СҰРАНШЫ БАТЫР
«Әдебиет майданы» журналы, 1938, №7, № 8.

Ақ домбыра қолға алып,
Ай мен апта толғанып,
Жылға құйған теңіздей,
Жырдың селі қорланып,
Ақ семсердей жалтылдап,
Шағылысқан күн шалып,
Құрағындай айдынның,
Жел шайқаған ырғалып,
Терең теңіз тынбасын,
Тынбада жатқан нұр тасы,
Таратқан Жамбыл жырды алып.
Жиырмада жырға жел болып,
Аударған жел мен сең болып,
Кесегімен қопарып
Таусылмастай кен болып,
Үздіксіз болған он күн той.
Тыңдағанда ел болып,
Ақ бидай берген тауықтай
Елге жырым жем болып.
Алатаудың аясы,
Балауса шырғай саясы
Жырым мен шыңы жаңғырып,
Ақын Жамбыл мен болып,
Өскен ем өрем кең болып.

Өзен деген ат болмас,
Ат жалдарлық су ақпай,
Ғалым деген ат болмас,
Айтқаны тұрмай шырақтай,
Әнші деген ат болмас
Әуезі көңіл жұбатпай.
Ақын деген ат болмас,
Қандырмай мейір суаттай.
Жыры болмай бұлақтай,
Тынығы болмай сынаптай,
Алатаудан арылдап,
Асқан судай құлатпай.
Қыбыршыған көңілдің,
Қытығын таппай сұратпай.
Досың болса күлдіріп
Сүйсіндіріп шуақтай.
Жауың болса бүлдіріп
Домбыраң берен, жырың оқ
Дәл тигізіп сұлатпай, —
Қан қақсатып жылатпай,
Домбырасы шіңкілдей,
Жағына сөйлеп күлкілдеп
Айтқан өлең өлең бе,
Бақылдаған ылақтай.
Ақындардың ақыны,
Айдын көлдей ақылы,
Жыр тұлпары Сүйімбай
Осылай айтқан уағызы –
Қалғанда жырды ұнатпай.

***

Ескіден есте қалғаннан
Жасымда айтқан жырлардан,
Ескерткіш еді батырға
Қиядан шауып қырды алған.
Қиынға шауып жол салған,
Бөрі басқан бүркіттей
Қансыратып жауды алған,
Батырдың жыры сүйікті
Қатықтай ұйып тыңдалған.

Жамбыл – Жамбыл болғанда,
Жыр дауылы қозғанда
Қырғыз, қазақ еліне
Талай рет жырланған.
Бата берген Сүйімбай
Жырдың тіккен туындай.
Айтқанда маған ақылды,
Жырла деген батырды,
Есімде мәңгі сол қалған.
Бойға қуат болғанда
Жиырма бестің жалыны,
Тебінсе темір үзгендей
Толысқанда қаруы
Сия, сауыт, қаламсыз,
Дәптер, кітап, қағазсыз
Ой қозғаған домбыра,
Сөз қозғаған домбыра
Болған кезде Жамбылдың
Домбыра мен жазуы
Жырланып еді осы жыр.

***

Жырламайын десем де,
Ел тілегі қоймады:
Таудан құлап тарғыл тас,
Тарығып шығып көзден жас,
Қыспақ заман кездесіп
Қайғы басып қарындас,
Тарыққанда сүйенер
Ел батыры ойлады, —
Ойламасқа болмады.
Қабағы түсіп қамығып,
Батыр ұлын сағынып,
Ескіні еске түсіріп,
Жырым еді сондағы.

***

Қарасаң, балам, жоғары
Көтеріліп қабағың.
Мұз дулыға, қар сауыт
Алатаудың алабын.
Желкілдеген қарағай,
Көк майсалы тамағын.
Жұпар иіс, боз жусан,
Бетеге басқан балағын ,
Нұрмен тауды қаптады
Сталиндік заманым.
Ескі күйді сонау бір
Шығарып естен барамын.

Алатаудың аты көп
Созыла жатқан қарлы жал,
Теріскейі ұлы жүз,
Күнгейінде қырғыз бар,
Толып жатқан шоқысы
Шоқысының аты бар:
Қозыбас, Қордай жаясы
Сонан өрлеп тартылар, –
Суықтөбе, Дегерес,
Ұзынағаш, Көктөбе,
Қарғалының биігі
Шұбараттың өрі бар.
Қасқа асу мен Үшқоңыр,
Қызыл күнгей белі бар.
Қарағайлы, Құрттыбас,
Талғардай биік шоқы бар.
Есікті, Түрген, Ақ Шелек,
Қарқара бар, Асы бар,
Шыңдардың шыңы Хан тәңірі,
Таудың биік басы бар.
Жетісудың желіні
Деген тауым осылар.

Қоршаланса ақ бұлт,
Ойында жаңбыр, өрде қар.
Ойпатында көк шалғын
Ұшарында мұзды ызғар,
Бейне өмірдің бейнесі
Бүгін шаттық, кеше зар.
Жайлағалы мұны адам,
Санап бітпес не заман…
Неше халық, неше хан,
Тапты қырғын талай жан.
Толып жатқан уақиға
Соның бірі айтылар.

***

Заман-заман дегенде
Заманға қожа адам ғой!
Наразы болсаң заманға,
Бар кінәні соған қой…
Жырға желі сол заман
Елдің күні қараң ғой.
Қақпалап елді хан мінген
Қайғы басқан заман ғой.
Зар заман деп ат қойған
Зарланып халық сонан ғой.

Зарлануы халықтың
Шектен асып ушықты,
Айдаһар жұтып аюды,
Шоңбас жеді шымшықты.
Лек-лек салдат айдатып,
Мойнына шекпен байлатып,
Оралдан өрлеп Алтайға
Алуға патша ынтықты.
Садақ тартқан қазаққа
Түтіндетті мылтықты,
Ертісті өтіп оралып
Жетісуға қол сұқты.

Бұрынғы қожа, Құдияр
Қазанатын мінісіп,
Қомпаң-қомпаң желісіп,
Жағасыз көйлек киісіп
Көк шай салып су ішіп,
Перен мылтық арттырып,
Мыстан керней тарттырып,
Соғыспақ боп патшамен,
Қапалдан тосып бір шықты,
Қарсы атылған зеңбірек
Қылдан туын жұлдырып,
Қорған сабын бүлдіріп
Қайта қашып бүрлікті.
Жай қашпады Құдияр
Жолындағы ел тұншықты.
Жабық тіліп, үйді үптеп,
Айғыр, атты жетектеп,
Қатын-бала шырылдап
Хан жолынан су шықты.

Бірнеше күн өткенде
Қалпаков пен Черняев,
Жетісуға жеткенде
Құдияр хан қағынды,
Тағы қанды сағынды.
– Алатын орыс қазақсың,
Аламын, – деді, – бәріңді!
Қырғыздан Орман бірігіп
Қордайдан асқан көп әскер
Теріскейге ағылды.
Тілеуқабыл – Қасқарау
Сарыкемерде шабылды.
Шапқыншының аттары
Саурынан аққан тер,
Пұшпағынан сабылды.
Бейқам жатқан қалың ел
Қарсы тұрмай жалынды.

«Жаудан күту жақсылық –
Зарыққанның салдары.
Байдан күту жақсылық –
Тарыққанның салдары».
Шын болмаса не қылды,
Жалынғанша жауыңа,
Бер де, құтыл жаныңды.
Құдиярдың Құсбегі
Жалынған сайын тарылды.
Бөксерде жатқан көп Дулат
Бүлінді де жарылды.

Есеңгіреп ер кетті,
Кемпір-шалды еңіретті.
Керегі талап алынды,
Дулатта батыр Сыпатай
Жаудан қорқып сенделіп
Сарбұлақтың басына,
Аңырақайдың тасына
Түнде барып тығылды.
Батыр тұлға бола алмай
Елдің түгі жығылды.

Үш бөлінді көп Дулат
Бір бөлегі бері өтпей
Тауда қалды қамалып.
Қалың жаудан жасқанып
Айсаның қарын өрледі.
Бір бөлегі қаймығып
Жау қарасын көрмеді.
Шапырашты, Қарасай
Жаудан қорқар ел ме еді,
Қиратып жау жатқанын
Дулат жақтан білмеді.
Тездеп хабар келмеді.

Бір бөлегі Дулаттың
Маямырдың ауылы
Іледегі тоғайдың
Түбегіне тығылды.
Қарсы тұрар жігіттер
Жау қолынан қырылды.
Жеті жігіт, жеті қыз
Жас жандарын қорғаштап
Түйелерге мінгесіп
Ағын суға бұрылды.
Су деген де тілсіз жау
Бұрқыраған шу асау.
Ақ көбігін атқылап
Жын қаққандай жұлынды.
Қызды көріп қырық әскер
Қылыштарын суырды.
Алһаласып ұмтылып
Иектерін жымырды.
Жауды көріп өңкей жас,
Асау суға ұрынды.
Қарғып түскен жеті нар
Тұңғиыққа жығылды.

Қызғалдақтай он төрт жан
Қалды судың түбінде,
Озбырлықтан асқынған
Ел ызасы қайнады,
Кемпір бүйір таянып
Сұңғыла боп сайрады,
Терме болып тізілді
Қайдағы мен жайдағы.
Ызың-шулы — қым-қуыт
Шығып-жатты ойраны.
Қабағын түйген қанды жау
Ұру, шабу, найзалау
Үйірлеп елді айдады.
Іс шықпасын сезгендей
Құр жылаудан пайдалы.

Дымын қоймай жау шапты
Жанғараш пен Жантайдың
Шырылдатты сәбиін,
Еңкілдетті кәрісін.
Бой жеткен қыз, келіншек
Қатарымен тарттырып
Күңрентеді тау ішін.
Қоқаннан келген көп әскер
Жер қайысып сыймады,
Мал мен басты шулатып
Қойша иіріп жинады.

Тас қотанның сазына
Ақ шатыр мен көк шатыр,
Қатарланып тігілді.
Ала тулар жалпылдап,
Ақ семсерлер жарқылдап,
Қомпаң-қомпаң шақырып
Тебіңгілер сартылдап,
Зердері шаба беклерде
Шағылып күнге жалтырап.
Түйеге мінген жас әйел
Бетін жыртып аңқылдап,
Жас өспірім сұлу қыз
Жүрегі ұшып қалшылдап.
Жалын қағып жасауыл,
Мәз-майрам боп қарқылдап.
Түйеде тұрған әйелді
«Түс жылдам» деп алқымдап.
Шабылған елде дәрмен жоқ,
Жылай берді солқылдап.

***

Ел тарықса ежелден
Батыр түсер есіне.
Батыр барған түйінді іс
Қалғандай еді шешіле.
Жер шұқысты тоналған
Төмен қарап тесіле.
Жаңа өспірім жас батыр
Елге салған несібе.

Арыстан жүрек Сұраншы
Шыңда жатыр алыста,
Оны шыңға шығарған
Қонысы жоқ, қол қысқа.
Жаз жайлауы Үшқоңыр
Қыс көшеді Арысқа.
Шапырашты аз ата
Ұлы жүзде туысқа.

Өз әкесі Қашке еді,
Арғы атасы Қарасай.
Бір жақыны Сауырық
Жауды көрсе шаладай.
Тұқым қуған батырлық
Үзілмей аққан сағадай,
Ұлы жүздік қазақтың
Ық жағына қорадай,
Жел жағына панадай,
Сол сияқты батырға
Алыстан қонақ келгенде
Қалатын күні көп еді,
Қонақ асы таба алмай.
Жайшылықта ел көшсе,
Батыр ауылы көліксіз
Дулат, Албан, бай ұлы
Кетер еді қарамай.
Сондықтан батыр шыңда еді,
Ақ беренмен құс атып,
Қыранға марал ұстатып,
Малы барға жалпақтап
Жалынды көрші бола алмай.

Аңсады ел батырды
Жатса дағы алыста.
Жақын болса Сұраншы
Қызбас па еді дабысқа,
Көп екен деп келген жау
Көнбес еді намысқа.
Мұндай жаудың талайын
Талай рет жапырған
Өрт тигендей қамысқа.
Ұрланып келген бұл жауды
Білмей қалды қапыста.
Дағдарған ел бүрлігіп,
Баратын адам іздейді
Алыста жатқан батырға
Хабар бере барысқа.
Кәрібоз бен Мауке қарт
Атты терге жүздіріп,
Дақ түспеген жотаны
Қопарып шауып, із қылып,
Қос атпен шапты батырға.

Тура басып кетуге.
Жаудың қосы жол алды.
Ілені бойлай төмендеп
Қара оймен оралды.
Күн бата шапқан қос аттар
Түн түгелдей өткенде,
Күн төбеге жеткенде
Ақсеңгірдің тасына
Аңырақайдың басына,
Өксіп жылап отырып,
Ат шалдырып дем алды.
Алатаудың шоқтығы
Көлденең тұрған көз алды,
Екі нардың шоқысы
Зеңкиіп көзге түскенде,
Батырдың бойын көргендей,
Езу тартып қуанды.
Жеңін шешіп желпініп,
Ыстық демін шығарды.
Күн төбеден ауғанда
Құдықтан атын суарды.
Өрді беттеп екі қарт
Намазын оқып жол алды.

Отардың жазық даласын
Қопара шауып өр етті.
Шапқан аттың екпіні
Шалғынды шайқап желдетті.
Күн тұғырға қонғанда,
Намаздігер болғанда,
Суықтөбе өрімен
Қарттар шыңға кеп жетті,
Зеңгір-зеңгір қия тас,
Бірінің аты Қарабас,
Бірінің аты Жалаңаш.
Сұраншының ауылын
Түні бойы іздепті,
Қайда екенін білмепті.
Тау ішінде түн де өтті,
Нұрланып шалды күн бетті.
Біріне-бірі екі қарт,
Қалмақ ойған шоқы деп,
Сонау тұрған қара үңгір,
Қарасайдың қосы деп,
Күн шағылған сонау қыр,
Қызыл күнгей қиясы
Мекені ердің осы деп,
Шошайтысты қолдарын,
Таптық десті болжалын.
Тағы шапты қиялап
Қызыл күнгей бауырын
Іздегенін табуға
Алдырды қарттар сабырын.

Бұлақты шалғын жайлаған
Белдеуге атын байлаған
Қызылқия қойнынан
Батырдың тапты ауылын.
Сұраншыға жетті де
Жығылды қарттар атынан.
Ақ сақалы су болды
Сорғалап аққан жасынан.
Арыстан мүше жас батыр
Сүйеді келіп басынан.
Төрге алаша төсетіп
Орын берді қасынан,
Әлденеден тарығып
Бейнесін көрді жасыған.
Мейірімді туған Сұраншы –
Елі сүйіп жасынан.
Жетім менен жесірді
Атына артып көшірген.
Ерегіскен жауларын
Су құйғандай өшірген.
Тарығып келген қарттарға
Қайғырып жаны ашыған.
Қабағынан қар жауды,
Кірпігіне мұз қатты
Кім еді деп басынған
Беттеріне су сеуіп
Екі қарт есін жиған соң,
Уақиғасын сұрады –
Ес танып өткен басынан.

Көз кұрғатып екі қарт
Арсаланып сүйегі,
Кемсең қағып иегі
– Сүйеуім, тыңда, ер, – деді.
Ерді туып өсірген
Атасы мен анасы
Жалпақ жатқан ел, – деді.
Олай болса жан ботам
Арқалықтай сүйенген
Елдің ұлы сен, – деді.

Селеу болған ақ сақал,
Зарлы, мұңлы бұл сапар.
Таудан іздеп батырды
Жайбарақат келеді.
Заманнан-заман асқынып
Зәрін барад жаюға.
Бөрі түрі айналды,
Айдаһар мен аюға.
Иттен де көп хан аты
Қу ағаштай түспейтін
Халық үстіне саясы,
Елді сатты жәлдеп боп
Алтын алып баюға.
Хандар шауып қандатып,
Қан қақсатып зарлатып
Елдің басын доп қылып,
Айналдырды ойынға.
Сап түзесіп салдаты
Сартылдасып арбасы,
Серейіскен зеңберек
Бетке ұстаған айбаты.
Патша кірді қойынға.
Тезек төре жол беріп
Қарғы тақты мойынға.

Қоқанды құртқан Құдияр
Оратөбе Тәжігін –
Көкпар етіп тойында,
Патшаға қарсы тұратын
Қуаты жоқ бойында.
Қырғызды қанға батырған,
Әркімге бір сатылған
Орман хан бар қолында.
Қазақты барып талайық,
Патшадан бұрын алайық,
Деген мақсат ойында.
Арамы туған зәнталақ,
Екі көзі қанталап,
Қасапшының итіндей
Қолбасшысы анталап
Салып жатыр ылаңды
Сарыкемердің бойында.

Қарақұрым көп Дулат
Алатау мен Арыстың
Арасында қонысы.
Көп болса да, шөп болды
Хандар жанған өрт болды,
Көгі, түтін, жері шоқ,
Кең жайылым өрісі.
Басына күн туғанда
Көрінді елдің кемісі.
Батыр деген Сыпатай
Қара басын сауғалап
Тауға кіріп жоғалып,
Шықпай кетті дыбысы.
Арқауы ұзын атаның
Келте келді өрісі
Келеді деп ойламай
Қағынған ханның перісі.

Бейқам болып ел жатты,
Жаудан күші кем жатты,
Бейқам жатқан сол елді
Абайсызда жау шапты.
Күртіде жатқан көп елді
Түнде басып сорлатты,
Қыз, келіншекті қатарда
Мінгізіп нарға, атанға
Құсбегі мен бегінің
Қошуына жолдатты.
Жан сауғалап қорынып,
Қас жауына торығып ,
Суға түсіп обығып
Қатын, бала зар қақты.
Қарсы тұрған кісіні
Атты, шапты кескілеп,
Күрті бойын қандатты.
Тұлымдыны құл қылып
Даланы мұңлы үн қылып,
Ата-ананы аңыратты.

Қатар жатқан қарындас
Бөліп ішкен аяқты
Ақ қалпақты қырғызым,
Өзбек деген өз ұлым,
Халық іші дос-жарлы
Дос жар халық сүймеуші еді
Қан төгетін дұшпанды.
Сондығынан Кене хан,
Әзірейілдей алған жан
Қырғыз, қазақ бірігіп
Күшін қосып ұсталды.
Жүрегі қара Құдияр,
Орман бұзық тағы бар,
Достыққа тағы өрт салды.

Қамап жатқан хан әне,
Қамалып тұрған жан әне.
Басшысы жоқ Дулаттың,
Қыларлық айла қысқарды,
Орман атқа мінгенде.
Елден кісі шауыпты
Қазаққа хабар беруге.
Жанғарас, Жантай жіберіп,
Келіп айтқан Керімге.
Қолым қаптап барад, – деп,
Елдеріңді шабад, – деп.
Құдияр мен Орман хан
Ту көтерген өлімге.
Керім оны таратпай
Өзі қашқан көлеңдеп,
Іле бойын жағалап
Балқаш асып төмендеп.
Үш күн, үш түн үдеріп,
Ақтоғайдан шығыпты
Қарт бурадай шөмеңдеп.

Тілеуқабыл, Маямыр
Сарыкемерде шабылды.
Қанмен дала жабылды,
Қанды жастар ағылды.
Ауыр күндер түскенде
Елің сені сағынды.
Қосарлатып ат мініп,
Атқа біздей қарт мініп,
Аралады тауыңды.
Жауға түскен мал мен жан,
Ағыл-тегіл анау қан,
Қанқор ханның қорлығы
Ес тандырмай не қылды.

***

Түлек бүркіт көзіндей
Шатынатты батырды,
Дауыл соққан теңіздей
Күш көбігін сапырды.
Алатауды қозғалта
Қырға шығып ақырды.
Андас пенен Нарбота,
Дауқара мен Шымырбай,
Туматайды шақырды.
– Жиылыңдар бозбала,
Әбзелдеп мін атыңды,
Азуы мұқыл хан иттер
Неден мұнша шатылды?
Мүжілген улы азуын
Елге неге батырды.
Күшті болса қырмай ма,
Қасарып қарсы тұрмай ма,
Обығалы келе атқан
Патша деген кәпірді.
Хан атанған қара бет
Алтын алып сатылды.
Өле жатып опқандай
Халыққа тиіп қатулы.
Жетпесе күшім патшаға
Аламын ханнан ақымды.
Көп деп жаудан тайсалу
Еркек емес қатын-ды.
Барып ойран салмасам,
Босатып елді алмасам
Сұраншы қойман атымды.

Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Ақ беренге оқ салды,
Ақтұяққа ер салды.
Е, дегенше үш жүз ер
Жиналысып кеп қалды.
Су құятын мес алды.
Күртіні төмен қыдырып,
Желдігін бұта сындырып,
Қопадан арман өтеді,
Шамалғанға жетеді
Жау қарасын қарады
Кемердің толған алабы,
Құмырсқадай қыбырлап,
Жерге сыймай барады.

Нарбота мен Андасы
Уайымдап жылады.
Сұраншы батыр тістеніп,
Көбін елең қылмады.

Батырға Андас сөйледі,
Жасық кеңес бергелі.
– Құмырсқадай мынау қол
Топырақ шашсаң жетер ме,
Ақ береннен оқ атсаң,
Мыңына бірден өтер ме.
Үш жүз кісі ат қойсақ
Жиырма мыңдай нөкерге,
Инемен құдық қазғандай
Оған әсер етер ме.
Көбелектей отқа ұрып
Өртенеміз бекерге.
Әлі де ойлан, батырым,
Осы сөзім бекер ме.
Жетпес біздің күшіміз,
Өтпес біздің тісіміз
Оңға шықпас ісіміз.
Теңізге теңес бір тамшы,
Бейне таудың бір тасы,
Үш-ақ жүздей кісіміз…

Қабағы түсті батырдың
Қара бұлт секілді.
Төне түсіп Андасқа,
– Тарт, – деп, – тілің! – жекірді.
Найзадай шашы тік тұрып,
Көтерген шаңырақ уықтай
Тақиясын көтерді.
Ашуы қысып Сұраншы
Ақ семсерін суырды.
Қит етсе кесіп тастауға
Андас жаққа бұрылды.
Енжер болған қорқақтың
Ұнжырғасы жығылды.
Қойнына басы тығылды,
Жігіттерге сөйледі:
– Ел жақтамас көп жаудың
Көптігінің себі жоқ,
Оның аты бор кемік,
Салмаққа шыдар белі жоқ.
Озып шабар жүйрікке
Ылдиы мен өрі жоқ.
Батыр туған жігітке
Шабатын жаудың көбі жоқ.
Уайым жауға алғызар
Тұңғиық болып түбі жоқ.
Осы қолдың несі көп,
Қурап тұрған шірік шөп,
Суырып қылыш ат қойсаң,
Қарсы тұрар бірі жоқ.

Қорықпа да, қашпа да,
Текке ұшпасын үрейің,
Қарада тұр топтанып
Жалғыз өзім кірейін.
Мың жау маған бірге есеп,
Мың қарғаға бір кесек,
Кесек болып көрейін.
Қорғасынды мен сақа,
Ұшырамын кенейін.
Жұртым үшін мен құрбан,
Жазасын жаудың берейін.
Жаулар – қоян, мен – сырттан,
Арасына енейін.

Еңкілдеген шал анау,
Шырылдаған бала анау,
Қуыршақ болған бектерге,
Келіншек пен қыз анау.
Көзім тірі тұрғанда
Қорлыққа қалай көнейін.
Жауым көп деп жасқансаң,
Сендерді дос демеймін.
Қашар болсаң мен қырам
Кетпейсің тірі біреуің.
Ел үшін жанды қимасаң
Ер деп қалай сенейін.
Сенімсіз болсаң оқ қылып,
Ақтұяқты шаптырып
Жауға қарсы желейін.
Қарсы семсер салысып,
Жағаласып, алысып,
Не босатып елді алып,
Не тұтқын боп мен қалып,
Халық үшін мен ылақ,
Жау қолында өлейін.
Ақ сүт берген анам ел,
Үлгі берген атам ел,
Адалдығым ісіммен,
Бойдағы қару күшіммен,
Балалық ақын берейін…

Батыр тұрып толғанды,
Терең-терең ойланды.
Теңізден тұрған желдейін,
Күтірлеп кеткен сеңдейін,
Болкан шашқан таудайын
Айбарланып қозғалды.
Патшаның қашқан салдаты,
Алпыстан асқан бар жасы,
Бастығы Жагөр Оралдық
Сегіз орыс, бір татар
Бірге келген жолдасы
Батыр соған сөз салды:
– Бабам менің Қарасай,
Шапқанда елді жау талай,
Айырып алған батыры.
«Арыстан болсаң жау үшін,
Түлкідей болсын әдісің»,
Дейтін бар-ды ақылы.
Сіздерден сұрар көмегім,
Бұйрық қылды демегін,
Қанқор патша қажытқан
Сендер де елдің жақыны.

Бектер тіккен шатырға
Шапқым келед ел жата
Елу жігіт жіберіп
Ұзақтағы биіктен
Алатаудан Қараойға
Жеткізе отты жаққызам
Алагеуім күн бата,
Көп әскер деп ойлансын,
Жагөр досым, тоғызың,
Тоғыз жігіт тағы да
Өз қасыңа қосып ал,
Он сегіз болсын жолдасың.
Жау бүйірі Көктөбе,
Соған жетіп епте де,
Күн батқан соң орнасын.
Бұл бүйірден мен тием
Ақтұяқты шаптырып,
Үрейін сонда сен ұшыр,
Орысша сырнай тарттырып,
Көнек пенен шелектен,
Барабанды қақтырып
Анда-санда мылтықты
Құр дәрілеп аттырып.
«Орыс та келіп қалды», – деп
Есі кетіп сұрлансын.

Қуанды Жагөр: – Құп, – дейді,
Жолдастарым, шық! – дейді,
Он сегіз жігіт ертіп ап,
Алабұта паналап,
Сайлы жерді жағалап,
Жау көзіне шалынбай
Көктөбені беттеді.
Елу жігіт ертіп
От жағуды алыстан
Андасына жүктеді.
Қалғанына бет бұрып,
Деді батыр: – Жолдасым,
Тас-талқанын шығарып
Қират ханның ордасын.
Күмәнім жоқ, жау қашар,
Зорлықпен келген көбісі
Бізге дос боп жалғасад,
Бектер қашса асығып,
Дүние жатса шашылып,
Қызығу оған болмасын.
Ел үшін туған ер болсаң,
Елін бүгін қорғасын…

Осыны айтып Сұраншы
Ағын судай тасынып,
Ашулы көзі жалтылдап
Жайнаған шоқтай шашылып,
Күн де кірді ұяға
Алатаудан асылып.
Ақтұяқтың тартпасын
Болат сүйек бауырға
Тартпасын елі батырып
Қыран құстай қомданды,
Ақ семсерді қолға алды.
Астыңғы ернін тістенді,
Құрыштай құйған қатынып
Қарасай мен Қашкенің,
Кәрі аруағын шақырып,
Жігіттер құйды саумалын
Тегенеден сапырып.
Намазшамнан өткенде
Құтпанға уақыт жеткенде,
Ақберенді сайлады,
Қарына найза байлады
Жарқабақта жылтыр тас,
Семсерін соған қайрады.
Жібекпен басын бір тартып,
Ат қойды батыр ақырып

Ақырған даусын есітіп,
Жау айнала қарады,
Есінен әбден танады
Дәл жанынан гүрсілдеп,
Барабан құлақ жарады.
Зеңбірек пе, мылтық па,
Анда-санда гүрсілдеп,
Түтін бүркіп алады.
Ұзағырақ қараса
Есепсіз от жанады.
От мөлшерін есептеп –
«Мына қолда мөлшер жоқ…
Құрығанда жүз мыңдай
Қосын бар» деп санады.

Таудан шыққан сарындай,
Дүрілдеген жалындай
Шапқан аттың дүрсілі
Қопарып жерді барады.
Аяқ асты, жау састы.
Қара албасты шын басты,
Не мінетін аты жоқ,
Іздесе киер киім жоқ
Қойған жерде құрал жоқ
Есінен әбден адасты.
Сасқалақтап қосының
Есігіне таласты.
Есінен танған бегіне
Есік баққан қосыны
Оқырайып қарасты.
Қандай пәле келді деп
Бақсылары бал ашты,
Амалсыз жүрген көп құлға,
Түндегі айқай жол ашты.
Қойдай үркіп қол қашты,

Сұраншы батыр ат қойды,
Бөгетін алған өзендей
Азғана сарбаз лап қойды.
Хан, манаптың шатырын
Қаусатамын деп қойды.
Бейне бір қатты жел тұрып,
Қурап тұрған қусаққа,
Шашырап сала от қойды.
Нажағайдай шартылдап,
Бұлт отындай жарқылдап
Бұрқылдаған берендер,
Түнге қосты түтінді.
Жалаңдаған ақ қылыш,
Қыл мойынға кірште-кріш,
Жүрек тіліп, жан қауып,
Қысқыр тісі қан қауып,
Жүзіне қан тұтылды.
Астына мінген ақтұяқ
Тоздырып тозаң бұрқырап
Атқан оқтай жұтынды.
Аш қасқырдай батырдан
Қай жау қашып құтылды…

Есебі жоқ қалың жау,
Қоршаласып қалысты,
Ортасына алысты,
Қарсы семсер салысты,
Сілтегенде қылышты,
Оң жағынан он шауып,
Оны бірдей жер қауып,
Сол жағынан сілтесе
Ондап жауын бір шауып,
Оны бірдей ұндалып,
Ұстарадай шаш алған
Жауды батыр сыпырды.
Бір қозған соң аруағы
Теңіздей жау – жан-жағы
Сұраншыға көп емес,
Үш күн, үш түн ұрысқан
Сол батырдың соғысы
Рүстемнен кем емес.
Астындағы Аққоян
Қия тасқа басылып,
Ақ көбігі аузынан
Екі жаққа шашылып.
Әбден батыр қызған соң,
Омырауы ашылып,
Қоқанға қарай жау қашты
Қордай белін асылып.

Ақ семсері ақ шомшы
Қызыл қанды сапырып.
Үш күн, үш түн өткенше
Әсте батыр тынбады.
Томағасын қайырған
Ақиықтай шыңдағы,
Ел жақтаған батырдың
Сағы жаудан сынбады.
Қашқан жаудың артынан
Аққоян атты бір қара
Қарасайлап қалмады.
Өлексемен үйілді
Алатаудың сайлары.
Тозаңдай тозып жыртылды
Ханның ала байрағы.
Қасқырға шауып арыстан
Қанқордың шықты ойраны.
Шабақ қуған жайындай
Бек біткенді жайлады.
Елге келген бүлікті
Дауылдай тиіп айдады.
Жалынның бетін қайтарып,
Қасқырдан елді айырып
Көтеріп көңіл жайлады.

Бақытты туған ерлері
Сталиндік заманның,
Сенде ғана батырлық
Сенде ғана татулық,
Ел бастаған ер алып,
Ғасыры туды адамның,
Ұлттық емес – ел алып,
Ел бастаған ер алып,
Бөлшектену жоғалып
Ер қорғады отанды –
Біздің ерлер қорғаны
Социалдық қоғамның.

О, ерлерім, ерлерім,
Ел сүйінген белдерім,
Халықтың қорғар ырысын
Сұраншыдай жауға шап.
Ерді өсірген ел үшін.
Өртке теңіз шашқандай
Шығартпа жаудың дыбысын.
Жау бетіне қылыш шап,
Елді, жерді гүлденткен
Сталиндей күн үшін,
Қынадай еңбек қанаған,
Ит боп елді талаған,
Қан сімірген қанқорлар
Әлемнен түгел құрысын.

ТҮСІНІКТЕР

Жамбыл шығармаларының 1957 жылғы бір томдық басылымында «Сұраншы батыр» жырының ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында жазылғандығы туралы айтылады.

Жырды Жамбылдың өз аузынан 1938 жылы жазып алып, хатқа түсірген – ақын Қалмақан Әбдіқадыров.

1938 жылы «Әдебиет майданы» журналының 7-8 нөмірлерінде алғаш рет баспа жүзін көрді. 1939 жылы «Сұраншы батыр» атты жеке кітапша болып шыққан. Жамбылдың 1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2012, 2014 жылдардағы толық жинақтарына кірді.

Жырдың 1953 жылғы баспа қарпінде жазылған, үстінен Қалмақан Әбдіқадыров жыр мәтінінің дұрыстығын растап қол қойған жазба нұсқасы қазірде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінің қорында сақтаулы тұр (3:6657,1).

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы қарсаңында 3 томдық академиялық толық жаңа басылымын дайындау барысында «Сұраншы батыр» жырының қолжазба құқындағы 1937жылы Жамбыл ақынның өз айтуы бойынша Қалмақан Әбдіқадыров араб қарпінде хатқа түсірген, 1953жылы алғаш хатқа түсірген Қ.Әбдіқадыров растап қол қойған нұсқасы мен «Әдебиет майданы» (№7, 8, 1938) журналында басылған мәтіні Жамбыл Жабаевтың 1939, 1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2012, 2014 жылдардағы шығармалар жинақтарында да берілген нұсқаларына арнайы текстологиялық саралау жүргізілді.

Текстологиялық салыстырулар дастанның мәтіндік нұсқасы бойынша және мәтіндік нұсқа түсінігі бойынша жасалды. Жұмыс барысында айқындалған мәтіндік айырмашылықтар, негізінен, дастанға кеңес дәуірінде қосылып жазылған кіріспе сөз бен «Екінші тарау» аталып беріліп жүрген қосымшаға және Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихы мен Кеңестер Одағын ондаған жылдар бойы басқарған И.В. Сталин тұлғасына қатысты мәтіндерге байланысты болды. Сонымен бірге жеке ру, қазақ, қырғыз халықтары арасындағы тарихи уақиғаларға қатысты да қайсыбір тармақ, шумақтардың бірді-екілі мәтіндік өзгерістері де кездесіп отырды.

Әр жылдардағы басылымдарда жеке сөздің жазылуы, тыныс белгілері, жыр түйдектерінің құрылым жүйесі бойынша айырмашылықтар бар.

Дастанның Түсінігі әр жылдардағы басылымдарында кезеңдік саяси идеологияның ықпалымен бірнеше түрлі өзгеріске түсіп отырған. Сұраншы батырдың бірде Ресей патша үкіметіне жақтас болғандығы дәріптелсе, келесі жинақ Сұраншы орыс отаршылдығына қарсы күрескен деп көрсетеді. 1946 жылғы жинаққа 1955 жылғы басылымда елеулі сын айтылады. 1957 жылғы жинақ 1955 жылы 3 томдық болып жарық көрген шығармалардың Сталинге қатысты тұсын «сығымдап» бір томдық етіп басады.

Не дегенде де, саясаттың қату қабағына қарайлап отырғанның өзінде бұл жинақтардың әр қайсысының Жамбылдың әдеби мұрасын ғылыми негізде түгендеуде өзіндік елеулі орны болды.

М. Ғұмарованың текстологиялық жұмысы; М. Базарбаевтың Жамбыл шығармашылығын қазақ әдебиеті тарихының контекстінде теориялық негіздеуі; 1940, 1946 жылғы басылымдардағы мұраға деген жанашыр көзқарас, тарихи таным түзу бағытындағы нысаналы байлам, болжамдар; қырық құбылған уақыттың ыңғайында мүлдем ығына түсіп, ырық беріп кетпей, Жамбылдың бай сөз мұрасын қастерлеу, тану өнегесін қалыптастырудағы мамандық біліктілік өнегесі туралы құрметпен айтуға тиіспіз.

Жамбыл хатшыларының мұрағатын қарау міндеті; ҚР Орталық мемлекеттік архивін, тағы да басқа қатысты қорларды қарастыру міндеті әлде де алда тұр.
Жамбыл мұрасын игеруде әлі де беймәлім қалып отырған, біржақты ғана таралып келе жатқан деректер аз емес. «Сұраншы батыр» дастанына қатысты «Кіріспе» бөлім мен «Екінші тарау» немесе «Қосымша» бөлім – Кеңес кезеңінде қосылған мәтін қай жылы қосылғандығына қатысты анықтауды қажет ететін тұстар бар.

1937 жылғы Қ. Әбдіқадыров жазып алған қолжазба нұсқаның мәтіні толық сақталмаған, жоғалған тұстары бар. «Әдебиет майданы» журналында (№7, 8) бастырған нұсқада ол бөлімдер жоқ. 1939 жылғы жинақта жоқ. 1940 – Екінші тарау бар. 1946 – бар. 1953 жылғы қолжазбада бар. 1996 жылғы 2 томдық толық шығармалар жинағында Екінші тарау бөлініп берілмеген. 2014 жылғы басылымда Екінші тарау бар. Кенесары, Сталинге қатысты тұстары қысқарған.

«Сұраншы батыр» дастанындағы екінші тарауға қатысты нақтылап айтуға қажет ететін бір мәселе бар. 1940, 1946 жылғы жинақтарға кірген; 1938, 1939 жылғы журнал нұсқасы мен жеке кітап болып шыққан дастанда жоқ екінші тараудың негізгі бөлігі – ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарында айтылған мәтін.

1940 жылғы жинақ түсінігінде бұл шығармаға қатысты айтылған дерек осы ойымызды айғақтайды.

«Жамбыл «Сұраншы батыр» поэмасын соңғы жырлағанында кіріспесі мен ең аяғындағы 24 жол қорытындыны ғана жаңадан қосқан. Басқа жерінде бұрынғы айтып келген вариантынан өзгеріс жоқ. Поэманың бірінші тарауы ең әуелі 1938 жылы «Әдебиет майданы» журналының 7-8-сандарында басылды. 1940 жылы (1939 жылғы жинақты айтса керек – ред.) жеке кітап болып шықты. Екінші тарауы бірінші рет кітапқа кіріп отыр» (1940, 432-б.). Яғни, 1940 жылғы жинаққа қосылған екінші тараудың басым бөлігі жырдың негізгі нұсқасында болған.

Кеңестік кезеңде алма-кезек ауысқан саяси ұстанымдар негізінде «Сұраншы батыр» дастанының мәтіндік нұсқасы мазмұндық, құрылымдық тұрғыдан айтарлықтай өзгерістермен басылым көріп отырды.

1938, 1939, 1940, 1946, 1955 жылдардағы басылымдарда тұрақты түрде беріліп отыратын Сталинге мадақ 1957 жылдан бергі жинақтарда жоқ. 1938, 1939, 1940, 1946 жылдардағы басылымдарда Кенесары Қасымұлына қатысты айтылған мәтін 1955 жылдан кейінгі басылымдарда берілмейді.

Дастанның мәтіндік мазмұнында еларалық қатынастарға, қазақ, қырғыз халықтарының тарихи тағдырына қатысты тұстар да кейде айтылып, кейде алынып тасталып отырыпты.
Жамбыл Жапаұлының әдеби мұрасы хатқа түсе бастаған ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бергі баспа жүзін көрген шығармаларының барлығы дерлік текстологиялық өзгеріс, ауытқуларды бастан кешіп келеді.

Әдебиет тарихында баламасы жоқ авторлық ауызша әдебиеттің аса даңқты өкілі Жамбыл ақынның шығармаларын 175 жылдығына орай баспаға әзірлеу барысында толық текстологиялық салыстырулар жасау мақсатында жұмыс жүргізілді.

«Сұраншы батыр» дастанының баспа жүзін көрген, ӘӨИ қолжазба бөлімінде сақталған мәтіндік нұсқаларын өзара салыстыру тыныс белгілеріне; жеке сөздердің жазылуына; адам есімдерінің, жер-су, мекен атауларының жазылуына қатысты бірқатар текстологиялық түйіткілдердің тұрақты түрде орын алып келе жатқандығын көрсетті. Сонымен бірге мәтіннің саясат ыңғайында «бұзылу» фактілері дастанның басылым нұсқаларындағы көлем ауытқушылығы, мазмұндық ұстанымы бойынша нақтылана түсті. Дастанға 1939 жылдан бастап беріліп келе жатқан түсініктер бойынша салыстырулар жүргізу идеология ыңғайында Сұраншы батырдың тарихи тұлғасына қатысты әр жылдарда әр қилы танымдық ақпарат беріліп келгендігін көрсетті.
«58. «Сұраншы батыр» – бұл Жамбылдың революцияға дейін айтып келген ұзақ тарихи дастанының бірі.

<…>

Жетісу өлкесін ішкі, тысқы жаулардан қорғаған айбынды батыр. Кенесары бастаған көтеріліске қатысқан» (1940 ж.ж.).

1946 жылғы жинақ түсінігі 1940 жылғы түсінікпен мазмұндас жазылған. Бұл жинақта жырдың жазылып алыну, басылым тарихына қатысты нақтылы мәлімет берілген.
«Өлеңді жазып алған Қалмақан Әбдіқадыров. Дастанның бірінші тарауы және екінші тараудың қысқартылған түрі ең әуелі 1938 жылы «Әдебиет майданы» журналының 7-8-сандарында басылды. 1939 жылы жеке кітап болып шықты. Дастанның екінші тарауы толығынан бірінші рет 1940 жылы басылған Жамбыл шығармаларының 1-томында (319-350-б.) шықты» (1946 ж.ж.).

1938 жылғы «Әдебиет майданы» (№7-8) журналында басылған «Сұраншы батыр» дастанының мәтіндік нұсқасын Жамбыл шығармаларының 2014 жылғы басылымындғы берілген мәтінмен салыстыруда 89 айырмашылық көзге түсті.

Жырдың әр тармағында дерлік тыныс белгі, сөздің жазылуы, мәтін көлеміне қатысты өзгешеліктер бар. Мәселен, 1938 жылы 690-тармақтан әрі қарай берілген 17 тармақ мәтін 2014 жылғы жинақта жоқ. Басқа да басылымдармен салыстырулар барысында нақтыланып отырған мәтіндік қысқарту, қосулар осы жаңа жинақтың «Түсініктер» бөлімінде «Жеке басылымдардан» деген қосымшамен берілді.

Дастан 1938 жылғы «Әдебиет майданы» журналында екі тарауға бөлінбеген мәтінмен басылым көрген. Көлемі – 935 тармақ. 1939 жылғы жеке жинақ болып шыққан нұсқа да тарауға бөлінбеген. 1940 жылдан бастап екі тараумен басылым көріп келеді. Мәтіндік құрылымы ұдайы өзгеріп отырған.

Жамбылдың әдеби мұрасын зеттеуде «Өтеген батыр» дастанының үш нұсқасы аталып отырады. Біздіңше, «Сұраншы батыр» дастанының Қалмақан Әбдіқадыров жазып алып «Әдебиет майданы» журналында жариялаған нұсқада 1940 жылғы екінші тарауда берілген Сұраншы батырдың өміріне қатысты баяндалатын жыр мазмұны Жамбыл ХІХ ғасырдың 60-90-жылдарында жырлаған «Сұраншы батыр» дастанының негізгі мәтініне тиесілі.

Жырдың бұл қазақ-қырғыз арақатынасына қатысты айтылған тұстары ұлтаралық мәселенің саяси астарына байланысты әр жылдардағы басылымында бірде алынып қалып, бірде беріліп отырған. Жыр мәтіні кеңестік идеологияның талабында 1938, 1940 жылдарда біршама толықтырылған.

Осы мәнде жырдың қазан төңкерісіне шейінгі мәтінін бірінші нұсқа, 1938, 1940 жылдарда өзгертілген мәтінін екінші нұсқа деп қарауға да болатын сияқты. Бірінші нұсқаға тиесілі мәтіннің елеулі бөлігі 1940 жылғы жинақта екінші тарауға кірген. Жыр нұсқасы бойынша әлде де текстологиялық зерттеулер жалғасын табуы тиіс.

Жамбыл ақынның 175 жылдығы қарсаңында жарық көріп отырған бұл академиялық үш томдық басылымда «Сұраншы батыр» дастанының әр жылдардағы басылымын салыстыру барысында жекелеген сөздер мен тыныс белгілері бойынша бірқатар түзетулер жасалынды.
2014 жылғы жинақтағы жырдың «Жиырмада жырға жел беріп» деп келетін 12-тармағы 1946 жылғы басылымдағы «Жиырмада жылға – жыр болып» деген мәтін бойынша алынды.
2014 жылғы жинақтағы «Жырымен шыңы жаңғырып» болып берілген 22-тармақ 1938 жылғы «Әдебиет майданы» журналындағы мәтіні бойынша «Жырыммен шыңы жаңғырып» деп алынды.
2014 жылғы жинақтағы «Қыбыршығын көңілдің» деп келген 37-тармақ 1938 жылғы журнал нұсқасында «Қыбыршыған көңілдің» болып алынды.

Дастан мәтінінде осындай бірқатар айырмашылықтары бар.
40-тармақ (2014) – «Сүйсіндіріп жұбатпай».
1938 – «шуақтай».
45-тармақ (2014) – «Домбырасы шіңкілдей».
1939 – «шіңкілдеп».
46-тармақ (2014) – «Жағына сөйлеп дүңкілдей».
1938 – «күлкілдеп».
329-тармақ (2014) – «Дулат, Албан, Суанмен».
1937, 1938 – «бай ұлы».
1939, 1946 – «Байұлы».
367-тармақ (2014) – «Алатаудың шоқтасы»
1939 – «шоқтығы»
514-тармақ (2014) – «Қошуына жолдатты»
1937 – «құшуына».
1939 – «қосуына».
555-тармақ (2014) – «Тілеуқабыл, Майемер».
1939, 1946 – «Маямыр».
576-тармақ (2014) – «Тұматайды шақырды».
1939, 1946 – «Туматайды».
579-тармақ (2014) – «Азуы мүжік хан иттер».
«Әдебиет майданы» (1938, №7) – «мұқыл».
602-тармақ (2014) – «Жасық кеңес бергелі».
1946 – «Асық».
866-тармақ (2014) – «Ақ семсері ақ шомшы».
1953 жылы Қ. Әбдіқадыров растап қол қойған қолжазбада (ӘӨИ) бұл сөз «ақ шөміш» деп сиямен түзетілген.
907-тармақ (2014) – «Кесек атқан қорғасын».
1937, 1953 жылғы қолжазбаларда – «жатқан».
994-тармақ (2014) – «Айтшы, Жәке» дегенін».
1940, 1946 жинақтарда, 1953 жылғы қолжазбада – «Айт Жәмеке».
910-тармақ (2014) – «Бөліп айтқан Жамбылдың».
1953 жылғы қолжазбада – «Жәмекең».
1022-тармақ (2014) – «Ел аяғы сол соғыс».
1937 – «жыр аяғы».
1953 жылғы қолжазбада – «ылаңы».
1067-тармақ (2014) – «Көрмейін елдің көз жасын».
1953 жылғы қолжазбада – «көрмеймін».
1115-тармақ (2014) – «Сондықтан қосын алмапты».
1953 жылғы қолжазбада – «қосып».
1135-тармақ (2014) – «Табасыз қолдан өлді деп».
1946 жылғы жинақта – «Тобасыз».
1953 жылғы қолжазбада «Аяусыз» деп сиямен түзетілген.
1176-тармақ (2014) – «Басым тіксем қан алмай».
1937 жылғы қолжазбада, 1940 жылғы жинақта, 1953 жылғы қолжазбада – «Қасым».
1224-тармақ (2014) – «Туған батыр бейнелі».
1940, 1946 жылғы жинақтарда – «Тұрған».
1295-тармақ (2014) – «Мекірейдей тұмысы».

1940, 1946 жылғы жинақтарда, 1953 жылғы қолжазбада – «Мекіредей тұмсығы».
Осындай жеке сөздің жазылуындағы айырмашылықтар бойынша мәтін мазмұнының қисынына қарай жекелеген түзетулер жасалынды. Кейінгі басылымдарда көп өзгеріске түскен 1937, 1938, 1940, 1946, 1953 жылдардағы хатқа түскен бастапқы нұсқалардағы тыныс белгілері қалпына келтірілді.

«Сұраншы батыр» дастанының Жамбыл Жабаевтың 1939, 1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 жылдарда басылым көрген жинақтарда берілген түсінігі негізінен Сұраншы батырдың өмірбаян деректеріне, Қоқан билігі, Ресей патша үкіметінің Жетісуды алу тарихына қатысты болып келеді. Саяси ұстанымның идеология ықпалында бағалау, саралау басымдық алып отырған уақыттары болды.

«58. «Сұраншы батыр» – бұл Жамбылдың революцияға дейін айтып келген ұзақ тарихи дастанының бірі. Сұраншы Жетісу бойында болған ХІХ ғасырдың орта кезінде жасаған атақты батырдың бірі. Руы шапырашты, Жамбылмен аталас. Жетісу өлкесін ішкі, тысқы жаулардан қорғаған айбынды батыр. Кенесары бастаған көтеріліске қатынасқан. Сұраншы батырды Жетісу бойындағы халық ақындарының жырламағаны жоқ. Бұл дастанды Жамбыл революцияға дейінгі вариантынан өзгеріссіз күйінде айтып берді. Мұндағы бір бөлек орыс жігіттерінің Сұраншыға болысуы жайындағы уақиға кейінгі редакцияда қосылған емес, бұрын бар, жана (және) тарихи шындық.

Қылышынан қан сорғалатып, елді қырғын талауға ұшыратып, Жетісу бойын, Орта Азияны, Сары-арқаны жаулап алған генерал, кнәздар, Колпаковский, Перовский, Горчаковтардың жорықтары кезінде бұлардың айуандықтарына шыдай алмай талай ондаған солдаттар патшаға, өзінің қан құмар талаушы генерал бастықтарына қатты қарсылық білдіріп, зор гуманизм, адамгершілік сезімімен сол отаршыларға қарсы күрескен жергілікті халық жағына шығып кетіп отырған. Мәселен: 1839-жылы қысты күні Перовский бастаған патшаның қалың қолы Ембі, Маңғыстау арқылы Хиуаға қарай жорық жасайды. Аға сұлтан Айшуақов Баймағамбеттің жәрдемімен Перовский 800 қазақты зорлап алдыртып, қысты күнгі жорықта түйеші ретінде ертіп алады. Жолда 5000 ға жақын әскер де, түйеші қазақтар да қыстың суығында жана адайлықтардың шабуылына шыдамай, зор қиыншылыққа ұшырайды. Осындай жағдайда орыс солдаттары мен түйеші қазақтар Перовскийге қарсы бунт жасап, үлкен қарсылық білдіріп, бірталайы қырға қашып кетеді. Бұл бір.
Екінші – 1845-жылы, Кенесарының патшаға қарсы көтерілісі қатты күшейіп тұрған уақытта, патшаның өзінен бітім жайын сөйлесу ретімен жоғарғы штабтың поручигі – Герн елші ретінде Кенесарының қалың қолына келеді. Герн Кенесарының әскерінде қазақтың барлық рулары, нағыз жалаң аяқ қашқын кедейлері болудың үстіне, 4 башқұрт, 6 татар, 5 орыс бар екен, бұлар көбінесе Кенесарының соғыс қару-жарақтарын даярлау жағында істейді екен дейді.

Үшінші – 1859-60-жылдарда, Алма-Ата айналасында Колпаковский әскеріне қарсы күрескен халықтың соғыстарында қазақтар жағында төртеу-бесеуден орыстар болып отырған. Оның керісінше, Сары-арқа бойында Кенесары бастаған халық көтерілісіне қарсы аттанған Горчаков, Перовскийлердің жанында өзіне ерген жігіттерімен Ахмет төре, Баймағамбет сұлтан, Қоңырқұлжа төрелер, Жетісу бойында Колпаковскийдің жанында 150-200 жігітімен Тезек төре болады. Патша үкіметі орыс әскерінен жергілікті халықтың көтерілісіне қосылғандарды азғындар, қашқындар (дезертирлер) деп есептеп, қолға түскендерін соғыс сотымен қатты жазалап отырған. Сондықтан бұл поэмадағы Жагор бастаған 8 орыс, бір татар, жай ойдан қоса салған факті емес, тарихи шындық. Орыс солдаттарынан үнемі қазақтар жағына қашып шығып, халық азаттығын жақтап күресіп отырғандардың болғанын бұл тарихи шындық толық дәлелдейді. Сұраншы батырдың бұл соғыстары Колпаковский бастаған патша әскері дәл Алма-Ата түбіне келіп жетпеген 1850-52-жылдардың шамасы болу керек. Сұраншы Жетісуға шабуыл жасап келген патша әскеріне қарсы соғысқа да қатынасады. 1860-жылы Ұзын-ағаш, Қара кәстек түбіндегі соғыста Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Сыздық батырлар жергілікті қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр халқын бастап қатты соғыс салады. Поэманың екінші тарауындағы соғыс Алма-Атаны патша әскері жаулап алғаннан кейін 1860-70-жылдардың арасында болуы мүмкін. Мұндағы аты аталатын Құдияр қоқанның ханы, әуелде хан болғанмен, артынан қыпшақтар партиясы деген топ Құдиярды хандықтан қуып жібереді. Бұхардың әмірі Құдиярды хан қоямын деп Тәшкентте қыпшақтармен бірнеше рет соғысады. Бірақ, Әлімқұл, Сыздық бастаған қыпшақтар Құдиярды қатты қырғынға ұшыратып, қуып жіберіп отырады. Құдияр Алатау аймағында қорғансыз, бейбіт жатқан қазақ, қырғыз ауылдарын аш қасқырдай талап, қырғынға ұшыратып отырған. Соның алдында ғана Кенесарының басын Омбыға апарып, патшадан шен алып қайтқан қырғыздың манаптары – Орман хан, Жанғараш бектері, қазақтың Тезек төрелері Құдиярдың елді талап, шабуына көмек берген. Сұраншы батыр Құдияр ханның, соған ерген жендетттердің қол жинап келіп халықты талауға салған озбырлығына қарсы шығып күрес ашады. Құдиярды елдің арасынан қуады, бұған Тәшкент айналасындағы өзбек, қазақтар да қуанады, Құдияр ақырында маған сен, шекпен бер, үлкен дәреже бер деп, кейін 1860-70-жылдардың ішінде Орынборға, Петербурға барып, патшаның генерал, министрлерінің жалынып табанын жалайды. Бірақ – сен бізге ешқандай еңбек сіңірген жоқсың деп, Құдиярды жақсы ықыласпен қабыл алмайды. Құдияр 1879-жылы өлді. Қырғыз манабы Орман хан Сұраншының қолынан өлді деген тарихи дерек жоқ, осы уақытқа дейін өз ажалынан өлді деп келді.

Тезек төре Абылайдың шөбересі. Абылайдың баласы Әділ, Әділдің баласы Нұралы. Абылай өлерде Әділ ұлы-жүзді билеп қалады. Әділдің кейін ел билеу жұмысына Нұралы жана Тезек араласады. Тезек Жетісу бойында халықтан шыққан батырлармен үнемі ұстасып кеткен. Ол Кенесары қозғалысына да қарсы шығады. Сұраншы, Сыпатайды бірнеше рет патшаға ұстап бермекші де болады. Ел ішінде билікті қолға ұстауда оның арқа таянышы қоқан ханы үстем кезінде оның бектері, қырғыздың манаптары, патша үкіметінің Черняев сияқты қанды көбе генералдары болады. Кейін Тезек халықты өз жағына тарту мақсатымен елдің атақты ақын, әншілерін өз ордасына жинап, өзін мақтатып өлең айттырып, өз атынан өлең шығарттырып, түрлі әрекет жасаған (мәселен: Сүйімбай, Жанақ, Бақтыбай, Құлмамбет т.б.). Бірақ ақындардың көбі Тезектің өзін мақтаудың орнына, сөгіп, жамандап отырады.

Бұл жырдың екінші тарауында аталған Ағыбай, Бұхарбай, Байзақ – бәрі Кенесарыға ерген батырлар.

Жамбыл «Сұраншы батыр» поэмасын соңғы жырлағанында кіріспесі мен ең аяғындағы 24 жол қорытындынығана жаңадан қосқан. Басқа жерінде бұрынғы айтып келген вариантынан өзгеріс жоқ. Поэманың бірінші тарауы ең әуелі 1938-жылы «Әдебиет майданы» журналының 7-8-сандарында басылды. 1940-жылы жеке кітап болып шықты. Екінші тарауы бірінші рет кітапқа кіріп отыр» (1940 ж.ж., 429-432 бб.).

«200. «Сұраншы батыр» – Бұл, Жамбылдың революцияға дейін айтып келген ұзақ тарихи дастанының бірі. Сұраншы Жетісу бойында болған, ХІХ ғасырдың орта кезінде жасаған атақты батырдың бірі. Руы Шапырашты, Жамбылмен аталас. Жетісу өлкесін ішкі, тысқы жаулардан қорғаған айбынды батыр. Кенесары бастаған көтеріліске қатысқан. Сұраншы батырды Жетісу бойындағы халық ақындарының жырламағаны жоқ. Тарихшы Невзицкийдің айтуына қарағанда «Узынагачское дело» 1910-г.г. Верный), 1860-жылғы белгілі Ұзынағаш соғысында Сұраншы 200 жігіті бар орыс әскерімен бірге прапорщик чинінде қоқан әскеріне қарсы ұрысқа қатынасқан. Сапарғали Бегалиннің жыйнаған мәліметтерінде Сұраншы кедей емес сияқты. 1864-жылдары қоқандықтар оның 500 жылқысын айдап кетіпті, өзін қолға түсіріпті дейді. Бұл дастанды Жамбыл революцияға дейінгі айтып жүргенінен көп кеңейтіп берген. Мұндағы бір бөлек орыс жігіттерінің Сұраншыға болысуы жайындағы оқыйға кейінгі редакцияда қосылған емес, бұрын бар, және тарихи шындық. Халық ақындары Өмірзақ, Үмбетәлінің айтуынша Сапарғали жазып алған Сүйімбайдың да Сұраншы туралы шығармасы бар. Бірақ ол қысқа көрінеді.

Жамбыл «Сұраншы батыр» дастанын соңғы жырлағанда кіріспесі мен ең аяғындағы 24 жол қорытындысын ғана жаңадан қосқан. Басқа жерінде бұрынғы айтып келген вариантынан өзгеріс жоқ. Өлеңді жазып алған Қалмақан Әбдіқадыров. Дастанның бірінші тарауы және екінші тараудың қысқартылған түрі ең әуелі 1938-жылы «Әдебиет майданы» журналының 7-8-сандарында басылды. 1939-жылы жеке кітап болып шықты. Дастанның екінші тарауы толығынан бірінші рет 1940-жылы басылған Жамбыл шығармаларының 1-томында (1946 ж.ж., 319-350-б.) шықты.

«Жамбылдың Кенесары Қасымов қозғалысының шын сырын айқындайтын өлеңдері 1940-1946 жылдардағы жинақтарына кірмей келген. «Клим батыр», «Тағы бітті жаңа күш», «Халық Армиясы» деген өлеңдерінде де Қасымовтардың шектен тыс зұлымдықтарын бейнелейтін бөлімдері бұрынғы жинақтарына кірмеген. Газетте басылған тексті арқылы бұл жолдар қалпына келтірілді» (1957, 6-б.).

1982, 1996 жылғы жинақтарда дастанның текстологиялық мәселелеріне біршама көңіл бөлінеді. 2012 жылғы басылымында Сұраншы батырдың өміріне қатысты тың деректер айналымға тартылған.

«Сұраншы батыр» дастанының қазан төңкерісіне шейінгі айтылған нұсқасы хатқа түспеген. Жырды 1938 жылы жазып алған Қалмақан Әбдіқадыровтың жеке архивінде сақталмаса, ресми деректерде жырдың кеңестік жүйе саясаты араласып қайта жырланған нұсқасы ғана сақталған. Басылым көрген нұсқалардың мәтіндік тұтастығы бірнеше рет өзгеріске түскен. Жыр нұсқасын қалпына келтіру бағытында Жамбыл Жабаевтың 1996 жылғы 2 томдық толық жинағында біршама жұмыс жасалған. Жинақты шығарушылар кеңестік кезеңде қосылған мәтіндерді түгелге жуық қысқартқан.

Адам есімдері, жер-су атауларына қатысты, жеке сөздердің жазылуында кеткен жаңсақтықтарға байланысты бірқатар түзетулер жасалған.
Жинақта Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасын баспадан шығару жұмысында текстологиялық тұрғыдан алғаш рет тәуелсіз саралау жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстың жалғасын табу қажеттілігі, өкінішке орай, тағы да ширек ғасыр тоқтап қалғандығын айтқан жөн.
1996 жылғы жинақтағы мәтін түзілімі әлде де маман зерттеушілердің сараптамасын күтеді деп болжаймыз.

Сұраншы батыр мен Орман хан оқиғасына қатысты мәтіндік нұсқада да ауытқушылық, кезеңдік саясат ықпалымен жасалған өзгертулер мүмкіндігінше қалпына келтірілуі керек.

1953 жылғы Қалмақан Әбдіқадыров растап қол қойған нұсқадағы «Сұраншы батыр» дастанына 1938, 1940 жылдарда қосылған мәтін мен 1996 жылғы жинақтағы мазмұнда жырдың оқиға желісіне хронологиялық тұрғыдан кірікпей тұрған құрылымдық өзгерістер бар.

2014 жылғы жинақтағы тармақ ретімен алғанда 883-тармаққа 1996 жылғы жинақта «Уыз қымыз бұрқырап» деп басталып қосылған 28 тармақ өлең 1953 жылғы қолжазбада 2014 жылғы бойынша тармақ ретімен алғанда «Пісті саба сіресіп» деп келген 1006-тармақтан соң қосылып жазылған.

1996 жылғы жинақта бұл 1006-тармақтан соң «Сұраншыға хат барды» деп басталатын мәтін берілген (Бұл 1006-1392-тармақтар, 2014 жылғы бойынша алғанда) жыр осы 1392-тармақпен аяқталады.

1996 жылғы жинақта ІІ тарау 2014 жылғы бойынша рет санымен келгендегі «Сақылдап құйған жауындай» деп берілген 912-тармақтан басталған.
2014 жылғы жинақта (896-тармақ), 1953 жылғы қолжазбада ІІ тарау басы – «Арғымақтай арындап».

«Сұраншы батыр» дастанының алғашқы 1938 жылғы «Әдебиет майданы» журналындағы басылымы мен кейінгі жеке жинақтарда берілген мәтіндік нұсқаларды салыстыру барысында әр басқа жазылған сөздер мүмкіндігінше осы толық 3 томдықта бірнеше жинақтағы жазылымы фактісінде көрсетіліп отырылды.

Салыстыру бірінші тармақтан басталып, соңғы сөзге дейін жасалды. Салыстыруда мәтіндік нұсқа міндетінде Жамбыл ақынның 2012 жылғы жинау негізінде қайта басылып шыққан 2014 жылғы Толық жинағы алынды. Тармақ, тарау реті де осы аталған басылым бойынша көрсетілді.

1) «Сұраншы батыр» дастанының 4-тармағы
2014 ж.ж. – «Жырдың селі тасқындап».
1937 ж.қ. – «қорланып»
1938 жылғы «Әдебиет майданы» журналының 8 нөміріндегі нұсқасы – «қорланып».
1953 жылғы ӘӨИ қолжазба бөлімінде сақталған Қалмақан Әбдіқадыров жазып алған «Жамбыл шығармалары» атты қолжазбада – «тасқындап».

Жамбыл шығармаларының 1982 жылғы толық жинағында – «қорланып».
1996 жылғы 2 томдық Таңдамалы шығармаларында – «қорланып».
Жамбыл шығармаларының 2021 жылғы 3 томдық академиялық басылымында бұл сөз «қорланып» болып алынды.

2) 9-тармақ (2014 ж.ж.) – «Терең теңіз тұнбасы».
1937, 1938– «тынбасын».
1946 – «тыңбасы».
1953 ж.қ. – «тынбасы».
Жинақта бұл сөз «тынбасын» болып жазылды.

3) 10-тармақ (2014 ж.ж.) – «Тұнбада жатқан нұр тасы».
1938, 1946, 1953 ж.қ. – «тынбада».
1996 – «тұнбасы».
Бұл сөз 2014 жылғы басылымы бойынша берілді.

4) 12-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жиырмада жырға жел беріп».
1937, 1938– «жырға жел болып».
1939 ж.ж. – «жырға жел барып».
1946 ж.ж., 1953 ж.қ.– «жылға – жыр болып».
1996 – «Жиырмада жырғы жел беріп».
Бұл басылымында 1946 жылғы жинақ бойынша «Жиырмада жылға – жыр болып» деп алынды.

5) 13-тармақ (2014 ж.ж.) – «Аударған желмен сең болып».
1938, 1939– «жел мен сең».
1953 ж.қ., 1996– «желмен сең».
2014 жылғы жинақтағы «Аударған желмен сең болып» берілді.

6) 18-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ақ бидай терген тауықтай».
1938, 1939– «берген».
1953 ж.қ., 1996– «терген».
Жинақта бұл тармақ 2014 жылғы басылымы бойынша қалдырылды.

7) 19-тармақ (2014 ж.ж.) – «Елге жырым жем болып».
1938, 1953 ж.қ., 1996– «жем».
1946 – «жөн».
Осы басылымында 1938, 1953, 1996, 2014 жылғы «жем» сөзі жазылды.

8) 20-тармақ (2014 ж.ж.) – «Алатаудың аясы».
Жамбыл шығармаларының әр жылдардағы басылымында «алатау» болып жазылатын тау атауы «Сұраншы батыр» дастанының 1938 жылғы «Әдебиет майданы» журналы (№7, №8), 1939 жылы жеке жинақ болып шыққан басылымында «Ала тау» болып бөлек жазылған.

9) 22-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жырымен шыңы жаңғырып».
1938 – «жырыммен».
1953 ж.қ. – «жырымен».
1996 – «үнімен».
Жинақта 1938 жылғы «жырымен» сөзі қалдырылды.

10) 34-тармақ (2014 ж.ж.) – «Тұнығы болмай сынаптай».
1938, 1939, 1953 ж.қ., 1946 – «тынығы».
1996 – «тұнығы».

11) 37-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қыбыршығын көңілдің».
1938, 1939, 1940, 1955 – «қыбыршыған».
1953 ж.қ. – «қыбыршығын».

12) 40-тармақ (2014 ж.ж.) – «Сүйсіндіріп жұбатпай».
1938 – «шуақтай».
1953 ж.қ., 1996 – «жұбатпай».
Бұл басылымында 1938 жылғы «Әдебиет майданы» (№7, 8) журналындағы «шуақтай» сөзі алынды.

13) 45-тармақ (2014 ж.ж.) – «Домбырасы шіңкілдей».
1938, 1953 ж.қ. – «шіңкілдей».
1939, 1996 – «шіңкілдеп».
Жинаққа «шіңкілдеп» (1939) сөзімен берілді.

14) 46-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жағына сөйлеп, дүңкілдей».
1938 – «күлкілдеп»
1939, 1996 – «күңкілдеп».
1953 ж.қ. – «дүңкілдей».
Бұл басылымға 1938 жылғы журналдың басылымы бойынша «күлкілдеп» сөзі берілді.

15) 47-тармақ (2014 ж.ж.) – «Айтқанда өлең өлең бе».
1938, 1939, 1940, 1946, 1953 – «айтқан».
Бұл сөз 1937, 1938, 1939, 1940, 1946, 1953 жылдардағы жинақ, қолжазба нұсқаларындағы жазылуымен «айтқан» болып алынды.

16) 50-тармақ (2014 ж.ж.) – «Айдын көлдей ақылы».
1937, 1938, 1996 – «айдын».
1940, 1946, 1953 ж.қ. – «айдың».
«Айдын көлдей» деп алынды.

17) 51-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жыр тұлпары Сүйінбай».
1938, 1939, 1953 ж.қ. – «Сүйімбай».
1996 – «Сүйінбай».

18) 52-тармақ (2014 ж.ж.) – «Осылай айтқан бағызы».
1938, 1939, 1996 – «уағызы».
1953 – «бағызы».
«Уағызы» сөзі алынды.

19) 67-тармақ (2014 ж.ж.) – «Бата берген Сүйінбай».
1938, 1946, 1953 ж.қ. – «Сүйімбай».
1996 – «Сүйінбай».

20) 84, 85-тармақтар (2014 ж.ж.) –
«Таудан құлап тарғыл тас,
Ел тілегі қоймады».
1937 ж.қ. – «Ел тілегі қоймады:
Таудан құлап тарғыл тас».
1938, 1946, 1953 ж.қ., 1996 – «Ел тілегі қоймады,
Таудан құлап тарғыл тас».
Бұл тармақтар 1937 жылғы жазылуы бойынша берілді.

21) 90-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ел батырын ойлады».
1938, 1946, 1953 ж.қ. – «батыры».
1996 – «батырын».
Бұл жинақта «Ел батырын ойлады» деп 1996, 2014 жылғы басылымы бойынша берілді. Мәтін мазмұны осыған келеді.

22) 98-тармақ (2014 ж.ж.) – «Мұз – дулыға, қар сауыт».
1938 – «мұз дулыға».
1946, 1953 ж.қ. – «дауылға».
1996 – «Мұз – дулыға, қар – сауыт».
Бұл сөзді 2014 жылғы жазылуында алдық.

23) 2014 жылғы жинақта 103-тармақтан кейін 1946 жылғы жинақта берілген «Нумен тауды қаптады Сталиндік заманы» атты 2 тармақ алынып қалған. Осындағы «Нумен» сөзі 1938 жылғы журнал нұсқасында, 1939 жылғы жинақта, 1953 жылғы қолжазбада «Нұрмен» болып келген.
Жаңа басылымында бұл екі тармақты қайта қостық.

24) 128-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қоршаланса ақ бұлт».
1953 ж.қ. – «қоршаланса».
1996 – «қоршалана».

25) 138-тармақ (2014 ж.ж.) – «Толып жатқан оқиға».
1939 – «уақиға».
1953 ж.қ. – «оқыйға».
1996 – «оқиға».

26) 144-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жырға желі заманғой».
1937 – «сол заман».
1953 ж.қ. – «Жырға желі сол заман ғой».
1996 – «заман сол».
«Сол заман» деп алынды.

27) 147-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қайғы басқан жаман ғой».
1938, 1996 – «заман».
1953 ж.қ. – «жаман».
«Жаман» да, «заман» да қисынға келгенімен, сөз қайғының басқаны жаман екендігінен гөрі заманның қайғы басқан қалпына қаратылып айтылған сияқты. Жинаққа «заман» сөзімен берілді.

28) 2014 жылғы жинақтағы
«Айдаһар жұтып аюды,
Шоңбас жеді шымшықты.
Шектен асып ушықты», –
деп келген 151, 152, 153 тармақтар 1938, 1946, 1996 жылғы журналдық нұсқа, жинақтық басылымында, 1937, 1953 жылғы қолжазбаларда –
«Шектен асып ушықты,
Айдаһар жұтып аюды,
Шоңбас жеді шымшықты».
Бұл жинақта осы мәтін алынды.

29) 167-тармақ (2014 ж.ж.) – «Перен мылтық арттырып».
Осы сөз бар басылымында – «перен». 1996 ж.ж. – «Перси мылтық». Техникалық қате болса керек.

30) 174-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қайта қашып бүрлікті».
1953 ж.қ. – «бүрлікті».
1996 – «бөрлікті».

31) 178-тармақ (2014 ж.ж.) – «Айғыр атты жетектеп».
1938, 1953 ж.қ. – «Айғыр атты».
1996 – «Ат, айғырды».

32) 186, 187-тармақтар 2014 ж.ж. – «Алатын орыс, қазақсың, Аламын деді бәріңді!»
1938 – «– Алатын орыс қазақсың Аламын – деді бәріңді».
1953 ж.қ., 1996 – «Алатын орыс, қазақсың Аламын деді бәріңді».

33) 191-тармақ (2014 ж.ж.) – «Тілеуқабыл – Қасқарау».
1938 – «қас қарау».
1953 ж.қ., 1996 – «Қасқарау».

34) 207-тармақ (2014 ж.ж.) – «Бөксерде жатқан көп Дулат».
1938, 1953 ж.қ. – «Бөксерде».
1996 – «Бектерде».

35) 217-тармақ (2014 ж.ж.) – «Батыр тұлға бола алмай».
1953 ж.қ. – «Батыр».
1996 – «Батыры тұлға бола алмай».

36) 223-тармақ (2014 ж.ж.) – «Айсаның қырын өрледі».
1937, 1938, 1946, 1953 ж.қ. – «қарын».
1996 – «қырын».
Бұл жинақта 2014 ж.ж. бойынша «қырын» берілді. Қисыны осы сөзге келеді.

37) 226, 227 тармақтар (2014 ж.ж.) – «Шапырашты, Қарасай, Жаудан қорқар ел ме еді?».
1938 – «ел ме».
1946, 1996 – «Шапырашты Қарасай – жаудан қорқар ер ме еді».
1953 ж.қ. – «Шапырашты, Қарасай, Жаудан қорқар елме еді».
Бұл басылымда «Шапырашты Қарасай, Жаудан қорқар ер ме еді?» деп берілді.

38) 242-тармақ (2014 ж.ж.) – «Бұрқыраған Шу асау».
1937, 1938 – «шу асау».
1946 – «шу».
1953 ж.қ. – «Шу».
1996 – «су асау».
Шу өзені емес – шу асау су.

39) 247-тармақ (2014 ж.ж.) – «Аһаласып ұмтылды».
1938 – «Алһаласып».
1953 ж.қ., 1996 – «Аһаласып».
1938 ж.қ. жазылуы алынды.

40) 253-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қызғалдақтай он төрт жан».
1937, 1953 ж.қ. – «жан».
1938, 1996 – «жас».

41) 279-тармақ (2014 ж.ж.) – «Тас қотанның сазына».
1953 ж.қ. – «Тас қотанның».
1996 – «Тасқотанның».

42) 282-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ала тулар желпілдеп».
1937, 1938 – «жалпылдап».
1953 ж.қ., 1996 – «желпілдеп».
Бұл басылымында «жалпылдап» сөзі берілді.

43) 284-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қомпаң-қомпаң шоқысып».
1937, 1996 – «шоқытып».
1938 – «шақырып».
1953 ж.қ. – «шоқысып».
Жинақта «шоқытып» болып жазылды.

44) 286-тармақ (2014 ж.ж.) – «Зерделі шапан бектер де».
1938 – «Зердері шаба беклерде».
1953 ж.қ. – қолжазбада бұл тармақ көрінбеді (ред.).
1996 – «бектерде».

45) 292-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жалаң қағып жасауыл».
1938 – «жалын».
1953 ж.қ. – қолжазбада бұл тармақ көрінбеді (ред.).
1996 – «жалаң».

46) 300-тармақ (2014 ж.ж.) – «Батыр барған түйінді іс».
1938 – «барған».
1996 – «болған».

47) 310-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жаз жайлауы Үшқоңыр».
1937, 1996 – «жайласа».
48) 320-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ұлы жүздік қазақтың».
1996 – «Ұлы жүзі қазақтың».

49) 321-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ық жағында қорадай».
1938, 1996 – «Ық жағына».

50) 326-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қонақ асын таба алман».
1939, 1946 – «табалмай».
1996 – «Қонақасы таба алмай».
2014 жылғы жинақ бойынша қалдырылды.

51) 329-тармақ (2014 ж.ж.) – «Дулат, Албан, Суанмен».
1938 – «бай ұлы».
1939, 1946 – «Байұлы».
1996 – «Дулат, Албан, Суанмен».
1938 жылғы «Әдебиет майданы» журналындағы қалпында алынды. Дулат, Албан – бай баласы деген мағына бар. «Суанмен» сөзі 1996 жылы қосылған. 1939, 1946 жылғы жинақтарда «бай ұлы» сөзі «Байұлы» – ру атауы болып берілген.

52) 351-тармақ (2014 ж.ж.) – «Кәрібоз бен Бәуке қарт».

1937, 1996 – «Мәуке».
1938 – «Мауке».
«Бәуке қарт» пен «Мәуке қарттың» қайсы нұсқасының дұрыс екендігін анықтау мүмкін болмады. 1937 ж.қ. бойынша «Мәуке» болып жазылды.

53) 354-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қопара шауып із қылып».
1938 – «Қопарып шауып».
1996 – «Қопара шауып, із қылып».

54) 356-тармақ (2014 ж.ж.) – «Тұрса басып кетуге».
1938, 1996 – «Тура».
Дақ түспеген жотаны тура басып кетуге туралы айтылған сияқты. «Тұрса» сөзі келмейді.

55) 367-тармақ (2014 ж.ж.) – «Алатаудың шоқтасы».
1938, 1939, 1996 – «шоқтығы».

56) 2014 жылғы жинақтағы тармақ реті бойынша 396-тармақтан кейін 1938 жылғы журналдық басылымында, 1939 жылғы жинақта «Қалмақ ойған шоқы деп» деген бір тармақ бар.
1996 жылғы жинақта бұл тармақ «Қалмақ ойған жартас деп» болып жазылған. Бұл жол 1953 жылғы қолжазбада, 2014 жылғы жинақта алынып қалған.
Жинаққа 1938, 1939 жылғы басылымдары бойынша берілді.

57) 426-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ерегіскен жауларын».
1938, 1939 – «Ерегескен».
1953 жылғы қолжазбада «Ерегіскен» деп қолмен түзету енгізілген.
1996 – «Ерегіскен».

58) 441-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ерді тауып есірген».
1937, 1938, 1946 – «туып өсірген».
1953 ж.қ. – «Ерді тауын өсірген».
1996 – «Ерді тауып өсірген».
1937 жылғы нұсқасы алынды. Ерді туған, өсірген ел мағынасы анық тұрған сөйлем.

59) 447-тармақ (214 ж.ж.) – «Желеу болған ақ сақал».
1938 – «Селеу болған ақ сақал».
1953 ж.қ., 1996 – «желеу».
Бұл басылымында 1938 жылғы нұсқасында «Селеу» сөзі алынды.

60) 448-тармақ (2014 ж.ж.) – «Зарлы, мұңды бұл сапар».
1953 – «зарлы».
1996 – «Зарлап».
Бұл сөз 1938, 1939, 1946, 1953, 1996 жылғы жинақтарда берілуінде алынды.

61) 2014 жылғы жинақтың «Елді сатты жәлдеп боп» деп келген 458-тармағындағы «жәлдеп» сөзіне 1996, 2014 ж.ж. «Жәлдеп – қу, сұм, жегіш мағынасында» деп сілтеме түсінігі берілген.
Бұл сөз 1946 жылғы басылымында «сатушы» деп көрсетіледі.
1953 жылғы қолжазбада «жегіш» сөзі қолмен «сатушы» деп түзетіліпті.

62) 482-тармақ (2014 ж.ж.) – «Арам туған зәнталақ».
1938 – «Арамы».
1953 ж.қ., 1996 – «Арам».

63) 485-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қоразданып анталап».
1938 – «Қолбасшысы».
1953 ж.қ., 1996 – «қоразданып».

64) 493-тармақ (2014 ж.ж.) – «Кегі түтін, жері шоқ».
1938, 1939, 1946, 1953 ж.қ., 1996 – «көгі».
(2014 ж.ж.) техникалық қате болса керек, дұрысы – «көгі».

65) 496-тармақ (2014 ж.ж.) – «Көрінді елдің кемісі».
1953 ж.қ. – «көрінді».
1996 – «көрінеді».

66) 501-тармақ (2014 ж.ж.) – «Арқауы ұзын атының».
1938 – «атаның».
1996 – «Арқауы ұзын атаның».
1938 ғы басылымы бойынша «Арқауы ұзын атаның» деп алынды.

67) 502-тармақ (2014 ж.ж.) – «Келте келді өрісі».
1937, 1996 – «ер ісі».
1953 – «өрісі».
2014 ж.ж. бойынша берілді.

68) 511-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қыз, келіншек қатарлап».
1938, 1996 – «Қыз-келіншекті қатарда».
1953 ж.қ. – «Қыз, келіншек қатарлап».

69) 514-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қошуына жолдатты».
1937 – «құшуына».
1938 – «қошуына».
1939, 1946, 1953 ж.қ. – «қосуына».
1996 – «шатырына».
1937 жылғы нұсқасы алынды.

70) 2014 жылғы жинақта «Қас жауына торығып, Жан сауғалап қорынып» деп келген 515, 516 тармақтар 1938, 1939, 1946, 1996 жылғы басылымдары мен1937, 1953 жылғықолжазба нұсқаларында «Жан сауғалап қорынып, Қас жауына торығып» болып келген. Екі тармақтың орны кейін ауысқан.

71) 2014 ж.ж. 531-тармақта барлық басқа нұсқаларда «Қан төгетін дұшпанды» болып келетін тармақ «Қап төгетін дұшпанды» деп техникалық жаңсақтықпен басылған.

72) 2014 жылғы жинақтағы 531-тармақтан кейін 1938 жылғы «Әдебиет майданы» журналында басылған нұсқадағы
«Сондығынан Кене хан,
Әзірейілдей алған жан.
Қырғыз қазақ бірігіп
Күшін қосып ұсталды», – деп келетін төрт тармақ жол берілмеген. Бұл төрт тармақ 1953 жылғы қолжазбада да жоқ. 1939, 1946 жылғы басылымдарында сақталған.
1996 жылғы жинақта 531-тармақтан соң (2014 ж.ж.) «Қырғыз-қазақ бірігіп, Күшін қосып ұстады» деп келген мәтін берілген.
Бұл жаңа басылымында 1938 жылғы журнал нұсқасындағы қалпы қалдырылды.

73) 542-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жанғарас, Жантай жіберіп».
1953 ж.қ., 1996– «Жанғараш».

74) 544-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қолы қаптап барад деп».
1938 – «қолым».
1953 ж.қ., 1996– «қолы».
Бұл жолы 1938 жылғы басылымы бойынша, мәтіндік мазмұн тұтастығында «қолым» сөзі берілді.

75) 576-тармақ (2014 ж.ж.) – «Тұматайды шақырды».
1938, 1939 – «Туматайды».
1946, 1953 ж.қ. – «Туматай».
1996 – «Тұматай».

76) 579-тармақ (2014 ж.ж.) – «Азуы мүжік хан иттер».
1938, 1996– «мұқыл».
1953 ж.қ. – «мүжік».

77) 2014 жылғы жинақтағы 580-тармақтан кейін 1938 жылы «Әдебиет майданы» журналында (№7, 8) 17 тармақ мәтін берілген.
Мүжілген улы азуын
Елге неге батырды.
Күшті болса қырмай ма,
Қасарып қарсы тұрмай ма.
Обығалы келе атқан
Патша деген кәпірді.
Хан атанған Қара бет
Алтын алып сатпады.
Өле жатып опқандай
Халыққа тиіп қатулы.
Жетпесе күшім патшаға
Аламын ханнан ақымды.
Көп деп жаудан тайсалу
Еркек емес қатын-ды.
Барып ойран салмасам,
Босатып елді алмасам
Сұраншы қойман атымды.
1939 ж.ж. бұл мәтін берілген.
1953 жылғы қолжазбада бұл 17 тармақ жоқ.
1996 ж.ж. бұл мәтін қосылмаған.
Жаңа басылымында аталған 17 тармақ қосылып беріліп отыр.

78) 587-тармақ (2014 ж.ж.) – «Абылайша қос алды».
1938 жылғы журнал нұсқасында бұл тармақ жазылмаған.
1946, 1953 ж.қ. – «салды».
1996 – «алды».

79) 600-тармақ (2014 ж.ж.) – «Көбін елең қылмады».
1953 ж.қ. – «елең».
1996 – «алаң».

80) 602-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жасық кеңес бергелі».
1938 – «жасың».
1946 – «асық».
1953 ж.қ. – «жасық».
1996 – «жақсы».

81) 632-тармақ (2014 ж.ж.) – «Енжар болған қорқақтың».
1938,1953 ж.қ., 1996– «енжер».
1946 – «енжар».

82) 633-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ұнжырғасы жығылды».
1938, 1953 ж.қ. – «онжарғасы».
1939, 1946– «он жырғасы».
1996 – «ұнжырғасы».

83) 639-тармақ (2014 ж.ж.) – «Талмасқа шыдар белі жоқ».
1937, 1938 – «Салмаққа шыдар».
1953 ж.қ., 1996– «Талмасқа шыдар».
1937 ж.қ. бойынша алынды.

84) 670-тармақ (2014 ж.ж.) – «Сендерді дос демейін».
1938,1953 ж.қ., 1996– «демеймін».

85) 671-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қашар болсаң мен қырам».
1996 – «қырамын».

86) 675-тармақ (2014 ж.ж.) – «Сенімсіз болсаң жоқ қылып».
1938 – «оқ».
1953 ж.қ. – «жоқ».

87) 688-тармақ (2014 ж.ж.) – «Балалық хақын берейін…».
1938 – «Балалық ақын».
1953 ж.қ. – «хақын».
1996 – «Перзенттік борышымды өтейін».

88) 693-тармақ (2014 ж.ж.) – «Вулкан шашқан таудайын».
1938 – «Болкон шашқан».
1953 ж.қ. – «Вулкан».
1996 – «Жалын шашқан».

89) 694-тармақ (2014 ж.ж.) – «Арыстан болған жау үшін».
1937, 1938, 1996– «болсаң».
1953 – «болған».
1937 ж.қ. бойынша берілді.

90) 725-тармақ (2014 ж.ж.) – «Күн батқан соң орнасын».
1996 – «орнарсың».
1996 жылғы «Орнарсың» сөзі алынды.

91) 2014 жылғы жинақ бойынша ретінде
«Дәл жанынан күрсілдеп,
Барабан құлақ тарады», –
деп келген 786, 787 тармақтар 1996 жылғы жинақта орын алмастырылып алынған.
«Барабан құлақ жарады
Дәл жанынан гүрсілдеп».
1953 жылғы қолжазбада:
«Дәл жанынан күрсілдеп,
Барабан құлақ жарады».
Қисынына қарағанда 1996 жылғы жазылуы дұрыс көрінеді. Барабан – құлақ жарады. Дыбысы қатты. Бірақ гүрсілдеп (күрсілдеп) жатқан «зеңбірек пе, мылтық па» – солардың бірі.
1938 жылғы журналдық нұсқасында 1996 жылғы қалыпта берілген.

92) 808-тармақ (2014 ж.ж.) – «Сасқалақтап қосының».
1939, 1953 ж.қ. – «қосының».
1996 – «шатырдың».

93) 810-тармақ (2014 ж.ж.) – «Есінен танған бегіне».
1939, 1953 ж.қ. – «есін».
1996 – «Есінен».

94) 812-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ажырайып қарасты».
1938 – «Оқырайып».
1953 ж.қ., 1996 – «Ажырайып».
1938 жылғы нұсқа бойынша алынды.

95) 825-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жалындатып от қойды».
1938 – «Шашырап сала».
1953 ж.қ., 1996 – «Жалындатып».

96) 829-тармақ (2014 ж.ж.) – «Түнге қосты түтінді».
1938, 1953 ж.қ. – «Түнге».
1996 – «Түтінге».

97) 848-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ондап жауын бір жауып».
1938, 1953 ж.қ. – «Ондап».
1996 – «оңдап».
1996 жылғы жазылуында берілді.

98) 858-тармақ (2014 ж.ж.) – «Астындағы Аққоян».
1938 – «ақ қоян».
1953 ж.қ. – «Ақтұяқ» болып түзетілген.
1996 – «Ақтұяқ».

99) 865-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қордай белін асылып».
1953 ж.қ. – «асылып».
1996 – «Қордай белін асырып».

100) 866-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ақ семсері ақ шомшы».
1938 – «шомшы».
1939, 1996 – «ақ шомшы».
1953 ж.қ. – «шөміші».
Қисыны – «ақ шөміш». Осы сөз алынды.

101) 2014 жылғы жинақтағы 1007-1034 тармақтар1996 жылғы жинақта 283-тармақтан соң келген.
Уыз қымыз бұрқырап,
Қара мейіз қаймағы.
Оны келсе «манап» деп,
Жарымаған жарлының
Байығаны – тойғаны.
Қымыз, боза аралас,
Кекірініп кілең жас.
Арнап тіккен үйлерде
Отырысты бойдағы.
Хан бұйырған жыршылар,
Бірде күлкі, бірде зар.
Қызыл тілмен балқытып,
Бұлбұл болып сайрады.
Сөз аяғы бір соғыс
Ел аяғы сол соғыс
Енжар көңіл қырғызды,
Итермелеп қоймады
Ишан, молда бастысы.
Ақ меруерт тәспісі.
Өлгендерің шейіт деп,
Өлмегенің қазы деп
Сатылды ханға иманы
Соғыспақ болды ақыры
Сауыт киді батыры.
Сұраншыға хат жазған
«Шүкір» деді Орман хан.
Орындап ісін ойдағы.

Бұл мәтін 1938 жылғы жинақта бар.
2014 жылғы құрылымы бойынша қалдырылды.

102) 2014 ж.ж. 890, 891 тармақтар 1996 жылғы жинақта берілмеген.
«Батыр – елдің досы деп
Түпке жетед осы деп, – ».
Бұл 1938, 1939, 1940, 1946 жылғы басылымдарында 889-тармақтан соң «Бақытты туған ерлері» деп басталып 26 тармақ болып жалғасады.
1938 жылғы баспасында дастан осы бір бөліммен аяқталған.
Бақытты туған ерлері
Сталиндік заманның,
Сенде ғана батырлық
Сенде ғана татулық
Ел бастаған ер алып,
Ғасыры туды адамның,
Ұлтың емес – ел алып,
Ел бастаған ер алып,
Бөлшектену жоғалып
Ер қорғады отанды –
Біздің ерлер қорғаны
Социалистік қоғамның.
О, ерлерім, ерлерім,
Ел сүйінген белдерім.
Халықтың қорғар ырысын
Сұраншыдай жауға шап
Ерді өсірген ел үшін.
Өртке теңіз шашқандай
Шығартып жаудың дыбысын.
Жау бетіне қылыш шап,
Елді, жерді гүлдентпен
Сталиндей күн үшін
Қынадай еңбек қанаған
Ит боп елді талаған
Қан сімірген қанқорлар
Әлемнен түгел құрысын.

103) 2014 жылғы жинақта 2-тараудың басында берілген 896-911 тармақтар 1996 жылғы жинақта жоқ. 1953 жылғы қолжазбада 2014 жылғы қалпында жазылған.
«Арғымақтай арындап,
Жазғы күндей жалындап,
Тағы да Жамбыл сөйлейді,
Қар еріткен өкпектей,
Су серпіген ескектей,
Домбырасын сермесін.
Тоқсан үш жасы торқадай,
Тоқсан күн қатқан жорғадай,
Бәйгеден алған олжасын,
Жақсы сөзді ел жаттар,
Ел жаттар сөзде салмақ бар.
Кесек атқан қорғасын (1937, 1953 – жатқан)
Шеті жоқ – мұхит, теңіздей,
Алтайдың алтын кеніндей,
Көп жерімнің қордасын,
Сыпыра соққан дауылдай».
1996 жылғы жинақта 2-тарау 2014 жылғы жинақтағы 912-тармақтан («Сауылдап құйған жауындай») басталады.

104) 934-тармақ (2014 ж.ж.) – «Айтшы, Жәке!» дегенін».
1940, 1953 ж.қ. – «Айт Жәмеке».
1946 – «Айт әмеке».
1996 – «Айтшы, Жәке!».

105) 940-тармақ (2014 ж.ж.) – «Бөліп айтқан Жамбылдың».
1953 ж.қ. – «Жәмекең».
1996 – 2014 ж.ж. 940, 941 тармақтар жоқ.

106) 944-тармақ (2014 ж.ж.) – «Көктемде қайтып жаз жатты».
1996 – «Көктем қайтып, жаз өтті».

107) 951-тармақ (2014 ж.ж.) – «Бізге бұйрық беріле».
1940, 1953 ж.қ., 1996 – «береле».

108) 952-тармақ (2014 ж.ж.) – «Біз тұлпарға мініле»
1953 ж.қ., 1996 – «мінеле».
Бұл «береле», «мінеле» сөздері бұйрық райда, қырғыз тілінде айтылған деп болжаймыз. Қазақ тілінде «Біз тұлпарға мініле» деп айтылмайды.
Бұл тармақтар 1953 жылғы қолжазба нұсқа бойынша алынды. Мәтінде «мініле», «беріле» сөздерінің мағынасы жоқ.

108) 2014 ж.ж. «Біз мінген соң кім қапты…» болып келген 953-тармақ 1996 ж.ж. жазылмаған.
1953 ж.қ. – аталған тармақ бар.
Бұл тармақ жаңа басылымында қосылып жазылды.

109) 955-тармақ (2014 ж.ж.) – «Бұ да, жек-жат ел ем деп».
1996 – «Құда-жекжат ел ем деп».
2014 жылғы қалпында қалдырылды. Ағайын-туыстың қолдауы. Құдалық туралы емес.

110) 928-тармақ (2014 ж.ж.) – «Майға беккен байлары».
1996 – «бөккен».
«Бөккен» (1996) – дұрыс.

111) 984-тармақ (2014 ж.ж.) – «Басқаң да мендей болыс деп». Бұл тармақ 1953 – «Бақсаң да мендей болыс деп». Тармақ жолы үстінен сызылыпты.
1996 – «Басқаң да мендей болыс деп».
Сөз бағу туралы емес – басқа туралы 2014 жылғы мәтін қалды.

112) 988-тармақ (2014 ж.ж.) – «Шайлап қалған тусырап».
1937, 1996 – «шаялаған».

113) 2014 жылғы жинақта 1005 («Пісті саба тіресіп»)тармағынан соң 1996 жылғы кітапта берілген «Сұраншыға хат барды» тіркесі жазылмаған. Және 2014 ж.ж. 1035-1392 тармақтар осы, 1005-тармақтан соң берілген.

114) 1006-тармақ (2014 ж.ж.) – «(Тауысқысыз ел ішіп)».
1996 ж.ж. осы 2014 ж.ж. 883-тармаққа («Шабақ қуған жайындай») жалғасып берілген.

115) 1009-тармақ (2014 ж.ж.) – «Омы келсе «манап» деп».
1953 ж.қ., 1996 – «оны». (техникалық қате болса керек – ред.).

116) 1022-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ел аяғы сол соғыс».
1937 – «жыр аяғы».
1946 – «ылаңы».
1953 ж.қ. – «ылаңы». «Аяғы» сөзі сиямен түзетілген.
1937 ж.қ. бойынша қалды.

117) 1034-тармақтан (2014 ж.ж.) әрі қарайғы мәтін 1996 ж.ж. екінші тарауға жалғасқан.
Бұл мәтін 1940 ж.ж. бастап қосылады. 1938, 1939 жылғы басылымдарда жоқ.
«Сұраншыға хат барды» деп басталып, 2014 ж.ж. соңына дейін жалғасатын (1035-1392) мәтін.

118) 1060-тармақ (2014 ж.ж.) – «Найзасы шаншар қатынды».
1996 – «түйрер».

119) 1967-тармақ (2014 ж.ж.) – «Көрмейін елдің көз жасын».
1946, 1953 ж.қ. – «көрмеймін».

120) 1081-тармақ (2014 ж.ж.) – «Мұндай уақта қинайтын».
1996 – «кезде».

121) 1103-тармақ (2014 ж.ж.) – «Тау жаңғырып салдырап».
1996 – «салдырлап».

122) 1115-тармақ (2014 ж.ж.) – «Сондықтан қосын алмапты».
1953 ж.қ. – «қосып».

123) 1126-тармақ (2014 ж.ж.) – «Елге қайтыпты ордадан».
1953 ж.қ. – «ордадан».
1996 – «Ордадан».

124) 1135-тармақ (2014 ж.ж.) – «Табасыз қолдан өлді деп».
1940, 1996 – «Тобасыз».
1946 – «Табасыз».
1953 ж.қ. – «Аяусыз» болып қолмен түзетілген.
Бұл басылымында «тобасыз» болып жазылды. Тәубаға келмей деген мағынада болса керек.125) 1162-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ала бүлік дерт болдық».
1996 – «Салдық».

125) 1176-тармақ (2014 ж.ж.) – «Басым тіксем қан алмай».
1937 ж.қ. – «қасам».
1939, 1940 – «қасым».
1946, 1953 ж.қ. – «Қасым».

126) 1198-тармақ (2014 ж.ж.) – «Шешіп алып оң жеңін».
1940 – «шешініп».
1996 – «шешіп».

127) 1202-тармақ (2014 ж.ж.) – «Білекке ілген қалқаны».
1953 ж.қ. – «Білекке».
1996 – «Білікке».

128) 1224-тармақ (2014 ж.ж.) – «Туған батыр бейнелі».
1940 – «Тұрған».
Батыр бейнелі болып тұрған Құрттыбастың тауындай деген мағына бар. 1940, 1946, 1996 жылғы қалпында берілді. «Туған» сөзі қисынға келмейді.

129) 1227-тармақ (2014 ж.ж.) – «Келіп қалған Бұқайды».
1937, 1996 – «Боқайды».
130) 1242-тармақ (2014 ж.ж.) – «Ой атыңның көрі деп».
1946 – «атаңның».
1946, 1953, 1996 жылғы басылымдарындағыдай «Атаңның» болып алынды.

131) 1245-тармақ (2014 ж.ж.) – «Бұқай, Байтыл, Битуған».
1953 – «Байтыл».
1996 – «Байтік».
132) 1233-тармақ (2014 ж.ж.) – «Сесі басты батырдың».
1940 – «Секті».
1953 – «сесті».
1996 – «сесі».

133) 1255-тармақ (2014 ж.ж.) – «Қоян жүрек, ит Бұқай».
1996 – «Боқай».

134) 2014 жылғы жинақтың 1286-тармағынан кейін 1996 жылғы жинақта 10 тармақ мәтін жазылған. Бұл 1940 жылғы кітапта бар.
«Кенесарыңды өлтіріп!
Топыраққа тыққанмын!
Тұрлыбай соққан алмаспен,
Қыл мойынын шапқанмын.
Абыройын кетіріп,
Ханыма сөйтіп жаққанмын.
Бесікпен қырған баланы,
Өртеп, бұзған моланы,
Ел бүлдірген бұзықтың
Жазасын сөйтіп тапқанмын!»
1953 жылғы қолжазбада осы мәтіннің соңғы 4 тармағынан басқа жолдары бар.
Бұл мәтіндік нұсқа жаңа басылымға қосылды.

135) 1294-тармақ (2014 ж.ж.) – «Келе алмаған қасыма».
1940, 1946 – «қасына».
1953 ж.қ. – «қасына» сөзі сиямен «қасыма» болып түзетілген.
1996 – «қасыма».

136) 1295-тармақ (2014 ж.ж.) – «Мекірейдей тұмысы».
1937, 1996 – «Мекіредей тұмсығы».
1940, 1946 – «тумысы».
1953 – «тумысы» «тұмсығы» деп сиямен түзетілген.
Мекіре балықтың тұмсығы бейнелі қолданысқа алынған.

137) 1308-тармақ (2014 ж.ж.) – «Бір сілтеді найзасын».
1940 – «сілкеді».
1953 ж.қ., 1996 – «сілтеді».

138) 1315-тармақ (2014 ж.ж.) – «Сайлап мінген белді аттар».
1996 – «болды».

139) 1317-тармақ (2014 ж.ж.) – «Жаралып Бұқайлар».
1996 – «Боқайлар».
Жыр мәтінінде тыныс белгілер, жер-су атауларының жазылуы бойынша да қолжазба, әр жылдардағы басылымдарында әр басқалық бар. Сол өзгешеліктердің шығарма мазмұнына, жеке мағынаға қатысты түзетуді қажет ететін тұстары да аз емес.
«Дастандағы үтір, нүкте, қос нүкте, сызықша, тырнақша, жақша, көп нүкте, нүктелі үтір сынды тыныс белгілерінің қойылуына әр жылдардағы басылымдардан ондаған мысал келтіруге болады.
Мәселен:
1) 25-тармақ (2014 ж.ж.) – «Өзен деген ат болмас».
1938 ж. басылымында «Өзен» сөзінің алдынан тире қойылған. Тире бұл жерде өзіндік міндет жүктеп тұрған жоқ.
2) 56-тармақтың соңында (2014 ж.ж.) қойылған үтір 1938 ж. басылымында жоқ болғандығындай, осы екі басылымды салыстыра қарауда 2014 ж.ж. жол соңына қойылған үтір 1938 ж. басылымда көп тұста қойылмаған.
3) Дастан құрылымындағы жұлдызшамен бөлініп берілу (1938, 1953, 1996, 2014 т.б. басылымдарда сақталып отырмаған.
4) Дастанның мәтіндік-мазмұндық құрылымын әр қилы қалыпта берілгендігіне де бірнеше мысал келтірілді.
5) Алатау, Қозыбас, Ұзынағаш, Көктөбе, Құрттыбас, Хантәңірі, т.б. Жетісудағы жер атаулары 1938 жылғы журналдық нұсқада Ала тау, Қозы бас, Ұзын ағаш, Көк төбе, т.б. болып бөлек жазылғандығындай басқашалықтар бар.
6) Адам есімдерінің Бұқай – Боқай, Байтыл – Байтік, Тұматай – Туматай болып жазылуы да мәтіндік нұсқаларда кездесіп отырады.
7) «Шу», «Шелек» сөздерінің бірде бас әріппен жазылуы мекен, жер-су атауларына меңзесе, енді бір жинақта бұл сөздер жаратылыстағы құбылыс, зат атаулары ұғымында жай әріппен беріліп отырады.
Шу – өзен атауы.
Шелек – жер атауы.
шу – дабыра, дыбыс.
шелек – ыдыс.
8) Жыр 1940 жылғыдай, жеке басылымдарда түйдекке бөлініп отырады. 2014 жылғы жинақта жыр тұтас түсіп, екі тарауға бөлінген тұста ғана бөлініп берілген.
9) Жыр мәтінінде тармақтардың орны ауысып келген тұтар бар. Бұл да мағыналық, мазмұндық қалыпқа өзіндік әсерін тигізеді (жекелеген мысалдар жоғарыдағы мәтіндік салыстыруларда көрсетіліп беріліп отырды – ред.).
Бұл жаңа басылымында «Сұраншы батыр» дастанының әр жылдарда жарық көрген нұсқалары алғаш рет тұтастай салыстырылып, мәтіндік, құрылымдық нұсқалық тұрғысында толықтырулар мен түзетулер жасалды.
Қосымшаларында әр жылдардағы жинақтарда бірде қысқартылып, бірде қайта қосылып отырған мәтіндер берілді.

ЖЕКЕ БАСЫЛЫМДАРДАН

Қосымша №1

Мүжілген улы азуын
Елге неге батырды.
Күшті болса қырмай ма,
Қасарып қарсы тұрмай ма.
Обығалы келеатқан
Патша деген кәпірді.
Хан атанған қара бет
Алтын алып сатылды.
Өле жатып опқандай
Халыққа тиіп қатулы.
Жетпесе күшім патшаға
Аламын ханнан ақымды.
Көп деген жаудан тайсалу
Еркек емес қатын-ды.
Барып ойран салмасам,
Босатып елді алмасам
Сұраншы қойман атымды.
__________________________________________________________________
*«Сұраншы батыр» жырының «Әдебиет майданы» журналының (№7, 1938) 90-бетіндегі соңғы 17 тармағы.
Ақынның 1955 жылдан кейінгі басылымдарында жырдың 580-тармағынан кейін келетін бұл мәтін берілмеген.

Қосымша №2

Бахытты туған ерлері*
Сталиндік заманның
Сенде ғана батырлық,
Сенде ғана татулық,
Елменен ел достасқан
Ғасыры туды адамның,
Еңсесі биік – ер алып,
Ел бастаған ер – алып,
Бөлшектену жоғалып,
Ер қорғады Отанды –
Біздің ерлер қорғаны
Социалдық қоғамның.
О, ерлерім, ерлерім,
Ел сүйеген белдерім,
Халықтың қорғар ырысын…
Сұраншыдай жауға шап
Ерді өсірген ел үшін,
Өртке теңіз шашқандай
Шығартпа жаудың дыбысын!
Жау бетіне қылыш шап,
Елді, жерді гүлденткен
Сталиндей күн үшін,
Қынадай еңбек қанаған,
Ит боп елді талаған,
Қан семірген қамқорлар,
Әлемнен түгел құрысын!
______________________________________________________________
* Бұл 26 тармақ жырдың 1938, 1939, 1940, 1946 жылғы басылымында «Көтеріп көңіл жайлады» (2014 жылғы жинақта 889-тармақ) тармағына жалғасып берілген мәтін. 1955 жылдан кейінгі жинақтарда жоқ.
«Әдебиет майданы» (№8, 1938) журналында басылған нұсқасында осы 26 тармақ мәтіннің 7-жолы «ұлттық емес – ел алып» болып жазылған. 1939 жылғы жинақта бұл тармақ жоқ.
25 – ші тармақтағы «семірген» сөзі – «сімірген»

Қосымша №3
Кенесарыңды өлтіріп,*
Топыраққа тыққанмын.
Тұрлыбай соққан алмаспен,
Қыл мойнынан шапқанмын.
Абыройын кетіріп,
Ханыма сөйтіп жаққанмын.
__________________________________________________________
• Бұл 6 тармақ мәтін Жамбыл шығармаларының 1940,1946 жылғы басылымдарында, 1953 жылы Қалмақан Әбдіқадыров қол қойып растаған қолжазба нұсқада «Күрескенді жыққанмын» деп келген тармақтан кейін (2014 жылғы жинақтағы 1290-тармақ) берілген.
1955 жылдан кейінгі басылымдарында жоқ.

Қосымша №4
Сондығынан Кене хан,
Әзірейілдей алған жан
Қырғыз, қазақ бірігіп
Күшін қосып ұсталды.

* Бұл төрт тармақ мәтін «Әдебиет майданы» журналында (№7, 1938) басылған нұсқада, 1939, 1940, 1946 жылғы жинақтарда бар.
1953 жылғы Қалмақан Әбдіқадыров растап қол қойған қолжазбада да бұл мәтін сақталған (ӘӨИ қолжазба қоры – 3:6657,1 ). 1955 жылдан кейінгі жинақтарда берілмеген. Үзінді «Әдебиет майданы» (№7, 1938) журналындағы нұсқасынан (540-543 тармақтар) алынды – ред.

Қосымша №5
Кенесарыңды өлтіріп,*
Топыраққа тыққанмын.
Тұрлыбай соққан алмаспен,
Қыл мойнынан шапқанмын.
Абыройын кетіріп,
Ханыма сөйтіп жаққанмын.
Бесікпен қырған баланы,
Өртеп бұзған моланы.
Ел бүлдірген бұзықтың
Жазасын сөйтіп тапқанмын!
__________________________________________________________
* Жамбыл Жабаевтың 1996 жылғы 2 томдық толық жинағында «Сұраншы батыр» дастанының 2014 жылғы жинақ бойынша 1286-тармағынан кейін берілген бұл 10 тармақ мәтіннің 6 тармағы Жамбыл шығармаларының 1940, 1946 жылғы басылымдарында, 1953 жылы Қалмақан Әбдіқадыров қол қойып растаған қолжазба нұсқада «Күрескенді жыққанмын» деп келген (2014 жылғы жинақта 1290-тармақ – ред.) тармақтан кейін тұр.
1996 жылғы жинақта: «Аталған өлең шумақтары Жамбылдың «Сұраншы батыр» жырының осы басылымында тұңғыш рет қосылып отыр» деп түсінік берілген (1996 ж.ж., 307-бет).
7, 8, 9, 10-тармақтардың қайдан алынғандығы айтылмаған (алғашқы 6 тармақ басылым көрген – ред.).

СҰРАНШЫ БАТЫР
(«Әдебиет майданы» журналында (1938, №7, 8) басылған нұсқасы)

ҚР ОҒК 651, №2-дәптерде бұл жырды 1937 жылы Жамбылдың әдеби хатшысы Қалмақан Әбдіқадыров ақынның өз айтуы бойынша хатқа түсіргендігі айтылады.

Жамбыл Жабаевтың 1957 жылғы толық шығармалар жинағында (2 томдық) жырды Қалмақан Әбдіқадыров 1938 жылы Жамбылдың айтуынан жазып алып, алғаш «Әдебиет майданы» журналының 7, 8 санында жариялаған деп көрсетілген.

Жырдың бұл журналдық нұсқасының жалпы көлемі 935 тармақ. 1938 жылғы 7-санда (шілде) 609 тармағы, 8-санда (тамыз) 326 тармағы басылады.

Жырдың 1937 жылғы жазылып алынған деп көрсетілген ҚР ОҒК 651, №2-дәптердегі нұсқасының 1938 жылғы журналдық басылымнан көлем, құрылым бойынша айырмасы бар.
550 жолдық (1937 ж.қ.) жыр нұсқасы «Балдай тәтті туысқан, / Жеттім тату таңыма…» болып, кейінгі қосылған бөліммен бірге берілген жыр мәтінінің орта тұсында 7-8 беттік мәтін жоғалған.

Бұл жырдың 1953 жылы Қалмақан Әбдіқадыров өзі жазып алғанын (ілгеріде жазғанын деуге болады – ред.) растап қол қойған (12/V 53) нұсқасы 1938 жылғы журналдық басылымындағы мәтінмен аяқталған.

Журналдық нұсқада жыр жанры (поэма) деп жақша ішінде көрсетілген.
Мәтін 81, 94, 150, 308, 579 тармақтардан соң үш жұлдызшамен бөлініп отырған.
Журналдық нұсқаны Жамбылдың 2014 жылғы толық шығармалар жинағындағы «Сұраншы батыр» дастанының мәтінімен салыстыру барысында құрылымдық тұрғыдан елеулі өзгерістерге түскендігі анықталды.

Жырдың журналдық нұсқасы «Қан сімірген қанқорлар / Әлемнен түгел құрысын» деп аяқталған. 1940 жылғы жинақтан бастап беріліп жүрген екінші бөлім 1938 жылғы басылымында жоқ.

Кезеңдік идеология талаптарында жасалған өзгерістер «Сұраншы батыр» дастанының кейінгі толық нұсқасы (2014 ж.ж.) бойынша салыстырылған Түсінікте көрсетілді.

Қ.Мәдібай

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы