Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1941-1944 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚСТАН ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ ОТАН СОҒЫСЫ КҮНДЕРІНДЕ

Сталин жолдас өзінің тарихи баяндамасында совет интеллигенциясының тылдағы жұмысына зор баға берді: «Майданға көмектесу ісінде жұмысшы табы мен шаруалардан интеллигенциямыз да қалыспай келеді. Совет интеллигенциясы елімізді қорғау ісіне шын беріліп, жұмыс істеуде, Қызыл Армияның қару-жарағын, өндірістің техникасы мен ұйымдастырылуын үнемі жетілдіруде. Интеллигенциямыз өнеркәсіппен ауыл шаруашылығын өрге бастыру ісінде жұмысшылар мен колхозшыларға көмектесуде, соғыс жағдайында совет ғылымы мен мәдениетін алға бастыруда.
Мұның өзі интеллигенциямыздың абыройын арттыра түседі» деді.
Жоғарғы Бас қолбасшымыз, ұлы көсеміміз Сталин жолдастың совет ғалымдарының, инженерлердің, дәрігерлердің, конструкторлардың, агрономдардың, мәдениет пен искусство қызметкерлерінің соғыс күндеріндегі рөлін ыспаттайтын бұл сөздер Қазақстан интеллигенциясына да тән сөздер. Қазақстан интеллигенциясы да бүкіл Советтер Союзының интеллигенциясы сияқты барлық күш-қуатын отанының мүддесіне, жексұрын жауды талқандау ісіне жұмсап келеді. Ленин-Сталин партиясы өз отанына шексіз берілу рухында тәрбиелеген Қазақстан интеллигенциясы герман фашизміне қарсы бүкіл совет халқы жүргізген күрес күндерінде аянбай және барынша жемісті еңбек етіп келеді. Лабораториялар мен кабинеттерде, даладағы экспедиция отрядтарында, заводтардың, рудниктер мен шахталардың цехтарында, колхоз және совхоз даласында, – барлық жерде, ғалымдар мен инженерлер, агрономдар мен дәрігерлер жаңалық табушы стахановшылар Қазақстанның сан-алуан және мол резервтерін табу, пайдалану, республикамыздың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының резервтерін Қызыл Армияға көмекке жұмылдыру жөнінде отан соғысының алғашқы күндерінен бастап тынбай қимылдап, игілікті жұмыстар істеп келеді.
Қазір Қазақстанның жер қойнындағы орасан мол байлықтары түгелінен отанымызды қорғау мүддесіне жұмсалып отыр. Қазақстан қорғасын, молибден шығаруда Союздағы басты республикаға айналып, мыс қорыту жөнінен бірінші саптан орын алып отыр. Гитлершіл айуандарға ажал болып тиген оқтың оннан тоғызы Қазақстанда шығарылған қорғасыннан құйылады. Танктер мен өздігінен жүретін зеңбіректердің жартысынан көбіне жасалған броньда Қазақстанда қорытылған молибден бар. Патрондар мен снарядтар гильзасының, майдандағы армияның байланыс жасайтын аппаратурасының үштен бірінен астамы Қазақстанда қорытылған мыстан жасалған.
Қазақстанның жоғары сапалы марганец кендері уақытша жау қолында қалған Никеполь кендерінің орнын басты. Қазір бұл ССРС-тың құралды күшінің тірегі Оралдың металлургия заводтарының жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Стратегиялық маңызы аса зор вольфрам, қалайы, сүрме, никель және хром сияқты металдарды өндіру ісі де республикамызда өлшеусіз артты.
Қазақстанның кокстелетін көмірінің сарқылмас қоры қару шығару ісіне барған сайын көп пайдаланылуда. Ембі мұнайының аса жоғары сапалы бензині және бірінші сортты жағармайлары совет авиациясының табыстарынан көрнекті орын алып отыр.
Жұмысшылардың барлық жігерін салуы және бұған жаңалықшыл инженер, техник интеллигенциямыздың белсене қатысуы арқасында республикамыздың жер қойнауындағы байлығы осы күннің өзінде социалистік отанымызды қорғау керегіне едәуір жұмылдырылды, одан гитлершіл қандыбалақ шапқыншыларға қарсы жұмсалған зеңбірек снарядтары, танктер мен самолеттер жасалуда.
Қазақстан интеллигенциясы су және жер байлығын зерттеу, дұрыстап пайдалану, республикамыздың егін және мал шаруашылығын одан сайын өркендете беру ісіне көп еңбек сіңіріп, көп күш жұмсады.
Отан соғысы жылдарында Қазақстанның барлық облысының дерлік жер қыртысының сапасы жөніндегі карталары жасалды. Бұл карталар республикамыщдың ұлан-байтақ кең жерін орынды пайдалануға ғылыми негіз жасады. Республикамыздың аса маңызды аудандарының су және мал азығы ресурстарын зерттеу жұмысы малды қыста жайып бағу ісін өркендетуде зор рөл атқарды. Академик М. М. Завадовскийдың әдісі бойынша мал өсімін күшейту жөнінде соғыс кезінде Қазақстанда кең өрістетілген іс өзінің игілікті нәтижесін берді.
Академик Лысенконың жаңа жайқалған картоп түйнегін егу, азыққа жұмсалатын картоптың ұшын егіске пайдалану, тұқымның өнімділігін ғылыми жолмен бақылау жөніндегі әдістерін өндіріске кеңінен қолдану, сонымен қатар тракторларды, ауыл шаруашылығының басқа механизмдерін сұйық отыннан жергілікті қатты отынға көшіру, желдің, судың күшімен істейтін егу жұмыстары егін шаруашылығының жалпы өнімін, оның бер жағында овощь пен техникалық егістер өнімін арттыруда колхоздарымыз бен совхоздарымызға зор көмек болды.
Осы жұмыстардың қорытындысында Қазақстан Қызыл Армия мен елімізді астықпен, етпен, қантпен, маймен, овощпен, ауыл шаруашылығының басқа продуктыларымен жабдықтауда ССРСтағы таяныш базаларының біріне айналды. Бұған интеллигенция көп еңбек сіңірді.
Республикамыздың жабайы өсімдіктер және айуанатттар жөніндегі сан-алуан мүмкіншілігін ашу, оны іс жүзінде пайдалану жөнінде де Қазақстанның ғалымдары мен интеллигенциясы көп жұмыстар істеді. Республикамыздың маңызды суларының – Каспийдің, Аралдың, Зайсанның балық байлықтары қазір ойдағыдай меңгерілуде, жергілікті маңызы бар сулардан балық аулау жұмысы күшейтілуде. Қазақстанның өсімдіктерін тері бояйтын тағы басқа бояулар, витамин шығаратын шикізат ретінде кеңінен пайдалану қолға алынып отыр. Ғалымдардың тікелей қатысуымен соғыс кезінде жабайы өсетін каучук өсімдіктерін – Қаратаудағы тау сағызды жаппай жинау жұмысы жүргізілді.
Қазіргі заманның соғысы тек техника мен моторлар соғысы ғана емес. Материалдық резервтерді пайдалану, техниканың сапасын арттыру істерімен қатар армия мен тылдың моральдік рухы, олардың бірлігі соғыстың шешуші факторы болып есептеледі. Фашистік қанпезерлер Советтер Союзына қарсы соғысты бастағанда, ең алдымен, совет стройы берік емес, «Советтер Союзының халықтары арасында төбелес шығады» деп дәмеленді. Фашистік сұмырайлар совет халқының моральдік-саяси бірлігінің мықты екеніне көзі жетті.
Советтер Союзының барлық халықтары сияқты қазақ халқы сүйікті анасы – отаның қорғауға бір кісідей болып аттанды. Ұлы отан соғысының майдандарында социалистік отанының бақыты мен бостандығы үшін орыстармен, украиндармен, белорустармен, грузиндермен, өзбектермен, тәжіктермен, Советтер Союзының басқа да туысқандас халықтармен бірге қазақ халқының батыр ұлдары да жауға қарсы ерлікпен шайқасуда. Отанының намысын аянбай қорғаған бұл батырлардың ішінде совет интеллигенттері аз емес. Интеллигенцияның соғыс даласындағы ерлігіне Советтер Союзының Батыры, ғылым қызметкері және жазушы Мәлік Ғабдуллиннің ісі айқын ыспаттама болады. Ол қазақ халқының мақтаны болып отыр.
Майданға көмекті күшейте беру жөніндегі творчестволық жарыста ғалымдар мен инженерлерден, дәрігерлер мен агрономдардан Қазақстанның мәдениет және искусство қызметкерлері де қалыспай келеді. Жазушылар, қазақтың халықтық поэзиясының алыбы қарт Жамбыл бастаған адамдар соғыс кезінде қазақ халқының батыр ұлдарының бейнесін жырлайтын бірсыпыра жақсы шығармалар берді. Бұл шығармаларда Едігеден бастап XIII ғасырдағы батырлар, халық аузында жыр болған батыр Амангелді Иманов, Советтер Союзының Батырлары – Ұлы Отан соғысына қатысқан Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин тағы басқалары жырланады.
Жамбылдың Ленинград пен Сталинградты қорғаушы батырларға арнаған жалынды үндеулері Қызыл Армияның жауынгерлері мен офицерлерін отан үшін ерлік істеугежұмылдырды. Соғыс кезінде «Намыс гвардиясы», «Сын сағатта» пъесалары, «Абай» романы (бірінші бөлім), «Ұлы адам туралы жыр», «Қазақ концерті» кинофильмдері, тағы басқа шығармалар шықты. Бұлардың көркемдік жағына жалынды патриоттық рухы сай.
Бұл уақыт ішінде Қазақстанның тарихшылары ғылыми-саяси маңызы орасан зор жұмыс істеді – «Қазақ ССРның бұрынғы заманнан қазіргі кезге дейінгі тарихы» деген кітап шығарды. Ұлы Отан соғысының шежіресін жасау жөнінде ғылыми материалдар жинау, оны тәртіптеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Қазақстан интеллигенциясының отан соғысы жылдарында істеген жұмысының қысқаша қорытындысы осы сияқты. Көп жұмыс істелді. Бірақ совет интеллигенциясы соғыс әлі бітпегенін, жау әлі біздің қасиетті жерімізді таптауда екенін бір минут естен шығармауға міндетті. Қызыл Армияның жауды совет жерінен біржолата қуып шығуына, істеген жауыздықтары үшін фашистерден аяусыз кек алуына көмектесу үшін Қазақстанның советтік интеллигенциясы, сол сияқты барлық еңбекшілеріміз әлі көп күш жұмсауы керек болады.
Өнеркәсіптегі интеллигенттер Қазақстандағы рудниктер мен заводтардың, ең алдымен, отан қорғау заводтарының барған сайын артып отырған қажетін сапалы шикізатпен керегінше қамтамасыз етулері қажет. Олар отан қорғау ісіне керекті шикізаттың, әсіресе теміржолдар мен өнеркәсіп орталықтарына жақын маңдағы шикізаттың жаңа қорын табулары керек; шикізат пен металдың өндірістегі технологиялық ысрабын бұрынғыдан да кемітулері керек, қазіргі бар заводтарда шикізатты комплексті түрде өңдеудің жолдарын тауып, оны шыңдай берулері керек, шикізатқа жарайтын заттардың бәрін, өндіріс қалдықтарын толық пайдалану керек; Қазақстанның өнеркәсіп орындарына союздың басқа республикаларынан шикізаттар мен көмекші материалдар, әсіресе отқа төзімді материалдар, цемент, шыны, химикаттар тасылмайтын ету қамын көздеулері керек; аса тапшы стратегиялық шикізаттардың орнына қолданылатын жаңа заттар тауып, оны меңгерулері керек; кокстелетін күлі аз көмірлер және марганец жөнінде Уралдың ірі металлургия заводтарының барған сайын артып отырған қажетін қамтамасыз етулері керек; Қазақстанда ірі металлургия заводын салуға керекті шикізат базасын зерттеу, сонымен қатар кокс-химия жасау мәселесін шешу жұмыстарын аяқтаулары керек. Қазақстанда үлкен қара металлургия жасау – республикамыздың советтік интеллигенциясының басты міндеттерінің бірі.
Қазақстанда, ең алдымен, минералдық тыңайтқыштар, сода, күкірт және тұз кислотасын жасау; автомобиль, трактор паркін және дизель жабдықтарын жергілікті қатты отынға көшіру жөнінде генераторлардың неғұрлым қолайлы түрін жасау, энергия жабдықтарының жұмысын жолға қою, олардың жұмыс графигіне анализ жасау, олардың пайдаға асатын күшін және қуатын арттыра беру; арзан электр қуатын алу үшін Қазақстанның су-энергетикалық ресурстарын анықтау, пайдалану; жаңа өнеркәсіп орындарын жабдықтаудың, техникалық, азық-түлік егістерінің көлемін ұлғайтудың қажетті базасы болып саналатын су мүмкіншіліктерін ашып, барынша толық пайдалану – міне, осылардың бәрі қазір кезекте тұрған, дереу шешілуді керек қылатын мәселелер болады. Біздің инженерлеріміз, ғалымдарымыз, геологтарымыз бұл жөнінде көп жұмыс істеулері керек.
Ауыл шаруашылығын, тамақ және жеңіл өнеркәсіпті өркендету жөнінде Қазақстанның советтік интеллигенциясының алдында мынадай негізгі міндеттер тұр: егіс өнімін, әсіресе, дәмді және техникалық егістер – бұрынғыдан да арттыра беруіміз керек; техникалық егістер үшін, ең алдымен, қант қызылшасы үшін, әсіресе суарылмай егілетін қант қызылшасы үшін жаңа жер іздеп тауып, оны меңгеруіміз керек; ауыл шаруашылығының зиянды жәндіктеріне, әсіресе оңтүстік облыстарда техникалық егістер мен жеміс ағаштарының жәндіктеріне қарсы күрес жүргізуіміз керек; жабайы өсетін шикізат өсімдіктерінің қорын неғұрлым көп пайдаланудың жолдарын табуымыз керек; мал шаруашылығын өркендете беру, оның тұқымын оңдап, продуктылығын арттыру әдістерін белгілеп, сонымен қатар Қазақстанда малды қыста жайып бағу жұмысын өркендетуге керекті табиғи жайылымдарды тауып, оны неғұрлым дұрыс пайдалану әдістерін жасауымыз керек; республикамыздың балықты суларын зерттеп, олардан балықты көп аулау жолдарын табуымыз керек.
Қазақстанның интеллигенциясы алдында тұрған кезекті нақты міндеттер, барлық күшті жұмылдыруға тиісті міндеттер осылар.
Сүйікті көсеміміз және қолбасшымыз Сталин жолдастың берген зор бағасы жігерлендірген республикаларымыздың советтік интеллигенттері, дәрігерлер, инженерлер, оқытушылар, агрономдар, ғалымдар, әдебиетшілер большевиктер партиясының басшылығы арқасында барлық күші мен білімін алдымызға қойған міндеттерді ойдағыдай шешуге, Қызыл Армияның жексұрын жауды тезірек талқандауына көмектесуге жұмсайды.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ
ОТАН СОҒЫСЫ КҮНДЕРІНДЕ


Қаныш Имантайұлының бұл мақала «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 21 желтоқсанының №258 (6488) санында жарыққа шықты. Мақала авторы ретінде «ССРС Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, ССРС Ғылым Академиясының Қазақ филиалы президиумының председателі Қ. И. Сәтбаев» деп көрсетілген.
Отан соғысына қолдау ретінде жазылған мақала осы уақытқа дейін жарыққа шыққан Қаныш Имантайұлының жинақтарында берілмеген. Бұл академиялық жинаққа арнайы алғаш рет беріліп отыр.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы