Әр жылдары айтылған дастандарының толық нұсқасы
Тағы да өлім желі өрт боп есті,
Тағдырды қорғасын мен болат шешті.
Абиссиния тауында ажал ойнап,
Испан ұлы ыстық қан белден кешті.
Манчжурді қара тұман түнек басты,
Қытайға жалмауыз жау араласты.
Кек қайнап, қас дұшпанмен арпалысып,
Ызамен қалың қытай жауға айқасты.
Піскен егін «бас шайқап» сыбырласты,
Мен де бүгін шығарам даусымды ащы.
Дала мүлгіп тұнжырар, түршіккендей,
Тау делдиіп үріккендей, тың тыңдасты.
Құздан құлап бұлақтар шуылдасты,
Орман, тоғай оянып дуылдасты.
Жасырынып көкорайдың астын қуып,
Зулаған арық шуы көкке ұласты.
Көк терек сұлу қыздай түзеген түс,
Жайқалған ақжонаста егін, күріш.
Айдын көл қалың қамыс, қоға басқан
Шайқалад, естігендей суық сыбыс.
I
Төгіл жыр, кез жиһанды, шырқа әнге сал,
Кілемді Түрікменнің түбіне бар.
Қазақстан жерінде желдей есіп,
Бақшалы Өзбекстан гүліне бар.
Арала Тәжікстан асқарларын,
Мұнайлы Азербайжан астарларын.
Одақтың он бір елін түгел шолғап,
Бір толғап түйінді жыр тастар шағың.
Мен қартпын көпті көрген кәрі бұлбұл,
Ежелден ел жырлаған көне Жамбыл.
Бүгінде жырым жаңа, күнім жаңа –
Әнімін жас елімнің – қыраны алғыр.
Ел шауып, жұрт жылатқан хан мен бекті,
Жырлауға даусым шықпас сұм жендетті.
Meн жырлаймын, көтерем көкке атын
Елім ері халық сүйген болшебікті.
Ленин мен Сталиндей терең ақыл,
Өсірген Нарком етіп сөзі нақыл.
Басшысы Армияның әлемге айғақ –
Арналад бұл өлеңім – Клим батыр.
II
Патшаның лағнат қамыт тағыменен
Миллион жан жоқшылықтан таяқ жеген.
Баяғыда қор болып өтсе қазақ,
Зорлықтан Украин да зар еңіреген.
Мұнда – бай, онда – сорды помещиктер,
Күш қайда қарсы тұрып оған тіктер.
Тек қана домбыра мен бандураның
Үнінде ізі қалды ауыр жүктер.
Жарлылық, қараңғылық жұртты басқан,
Украина, даласында Қазақстан,
Есіттім, көп оқиға көзбен көрдім,
Ондағы қара күнді өткен бастан.
Семірді помещиктер елді сорып,
Егінін еңбекшілер берді орып,
Молда, поп уын шашып, елді аралап,
Халық көзін ашпауға алдын торып.
Құзғынша полиция елді бақты,
Айдады, атты, шапты, түрме жапты…
Осындай қара күнде Клим туды –
Өмірде қорлық, зорлық бейне абақты.
Қара су, қара нан жеп сары белде,
Құдайға құл болғанда, байға пенде,
Шыжыған ыстық күнде егін орып,
Мал баққанды білерсің қазақ сен де.
Ол өсті жауқазындай сусыз шөлде,
Тұрақсыз ебелектей дауыл, желде.
Мал бағып жастық шағын байда өткізді
Жалаң аяқ, жалаң бас ыстық жерде.
Ащының көрдік талай дәмін алып,
Өмір қадірін таныдым арып-талып.
Қазақтың малды баққан жалшылары
Сүйеді өз Климін ұғып, танып.
Білеміз Клим өмірін, біз де көрдік,
Танимыз Клим өмірін, түзде көрдік.
Сондықтан да, қастерлі бізге Клим,
Қашан да сен біздіксің, біз де сендік.
Қазақтың малшылары мыңнан таңдап,
Өсіред көп жүйрікті Климге арнап.
Ен тағып, кекілін кесіп, «мынау» дейді
Шығатын сан тұлпарды топтан самғап.
III
Өтсе де жастық шағы азаппенен,
Кеміту, қорлык, зорлық, мазақпенен,
Клим өсті, ер жетті, жігіт болды,
Семсердей өткір, өжет, болат берен.
Зауытта ол ерлігін елге танытты,
Алтындай жұмысшылар көзін тартты.
Тап арын, табан тіреп таймай сақтап,
Күреске парасатпен тартты халықты.
Жуанға күші көп деп бас ұрған жоқ,
Кез келсе бетін ашты, жасырған жоқ,
Taп үшін күшті күрес қуатымен,
Бойынан жау қылығын асырған жоқ.
Донбастың шақтысында қайнаған кек,
Қатқан кез, айтып болмас пәлендей деп,
Жұмысшы қалың қолын көтеруге
Тұрғанда іштен тынып күтіп бір «леп».
Бұл лепті сонда оларға Клим берді,
Қалың топ Донбастағы соңына ерді.
Қызыл Ту жел көтеріп жалын жанды,
Жалауы қайнаған кек басты жерді.
Көтеріп таң сәулесі Клим ерді,
Жатпауға жанның кегі хабар берді.
Сондай кекті жырласам еске салар,
Хан Жәңгірге аттанған қалың елді.
Бір күнде Исатайдай кажырлы ерім,
Көтерген ханға қарсы байтақ елім.
Тұлпардай тұяғынан от жарқылдап,
Қалың қол Сарыарқаның басқан белін,
Ашулы қатқан қабақ елдің кегі,
Аттанған зұлымдыққа асқан шегі.
Алдында Исатайдай батыр бастап,
Қамаған хан ордасын қазақ елі.
Клим ер тамам ұлтты алға бастап,
Көтерген қалың қолды жауға нұсқап.
Ер қадірін әрине халық ұмытпас
Көтерген ел теңдігін туын ұстап.
IV
Зарлатып жетім-жесір, сан бейбақты,
Оқ, қылыш, темір бұғау қанға батты.
Ерлерді ел бастаған теріп алып,
Сібірге патша залым қуды, айдатты.
Жерлерден қарлы боран жолды басқан,
Аязда шықырлаған түтеп аспан,
Жасқанбай зұлым патша зардабынан,
Талқан қып тас бұғауды Клим қашқан.
Босаған жас қырандай тар қапастан,
Ол қашып Каспий өтті тау мен тастан,
Жасырынып патшаның жендетінен
Бакуге – үлкен кенді мұнай аққан.
Бакуді біз білеміз – тарихта аты,
Еліне еңбекшілер мәлім даңқы,
Бастаған Сталиннің өз қолымен
Бакудің пролетарын зор қайратты.
Бакуді өзім барып көргенім жоқ,
Қанықпын – көрмесем де естимін көп.
Сықылды қара меруерт біздің Ембі,
Жанады Қазақстан жұлдызы боп.
Білемін онда бұрап жердің астын,
Шығарар мұнай майын судай тасқын.
Көп көрдім, көп жасадым, көп естідім
Ішінде ақсақалды мынау жастың.
Бакуге Ембі арқылы болсақ қанық,
Көреміз Сталинді айқын жарық.
Халық тағдырын парасат қолмен шешкен,
Нұрына бүкіл әлем болған қарық.
Қазаққа өз қолымен теңдік берген,
Жер берген, астық берген, ерлік берген.
Грузия қыраны тауында өскен,
Бакуге жау жеңуге ұшып келген.
Донбастың болшебігі Клим батыр,
Бірге істеп Сталинмен болып жақын.
Майданда шыққан таптың көсеміне
Көмек қып, сөзін тыңдап, сұрап ақыл.
Бір болды көсемменен ауыр күнде,
Қашан да тәні бөлек, жаны бірге.
Табанды тар кезеңде ақылшысы
Акопта, на майданда, Кремілде.
V
Халық табаны қозғалып алғанда бет,
Ленин, Иосип ақылы болып медет,
Толқынды тура жолға түзеп салды,
Қолтықтап тар жолдарда сүйеп, жебеп.
Адам ұлы басшысы екі көсем,
Өмірді қайта жасап туғызды әсем.
Бәрінде қолғабысшы болды Клим,
Халықты ертіп ер болды түйін шешер.
Қару ап халық қабынып сайланғанда,
Бас қосып аттануға бар байларға.
Жер мен су, зауыт, пабрик, үкіметті,
Алуға қолмен тартып қан майданда.
Клим ер еш қорқыныш сезген емес,
Өлем деп зор мақсаттан безген емес,
Қол бастап жұмысшыға қару берді,
Не жеңу, не жеңілу – таптық егес.
Аулақта ұзақ түндер ұйқы көрмей,
Үгіттеп жұртты бастап, соққан желдей.
Ленин мен Сталин бар қуатшысы
Қалады қай еңбекші Климге ермей.
Шақырды қазақтағы барлық ерді,
Қолына найза ұстап, қылыш берді.
Үніне құлақ қойып шақырғанда
Шыққан ед сонда ерлер қалың қолды.
Жырласаң, мұндай ерлер еңбекші үшін,
Көрсеткен қан майданда қайрат-күшін.
Бір таңға әрбір ісі ертек болар,
Ұрпағым, шын батырды білемісің?
VI
Жарқ етіп Өктәбрдің күні шықты,
Күн туды белдесетін жаумен мықты.
Ағытқан томағасын Клим қыран,
Сан жаудың мойнын үзіп, жерге тықты.
Құтырған аш қасқырлар қашты, бұқты,
Жас қыран көрінгенін бұрап сықты.
Жұмысшы мен шаруа өкіметі
Орнады, біздің елге мәңгі орнықты.
Заң шықты – кедей, кемтар жер, су алды.
Мал алды, теңдік алды, қарық боп қалды.
Жалдама жауыз қолын қуып тастап,
Кедейлер бақыт жыры әнге салды.
Қараңыз бай, жуанның ендігі ісін,
Жан-жақтан құрастырып қалған күшін.
Қаптады топ-топ болып тағы құзғын
Бақытын халықтың тартып алмақ үшін.
Шақырды Борошилоп аттануға,
Қару aп, ұйымдасып саптануға.
Бақыт үшін, ерік үшін, теңдік үшін,
Халық үшін таласуға жер мен суға.
Астында қызыл тудың басын қосып,
Қол шықты келген жаудың жолын тосып.
Қаптатып еңбекшілер өтрәтін,
Клим ер жауды қуды, бетін осып.
Білінер ердің ері кезеңде тар,
Ел өткелге келгенде – алдында жар.
Ленин мен Сталиннің өнегесі
Соғатын іс пен жүрек бір парапар.
Қазақтың ардагері Амангелді,
Көтерген қан майданда қараңғы елді.
Бірлесіп қалың қолмен Климге еріп,
Жерінде Қазақстан жауды жеңді.
Амангелдіні еріткен Клим батыр,
Ерлігін халқы сүйген көріп мақұл;
Халықтан шыққан халық ері, халық қыраны
Өткір, өжет, табанды, терең ақыл.
VII
Аш қасқырдай жалаңдап жем іздеген,
Мал торып жайылымнан қой көздеген.
Жыртқыш аңдай екі көзі қып-қызыл боп
Құлқынынан басқаны түк сезбеген.
Тәрбие алған залым патша, бектен,
Аттанды генералдар жем дәметкен.
Жалдама жауыз Колчак Шығыс жақтан,
Деникин иттерімен оң жақ шеттен.
Қамалап батыс, теріс – тұс-тұс жақтан,
Елімді қаусатуға банды ақтар…
Қорғандай ел шетінде, жау бетінде
Қаласы Цариціннің жатыр батпан.
Осыны генералдар қамап алды,
Жасқанбай жасанған жау соғыс салды.
Қарсы алды, сескенген жоқ Цариціннің
Басында Сталиннің өзі барды.
Еңбекте, ел қорғауда, қан майданда,
Сүйреген Сталиннің қуаты алға.
Көп көрген, көпті білген парасатты,
Нұсқаған оң жолына теңеу бар ма!
Тар жерде тапсыратын қиын істі,
Досына Клим сынды батыр күшті.
Сталин тапсырды да зор майданды,
Жөн сілтеп, қуат беріп қолын қысты.
Әскерді Клим жауға түзеп салды,
Қарысты жасанған жау өңшең банды.
Қасқырдай қаптаса да тұс-тұс жақтан,
Болшебік жеңіп шықты зор қамалды.
Кім шыдар Клим сынды зор қамалға,
Бандыны қаратпаған жан-жағына.
Жалдама салдаттардың зәресі ұшып,
Қарамай қайта қашты алды-артына.
Көсемнің Клим ердей тастүлегі
Хабар берді: «Келген жау қашты», – деді.
Сталин мұртын сипап, салқын қанмен
Қолын ап күлімсіреп: «Жақсы», – деді.
VІІІ
Ақындар домбыраны қолға алғанда,
Күңірентіп күйді тоқсан толғағанда,
– Кімді сөз ғып жырлайсың?– деп сұрасаң,
Мәжілісте тереңнен сыр қозғағанда.
Асыл сөздің иесі ақын сонда:
– Жырлаймыз, –дер, – домбыра алсақ қолға,
Жырлаймыз бүгінгі өмір – шат тұрмысты,
Елімді айналдырған бақыт жолға.
Елімді, өмірім, далам гүлдендірген,
Әлемді нұрға күндей түрлендірген.
Сталинді жырлаймыз, әндетеміз,
Бақыт жазын жеріме мүлде ендірген.
Асыл сөздің атасы ақын сонда:
– Жырлаймыз, – дер, – домбыра алсақ қолға.
Сталиннің жан досы, әскербасы
Ұстаған күш тұтқасын қашанда оңға.
Қарулы отанымның ардақты ері,
Сүйетін, қадірлейтін туған елі.
Таласып тар кезеңде жауды қуған,
Елімнің арыстаны, ардагері.
Еліне ерлігімен жеткен даңқы,
Астында ойнақтаған жирен аты.
Жырлаймыз жорықтарын Клим ердің,
Естісе жау қорқатын күш-қуаты.
Жамбыл да әнге салып, күй кернейді,
Аузына Клим түссе, жыр кернейді.
Айбатын, батырлығын, тұлпар атын
Жырласа көкке құлаш күй сермейді.
Арыстан – жирен атты Клим батыр
Айлакер, алғыр қыран, терең ақыл.
Қасында Буденныйдай жан жолдасы,
Бастаумен атты әскерді келе жатыр.
Түйсінсе жау қашатын айбатынан,
Көрсеткен қан майданда қайратынан.
Үйреткен Сталиннің жас қыраны –
Қалың жау зәресі ұшқан жайда атынан.
Тастүлек, таймас қыран мұзда өскен,
Көк болат алмас қылыш нарды кескен.
Жан досы Сталиннің қасындағы
Тар жерде халық тағдырын қолмен шешкен.
Күйретті Деникинді, Врангельді,
Қорғады басқыншыдан бейбіт елді.
Наркомы СССР-дың құрал күші,
Атағын Клим ердің әлем білді.
IX
Мәскеуде бірінші май мейрамында,
Өтетін үлкен тойда бізде жылда.
Дәм айдап, Жамбыл сонда бірге болды,
Қызығын мен айтайын, жұртым тыңда!
Лек-лек боп қатарласқан қалың халық,
Шығады бақытты өмірін ән ғып салып.
Ішінде өзбек, орыс, қазақ, қырғыз,
Украин, грузин мен татар, тәжік…
Сталин мовзолейден тұрар қарап,
Табысты, қуанышты қолмен санап.
Құттықтап жаз бен жастық бақыт жырын,
Ұшырған балапанын сұңқардай-ақ.
Сап түзеп, әскер шығар қатар-қатар,
Асынған бәрінде бар бір бесатар.
Түріндей жолбарыстың қаһарлы айбат
Қалың қол атты, жаяу келе жатар.
Бұдан соң танкі шығар темір тұлпар,
Кез келсе қалың жауды күл ғып ұнтар.
Аспанда ұшқан құстай тізбектелер,
Қаптаған самолеттер болат сұңқар.
Көкпеңбек жердің жүзі қару-жарақ,
Болмайды мынасы деп қолмен санап.
Зеңбірек, пулемет пен найза, қылыш
Тамаша таң қаласың тұрсаң қарап.
Бір кезде атты шығар көздей қайнап,
Пар-пар боп түс-түсімен гүлдей жайнап.
Боз, күрең, қара, жирен, ала шұбар
Өтеді ауыздығын қарш-қарш шайнап.
Секіртіп бір мезгілде арғымағын
Шығады Клим батыр жанған жалын.
Сүйікті маршал, Нарком ел қорғаудың,
Астында жирен аты бейне сағым.
Өтеді желдей есіп жұртты аралап,
Шығад та Мавзолейге, жұртқа қарап
Сөйлейді суырылып, бір-бір талдап,
Міндетін ел қорғаудың қолмен санап.
Оның сөзі естілед барлық жаққа:
Тәшкенде, Фрунзыда, Ашқабатта,
Бакуде, Тбилисиде, Алматыда –
Саңқ-саңқ етіп келеді барқұлаққа.
Қандай жау келсе дағы етпес қауіп,
Кидірген Отанына темір сауыт.
Үлгі алар наркомынан әрбір әскер,
Қалқозшы, жұмысшысы фабрик, зауыт.
… Манжурде қайнаған кек қанға ұласты,
Қытайда қалың қытай жауға айқасты.
Кек қайнап қарсы жаумен алпарысып,
Ызамен жауды қуып, араласты.
Шетінде еліміздің берік күзет,
Көзден тайса жау жабық жібін үзед.
Сұр жыландар жорғалап кетсе кіріп,
У жаяд, бүлдіреді, сырды білед.
Халыққа қастық еткен жау жорғалап
Алдыңда зәндемі иттей жүз бұраңдап,
Отанымды байларға іштен сатып,
Кетпек болған елімді мүлде ылаңдап.
Бірақ халық тік тұрды, күзетім сақ,
Халық жауды қоймайды, інін таппақ.
Су құйып, бірін қоймай тұншықтырып,
Зәрлі тілін суырып, тісін қақпақ.
Сырттан жау жағалап жүр жемтік іздеп,
Егерде қарсыласса бізді көздеп.
Халық артыңнан майданға тартынбайды
Қылышыңмен көрсетіп қалсаң мезгеп.
Мезгесең мезгілінде басты қосып,
Аламыз келген жаудың жолын тосып.
Ел үшін, Мәскеу үшін, көсем үшін
Айдауға жауыздардың бетін осып.
Бір туда бас қосады түрлі тұстан:
Мергені Өзбекстан, Қазақстан,
Түрікпен атты әскері, Әзербайжан
Ұшқышы, қырандары Тәжікстан.
Мезгесең жауға қарсы келгенде кез,
Қуамыз, қаусатамыз ашқанша көз.
Одақтың он бір елі қатар түзеп,
Шығарып бір жеңнен қол, бір жерден сөз.
Келсе жау атқа мінер, жөнеп көшін,
Біз алып, қалдырмаймыз бір пендесін.
Сталин көріп ынта қалық ерлігін,
Қайратқа көңілденіп «жақсы» десін.
Қазан төңкерісінің жиырма жылдық юбилейі қарсаңында Жамбыл Жабайұлы осы тақырыпта бірнеше өлең-толғаулар жырлаған. Соның бірі орыс революционері, кеңестік әскери, мемлекеттік және партия қайраткері, Қызыл Армияның даңқты қолбасшысы, Азамат соғысына қатысқан, КСРО Қорғаныс Халық комиссары (нарком), Кеңес Одағының маршалы Климент Ефремович Ворошиловқа арналған.
Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі кезінде (1936 жылдың 17-27 мамыр) Жамбыл ақын КСРО Қорғаныс Халық комиссары К.Ворошиловты көзімен көргеннен кейін «Клим батыр» деген өлең шығарған. Онда Шыңғысхан, Ер Ғали, Ескендір, Рүстем, Манас, Кенесары, Наурызбай батырларды айтып келіп, «Жалпақ елді қорғаған, Ленин ерден оқыған, Сталиннен үйренген – Ворошилов батырым, Артық көрмен еш жанды, Ел сүйген сендей ерімнен» деп жырлайды. Өлең 7-8 буынды жыр үлгісімен, ал дастан 11 буынды қара өлең ұйқасымен жырланған.
Шығарма алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінде 1937 жылы 3-қыркүйектегі санында жарияланды.
1940 жылғы бір томдық «Шығармалар жинағында»: «1937 жылы декабрь айында Жамбыл тағы да Европаға қарай саяхат етіп жөнелді. Европалық Ресейдің оңтүстік жағалауындағы әйгілі сұлу Кавказды аралады, ұлы Сталиннің туған жері Гориде болды. Кавказ халықтарының зор құрметін көрді. Ақын ұлы көсемнің туған жерін көріп, бірнеше сұлу өлеңдер шығарды. «Шапай», «Ворошилов», «Сталиннің туған жері» атты поэмаларды жырлады», – деп баяндалған [1940, ]. Кавказ сапары кезінде Жамбыл жырлаған өлеңдерді ақын Тайыр Жароков жазып алып отырған. 1958 жылғы Жамбылдың орыс тіліндегі таңдамалы жинағында «дастанды кім жазып алғаны белгісіз, орыс тіліне К.Алтайский аударған» деп көрсеткен [1958,].
Ақын шығармаларының 1937, 1938, 1946, 1955 жылғы басылымдарында шығарма «Ворошилов туралы поэма» деп аталады, ал 1982, 2012, 2014жылғы жинақтарда оның жанрыдастан деп көрсетілген.
Кейін ақынның 1937 жылы жарияланған «Жамбылдың өлеңдері» (жауапты редакторы М.Қаратаев, 85-97 б.), 1938жылғы «Жамбылдың өлең-жырлары» жинағында (Алматы–Мәскеу, 203-214 б.), 1946 жылғы Толық шығармалар жинағының 1 томында (642-653 б.) 1955 жылғы 3 томдық Шығармалар жинағының 2-томында (119-131 б.), 1957жылғы Шығармалар жинағында (323-334 б.), 1982 жылғы 2 томдық шығармалар жинағының 2-томында (375-385 б.), 2014 жылғы төрт томдық шығармалар жинағының 3-томында (296-306 б.) жарияланған.
Дастан басындағы 20 өлең жолы 1955, 1957, 1982, 2014 жылғы басылымда бар, 1937, 1946 жылғы басылымда кездеспейді, 1937 жылғы басылымда мәтін:
«….Төгіл жыр, кез жиһанды, шырқа әнге сал,
Кілемді Түрікменнің түбіне бар.
Қазақстан жерінде желдей есіп,
Бақшалы Өзбекстан гүліне бар», – деген шумақпен көп нүкте қойылып басталады. Сонымен қатар
Керісінше 1937, 1946 жылғы басылымда кездесетін төмендегі шумақтар кейінгі басылымдарда қысқартылған:
«Бакуге Эмбі арқылы болсақ қанық,
Көреміз Сталинді айқын жарық.
Халық тағдырын парасат қолмен шешкен,
Нұрына бүкіл әлем болған қарық.
Қазаққа өз қолымен теңдік берген,
Жер берген, астық берген, ерлік берген.
Грузия қыраны тауында өскен,
Бакуге жау жеңуге ұшып келген».
«Адам ұлы басшысы екі көсем,
Өмірді қайта жасап туғызды әсем.
Бәрінде қолғабысшы болды Клим,
Халықты ертіп ер болды түйін шешер».
«Сталин мавзолейден тұрар қарап,
Табысты, қуанышты қолмен санар.
Құттықтап жаз бен жастық бақыт жырын,
Ұшырған балапанын сұңқардай-ақ».
«… Манжурде қайнаған кек қанға ұласты,
Қытайда қалың қытай жауға айқасты.
Кек қайнап қарсы жаумен алпарысып,
Ызамен жауды қуып, араласты.
Шетінде еліміздің берік күзет,
Көзден тайса жау жабық жібін үзет.
Сұр жыландар жорғалап кетсе кіріп,
У жаяд, бүлдіреді, сырды білет».
«Келсе жау атқа мінер, жөнеп көшін,
Біз алып, қалдырмаймыз бір пендесін.;
Сталин көріп ынта қалық ерлігін,
Қайратқа көңілденіп «жақсы» десін».
1937 жылғы басылымда «Одақтың он бір елін түгел шолғап» деп берілген, Жамбыл ақынның сөз қолданысында «шолып» етістігін «шолғап» деген тұлғада қолдану үрдісі кездеседі.
1937, 1946 жылғы басылымда:
Мен қартпын көпті көрген кәрі бұлбұл,
Ежелден ел жырлаған көне Жамбыл.
Бүгінде жырым жаңа, күнім жаңа
Әнімін жас елімнің қыраны алғыр, – деген шумақта курсивпен көрсетілген сөздер кейінгі 1955, 1957, 1982, 2014 жылғыбасылымда «тыңдаған, күйім» деп берілген.
1937, 1946жылғы басылымда:
Ел шауып, жұрт жылатқан хан мен бекті,
Жырлауға даусым шықпас сұм жендетті.
Meн жырлаймын, көтерем көкке атын
Елім халық сүйген болшебікті, – деген шумақта курсивпен көрсетілген сөздер кейінгі 1955, 1957, 1982, 2014 жылғы басылымда «көтерген, Ел ері» деп берілген.
1937, 1946 жылғы басылымдарда «Патшаның лағнат қамыт тағыменен Миллион жан жоқшылықтан таяқ жеген»деген 42-өлең жолындағы тіл көркемдігі, образға жан бітіре ойнату кейінгі басылымдарда солғындаған:
1955, 1957, 1982, 2014жылғы басылымда «Патшаның лағнат тақ – тәжісінен Миллион жан қорлық көрген, таяқ жеген»
1982, 2014 жылғы басылымдарда «Патшаның лағнат тақты тәжісінен Миллион жан қорлық көрген, таяқ жеген».
1946 жылғы басылымда:
Ленин мен Сталиндей терең ақыл,
Өсірген Наркометіп сөзі нақыл.
Басшысы Армияның әлемге айғақ –
Арналад бұл өлеңім – Клим батыр.(36-39-жол)
1955, 1957 жылғы басылымда:
Ленин мен Сталиндей терең ақыл,
Өсірген маршал етіп сөзі нақыл.
Басшысы Армияның әлемге айғақ –
Арналад жырым саған – Клим батыр.
1982, 2014 жылғы басылымда:
Ленин ұлы көсем терең ақыл,
Өсірген маршал етіп өзі нақыл.
Басшысы Армияның әлемге айғақ –
Арналад жырым саған – Клим батыр.
1937, 1946 жылғы басылымда кездеспейтін шумақ 1957 жылғы басылымда
1955, 1957 жылғы басылымда:
Ол өсті қызғалдақтай сусыз шөлде,
1982, 2014 жылғы басылымда:(65-68-жол)
Ол өсті жауқазындай сусыз шөлде,
Тұрақсыз ебелектей дауыл, желде.
Мал бағып жастық шағын байда өткізді
Жалаң аяқ, жалаң бас ыстық жерде.
1937, 1946, 1955, 1957 – Қызыл ту жел көтеріп жалын жанды (99-жол)
1982, 2014 – Қызыл Ту жел көтеріп жалындады
1937, 1946 – Бастаған Сталиннің өз қолымен (131-жол)
1955, 1957 – Бастаған Сталинім өз қолымен
1982, 2014 – Бастаған большевиктер өз қолымен
1937 – Ленин, Иосип ақылы болып медет (158-жол)
1946 – Ленин, Иосиф ақылы болып медет
1955, 1957 – Ленин, Сталин қолдады болып медет,
1982, 2014 – Ленин оны қолдады болып медет
1957 жылғы басылымда Сталинге қатысты тұстарында көп нүкте қойылған. 1982 жылғы басылымда алдындағы шумақтың соңында көп нүкте қойған.
Бакуге Эмбі арқылы болсақ қанық,
Көреміз Сталинді айқын жарық.
Халық тағдырын парасат қолмен шешкен,
Нұрына бүкіл әлем болған қарық.
Қазаққа өз қолымен теңдік берген,
Жер берген, астық берген, ерлік берген.
Грузия қыраны тауында өскен,
Бакуге жау жеңуге ұшып келген.(141-148-жол)
1955 жылғы басылымдажоғарыдағы екі шумақ өлең қысқартылмаған, «Эмбі арқылы Бакуге болсақ қанық» деген өлең жолындағы бірінші және екінші бунақтардың орны ауысқан. Ал 1946, 1955,
1957жылғы басылымда Қазақстандағы тұңғыш мұнай өндіру кәсіпорны орналасқан жердің аты Эмбі деп берілген.
1957 жылғы басылымда 3 шумақ, жалпы тоғыз шумақ өлең қысқарған.
1937, 1946 жылғы жинақтардағы жырдың «білеміз, танимыз» деген етістікпен басталып, бірінші, екінші және төртінші тармақтың 3-4-4 аралас буынды бунақпен қайталанып отыруы кейінгі басылымдарда өзгеріске ұшыраған: «Білеміз Клим өмірін, біз де көрдік, Танимыз Клим өмірін, түзде көрдік – Клим өмірін білеміз, біз де көрдік, Клим өмірін танимыз, түзде көрдік, (73-74-жол)
1937 жылғы басылымдағы сырлы сурет, ой көркемдігі кейінгі басылымдарда жалғасын таппаған, редакциялық түзетудің сәтсіз жасалғаны аңғарылады: «Ағытқан томағасын Клим қыран» – Бастаған еңбекші елді Клим қыран» (187-жол)
1937, 1946 жылғы басылымда жеке бөлім емес, 1957 жылғы басылымнан бастап «Қараңыз бай, жуанның ендігі ісін» деген өлең жолдарыжеке VII бөлімді құраған.
Орыс тілінен енген сөздерді 1937 жылғы басылымда қазақ тілінің заңдылығына бейімдеп қолдану басым болған: «Октәбр – Октябрь, қалқозшы – колхозшы, пабрик, зауыт – фабрик, завод, шақты –шахта, болшебік – большевик, Борошилоп – Ворошилов, Иосип – Иосиф, Қаласы Цариціннің – Царицынның, Мәскеу – Москва, Кремілде– Кремльде, мобзолей – мавзолей, отрәт – отрядін, салдат – солдат, акоп – окоп, банды – банда болып,1946 жылғы басылымнан бастапорыс сөздерін өзгертпей қолдану белең алған сыңайлы.Керісінше Алма – ата деп қолданылған қала аты «Алматы» болып ауысқан.
1937, 1946 жылғы басылымдағы Сталинге қатысты өлең жолдары кейінгі басылымдарда «Ленин, партия, большевик, қолбасшы» деген сөздермен алмастырылып, тиісті жұрнақ, жалғаулармен толықтырылып отырған. Мысалы, Ленин мен Сталиндей – Ленин ұлы көсем, Сталинмен – Ленинменен, Сталиннің – большевиктер, Ленин мен Сталин бар қуатшысы– Лениндей қолбасшысы бар болғасын, Ленин, Иосип ақылы – Ленин оны қолдады, Ленин мен Сталиннің – Лениннің осындайда өнегесі, Басында Сталиннің – Басына Клим батыр, Сүйреген Сталиннің – Бастаған большевиктер, Сталин – Ленин,Сталиннің – Ленин өзі, Жан досы Сталиннің қасындағы – Лениндік партияның адал ұлы, Сталин мұртын сипап – Қолбасшы сабырлы ой, Сталиннің жан досы – Партияның солдаты.
Этноним сөздердің берілуінде кейінгі басылымдарда мағыналық, тұлғалық айырымдар бар, кейбірі қазақ тілінің жаңа емле заңдылығы бойынша өзгеріске түскен: Украина, Грузин – Украин, грузин, Түрікменнің – Түркпеннің» деп алынған. 2012 жылғы басылымда Өзбекістан, Қазақыстан /Өзбекстан, Қырғызстан» болып өзгерген.
1937 жылғы басылымда 350, 352, 353-өлең жолындағы «жібін үзет, сырды білет, қалық» деген сөз қолданыстары 1946 жылғы басылымда «жібін үзед, сырды білед, халық» болып өзгеріске ұшыраған. «Гамарник, Туқачевский сұр жыландар» деген 353-өлең жолы кейін «Халыққа қастық еткен жау жорғалап» болып өзгеріске түскен.
Ж.Рақыш