Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1941-1944 жылдары жарық көрген еңбектері

ФАШИСТ СҰРЖЫЛАНДАРЫНА ӨЛІМ

Қаны қарайған герман фашизміне қарсы күресіп жатқан 200 миллион совет халқын бүкіл жер жүзінің азаттықты сүйгіш халықтары қостап отыр. Бұған – ССРС өкіметі мен Великобритания өкіметінің Гитлер Германиясына қарсы бірлесіп қимыл жасау туралы келісімі кепіл бола алады. Келісім тарихи маңызы аса зор документ болып саналады. Бұл документ жер жүзінде тұңғыш социалистік мемлекетке Европа елдерінің қарсы «крес жорығын» жасауы туралы фашистік сандырақты жоққа шығарды. ССРС халықтары мен Великобритания халықтарының берік одағы – фашист сұржыландарына қарсы өлтіре соққы болады.
Қазір, біздің ұлы отанымыздың батыс шекараларында, көп Ұлтты Советтер союзының ұлдары намыс үшін, азаттық үшін ұрысып жатыр. Орыстар мен украиндар, қазақтар мен белорустар және басқа халықтар бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып жексұрын басқыншыларға қарсы жұмыла аттанды. Бізде қорғауға тұрарлық дәулет, қорғау қолынан келерлік жауынгер, қорғау үшін керекті қару-жарақ дегендердің барлығы да бар. Совет патриоттары сүйікті көсемі Сталин жолдастың төңірегіне бұрынғыдан да бетер берік топтана түсуде.
Қазақстанның оқымыстылары, ССРС еңбекшілерімен тізе қосып, жауды көп ұзатпай талқандау үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Демократиялық елдердің халықтары өзара одағын нығайта отырып, фашист варварларын жер бетінен құртады, көзін жояды. Бұған көп уақыт қалған жоқ.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ФАШИСТ СҰРЖЫЛАНДАРЫНА ӨЛІМ


Бұл мақала «Советтік Қарағанды» газетінің 1941 жылғы 18 шілдедегі санында жарық көрген. Содан бері төмендегі жинақтарға басылды:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 171 б.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 140 б.
«Советтік Қарағанды» газетінде басылған мақала ішіндегі «ССРС» қысқартуы 1999, 2007 жылғы жинақтарда «ССРО» деп берілген. Сондай-ақ 1941 жылғы мақаладағы «Советтер Союзы» атауы 1999 жылғы кітапта «Советтер Одағы» де берілсе, 2007 жылғы жинақта – «Советтер Союзы».
Академиялық жинаққа аталған мақаланың тыныс белгілері түзетіліп 1941 жылғы нұсқасы берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы