Екі рет Сталиндік сыйлық алған, Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кеңестер Одағы Ғылым академиясының президенті – академик Владимир Леонтьевич Комаров алдыңғы қатарлы кеңес ғылымының жалпы жұрт таныған ұйымдастырушысы және басшысы. Шын мәнінде, ғылым ордасы болып отырған Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Ғылым академиясын құру, оның жұмысын В. И. Ленин белгілеген данышпандық бағыт бойынша жүргізіп отыру міндеті орыс халқының ұлы білімпаздары ішінде В. Л. Комаровқа жүктеледі.
Ғылым академиясының жұмысын жаңа жағдайда қайта құру үшін жоғары дәрежелі ғылым иесі болумен қатар, мемлекет істерінде орамы кең адамдар керек болды. Комаров оның ғылыми ұйымдастыру жұмысына белсеніп қатысты. 1930 жылы ол Ғылым академиясының вице-президенті болып сайланды.
1934 жылы үкіметтің қарары бойынша Ғылым академиясы еліміздің астанасы Москваға көшіп келді. 1936 жылы, академик А. П. Карпинский қайтыс болғаннан кейін, В. Л. Комаров бір ауыздан Ғылым академиясының президенттігіне сайланды. КСРО Ғылым академиясының президенті қызметінде В. Л. Комаров дүние жүзіне атағы шыққан білімпаз, кеңес ғылымының басшысы және ұйымдастырушысы, сол сияқты көрнекті мемлекет қайраткері екенін айқын көрсетіп, өзінің зор талантын кең өрістетті.
Академик В. Л. Комаровтың өмірі мен ісі – кеңес елінің білімпазы мен азаматына асқан үлгі. Отаншылдық, халқына шын беріліп қызмет ету, тәртіпті берік ұстау, ғылымның өмірден алыстатылуына жол бермеу, ғылым жұмыстарын ұштастыра жүргізіп, халық шаруашылығындағы түйінді мәселелерді шешуге бағыттап отыру, жас білімпаздарды тәрбиелеп өсіру, оларға әкелік қамқорлық көрсету – академик В. Л. Комаровтың негізгі қасиеттері міне осындай.
Академик В. Л. Комаровтың Отанымыз алдындағы неше алуан маңызды еңбегі ішінде оның Кеңестер Одағындағы ұлттық республикаларда алдыңғы қатарлы кеңес ғылымының ордаларын құру, өркендету ісіндегі жетекшілігі зор орын алады.
Бірінші бесжылдық дәуірінде, бұрын артта қалған шет аймақтарда алғашқы ірі өнеркәсіп орындары салына бастаған кезде, В. Л. Комаров аса маңызды ғылыми мәселені – кездейсоқ «маусымдық» экспедициялар шығарып, зерттеу әдісі орнына жер-жерден ғылым академиясының базалары мен филиалдарын ашып, олардың жұмысын Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Ғылым академиясына қараған орталық ғылым институттарының ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ұштастыра жүргізу жолымен, белгілі жоспар бойынша тұрақтап зерттеу әдісін қолдану мәселесін алғаш рет алға қойып, мемлекет көлемінде шешті.
Кеңестер Одағы Ғылым академиясының алғашқы базасы 1932 жылғы мартта Қазақстанда, онан кейін 1933 жылы Тәжікстанда, Закавказияда ашылды. Екі жылдан кейін Закавказиядағы базасы Грузин, Азербайжан және Армян филиалдары болып қайта құрылды. Ғылым академиясының бірсыпыра филиалдары қазіргі уақытта ұлттық ғылым академияларына айналдырылды.
Академик В. Л. Комаров ботаника жөнінде бүкіл дүние жүзі таныған беделді білімпаз болып отыр. Елу жылдан аса ғылыми-зерттеу қызметінде В. Л. Комаров Орта Азияны, Сібірді, Қиыр Шығысты талай рет ғылыми экспедициямен аралады. Бұл экспедициялардың нәтижесі оның бірсыпыра күрделі еңбектерінде баяндалды. В. Л. Комаров 300-ден аса ғылыми еңбек жазды.
Кеңестер Одағының өсімдік байлығы туралы білімінің ұлы жинағы – көп томды «Кеңес Социалистік Республикалар Одағының өсімдіктері» деген жинақ В. Л. Комаровтың басшылығымен шығарылуда. Ғылыми зерттеудің және қорытынды шығарудың алуан-алуан және кең өрісті болуы – В. Л. Комаровтың айрықша қасиеттерінің бірі. Ол ботаникамен бірге география, геоморфология, геология, экономика мәселелерімен және басқа сондай мәселелермен шұғылданады. В. Л. Комаровтың Солтүстік Моңғолиядағы арғы заманғы мұз туралы, Камчатканың жанартаулары мен ыстық бұлақтары туралы зерттеулері – биология ғылымындағы маңызды олжа. В. Л. Комаровтың ғылыми саяхаттар кезіндегі неше алуан және мол зерттеулерін атақты Паллас экспедициясының нәтижелерімен қатар қоюға болады.
К. А. Тимирязев сияқты, В. Л. Комаров та тиянақты дарвинист. В. Л. Комаров дарвинизмді марксизм-ленинизм негіздерімен байланыстырып пропагандалайды.
В. Л. Комаровтың өмірі мен ғылыми қызметі – ұлы білімпаз бен азаматтың асыл қасиеттерінің ұштасқан үлгісі. Өзінің ғылыми қызметінің бастапқы кезінде, 1890 жылдарда, В. Л. Комаров өзінің демократияшылдық көзқарасы үшін патша полициясының бақылауында болды. Ленинград университетінің профессоры болған кезде, В. Л. Комаров 1905 жылғы революцияға белсеніп қатысып, жиындарда саяси сөздер сөйледі. Реакция жылдарында ол большевиктер партиясы Орталық Комитеті мүшелерінің бас қосуына көмектесіп жүрді. Кеңес өкіметі тұсында ол Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, кеңес ғылымының штабы – Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Ғылым академиясының басшысы.
Ұлы Отан соғысы кезінде В. Л. Комаров еліміздегі барлық байлықты жексұрын жауды неғұрлым тез жеңу жолына пайдалануды көздеген кеңес білімпаздарының, ғылым қызметкерлерінің ұлы қозғалысына өзінің беделімен, білімімен және сарқылмас жігерімен басшылық етіп келеді.
В. Л. Комаровтың басшылығымен КСРО Ғылым академиясы ұштасқан ғылыми-зерттеу әдісін шығарып, Оралдың, Қазақстанның, Батыс Сібірдің ұшан-теңіз жаңа қорларын майданның қажетіне жұмсай білді.
1942 және 1943 жылдарда В. Л. Комаров ұзақ уақыт Қазақстанда болып, республикамыздың әр алуан жаратылыс байлықтарын Отан қорғау жолына неғұрлым тез пайдалануды көздеген кең өрісті ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолма-қол басшылық етті. Академик В. Л. Комаровтың комиссиясы Қарағанды бассейнінің, Орталық Қазақстандағы мыс комбинаттарының, рудалы Алтайдағы және Оңтүстік Қазақстандағы полиметалл комбинаттарының, Ақтөбе ферросплав комбинатының, Орал-Ембі комбинатының және басқаларының өндіріс күшін арттыру әдістерін белгіледі. Мұнымен қатар комиссия Қазақстанда қара металлургия, химия өнеркәсібі, отқа төзімді материалдар өнеркәсібі сияқты маңызды өнеркәсіп салаларын орнату мәселелерін зерттеп, негіздеді.
Академик В. Л. Комаровтың комиссиясының жұмысына КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалына қараған барлық ғылыми мекемелердің қызметкерлері қатысты. Мұның өзі филиалдың және оның ғылыми мекемелерінің ғылым қызметкерлерінің білімін арттыруына, Қазақ филиалының беделінің артуына зор себеп болды.
Дүние жүзіндегі ең озат ғылымды – кеңес елінің ғылымын басқара отырып, мемлекет қайраткерінің даналығы мен дүние жүзілік білімпаздың беделін ұштастыра отырып, академик В. Л. Комаров барлық күші мен білімін Отанына қызмет ету жолына жұмсап келеді. Сондықтан да оны көп ұлтты сан миллион ұлы кеңес халқы сүйіспеншілікпен құрметтейді.
В. Л. Комаров орнатқан және тәрбиелеп өсірген Ғылым академиясының Қазақ филиалының ғылыми-зерттеу жұмыстарының көбею, сол сияқты республикамызда ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан сайын өрістетудің шұғыл міндеттері қазір филиалды Қазақстанның Ғылым академиясына айналдыру мәселесін алға қойып отыр. Кеңестер Одағында және оның жеке республикаларында ғылым жұмыстарының мән-жайын жақсы білетін академик В. Л. Комаров Қазақстан Ғылым академиясын құру жөнінде Қазақ үкіметіне өзінің мынадай қорытынды пікірін білдірді: «Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалының өркендеу қарқыны, соңғы үш жылдың ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемі кеңейіп, сапасының артуы, сол сияқты Қазақстан Кеңес Социалистік Республикасының Халық Комиссарлары Кеңесі мен Ғылым академиясы Қазақ филиалының бұл филиалға қараған ғылыми мекемелерді одан ары кеңейту және нығайту шараларын белгілеуі, Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Ғылым академиясының президиумына 1945 жылы Ғылым академиясының Қазақ филиалын Қазақ ҚСР Ғылым академиясына айналдыру туралы мәселені алға қоюға мүмкіндік болады деп ұйғаруына негіз бола алады».
В. Л. Комаровтың осы беделді қорытындысы негізінде Қазақтың Кеңес Социалистік Республикасының Халық Комиссарлары Кеңесі мен Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті жақын арада 1945 жылы Қазақстанның Ғылым академиясын ашуға даярлану шаралары туралы арнаулы қаулы алды.
Владимир Леонтьевич Комаровтың Қазақ КСР Ғылым академиясын ашу ісінде Қазақ үкіметіне және Ғылым академиясының Қазақ филиалының президиумына бұрынғысындай өзінің беделді кеңесімен және тыңғылықты ісімен көмектесетіндігі күмәнсіз. КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының ғылыми қызметкерлері 1945 жылы Қазақстанда өзінің заманы мен халқына лайық Қазақ Ғылым академиясын ашу үшін барлық күшімен, ынтасымен аянбай қызмет етуге даяр. Мұнымен қатар Қазақстан білімпаздары Қазақ Ғылым академиясына КСРО Ғылым академиясының Президенті – академик В. Л. Комаровтың үнемі қамқорлық көрсетіп, көмектесіп отыратындығына қатты сенеді.
Владимир Леонтьевич Комаров 75 жасқа толды. Бұл өмірінде 50 жылдан артық уақыт бойы ғылымға, Отанына қызмет етті. Дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы кеңес ғылымының одан ары өркендеуінде академик В. Л. Комаровтың өзінің жоғарғы дәрежелі қызмет орнында болып, әлі де көп жылдар бойына кеңес ғылымының одан сайын өркендеуіне қызмет етуіне тілектеспіз.
Кеңес дәуіріндегі ғылымның басшысының данышпандық сипаттарын айқын көрсеткен Владимир Леонтъевичтің әлі де сау-саламат болып, көп жасауына тілектеспіз.
АКАДЕМИК В.Л. КОМАРОВ – КЕҢЕС ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ЖӘНЕ БАСШЫСЫ
(75 жасқа толуына)
Бұл мақала 1940 жылы 15 қазанда «Социалистік Қазақстан» газетінде алғаш жарық көрген. Кейіннен төмендегі басылымдарда жарық көрді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 450-455 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 113-116 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық.– Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 2-ші бас. – 384 б. – 369-372 бб.
Таңдамалы 5 томдықтың 1-ші томындағы 369-бетте «өкімет» сөзі «үкімет» деп берілген.