БАҚ, ДӘУЛЕТ, АҚЫЛ

Қолыма еріккен соң домбыра алдым,
Өлең қып хикаяны айтып салдым.
Бақ, Дәулет, Ақылменен серт байласқан,
Көп іздеп, бұл үшеуін бек сандалдым.

Үшеуін кез келтірген бұлайша атап:
Бірі – Дәулет, екісі – Ақыл мен Бақ.
Бас қосқан өздерінің мәжілісінде
«Мен артық», «мен артық» деп болды жақ-жақ.

Ақыл айтты: – Мен артық сендерден де,
Тұратын менің орным көкірек, кеуде.
Сіздер сыртта жүресіз жылжып қонып,
Сенен опа көрген жоқ ешбір пенде.

Бақ айтады: – Артықпын менің өзім,
Еш далаға кетпейді айтқан сөзім.
Өзім мықты, сөзім пұл, алдымда топ,
Құр бекер мақтанасың жетпей көзің.

– Екеуіңнен мен артық, – дейді Дәулет,
Мен орнасам табылар күллі сәулет.
Үйде мүлік, ат пен ас, өрісте мал,
Бәрі тоқ: қатын-бала, тұқым, әулет.

Ақыл айтты: – Таласпа, екі ақымақ,
Саған қайда мендей боп өнер таппақ.
Екеуің бірік тағы заклад сал,
Озармын сонда дағы жұмыс нақтап.

Үшеуі осылайша егес қылды,
Бақ, Дәулет ынтымағын біріктірді.
Екеуі асып Ақылдан кетер болса,
Екеуіне билігін Ақыл берді.

Ал сонда бір жігіт бар, Башар атты,
Малы көп, егіні көп салтанатты.
Күзеткен соның егінін бір ақымақ бар,
Нақұрыс, өзі жынды Мекей атты.

Бақ-дәулет келіп қонды Мекей ерге,
Нақұрыс күнде батып жүрген терге.
Бай қылып, патша қылып, білгіш қылып,
Қолын бір жеткізуге талай жерге.

Егінде Мекей жүрер торғай қуып,
Көрген жоқ жақсылықты өзі туып.
Қойнына тас пен боқты толтырып aп,
Белбеуін төмендетіп, нықтап буып.

Егіннің қазған құдық айналасы,
Мекейдің қойнында жүр салған тасы.
Көп керуен сол араға келіп қонды,
Ішінде Хакім атты керуенбасы.

Қуанды көргеннен соң керуенді,
Керуеннен бұйрықты татпақ дәмді.
Аяңдап келді Мекей қос қасына,
Қинаған тамақ үшін ғаріп жанды.

Әдемі тігулі тұр алтын шатыр,
Ішінде бір байбатша ұйықтап жатыр.
Малайлар самауырмен шай қайнатып,
Тағы да бір семіз қой сойып жатыр.

Аяңдап келді Мекей қос қасына,
Бір жұмыс даяр тұрған ер басына.
Малайлар Мекей жайын көргеннен соң,
Қойыпты «тезек сал» деп от басына.

Мекекең жағар отын шапшаңдатып,
Көл-көсір бір олжаға қалды батып.
Киімі күлді көмеш болғаннан соң,
Шешінер от басында терлеп жатып.

Тас түсіп, от басында қалды әншейін,
Мекекең «тас жетпейді» деп, қылмас уайым,
Төрт қырлы бір сопақ тас, қайрақ затты,
Білмейді малайлар да гауһар жайын.

Шай қайнап, ет піскен соң тұрды мырза,
Етін жеп, шайын ішіп, болды риза.
Желпініп кемеліне келгеннен соң,
Шатырдан тысқа шығып жүрді мырза.

Біреу жүр, от басында салса көзін,
Адам деп айтар емес оның өзін.
Садақа бұл балаға берейін деп,
Алдырып тоғанақтан берді бөзін.

Мырзаның қабыл болсын берген бөзі,
Қош болды, жылы жүзі, сөйлер сөзі.
Ешкімнің жұмысы жоқ жатқан таспен,
Сол кезде байбатшаның түсті көзі.

Байбатша әлгі тасты қолына алды,
Шұқылап тырнағымен көзін салды.
– Сұмдықпен гауһар шашқан айлакер ме,
Япырмай, бұл қалай? – деп ғажаптанды.

Мынау тас сенікі ме, балам, – дейді,
Көңілің қалай жеңіл алаң, – дейді.
Тұрады қайтер ед деп сөзін байқап,
Сенікі болмаса мен алам, – дейді.

Мекей айтты: – Бағана алып едім,
Қойныма қайрақ па деп, салып едім,
Керек болса сол жерде толып жатыр,
Бағана пышағымды жанып едім.

– Ендеше көрсет маған осы тасты,
Жоқ болса өз бойыңда өшті-қасты!
Әзір қып, тас та болса, пайда қылып,
Сонымен адалдайық ішкен асты.

– Қайрақтың көрсетейін жатқан сайын,
Көрінер топырағын ашса дайын.
Азғана емес, қайрақ тас толып жатыр,
Жараса жұмысыңа, ағатайым!

Екеуі әлгі тасты көрмек болды,
Соңынан бұл Мекейдің ермек болды.
Тастары іске жарап пайдаға асса,
Мекейге жалауына бермек болды,

Екеуі келе жатыр жатқан тасқа,
Әркімнің парасаты басқа-басқа.
Хакім ойлап келеді ақылға сап,
Көрсетпесем екен деп дос пен қасқа.

Байбатша әлгі тасты көрді көзі,
Ойлайды әрбір ойды тұрып өзі.
Гауһарды топырақпен бүркеп тастап,
Хакімнің Мекей жасқа айтқан сөзі:

– Ей, Мекей, дәулетім көп жұрттан асқан,
Перзент жоқ, кемшілік көп болған бастан.
Арманда Хакім ұлға деген болса,
Не пайда киген киім, ішкен астан.

Тұқымың, әке-шешең бар ма сенің,
Мынау ғой кемшілікпен көрген күнің.
Егерде сені жоқтар жан болмаса,
Жалғанда перзент еді менің мұңым!

Дүнием бар бір басыма менің жетер,
Сөзімде айтып тұрған жоқ-ты бекер.
Көрмедім екі қатыннан жалғыз бала,
Шырағым, маған перзент болсаң нетер?

– Бұл сөзің, ағекежан, құп ұнайды,
Адамға өтірік айту жарамайды.
Жоқ еді жан ашитын жақын бауырым,
Әуелде жазған шығар осындайды».

Екеуі сол арада уәделесті,
Қайтадан ашпақ болды әлгі тасты.
Мекейді қосқа бар деп қоя берді,
Түйе іздеп, басамын деп ішкен асты.

Түйесін Хакім келіп аралады,
Табанын тебен тіліп жаралады.
Түйем сарып болыпты дегеннен соң,
Бұларға басқа керуен қарамады.

Көп керуен сол арадан кетті көшіп,
Хакімге кез келтірді тастан несіп.
Босатты жиырма күйме жүгін сайлап,
Сол жерде тоғанақтың бәрін шешіп:

– Алып кел сандығымды киім салған,
Бірде олай, бірде бұлай дүние жалған.
Қара етік, қызыл қамзол, қамшат бөрік,
Киім жоқ бұл Мекейден аяп қалған.

Meн бір қыз бұл шаһардан алып едім,
Адам боп кетуге күш салып едім
Бір жылы аяғы ауыр пері әкетіп,
Айрылып күшім келмей қалып едім.

Сол қыздан туған екен осы бала,
Қаңғырған кезіп, іздеп айдалада.
Қолынан перілердің қашып шығып,
Дәм айдап кез келтірді осы арада.

Кәсібі бұл баланың қайрақ жиған,
Егіннен тамағы үшін торғай қуған.
Тапқанын тас та болса тастамайын,
Босанбас өлмей адам бұл дүниеден!

Дүниенің көрген пенде тамашасын,
Әр түрлі күйге салған адам басын.
Он сегіз арба болды – бәрі гауһар,
Күймеге салып алды сайдың тасын.

Той қылды, куанғаннан үш қой сойып,
Мәз болды малайлары майға тойып.
Таң атып, күн шыққан соң есен-аман,
Жөнелді тоғанаққа жүгін қойып.

Байбатша үш күн жүрді жүгіменен,
Түйені жүргізеді жөніменен.
Байбатша ел сағынып, озбақ болды,
Олжа қып, тауып алған ұлыменен.

Екеуі келе жатыр екпіндетіп,
Арада бірнеше көп күндер өтіп.
Үш күрең арғымақпен сырылдатып,
Мысырдың шаһарына келді жетіп.

Хакімнің басқа адамнан артық затын,
Сабылтты үй сағынып мінген атын.
Хабарсыз ешнәрседен келіп қалды,
Келгенін білмей қалды екі қатын.

Екеуі терезеден көрді мұны,
Немене Хакім жоқта көрген күні.
Үйінен күле-жылай жүгіре шықты,
Келе ме қуанбасқа мұның жөні.

Көрісті екі қатын кезек-кезек,
Хакім сонда сөйлейді тілін безеп:
– Байғұстар, мынау балаң, осыны күт,
Бөтен деп, қалмаңыздар, бойды тежеп!

Сұрасаң бұл баланың Мекей атын,
Алып ем Бағдаттан мен бір қатын.
Бір жылы аяғы ауыр пері әкетіп,
Балам келген, періде қалған қатын.

Қуанды екі қатын тамаша әйлап,
Салады кілем, көрпе үйге жайлап.
Шаһарға той қылуға жұмсау үшін,
Мың тіллә шығарады оған сайлап.

Шақырды падишасын бас қып тұрып,
Тойғызды кәрі-жасқа май қаптырып.
Қазынаға алтын салған үлкен кіріс,
Шаһарды тегіс жиды ат шаптырып.

Той өтті, неше күндей қызықпенен,
Әуелде не іс болса сызықпенен.
Патшасы әділетті, бек мүләйім,
Ісі жоқ тәкаппарлық бұзықпенен.

Патшасын қонақ бол деп шақырды үйге,
Бақ-дәулет жеткізген соң мұндай күйге.
Зияфат, ғиззат, құрмет біткеннен соң,
Базарлық асыл берді екі күйме.

Сонан соң дүкенге бұл кіргізді,
Әр жерден сауда менен жүк жүргізді.
Үстінен төрт магазин басшы қылып,
Мекекең піркәшікті сол ергізді.

Гауһарды тазалады маймен жуып,
Кетірді топырағын әбден қырып.
Бір магазин гауһарға жеке салып,
Тұрады Мекей сонда сауда қылып,

Осындай саудаменен үш жыл тұрды,
Серілік, үлкен базар, дүкен құрды.
Баса алмай серіліктен екі аяғын,
Шаһарда қыз біткеннің бәрін көрді.

Тоқтатпас ақылға сап өзін-өзі,
Ешкімді ұнатпайды түссе көзі.
Айнымалы бүркіттей мінезі бар,
Бір күн оң, бір күн теріс айтқан сөзі.

Хакім айтты: – Сен бүйтпе, балам, –дейді,
Көңілің болып жүр ғой алаң, –дейді.
Қай қызды алам десең, әперемін,
Бұл күнде келіп тұр ғой шамам, – дейді.

Мекей айтты: – Қыздардан қыз алмаймын,
Шаһардың көп қызына көз салмаймын.
Асылзада патшаның тұқымы ғой,
Патша қызын алмасам тұра алмаймын!

Хакім айтты: – Патшаның ұлы да жоқ,
Перзенті жалғыз қызы көңіліне тоқ.
Патшазада болмаса бізге бермес,
Шырағым, бұл сөзіңнің еш орны жоқ.

– Бізге бермей қайтеді патша қызын,
Ай сайын алтын беріп тұрсың өзің.
Мысырда бір өзіңнен бай адам жоқ,
Бұзады қандай адам сенің сөзің.

Хакім де бұл сөзінен аса алмады,
Көңілін баласының баса алмады.
Патшаға жалғыз барып, жолығам деп,
Қасына дос-дұшпаннан кісі алмады.

Патшаның сарайына келді кіріп,
Ханымыз көрпе салды, өзі тұрып.
Қазынаға ақша салған үлкен көпес,
Тұратын әр ай сайын алтын беріп.

Ханменен мәжіліс құрды бір сарайда,
Сөйлесе екеуінің тілі майда.
Зияфат, ғиззат, құрмет біткеннен соң,
Патша айтты: – Қолқаңды ал, кетпе жайға.

Хакім айтты: – Өзің ал қалағанды,
Бермессің қолқа қылып сұрағанды.
Серт айтып, қол алған соң мен айтамын,
Сұраймын бір өзіңнен тарағанды.

Патша айтты: – Тарағанның жөні келмес,
Патша жай адаммен болмас теңдес.
Мирасқор қыз да болса жалғыз еді,
Балаңның ақылы толық болса сөйлес.

Хакім айтты: – Бір жалғыз перзентіміз
Сенде де бар, падишам, менде де бар,
Бала үшін екеуміз де жыладық зар.
Жолы бар бұрынғының келе жатқан,
Баланың алтын-күміс меһерін ал.

– Ей, Хакім, өзге жаннан жөнің басқа,
Келдік қой екеуміз де орта жасқа.
Баламды басқа жанға бермес едім,
Қолға алып, серт айтып ем, әуел баста.

Баламды мен беремін өзің үшін,
Бересің жүз пұт гауһар меһер үшін.
Екеуміз қол ұстасып дос болған соң,
Барайық Мединаға құдай үшін.

Берейік балаларға мал мен бақты,
Ел-жұртпен және дағы таж бен тақты.
Жас өтті, неше жылдай болдық надан,
Болайық біз де енді ғибадатты.

Сол Хакім хат жазады Мекей жасқа:
«Жүз пұтты безбенге сал, гауһар тасқа.
Мен мұнда патшаменен құда болдым,
Меһері – жүз пұт гауһар малдан басқа».

Гауһарды әкеледі хатыменен,
Жегулі үш пар қара атыменен.
Патшаның сарайына әкеп төкті,
Құдалық бітіп қалды сәтіменен.

Сөйлесер мылжың емес түні бойы,
Хакімнің қабыл болды айтқан ойы.
Дегенге елу жыртыс талас бар ма,
Тағы да қол ұстасар болды тойы.

Той болды, қол ұстасар, шаш сипатар,
Оңаша бір сарайда Мекең жатыр.
Жиылған қыз, келіншек қынаменді,
Ешбірін теңсінбейді Мекең батыр.

Оларды жан екен деп менсінбейді,
Өзіне патша қызын теңсінбейді:
– Күйеужан, басың көтер, бер кел, – десе,
– Ол қыздың өзі маған келсін, – дейді.

Осындай қызықпенен үш күн өтті,
Мекеңнің ақымақтығы жұртқа жетті.
Бір түні қызды әкеліп берді дағы,
Жиылған көп қатындар шығып кетті.

Қыз қалды күйеуменен оңашада,
Қараңдар, аға-інілер, тамашаға!
Екі қолы төбеде, үндемейді,
Қаншама жақын барып жанаса да.

«Бармады жүк түйеге, түйе жүкке»,
Қыз байғұс ұшырады мұндай кепке.
Не екенін білмейді мырзасының,
Осы түн рәсуа болып өтті текке.

Шат болып, қыз ханша күле алмайды,
Ешкімге түзу жауап бере алмайды.
Кеш батып, келер іңір тағы болды,
Мырзаның халі-жайын біле алмайды.

Қатындар қызды әкелді тағы бастап,
Бір үйді екеуіне қойған қостап.
Қызды әкеліп қасына отырғызып,
Жиылған көп қатындар кетті тастап.

Шымылдық, есік жауып, салды төсек,
Пенденің ойлағаны болмайды есеп.
Не де болса армансыз сөйлескелі,
Бетіне жақын келді бетін төсеп.

Ағалар, мен айтайын кепті дейді,
Қыз сондай бек тамаша епті дейді.
«Мырза-еке, төсіңді шеш» деген екен,
Аузынан бейшараның тепті дейді.

Қыз кетті тепкен кезде мұрттай ұшып,
Қан ақты күрек тістің бірі түсіп.
– Қор болдым, бір наданға, дариға, – деп,
Келеді атасына құстай ұшып.

Атасы мұны көріп, шошып кетті,
– Басыңа не күн туды, балам?–депті.
Өне бойы қызыл қан, тісі кетік,
Патша қызын осылай өкпелетті.

– Қорлықтың бүгін келдім дәмін татып,
Байқадым күйеуімді үш күш жатып:
«Жылқы екен қыздың байы, тәңірі-ай!» – деп,
Жіберер пұлы келсе арзан сатып.

Екі күн сабауменен күнім өтті,
Аузыма бүгінгі күн қатты тепті.
Меруеттей қайран тісім болды кетік,
Қалайша душар қылды бұл бейнетті?

Шақырды жендеттерін патша сонда,
Хабарсыз Мекең жатқан бір сарайда.
– Бар да күзет, өлтірем дараға асып!
Айрылма сол күйеуден бүгін таңда.

Жендеттер шығып кетті сөз ұққан соң,
Ашуланса патшаның мінезі тоң.
– Жазалап халық алдында өлтіремін,
Алып кел дар басына, күн шыққан соң.

Жасауыл таң атқан соң алды байлап,
Темірлеп қол-аяғын, әм бажайлап.
Шошқаның қабанындай есер шіркін,
Беталды жалынып жүр «ағатайлап».

Сүйретіп алып келді дар басына,
Мінді ғой, Мекең батыр, шар басына.
Бақ, Дәулет, Ақылменен серт байласқан,
Дәл келді үшеуінің уағдасына.

Аяңдап келді Ақыл Дәулет, Баққа:
– Мұнша обал қылдыңдар ғой бұл бейбаққа,
Жай жүрген бейшараны әуре қылып,
Ажалға өлтірдіңдер мұғаллаққа.

Бақ, Дәулет ұялады төмен қарап,
Ақылға сөз айтпады тура қарап.
– Сіз мұның ажалынан алып қалсаң,
Жеңіліп болар едік сізге тарап.

– Қой сендер, таласарсың әлі маған,
Алып қал екеуіңнің келсе шамаң.
Шамаларың келмесе қарманайын,
Өнерің екеуіңнің бітсе тамам.

– Тоқтайық, бекер-босқа кетер өліп,
Байғұстың ажалына болдық серік.
Сіз мұның кеудесіне кіріп алып,
Алып қал патшамен сөзге келіп.

Ақыл барып кеудеге қонып қалды,
Ой ойлап, іші сөзге толып қалды.
Жасауылдар сүйретіп дар басында,
Патша да уәзірімен келіп қалды.

Патша әмір қылды тақта тұрып,
Жендет тұрды мойнына шынжыр ұрып.
– Үш ауыз айтатын арыз бар, – деп,
Алдында Мекей тұрды қол қусырып.

– Ей, тақсыр, өлтірсеңіз, міне басым!
Дер уақыт осы күнде келген жасым.
Мен тептім балаңыздың ауызына,
Айтайын тепкенімнің хикаясын.

Дүниеге бұл балаңыз келген екен,
Бұрын да сан балаңыз өлген екен.
Рәсім, ырым қылып өлмесін деп,
Әуелде ит емшегін берген екен.

Ағалар, мен айтайын кепті, – дейді,
Майда тіл Мекең болды епті дейді.
Аузынан «арам тиген» қан шықсын деп,
Ойға сап соның үшін тептім, – дейді.

Екінші сөзім мынау ойыма алған,
Ей, патша, қызықтырды сізді жалған.
Заңына шариғатың жатпайтын іс,
Жарай ма, жүз пұт гауһар меһер алған?

Үшінші, сөзім арты бітсін тамам,
Айырар ақ-қараны сіздей адам.
Қайсыбір надандарша түк білмейтін,
Некесіз, қызыңды әкеп бердің маған.

Алдыңа кез болыппын бүгінге дәл,
Хакімнің шарбағында мен жалғыз гүл.
Өлім халге таянған соң сөзімді айттым,
Жә, өлтір, жә өлтірме, өзіңіз біл.

Патша да бәйбішесін шақырады,
Жендетке «тез әкет» деп ақырады.
Мәнісін тексерместен күш қылдым деп,
Ісіне бұрынғы өткен қапы ұрады.

Бәйбіше айтты: – Бірталай жасқа жеттім,
Күн-түні перзент сұрап үміт еттім.
Алдыңғы балаларым тұрмаған соң,
Біреудің айтуымен ырым еттім.

Падиша ұялады бұл ісінен,
Амалсыз айырылғандай өз күшінен,
Мекейді сарайына қоя беріп,
Үйіне қайтып кетті көп кісімен.

Шақырды бәйбішесі мен патша қызын,
Айтады ақылымен жақсы сөзін:
– Ақылы, парасаты түгел екен,
Қылыпты жорта тентек Мекей өзін.

Алғаның құтты болсын, жаным балам!
Сөзіңнен қатты ұялдым мен де жаман.
Ақылың екеуіңнің бірдей болды,
Ризалық берді саған ата-анаң.

Сол патша той қылдырды шаһарына,
Патшаның кім шыдайды қаһарына.
Ақырында күйеуіне көңілі толып,
Ұяттың қала жаздап шатағына.

Ел жиып, патша сонда той қылдырды,
Әшкере патшалығын әм білдірді.
Мекейге патша беріп тәж бен тақтын,
Патшалық қағазына қол қойдырды.

Екі бай Мекке жаққа жүріп кетті,
Мал-мүлкін екеуіне тастап кетті.
Бақ, Дәулет, Ақылменен таласса да,
Ақырында екеуінен Ақыл өтті.

Ал, жігіттер, бұл сөздің шешуін тап,
Бай болғанмен не боларсың, болсаң ақмақ.
Ақымаққа мал бітсе мас қылады,
Ақылсыз түк бітірмес мал менен бақ.

Бұл сөзден үлгі алыңдар, құлақты сап,
Ақыл болса көпіртпей аузыңды жап!
Тудырған соң аз сөзден көп мағына,
Елірмей, сен де тоқта, тіл менен жақ!

ТҮСІНІКТЕР

Алғаш рет ақынның 1982 жылғы екі томдық шығармалар жинағының 1-томында жарияланды.

Кейін 1996 жылғы екі томдық шығармалар жинағының 1-томына (265-277 б.), 2013 жылғы «Жапанға біткен бәйтерек» жинағына (203-217 б.), 2014жылғы төрт томдық толық шығармалар жинағының 2-томына (178-189)енді.

Жамбыл ертегілік ғибратты оқиғаны жырға қосқан.Ертеде Ақыл, Дәулет пен Бақ әрқайсысы өзінің артықшылығын дәлелдеуге серт байласады. Бір байдың егінін күзетіп жүрген Мекей деген қарапайым жігітке келіп бақ қонады да,аяқ астынан тауып алған гауһар тастың кенін Мысырдағы бай адам Хакім байбатшаға көрсетеді, ол Мекейді бала етіп алады. Күндердің күнінде Мекей патшаның қызын алуға ниет білдіреді. Хакім патшаның қызына құда түсіп, Мекейді үйлендіреді. Ханшайым әкесіне Мекейдің оспадар қылығын айтып шағынады. Патша жасауыл жіберіп Мекейді дар басына келтіреді. Сол сәтте кеудесіне ақыл қонған Мекей өз әрекетінің дұрыстығына үш түрлі дәлел келтіреді. Ханшайым туылғанда ит емшегін аузына алған, анасы сондай ырымның жасалғанын мойындайды. Мекей қызының қалың малына жүз пұт гауһар алған патшаның дүниеқоңыздығын айыптайды және ханша екеуінің некесі қиылмағанын алға тартады. Парасатты Мекейге патша тәж бен тақты, Хакім бүкіл байлығын береді.

«Бақ, Дәулет, Ақыл» дастанының бір нұсқасы Жетісу жыршылық мектебінің өкілі, ақын Ертай Құлсариев (1886-1958) жырлауында жеткен. Ол шығыс желісіндегі дастандарды көп жырлаған. Халқымыздың рухани мұрасын халық арасынан жинап, Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапхананың Сирек қолжазбалар қорына тапсырып отырған. Е.Құлсариев жеткізген «Мекей» дастаны М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында сақтаулы, оны Алматы қаласының тұрғыны Ғали Кизбаев тапсырған [2, 33-57].

Қолжазбадағы сөздердің жазылу ыңғайына қарағанда, араб әрпіндегі қолжазбадан қазіргі әріпке кейін көшірілгені байқалады. Мәтінді жазып алған адам немесе көшіруші тарапынан шығарма атауы кейін қойылған, ал үшінші жолдағы «Ақыл менен бақ, дәулет» сөздерінің асты сызылған. Ақ қағазға көк сиямен бір қатарда жазылған қолжазбалық мәтін Е.Құлсариев еңбектерінің Т.Әлібек құрастырған «Жыр-керуен» атты жинағында алғаш рет 2004 жылы жарық көрген [3, 173-188].

Қоғамдағы жағдайлардың ықпалынан Жамбыл жыраудың жыршылық өнеріндегі көптеген жыр-дастандар көпшілік назарынан қалыс қалған тұстар да болды. Осы орайда ақын-жыршылардың профессор Е.Ысмайыловқа бұрын жаттап айтып жүрген «Мың бір түн» әңгімелерін, қисса-дастандарды кеңес кезеңінде «өзіне де, азаматтарға да ұнамағандықтан» (Есенсары Құнанбаевтың 1946 жылы айтуы бойынша – ред.) мүлде орындамайтын болғанын жеткізгенін еске түсіруге болады [4, 93]. Саяси-идеологиялық қысымның әсері төңкерісшіл әдебиеттен басқаны осылайша ысырып тастаған, әсіресе ауыз әдебиетіндегі шығыстық жыр-дастандар кезінде немқұрайлықпен жазылып алынбаған.

Жетісу жыршылық мектебін зерттеген Анарбай Бұлдыбай Жамбылдың жыр-дастандары уақытында қағазға түспегені турасында: «Егер аталған шығармалардың барлығы кезінде жазылып алынса, оны басқа ақын, жыршылар жырлаған дастандармен салыстыруға, олардан Жамбылға тән нұсқаны ажыратуға болар еді», – деген болатын [5, 135].

Жамбылдың жыршылық мектебінен тараған аталған дастанның сюжеті мен композициясы, образдар жүйесі мен тіл қолданыстары көп өзгеріске түспеген. Дегенмен Құлсариев пен Жамбыл нұсқасын мәтіндік тұрғыдан салыстыру барысында біршама айырма бар екенінақтыланды.

Жыр кіріспесі ауызша орындалған Жамбыл нұсқасында былай басталады: «Қолыма еріккен соң домбыра алдым, Өлең қып хикаяны айтып салдым». Ал Ертай Құлсариев нұсқасында жазба әдебиеттің әсері аңғарылады: «Қолыма нұсқа үшін қалам алдым, Өлең қып бір қысаны жаза салдым».

Жамбыл нұсқасында «бір ақымақ, нақұрыс, өзі жынды» деген Мекейге айтылған сипаттама Қолжазба нұсқасында «жөнсу» деген сөзбен алмасқан. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жергілікті жер ерекшелігін білдіретін «жөнсу» сөзіне «қарапайым, жұпыны» деген анықтама берілген [6, 515]. Яғни бас кейіпкер Жамбыл нұсқасында жынды болса, келесіде қарапайым адам ретінде суреттелген. Қолжазба нұсқасында диалогтардың алдында «Кәкім айтады», «Мекей айтады» деген сөздер берілген.

Дастанның екі нұсқасында сандық көрсеткіштерде: Той қылды, қуанғаннан үш қой сойып – Сол күні қуанғаннан көп қой сойып; Үш күрең арғымақпен сырылдатып – Төрт қара арғымақпен сырылдатып; Жегулі үш пар қара атыменен – Келтірді төрт пар қара атыменен; Осындай қызықпенен үш күн өтті – Бірталай осыменен күндер өтті; Үш ауыз айтатын арыз бар деп – Айтатын сізге, тақсыр, арызым деп; Дер уақыт осы күнде келген жасым – Дер кезім отыз бірге келген жасым;

сапалық көрсеткіштерде: Әдемі тігулі тұр алтын шатыр – Әдемі тігулі тұр қызыл шатыр, Келдік қой екеуміз де орта жасқа – Келдік қой екеуміз де мұнша жасқа, Қазынаға ақша салған үлкен көпес, Тұратын әр ай сайын алтын беріп – Мысырда первой келді үлкен көпес Тұратын қазынаға алтын беріп;

кеңістіктің уақыт арқылы белгіленуінде: Байбатшаүш күн жүрді жүгіменен – Бұл Кәкім бес күн жүрді бұл күйімен;

мағыналық өзгерістерде: Зияфат, ғиззат, құрмет біткеннен соң, Патша айтты: «Қолқаңды ал, кетпе жайға» – Тамаша, сый, құрмет біткеннен соң, Патша айтты: «Бұйымтай ал, қайтпа жайға»; Балаңның ақылы толық болса сөйлес – Балаңның ақылы камал болса сөйлес; Баламды басқа жанға бермес едім – Баламды бұл шаһарға бермес едім;Ағалар, мен айтайын кепті дейді ағалар – Жарандар, мен айтайын кепті дейді;

мезгілдік көрсеткіштерде айырма бар: Мекей айтты: Бағана алып едім – Мекей айтты: Таңертең алып едім.

Жамбыл нұсқасында кейіпкер есімдері шығыс сюжетінің ықпалымен Хакім, Башар болса, Қолжазба нұсқасында Кәкім, патшазат болып қазақылана түскен. Жоғарыдағы мысалдардан дастанның Қолжазба нұсқасы Жамбыл нұсқасынан өрбігені байқалады.

Жамбыл нұсқасының көлемі 429 жол болса, Қолжазба нұсқасының көлемі – 392 жол. Дастан мазмұнына Жамбыл нұсқасында ғана кездесетін сегіз шумақ пен Қолжазба нұсқасындағы сексен бес өлең жолы шырай берер еді. Жамбыл жырлауындағы дастанның көлемі де, көркемдік сипаты да қазіргі қолда бар нұсқадан әлдеқайда жоғары болған шығар деп шамалаймыз.

Діни ұғымдарға байланысты сөздер басқа сөздер мен сөз тіркестерімен ауыстырылып, өлең жолдарындағы мағыналық ұғым-түсінік едәуір өзгеріске ұшыраған:

Жамбыл нұсқасында
Ішінде Хакім атты керуен басы». (40-жол)
Мекекең «тас жетпейді» деп, қылмас уайым, (58-жол)
Садақа бұл балаға берейін деп (67-жол)
Хакімнің басқа адамнан артық затын (165-жол)
Қуанды екі қатын тамаша әйлап, (185-жол)
Сол қыздан туған екен осы бала,
Қаңғырған кезіп, іздеп айдалада.
Қолынан перілердің қашып шығып,
Дәм айдап кез келтірді осы арада. (141-144-жол)
Заңына шариғаттың жатпайтын іс, (384-жол)
Қайсы бір надандарша түк білмейтін, (388-жол)
Күні-түні перзент сұрап үміт еттім (399-жол)
Қолжазбада:
Алланың добы деген адам басы»
Мекейді ақымақ қылған бір Құдай да.
Садақа Құдай үшін берейін деп
Кәкімнің артық қылған Құдай затын
Қуанды әйелдері «а, Құдайлап,
Туыпты сол әйелден осы бала,
Ісіне Құдіреттің бар ма шара.
Қайғымен бұл дүниеден өтпек едім,
Бұл күнде душар қылды Хақ тағала.
Пайғамбар шариғатын тұтқан болсаң,
Білмейтін Хақ әмірін надандарша,
Құдайдан бала сұрап үміт еттім.

«Барам деп Байтоллаға ой ойланды» деген өлең жолы Жамбыл нұсқасында кездеспейді. Мұндағы «Байтулла» араб сөзі, мағынасы – Алланың үйі (Меккедегі қасиетті Қағбаның атауы).

Жамбыл нұсқасында діни ұғымдардың өзгеріске түсуіне дастанды жеткізушілердің үлесі болуы мүмкін. Жамбылды кеңес заманының ғана жыршысы ретінде көрсетуге тырысушылықтың астарына ақиқаттың түйіні жасырынғандай. Қолжазбаның жиналып алуы, қалай, қашан, кімнен жазылғаны, жыршыдан тікелей жазылды ма, Жамбыл жырлаған деген дастанның қолжазбасынан көшірілді ме. Жазып алу кезіндегі әрбір деректің дерекнамалық салмағы бағалы. Қазақ қолжазбатану ғылымының тарихында қолжазбаның жазылып алу жағдаяты жетік жазылмағаны өкінішті.

Қазақ халқының дүниетанымдық пайымдауында баласы тұрмай жүрген адам жаңа туған сәбиіне кигізетін ит көйлегін алдымен иттің басына кигізіп алатын ырым бар [14, 287]. Сондай-ақ баланың ит ауруын арбау ғұрпында «мұрнын қанатып, тісін қағып» аластау ұғымының айтылуы тегін емес: «Иттің аты елеуіт, Елеуіттен телеуіт.Бері бақпа, ары бақ, Арба толы телеуіт. Мұрнын қанатып, тісін қақ. Куф… Шық!» [15, 148]. Ауруды аластау ғұрпы дастан оқиғасына кіріккен, жігіттің өрескел болып көрінетін қылығы ғұрыптық фольклор мысалында түсінікті болып отыр. Ит емген баланың мұрнын қанатып, тісін қағу арқылы арамдықтан арылу түсінігі жатыр. Ал ертегілік нұсқада ханым тазалық сақтамай емізгенде шыққан тісті түсіру мотивтің түбегейлі өзгеріске түскенін көрсетеді.

Қазақ фольклорының жанашыры, халқымыздың ауызша мұрасын жинап, жариялауда өлшеусіз зор еңбек сіңірген Әбубәкір Диваев Оңтүстік өңірдегі Майкөт ақыннан көптеген материалдар жинаған, оның қазақтың мыңжылдық тарихын өзінше жырлаған алып жыршы екенін айтқаны белгілі. Майкөт өз кезегінде Жамбылға жыршылық өнерімен айрықша әсер еткенін білеміз. Сыр бойы, Жетісу, Сарыарқаға аты шыққан атақты айтыскер, жыршы, ақын Майкөт Сандыбайұлының (1824-1902) Жетісуға келуін мәдени-тарихи оқиғалардың бірі ретінде бағалауға болады [16, 203]. 1891 жылдың жазында Жетісуға келген Майкөт еліне келесі жылы күзде қайтады. Жамбыл Әулиеатаға әдейі іздеп барып, Майкөттен «Көрұғлы» дастанын үйренген. Жамбылдың шығыстық сюжетке құрылған дастанының негізі «Қаздай қалқып ерінбей, Өлең тердім жасымнан, Майкөт ақын, Құлмамбет, Орын берді қасынан. Майлықожа, Құлыншақ Пірім еді бас ұрған» деп өзі үлгі тұтқан Майкөт пен Майлықожадан келуі ықтимал.

Қолжазбаның алғашқы бетінде «…. жырлады делінген» деп жазылған, соңында «Жамбылдың айтқанынан жазып алынды» деген ескертпе бар.

Шығармада ертегілік ғибратты оқиға өлеңмен өрілген. Жамбыл нұсқасы Қолжазба нұсқасымен (М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорында 126-бумада сақтаулы) мәтіндік салыстыру жасау нәтижесінде дастанның қолжазба нұсқасы Жамбыл нұсқасынан өрбігені, діни ұғымдарға байланысты сөздердің мағыналық өзгеріске түскені анықталды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы