Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин1 өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.
Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі – бет-пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі – атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейінгілерге «әттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» – дейтұғын болмаққа ойланбақ.
Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.
_____________________________
1 لکن – (араб.) [ләкин] – бірақ, алайда.
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады.
Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады.
Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар
жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа Құдай Тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?
Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.
Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин1 надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я аулына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес.
Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.
______________________________
1 لکن– (араб.) [ләкин] – бірақ, алайда.
Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым.
Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай өзі біреумен күш таластырамын деп, жүз кісіге қорғалауықтығынан жалынып, малын үлестіріп жүр. Ойлайды: жалынтып бердім деп, ақымақтығынан. Жоқ, өзі жалынып беріп жүр. Қайыр да емес, мырзалық та емес, өз елімен, өз жерімен ойрандасып, ойсыздарға қойнын ашып, малын шашып жүр. Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр.
Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр.Біреулер көтіне құрым киізді тұзға малшып тыққан соң есі шығып, мырза болып, еріксіз кім болса соған талтайып емізіп жүр.
Болыс пен биді құрметтейін десең, Құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ.
Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ.
Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті.
Ғарып-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар.
Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес.
Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, әлбетте, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан, дау бақпас» деген мақалменен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.
Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар.
Оның қуанышы – елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: Құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? – деп. Оған Құдай Тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады-дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдында неше ат бар деп сұрар, артында неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?
Енді жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған Құдай Тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Кәпірден көп пе? Ойлау керек қой. Әуелі мұсылманшылық көптен табылды ма, бірден табылды ма? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!
Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар.
Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды.
Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз.
Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр.
Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?
Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?
Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дәрул-хәрб1, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә2 әртүрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі.
Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына3 кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек.
Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жаурынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, көті ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин4 осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр. Сөйтсе де, осы оқыған балалар – ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта, кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын?
Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді, Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасыменен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын?
Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?
_____________________________________
1 دار الحرب – (араб.) [Дәрул-хәрб] – соғыс аймағы. Діни таным бойынша өзге аймақтар «Дәрул-хәрб» – «Соғыс аймағы» және «Дәрус-сулх» – «Бейбітшілік аймағы» болып екіге бөлінген.
2 و– (араб.) [уә] – жалғаулық: мен, менен, пен, пенен, және.
3 دعوی – (араб.) [дә‘уә] – талап, тартыс.
4 لکن– (араб.) [ләкин] – бірақ, алайда.
Он сегізінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 23 сөз (142-бет), 1907 ж. 22 сөз (26-бет), 1910 ж. 22 сөз (40-бет).
Алғаш рет 1933 ж. жинақта жарияланды. Барлық басқа басылымдарда осы мәтін басылып келеді.
1995 ж. басылымда 1977 ж. жинақта, 1906 ж. қолжазба негізінде жекелеген сөздерге енгізілген стилистикалық өзгерістер негізінен сол күйінде қалдырылды. Бұл жинақта осы нұсқа сақталды.
Екінші абзацтың бірінші сөйлеміндегі «жүріс-тұрысын» деген тіркес 1995 ж.
басылымда 1906 ж. қолжазба мен 1945, 1957 ж. негізгі басылымдар бойынша «жүрісін» деп түзетіліпті. Жаңа басылымды дайындау барысында 1907 ж. қолжазбада да осы сөз еш өзгеріссіз берілгендігі анықталып, 1995 ж. жинақтағы нұсқа негізге алынып берілді.
Он тоғызыншы сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 20 сөз (139-бет), 1907 ж. 19 сөз (12-бет), 1910 ж. 19 сөз (39-бет).
Алғаш рет «Абай» журналының 1918 ж. №7 санында «Мақал туралы» деген тақырыппен жарық көрген Абай қара сөзінің соңғы бөлігінде жарияланған. Бірінші бөлігі жиырма тоғызыншы сөзге тиесілі. 1995 ж. басылымдағы он тоғызыншы сөз туралы түсінікте бұл өзгешелік туралы сөз қозғалған жоқ. Ал 29-шы сөзге байланысты түсінікте «Абай» журналында жарияланғандығы туралы дерек келтірілген де, журналдық мәтіннің екі қара сөзден тұратындығы туралы мүлдем айтылмаған. 1933 ж. жинақта алғаш рет 19-шы және 29-шы қара сөздер болып басылып, одан кейінгі барлық басылымдарда осылай жарияланып келеді.
1977 ж. жинақта, 1910 ж. қолжазба негізінде шайқақтап, шалықтанып, жерде деген сөздерге енгізілген стилистикалық өзгерістер 1995 ж. басылымда қабылданбай, 1906, 1907 жж. қолжазбалар мен бұрынғы басылымдар бойынша (1945, 1954, 1957) осы нұсқалары қалдырылды.
Осы сөздердің қолжазба мәтінін 1957, 1995 жж. жинақтардағы мәтіндерімен салыстыру барысында соңғы басылым нұсқасы негізге алынып берілді.
Жиырмасыншы сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 11 сөз (130-бет), 1907 ж. 10 сөз (13-бет), 1910 ж. 10 сөз (30-бет).
1995 ж. жинақтың осы сөзге түсініктемесінде Мүрсейіт қолжазбасының тоғызыншы сөзі деп қате берілген. 1933 ж. жинақта алғаш жарияланған кезден бастап, барлық басылымдарда осы мәтін басылып келеді.
Бірінші абзацтың екінші сөйлеміндегі «бар» деген сөз 1957 ж. басылымда алып тасталған. 1977 ж. жинақта 1910 ж. қолжазба бойынша қосылып: «Пендеде бір іс бар жалығу деген» деп түзетіліпті. 1995 ж. басылымда осы түзету қабылданған. Жаңа басылымда 1906, 1907 жж. қолжазбада да осы сөз жазылғандығы анықталды.
Сонымен бірге 1977 ж. жинақта 1906 ж. қолжазба негізінде үшінші сөйлемге қосылған «жора» деген сөз 1995 ж. басылымда алып тасталып: «оны адам өзі тапқан емес» деген бұрынғы нұсқасы қалпына келтірілгендігі туралы түсінік беріліпті. Жаңа басылымды дайындау барысында 1906 ж. қолжазбада «жора» деген сөздің мүлдем қолданылмай, «оны адам өзі жаратқан емес» деп жазылғандығы анықталды. Сол себепті 1907, 1910 жж. қолжазбаларда да осы сөз берілгендігі ескеріліп, соңғы басылым нұсқасы негізге алынды.
Осы абзацтағы алтыншы сөйлемде 1977 ж. басылымда енгізілген өзгерістер қолжазбалармен қайта салыстыру нәтижесінде «байқаса» деген сөз қалдырылды да, 1995 ж. басылымда «бір» сөзі алып тасталды. Осының нәтижесінде бұл сөйлемнің басы «Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса…» деп оқылады. Бұл жолы да осы нұсқа сақталды.
Екінші абзацтың екінші сөйлемінің басында 1977 ж. басылымда енгізілген «Хаттаки» деген сөз 1995 ж. басылымда өзгертіліп, 1957 ж. жинақтағы: «Соншалық ғұмырының» деген тіркес қалпына келтірілді. Жаңа басылымды дайындау барысында 1995 ж. жинақта жарияланған мәтін негізге алынып берілді.
Жиырма бірінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 13 сөз (132-бет), 1907 ж. 12 сөз (15-бет), 1910 ж. 12 сөз (32-бет).
Алғаш рет «Таң» журналының 1925 жылғы №4 санында «Абайдың қара сөздерінен» деген атпен жарияланған. Кейін 1933 ж. жинақта жарық көрген. Одан кейінгі барлық басылымдарда осы мәтін жарияланып келеді.
1977 ж. жинақта бірінші абзацтағы төртінші сөйлемнің басында бұрынғы басылымдарда қайталанып келген «Мысалы» деген сөздің қолжазбалар бойынша «Яғни» деп өзгертілуі, он екінші, он бесінші сөйлемдерде «яки», «һәм» деген сөздердің «ләкин» деп өзгертілуі 1995 ж. басылымда сол күйінде қабылданған. Бұл жолы да осы өзгерістер қолжазбалар мен басылымдарды салыстыру барысында сол күйі қалдырылды.
Сондай-ақ 1977 ж. басылымның жетінші сөйлеміндегі «әрнешік» деген сөз 1995 ж. жинақта «әрдайым» болып, бұрынғы қалпына келтірілген. Бұл жолы 1957 ж. басылымда «әрдайым» сөзі сол қалпында жариялануы ескеріліп, 1995 ж. жинақ мәтіні негізге алынды.
Жиырма екінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 17 сөз (136-бет), 1907 ж. 16 сөз (20-бет), 1910 ж. 16 сөз (36-бет).
1995 ж. жинақта осы сөзге байланысты жазылған түсініктемеде 16-өлең деп жаңылыс берілген. Алғаш рет 1933 ж. жинақта жарияланып, содан бері барлық басылымдарда осы мәтін жарияланып келеді.
1977 ж. жинаққа жеке сөздер бойынша енгізілген өзгерістер 1995 ж. басылымда да қабылданып, бұл жолы да сол күйі берілді.
Үшінші абзацтың үшінші сөйлеміндегі 1977 ж. жинақта 1906 ж. қолжазба бойынша «кейбіреуі» деп берілген сөз қолжазбалар мен бұрынғы басылымдар бойынша «біреулер» деп қалпына келтірілді. Бұл жинақта 1907, 1910 жж. қолжазбалар бойынша текстологиялық салыстыру жұмыстарын жүргізу барысында осы нұсқаның дұрыстығы анықталды. Сол себепті 1995 ж. жинақта басылған нұсқа жаңа басылымдағы мәтінге негіз ретінде алынып берілді.
Жиырма үшінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 18 сөз (137-бет), 1907 ж. 17 сөз (21-бет), 1910 ж. 17 сөз (37-бет).
Алғаш рет «Абай» журналының 1918 ж. №1 санында «Қуаныш пен жұбаныш» деген атпен «Абай сөзі» деп жарияланған. Одан кейін 1933 ж. жинаққа және барлық басылымдарға осы мәтін негіз болған.
Журналдық, қолжазба нұсқалар мен басылымдар мәтіндері бойынша жүргізілген текстологиялық жұмыстар барысында журнал мәтініндегі: «Кәпірден көп пе? Ойлау керек қой. Әуелі мұсылманшылық көптен табылды ма, бірден табылды ма?» деген сөйлемдер барлық басылымдарда жарияланған осы сөздің үшінші абзацындағы төртінші сөйлемнен кейін түсіп қалған. Бұл жерде дінсіздер мен діншілдер мәселесі көтерілген. Сол себепті бұл сөйлемдер қалпына келтіріліп, өз орнына қойылды. Сонда діннен басталған ой ғылыммен орынды жалғасын табады.
1977 ж. жинақта 1906, 1907 жж. қолжазбалар мен жеке сөздердің жазылуына енгізілген түзетулер 1995 ж. басылымда қабылданып, бұл жолы да осы нұсқа сақталды.
1995 ж. жинақта бірінші абзацтағы сөйлемнің аяғы 1910 ж. қолжазба мен 1945, 1957 жж. басылымдар бойынша: «бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар» деп түзетіліпті. Жаңа басылымда 1907 ж. қолжазбамен салыстыру нәтижесінде осы сөз тіркестері сол қалпында жазылғаны ескерілді.
Сонымен бірге 1977 ж. жинақта екінші абзацтың төменнен санағанда екінші сөйлеміндегі «мен бәйге алдым деген сөз болса жарар» тіркесіндегі «жарар» сөзі артық тұрғандықтан 1995 ж. басылымда алып тасталды. Себебі 1907, 1910 жж. қолжазбалар мен 1957 ж. басылымда «мен бәйге алдым деген сөз болса» деп берілген. Жаңа басылымда осы нұсқа сақталды.
Жиырма төртінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 25 сөз (144-бет), 1907 ж. 25 сөз (29-бет), 1910 ж. 25 сөз (43-бет).
Алғаш рет 1933 ж. жинақта жарияланғаннан кейін барлық басылымдарға осы мәтін енгізілді.
1977 ж. жинаққа енгізілген түзетулер 1995 ж. басылымда қабылданған. Бірінші сөйлемнің басындағы 1906 ж. қолжазба бойынша «осы күнде» деген сөз 1907,
1910 жж. қолжазбаларда және негізгі басылымдарда (1945, 1957) жоқ болғандықтан 1995 ж. жинақты дайындау барысында алып тасталған.
Үшінші сөйлемде «Бірімізді біріміз аңдып» дегеннен кейін 1977 ж. басылымда түсіп қалған «жаулап» деген сөз қайта қосылды. Бұл ретте 1906, 1907, 1910 жж. қолжазбаларда және 1957 ж. басылымда «жаулап» сөзінің нақты жазылуы себепті жаңа басылымды дайындаған кезде 1995 ж. жинақтағы мәтін негізге алынды.
Жиырма бесінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 28 сөз (148-бет), 1907 ж. 28 сөз (32-бет), 1910 ж. 28 сөз (45-бет).
Алғаш рет 1933 ж. жинаққа енгізілген. 1977 ж. басылымға бұрынғы жинақтарды қолжазба нұсқалармен салыстыра отырып енгізілген түзетулер 1995 ж. басылымда қабылданған. Жаңа жинақта да осы нұсқа негізге алынды.
Сонымен бірге 1995 ж. басылымда оларға мынадай тың өзгерістер енгізілді: екінші сөйлемнің басы «Аның үшін» емес – «Оның үшін», оныншы сөйлемнің басы «Оның үшін» емес – «Оның себебі», он үшінші сөйлем: «Дінге де жақсы білгендік керек», он төртінші сөйлемнің басы: «Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан…», он тоғызыншы сөйлемнің ортасы: «соны үйретейік, мұны көріп…» деп түзетілді. Бұл жолы барлық қолжазбалар мен 1977 ж. дейінгі басылымдарға текстологиялық салыстыру жұмыстарын жүргізу барысында 1995 ж. басылымдағы нұсқа негізге алынды.
Мүрсейіт қолжазбасы мен 1957, 1977, 1995 жж. басылымдарда жарияланған осы жиырма бесінші сөз мәтініне текстологиялық салыстырулар жүргізген кезде
1995 ж. жинақта: «Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жаурынан бір қаққанға сатады» деген сөйлемдегі «жаурынан» сөзі Мүрсейіттің 1906, 1907 жж. қолжазбалары бойынша қате берілген де, Мүрсейіттің 1910 ж. қолжазбасында «жаурынынан» деп дұрыс жазылыпты. Ал 1957, 1977, 1995 жж. басылымдарда да «жаурыннан» деп жарияланған. Сол себепті осы басылымдардағы мәтінді негізге алып, «жаурынынан» сөзі қайта қалпына келтірілді.