Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Кім азса, мен соған керек боламын деп, көтін қыздырып алып, өзін бір ғана азық қылайын деп жүр.
Ұлықтар пәлі-пәлі, бұл табылған ақыл деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, Құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр. Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді. Енді жұрттың бәрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?
Кімде-кім жақсы-дүр, жаман-дүр ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин1, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі иманның иғтиқадын2 махкемлемек3 керек, екінші үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уә-ләкин4, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт5 табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, пірәдар6 атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүргені көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.
________________________
1 لکن و – (араб.) [уәләкин] – бірақ, алайда.
2 اعتقاد – (араб.) [и‘тиқад] – сенім. Имани иғтиқад – имани-сенім.
3 محکم – (араб.) [мухкәм] – берік, мықты.
4 لکن و – (араб.) [уә ләкин] – бірақ, алайда.
5 کمالت – (араб.) [кәмаләт] – кемелдік.
6 برادر – (парсы.) [биродәр] – ағайын, бауыр. Діни-сопылық ұғым ретінде бауырмалдылықты білдіреді.
Иман деген – Алла тәбәрәкә уә тағаланың1 шәриксіз2, ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына уә3 әртүрлі бізге пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәсәлләм4 арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – ыспат5 қыларға жараса, мұны яқини6 иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман тақлиди7 дейміз.
Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Яқини иманы бар деуге ғылымы жоқ, тақлиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай Тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай Тағала кеңшілігімен кешеді-дағы демесін, оның үшін Құдай Тағаланың ғафуына8 яки пайғамбарымыздың шапағатына9 да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай Тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын.
___________________________
1 تبارک و تعالی – (араб) [Тәбәрәкә уә тә‘әлә] – Аллаға эпитет ретінде қолданылатын атау. Мағынасы: игілікке бастаушы ұлы Алла деген мағынада.
2 شریک – (араб.) [шәрик] – серік.
3 و – (араб.) [уә] – жалғаулық: мен, менен, пен, пенен, және.
4 صلی الله علیه و سلم– (араб.) [саллаллаһу ‘әләйһи уә сәлләм] – Алланың оған сәлемі мен амандығы болсын.
5 اثبات – (араб.) [исбат] – дәлел, айғақ.
6 یقین – (араб) [йәқини] – шүбәсіз, шынайы. Яғни, шынайы иман деген. Мұны кейде тәхқиқи иман деп те атайды.
7 تقلید – (араб.) [тәқлид] – еліктеу. Яғни, біреулерге еліктеп, қоршаған ортаның әсерімен немесе басқалардың сөзімен иман келтіруді айтады.
8 عفو – (араб.) [‘әфу] – кешіру.
9 شفاعت – (араб.) [шәфа‘әт] – көмек, мейірім. Мұнда пайғамбардың қияметтегі мейірім-шапағатын айтып отыр.
Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.
Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?
Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.
Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.
Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан
соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.
Үшінші – әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.
Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының көтін жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол ал-
дыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?
Қазақ құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде, «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай Тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады-дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын. Әуелі, өзіңді білуге, ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкарлықтан, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі1 шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады? – депті.
Ақыл айтыпты: Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдап қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды? – депті.
Онан соң жүрек айтыпты: Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшіте-
тұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады? – депті.
Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:
– Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, – депті.
– Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, – депті. ‒ Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім, – депті. ‒ Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады.
– Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті.
_____________________________
1 نفس – (араб.) [нәфс] – құмарлық, нәпсі.
Он бірінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 30 сөз (151-бет), 1907 ж.
30 сөз (18-бет), 1910 ж. 30 сөз (47-бет).
Алғаш рет 1933 ж. жинақта басылған. Барлық басылымдарда осы нұсқа жарияланып келеді.
Жаңа басылымды дайындау барысында 1995 ж. жинақта осы сөзге жазылған түсінікте: «Бірінші абзацтың екінші сөйлемінде сызықшадан кейінгі тіркес 1906 ж. қолжазба мен бұрынғы басылымдар бойынша «батыр кісі дегені» деп түзетілді» деп жаңсақ берілгендігі анықталды. Себебі, салыстырулар бойынша белгілі болғандай, он бірінші сөзде мұндай сөз тіркесі кездеспеді.
Екінші абзацтың екінші сөйлеміндегі: «…сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын» деген сөздер 1977 ж. жинақта: «… сонша ауыл таяғыңды соғатын» деп өзгертілген, 1995 ж. жинақта 1906 ж. қолжазба негізінде бұрынғы басылымдардағы нұсқасы қалпына келтірілгендігі айтылыпты. Шын мәнінде 1906 ж. қолжазбада да: «сонша ауыл-таяғыңды соғайын» деп жазылғандығы анықталды. Жаңа басылымда 1907, 1910 жж. қолжазбаларда да «… сонша ауыл таяғыңды соғатын» деп берілгендігі ескеріліп, 1995 ж. басылым нұсқасы сол бетінде жарияланды.
Екінші абзацтың төртінші сөйлемінің басы 1977 ж. дейінгі кейбір басылымдарда 1906 ж. қолжазба бойынша: «Бай малын бағып» деп беріліп, 1977 ж. жинақта 1907, 1910 жж. қолжазбаларға сәйкес: «Бай барын бағып» деп өзгертілген. 1995 ж. басылымда сол өзгеріс қабылданды. Жаңа басылымда осы түзету ескерілді.
Он екінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 8 сөз (128-бет), 1907 ж. 7 сөз (6-бет), 1910 ж. 7 сөз (28-бет).
Алғаш рет 1933 ж. жинақта жарық көрген.
1977 ж. басылымда сөздің басындағы: «жақсы дүр, жаман дүр» деген нұсқалар қолжазбалар бойынша берілген, 1995 ж. жинақта 1977 ж. дейінгі басылымдардағы мәтін негізінде «дүр» қосымшасы алынды. Жаңа басылымда осы өзгеріс сақталды.
Төртінші сөйлемнің екінші бөлігі бұрынғы басылымдарда: «үйреніп жеткенше, осы да болады ғой деп тоқтамай, үйрене беру керек» деп берілген де, 1977 ж. жинақта қолжазбалармен салыстырылып: «үйреніп жеткенше, осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек» деп түзетілген. 1995 ж. басылымда да сол түзету қалдырылған. Жаңа басылымда осы нұсқа еш өзгеріссіз берілді.
Он үшінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 6 сөз (126-бет), 1907 ж. 6 сөз (10-бет), 1910 ж. 6 сөз (28-бет).
Алғаш рет 1939 ж. жинаққа енгізілген. Қолжазбада 6-сөз (27-бет).
Бірінші абзацтың бірінші сөйлеміндегі «уа әртурлі» деген сөздер 1977 ж. жинақта, 1910 ж. қолжазбаға сүйеніп, «уа әрнеге» деп түзетілген, 1995 ж. басылымда 1906 ж. қолжазба бойынша бұрынғы нұсқасы қалпына келтірілді. Жаңа басылымда 1907, 1910 жж. қолжазбалармен салыстыру жұмыстары жүргізілуі барысында «уә әртүрлі» деген сөздер берілгендігі анықталып, осы нұсқа сақталды.
1995 ж. басылымда бірінші абзацтың төртінші сөйлемінде «соншалық беріктік» деген сөз тіркесінен кейін қолжазбаларды салыстыру негізінде «боларға» деген сөз қосылды. Бұл нұсқа жаңа басылымда сол күйінде берілді.
1995 ж. жинақты дайындау барысында 1977 ж. басылымда жарияланған он үшінші сөздің екінші абзацындағы төртінші сөйлемінің басында келетін «уә» сөзі алып тасталды және соңғы сөйлемдегі 1906 ж. қолжазба бойынша «Қылыш арасында серт жоқ» деген тіркес «Қылыш үстінде серт жоқ» деп бұрынғы басылымдардағы қалпына келтірілді.
Жаңа басылымда 1907 ж. қолжазба бойынша осы тіркес сол күйінде жазылғандығы анықталып, 1995 ж. жинақтағы нұсқа бойынша берілді.
Он төртінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 9 сөз (128-бет), 1907 ж. 8 сөз (11-бет), 1910 ж. 8 сөз (29-бет).
Алғаш рет 1918 ж. «Абай» журналының №10 санында «Қайрат туралы» деген атпен жарияланған. Одан кейін 1933 ж. жинаққа енгізілген. Барлық басылымдарда осы мәтін жарияланып келеді.
1977 ж. басылымда 1906 ж. қолжазба негізінде енгізілген: төртінші сөйлемдегі «уә», тоғызыншы сөйлемнің басындағы «біздің» деген сөздер, басқа қолжазбалармен салыстыра отырып, алып тасталды. 1995 ж. басылымда осы түзетулер сақталып, бұл жинаққа сол күйі енгізілді.
Осы абзацтағы тоғызыншы сөйлемде 1977 ж. басылым бойынша берілген «адасқан көптің» деген тіркес 1995 ж. жинақта «адасқан көптен» болып түзетілді. Жаңа басылымда 1907, 1910 жж. қолжазбалар негізінде осы тіркеске байланысты салыстыру жұмыстарын жүргізу барысында бұл нұсқаларда «адасқан көптен» тіркесі еш өзгеріссіз жазылғандығы анықталып, 1995 ж. жинақта жарық көрген осы тіркес негізге алынды. Мүрсейіт қолжазбаларында да осылай жазылғандығы белгілі болды.
Он бесінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 12 сөз (131-бет), 1907 ж.
11 сөз (14-бет), 1910 ж. 11 сөз (31-бет).
Алғаш рет 1933 ж. жинақта жарық көрген. Содан бері барлық басылымдарда осы мәтін жарияланып келеді.
Үшінші абзацтың үшінші сөйлемінің басы 1977 ж. басылымда 1906 ж. қолжазба бойынша: «әрбір құмарлық өзіне бір түрлі дерт болады екен, уа әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде» деп түзетіліпті. 1995 ж. жинақта басқа қолжазбалармен салыстыра келіп, сол қалпында қабылданды, тек «уа» алып тасталды. Жаңа басылымда осы нұсқа негізге алынды.
Төртінші абзацтың бірінші сөйлеміндегі «ананы-мынаны» деген 1977 ж. басылым бойынша түзету өзгеріссіз қалдырылып, 1995 ж. жинаққа енгізілген. Бұл басылымда да осы нұсқа берілді.
Он алтыншы сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 14 сөз (133-бет), 1907 ж. 13 сөз (16-бет), 1910 ж. 13 сөз (33-бет).
Алғаш 1933 ж. жинаққа енгізілген.
1977 ж. басылымда 1906 ж. қолжазбаға сілтеме жасалып өзгертілген «Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны» деген екінші сөйлем 1995 ж. жинақта басқа нұсқалармен салыстырылып: «Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді» деген бұрынғы нұсқасы қалпына келтірілді. Бұл басылымда 1907, 1910 жж. қолжазбалар бойынша текстологиялық салыстыру барысында осы нұсқаның дұрыстығы анықталды.
Бесінші сөйлемдегі: «Тілін жаттықтырып, дінін тазартып» деген 1977 ж.
басылымда енгізілген түзету 1995 ж. жинақта сол күйінде қалдырылған. Жаңа басылымда осы мәтін негізінде еш өзгеріссіз берілді.
Он жетінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 16 сөз (134-бет), 1907 ж.
15 сөз (18-бет), 1910 ж. 15 сөз (34-бет).
Алғаш рет «Абай» журналының 1918 ж. №11 санында «Қайрат, ақыл, жүрек» деген атпен «Абай сөзі» деп жарияланған. 1933 ж. жинақта журналдағы осы мәтін сол күйінде басылған. Одан кейінгі Абай жинақтарының барлық басылымдарында жарияланып келеді.
Жаңа басылымға дайындау барысында он жетінші сөздің алғашқы журналдық нұсқасы 1957, 1977 және 1995 жж. басылымдардағы мәтіндермен салыстырылды.
Бірінші абзацтағы: «Қайрат айтыпты: Ей, ғылым» деп басталатын екінші сөйлемге 1977 ж. басылымда 1906 ж. қолжазба негізінде енгізілген өзгерістер
1995 ж. жинақта сол күйінде қабылданған. Сонымен бірге «жетпейтұғынын» деген сөзден кейін нүкте қойылып, одан кейінгі: «Әуелі, ғылым, өзіңді білуге» деген сөздерден жаңа сөйлем басталды. Бұл өзгерістер жаңа басылымда сол күйі сақталды.
1995 ж. басылымда бесінші абзацтың екінші сөйлеміндегі «сенсіз» деген сөзден кейін бұрын қалып қойған «ешнәрсенің» деген сөз қосылған. Бұл жолы «Абай» журналында жарияланған нұсқа мен 1907 ж. қолжазбада осылай берілгендігі анықталып, сол қалпында ұсынылып отыр.
Алтыншы абзацтың бесінші сөйлемінің алғашқы бөлігі 1995 ж. басылымда қолжазбалар негізінде: «Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен» деп өзгертіліп, «екеуінің де» сөздер жаңадан қосылды. Жаңа басылымда журналдық нұсқа мен 1907 ж. қолжазбада еш өзгеріссіз берілген осы нұсқа негізге алынды.
Жетінші абзацтағы төртінші сөйлем 1995 ж. басылымда қолжазбалар бойынша: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет» деп түзетілді. Жаңа басылымда да осы нұсқа еш өзгеріссіз берілді.