«Көнбес іске көндіріп,
Терезем тең ұл едім,
Кем болдым»,– деп жылайды.
«Тайыңды байлап шөбіме,
Мінейін,– деп,– бай-еке!»
Кедей тағы сұрайды.
Сорлы кедей момынның
Бір айтқаны келмейді.
Тайым өліп қалад деп,
Оған тайды бермейді.
Бай, манаптың бәрі де
Үйде шалқып жатады.
Ішеріне түгі жоқ,
Кедей аштан қатады.
Көрдім байдың талайын
Малдың қамын жемеген.
Тек шыжғырып малайын,
Қыс қайтеміз демеген.
Құр малы көп, тамақ тоқ,
Күні-түні ұйқы арман.
Кеудесінде сана жоқ,
Қыста малы жұтаған.
Жаздай пішен шаппаған,
Далаға айдап тастаған.
Бір кедейге бақтырған,
Қыс ортасы болғанда,
Қырылар қыс, қасқырдан.
Сол кезде бай бақырар:
«Сен құрттың қу кедей», –деп,
Жылқышыға ақырар.
«Саған ақы бермеймін,
Өлген жылқы сенікі.
Құрттың менің мүлкімді,
Бір ашпайсың ұйқыңды,
Үйге келсең шықпайсың,
Тамақ ішсең тоймайсың.
Тек құртуды ойлайсың,
Мал көрмегір қу кедей,
Бұл дүниеде оңбайсың,
Менмендікті қоймайсың.
Тіл алмайсың қылжақтап,
Неменемді аядым,
Қайсы жыртық киімің,
Білем жолың сұйығын.
Әкесі өлген адамдай,
Қарашы өңі суығын!
Бар, жылқыны жайып кел,
Жақпаған ит құрығың!..»
Тігіп берген үйі жоқ,
Келіп тұрған күйі жоқ,
Үстінде бүтін киім жоқ,
Өмірі байға жылқышы,
Қайтіп болсын тамақ тоқ.
Көйлек жаман жыртылып,
От басында итініп,
Үстіндегі шапаны –
Жұлым-жұлым, жұлым боп,
Жаман тоны үстінде, –
Бір жақ бойы бөксе жоқ.
Етігінде өкше жоқ,
Жаңбыр өтіп, қар жауып,
Боран соғып, жел қағып,
Кеткен жалшы үсініп.
Әрі дімкәс, тамақ аш,
Әрі мұндай жалаңаш,
Аш бұрлығып, күн суық.
Жалшы өрісте өледі.
«Жылқышы өліп қалды», – деп,
Біреу айтып келеді.
«Көме сал…» – деп біреуге,
Бай бұйрықты береді.
Жалшы өлгенмен, құны жоқ,
Қатын, баласы еңіреп,
Амалы жоқ көнеді.
Қарасатын жаны жоқ,
Сататұғын малы жоқ,
Аш-жалаңаш қаңғырып,
Байға келер зар қылып:
– Иемізден айрылып,
Ашылмай тұр қабағым.
Саған келдік әл құрып,
Киім жоқ, аш тамағым,
Жас баламен шұбырып,
Қай жаққа енді барамын?
Мойыныңды аз бұрып,
Тіл қатсаңшы, қарағым».
Ешбір қайыр, жақсылық
Ала алмайды бұл байдан.
«Мен малыңды алғам жоқ,
Бар сұраңдар Құдайдан.
Мазаны алмай кетіңдер,
Жақын жүрме маңайдан…»
VII
Саудагерлер келеді,
Қойдың жүнін қоймады,
Алғанымен тоймады,
Елтірі, қап, теріні,
Арзанға алып ойнайды.
Қой, жылқыны қоралап
Андижанға айдайды.
Соныменен сәудегер
Миллионшік бай болып,
Көңілдері жай болып,
Олжаға оңай дәндесер.
Бұл дағы елге зор кесел.
Бұлар да елді алдады,
Бұл да жалшы жалдады,
Қайда барса жалшыға
Бір жарық күн қалмады.
«Құдай салды, амал жоқ»
Тегін асты кім берер,
Еттерінен ет кессе,
Болды солай ел көнер.
Осылай, заман осылай,
Жұрттың жүні жығылды,
Көрінгеннен бұғылды,
Су жүрек боп апыр-ай!
Ақысын жеп сәудегер,
Жалшыларды әурелер.
Жалшы сөзі ем емес,
Оң айтса да жөн емес,
Омыраулап сөз айтса,
Оған кесік кесілер,
Екі көзі тесілер.
Атын тартып көлденең,
Шапанын да шешінер.
Бай үйіне барғанда,
Құлға кесік кестім деп,
Бәтшағарға осы да eп!
Өзінен басқа кісі жоқ,
Аяқты ұзын көсілер.
Кедейдің сол несібі:
Мойнында үлкен кесігі –
Үрейі ұшып шошынар.
Мысы құрып салбырап,
Дел-сал болып отырар.
Қатып әбден сілесі,
Қалмай және түк есі,
Қайғырар да дағдарар.
Қамап тұрған бірдеме,
Қайда барса жан қалар!
Болыс деген бір тоқпақ,
Қаққан киіз қазықты,
«Шығыныңды қой, тоқтат…» –
Дегенге жұрт жазықты.
Ел үндемей тұқырып,
Құр тілдерін тістейді,
«Шыға келер ысқырып,
Ойбай, к… қыс!» – дейді.
«Билік кімнің басында,
Байлық кімнің қолында,
Оныменен алысу –
Ашылмайтын сорың да!»
Жуан сөзі, мінеки:
«Малы, жаның кімдікі?
Қазыналық малың бар,
Дыбысыңды шығарма –
Шығар-шықпас жаның бар!
Бай, манап, би, болыспен
Күресер қай әлің бар!
Зорлығыма көнерсің,
Зорлығыма көнбесең,
Абақтыда өлерсің!
Бұл қылығыңды қоймасаң,
Біздерменен «ойнасаң»,
Көрмегенді көресің!»
Расында бұл кедей
Сол бәлеге ұрынды.
Күштіменен күресіп,
Орға, жарға жығылды.
Болысатын кісі жоқ,
Абақтыға тығылды.
Бермеймін деп шығынын,
Ашып алды тығынын.
Малынан да айрылды,
Суынан да айрылды.
Салық түсті батпандап,
Сорлы кедей қаңғырды.
Қаңғырғаны ұзын жол,
Оның айтар сөзі сол:
«Болсын деп ем тамақ тоқ,
Кемтарларды сөйлеп ем,
Тиді өзіме атқан оқ…»
Патша әділет болмады.
Бай, манаппен тоғысты.
Кедейлерді жем қылып,
Қызылына тойысты.
Тентіретіп жарлыны –
Телмеңдетіп қойысты.
VIII
Әперуге намысты,
Орнатуға ақ істі,
Қалың шаруа халыққа
Маркс – Ленин болысты.
Жұрт жұмыла аттанды,
Кім қостамас оң істі.
Күндіз-түні үндеді,
Байға кедей ду қойды,
Бастады жұрт соғысты.
Данышпандар жол тапты,
Қуат, күшті мол тапты.
Жалшыларды жуанға
Күресуге аттантты.
Қолы есеге жетпеген,
Сөзі туғалы өтпеген,
Малшы, жалшы кедей боп,
Құлшылықтан кетпеген,
Езілгендер жиылып,
Жуандармен күресті.
Ұлы Ленин бас болып,
Қанаушыға қас болып,
Бай, патшаны құлатты,
Би, болысты жоғалтты.
Совет құрды – жаңа заң,
Бұл бір атқан бақыт таң.
Жұмысшы мен шаруалар –
Жалшы, кедей, әйел боп,
Сөз сөйледі жүйелеп.
Байлар жиған малдарға
Енді өзіміз ие боп,
Алды кедей теңдікті,
Өкіметке ие боп.
Николайдың тұсында,
Кедей сорлы жасыған.
Патша тақтан түскен соң,
Көрдім елді тасыған.
Таскенедей ел сорған,
Саба құрсақ, бай, жуан,
Ел құтылды сол сордан.
Есейген енді ел көрдім,
Еңбегімен байыған,
Биелері құлындап,
Сиырлары бұзаулап,
Түйелері қайыған.
Қойы болса қоздаған,
Кедей көрем кеңесте
Келелі сөз қозғаған.
Жалшы жетті теңдікке
Бір күндерде боздаған.
Сөзі тапты жүйесін,
Малы тапты иесін, –
Иесіне мал келді,
Кедейге совет әл берді.
Советінің ұраны:
Жалшы, малай, батырақ,
Шаруаңды сәнде енді!
Жарлыны көпке теңгерген
Жұмыскер мен кедейге
Адаспастай жол берген,
Әділдікке бастаған,
Халық үшін еңбек қып,
Осы жолды өмірлік
Ленин бізге тастаған.
Жуандарды жұмсартқан
Өш алған бай-молдадан.
Большевиктің тұсында
Елдің бәрі бірігіп
Араларын ашпаған.
Бір ауызға қараған,
Бір ауыздан мақұлдап,
Тоқтам қылып тараған.
Қашқан байды қоймаған,
Ұстап алып айдаған.
Жазаларын тартқызып,
Жуандарды жоңдаған.
Совет орнап еліме,
Жерге кедей кенелді,
Байлар жымып жөнелді.
Енді қожа кім болды?
Қодаңдаған жуандар,
Тілін тістеп жым болды.
Кедей, жалшы масайрап,
Еңбек етті жерінде,
Көздерінде нұр жайнап.
Өткен күндер кедейдің
Көкірегінде тұр сайрап.
«Байлар жерді сатушы ед,
Шалқасынан жатушы ед,
Бірігіп егін салғын деп,
Бестің бірін алғын деп,
Бейнетіңді аяма,
Жібермеспін заяға,
Қосты барып айдағын,
Шабатұғын пішен бар,
Суаратын егін бар,
Қазатұғын арық бар,
Жұмыс деген тіпті көп,
Ішің, сірә, байыптар…
Менменсіген немесің,
Ашып қара көзіңді.
Кім бұзады сөзімді,
Қалжақтамай жұмыс қыл,
Кім деп жүрсің өзіңді!..»
Қорқып қалған сужүрек
Жанын қалай қияды!
Келе ме деп артымнан
Жалтақ-жалтақ қарайды.
Етек-жеңін түрініп,
Асығам деп сүрініп,
Қатынына айқайлап,
«Шапшаң кел!» – деп ойбайлап,
«Байға жұмыс қыламыз.
Боп жүрмесін бір сұмдық.
Мазасы жоқ, қу нағыз…»
Шоқпыт көйлек етінде,
Жамаулы дамбал к..де,
Қатын келер жүгіріп,
Баласының қарны аш,
Үйде жатыр бүгіліп,
Өзі тырдай жалаңаш…
Сөйткен байдың зорлығы
Өз басына келіп тұр.
Кеше қорлық көргендер,
Бүгін шат боп күліп тұр,
Бай қолынан жер кетті,
Бар қазына мал мен үй
Байдыкі емес – біздікі.
Өз қылғаны өзіне,
Ақырында кеп жетті!
Үкіметтің ұраны –
Елге өнеге үйретті:
Айтты кедей ақыл сөз!
Жақсы шығып жалшыдан,
Жарылқаған болды кез.
Енді ұлы іске бастаған,
Ескі әдетті тастаған,
Адал ниет, ақ жүрек
Арамға ауыз ашпаған,
Мизамсыз іс қылмаған,
Елді жеген жуанның
Түбін құртпай тынбаған.
Жалпыға оқу ашылған,
Білім нұры шашылған,
Балалар да жол танып,
Ел ісіне қосылған.
Үлкен, кіші деместен,
Жабыла оқу жан-жағым,
Ой жіберем осыған.
Елестер сан белеңдер,
Соның бәрін ашқан да
Қол жеткізген асқарға –
Маркс – Ленин кемеңгер!
Ақылменен жол тапқан,
Асып туған сол ерлер!
Осы менің оралып,
Қиуадан келгенім.
Жер мен суды қолға алып,
Жетісіп тұр енді елім.
Сексен бірге жеткенше,
Осы менің көргенім.
Ұзақ жолдан осындай
Менің жиып-тергенім.
Замана ағымы осылай!
Айтып бердім жүрсін деп,
Естеріңде сендердің.
Ендігісін біртіндеп
Көрсетіңдер өздерің.
Ленин туын қолға алған,
Қалың қайрат қозғалған –
Жалшы кедей досым-ай!
Күн де туды сен үшін,
Ай да туды сен үшін,
Заң жасалды ел үшін,
Серпіле түс, серпіле –
Бұрынғыдай жасымай!
1927 жылы Қазан төңкерісінің он жылдығы қарсаңында Ұзынағашта кедейлерге жер бөліп беру мәселесіне арналған қосшылар одағының уездік жиыны шақырылды. Шабындық, егістік жерлер кедейлердің меншігіне беріліп, халық қуанышты еді. Осы жиында көпшіліктің сұрауымен ақын көңілге түйген ойларын ұзақ толғайды. Жыр айтылған сәтте қағазға түспеген. Отызыншы жылдардың басында толғауды белгісіз бір адам Жамбылдың аузынан жазып алып, Қазақстан ұлт мәдениеті ғылыми зерттеу институтына тапсырған. Оны архивтен тауып алып, Жамбылдың өз қарауынан өткізіп, ақын шығармаларының 1940 жылы шыққан жинағына енгізген Е.Ысмайылов. Басқа бір дерек бойынша 1939 жылы автордың аузынан жазып алған Ғали Орманов ( , 163 б.). «Замана ағымы» толғауы Жамбыл ақынның 1940, 1946, 1955, 1957, 1971, 1982, 1996, 2014 жылдардағы жинақтарында жарық көрді. Сабыр Шәріпов жазып алған нұсқасы Орталық ғылыми кітпахананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұр. Жинақтарда жарияланған мәтін 1039 жолдан тұрса, қолжазба нұсқасы 1276 жолды құрайды. Қолжазба нұсқасы бұрын жарық көрмегендіктен, екі мәтінді де беруді жөн көрдік.
Әр жылдардағы басылымдарға салыстырулар жүргізгенде жеке сөздің жазылуының, жыр жолдарының айырмашылығын көрсетті.
1955, 1957, 1971 жылдардағы басылымдарда толғаудың бастапқы 4 жолы жоқ:
Сексен бірге жас келіп,
Әрнемеден жасқандық.
Кәрілік деген тақымдап,
Өлім қалды жақындап.
Осы жылдары шыққан жинақтарда жыр жолдарының біраз қысқарғанын байқадық.
1940, 1946 жыл – Жамбыл сынды қартыңнан.
1955, 1957, 1971, 1982, 1996, 2012 жыл – Жамбыл сынды қартыңа.
Осы жинақты дайындау барысында 1940, 1946 жылдардағы басылымдар негізге алынды.
1940 жыл – Ақылыңнан ойлай бер.
1946, 1955, 1957, 1971 т.б – Ақылыңмен ойлай бер.
1955, 1957, 1971 жылғы басылымдарда мына жолдар түсіп қалған:
Мезгіл болса өтіп тұр.
Ұлғайған бұл шағымда
Қуат болса кетіп тұр.
1940, 1946 жыл – Шернияз бен Шортанбай.
1982, 1996, 2014 жыл – Шернияз бен ұлы Абай.
1955, 1957, 1971 жылдардағы басылымдарда мына жолдар жоқ, алынып тасталған:
Замана деп толғанған,
Ел қайғысын қолға алған,
Абылайдың алдында,
Сөз сөйлеген болжаудан,
Бұхар жырау о да өтті.
Шернияз бен Шортанбай,
Дулат пенен Сүйінбай –
Сөздері жел-құйындай,
Өтті еңіреп олар да.
Жоғарыдағы «Сөздері жел құйындай» жолы 1982, 1996, 2014 жылғы басылымдарда «Сөздері жез құйындай» деп өзгертілген.
1940, 1946 жылдардағы басылымдарда Шернияз бен Шортанбайдан кейін Досқожа мен Нысанбайды атайды.
1982, 1996, 2014 жылдардағы басылымдарда мына жолдар жоқ:
Дүниеде анық өлмегім,
Артта қалсын өрнегім.
«Қалдырдым сөз артыма» жолындағы «сөз» 1982, 1996, 2014 жылдарда «өз» болып ауыстырылған.
1940, 1946, 1982, 1996, 2014 жылғы басылымдарда:
Оқы, міне, сөз қалды!
Адыра қалып ескі заң,
Жаңа мизам басталды.
1955, 1957, 1971 жылдарда:
Тыңда,міне, сөз қалды!
Адыра қалып ескі заң,
Жаңа дәуір басталды.
«Қырық пышақ боп қырылысқан» жолы 1957, 1971 жылғы басылымдарда «Қырық пышақ боп қырқысқан»деп өзгертілген.
1955, 1957, 1971 жылдарда мына жолдар жоқ:
Жалаңаш шекпен етінде,
Секпілі бар бетінде,
Қайтеміз деп дірдектеп,
Бай манаптың к..,
Жан сақтамас секілді
Мына жолдар 1940, 1946 жылғы басылымдарда бар, басқаларда жоқ:
К… қазық қақтырып,
Үні шықпай үндерге.
1940, 1946, 1955 жылғы басылымдардағы «Нағыласың өңгені» жолындағы «өңге» кейінгі басылымдарда «өзге» сөзіне ауыстырылған.
1940, 1946, 1955, 1957, 1971, 1982, 1996 жылдар – Болыс жақтай шығады,
2014 жылы – Болыс жақтан шығады.
«Елдің болып кекті ісі» 1957, 1971 жылдары «Елдің болып кекті іші» деп өзгертілген. 1940, 1946, 1955, 1957, 1971жылдардағы «Сөйлесерге кері жоқ»сөйлемі 1982, 1996, 2014 жылдары «Шағынарға кісі жоқ» делінген.
1955, 1957, 1971 жылдары:
«Бір дәнігіп алған соң, Қатынға бай тоймаған»алынып тасталған.
«Қайтарса бай тауанын, Алады жұрт жауабын»алынып тасталған.
1953 жылы «Қатынның кетер жері жоқ, Шағынарға кісі жоқ»алынып тасталған.
1940, 1946, 1955, 1957, 1971 жыл – Қасыма кеп жатпадың.
1982, 1996, 2014 жыл – Қасыма кеп кетпедің.
1955, 1957, 1971 жыл – Тең көрмейді өзімді.
1940, 1946, 1982, 1996, 2014 жыл – Теңгермейді өзімді.
«Көз көрмеске жөнермін» сөйлемі 2014 жылы «Көз көрмеске жеңермін» деліген.
«Қайтадан байлап жіберді» сөйлемі 1955 жылы «Қайтадан айдап жіберді» деп өзгертілген.
1940, 1955 жыл – Жан-жақтан кеп молдалар.
1946, 1957, 1971, 1982, 1996, 2014 жыл – Жан-жақтан көп молдалар.
1955 жыл – Осы болды орыстың.
Басқа басылымдарда – Осы болды халықтың.
1940, 1946 жыл – Күресер қай әлің бар.
1955 жыл – Күресер қай бар әлің.
Басқа басылымдарда – Күресер қай елің бар.
«Шапанын да шешінер» жолы, 1955 жылғы басылымда «Шапаны да шешілер» болып келеді.
1955 жылғы басылымда 7-тараудағы 21 жол, 8-тараудағы 43 жол түсіп қалған.
1940 жылы «Жанын қалай аяйды» жолы басқа басылымдарда «Жанын қалай қияды» болып өзгертілген.
1940 жылғы «Шоқпыт көйлек етінде, Жамаулы дамбал к..де» жолы басқа басылымдарда жоқ.
«Замана ағымының» қолжазба нұсқасы Қазақстан Республикасы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында (645-бума, 3-дәптер) сақтаулы. Қолжазба қалың дәптерге күлгін сиялы қаламмен араб қарпінде жазылған. Толғаудың алдында «Жамбыл мен Сарбастың» айтысы бар. Қолжазбаның алғашқы бетінде «Жинап тапсырған – Шәріпов Сабыр, 1927 жыл» деп жазылған. Қолжазба нұсқасында ақын шаруалардың өмір тіршілігін, ауыр тұрмысын толығырақ суреттейді. Басқа басылымдарда жоқ жыр жолдары бар, басқа жинақтардағы кейбір жолдар қолжазбада жоқ. Жамбыл шығармаларының бұл толық басылымында «Замана ағымы» толғауы араб қарпінен аударылып, қолжазба нұсқасы бойынша даярланды.
Т.Әкімова