abai2n

Абайдың хаттары

Бізге жеткен Абайдың хаттары мен жазбалары

Семей облысының бес дуанының барша халқының сайланмыш адамдарының
1885 жылы май айында, Шар бойында, Қарамола съезінде жазылған
ЕРЕЖЕ

1-БАП. Болыстық съезде даулар үлкендігіне қарай, сомасына қарай бі­ті­леді. Төтенше съездерде ұлықтардың әмірі бойынша бір ояз бір оязбен кезектесіп бітіледі, әр ояздың барша билерімен емес.

2-БАП. Дауласқан әр екі тарап қалаған билерін таңдап алады. Бірақ, би есебін ереже бойынша  ұлықтар шығарады. Сұраймыз, әр тараптан үш биден артық болмаса екен. Би шешімін шығармас бұрын үштік бимен жарасады. Егер даугерлер үштік би бітімімен бітпеймін десе һәм бітім болмаса, сонда жоғарыда айтылмыш бойынша билер таңдап шығарады. Екі жағының билері таласып, жұп болса, төменде айтылмыш рет бойынша бітіреді. Әр ояздың халқы орталарынан бір төбе басы би шығарады. Бұған қызметтегі һәм қызметсіз де құрметті кісілер сайлануға мүмкін. Егер билердің бітімі талас болса, сайланғандар екі төбе би шығартып алады, тиісті ояз халқынан. Егер бұлардың арасында талас болса, қалған ояздардың төбе басына жеребе салынып, шыққан кісі бітімдеріне араласып, сол кісінің ауған жағының бітімі орнығып, мақұл болады. Осы рет бойынша ояздық төтенше съездерде екі жағы тең талас болса, төбе басы би бір жағына ауып тоқтатады.

Қарамола съезі ережесінің бірінші беті.

3-БАП. Жауапкердің шақыру бойынша келмегендіктерін старшын мен болыстар куәландырып, келмегендігінің мақұл яки емесін билер тексереді. Егерде келмеген  себебі тексеру бойынша сыйымды болса, сыртынан билік шығарылады. Бір бидің яки съездегі билердің сыртынан қылған биліктері тағайынсыз болмақ. Билік көшірмесі старшындар яки болыс арқылы мақұл­данады. Егерде жауапкер разы болса, билік тағайынды болып, бұзылмайды. Егерде разы болмаса, екі жұма арасында алғаш билік айтқан биге қайтадан арыз қылады. Сонда би жауапкердің құзырына қайтадан билік айтады. Егер жауапкер тексерілу бойынша ағарса яки болыстық съезге тыңдатса, съез билерінің билігін ұнатпаса, сонда айыпты жағын шығынын қайтаруға міндетті қылып һәм жаза бұйырылады. Жалған айтқаны үшін жоғарыда айтылмыш рет бойынша болыстық съезд сырттан билік құрады. Разы болмаған төтенше съезге билігін сынатады. Әр төтенше съездің билігі дер уақытында бұзылмайды.

4-БАП. Егер даугер шақырылған уақытында келмесе, сұралмыш дауын бос қалдырады. Сонда жауапкер арыз етсе, билердің ықтияры бойынша жауап­кердің шығынын даугерден бұйырып береді. Бірақ даугер ықтиярлы дауын қайтадан сұрамаққа сол дауы билердің тексеруі бойынша жалған шықса, даудың сомасына қарай һәм жауапкердің қадіріне қарай шығынын тартады.

5-БАП. Бір старшын елдің ішінде даугер, жауапкерлердің барша жанжал, сұрау дауларын сол старшын елінің биі бітірмекке міндетті. Бірақ би өзін мынандай жағдайда билік айтудан босатады: егер дауласқан жағынан бірі туысқан жақыны болса, қайсы бірі ата-анасы, бір тума аға-інісі, әкесінің бір тума аға-інісі, жиені, немере баласы және туған құдасы һәм дұшпан, өштес адамдары, қайсы бірінің дұшпандықтары бұрын биге түсісіп, мойнына жаза салынып, анықталған болса, сыйымды болады.

6-БАП. Әр старшын, болыс, ояз араларында болатын барша дауларды даугер болысқа айтуға тиісті. Сонда болыс даугер, жауапкерді алдына шақырып, жауапкерге ереже бойынша ықтияр береді. Бір болыс елден разы болмаған екі биін шығармаққа онан қалған билерден даугер бірін тыңдап, билікке түсіп, сол би билік айтады. Болыстық съезде билердің барлығы түгел болып билік айтады. Билік шығаруға мүмкін емес болған жағдайда төтенше съездің би саны ұлық ықтиярында болады һәм билік шығарылмайды.

7-БАП. Береке бітім һәм салауат бітім қылуға мүмкін, салауат даудың уақытына қарай болады. Береке бітім һәм салауат съездерде жасалғандай болса, келесі уақытта қайтадан сөз қозғау мүмкін емес. Әмме даугер мен жа­уапкер бөтен ояздікі болса, екеуінің арасында уағда қылуға мүмкін елге барып бітпекке, бірақ бұл уағданы қызмет иелері куәландыруы керек.

8-БАП. Бидің биліктерін болыстар орнына келтіруге міндетті болған себептен, съезд біткен соң биліктің көшірмелерін тиісті болысқа мағлұм қылады. Егерде даугер жауапкерлердің ықтияры бойынша, екі ел арасында кесім малдарын ойластыруға уағда қылса, сол уағда съезд басымен бірге шешіледі.

9-БАП. Бір би һәм съезд биі биліктерін айғақ куәлігіне қарай бітіреді. Егер билер айғақ куәлігін мақұл көрмесе, онда оларды шақырмай-ақ істерді күмәнға салады. Яғни би куәні шақырып, тиісті жауабын алса, онда дауды күмәнға салуға мүмкін емес. Куәларды шақырудан бұрын куәліктен анықтау керек. Куә болуға жарамайды: ақылынан адасқандар, 18 жасқа толмағандар, әр жастағы әйелдер, жақын-туғандар, құдалар һәм өшпес дұшпан кісілер. Куәлардың сыйымды, сыйымсызын билер шақыртпай, бұрын айыруы керек. Дұшпандық тұрғыдан бос айтылған сөз қабыл алынбайды. Жұртқа белгілі дұшпандық мақұл көрінуі мүмкін, онан артық айыруға болмайды. Дауласушылардың куәлары бір болыс болса, олардың куәлігі сыйымды, сыйымсызын би тексереді.

10-БАП. Егерде көрсеткен куәға кісіні толымды көрмесе, сонда куәға айғақ орнына көруге мүмкін, егер жауапкер адам айғақтың сөзін қабыл көрмесе, айғақ сөзінің растығына дау сомасына қарай ел ара түсіп, бір кісі жан берсе керек. Қазақша айғақ жазасы деген дау аяғы күмәнмен тоқталады. Күмән өтпесе жауапкер күйеді, күмән өтсе ағарды. Жауапкер адам айғақ өтірік айтқаны үшін үстінен арыз беруіне болады.

11-БАП. Қазақ рәсімінде сүйінші алуға болады; бірақ, сүйінші алған кісі куәлікке жарамайды, айғақ болуға мүмкін.

12-БАП. Күмәнші растығын тексермекке һәм күмәншінің өтпек жерінің алыс, жуықтығына қарай күмәннің құнын билер кеседі.

13-БАП. Күмәннің саны – ер құнына төрт кісі, әйел құнын екі кісі өзге даулардың һәммасына бір кісі. Күмәнге дау соммасына қарай ел түседі. Бір түйеге екі елу басыдан, бір қараның дауына бір елу басыдан күмән ұсталады. Қанша қара болса, сонша елу басынан ұсталады. Дау соммасы қанша көп болса да, бір болыс елден күмән аспас күмәншіні даугер таңдайды. Күмәнге салатын бір елубасы яки бір болыс елін жауапкер көрсетеді.

14-БАП. Күмән жауапкердің елінің болыстық молдасының алдында құранмен кесім айтылады.

15-БАП. Күмәнге төрт кісі ұсталса, бір кісісі өтпесе, даудан төрт бөліктің бір бөлігі тиеді, екеуі өтпесе, жартысы тиеді. Өтпегені өсім рәуішті болып есептеледі.

16-БАП. Күмән етілген уақытта даугердің көз болуы міндетті емес, бірақ молда даугердің келмегендегісін кітапқа жазып қойса керек.

17-БАП. Күмәннің уақыты сол уағдалы күннің күн батуына дейін.

18-БАП. Күмәнға ұсталмайды: молда, ел билеушілер, билер, қажылар, 18- жасқа жетпегендер, алпыс үштен асқандар. Төре қазақ үшін және қазақ төре үшін күмәнға жарамайды.

19-БАП. Жауапкердің ықтиярында: күмәнға өз елін ұстата ма яки рулас елін ұстата ма?

20-БАП. Күмәншіні күмәннен шығаруға болады, егер дұшпандығы халыққа мағлұм болып, бимен бірге күтілген болса.

21-БАП. Әр күмән болыстың, молланың құзырында болады. Молданың қаталдығы, зұлымдығы болса жұрт тексереді.

22-БАП. Жалған күмән еткен кісіге айып салынады – түйе бастатқан бір тоғыз.

23-БАП. Күмән етпесе, қанша нәрсе, қанша мал бұйырады, күмәнға кім ұсталған – барлығын толық етіп, билігінде анық етіп жазуға би міндетті.

24-БАП. Күмәннің құнын ұзартуға сыйымды себебі болса, болыс яки өз елінің бір биінің куәландыруы бойынша мүмкін болады.

25-БАП. Күмәнші, жаншы, төреші болып даугердің ықтияры бойынша билік айтады. Мұның билігін жауапкер бұза алмайды. Бұл билік көшірменің сыртына жазылады.

26-БАП. Құн, жесір даулары жиырма жылдан арғылары салауат. Өзге даулар он жылдан арғылары салауат. Билік айтқан күнге дейінгі төрт жылға созылған даулардың анықталған малдардың толық басы қайтады.Шығынымен одан арғы үш жылғы даулардың анықталған молданың үш бөлігінің екі бөлігі тиеді. Қалған үш жылдағы даулардың анықталған малынан үш бөлігінің бір бөлігі тиеді. 75 жыл һәм одан арғы болған даулардың барлығы салауат. Осы сияқты болып құнның малы да алынады. Жиырма жылдық құн малы үшке бөлінеді – бір бөлігі билік айтқан күнге жуық жеті жылдағы дауға, екінші бөлігі одан арғы жеті жылдағы дауға, үшінші бөлігі қалған алты жылға.

27-БАП. Ойланып жүріп өлтірілген ердің құны жүз түйе болады. Мұның 25-і тайлақ, 25-і құнан атан, 25-і дөнен атан, 25-і бесті атан және ойланбай басқа себеппен өлтірілсе, оған 50 түйе құн. Мұның 25-і құнан, 25-і бесті атан.
Әйелдің құны – ер құнының жартысы. Қателікпен оқыстан өлтірілген кісіге құн жоқ. Және ері әйелін өлтірсе, оған құн жоқ.

28-БАП. Барымташыға һәм ұрыға өлсе құн жоқ.

29-БАП. Адам мүшесі мертіксе, үкімі шариғат бойынша айтылады. Шариғат айыруының қателігі болмасын деп сұраймыз. Бұл сөзді айырмаққа тапсырылса екен, Семейдегі Ахмед Уали Мұнасиф ұлына һәм Өскемен молдасы Мырзағали Ғаббас ұлына. Олардың айырып берген шариғаты осы ережеге тіркеліп жазылса екен.

30-БАП. Балиғатқа толмаған қызды зорласа, айыпқа лайықты қалың малының үш бөлігінің бір бөлігін береді. Балиғатқа толған қызды зорласа, ат шапаннан түйе бастатқан тоғызға дейін айып береді. Күйеудегі әйелді зорлағанға бір тоғыздан үш тоғызға дейін. Ойнас қылған еркек, әйелге екеуіне де дүре соғылсын, айып жоқ. Мұндай істер тексеріледі; егер әйелдің күйеуі яки әйелдің өзі, яки туысқаны, яки әке-шешесі арызданса, осы баптың басында жазылған екі дауды съезд билері бітіреді.

31-БАП. Күйеуі бар әйелді біреу алып қашса яки өзі қашса, ойнасымен бірге ондай әйел өз елінің съезд билеріне тура қайтарылады. Билер әйел мен күйеуін жарастырады. Егер күйеуі әйелдің өзін алса. Ал алып қашушы жігіттен бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып салынады. Егер күйеуі әйелін алмаймын десе, әйел ойнасында қалады, бірақ алып қашушы әйелдің күйеуі төлеген толық қалың малын қайтарып береді. Әйел мөрден құр қалады. Егерде біреу біреудің айттырған жесірін алып қашса, алып қашушы қыз әкесіне толық қалың малын береді: елу жыртыс сот ақысымен. Егерде әкесі жасау беруге ықтияр болмаса, қыз жасаусыз қалады және қыз әкесі бұрынғы күйеуінен алған қалың малын қайтарып, үстіне бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді.  

32-БАП. Егерде біреу әке-шешесін ренжітсе, әке-шешесінің ықтияры бойынша қазақ ғұрпына қарай жаза берілсін, егер молданы яки құрметті кісілерді ренжітсе, ат-шапанын, атан бастатқан тоғызға шейін айып береді. Тағы біреу біреуді қол жұмсап ренжітсе, бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді; егер айып алушы кесілген айыпты алмаймын десе, бір айға абақтыға отырғызады.

33-БАП. Ұрыс, төбелес шығарғандар билердің билігі бойынша ат, шапаннан үш тоғызға дейін сұраушының пайдасына айып төлейді. Бірақ, ұрыс, төбелестің басшысы өзге жолдастарынан гөрі айыпты артығырақ төлейді. Бұзықтық шығарған адамдар болыстың приговоры мен яки ереже бойынша билердің билігіне ақшамен яки каталашкамен абақтымен жазаланады.

34-БАП. Қызмет уақытында старшиналардың тілін алмаса, билердің хүкімі бойынша бес теңге айып яки жеті күн абақтыға отырғызып жазаланады. Болыс старшиналардың ықтияры бойынша жалдаған шабарманның тілін алмаса жоғарыда айтылмыш жазаға кіріптар болады. Егер болыс старшындарының ықтиярынсыз жалдаған шабарманның тілін алмаса, тіл алмағанның жазасы болыстың өз хүкімінде болады. Егерде біреу болыстың тілін алмаған болса, ояздың ықтияры бойынша бір болыс елдің съезіне яки ояздың төтенше съезінің тексеруіне береді. Хүкім айтқан уақытта бір биге, яки съезд билеріне дөрекілік еткенге харақат әлгі айтылмыш бойынша съезд биі арқылы жаза беріледі.

35-БАП. Суға кетіп бара жатқандарға, өрт уақытында, боран һәм суықта сол сияқты түрлі себептерде болысып, көмек етпегендер бас тоғызбен айыпталады.

36-БАП. Мал өнімін тоқтатпақ үшін жасалған хүкімдер бойынша жаһат қылмағандарға болыстың үкімі бойынша 3 теңге айып жаза болады. Көрші елінде мал өлімі болған уақытта жаһат етпегендерге жаза көбейеді, жеті күннен бір айға дейін абақты бұйырылады. Арық бұзғандарға, көпір құдық бұзғандарға, өзге біреудің өз еңбегімен жасаған ибарларын бұзғандарға шығыннан басқа айып бұйырылады. Ат, шапан яки ақша бойынша 15 теңге.

37-БАП. Қазақ арасындағы ұрлық үшін ұрлаған малын қайтарып, айып береді, мойнына қосақ, артына тіркеу, қанды ат, билік атымен мойнына қосақ, артына тіркеу мал бағасымен бірдей болады. Жүйрік жорғаныкі орта атпен бірдей болады. Мал иесіне тиісті һәм ұрының астындағы қанды аты әр ұрыдан алынып беріледі, билік ат ұры басы сайын алынып, билік айтқан билерге беріледі.

38-БАП. Мал төленгеннен басқа ұрыларға жаза бұйырылады. Бір айға дейін абақты, алпыс шыбыққа дейін дүре. Билер бұл жазаны хүкім айтқанда бұйырмаққа міндетті. Немере яки жиен болса, нағашысынан, ата, ағасынан мал алып қашса, оған жаза жоқ. Және алып қашқан малы қайтарылмайды. Екінші мәрте алып қашса, би арқылы нағашысы, ата, ағасының сұрауы бойынша жаза беріледі. Бұл үкім әйел жағынан жиенге немесе немереге тиісті.

39-БАП. Жылқы құйрығын кескендер бір ат шапаннан бір түйеге дейін айыпталады.

40-БАП. Ұрлыққа жаһат еткен адамдар ұрымен бірдей жаза тартады. Бірақ, дүре, абақты серік болған уақытты кісілерге бұйыруға көбінесе тиісті.

41-БАП. Жиырма жылқыдан артық барымта қылған кісілерден ұры басы бір қанды ат, бір билік аттан уә һәм үш тоғыз айып баршасынан алынады. Жиырма жылқыдан кем болса, жоғарыда айтылмыш 37-бапта мағлұмдүр. Жылқы басына бөлек.

42-БАП. Қазақ рәсімі бойынша күйеуден әйелді айыруға болады. Күйеуі белгісіз болса яки астының жазылмас ауруы болса. Мұндай науқастары болмаса, күйеуінің ықтияры бойынша шығады. Қалыңдық пен күйеуін айыруға мүмкін болады. Күйеу қыздан жиырма бес жасы үлкен болса, яки бір мүшесі кем болса, яғни, қыз күйеуден тоғыз жасы үлкен болса тағы да күйеу кедей болып қалыңға мал бере алмаса яки төзе алмастай ұры болса, тағы да сенімсіз жамандығы халыққа әшкере болып, өз басынан ықтияры кеткен болса. Қазақ рәсімінше ері әйелді һәм қалыңдық пен күйеуден айыруға басқа себеп жоқ.

43-БАП. Барша жесір турасындағы даулар некелілердің арасында күйеуі­нің елінде бітіседі. Некесі қиылмағандардың арасындағы қыздың елінде бітіседі. Осы жоғары екі себепте съез билері бітім айтады. Қазақ рәсімі бойынша анық неке молда алдында қиылған дұрыс болады. Волостной управительдің қолындағы кітаптан кесіліп берілген квитансия әйелі күйеуіне тиісті екендігіне куәлікке жарамайды.

44-БАП. Егер күйеуі қалың малын төлеп бітірмей тұрып қалыңдығын алып қашса, қалған малын беріп һәм қайын атасына келіп кеңшілік сұрауға тиісті. Егер күйеуі қалың малын төлеп бітіргеннен кейін қалыңдығын алып қашса һәм әке-шешесі қызын себепсіз бермей, көп ұстап тұрған болса, алып қашқан күйеу айыпсыз һәм жасау сұрауға рұқсат. Егер қыздың әке-шешесі той жабдығымен ұзатуын лайықты жақсы қылып жөнелтемін деп кешіктірген себебі болса, күйеу айыпты болады, қайын атасын ұятты қылған себепті. Әрдайым мұндай жесір даулар зиян көрген жағынан арыз бойынша түседі.

45-БАП. Ұзатқан қыз барған жерінде бала таппай өлсе, төркініне мінген ат, ер-тұрманы, артқан бір түйе сәукелесімен қайтарады.

46-БАП. Егер қалыңдығы өліп қалып, балдызы жездесіне бармаймын десе, алған қалың малын қыз әкесі күйеуіне қайтарып береді.

47-БАП. Күйеуі өлген жесір әйелі сүйсе, күйеуінің бір туысқан бауырына яки ағайынына тиеді, егерде сүймесе ықтияры өзінде.

48-БАП. Егерде күйеу құдалықты бұзса: қыз әкесі бұзса, күйеуден алған қалың малын қайтарып береді һәм дауласқан қалың малдың ғұрпына қарай айып береді. Батасы қырық жеті байтал яки артық болса, бас тоғыздан үш тоғыз айып береді. Он жеті болса, бір ат, шапан береді. Егерде күйеуінің әкесі яки өзі құдалықты бұзса, берген қалың малынан үш тоғызды қалдырып, қалған малын алады. Егерде қалың малы қырық жеті болса, отыз жеті болса – екі тоғыз, жиырма жеті болса – бір тоғыз, он жеті болса – бір ат, шапан.

49-БАП. Барша қарсы құда турасындағы дауларды билер бітірсе керек және келесі уақытта қарсы құда болынбасын. Яғни бұл ереже мағлұм етілгеннен кейін егерде құда болса, молда некесін қимасын.

50-БАП. Құдалық уағдасы бекітіледі – құда түсіп, құйрық бауыр жеген күннен кейін.

51-БАП. Егер күйеуі өлген әйел баласы жоқ болса да, бар болса да күйеуге тимей отырса күйеуінен қалған барша малға ие болып, билеп тұрады. Егерде күйеуі өлген әйел күйеуге тиемін, шығамын десе, барлық күйеуінен қалған малынан баласы болса сегізден бірін, баласыз болса алтыдан бірін алады. Киген киім төсек орнынан басқа қалған еркек балалары, қалған барша малымен әкесінің балаларына беріледі. Олар өз арасынан біріне ие қылып баланы малымен сақтатады. Сол ие болған кісі қағазбен есеп беруге міндетті емес. Егерде малын орынсыз шашты деген дау сөз болса, сонда би арқылы барша туғандарының көрсетуі бойынша тексеріледі. Қыз бала қалса, әр уақытта анасына тиісті, анасы күйеуге беріп, қалың малын өзі алады. Қыз күйеуге тиекеш, үлкен атасының бауырларына яғни қалған малды сақтап тұрушыға төркіндеп барып әкесінің қалған малынан лайықты есе алады. Егерде әйел күйеуге тимей, өлген күйеуінің малына ие болып, бұзық тұрса яки малын шашса өлген күйеуінің туысқанының біреуі ие болып сыртынан қарап тұрады. Ол ие болған кісі әйелді не қалған малды ауылына яки үйіне кіргізіп алмайды. Лекин бұл әйелдің ауылында басқарып тұрады. Тұл әйел күйеуге тисе екінші қалың мал алынбайды. Егерде жесір қалған үш қатыны болса, сонда сегізден бірін бәріне бірдей бөліп береді. Егер үш әйелдің бірі күйеуге тиемін десе төсек орын, киген киімінен басқа жиырма төрттен бірін алады. Егерде екі жесір әйелдің бірі болса, он алтыдан бірін алады.

52-БАП. Сойыс қонағасы қазақ рәсімінде бар. Бермеген кісі бір ат, шапаннан бір түйеге дейін айыпты болады. Лекинде бұлардың ішінен шығарылады. Һәм тракті жол үстінде, жәрмеңке қасында, қайық аузында һәм съез мекенінде, қала қасында тұрушылар.

53-БАП. Екі тамыр айырылысса, билердің тексеруі бойынша артығын алысар. Бір-бірінен айып жоқ.

54-БАП. Қызметтегі адамдардың үстінен жала қылғандар билердің билігі бойынша жиырма сегіз күнге дейін абақтыға кіріптар болады. Жауапкердің шығыны шықса, анығын қайтарып береді. Мұндай жалаларды тоқтатарға бір себеп көрсетеміз. Сондай жалған арыздар, әсіресе, сайлау уақытында көп болады. Оның хақында сұраймыз, ұлықтарда мұндай арыз тұрғысында істейтін анықтаманы жасатқанша болыстың яки төтенше съездің билеріне тексермекке берілсе екен.

55-БАП. Біреудің жерін жеген дауларды билер жері пәленшенікі деген елубасылардың куәлігіне қарай тексереді. Тексерген уақытта жерді билер өздері көреді яки сенімді кісінің куәлігі бойынша жеген жерінің сомасына қарай билік айтады. Шығынын қайтарып, үстіне һәм айып салады.

56- БАП. Қонған ауылда қонақтың аты жоғалса ауыл күймейді, сенбесе ат иесі ауылдан шариғат алады.

57-БАП. Тоғыз деген айыптың малға шыққан саны мынау:
Бірінші – бас тоғыз түйе бастатқан:
1 түйе
2 құлын
2 бие
2 құнан
2 тай
Екінші – орта тоғыз, яғни ат бастатқан тоғыз:
1 жуан ат
2 тай
2 тайынша
4 бойдақ қой
Үшінші – аяқ тоғыз:
1 дөнен өгіз
2 тайынша
3 бойдақ қой
3 тоқты, тоқал тоғыз болмайды.

58-БАП. Мал басын бұлайша бағалаймыз.
Маңдай түйе – 3 ат және 30 қой.
Орта түйе – 3 бесті
Дөнен атан – 2 бесті, 1 тай
Құнан атан – 2 бесті
Тайлақ – құлынды бие, 12 қойлық
Бота – 1 бесті
Бәйге ат – орта бір түйеден бес-бес түйеге дейін
Жорға ат – құлынды биеден төрт түйеге шейін
Жақсы ат – құлынды биеден бір түйеге шейін
Айғыр – құлынды биеден екі бестіге шейін
Бие құлындысы – 10 қой
Бие құлынсызы – 10 тоқты
Ат – 9 қой
Бесті – жетіден сегіз қойға шейін
Дөнен – 5 қойдан 6 қойға шейін
Құнан  – 4 қойдан 5 қойға шейін
Тай – 3 қойдан 4 қойға шейін
Құлын – 2 қойға шейін
Атан өгіз – 12 қой
Бесті һәм дөнен өгіз – 4 қойдан 8 қойға шейін
Тайынша – 2 қой

59-БАП. Үй, кілет бұзып, қастық ниетімен істесе, ұрлаған нәрсесінен басқа бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді. Қора, кілет бұзбаған ұрлыққа ат, шапан айып береді. Ол азы, онан үлкен айып ұрлаған сомасына қарай.

60-БАП. Билердің билігі бойынша кесілген қалып қалыбынша алып беріледі. Егерде жауапкер ықтиярымен бұйырылған малды бермесе яки шақыруына келмесе, сонда мал алып беруші ауылдастарынан куә алдырып, сол куәлардан мал алушы бір қалыс кісіні таңдап алып осы жоғарыда айтылмыш баға бойынша алып беретін малды бағалайды. Егерде мал беруші кісі бермеймін деп қарсылық қылса, байлап қойып алып беруге де болады. Билік бойынша мал алып беруге ешбір қазақ рәсімінше үлгі жоқ.

ereje2
Қарамола съезі ережесінің соңғы беті.

61-БАП. Ұрлық үшін кесілген мал алынып беріледі, ұрының өзінен һәм оған серік болған жолдасынан. Ұрының серік жолдасы болады ат беріп аттандырған, бірге ұрлыққа барып ептескен, ұрлаған жылқыны жасырған, істеген ұрлықты біле тұрып жасырғандар. Бұл кісілердің малы жоқ болса, мал төлеуіне міндетті. Ұрланған атты біле тұрып сатып алғандар, егерде сатып алушылар ұрымен бір болыста болса, одан сол мал алынып беріледі. Сол ұрлықты қылған уақытта тұрған ауыл иесінің соның да малы жоқ болса, мал алушы даугер бөтен ояздікі болса, сонда қызметте тұрушы адамдар һәм жұрты төлейді. Старшын елі күйеді. Мал алушы бөтен болыстікі болып, бір дуандас болса, елубасы халқы күйеді. Даугер бір болыстікі болып, өзге старшындікі болса да, мал алушы мен мал беруші бір старшындікі болса он басы халқы күйеді. Бұл қылған ынтымағымыз ұрлықты тыймақ үшін һәм мал иесінің малы түгел тиіп, ризалыққа жетпек үшін жасадық. Яғни шығын орнына кесілміш айыптарды алмақ хақында тағы да ынтымағымызды жасадық. Үш жылға шақ уақыт қойып, яғни ұрлық тиылғанша қызметтегі адамдарды мал төлеуден шығармаған себебіміз, сол халықтың ішіндегі жамағат адамы болған хұқында халықтың мал төлейтін райы бо­лады. Жоғарғы айтылмыш адамдардың малы жоқ болған уақытта, егер би­лер малы жоқтығына көздері жетіп айырған болса, жұртқа түсетін мұның хақын­дағы малды билер тексеріп біледі. Мұнан басқа ынтымақ қыламыз, елдегі барша ұрыларды һәм сенімсіз адамдарды түгендеп, сенімді адамдарға кепілге бермекке, кейбіреулерге кепілге алмаймын деуі мүмкін емес, кепілге беруге тиісті. Басшы кісілерге, ауыл ақсақалдарына һәм оның ішінен қызмет иелеріне шығармаймыз. Сол кепіл кісілер ауыл иелерімен жұртқа тартқызбай тұрып, әуелі өздері күйсе керек. Ұры үшін кепілдікке тұрған адамдарға билік берілмесін. Мал алушыға ұрының қыстауындағы артық жері төлеуге алып беріледі. Уа, һәм билерге міндетті билік айтқан уақытта ұрыға жапат қылған бай адамдарға дүре мен абақты бұйырмаққа: үш мәртебе ұрлығы мойнына қойылып, тыйылмағандарды жұрт үкім жасап, өз арасынан мүлде айдатса керек. Егер үкім бермеймін деген адам болса, сол ұры үшін міндетті. Ұрыға түскен барлық малды тартса керек.

62-БАП. Сотта жесір турасынан һәм басқа даулар бойынша жоғарғы айтылмыш рәуішше мал алып беруге болмайды. Әркім өзі үшін – өзі күйеді. Малы жоқ деген сөз алынбасын. Бірақ құн турасындағы дауларда өлтірісіп серік болғандар мал тартады.

63-БАП. Қазынаға һәм даугер адамға кесілген айып, өзге кісіден күйдіріп алынбайды. Кескен адамның малы жоқ болса, айып орнына абақты бұйырылады.

64-БАП. Жалғыз бидің болыстық һәм төтенше съездерінің көрсетілміш копиә кесілетін кітаптің үлгісін бек ұнатамыз.

65-БАП. Күмәннің етуі болыстық молданың тексеруінде. Молданың зұлымдығы халықтың тексеруіне тиісті. Күмәншінің уақытты күнінде күмән еткендігі жазарға бізге көрсетілген кітаптің үлгісін ұнатамыз. Сол кітапті молда алып жүрмей үйінде сақтаса екен. Қалай даугер көшірмені алғаннан соң молдаға барып, кітабына тіркетсе керек. Егер даугер осылайша етпесе, ілгері уақытта күмән етпеді деп арыз айтуға тиісті емес. Күмәнші уақытты молда үйінде бар болса да, жоқ болса да, келгенін мәлім етіп, кітапқа жаздырса керек. Яғни молда күмәннің айтылмыш уақытты күнінде ләкин қадірінше үйінде отырса керек. Молда күмәннің еткендігін яки етпегендігін көшірменің сыртына жазумен куәландырып тұрсын. Осы баптағы айтылғандарды толық істемеу үшін билер билігінде күмәншінің атын, жөнін һәм уақытты күнін анықтап жазуға міндетті.

66-БАП. Мүмкін болса метрический кітаптар болыстық молданың қолында жүрсе екен. Бірақ, кітаптың жазылуы көрсетілміш үлгімен мұсыл­манша жазылса екен. Егерде ұлықтар бұрынғыдай метрический кітапты тіл­машқа жаздыруға тиісті көрсе, сонда болыстық молданы біз міндетті қыла­мыз, қиылған некені кесілміш кітаптан квитанцияның сыртына жазып куәландырмаққа ләкин жалғыз тілмаштың кітапқа тіркегені неке болмайды. Әйел мен еркек арасында молдамен қиылса неке тахиық болады.

67-БАП. Егерде бір үлгілі кітаптар берілсе, сонда жалған көшірме беруге орны келмес, осыдан бұрын берілміш көшірмелер бидің мөрі яки қолы қойылса сыйымды болады. Екі бидің мөрі басылған көшірмелерде болыс яки съез бастығының жазылмыш куәлігі болмаса, съез – биінің көшірмесі деп сенуге мүмкін емес.

68-БАП. Егер даугер биге тура арыз айтса, би жауапкерді шақыртып, керек қылса сонда ауылнай старшина айтылмыш жауапкерді жеткізіп берсін. Егер билігінде һәм көшірмесінде кесілген малдарды анықтап жазуға міндетті. Күмән етпесе де.

69-БАП. Ұрлық хақында кесілміш билік аттан басқа өзге даулардан қиылған билік үшін оннан бірін алады. Билер кесілген өздеріне тиіс билік хақысын өз қолдарымен алса, зорлық хүкімінде болады. Билік қылған жерінде хақысы алып берілсін. Әр съезде билер бір қалыс кісіні билік қақысын жиып алып би басына бірдей бөліп береді.

70-БАП. Съезде шақырылған барша барша қызмет иелерінің ұстаған шығындары жұрт үстінен салынады. Сол шығындарды ел арасында старшын сиюшы болады. Кімде-кім тиісті түскен шығынын бермесе, билердің тексеруіне беріледі.

71-БАП. Қазақтың өз арасында болынмыш дауларға орыстан яки ноғайдан уәкілдің алып кіріспесін. Дәбернай боларға мүмкін өзімен ояздас қазақ адамға.

72-БАП. Билердің билік бітімін орнына келтірмек уағда күні көшірмені болысқа яки старшинаға мағлұм еткен күннен есептеледі. Жалғыз бидің билігін орнына келтірмекке старшын міндетті. Съез билерінікіне болыс міндетті. Бір бидің билерін орнына келтірмек уағдасы үш күннен жеті күнге шейін. Съез билерінікі жеті күннен жиырма күнге шейін. Төтенше съездің билігін жиырма күнге шейін.

73-БАП. Егерде жетім қыз әке-шешесінің тірі кезінде уақытында құда болып атастырған болса, біреуге әке-шешесі өлгеннен кейін құдалығын бұзған болса, алған күйеуі қалың малын айыбымен қайтарады. Егерде қыз бұрынғы атастырған күйеуіне тисе, сонда ешкім тиісті әкесінен қалған жасауын һәм мирасын алмаққа тоқтау қылмасын.

74-БАП. Осы ережедегі айтылмыш барша сөздер қазіргі съезге міндетті. Бөлек постонавлениедегі жазылмыш сөздерден басқасы, ешбір тоқтатпайын-
ша бітірмекке міндетті.

Үшбу ережедегі айтылмыш барша сөздер қазіргі сиязға міндетті дүр. Бөлек постановлениядағы жазылмыш сөздерден басқасы һешбір тоқтатпайынша бітірмекке міндетті-дүр. Бұл режим мағлұм етілгеннен соң барша билерге, сияздарға, болыстарға, старшындарға жаңадан ереже жасалғанша шейін үшбу ереже жасалмай тұрып жазылған копиялар 67-бапта айтылған рәуіш бойынша сиымды бола-дүр. Соның үшін үшбу, 74 бапты Ережені біздер жасадық. Қазақ рәсімінше таза көңіліміз һәм әділетіміз билан уа йам растығына иландырамыз:

1. Павлодар уезінің биі – Жүсіп Баташоғлы, 2. Би Иса Бердалыоғлы.
3. Молдабай Сәрсеноғлы. 4. Би Мұқатай Келдібекоғлы. 5. Би Санияз Бабай-
оғлы. 6. Би Смағұл Шоқпароғлы қолдарын қойды. 7. Би Серғазы Тайсоғар-
оғлы. 8. Жалаладдин Рамазаноғлы мөрлерін басты.

Қарқаралы уезінің 9. Би Хакім Құдаймендеоғлы. 10. Би Абай Майқыоғлы. 11. Би Бегеш Сыбаноғлы. 12. Би Елеубай Қашқынбайоғлы. 13. Би Билібай Тұманбайоғлы, Абыралы болысының кандидаты, 14. Шәкіроғлы мөрлерін басты. 15. Би Оспан Атақозыоғлы. 16. Би Баймұхамбет Алдабергеноғлы қолдарын қойды: би Иса Шонтыоғлы таңбасын басты.

Семипалат уезінің құрметті қазақтары: 18. Ибраһим Құнанбайұғлы.
19. Құдайберген Тастанбекоғлы. 20. Ибраһим Нұркеноғлы. 21. Билер Бектоғай Ботабайоғлы. 22. Иса Сүтжаноғлы. 23. Айтқазы Жексенбайоғлы. 24. Би Жұмахан Жарқынбайоғлы қолдарын қойды. 25. Би Сүйіндік Шақабайоғлы. 26. Би Әлжан Нараоғлы мөрлерін басты.

Өскемен уезінің болысы 27. Хораәнжии Ислам Алыпханоғлы, Құрметті қазақ. 28. Құманғали Жақыпоғлы. 29. Би Жанкүдей Көптоғлы. 30. Би Ережеп Ноқайұлы қолдарын қойды; 31. Болыс Иса Күнбасоғлы. 32. Болыс Қабанбай Қошқароғлы. 33. Би Үсен Қалыбайоғлы мөрлерін басты. 34. Би Қаумен Аманұлы қолын қойды.

Зайсан дуанының болысы: 35. Бөкіш Шаянбайоғлы, болыс 36. Білеуші Босқынбайоғлы. 37. Би Жұмахан Қисықұлы. 38. Би Қоқаш Есенгелдіоғлы қолдарын қойды; болыс Ақшал Қожабергеноғлы. 40. Дәкенбай Жақсыбайоғлы. 41. Би Жайсанбай Елемесоғлы, 42. Би Батпақбай Тілеуоғлы. 43. Би Қайранбай қуандықоғлы мөрлерін басты.

Сияз бастығы Өскемен оязы Маевский қолын қойды. Семипалат уезінің лауазымын ада қылушы 45 Казанцов, Зайсан приставының помощнигі
46. Нарбут, Қарқаралы старши помощнигінің лауазымын ада қылушы 47. Айт­бақин қолдарын қойды һам военный губернатор 48. Цекалинский қолын қойды.

Аудармашы Асанов.

Семей облысы әскери губернаторының
1886 жылғы 14 ақпандағы №1546 бұйрығымен басылған.
Қазан. Императорлық университет баспаханасы. 1886

ТҮСІНІКТЕР

Семей облысының бес дуанының барша халқының сайланмыш
адамдарының 1885 жылы май айында, Шар бойында
Қарамола съезінде жазылған
ЕРЕЖЕ1

Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде 1885 ж. мамыр айында өткен төтенше съезде қабылданып бекітілген, Абайдың басқаруымен жазылған. Қазақ даласында тұңғыш жарық көрген праволық құжат 74 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын заң нұсқасы. 1885 ж. Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің ол күндегі әдеті бойынша бас қосқан Шербешнай съезі болады. Осыған Абай да келеді. Семей облысына қарасты бес уездің съезіне Абай би емес, Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Бұған аталған съезді қабылдаған Ереженің соңына жазылған тізімдегі аты-жөні дәлел болады. Абайтанушы, мұрағаттанушы-ғалым Бейсенбай Байғалиев «Абай өмірбаяны архив деректерінде» атты кітабында: «Құрметті қазақ» – ел ұғымындағы ауылдың сыйлы ақсақалы, кез келген беделді адамы емес, жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, Дала губернаторы бекітетін атақ-дәреже. Бұл дәреже өкімет алдында ерекше еңбегімен көзге түскен қазақтарға ғана берілген», – дейді. Съезге жиылған топтың ішінде Абайға қастық ниет ойлайтын адамдар Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтеді. Жандарал бүкіл елдің көзінше Абайды өзіне тіккен үйге ертіп жүріп, ұзақ әңгімелеседі. Осы кездесуден кейін жоғары ұлықтың нұсқауымен Семей губерниясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезде Абай төбе би болып сайланады. 

 

Бұл оқиға Абайдың білімділігі, жүйріктігі арқасында мұнымен алысқан кісілердің әрқашан тең түсе алмай, ұлық алдына келгенде жеңіліп шығатынын дәлелдейді. Съезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал Цеклинский басқарады. Бұл жәрмеңкеде өткен съезде Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы арнайы заң ережесін қабылдауды ұйғарады. Цеклинский Абаймен жолыққанда, Абай жалпы қазақ даласын орыс заңдарымен ғана басқаруға болмайтынын, бұл елдің өзінің ерекшеліктері бар екенін, атадан балаға ғасырлар бойы мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпы, заңдары барлығын, көп мәселелерді қазақ ішінде осы заңдар негізінде шешуге болатындығын айтады. Абай Шар бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, 74 баптан тұратын заңды жазып шығады. Абай қазақтың бұрынғы заңдарын да, орыс заңдарын да жетік білетіндігін көрсетіп, осылардың барлығын үйлестіре отырып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазып шығады. Осылайша үш күн, үш түн ішінде Қарамола съезіне арнайы заң ережесі жасалып, билер талқысынан өтеді. Абай жазған қазақтың жаңа заң ережесі қабылданады. «Ереже» 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында араб әрпімен басылып шыққан. Бұл маңызды құжаттың шағын кітапша түріндегі бір данасын белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов ғұмырының соңғы кезінде 1985 жылы Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен. Қазақстан Орталық архивінің қызметкерлері Б. Байғалиев пен Ж. Ахмадиев қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріп, 1992 жылғы «Абай» журналының №3 санында тұңғыш рет жарық көрді. Ережені алғы сөзін жазып жариялаған белгілі журналист-жазушы Сапар Байжанов. Томдардағы фотолар Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының қорынан алынып берілді.

____________________________

1 Томға енгізілген ереже мәтіні С. Байжанов құрастырып, жариялаған «Абай және архив» жинағындағы (Алматы: Ғылым, 1995. 51–62 бб.) нұсқа бойынша беріліп отыр.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы