Әр жылдары айтылған дастандарының толық нұсқасы
Ақ көбікке оранып,
Толқыны тоқсан бұралып,
Арықтай аққан арналы,
Жамбыл бір жыр жырласын,
Жұрт хикая тыңдасын
Өтеген батыр туралы.
Хикая емес бұл өзі,
Өз жанымнан шығарған,
Есімде жоқ осы жыр –
Қайдан, қалай алынған.
Мұны ызыңдап даладан,
Жырлаған ескен жел маған.
Бұл жырды мен естігем –
Тағы құлжа үнінен.
Бұл жырды мен естігем –
Бұлбұлдың тәтті күйінен.
Бұл жырды мен естігем –
Ер Өтеген туралы,
Саңқылдап шыңның қыраны,
Аңыз еткен күнінен.
Бұл жырды мен естігем –
Тулаған толқын дөңінен.
Бұл жырды мен естігем –
Шөбінен, дала гүлінен.
Бұл жырды мен естігем –
Жұлдыздың аққан көгінен.
Бұл жырды мен естігем –
Өрінен ескен желінен.
Бұл жырды мен естігем –
Сай-саланың шегінен.
Бұл жырды мен естігем –
Безіп жүріп ауылдан.
Бұл жырды мен естігем –
Жыршыдан, ақын қауымнан.
Жылды айналып, жыл озып,
Өтеген өліп, қол үзіп,
Сапар шекті келместей.
Алайдағы тарихтың,
Ауызында халықтың
Аңыз қалды өлместей.
Сол туралы, мінекей,
Домбыраны сөйлетем.
Өтегенді мадақтап,
Жырға қосып тербетем.
Халық айтқанын қостаймын,
Артық сөзді қоспаймын,
Жырымды желше гулетем.
«Халық айтса, қалпы айтпайд»,
Мен де сонан асырман.
Шынайы берен тұлға еді,
Келе жатқан ғасырдан.
Жаздың жылы түні еді,
Өтегеннің тууы,
Жетісу ед мәулеті,
Сырымбет ед әулеті,
Дулат еді руы.
Түннің желі бесік боп,
Тербеткен бөбек уызды,
Қасара біткен маңдайдан,
Жан еді қос мүйізді.
Бала жастан әлпештеп,
Баққан оны гіл кісі ед.
Қасара біткен қос мүйіз,
Батырлықтың белгісі ед.
Жеңілмес жалын боп өскен,
Ақылға, күшке, болжауға,
Тартқан сымдай тал бойы,
Ұқсаған тағы құлжаға.
Өсті батыр тұлғалы,
Жолбарыстай қарулы,
Қырандайын қырағы,
Арыстандай айбарлы,
Жүз кісінің ішінде,
Ол бір жүрген дүлегей,
Бір өзі батпан бірегей.
Аң аулауда, бәйгіде
Атағы шыққан әйгіге,
Жан еді бір думанда
Жабықпаған жалғанда.
Мейірімді ана иетін,
Бөбегін сүйіп, өрімін.
Сондай-ақ о да сүйетін,
Көшпелі қазақ өмірін.
Жетісу қазақ қонысы ед,
Мамығы майда оралған,
Күндер болған бір кезде
Сол жер қанға боялған.
Бір кездерде алакөз
Болған сол жер аймағы.
Ұрыс, қағыс болған кез,
Қырғыз, қазақ, қалмағы.
Найза ұшталып, тұлпарлар
Жортып, жебе жарқылдар.
Күндер болған өлікке,
Қара қарға қарқылдар.
Он сегізінші ғасырда,
Далада, қырдың басында,
Ақ жағалы, жез топшы,
Патша жорық ашуда.
Дүре соғып дүрілдеп,
Бүлдірген елді біріндеп,
Атуға да, асуға.
Көшпелі елді қырғандай,
Бұзып, қырып, өртеді.
Ол күн қара борандай
Болып кетті ертегі.
Еміренген дала күңіреніп,
Жайлауларда, тауларда
Жетісу бойы тебіреніп,
Қуырылған патша, хандарға.
Өтеген сонда ойқастай,
Талабынан таймастай,
Ызаланып, өршігіп,
Тұлыбы тола тершігіп,
Бұл өрт оған болмады,
Халықпен бірге жанбастай.
Күшінен бірақ танбады,
Суарылған алмастай.
Жұрт білмегенді ол білді,
Боларын сезді әлемет.
Патша тігіп ордасын,
Халықтың бұзып қордасын,
Қан төгерін керемет,
Жұрттан бұрын ол сезді.
Қайғыға халық түсерін,
Патша алдында бас иіп,
Хандардың ант ішерін.
Өтеген сезді хандардың
Арам, пасық ниеттерін,
Халықты сатып, патшаның
Киерін шенін, шекпенін.
Ер Өтеген олардан
Қорықпады – шынықты.
Ұзақ сапар шегуге,
Дайындады жорықты.
Жинап болып нөкерін,
Жарқылдады ол қырандай.
Батыр барлық халықпен
Ақылдасты ұрандай:
«Арыным – батыр арыны,
Дабылым – халық дабылы»,
Ақ жағалы патшаның
Жақындап тұр жорығы.
Жетісуға жендеттің
Түскелі тұр құрығы.
Жетсе жендет нөкері,
Халықтың сөзсіз құруы.
Айдан анық қан қылып,
Ұл-қызды тұтқын қылуы.
Малды айдап, жерді алып,
Таялды қуып шығуы.
Олар келіп халықты,
Көк өспейтін жерге айдайд,
Көрместей ғып жарықты,
Күн түспейтін жерге айдайд,
Күнге қақтап, көктемде,
Су түспейтін жерге айдайд,
Аспанда ыстық күн шыжып,
Жел еспейтін жерге айдайд,
Сағым ойнап, құм қайнап,
Үйлеспейтін жерге айдайд.
Сондай жерге шыжыған
Кім барғысы келеді.
Барған адам ол жерге,
Жапан түзде өледі.
Жерді, суды патша алад,
Жүрегім соны біледі.
Ауылды апат күтіп тұр,
Нар тәуекел жетіп тұр,
Алға қарап аңқылық,
Күтудің не керегі?
Кім белсенед, кәнекей,
Күшін жинап жорықта?
Үйірінен айдатып,
Тұлпар атын байлатып,
Қайсың әзір шығуға,
Өтегенмен жорыққа?
Өтегеннің талабы,
Майданнан күтпейд бағаны.
Келген кезде кезегі,
Дүние жүзін кезеді.
Қара қазан, cap бала
Қамы үшін қамдана
Қонысқа жер іздейді:
– Мен табамын, табамын
Бұлақ аққан жерлерді,
Көгі көктеп, гүл жарып
Құрақ атқан жерлерді.
Төрт түлікке ыңғайлы,
Толқын көлі, тоғайлы,
Көгінен нәубет, жерден нұр,
Құлап жатқан жерлерді.
Жұт болғызбай, құт қонған,
Қой үстіне бозторғай
Жұмыртқалап, бақ қонған,
Сүйікті қазақ халқына
Ұнап жатқан жерлерді.
Өтеген қарап жатпады,
Пайдасыз сөз айтпады.
Ұрандап елді шақырды,
Батыр кірпік қақпады.
Елу жігіт бел байлап,
Мақұлдасып, ыңғайлап,
Ақылға айтқан тоқтады.
Ұрыс, керіс тоқталып,
Насырға – айғай шаппады.
Қай үйден кім шығады,
Санап жұртты саптады.
Өтеген бастап бұл ісін,
Жорыққа оны-мұнысын,
Екі жылға жеткендей
Етіп бал, шай, күрішін,
Бөліп үйір жылқысын,
Жібек жал тұлпар бұлдысын,
Қыздың сұлу, құндысын,
Жігіттің балуан, ірісін,
Таңдап алып төлежіп
Өткір көзбен жер сүзіп,
Тұлпарының тұяғы
Саз балшықтай тасты езіп,
Жөнелді батыр жорыққа,
Нөкермен түзеп жүрісін!
Жортқан жолдың шаңдағы,
Ақ бұлттайын алысқа,
Бұрқырап атып жол тартты,
Қытай жақ, күн шығысқа.
Жүрді олар жорықта
Жол тартқандай Меккеге.
Таудан, құздан, өзеннен,
Кездесті талай өтуге.
Жүре-жүре өздері,
Алтын күннің аясы,
Көрінді түскен қарасы,
Жақындады Пекинге.
Ол жердің миуа, жемісі
Күнге күйіп қабысқан.
Даласында жүр кісі –
Бүгіліп жерге жабысқан.
Ұлтарақтай өлкесі,
Адамы көп, жері тар,
Өтегеннің көзіне
Көрінді ол жер – қыспақ, жар.
Өліп-өшіп ондағы ел
Күріш еккен алқына.
Қытайда қоныс болмады,
Қоныстар қазақ халқына.
Жігіттер шаңға шалдығып,
Азап тартты, түн қатты,
Ол жерден қоныс таба алмай,
Ізінше кері жол тартты.
Сайды, құзды, тауларды,
Жұлдызды түнді таптады.
Өтегеннің нөкері
Сонда да қажып қайтпады.
Ереуіл ерлер ерісіп,
Жетті жортып Еділге.
Өртеніп күн батқан кез,
Қан толқынды Еділде.
Көңілсіз Еділ бойлары
Ерлерді құп алмады,
Тұнжыраңқы аймағы,
Жабырқаңқы жан-жағы.
Ол кез Ресей патшасы
Еділге бұғау салғаны,
Сезілді езіп зарлатқан,
Салғаны елге найзаны.
Осыдан бастап патшаның
Тігілді орда, іргесі,
Көшпелі қазақ еліне
Ол орда болды түрмесі.
Арандайын ашылды,
Қорқау патша құлқыны.
Қызды күң қып зарлатып,
Айдап алды жылқыны.
Онан да әрі алқалап,
Өтеген батыр айқайлап,
Түсті сыпыра жортуға,
Дабыл ұрып жарқылдап.
Тағы да тау, құз жол тосып,
Алдында жел аңқылдап,
Үйсіз-күйсіз Өтеген
Жиһан кезіп ертеден,
Кешке дейін салпылдап.
Суыққа тоңып қысты күн,
ЬІстыққа күйіп жазды күн,
Қобызындай Қорқыттың
Безілдейді қалтылдап.
Таң атып, күн батқанша,
Жұлдыз сөніп жатқанша,
Жел аударған қаңбақтай,
Жортуылда жортақтай
Аттың басын тартпады.
Су суалып, шөп қуарып,
Күн жер көнін қақтады.
Сол жердің барып шөліне,
Өтеген қазақ еліне,
Қоныстар жерді таппады.
Аттың басын доғарып
Тойғызып, жемдеп суарып,
Өтеген енді бет қойды,
Ақтөбеге қайтқалы.
Қылыштары жарқылдап,
Ер-тұрманы жалтылдап,
Жорытқанда жер тарпып,
Ойнақтады аттары.
Басып өтті белінен,
Талай асқар құздардың,
Естілді үн көлінен,
Қанаты талған қаздардың,
Жер танабын қуырып,
Сарбаздары серілді.
Бір уақытта жарқырап,
Ақтөбе де көрінді.
Көзбен шалып сол кезде,
Қара жолдан қиырды,
Шалқыған өзен бойына,
Үй тігуге бұйырды.
Өзен ағып күрілдеп,
Сай-саланы, даланы
Алып жатты гуілдеп.
Соқты салқын самалы,
Сапырулы cap қымыз,
Мұрын жарып барады.
Жігіттердің отырған,
Ашылды сонда-ай қабағы.
Тіл қатпады Өтеген,
Ұштасып ойдың сабағы.
Құстай ұшып ұшқыр ой,
Көздің де шырымын алмады.
«Әйелімді алыста,
Өксітіп үйде қалдырдым.
Жапан түзде жол шегіп,
Қорқыттай-ақ қаңғырдым.
Күн күркіреп аспанда,
Нажағай ойнап жатса да,
Жанарымды жандырдым.
Мен халқымды сүйемін,
Оған қоныс табармын,
Шалқып жатқан шалғынның,
Шұрайлы жерін алармын», –
Өтеген отыр тұнжырап.
Деген ойда маужырап,
Түн көрпесін тұйықтап,
Үнсіз дала, көк шатыр,
Астында аспан жұрт жатыр,
Жігіттер қалды ұйықтап.
Көктегі нәзік алтын ай,
Құлындай сұлу айқын ай,
Жұлдызды көгін жайлауын,
Жайлаған жанып жарқырай.
Тынышы кете жыбырлап,
Сөйлескендей сыбырлап,
Жұлдыз бен жұлдыз қалтырай,
Бір уақытта сырылдап,
Шөптің басы шуылдап,
Ескендей жел ышқынып,
Жұрт та шошып оянды,
Аттар дағы пысқырып,
Жұрт үрпиіп тұрысты,
Бір-біріне ығысты,
Мұрын жарған күлімсі,
Сезді бір жат иісті.
Иіс мұрын жарғандай,
Қоңырсып киіз жанғандай,
Жігіттер көзден жас алды,
Шын бір сұмдық болғандай.
Кейбіреуі – ойбайлай,
Айдалада қалғандай.
Жүректері қысылды,
Тарылып дем алғандай.
Жігіттер тұрып дүрлігіп,
Бір-біріне тығылып,
Біреуі сонда сөйледі:
«Біздер болдық сормаңдай,
Осы түн естен танғандай,
Секілденіп сезілді,
Құрығын ажал салғандай».
Құралайды көзге атқан,
Өтеген мерген толғанбай.
Қорқуды еш ойланбай.
Тұрды жалғыз сескенбей,
Тұлыптан шыққан тұлғасы,
Майданда қанат жайғандай.
Ол сабырлы дауыспен,
Жігіттерге тіл қатты,
Иісті сезіп тұрғандай:
«Бұл күлімсі зәрлі иіс,
Айдаһардың иісі.
Болар жылан ордасы,
Қорқыныш емес мұнысы.
Тойып ұйықтап айдаһар,
Жатқан шығар, саспаңыз,
Не болса да күтелік,
Жігіттер, қорқып қашпаңыз!
Зәрлі аш жылан болса егер,
Айбат шашып шабар ед.
Нар тарпыған шыбындай,
Бізді жалмай жарар ед.
Бізге айбат шашпаса,
Осы жерде болалық,
Ашық аспан астында,
Тынығып дем алалық».
Күншығыс жақ өртке ұсап,
Күн шығарда қызарды.
«Көріп тұрмын – қозғалды,
Айдаһарды у-зәрлі».
Жігіттер де қалшылдап,
Қалмайды үрей-үрейден.
Күн де шығып, таң атты,
Қорқыныш, бірақ, тым қатты,
Түнеріңкі түніңнен,
Біріне-бірі тығылып,
Жұрт қысылып жаншылды.
Осқырып, зәрді сезгендей,
Ат құлағын шаншады.
Қара терге шомылып,
Қара жерге қан сиді.
Өтеген батыр бұқпастан,
Қорқып-сасып жатпастан,
Атына мінді аршындап,
Шімірігіп қас қақпастан.
Бітімге келер кісідей,
Өтеген батыр сассын ба,
Айдаһарға тұп-тура
Қарсы жүрді бет бұра.
Баратқандай секілді,
Тақсыр қарсы тақсырға.
Ысқырғанда айдаһар,
Тізе бүкті жас тұлпар.
Өтеген барып айқасты,
Өртеген желдей дем алып.
Айдаһар мың бұралып,
Ауыздан жалын, от шашты.
Қозғалған таудай қалтырап,
Найзағайдай жарқырап,
Толқындайын тауланып,
Қомданды жылан қос басты.
Шұбарлана шабынып,
Күн көзіне шағылып,
Жылтырап әйнек қос көзі,
Шатынады жарылып.
Шатыната жартасты,
Өтеген сонда баптана,
Қаруланып қаттана,
Тұлыптан түгі шықты да,
Тұлпарының қос көзін
Бір қолымен жапты да,
Шамырқанып, шамданып,
Соғысуға қамданып,
Қос тізгінін жай тартты.
Айдаһарға шүйіліп –
Сөйтті дағы тіл қатты:
– Әй, керемет мақұлық,
Жатып ап зәр шақырып,
Отты аузыңды ашасың,
Айбатыңды шашасың,
Бүйтіп неге тасасың?
Шаша берсең зәріңді,
Жылқымыз безіп қашатын?!
Қимылдасаң қып етіп,
Қалтырап дала босатын,
Жолды байлап өткізбей,
Жігіттерді кеткізбей,
Тоғыз жолдың торабын,
Неге бүйтіп тосасың?
Мен бір батыр Өтеген,
Жетісуда жұртым бар,
Шалқардай шалқып қайнаған.
Қуатты менің халқым бар,
Ұзақ жолға жорытқан.
Сапар шеккен қалпым бар,
Мені ыстық күн жандырған,
Мұздақ жаңбыр тоңдырған,
Шөліркетіп шөл дала,
Еліркеткен ен дала,
Жол қатам деп қақтығып,
Ауызым дәм татпаған.
Бір жыл емес, көп болды
Мен шыққалы елімнен.
Қиялай жортып асқанмын,
Талай таулы жеріңнен!
Көзімше менің күнің жоқ,
Қызара барып шықпаған,
Көзімше менің күнің жоқ
Өртене барып батпаған.
Қыспағы жоқ, көңілді,
Жайдары, жайлы өмірді,
Іздегелі көп болды.
Қондыру үшін ен жарып,
Бақыт келіп, бақ дарып,
Тұратұғын оңдалып,
Халқымды, қазақ елімді.
Қарасам сондай іреңің,
Сенің де мендей жүрегің,
Іздегендей тыныш жер.
Жүрер шағым жетіп тұр,
Ойымда өмір бекіп тұр.
Халқым асу күтіп тұр,
Бөгеме, өткіз, жолды бер!…
Ирелеңдеп айдаһар,
Құбылған түгін оңдады.
Көзін ашып, құлағын,
Тіге сөзді тыңдады.
Өтегеннің жалынды,
Батырлық сөзін орынды
Тыңдады да, қолдады.
Денесін ішке жиырып,
Дегендей «мақұл» иіліп,
Өтегенге жол беріп,
Сапарын қолдап, жолдады.
Күн сәулесі құлпырды,
Жігіттер жолға ұмтылды,
Жортуылға түскен соң,
Қорқыныш, түнек ұмытылды.
Жүрмесе де ақырын,
Шыққасын алты-ақ шақырым.
Тоқтады тағы топтанып,
Айдаһар шықты оқталып.
Өтеген енді мұнысын,
Көрейін деп ұрысын,
Қарсы жүрді тағы да,
Қарыс жауып қабағын,
Суырып қыннан қылышын.
Айдаһар жатып ышқынды,
Тұндыра құлақ ысқырды,
Құйрығымен жерді ұрып,
Жер сілкінте күш қылды.
Айдаһар енді шамданып,
Көбік шашып шорланып,
Тауға қарай талпынды,
Ишарамен білдіріп,
Өтегенді шақырды.
Жүз құбылып толғанып,
Мұнарланған тауына,
Шұбар жылан жауына,
Шымырқатып шабына,
Өтеген де жөнелді,
Айқаспақ боп қомдана.
Олардың сол кез алдынан,
Өрмелеген тауынан,
Екі тасқын күркілдей,
Өрден тасып бүлкілдей,
Толқыны тулап, тасқа ұрып,
Ақ көбігі күркілдей,
Тауды орай аққаны,
Көктегі қосақ кемпірдей
Ақты таудың жарынан,
Таудағы сайдың төрінен,
У шашқандай зәрінен,
Тұра қалды ысылдап,
Айдаһар таудың баурынан.
Жақындап барып Өтеген,
Қарап таудың қуысын,
Айдаһарға беттеді.
«Шық, тезірек шық!» деді,
Жарқылдатып қылышын,
Жер астынан ышқынып,
Айдаһар қатты ысқырып,
Шық дегендей майданға,
Тұрғандай-ақ жалмауға,
Шығарды даусын күштірек.
Өтеген тұрды долданып.
Салқын қанмен шамданып –
Айдаһар шықты бір кезде
Үсті қанға боялып.
Екеуі қарсы кездесті,
Шамданысып, шендесті,
Дауысымен ақырған,
Айдаһар қорқып батырдан,
Бұққан шақта, тіл қатып,
Өтеген былай тілдесті:
– Ей, әбжылан, тауып су,
Денеңдегі қанды жу.
Сүйт те, ініңе қайта кір,
Қарсыласқан жауды қу.
Майдандассаң мен әзір,
Соғыссаң қазір белді бу!
Айдаһар кірді ініне,
Қара жердің түбіне.
Тау жырадан ащы айқай,
Шықты, бақсаң үніне.
Сол кезде іннен қан зулап,
Өзендей ақты төгіле.
Іннен қан мен су шықты,
Бумен бірге шу шықты.
Бірін-бірі шағысып,
Біріне-бірі тұншықты.
Іліп зәрлі тырнаққа,
Бірін-бірі улап та,
Жанталасып алысты.
Жас жылан болмай қарысты,
Айбат шегіп шабысты.
Жасының ойы сондағы:
Кәрісін қуып у шашқан,
Інін тартып алмаққа.
Кәрісі шақ дәрменде,
Hәp қалмапты әлден де.
Өтегенге ол қарады,
Кел дегендей жәрдемге…
Көздеп тұрып Өтеген,
Көзіменен жетеген,
Жас жыланға оқ атты,
Атқан оғын жасының
Маңдайынан қадатты.
Оғы мұрттай ұшырып,
Жас жыланды құлатты.
Мергендігі батырдың,
Жігіттерді таңғалтты.
Қарт айдаһар қуанып,
Тасқын суға жуынып,
Үстегі қанын тазартып,
Түлете түгін жайнатты.
Қонақтарын күтуге,
Құрмет етпей қалмапты.
Бәрін жинап жартасқа,
Сый көрсетіп сырласқа,
Өтегенге бейшара –
Көрсетіп сыйлық ишара,
Асқан батыр екен деп,
Күшіне оның таң ғапты.
Онан да асып Өтеген,
Таудан, тастан, төбеден,
Іркілмей жортып отырып,
Жетті қалың орманға.
Деген кезде күн батты,
Есін жиып әбжылан,
Ізінше тауға қайтадан,
Жылмаң қағып жорғалап,
Жігіттерге қарауға
Қорқып, бұғып, қорғалап,
Мекеніне жол тартты.
Орманда, жерде күз күні,
Жерде шық бар, сыз күні.
Қарағайдың түбінде,
Тұрған жақсы ақ үйді,
Келе жатып шалады
Өтегеннің көздері.
Атыменен Өтеген
Жетіп келді үйге нақ.
Жеткенде үйден үн шықты,
Күркіреген күндей-ақ:
– Өтеген деген сенбісің,
Қамалды бұзған ермісің?!
Мың күн жортып жол-жолай,
Тауда безген құлжадай,
Жиһанды кезіп жүрмісің?!
Неге тыныш таппайсың.
Үйіңе неге қайтпайсың?
Шарламаған жерің жоқ,
Судан өзге құрлықты,
Жол ғып жортып таптайсың.
Мықты болса білегің,
Түкті болса жүрегің,
Атыңнан түс те, үйге кір.
Қарағайдың түбіне
Жігіттерің тоқтасын!
Аттан түсіп батырың,
Үйге кірді ақырын.
Кіріп ед үйге жайменен,
Қарсы алып Ғайыперен
Деген кәрі көрінді,
Аппақ қудай сақалды,
Жарқыратып ақ басын,
Үйдің жары жақпардай,
Қырау шалған ақ қардай,
Сәлем беріп Өтеген,
Жөн сұрауға төтеден
Сөйледі, тіл қатқандай:
Ақ сақалды, ақ шашты,
Қария, ата, көп жасты.
Жортар жолым мың тарау,
Шаршадым рас, өң қашты.
Маған қажет ел табу,
Кepi қайту, үй табу,
Жүретін жолым тұйықтау,
Қиынырақ жол табу.
Жиһанда жол көп, я өлу
Керек я маған жер табу.
Жетісу, елім, аймағым,
Қыстауым да жайлауым,
Соған алып баратқан.
Бар жаңалық хабарым.
Елім жаңа қонысқа,
Қонса ұшырап ырысқа.
Күткен өмір жайнауын,
Құмырсқа да илеуін.
Шегіртке де жырасын,
Іздемей ме жайлы орын,
Бозторғай да ұясын.
Әркім жайды көздеген,
Балық та су іздеген,
Халқым үшін мен қалай,
Сұлу жерді іздемен?!
Көрдім талай, көремін,
Жиһан кезіп келемін.
Халқым үшін бас қиып,
Не болса да көнемін!
Деді оған Ғайыперен:
– Жолың болсын, Өтеген!
Сен мұзбалақ қырансың,
Түйілетін төтеден,
Алтайы жүйрік маралдай,
Қашсаң құтылып, қуғанға
Қас қаққанша жетеген.
Алдыңда сенің майдан бар,
Оған айтар, айлам бар;
Түнде барма үйіңе,
Күндіз барсаң жайдан бар.
Жұмыста да, соғыста
Ақылыңды ашу қыспасын,
Ашушаң болсаң, сол қолың
Оң қолыңды ұстасын!
Өтеген иіліп, бүгіле,
Ұсап туған ұлына,
Рахмет айтып кәріге,
Аттанды жортып жолына.
Тағы да жазық, тау, дала,
Жақпарланып, жалдана,
Мұнарланып көрінді,
Шапқан жолы шаңдана.
Жылаған даусы естілді,
Желінен жазық даланың.
Секілді емес ол дауыс,
Яки аңның, адамның.
Бұл дауысты Өтеген,
Жігіттерге айтты да,
«Білейін» деп жөнелді,
Құйындатып шапты да:
– Жау болса, табанда өлтірем,
Дос болса, бірге келтірем;
Айғайға қарсы шаппасам,
Батыр боп не бітірем?
Оқтап мылтық, қылышты,
Білуге шыққан дыбысты,
Барса Өтеген айдаһар,
Талықсыған тынысты.
Айдаһардың жүрегін
Шаққан екен әбжылан.
Шашқан екен у-зәрін
Сусылдаған әбжылан.
Шаққан зәрі жүрекке
Дарыса, дем алмас ед,
Ол айдаһар ол кезде,
Жерде тірі қалмас ед.
Өтеген сонда ойлап кеп:
«Тимесе егер атқан оқ,
Әбжылан оқтай зымырап,
Секіреді-ау, маған деп;
Оқ тиіп егер әбжылан,
Сеспей қатса қылжия,
Болар еді-ау, деді шын,
Айдаһар маған риза».
Атып келіп жіберді,
Тек күрс етті оқ күшті.
Быт-шыт боп басы әбжылан,
Өрем қауып оққа ұшты.
Сонан кейін Өтеген,
Жігіттерге оралды.
– Не болды? – деп, анталап,
Жаудырды олар сұрауды.
– Түнде текке кетем бе,
Әбжыланға оқталдым,
Сеспей қатты әбжылан,
Айдаһарды құтқардым.
Ал, ұйықтаңдар, жыланнан,
Пәле келсе көрермін.
Айдаһардың, тірі аңның,
Сазасын өзім берермін!
Айдаһар исін сезсеңдер,
Ойланбаңыз қорқуға.
Ол келсе тек келеді,
Бізге сыйлық тартуға.
Енді бізге қауіпті,
Жыландар да жолықпайд.
Аң да аңғарған шығар-ау,
Аңнан жүрек қорықпайд.
Ағашты қойып еселей,
Ұйықтап жатқан кісідей,
Етіп, басына ер жастап,
Үстіне шапан жабамыз.
Кісі екен деп аң келсе,
Бағып тұрып аламыз.
Сүйтті, соған тоқтады,
Жел де самал соқпады.
Бағып қана күткендей,
Түн бойы от жақпады.
Түннің толған ортасы ед
Шөпті де сыбырлатпады,
Сусып жылан жорғалап,
Көк жұлдызсыз, қорғалап,
Айды бұлт қаптады.
Ысылдаған айдаһар,
Көрінді жалын атқаны.
Ажал оғы келе ме, –
Деп біреуі біріне,
Жігіттер тағат таппады.
Тал бойы талдай бұралып,
Өтеген тұрды сұрланып.
Қорықпады – басынан,
Талай майданды ақтаған.
Құс оянып таң алды,
Шырылдап, жырлап ән салды.
Ұйықтаған боп қатты ағаш, –
Киіммен жауып тастаған,
Кісі орнына жатты ағаш.
Айдаһарға басына,
Жігіттер жетті қасына,
Айдаһардың үстіне,
Қараса басын ішіне,
Жиырып алып, шықпаған,
Жыланның басы талпынған,
Қапталған толып алтыннан.
Адам ойлап таппаған,
Сары құмандай алтынды
Өтеген алып жалқынды.
Деді Өтеген: – Бұл екен,
Айдаһардың сыйы екен,
Беруге бізге сақтаған,
Ізгілік, достық істесек,
Алтын, күміс береді.
Егер қастық істесек,
Зұлымдық уын төгеді.
Ізгі болсақ біз егер,
Әділдіктің жолында,
Ешуақытта болмаймыз
Зұлымдықтың торында.
Халық үшін қасық қанымыз,
Аяусыз болсын жанымыз.
Болысалық әрдайым,
Жетім-жесір момынға.
Еңбек еткен емеді,
Еңбексіз жан өледі.
Жалқау болсаң жабылып,
Жұрт өзіңе күледі.
Өтеген батыр атақты,
Нөкерге осы сөзді айтты.
Сөйтті де таудан, тастардан.
Асып асу асқардан,
Кент аралға жол тартты.
Кент арал деген бос арал,
Болып шықты тас арал,
Құмды, сулы аралдан,
Сусыз, шөлді даладан
Жігіттерін ертіп,
Өтеген кетті жорытып,
Аш бөрідей жаланған.
Түзеп алып жорықты,
Бірқазанға жорытты.
Бір кең ашық алаңда,
Қарағайлы, қайыңды
Қара орманға жолықты.
Қабағын жапқан қара орман,
Келе жатқан бұрыннан,
Ертегі әнін соғыпты.
Қызыл іңір түнеріп,
Шық түсіп жер мұнартып,
Өтеген батыр нөкері
Сол орманға қоныпты.
Қара орман қалқып жайнады,
От жағылып парлады.
Қара қазан асылып,
Оттан жалын шашылып,
Ішінде қойдың сорпасы,
Бұрқ-бұрқ етіп қайнады.
Қараңғы түнде қылмиып,
Жағылған отқа жылмиып,
Келеді екі сұлу қыз
Шолпандай туған таңдағы.
Беті қызыл алмадай,
Қара шашы құндыздай,
Көздері жанған жұлдыздай,
Киімінен құлпырған,
Інжу-маржан ойнады.
Өздері әппақ қудай-ақ,
Күлкісі сылдыр судай-ақ.
Сүйдіргендей әдеппен,
Әзілдеп, күліп ойнады.
От басында отырды,
Жұртқа көзін салмады.
Қадала қарап жігіттер,
Сұлудан көзін алмады.
Қош келдіңіз дегендей,
«Асқа өрлеңіз» дегендей.
Иба қып батыр қарады,
«Палауыңыз майлы», – деп,
Сыйлығына сұлулар
Отырмады, бармады.
Еттің майын ағызып,
Жігіттер құмар қанғызып,
Ет жескенде, сұлулар
Сыңқылдап, күліп, мазақтап,
Көз астымен барлады.
Бір жігіттер көрікті,
Кеміргенде сүйекті,
Сұлулар, тағы күлісіп,
Әзіл сөзбен тиісіп:
– Тірі сүйек тырбиған
Өлген малдың сүйегін,
О несі екен сындырған? –
Деп сөзбенен қармады.
Сылқ-сылқ етіп, күліп боп,
Сұлулар кетті ғайып боп.
Қимылымен сұқтана,
Таң қалдырған тек қана,
Жігіттердің есінде
Көрген түстей қалғаны.
Қас қарайып, түн тынып,
Шөп қимылсыз, жел тынып,
Өтеген ойлап: – Ол мұндар,
Манағы келген сұлулар,
Сиқыр екен, – деді, –шын.
Ол жезтырнақ болғаны,
Сұлу боп түнде жүргені,
Сиқырлана келгені,
Жанды бүред болаттай,
Тырнағымен бүргені.
Біз сөйлесіп тұрғанда,
Көздері жанды жарқырап,
Олар – нағыз жезтырнақ,
Келгені бізді шолғаны.
Жылмаңдаған жезтырнақ
Жауызырақ аңдардан,
Түсіре алмас біздерді,
Сұмдығын оның аңғарғам.
Ағашты қойып еселей,
Ұйықтап жатқан кісідей,
Етіп басына ер жастап,
Үстіне шапан жабамыз,
Кісі екен деп ол келер,
Бағып сонда алармыз, –
Деп жасырынып кетісті,
Әр бұтақтан сығалап,
Жезтырнақты күтісті.
Түн түнеріп томсарып,
Түннен түнек төгілді,
Жүгіргендей сұр қасқыр
Көзге елестеп көрінді.
Жұлдыз да жоқ, ай күңгірт,
Қара бұлтқа көмілді.
Өтеген күшті түрінде,
Қарағайдың түбінде,
Мылтығын оқтап кезеніп,
Күш құрыстап керілді.
Әлденелер қараңдап,
Қараңғы түнде жарқырап,
Шөптің басы қалтырап,
Көрінді бір зат, қылт етті.
Сол арада тарс етті
Өтегеннің мылтығы.
Мұрттай ұшып жезтырнақ,
Ажалы жетіп бұрқырап,
Қаны судай төгілді.
Таңертеңгі самалмен,
Таң құстары сайрады.
Жастанған ер де, шапан да,
Қарайып жерде қалмады.
Үйген ағаш қатарда,
Жамылдырған шапан да,
Жезтырнақпен быт-шыт боп,
Қалды тек жер шаңдағы.
Онан да асып құтылды,
Жігіттер де жұтынды.
Жорыққа тағы аттанды,
Жезтырнақ та ұмытылды.
Өзен, дала, таулар да,
Орман-тоғай, баулар да,
Көрінді көзге бұлдырап,
Артта қалған сықылды.
Желеңдеп тек жел ойнап,
Дөңгеленіп көл ойнап,
Көбікті теңіз толқыны,
Жарына соғып бұлқынды.
Қырық күн жел желеңдеп,
Бұлқынып толқын елеңдеп,
Жатқан қарап теңізге,
Тіл қатпастан Өтеген,
Үдете берді жортуды.
Теңіз тұманданғанда,
Көрініп таудай құмдар да,
Аспан жерге түскендей,
Күн өртеніп жанғанда.
Тұңғиық құм шөліркеп,
Жапанда жұрт талғанда,
Көз ұшында нардай боп,
Күнге күйген жардай боп,
Көрінді көзге бір шаһар,
Өлуге енді қалғанда.
Онда сусып, құм көшіп,
Тек қана ыстық жел есіп,
Өлген түйе сүйегі,
Қадам бассаң кездесіп,
Көрінед көзің салғанда.
Құдықпен құдық арасы,
Айшылық десем жалған ба.
Жету үшін құдыққа,
Үйреткен жаңа құрыққа,
Он жорғаны ұтылап,
Мінсең дағы жетпейсің,
Айрылып естен танғанда.
Айшылық жүрсең ол жерден,
Кездеспейді жалғыз көл,
Шөл далада қалғанда.
Өтеген батыр жорытып,
Ортекедей орғытып,
Қырық күншілік жол жүрді,
Көрмегенді ол көрді,
Жапан түзде жалғанда.
Құмайтты, құмды, құмықты,
Торлаған қара бұлтты,
Асу аспас шыңдарды,
Шулаған қара орманды
Көрді Өтеген сарбазы.
Таудан, тастан таймады,
Шыңнан шыққан шынардай,
Қоршап алдын тұрғанда,
Өтеген батыр түн қатып,
Қырық күншілік жол қатып,
Көктей өтіп орманды,
Тауды, тасты жарғанда.
Ақыры жаздың көктемі,
Қара орманның көктеуі,
Түлеп тоғай, шалқар көл,
Сезілді жаздың жеткені.
Бұлақ ағып таулардан,
Гүлдер жарып баулардан,
Тұрған шақта Өтеген,
Жолды тауып төтеден,
Жиделі Байсын еліне
Көрінді көзге өткені…
– Өтеген, сенің іздеуің…
Жер-жиһанды кезгенің.
Іздегенде осындай
Жер еді ғой көздеуің.
Жер жаннаты кез болды,
Көре ме сенің көздерің?
Қарашы қызыл арайға,
Көресің бе, ұнай ма,
Дақсыз ашық аспанда,
Балықша бұлттың жүзгенін?
Көрдің бе таң шапағын,
Жердегі гүлдің тізбегін.
Малынған бау-бақшада,
Жемістің жер сүзгенін.
Ауызға түскен жалғанда,
Жемісі тәтті балдан да,
Жерді жыртып егілген,
Дәмі тәтті дәннен де.
Ақ мақтасы – күмістей,
Жері кілем – пүліштей.
Өтеген, анық көрдің бе,
Мұнан басқа тағы да,
Бар ма артық іздерің?
Ту тушадай қояны,
Қырандай ірі торғайы,
Көресің бе, әнеки,
Жайбарақат малдары,
Жайлауда жусап жандары
Рахатта жүргенін.
Ешкілері жылқыдай,
Ылағы бағлан тоқтыдай,
Ертегі болған домбай да,
Осы жерді сүйіп ыңғайға,
Қоныстауға меңзеген.
Меруерттей суында,
Қаз бен қу жоқ жүзбеген.
Туған шақта жаздары,
Қоңыр ала қаздары,
Көздеген жерден кез келген…
Қазақ халқы белгілі,
Осы жерден бақыт ілгелі,
Тұрғандай-ақ сездірген:
«Осы жерде, Өтеген,
Деміңді ал, көзің сал,
Кезе бермей қияны,
Осы жерде деміңді ал!»
Арпалысқан атынан
Өтеген түсіп өрімтал,
Жанаттанып құлпыра,
Шөбін иіскеп қарады.
Жайлы ма деп жылқыға.
Жылқыға жайлы емес деп,
Қайтып келді жұлқына.
Жылқыға шөбі жақпаса,
Жылқыға жайылым таппаса,
Шоғы сөнген отындай,
Келмейді деп қалпына.
Отыра қалып сол жерде,
Қоныс таппай бұл елден,
Өтеген батыр жылады,
Балапандай талпына.
Ойын күңгірт басқандай,
Тілегі оның ұшқандай,
Алтын ойын мыс қылып,
Салы суға кеткендей,
Астында тұлпар аты өліп
Ақырғы демі біткендей,
Састы батыр сарқыла…
– Әй, Өтеген, Өтеген!
Ер едің сен ертеден.
Жетісудан, даладан,
Алатаудан, қиядан,
Жамбыл жаңа хабарды
Жеткізеді жанарлы,
Шартарапқа шарқ ұра,
Қалпыңды бұзып жыланған,
Қайта тұрсаң молаңнан,
Молаңнан шығып, оянған,
Жетісуға, қарасаң, –
Көрер едің, көз салсаң,
Бақытынан нұр жауған.
Көрер едің бақытты
Қазақстан халқынан.
Бастап Тянь-Шань тауынан,
Алатаудың бауырынан,
Оралға дейін созылып,
Шалқып жатқан аулынан.
Көрер едің ел болып,
Бағыңның нұрын артылған,
Қазақстан аймағы,
Туын тігіп жайнады,
Тудағы бүгін көремісің,
Алтын орақ, балғаны…
Қазақ халқы құлпырып
Бұлбұл болып сайрады.
Гүрілдеген заводтар
Қала, дала, қырдағы.
Көр, жолдастар, қараңдар,
Көр, достарым, жараңдар!
Қазақстан бақыттың
Кені болды арналы.
Қорғасынды көрдің бе
Аққан Қаратаудағы.
Алтын шығып Алтайдан,
Жарқырап күндей жайнады.
Қарсақпайдан мыс ағып,
Бұлақтайын саулады.
Мақта көктеп Шымкенттен,
Күріш гүлдеп Жәркенттен,
Ақтөбенің егіні,
Өрге өрлеген өнімі,
Түтіні тұлпар жалданып,
Ырғып, созып ырғалып,
Арғымақтай Түрксіб,
Желе-зырғып заулады.
Жүк тиеп Қарағандыға,
Ызғытып вагон айдады.
Ембі-непті жерінен,
Мұнай атып парлады.
Асқарлаған аспанға,
Алатау қызыл алмалы.
Даласында гүл көктеп,
Гүлмен қабат мал қаптап,
Аспандағы бұлттай,
Төрт түлігі қаулады.
Алтын жалды бедеулер,
Желаяқ жүйрік денелер,
Тағасымен тас тарпып,
Құлағымен ойнады.
Жарқырап күндей нұрланып,
Семіріп сиыр қорланып,
Желінін керней сүт ағып,
Бауырынан бұзауын,
Емізіп уыз құнарын,
Өрбітті де, баулады.
Күн батып, жұлдыз туғанда,
Малдың төлі думанда,
Төл тұяғын ірікпей,
Ойнақтатып киіктей
Шабандар бақты, талмады…
Бұғыдайын бұзауын,
Маралдайын ылағын,
Сипап бота тұлымын,
Алтын жалды құлынын,
Жайнатты да, жайлады.
Суыққа төлді тоңғызбайд,
Боранда да қалғызбайд,
Алтын аймақ жеріне,
Төрт түліктің төліне,
Қауіпсіз боран, қардағы.
Тыңда, жолдас, сөзімді,
Ашып қара көзіңді!
Қырғауыл ұшып, қаз қонған,
Аққу келіп, жаз болған,
Алтайға қара маралды!
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шортаны шоршып ойнаған,
Алтын қаймақ Аралды.
Дала суға шомылған,
Елге қоныс табылған.
Құйылған, жолдас, нұрды көр,
Баққа шомған тау мен ер.
Осы бақ қонған таңымда,
Маған дағы, саған да!
Құлпырған жайнап жерді көр,
Құлшынған қайрат ерді көр.
Осы бақ қонған таңымда,
Маған да жолдас, саған да!
Қазақ бұрын құл болған,
Күн көруге мұң болған,
Күнді көрдік, ел болдық,
Асу бермес, өр болдық.
Осы бақ қонған таңымда,
Саған да ортақ, маған да!
. . . . . . . . . . .
Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен батырлардың бірі – Cаурық Ыстанбекұлы. Жетісуды Ілеге дейін билеген Қоқан ханы Құдиярдың езгісіне қарсы шығып, Ресейдің Жетісуды жаулап алу саясатына наразылық танытушылардың алдыңғы шебінде болғандығымен мәлім. Жамбыл ақын естелігінде: «Ел менен жыр сұрағанда, кепкен ботаның тұлыбына еміренген маядай, батырларды жырла дейтін. Мен де жұрттың тілегіне сәйкес Өтеген батыр, Саурық батыр, Сұраншы батыр, Көрұғлы батыр, Алатай Жапарқұлдың жырларын айтатын болдым», – деп Саурық батыр жайлы да жыр толғағанын айтады.
«Саурық батыр» жыры Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақтаулы тұр (Қ.152 д). Ақын шәкірттерінің бірі Әбдіғали Сариевтің айтуында жеткен жыр латын қарпінде қара сиямен кеңсе қағазына жазылған. Жыр көлемі 722 жолдан тұрады. Мәтіннің басында «Әбдіғали Сариев, 1940 жыл» деген ескертпе бар.
Әбдіғали Сариевтің айтуынан жазып алынған «Саурық батыр» жырының кіріспесі:
Ақын өлең айтар ма,
Желпіндірмей желдетіп?
Ұстазым Жамбыл адамның
Бұлбұлы сөзге алыбы
Мезгілімен сайраған
Бұлбұлдың жыры анығы.
Жамбыл жырын жырласа,
Сүйсінеді халығы, – деп басталған. «Саурық батыр» жырын бұрын Жамбылдың жырлағанын айтады.
Саурық батыр жайлы Жамбылдан бұрын жырлаған Сүйінбай шығармасы кезінде жазып алынбаған. Саурық батырға арналған «Руы Шапырашты – Саурық батыр» деп басталатын сегіз жол өлеңі Сүйінбай ақынның шығармалар жинағына кіріп жүр. Саурық батырдың ерлікке толы жорықтарда өткен өмір жолының көптеген оқиғалары халық ақындарының жырларына тақырып, сюжет болуға лайық материалдар.
Жырдың сюжеті негізінде тарихи шындыққа құрылған. Негізгі идеясы Ресей отарлық саясатына қарсы күрес, елді басқыншылардан азат ету. Жырдың сюжеттік оқиға желісі батырлардың іс әрекеті арқылы өрбіп, негізгі қаһарман бейнесін даралауға ұмтылады.
Тал шоқысы Талғардың,
Ең биігі заңғардың,
Алматы деген жерінің,
Мыңдап өріп жайылған,
Арқар, марал аңдары.
Қарағай мен қайыңы,
Жер шарындай жұп-жұмыр,
Көрсең онда алманы, – деп, жерінің байлығына, кеңдігіне көз салған отаршыларға наразылық білдірген халық Саурық батырдан көмек сұрайды. Тауды жарған зеңбіректің күрсілінен қаймыққан әскерін батыр рухтандырып, жүз-жүзден бөлініп, жан жағын қамауға бұйырады. Мылтық асынған солдаттарға найза, қылыш ұстаған қалың қол қарсы шығып, қиян-кескі ұрыс болады. Солдаттарды басқарып келген Колпаковский, Қоқан ханы Құдиярдың қазақ елін шұрайлы жерлерінен ығыстырып, алым-салықпен қыстағаны жырда дәл бейнеленген.
Жырда отаршыларға қарсы шыққан батырлардың ішінде Сыпатай, Байсейіт, Сыздық аттары аталып, ерен күрестері шынайылықпен көрсетілген. Қырғыз батыры Жантайға хат жіберіп, «қазақ қырғыз елінің қайғысы бір» деген оймен көмекке шақырады. Колпаковский Жантайға шен берем деп уәде беріп, жолынан тайдырады. Үш күн, үш түн атысып, екі жақ біраз демалып жатқандарында қырғыз Жантай жіберген жігіттер жылқыны алып қашады. Қойторы атын алдырып, соңдарына түскен Саурықты әйелі сабырлыққа шақырады. Оған батыр құлақ аспай Қойторысымен жау артынан жөнеледі. Елу-алпыс қырғыз ақылдасып, бір әдісті істелік деп, бәрі бірдей Саурықты жан жағынан қамалап, найзамен шаншиды.
Тарихи деректерде Саурық батырдың өлімі туралы мынадай мәлімет беріледі: «Кенесары ханның тапсыруымен елшілік қызмет атқарған қырғыздың Солто Жаманқара батырының досы Шапырашты Саурық батыр Ыстамбекұлы болды. 1846 жылдың көктемінде қазақ қырғыздың ортасында елші жүріп, екі елді жарастырамыз деп, ханның тапсырмасымен Шапырашты Саурық батыр қырғызға барады. Бұдан соң, бұрыннан Саурық батырмен дос қырғыздың Солто руынан Бөлекбай тармағының батыры Жаманқара мен Болат батыр бастаған қырғыз елшілері Кенесары ханға келеді. Бейбіт келісімге келеміз деп, Саурық батырдың шақыруына сеніп келген қырғыз елшілерінің, соның ішінде Жаманқара мен Болат сияқты қазақ, қырғызға танымал батырлардың хан қолынан қаза табуы қанды кекке соқтырды. Шапырашты Саурық батыр 1846 жылдың көктемінде Қастек пен Қарақыстақтың арасындағы тау бөктерінде Сарысыбыр деген жерде қырғыз батырлары Күрпік пен Самақтың қолынан қаза табады» (Айткүл Махаева. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы. Алматы, 2007). Осы тарихи оқиға қырғыз фольклорындағы «Кыргыз, казак окуясы» («Қырғыз, қазақ оқиғасы») жырына негіз болған. Ыбырайым Абдырахмановтың айтуындағы бұл жыр Кенесары хан мен қырғыз елінің арасындағы шиеленістерді баяндап, Саурық батырды Күрпік пен Самақ батырлардың өлтірген тұсын суреттейді («Эпостар жана мурастар». Бишкек, 2002. 15-том).
Жыр Жамбыл Жабаевтың үш томдық толық академиялық жинағына 2014 жылғы басылымы негізінде Ә.Сариев қолжазбасымен текстологиялық саралаулар жүргізіліп беріліп отыр.
2014 жылғы басылым: Қолжазбада, ОҒК: Қ.152 д:
9-11 жолдар:
Ұстазым Жамбыл атамның Ұстазым Жамбыл адамның
Бұлбұлы сөздің алыбы Бұлбұлы сөзге алыбы
Мерзімімен сайраған Мезгілімен сайраған.
16-жол:
Түзу шақан арығы Түзу шапқан арығы
29-жол:
Батырларды жырлаған Батырларды жырлағын
35-жол:
Елін қорғап болмаса Ел қорғаны болмаса
40-жол:
Қос батыры мұң болар Қас батыры мұң болар
83-жол:
Олардың үлкен көлі еді Олардың ішкен көлі еді
93-жол:
Тобылғы ырғай даланы Тобылғы, ырғай, долана
120-жол:
Қырамын деп елдерін Қырамын деп ерлерін
173-жол:
Аттың басы қылтымдап Аттың басы қылтылдап
179-жол:
Өлеңдерін күлетін Өлеңдерін гулетіп
258-259-жол:
……………………. Араласты қалың қол,
……………………… Тұра алмады қорғалап.
260-261-жол:
Найза-қылыш сорғалап Найза-қылыш салысты,
…………………………………. Қызыл қаны сорғалап.
281-жол:
Тұрған бойын сымтитып Тұрған бойын сымпитып
388-жол:
Тор құрған жері адамның Топ тұрған жері адамның
412-жол:
Көре алған шоқтанысып Көре алған жоқ танысып
540-жол:
Жасырын тікті төстекке Шатырын тікті төстекке
561-жол:
Жосаға шыққан адамның Жотаға шыққан адамның
619-жол:
Жетерсің қиып кезеңнен Жетерсің қуып кезеңнен
635-жол:
Қасмойнаққа жеткенде Қосмойнаққа жеткенде
626-жол:
Қойтарымен жөнелді Қойторыменжөнелді
711-жол:
Байтоқты қызық елден соң Байтақты қызық елден соң
715-жол:
Маң даланы шаңласып Маң даланы шаңлатып
Қазақ халқының елдігі мен бірлігін сақтап қалуда күш салған Саурық батыр туралы жыр – құнды мұра, еліміздің тарихы.
Т.Әкімова