Бізге жеткен Абайдың хаттары мен жазбалары
Сізге ғиззәтлу1 уә хурмәтлу2 ғазиз мукәррәм3 ініміз Халиулла мырзаға бізки ағаңыз Ибраһимден дұғай сәлем. Уә һәм барша ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көпден-көп дұғай сәлемлер йолдадық. Әлхәмду лиллә4, үшбу күнде сау-саламатлармыз, өзің көрген жанлар һәммәсі5: уә кәнә6 бізге хат йазған Камалидден моллаға көпден-көп сәлем дегейсіз. Һәрне7 сізге дінқарындашлық туғрасындан қылған болышлыклары Алла Тағаладан қайсұн. Өзіңе хат йазарға уақыт тар болды. Аягөзге келген уақытта пошта йүрәрге тығызланған да екен, һәрне хатларны да көрдүк. Бижай діл қабылымыз олды.
Уә қана йол қаржыға отұз теңге иібердік. Йәнә Семейге мағлұмланған8 уақытыңызда Құдай Тағала қаласа ат тағайынлармыз. Тәтеңіз9 бек қуанып жатыр – фәрз ‘әйн10 үйренгеніңіз хусунындан11, ілгері талап қылғанлығыңыздан. Һәрдайым Құдай Тағалаға сығынып жәһд12 қыла көрсүн дейді. Хатыңыз тиіші бірлә13 йешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп үшбу хатты йаздық.
Һәрдайым тауфықлы14, абыройлы ғұмырыңызды тілеп, хат йазғушы ағаңыз Ибрайим Құнанбай оғлы дейу білесіз.
Юнісден көп сәлем.
1866-ынчы жылында 8-інчі мартда
____________________________
1 عزت – (араб.) [‘иззәт] – ұлылық, құрмет.
2 حرمت – (араб.) [хурмәт] – құрмет.
3 مکرم – (араб.) [мукәррәм] – сыпайы, сыйлы.
4 لحمد لله – (араб.) [әлхәмду лилләһ] – Аллаға шүкір.
5 همه – (парсы.) [һәме] – бәрі, барша.
6 Уә және деген мағынада.
7 هرنه – (түркі.) [һәрне] – әрбір, әрқашан.
8 معلوم – (араб.) [мә‘лум] – белгілі, мәлім.
9 Құнанбайға балаларының қойған аты.
10 فرض عین – (араб.) [фәрз ‘әйн] – міндетті парыз. Яғни, шариғат бойынша әрбір адамның өзі орындауы міндетті болған амал.
11 خصوص – (араб.) [хусус] – қатысты, сондықтан.
12 جهد – (араб.) [жәһд] – талап, жігер.
13 برلا – (түркі.) [бірлә] – шылау: мен, менен, пен, пенен.
14 توفیق – (араб.) [тәуфиқ] – жетістік, сәттілік.
Дұғай сәлем
Хурмәтлү уә мәрхәмәтлү Мағашқа жетіб мәлім болсын-ки, осы менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бакеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп… Шаһкәрімге һәм сәлем айтыңдар. Ол да келсін.
Ой жібертіп қарашы Мағаш бала,
Сан дегенің тоғыз-ақ бірден сана.
Нөлді ерітпесе бұлар да қысыр еді,
Единитса сыпат деп біл, тек ғана.
Көп білгенге көп надан болады қас,
Мәужуд1 пенен мансұхды2 ол айырмас.
Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,
Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.
Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе шырағым.
Амандықта, ағайыныңыз Абай
1896-ыншы…
____________________
1 موجود – (араб.) [мәужуд] – бар болу, қолда бар. 2 منسوخ – (араб.) [мәнсух] – күші жойылған.
ІНІСІ ХАЛИОЛЛАҒА АБАЙДЫҢ ЖАЗҒАН ХАТЫ
Абайдың Омбыдағы кадет корпусында оқитын інісі Халиоллаға 1866 ж. 8 наурызда жазған хаты. Петербургтегі Күншығыс халықтарын зерттеу институтының кітапханасында сақтаулы бұл хатты академик Ә. Марғұлан тапқан. Бұл хатты кітапханаға ХІХ ғасырдың 60-жылдары Петербург университетінің профессоры И. Н. Березинге Омбыдағы кадет корпусы Күншығыс тілдерінің оқытушысы, қазақстандық педагог Н. Ф. Косталецкий жіберген. Халиолламен жақсы қарым-қатынаста болған Косталецкий шәкіртінен қазақтың көне қиссаларын, билер сөздерін, Абай өлеңдерін көшіртіп алған да, баспадан шығару үшін Березинге жіберіп тұрған. Халиолла Өскенбаев (1849–1870) Құнанбайдың Айғыздан туған баласының інісі. Он жасқа дейін ауылда Ғабитхан молдадан оқып, сауатын ашқан. 1859–67 жылдары Омбыдағы кадет корпусында, 1867–68 жылдары Мәскеудегі Александр III атындағы әскери училищеде оқыған. 1868–70 жылдары Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына қарайтын Сібір казак әскери бөлімінде қызмет еткен. Ол жан-жақты талантты болған. Халиолла өмірден ерте өтіп, артында айтарлықтай мұра қалдыра алмады. Абай орыс әдебиетінің туындыларымен алғаш рет Халиолла арқылы танысты. Ол халық эпосын жинап, зерттеуде көп еңбек сіңірген. Абай білім қуған інісімен идеялық үлкен ынтымақта болып, сол арқылы орыс әдебиеті мен мәдениетінен көп мағлұмат алған ақын оны өте жақсы көріп, мақтан тұтқан, үлкен қалаларға барып білім алуына көмек көрсеткен. Оған жазған хатында да сол бауырластық ықыласы, оқудағы азаматтың болашағына деген үміт-арманы айқын аңғарылады. Хатты асығыстау жағдайда, Аягөз қаласында жазған. Хатты алғаш рет Ә. Марғұлан «Халиуллаға Абайдың жазған хаты» деген атпен «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 1959 жылғы №6 санында жариялаған. Одан кейін бұл хат ақын шығармаларының 1961 жылғы бір томдық толық жинағында жарық көрді. Кейінгі басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгеріс байқалмайды. Абай шығармаларының жаңа басылымында осы нұсқа еш өзгеріссіз беріліп отыр.
АБАЙДЫҢ БАЛАСЫ МАҒАУИЯҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ
Абайдың Семейден баласы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты. Белгілі тарихшы-ғалым Амантай Исин 1997 жылы 1 қыркүйекте Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының қорында ескі қолжазбалармен жұмыс істеген кезінде осы хатты тауып алған. Ғалым жүргізген сараптама бойынша: «Төртке бүктелген хат қағазы жақсы сақталған. Хаттың жазылу айы мен күні туралы мәлімет өшіп қалған. Бір сөз сызып тасталған, мұның өзі хаттың көшірілмегенін көрсетіп тұр. Жазу орфографиясы және мәнері толығымен ХІХ ғасырдың соңына сай келеді. «Дұғай сәлем» деп хат бастамасы жазылып, соңынан жазылу уақыты көрсетілген». Хат Семейден Мағауияға жіберілген. «(Ғиза) тлу уа һәм хұрматлу Мағашқа…» деп басталып, «Амандықта ағаңыз Абай. Семей. 1896 жылдың…» деген сөздермен аяқталады. Шағын хаттың сегіз жолы – екі шумақ өлеңмен берілген. Хатты Абай қамқорлығында болған Балтақай Бозанбаевтың баласы Мұсақан Балтақайұлы ұзақ жыл сақтап келген. Абай хатында Шәкәрім есімі де аталады. Сол себепті де бұл хат Абай музейіне кейінірек тапсырылған болуы керек. Семейде жүріп баласы Мағауияға жазған қысқа мазмұндағы хатты Абайдың өз қолымен жазды деуге толық негіз бар. Себебі хаттағы жазып, сызып тасталған «сатарлық» деген сөздің өзі хаттың көшірілмегенін байқатады. Хат жазылған кезде Абайдың қасында әдеби хатшысы да болмаған. Хат қарапайым, ұғынықты тілмен жазылған. А. Исин осы хат туралы алғаш рет «Zaman – Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 12 қыркүйектегі санында «1896 жылғы Абай хаты» деген мақала жариялады, сол жылы ғалымның «Семей таңы» газетінің 20 қыркүйектегі санында «Ұлы Абайдың хаты табылды» деген көлемді мақаласы жарық көріп, Абайдың Мағауияға жазған хатының толық мәтіні жарияланды. Дәл сол жылы «Абай» журналының №4 санында автордың «Абайдың Мағауияға жазған хаты» атты көлемді мақаласы, «Иртыш» газетінің 20 қарашадағы санында «Неизвестное письмо и стихотворение Абая» атты мақаласы жарияланды. Абай шығармаларының академиялық толық жинағының 2-томында хаттың Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында сақталған мәтіні (КП. 641/2. № 37 бума) сол бетінде беріліп отыр.