Қымбатты Владимир Леонтьевич!
Ғылым Академиясының Қазақ филиалының қызметкерлері сіздің 75 жасқа келуіңізді құттықтап, мұнан былай да сүйікті отанымызға қызмет етіп, көп жасауыңызға тілектес екенін білдіреді.
Өзінің бар күшін халыққа қызмет ету жолына сарп етіп келе жатқан Сіз сияқты ардақты кеңес ғалымы – отанымыздың зор мақтанышы. Бұдан көп жылдар бұрын, Сіз Қыйыр Шығыстың өсімдік қорын зерттеп, өзіңіздің аса терең ғылымдық еңбектеріңіздің арқасында жер жүзі Ғылымында төрден орын алатын жаңалықтар аштыңыз. Соның арқасында Сібір мен Қыйыр Шығыс ауыл шаруашылығы өркендеп көп табысқа ие болып отыр. Сіз ерте бастан-ақ ұлы отанымыздың қиыр шеттерін зерттеуге көбірек көңіл бөлген едіңіз. Мұныңыздың өзі зор қырағылық, алысты болжағандық болып шықты. Мұның жемісін міне енді, ел басына күн туған ауыр кезеңдерде татып отырмыз. Ұлт республикаларының мәдениеті мен жаратылыс байлықтарын сол елдердің өзінде жүріп зерттеу керектігін, зерттеу мекемелерінің өзін де сол жергілікті орындарда ұйымдастыру керектігін әр уақыт мойындап келгеніңіздің нәтижесінде қазірде жер-жерде Ғылым Академиясының көптеген базалары мен филиалдары ашылып отыр. Соның бірі – біздің Қазақ филиалы. Үкімет пен партияның және Сіздің өз басыңыздың үздіксіз қамқоршылығыңыз арқасында, 1932 құрылған кішкене база қазірде Ғылым Академиясының ірі филиалдарының бірі Қазақ филиалына айналып отыр. Қазақ филиалы қазірде 7 институты, 4 секторы бар, 700-дей ғылым қызметкері бар ірі ғылым орны болды, Қазақстанның ғылым ордасы болды.
Владимир Леонтьевич! Қазақстанның ғалымдары Сіздің көмегіңізбен мұнан былай да ғылым жолына бар күшін сарп етіп, өзінің дәуірі мен халқына лайықты Академия құрап алатын боламыз деп серт етеді.
Адам баласының қас дұшпаны болған Герман фашизміне қарсы ашылған Ұлы Отан соғысы кезінде кеңес ғалымдары мен кеңес халқына Сіз өте-мөте жақын болып кеттіңіз. Сіз басшылық етіп отырған Ғылым Академиясы мен оның көптеген филиалдары өздерінің ғылыми жұмыстарын Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ отан қорғау ісіне бағындырды.
Отанымыздың басына ауыр күндер төніп келген кезеңде Сіз ғылым жұмысын майдан мүддесіне сәйкестеп қайта құра білдіңіз. 1941 жылдың декабрінде бүкіл Орал, Сібір, Қазақстан өлкелерінің жаратылыс байлықтарын ел қорғау жолына жұмсау мәселесін басқаратын комиссия құрдыңыз.
Ол комиссия Сіздің басшылығыңызбен іс қылып, аз уақыттың ішінде бүкіл ғылым қызметкерлерін, бүкіл өндіріс орындарымызды бірлескен жұмысқа ұйымдастырып, Шығыстың қорын ел қорғау үстіне жаратудың жолдарын тауып берді. Осындай екпінді жұмысы үшін бұл Комиссия сталиндік премия алып отыр.
Сіздің күнделікті басшылығыңызбен, әсіресе Алматыда болған кездеріңізде көрсеткен жәрдеміңіз арқасында Комиссия қазақ жеріндегі сарқылмас мол қордың көзін тауып, оны ел қорғау ісіне қалай жаратудың нақтылық жоспарын жасады.
Соңғы жылдарда Сіз Қазақ филиалына, оның өсуіне аса көңіл бөліп келдіңіз, ұлт кадрларын дайындауды қамқорлығыңызға алып, Қазақстанда ғылыми мәдениет өрлеуіне көп себепші болдыңыз.
Сіз сияқты ғалым патриотты біз өзімізге үлгі етеміз. Ленин – Сталин сияқты кемеңгерлердің жолын меңгеріп, орыстың ұлы оқымыстыларының салтын ұстап, халыққа үздіксіз еңбек ету жөнінде, Отанның ежелгі жауларына қастерін тіге біліп, оларды ойран ете білу жөнінде бізге берген ағалық кеңестеріңізді кеңес ғалымдары әр уақытта жүрегінің түкпірінде сақтайды.
Ардақты ақсақал, Владимир Леонтьевич! Сіздің алдыңғы қатарлы кеңес ғылымының өркендеуіне басшылық етіп, ұзақ жасағыңызға шын жүрегімізбен тілектеспіз.
ССРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы қызметкерлерінің тапсыруы бойынша
Филиалдың Президиумы:
ССРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі,
Қазақ КСР еңбегі сіңген қайраткері Қ. И. Сатпаев
ССРО Ғылым Академиясының ақиқат мүшесі,
Қазақ КСР Еңбегі сіңген қайраткері В. Г. Фесенков
ССРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі,
Қазақ КСР еңбегі сіңген қайраткері Б. А. Догель
Медицина ғылымының докторы,
Қазақ КСР еңбегі сіңген қайраткері І. Н. Удинцев
Техника ғылымының докторы М. И. Горяев
Геология-география ғылымының кандидаты Ө. А. Оспанов
Билогия ғылымының кандидаты И. А. Поляков
Доцент И. В. Рушанов
А. К. Қойгелдин