Жинақтың екінші томына енген толғауларының толық нұсқасы
Тоқсанға келген жасым бар,
Көпті көрген басым бар,
Аман жеттім бұл күнге,
Ойды, қырды аралап,
Жалғыз атты сабалап,
Серік қылдым өмірге.
Домбырамды өңгеріп,
Өзіме-өзім дем беріп,
Жұбаныш қып көңілге.
Осынша жасқа келгенде,
Өзіңдей өлке көргенде,
Немерем мен шөберем,
Әкелеп маған ергенде,
Ескі көңілім жаңарып,
Көсегем көктеп өргенде,
Заманым, күнім жасарып,
Қорғалап жұртым жиналып
Сөйлеуге кезек бергенде.
Дауыста, Жамбыл, дауыста,
Сөйлеп жібер, сөйле енді!
Жиналып жұртым алдымда,
Тыңдауға мені келіп тұр.
Сөйле деп ойда барыңды,
Анталап қамап төніп тұр.
Шежіре не айтар деп,
Балаларым сеніп тұр.
Қиялымды қозғауға,
Құлағын бұрап сөйлетіп,
Домбырамды беріп тұр.
Қайтарма жұртым меселін,
Күшіңді жиып бойыңа,
Біраз ғана кеңес құр.
Қазақ қазақ болғалы
Көрдік қой талай хандарды.
Өткіздік қой біз бастан
Азапты, ауыр заңдарды.
Қоқан билеп бір кезде,
Өрістегі малды алды.
Құсбегі хан құтырып,
Бойжеткен жас қызды алды,
Қызды алмады, жанды алды,
Жайлауды сонда шаң басты.
Тынық көлдер шайқалды,
Сол бір өткен заманнан
Арман болар не қалды?
Ханның бірі Абылай,
Мақтаман оны асыра.
Аш бөрідей жалақтап,
Нөкерін, қолын шұбыртып,
Өзім деген кісіні
«Датқа» деп алған қасына.
Қарсы болған кісінің,
Қан жаудырған басына.
Абылайдың тұсында
Қандай қып елді сұраған?
Ерегіскен кісіні
Қыл шылбырдай бұраған.
Адамды Абылайдың тұсында,
Ұлтарақпен тең көрген.
Жесір алса – күң болған,
Күң бейшара жылаған.
Жауласқан жерден құл алған,
Құл сорлы да аңыраған,
Қосылып күңге жылаған.
Тоқсанға келген жасымда
Сол бір өткен заманның
Болсын маған несі арман?!
Одан бері келгенде
Өлкені басты бір сарын.
Жыландай бойға оралып,
Қысқанын көрдік патшаның.
Жердің бетін қаптады,
Елдің жанын қақтады,
Таппадық ылаж, амалын,
Бірге шапты патшамен
Жәңгір хан атты арамың.
Көкорайлы жерді алды,
Ағынды өзен суды алды.
Жолын кесті Оралдың,
Ашылған қорқау араны.
Осынау бір заманда
Болыс шықты зіркілдеп.
Мырза, старшын атанып,
Ауылнай шықты діңкілдеп.
Шен таққан би шіреніп,
Қонса байдың аулына
Қайнады қазан бүлкілдеп.
Отырды бай ақ үйде,
Алдындағы керсеңде
Сары қымыз кілкілдеп.
Кедей байғұс баласы
Жалаңаш шекпен етінде,
Секпілі бар бетінде,
Қу қарынның қамы үшін
Аталып малай жүреді
Бай малының көтінде.
Шілдеде, аптап астында,
Қыста боран ішінде,
Жас баласы қозыда,
Қатыны жүр от жағып,
Бәйбішенің еркінде.
Сол бір өткен заманның
Несін арман етейін
Жетіскен жаңа күнімде.
Алпыс бестен асқанда,
Жетпіске қадам басқанда,
Өмірі естіп білмеген,
Өмірде көзім көрмеген,
Көрсетті Ленин қайратты.
«Құлдан,күңнен» қол құрап,
Асырды ерім айбатты.
Тәжін жұлып патшаның,
Алтын тақтан құлатты.
Салтанат, сәнін қиратты,
Ұлы, қызын жылатты,
Көзден жасын бұлатты.
Ағарып бізге таң атты,
Қазақ та атты жаратты,
Бетін Мәскеуге қаратты.
Жаппай шауып жан-жаққа,
Ленин есімін таратты.
Қудық біз де ортадан,
Бай мен болыс, манапты.
Содан бастап қазаққа,
Қимылдарлық әл кірді,
Кеудесіне жан кірді.
Жан кіріп қана қоймады –
Ел боларлық сән кірді.
Сәнді қазақ елінде
Қартайғанда ән салған,
Өлеңін қойдай тоғытқан,
Тыңдаушысын ұйытқан
Көретін болдың Жамбылды.
Лениндей басшы іңкәрім,
Жырлауға оған сөз жетпес,
Шебер ақын ұстаның.
Пайғамбарға теңеуге,
Сүндет, уәжіп, парыздан
Артық көрем уставын.
Асқар тау биік дер едім,
Көрініп тұр төбесі.
Ақылы дария дер едім,
Бірақ кейде дарияның,
Қайырлайды кемесі.
Шайқалған жорға дер едім,
Ол да шаршап болдырар,
Кездессе жердің белесі.
Домбыраны алғанда
Данышпанға тең таппай
Қиналған Жамбыл жері осы.
Туған айдай дер едім,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Жанған күндей дер едім,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Темірқазық дер едім,
Тек тұрғаны болмаса,
Онда тіл де, үн де жоқ.
Түнде де бар, күндіз бар,
Жанып тұрған жалынды от!
Рұқсат етсең, әлеумет,
Тынығып біраз көрейін,
Сөйлеттің неге демейін.
Жүзге жасым жеткенше,
Өлеңнен ұрық себейін.
Тартынбайын шегініп,
Домбырамды жебейін.
Өлгенімше өлеңмен,
Партияны жырлайын,
Бітелмесе көмейім.
Сөздің бәрін салмақтап,
Асылдарын терейін.
Айтып жүрсін кейінгі
Жас балалар, ұрпақтар.
Көсемімді теңейтін
Теңеу тауып берейін!
Жамбыл ақын бұл толғау жырды 1936 жылдың 28 сәуір күні Алматы қаласында халық өнерпаздарының республикалық слетінде жырлаған.Жазып алған Әбділда Тәжібаев. Павел Кузнецов орыс тіліне аударып, Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында «Правда» газетінде жарияланады. Жамбыл ақынның Бүкілодақтық деңгейде танылуына ықпал еткен шығармасының бірі.
Алғаш рет «Социалистік Қазақстан» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің 1936 жылы 1-мамыр күнгі санында «Жамбылдың жаңа толғауы» деген тақырыппен жарық көрді. «Әдебиет майданы» журналының № 6 санында «Сталин» деген тақырыппен басылған.
Кейін ақынның 1937 жылғы өлеңдер жинағында (3-8 б.), 1937 жылғы шығармалар жинағында (79-84 б.), 1938 жылғы «Жамбылдың өлең-жырлары» (Алматы–Мәскеу, 186-191), 1940 жылғы шығармалар жинағының 1-томында (137-141 б.), 1946 жылғы толық шығармалар жинағының 1-томында (630-635 б.), 1955 жылғы 3 томдық шығармалар жинағының 2 томында (39-44 б.), 1957 жылғы шығармалар жинағында (259-263), 1982 жылғы 2 томдық шығармалар жинағының 2-томында (370-374 б.), 1996 жылғы 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағында (334-337 б.), 2014 жылғы 4 томдық шығармалар жинағының 3-томында (292-303 б.) басылым көрді.
Жамбыл толғауының мәтіні басылымнан басылымға негізінен өзгеріссіз көшіп отырған. Бұл жаңа басылымында кеңес цензурасының саяси және идеологиялық ықпалымен өзгеріске түскен мәтіндер қалпына келтірілді.
Жамбылдың әдеби хатшыларының бірі болған Әбділда Тәжібаев: «Жамбыл ұзақ жырларының көбінде («Туған елім», «Ворошилов», «Замана ағымы») бүгінгі шаттығы мен махаббатын, оның себебін шалқыта жырлаудың үстінде тыңдаушысын үнемі өзі кешірген дәуірді аралатып, өзі өткен өткелдерден өткізіп, жаңа дүниеге кіргізеді. Екі жаһанды салыстыру: түнге күнді, суыққа жылыны, шабанға жүйрікті, еріксіздікке бостандықты қарама-қарсы қою арқылы жаңа заманның жарқын образын жасайды. Мұндай дастандардың бас геройы өзі болып отырып, өзі арқылы бүкіл халық өмірін қамту арқасында, шығармаларын үлкен тарихи дастандарға айналдырады. «Туған елімде» де осы қасиет бар. Сондықтан да ақынның қиялы өмір шындығымен тең түсіп, образдары өмірдің өз бояуы болып шығады. Бұл да Жамбылдың озаттығын, өзгешелігін көзге көбірек түсіретін, өзіне тән ерекшелігінің бірі деуге болады», – деп жазады (Тәжібаев Ә. Өмір және поэзия. Алматы, 1960. – 360 б).
«Социалистік Қазақстан» газетінде «Жамбылдың жаңа толғауы» деген атпен басылған өлеңнің алғашқы жолы «Сексеннен асқан жасым бар» деп басталады. Көлемі 67 өлең жолынан тұрады. Жинақтарында «Туған елім» деген тақырыппен жарияланып келеді. Газет нұсқасындағы «Сексеннен асқан жасым бар» деген алғашқы өлең жолы жинақтарында «Тоқсаннан асқан жасым бар» болып өзгерген.
Жамбылдың туғанына 125 жыл толуына арналған Қазақ ССР Ғылым академиясы Жалпы жиналысы сессиясында (шілде, 1972) Н.С.Смирнова «Жамбылдың отызыншы жылдардағы поэмалары» атты баяндамасында: «Мұнда толғауға қарағанда ақынның көңіл күйі, толғанысы, өмірінің фактілері мен творчествосының елеулі сәттері барынша қамтылып, Жамбылдың лиро-эпикалық бейнесі жасалған», –деп, бұл туындыға толғау жанрынан бөлініп шыққан поэма деген баға береді [Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1975. – Б. 56].
1936, 1937 3-б, 1955, 1957 – Серік болдым өмірге.
1940, 1946, 1982, 1996, 2014 – Серік қылдым өмірге(6-жол).
1936, 1937, 1940, 1946, 1982, 1996, 2014 – Өзендей өлке көргенде
1955, 1957 – Өзіңдей өлке көргенде(11-жол).
1936, 1937, 1940, 1946, 1982, 1996, 2014 – Ескі күнім жаңарып
1955, 1957 – Ескі көңілім жаңарып (14-жол).
1936, 1940, 1946, 1955, 1957, 1996 – Көсегем көктеп өргенде,
1982, 2014 – Көсегем көктеп ергенде (15-жол).
Тыныс белгілері әр басылымда әрқилы қойылған: 1936 – Қорғалап жұртым жиналып Сөйлеуге кезек бергенде
1996 жылғы басылымда нүкте қойылса: Сөйлеуге кезек бергенде.
1955, 1957 жылғы басылымда сызықша: Жұртым топ боп Сөйлеуге кезек бергенде –
1940, 1946, 1982, 2014 жылғы басылымда үтір сызықша қойылған: Қорғалап жұртым жиналып Сөйлеуге кезек бергенде, –(17-18 жол).
1936 – Дауыста, Жамбыл, дауыста! Сөйлеп жібер, сөйле енді!
1937, 1940, 1946, 1982, 1996, 2014 жылғы басылымдарда «Сөйлеп біржібер, сөйле енді!» болып, «бір» сөзімен толыққан. Алғашқы екі шумақтан кейін 1936 жылғы газеттегі жарияланымның 129-өлең жолынан бастап соңына дейін 47 өлең жолы жалғасады. (17-18-жол)
1940, 1946, 1955, 1957, 1996
Дауыста, Жамбыл, дауыста!
1982, 2014
Дауыста Жамбыл дауыста! (19-жол)
1946, 1955, 1957 жылғы басылымда «жыйналып, жыйып, қыйналған, қыйратты» болып сол кездегі емле ережесіне сәйкес жазылған.
1955, 1957 – Жиналып жұртым алдымда /Тыңдауға мені келіп тұр. /Сөйле деп ойда барыңды, /Балаларым төніп тұр. (21-24-жол)
1940, 1946, 1982, 1996, 2014 – Балаларым сеніп тұр.
1937 – Қайтарма жұртым міселін,
1940, 1946, 1982, 1996, 2014 – Қайтарма жұртым меселін,
1955, 1957 – Қайтарма жұртым көңілін, (30-жол)
1937 – Күшіңді жинап бойыңа –
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 – Күшіңді жиып бойыңа, (31-жол)
1937 – Бір азғана кеңес құр.
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 – Біраз ғана кеңес құр.(32-жол)
1937, 1940, 1946 – Қазақ – қазақ болғалы
1955, 1957, 1982, 1996 – Қазақ-қазақ болғалы,
2014 – Қазақ қазақ болғалы (33-жол).
1937 – Бой жеткен жас қызды алды (40-жол)
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 – Бойжеткен жас қызды алды.
1996 жылғы жинақта төмендегі 22 өлең жолы (46-67-өлең жолдары) қысқартылып берілген:
Ханның бірі Абылай,
Мақтаман оны асыра.
Аш бөрідей жалақтап,
Нөкерін, қолын шұбыртып,
Өзім деген кісіні
«Датқа» деп алған қасына.
Қарсы болған кісінің,
Қан жаудырған басына.
Абылайдың тұсында,
Қандай қып елді сұраған?
Ерегескен кісіні –
Қыл шылбырдай бұраған.
Адамды Абылайдың тұсында,
Ұлтарақпен тең көрген.
Жесір алса – күң болған,
Күң бейшара жылаған.
Жауласқан жерден құл алған,
Құл сорлы да аңыраған,
Қосылып күңге жылаған.
Тоқсанға келген жасымда /,
Сол бір өткен заманның
Болсын маған несі арман ? /?!
1937 – Ерегескен кісіні –
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 2014 – Ерегіскен кісіні – (56-жол)
1937 – Адамды Абылайдың тұсында,
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 2014 – Адамды Абылай тұсында, (54-жол)
1937 – Жесір алса – күң алған,
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 2014 – Жесір алса – күң болған, (60-жол)
1937 – Құл сорлы да аңыраған,
1940, 1957 – Құл сорлы да аңраған,
1946, 1982, 2014 – Құл сорлы да аңғарған, (63-жол)
1937 – Таппадық лаж, амалын,
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 – Таппадық ылаж, амалын, (74-жол)
1937, 1940 – Көк орайлы жерді алды,
1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 – Көкорайлы жерді алды, Ағынды өзен суды алды. (77-78-жол)
1937 – Жалын кесті Оралдың, Қоңын ойды Араны.
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996 – Жолын кесті Оралдың, Ашылған қорқау араны. (79-80-жол)
1937 – Бай малының көтінде.
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 – Бай малының шетінде. (86-жол)
1937 – Сонда ағарып бізге таң атты. Сонда қазақтаатты жаратты,
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 – Ағарып бізге таң атты. Қазақ та атты жаратты. (117-118-жол)
Осы өлең жолынан кейін «Бетін Мәскеуге қаратты» деген бір жол 1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014 жылғы басылымда кездеспейді.
1937, 1940 – Көретін болдық Жамбылды.
1946, 1982, 1996, 2014 – Көретін болдың Жамбылды.
1936, 1955, 1957 – Көрдіңдер міне Жамбылды.(133-жол)
1937 – Сүндет, уәжіп, парыздан
1940, 1946, 1955, 1957, 1982, 2014 – Сүндет, уажып, парыздан (138-жол)
1937, 1940, 1946, 1996 – Ат та шаршап болдырар,
1936, 1955, 1957 – О да шаршап болдырар,
1982, 2014 – Ол да шаршап болдырар.(146-жол)
1936, 1937, 1940
Кездесіп жердің белесі.
1946, 1955, 1957, 1982, 1996, 2014
Кездессе жердің белесі. (147-жол)
1936, 1937, 1940, 1946, 1955, 1957 – Сталинге тең таппай
1982, 1996, 2014 – Данышпанға тең таппай (149-жол)
«Бүгінгі дана Сталин», «Ең жарығым – Сталин» деген 134-жолдан және 157-жолдан кейінгі екі өлең жолы 1982, 1996, 2014 жылғы басылымдарда қысқарған.
1996 жылғы жинақтағы мәтін «Түнде де бар, күндіз бар Жанып тұрған жалынды от!» деген 158-159-өлең жолымен аяқталады.
1936 – Желпініп бір сөйлейін Сөйлеттің неге демейін
1937 – Рұқсат етсең, әлеумет, Тынығып біраз көрейін
1940, 1946 – Дем алып тағы сөйлейін
1955, 1957, 1982, 2014 – Желпініп біраз сөйлейін, (161-жол)
1936 жылғы газеттегі жарияланымда:
Рұқсат етсең, әлеумет,
Желпініп бір сөйлейін.
Жүзге жасым жеткенше,
Өлеңнен ұрық себейін.
Тартынбайын шегініп,
Домбырамды жебейін.
Өлгенімше өлеңмен,
Сталин десін көмейім.
Толғауымен жұректің
Сөз асылын терейін.
Айтып жүрсін кейінгі
Жас балалар, ұрпақтар.
Сталинді теңейтін
Теңеу тауып берейін!
1940, 1946 жылғы басылымда шығарманың жырланған жылы жыр соңында 1936 деп көрсетілсе, 1955, 1957 жылғы басылымдардан бастап мерзімі көрсетілмеген.
1940, 1982, 1996, 2014 жылғы басылымдарында жол астында сілтеме түсінігі берілмеген. 1946 жылғы басылымда «Сұраған – елді билеу мағнасында» деп сілтеме түсінігі берілген, ал 1955 және1957 жылғы басылымында «Сұраған – елді билеген деген мағнада», «Сүндет, парыз, уажып – діни ережелердің міндетті түрде орындайтын шарттары» деп берілген.
Ж.Рақыш