Мен өз өмірімдегі бұл аса маңызды документті – Сталиндік сыйлықтар лауреатының дипломын большевиктер партиясы мен Совет үкіметіне деген шексіз алғысқа бөленген сезіммен қабылдаймын.
Бұл документте Жезқазған ауданында мен басқарған геолог-барлаушылар коллективімен бірге істеген 15 жылдық творчестволық еңбегім қорытылып отыр. Бұл еңбектің нәтижесінде Жезқазған ауданы Қазақ республикасының аса қуатты, гүлденген индустриялық орталықтарының біріне айналды. Қазіргі Отан соғысы күндерінде, фашисттерге қарсы ерлік соғыс жүргізіп жатқан кезінде Қызыл Армияны қаруландыруда Жезқазған мысы мен Жезқазған марганецінің маңызы барған сайын күшейіп отырғанына, сөйтіп, жұмсалған еңбектің игілікті жеміс бергеніне қатты ризамын.
Жезқазғанның қойнындағы байлығын ашуда менімен бірге қажырлы еңбек еткен ескі достарымнан жалынды құттықтаулар алғанда, жүректі қуаныш кернейді. Қазір олар Ұлы Отан соғысының майдандарында, сүйікті отанымыздың намысы мен тәуелсіздігін төсін төсеп қорғауда.
Қазақстанның жер қойнындағы байлығы есепсіз мол. ССРС-та запас жағынан бірінші орын алатын мыс, қорғасын, хром, цинк, ванадия кендері Қазақстан жерінде. Мұнайдың, көмірдің, темірдің, марганецтің, никель мен қалайының, сирек кездесетін және асыл металдардың, тағы басқа толып жатқан минералдық шикізаттың запастары да орасан көп. Бұлардың бәрі де отан қорғауда, еліміздің халық шаруашылығын нығайтуда аса маңызды орын алады. Жер қойнындағы осы мол ресурстардың көп түрі қазір елімізді қорғауға жұмылдырылды, олар майданда гитлершіл шапқыншыларға қарсы снаряд, зеңбірек, танк, самолет болып жұмсалуда.
Қазақстанның ұлан-байтақ кең жері мал шаруашылығын өркендетуге, дәнді және техникалық егістер көлемін ұлғайтуға өте қолайлы. Колхозшылар аянбай еңбек ете отырып, жаратылыс байлығын игеруде, егіннен мол өнім алуда. Майданға республикамыздың ауыл шаруашылығының продуктылары үздіксіз жөнелтілуде.
Қазақстанның жабайы өсетін өсімдіктері мен айуанат ресурстарынан қосымша көп пайда шығаруға болады. Қазіргі отан соғысы күндерінде Қазақстанның ғалымдары үшін республикамыздың жер қойнындағы және жер бетіндегі есепсіз мол ресурстарын барлық жағынан зерттеп, оларды майдан керегіне тезірек жұмылдырудан ардақты, бұдан құрметті міндет жоқ.
Отанымыздың игілігі үшін, сұрқия фашист оккупанттарды жеңу күнін таянта түсу жолында қайсымыз болсақ та жұмысты барлық творчестволық күшімізді аянбай жұмсап істедік және істей береміз, барлық жігерімізбен, қажырлы қайратпен еңбек етеміз десем, мен бұл сөзім арқылы Қазақстанның бүкіл ғылыми қызметкерлерінің, бүкіл, советтік интеллигенциясының ой-пікірін білдіремін ғой деп ойлаймын.
Бұл жоғары наградты қабылдай отырып, мен Үкіметке және Партияға мынадай сенім беремін: Ғылым академиясының мен басқарған Қазақстандық филиалының ғылыми коллективімен бірге алдағы жұмысымда да өзімнің барлық күшімді, білімімді Қазақстанның барлық жаратылыс ресурстарын майдан керегіне, жексұрын неміс-фашист басқыншыларды біржолата талқандау ісіне барынша көп жұмылдыруға аянбай жұмсаймын.
ОТАНЫМА БОРЫШТЫМЫН
Бұл мақала 1942 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінің 15 қазан айының №244 (6164) санының 2-бетінде «Отаныма борыштымын». Сәтбаев жолдастың сталиндік сыйлықтар лауреатының дипломын алғанда сөйлеген сөзі» деп берілген. Одан кейін Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың төмендегі басылымдарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 176-177 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 145-146 бб.
1942 жылғы мақаланың алғашқы нұсқасындағы «документ» сөзі 1999 жылғы жинақта «документ», 2007 жылғы жинақта «құжат» болып берілген. Сонымен бірге алғашқы нұсқасындағы «үкімет» сөзі 1999 жылғы кітапта «үкімет», 2007 жылғы еңбекте – «өкімет».
Бұл жинаққа мақаланың 1942 жылғы алғашқы нұсқасы енгізіліп отыр. Сол мақалада жазылған ғылыми терминдерге анықтама берілді:
Хром (лат. Chromіum; Cr) – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элементі, атомдық номері 24, атомдық массасы 51,996. Хром – ақ, сұр түсті, қатты, ауыр балқитын металл, балқу температурасы 1910 °C, қайнау температурасы 2480 °C, тығыздығы 7,14 грамм/куб сантиметр.
Цинк (лат. Zincum; Zn) – элементтердің периодты жүйесінің II-тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 30, атом массасы 65,39. Мырыш ерте заманда жез түрінде белгілі болған, таза түрі 16 ғасырда алынған.
Ванадий (лат. Vanadium; V) – элементтердің периодтық жүйесінің 5 топ элементі. 1801 жылы алғаш рет Мексика минерологы А.М. дель Рио ашқан, 1830 жылы швед химигі Н. Г. Сефстрем темір рудаларынан жаңа элемент алып, оны скандинавия мифологиясындағы сұлулық құдайы Ванадистің құрметіне ванадий деп атаған.