Жамбылдың өлең-толғаулары

Әр жылдары айтылған өлең-толғауларының толық нұсқасы

1937

ШАҒЫМ

Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жонымды,
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай,
Жыртар болды тонымды.
Тілің ащы бала деп,
Қайнатты әбден сорымды.
Оқымай-ақ кетейін,
Байламаңыз жолымды.
Алдыңыздан өтейін,
Не жазып ем солғұрлы?!
Оқымаймын молдадан,
Не оқытпақшы ол маған?
Бала келсе сабаққа,
Жем дәметкен дорбадан.
Ақ сәлдесін төңкеріп,
Көзін жұмып теңселіп,
Күн ұзынға боздаған,
Оқығанша мен одан,
Домбыраны қолға алам,
Өлең кірген түсіне
Жөргегінде мен болам.
Қинама, әке, қинама,
Болмас енді зорлаған.

ӘКЕМЕ

Сөртінің ұрлап қара атын,
Жазықсыз қиып қанатын.
«Жапанда жаяу қалдырып»,
Жайым жоқ қарғыс алатын.
Ел арасын ығыр қып,
Ойым жоқ шұрқан2 салатын.
Қоныстан елді бостырып.
Неміз бар енді шабатын!
Өлең мен сөзді дос қылып,
Құрамын ақын санатын!
Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.
Жапаның ұлы ақын боп,
Жақсы істепті дер, әке!
Домбыра алып сөйлейін,
Күнде жасап мереке.
Мерекелі болған соң,
Елде болар береке.
Ұрлық түбі – қорлық деп,
Болармыз құр келеке.

ТӘЙТІ МЕН ШЫБЫЛ ШАЛҒА

Қажыдан кеше ғана келді дерек,
Союға мал, шашуға ақша керек.
Тәйтекем ұжмақтан орын тапты,
Қаза тауып жарықтық елден ерек.

Ақшаңды шаш, ағайын, малыңды же,
Жақсы өлімге жабығу болар қате.
Жас қалып, алдында кәрі кетсе,
Оның өзі емес пе, той-мереке.

* * *
Мекеге біреу барса, Шыбыл барсын,
Шыбылдан басқаң барсаң, шығындарсың.
Кебінін өлгендердің жиып алып,
Ақыретке барғанда шырылдарсың.

САРЫБАЙҒА

Сарыеке, салдым бір сөз сыныңызға,
Сіздің сын таразы ғой сырымызға.
Қолыма домбыра алып талап қылдым,
Бересіз қандай баға ұлыңызға?

Жаманның көңілі көкте, жерде басы,
Алыс қой аңғарғанға екі арасы…
Жақсының өзі кішік, ойы биік,
Бірдей ме екеуінің мәртебесі?

Біреулер малмен бәрін бөктеріп жүр,
Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.
Көтеріп дүниенің көң-қоқырын,
Апарып қай шұқырға төккелі жүр?

Біреулер «қайтемін» деп қалтаңдап жүр,
Әркімнің аузына бір жалтаңдап жүр…
Біреулер біліп тұрып жете алмайды,
Аяғын қандай нәрсе арқандап жүр?

Көңілі кейбіреулердің бұлтта жүр,
Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр.
Біреулер қара сөзді қамшы қылып,
Қуды мініп, құланды құрықтап жүр.

Қайсысын маған соның еп көресіз?
Әкетсем өзім таңдап өкпелерсіз…
Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз,
Өлең болсын серігің деп бересіз!

* * *
Айрылдым арманменен, қайран Бұрым,
Айдай ед толықсыған аппақ нұрың.
Алдаңдым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын.

БАЙҰЗАҚ МОЛДАҒА

Отынға екеу кетті, бірі – молда,
Мінгені молдасының шұбар жорға.
Молдасы Сарыекемнің ұрлық қылып,
Құдая, кешіре гөр, өзің тоба?!

КӘМШАТ ҚЫЗ

Кермиық Кәмшат қыздың көрдік көркін,
Қондырған шекесіне құндыз бөркін.
Секілді алтай түлкі сылаң қағып,
Шеніне келтірмейді-ау емін-еркін.
Қырандай қияннан-ақ ілер едім,
Қырқада қызыл жүзін бұрса бертін.

Шаң жұқпас шашасына саңлақ едім,
Сан жерде шаршы төске самғап едім.
Жұртшыдай жұрт торымай, алысқа ұшып,
Алатын тоятымды таңдап едім.

Айдынның ақ шортанын жібермейтін,
Жасымнан жаза баспас қармақ едім.
Болғанмен сыртым қораш, ішім сұлу,
Сол ғана жүрегіме берген жылу.
Ажары бет пен жанның бірдей емес,
Керек-ау, Кәмшат, соны пайым қылу!

Солмай ма көктемдегі әдемі гүл,
Оңбай ма бетке біткен әдемі түр?!
Еңкейіп екіндіге күн құласа,
Көріксіз көрінбей ме дүние бір.

Осының бәрі мысал ойлағанға,
Кәмшат қыз, ойлан, ойлан ба, оны өзің біл.
Көңілге келіп бір сөз қалғаннан соң,
Тынар ма, айтып өтпей қу қызыл тіл!..

* * *
Сыртың бір сұлу жан екен,
Сыпайы көзге көрінген.
Сыр-мінезің бар екен,
Сөйлесуге ерінген.
Қамқа-қамзол киініп,
Қас-қабағың керілген.
Қарапайым адамнан,
Қомытсынып жерінген,
Жұбайыңды есіттім,
Таңдап тапқан еліңнен.
Өзі қарау, тарыншақ,
Қас Қарымбай делінген.
Салғаныңды көрермін,
Соған барып серуен.
Сөйлесермін оралып,
Сонда, Кәмшат, сенімен!

САРАҢ БАЙ МЕН ЖОМАРТ КЕДЕЙ

Малы көп бай жылайды қар жауғанда,
Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.
Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,
Әйелі шелек толы сүт сауғанға.

Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,
Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап.
Ең болмаса айранға тойғызса деп,
Жатса, тұрса тілейді «а, Құдайлап».

Сараң байдың үйіне қонақ келсе,
Қояды кәрі қойын ол ыңғайлап.
Кедей жомарт үйіне мейман келсе,
Жалғыз қойдың тұрады басын байлап.

* * *
Бай жалтаң, кедей қалтаң, халық дархан,
Көп жердің дәмін таттық сыбай-салтаң.
Елімнің азаматын таныс қылған,
От жырым, қызыл тілім, сенің арқаң!

ӨЛЕҢШІ ОМАРҒА

Жағынба босқа байға, Омар ақын,
Байлардан саған мынау кедей жақын.
Енеңді мықтап мырза бір боқтайды,
Берерде қойға қоңыр шолақ атын.

Тек отыр, меніменен айтыспай-ақ,
Жетеді саған ақын некен-саяқ.
Үрпиіп жүні түскен қоңыр қаздай,
Соғуға қанатыммен тұрмын аяп!

ЖАНЫС АҚЫНҒА

Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай!
Сүйінбай – деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай!
Екпініме кезіккен
Кетер ме екен жығылмай!?
Құлаштап бір кетейін,
Көбен3 құсап тығылмай.
Қашсаң қуып жетейін,
Бізге жабы4 бұйым ба-ай!
Селтеңдеген ақынды,
Көрмеуші едім шыбындай.
Кәне, сөйлеп жіберші,
Айтыспағың шының ба-ай?!
Деп келдің бе Жамбылды
Күнде жеңген Шыбылдай5.

ЖЫЛҚЫШЫ

Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,
Салқын күзде бір жылы үйді білмей.
Сахарада салақтап күндіз-түні,
Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей.
Саяқ іздеп Саркемер, Сартауқұмнан,
Табылса деп, жонымыз бір тілінбей.
Байтал түгіл бас қайғы болып жүріп,
Қайтпекші едік, төсектен біз түңілмей!

ПҰШЫҚТЫҢ ҰРЫҒА АЙТҚАНЫ

Шығып ем бүгін мініп көк байталға,
Кез болдым екеуіңе көк қайқаңда.
Көк байтал өзі семіз, өзі буаз,
Жануар шаба алмаса өкпе айтам ба?

Екеуің келе сала пұшықты алдың,
Өкпесін өзі дімкәс қысып та алдың.
Қалғандай қағындысы құрттан әлі,
Пұшықты бартылдатып ұшықтадың.

Олжалап кетерсіңдер байталымды,
Қалмаймын мен де бүгіп айтарымды.
Осы өлең қайда барсаң қиқу салып,
Қуалар бойларыңнан сайтаныңды.

Білемін, бірің Манас, бірің Сырым,
Пұшықты тонағаның жаман ырым.
Атыңды біреуіңнің бірің атап,
Көріп пе ең, адам тонап бұдан бұрын.

Ала бер байталымды, Сырым, Манас6,
Байталға мейлің өліс, мейлің талас.
Атыңды екеуіңнің біліп алдым,
Аржағы керегі жоқ, болды қалас!

КЕТІПТІ ҒОЙ БАСЫҢ АУЫП

Болысжан, жүрген жерің күнде сауық,
Пенденің бойында көп қатер-хауіп.
Екейдің жындысымен жарысам деп,
Сенің де кетіпті ғой басың ауып.

ӘЗІЛ

Жамбылға астың жауырын,
«Таңдап-ақ астың тәуірін».
Түйе қарап жүрген бұл Жамбыл
Аймалап бассын әуірін.

САРАҢ КЕЛІНГЕ

Естемес бастас болдың Кәсенменен7,
Сөйлейді мына келін
Аузын ашып әсемменен.
Бар екен деп асыңды төгіп-шашпай,
Бұдан былай асып жүр бәсеңменен.

КЕСІРЛІ ҚАТЫНҒА

Қызғалдақтай жүзі бар Саймасайдың,
Кесірлі қатыны бар Алмасайдың.
Қырғыз, қазақ бас қосса, топ жарады,
Жиреншедей тілі бар ер Қосайдың!
Ел жұтаса, екі елі кемімейді,
Қара қазан қатыны сараң байдың.

* * *
Ел едің құт дарыған Есім-Малай,
Қыдырып қызығыңды көрдім талай.
Арқаңда үрлеп ішіп, шайқап төктім,
Қайтқалы бет түзедім елге қарай.

Кең біткен етек-жеңі ағайын ең,
Беріпті саған дәулет соған жарай.
Балаңа бесіктегі белгілі ғой,
Санатқа ілінбеген Қожан қалай?

Барармын баян қылып бәрін төске,
Бейілің берекеңмен болар есте.
Адамның алыс жүрсе аңсары ауып,
Көруге құмартары сол емес пе?!

Жан екен жағын сауған аларманда,
Артымнан мен кеткен соң солай деспе.
Ат міндім, атан алдым, шекпен кидім,
Жөнім жоқ сені мақтап сөйлемеске.

Ағайын-туған есен бол,
Алшайып атқа мінейін.
Енді айналып келгенше,
Аңсай-аңсай жүрейін.
Шүйгініңе сонылап,
Шынарыңа түнедім.
Қош аман бол, құрметті ел,
Қадіріңді білейін!

ҚУҒЫН

Екі жылқы алдырдым,
Майтөбенің жонынан.
Бергенім жоқ қолымнан,
Ұры әкетті торыған.
Ізі осылай ойысты,
Қуып келем соңынан.
Сөзім емес, Бәйеке,
Сізді ұрыға жорыған.
Қыдыр шалған жылқыңның,
Қаратыңыз тобынан!
Табылмаса тобыңнан,
Көрейін өз сорымнан.

ШӘБДЕНГЕ

Уа, шаһибаз, хан Шәбден!
Атым арып келді әбден.
Тоным тозып жүдедім,
Орын бермей жан төрден.
Ақ ордаңа енейін,
Аман-сәлем берейін,
Аз дамылдап алайын,
Өзіме-өзім келейін.
Жан таң қалған сөзімді,
Алдыңа бір төгейін.
Күн қиядан батқанша,
Ай қиядан асқанша,
Ағыл-тегіл тер болып,
Жорғалайын, желейін.
Басы биік Алатау!
Жер өмірден көрінер,
Арнап келдім, батыр-ау,
Амандасып қолың бер!
Ауыл алыс болса да,
Атағыңды көрдім бел.
Атым арық, тон тозық,
Қысып келді аштық, шөл.
Жерімізде жұт болып,
Өспей қалды биыл төл.
Бұйымтайым, мұңым да,
Әзірше айтар сізге сол.

СЫРТТАНҒА

Қыдыралы, Құлшаннан,
Құлаш ұрған Сырттаным.
Жерді болжап күн шалған,
Жүргеніңді ұққамын.
Қыдыралы, Есімбек,
Эрентальды сабаған.
Ер туған ұл десін деп,
Бір кәдеге жараған.
Маманыңның өрені,
Тиын-тебен санаған.
Құтылғалы кетіпсің,
Олар жапқан жаладан.
Енді ниет етіпсің,
Кім кірмеген қаладан.
Сендей қазақ аз шығар,
Үміт қылған баладан.
Екі балаң жетілсе,
Құтыларсың табадан.
Дәметкемін жетімше,
Сендей білгір ағадан.

* * *
Төментіннен келесің екі қуым,
Елдің жәйін білесің буын-буын.
Қанын сорып екеуің атқа мінсең,
Тағы кімнің тартасың сары суын.
Елден тиын қоймайсың түтін санап,
Есебіңнің аяғын шығарарда
Рахмет пұшықты алдың талап.

СЫЗДЫҚ СҰЛТАНҒА

Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің,
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды,
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде,
Дұшпандарың бас ұрған.
Даңқыңды естіп жүруші ем,
Шартарапқа шашылған.
Ақ жүзіңді көрген соң,
Енді мауқым басылған.
Ауылға жүр, қонақ бол,
Атан алып, ат мініп,
Ағайынға беріп қол,
Аттанарсың, Сыдеке,
Ата жолы деген сол!
Арнап келіп алғаның,
Алтын жүзік, сары қасқа ер.
Атаңыздың аруағын,
Сыйлайды екен бір тайпы ел.
Екеуінің8 қалғаны –
«Он бір жыра» деген жер.
Оны да айтты ағайын,
Іштен шықты қайғы-шер.
Атаның не арманы –
Іздеп келіп артынан,
Бата қылса сіздей ер!

ЕСТЕ ҚАЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕРДЕН9

Кенесары, Наурызбай заманында жаннан асқан ер болды. Қазақты орысқа бермеймін деп, Сарыарқада соғыс салды. Ақмоланы, Ақтауды, Адырлы қалаларын алып, солдаттарды қойдай қырды. Бірақ жер-дүниені алып қаптаған патша әскері азаймады, күн сайын көбейе берді, зеңбірегін сүйретіп, Кенесары, Наурызбайдың соңынан қалмады. Қазақтың Көкшетау, Есіл, Нұра, Баянауыл, Қарқаралы сияқты жақсы жерлерін тартып алды. Елді қойға тиген қасқырдай талады. Кенесары, Наурызбай сол таланған елді қорғаймын деп, қасына мың сан батыр қол ертіп жүрді. Бірақ Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді? Ол етектен алған «иттерден» жеңілді ғой. Қазақтың алауыздығы оңған ба? Кенесарының тілеуіндемін деп жүрген байлардың, төрелердің барлығы да патша әскеріне болысып кетті, елдің ішіне іріткі салды. Олар патшадан шен-шекпен алды, аға сұлтан болды, заседатель болды. Сөйтіп, ел іші өзара бірлігі кетіп, ынтымағы жойылған кезде патшаның солдаттары Кенесары, Наурызбайды Сарыарқаға
тұрғызбай, мазасын ала берді: ауылын шапты, мал-мүлкін талады, қатын-балаларын тұтқындады. Ақырында Кенесары Ұлы жүзге – Алатауға қарай беттеп көшті. Әуелі Балқашта, Іленің қойнауында, жалайырдың шетінде жатты. Бұл жер жұттан шалғай еді.
Орыс әскерімен белдесуге күш жию үшін:
Қамауда жатып хал болмас,
Қолыңа қалың ел қонбас, –
деп, Кенесары соңынан ерген елімен, батырларымен Ілені кесіп өтіп, Шу бойын өрлей көшпеді ме?! Сонан Қордайда шапырашты Тойшыбек батырдың ауылына тоқтады ғой. Атағы жер жарған Кенесары, Наурызбай келді деген соң Ұлы жүз – Дулат
елі қалмай жиналды, күні-түні Кененің ауылын босатпады. Дулаттың батыры Сыпатай да, шапыраштының ерлері Саурық, Сұраншы да, қоңыраттан шыққан Байзақ та, төре Рүстем де қалмай келді. Кенесары екі күн ұдайы ешбір адаммен сөйлеспей, маңдайын ұстап, ауыр ойланып, төмен қарап отырып алды.
Рүстем төре де, Сыпатай батыр да Кенесары отырған ақ боз үйдің алдынан анадай жерден түсіп, «алдиярлап» қолын қусырып, рұқсат сұраудан басқа бір ауыз тіл қатуға бата алмаған. Келгендердің бәрімен Наурызбай ғана сөйлескен. Сонда 19 жасар жас батыр Сұраншы атының басын Кенесары отырған үйге тіреп тұрып, есіктің маңдайшасын көтеріп, былай депті:
– Хан бетін басып, басын тұқыртып, неге төмен қарай береді? Біз ұялшақ қатын көргелі келгеніміз жоқ, ондай қатындар ауылымызда жеткілікті, біз ел бастаған, жау жасқаған батырды көргелі келдік, – депті.

Сонда Кенесары басын жұлып алып:
– Уа, ерім екенсің ғой, атыңнан түсіп, жоғары шық! – депті.
Сұраншыға оң тізесінен орын беріпті. Сонан кейін барып Сыпатай, Рүстемдер де «алдиярлап» үйге кірген екен. Бірақ Кенесары олардың бірде-бірімен жылы сөйлеспей, өзінің үйіне баса-көктеп кірген ер жігіттермен ашылып сөйлесіпті. 17 жасар Байсейіт батыр да атымен құйғытып шауып келіп, Кенесарының отырған үйінің дәл табалдырығының алдына тоқтапты. Әкесі Тойшыбек:
– Бұл не бейбастық, сен ханды басынамысың? – деп шыға келіп ұрысқан екен, Бәйсейіт кимелеп:
– Мен хан деп келгем жоқ, батыр деп келдім, батырдан батыр қорықпайды, – деп, үйге кіре беріпті. Кенесары бұған да оң тізесінен орын берген. Кенесарыға еріп келген өңкей батырларға Жетісудың кілең айбынды ерлері қосылып, Алатауды сілкінткендей бір қалың, қайратты қол құралады. Кенекеңнің Жетісуға келгенін бір кезде Сүйінбай бәріміз ұзақ жырмен айтушы едік, сонан есте қалғандары тіпті аз…
Алдына дабыл өңгерген,
Артына сауыт бөктерген,
Кенекем келді алыстан.
Ақауызы арқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
Жауар бұлттай түйіліп,
Найзасын көкке үйіріп,
Наркескені жарқылдап,
Наурызбай келді арыстан.
Жауды көрсе қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Табыннан шыққан Бұқарбай,
Ту ұстаған Нәпбай,
Жортуыл жолшы Бұғыбай.
Жалаң қылыш байланған,
Жау қайда деп сайланған,
Батырлар келді Қордайға…
Кенесары келген соң,
Өңкей ерді көрген соң,
Ерлігін жаннан асырған,
Бес қаруын асынған.
Келді Саурық, Сыпатай,
Жас Байсейіт, Сұраншы,
Келді бәрі қалмастан,
Кенесары алдына
Өңкей көкжал бас қосқан…
Қара тасты айырар,
Қайраттары алмастан.
Сондай ерлер өтті ғой,
Дұшпанымен айқасқан… – деп толғаушы едік.

МӘМБЕТКЕ

Уа, қадірлі Мәмбетім,
Ауылыңда алты күн,
Дамыл алмай әндеттім.
Ән мен күйді тоғылтып,
Айналаңды сәнді еттім.
Атан беріп, ат беріп,
Ақырында дәндеттің.
Алты ай өтіп арада,
Ауылыма сен жеттің.
Жамбыл үйі жаман деп,
Атақ жайып сен кеттің.
Үйім жаман болғанмен,
Сөзімді жұрт сыйлайды.
Айтқандарым жаққан соң,
Алыс, жақын тыңдайды.
Сен жамандап кетсең де,
Мені жұртым қимайды.
Бай есіркеп бермейді,
Айтқаныма улайды.
Қайтармасаң бодауын,
Тағы артынан тулайды…
Айтпасыма болмайды,
Қылығы ішке сыймайды.
Түк қайыры болмаса,
Несіне мал жинайды?!

* * *
Садырмекке ат шапты,
Суықтөбе баурында.
Қырғыз, қазақ бас қосты,
Сәке болыс ауылында.
Қатарлап үйді тіктіріп,
Қамбалап қазан қайнаттың,
Желілеп бие байлаттың.
Сауын айтып, ас беріп,
Ақындарды сайраттың.
Атаңа зорлық көрсеткен,
Мырзабек пен Кәшкенің,
Басына таяқ ойнаттың.

СӘТ САЙЛАНАРДА

Лашын құстай таранып,
Сыртың сұлу көрінген,
Неңді медеу саналық,
Жел еседі жеріңнен.
Қайымады түйелер,
Қысырады биелер,
Қыста қырсыз, жұт болдың.
Елге жүгіңді үйе бер.
Шығынмен де шаршаттың,
Енді қайтіп күй енер?!
Көргеніміз сол болса,
Неміз қалды сүйенер!
Қазбасам да мен онша,
Елдің өзі-ақ жүйелер.

ЖАЛҒЫЗБЫН ДЕП ЖҮРМЕСІН

Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда!
Бір жұтқан судай дүниесін,
Ащысын татып күймесін.
Жапанға біткен байтерек,
Жалғызбын деп жүрмесін.
Кемелге келген асыл-ай,
Тасқынды тәңір басуы-ай.
Нар көтерген ауырға,
Арқасын тоссын жасымай!

ТІЛЕМІСКЕ

Ей, Тілеміс, Тілеміс!
Тілің мірдің оғындай.
Тиіп кетсе күйдірген,
Сексеуілдің шоғындай.
Қарсы келген жау болса,
Құтылмайды соғылмай.
Құр сүлдесі қалғанша
Қара терге шомылмай!
Кебекбай мен Ноғайбай,
Тіліңнен-ақ именіп,
Жүр ғой сені соға алмай!

АБЫШҚА

Мәмбетәлі ауылында,
Атандым мен абышқа10,
Абышқа деп мына қыз,
Тиіп кетті намысқа.
Абышқаның сақалы,
Әлде бұған таныс па?
Абышқаны байқасам,
Емес екен алыста.
Абышқа ма, қарашы,
Біздің әсем дауысқа,
Ұзақ таңға қарлықпас,
Ұлы дүбір шабыста.
Айтқан сөзім шет болса,
Сынатайық қалысқа.
Не болмаса жөнде өзің,
Тұлғаң түзу жан екен,
Түсінетін әр нұсқа…

МӘҢКЕ ТУРАЛЫ

Жанғойлық болысы пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді.
Екі арадан ептеп жерінде,
Көздерін қысып келеді.

Сөздерін ұзарта келеді,
Өңешін қызарта келеді.
Өнімі азырақ жерде,
Үстіне тұз арта келеді.

Ыңыранып отырып алады,
Әр алуан қырға салады.
Ақыры Құдай жарылқап,
Қалталарын толтырып алады.

АРТЫҚША ТУҒАН АЗАМАТ

Жігіттіктің кезінде,
Жігерлі болса ер болар.
Тұрмаса жігіт сөзінде,
Нәсілі оның кем болар.
Қажырлы болса майданда,
Халыққа сөзі ем болар.
Ел үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария кең болар.
Бірлігі кетсе ағайын,
Әркімдерге жем болар.
Білімсіз болса жолдасың,
Қылған қайырың сел болар.
Артықша туған азамат,
Халыққа үлкен бел болар.
Серт адамды байлайды,
Ер жігіт серттен таймайды.
Өршеленген кезеңде,
Өлімді кім ойлайды.
Жігері болса жігітің,
Орындамай қоймайды.
Атқан оқтан қайтпайтын,
Өтірік сөз айтпайтын.
Кезеңді жерде кез болса,
Қорқып тізгін тартпайтын,
Батыр Қараш, Саурық,
Шапырашты Өтеген,
Батырлардың еңбегі,
Таныс маған ертеден.
Жамбылдың да серті бар,
Әділдік көрмей өмірден,
Жүрегінде дерті бар.
Ішіне Жамбыл түскен дерт,
Зұлымның салған өрті бар.
Қырандай Жамбыл қалқыса,
Өзі салған өрт жалын,
Зұлымға қарай шалқыса,
Елдің серті – ер серті.
Дұшпанның басын шарпыса!

ҚАБАТ ТУСЫН КҮН МЕН АЙ

«Аумиін» деп қолыңды жай,
Қабат тусын күн менен ай.
Алғаның болсын сайма-сай,
Қапалық болмай кезінде,
Ылғи болсын мамыражай.
Қос-қостан тауып ұл мен қыз,
Мінгені болсын жорға тай.
Ертең ерте біреуі –
Қойға кетсін қудалап,
Түйеге кетсін біреуі –
Екі көзін уқалап,
Егін ексін біреуі –
Су сағасын томалап,
Оттың басын шаңдатып,
Біреуі жатсын домалап.
Жылқы бақсын біреуі –
Асауларды күделеп.
Сөз сөйлесін біреуі –
Көп ішінде сүбелеп.
Жақсы лепес – жарты ырыс,
Ескіден қалған мақалды
Соза беріп, қайтейін,
Бата аяғы тақалды.

ӨСИЕТ

Ой-хой, дүние серуен!
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Кірсе – лебіз, шықса – жоқ,
Қауіп етіңдер өлімнен.
Қылышбайдан таралып,
Сөз нұсқасы келінген.
Дос-жаранға, кемтарға
Қайырлы бол делінген!
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден.
Дәулетіңнен не пайда,
Таусылмастай көрінген!
Жалғыз мұраң сол болар,
Қол қайырың берілген.
Басқа дүние бірі де,
Көмілмейді кебінмен.

* * *
Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашан да жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға.

ШАЛТАБАЙҒА

Салқын келіп тоң-торыс,
Сыртқа сыздап қарайсың.
Сенен басқа жоқ болыс,
Деп өзіңді санайсың.
Шарға түсер шағыңда,
Қара тер боп сабылдың.
Аялған жоқ малың да,
Ақ жем болып шабылдың.
Елге сөзің жеткенше,
«Жамағат!..» деп жалындың.
Қол билікке жеткен соң,
Салғырттыққа салындың.
Сан рет кеп алдыңда,
Сағым сынып сарылдым.
Сазаратын Жамбылға,
Саған сонша не қылдым?!
Бақсы басы қаңғырар,
Бабын таппай тамырдың.
Жанды есінен тандырар,
Қиынын-ай бабыңның!..

ҚАЛИҒА

Ей, Ордабай ұлы Қалиым!
Үстіңде тұр ақ үйің.
Қасыңда тұр қара үйің.
Атағыңды білемін,
Сыртыңнан-ақ танимын.
Атан сұрап, ат сұрап,
Деп келгем жоқ жариын,
Байдабектің бірі едің,
Сары бәйбіше ұлы едің.
Сартауқұмды мекендеп,
Баяғыдан жүр едің.
Сахарада қонысың,
Малға толы өрісің.
Сойылыңды соғып тұр,
Ұлығың мен болысың.
Біздей жаһанкезбені,
Қомытсынсаң қомытсын.
Бірақ айтып кетейін,
Жүзім қайтып көрген жоқ,
Сенен қорқып нетейін.
Күле-күле жүрсін ел,
Менменсіген бейліңді,
Елге жайып өтейін.

КӨКІМГЕ

Бері отыршы, Көкімім,
Қандай екен өкімің.
Елді билеп алуға,
Қай арадан бекідің.
Әлде бекіп келдің бе,
Арын сатып бетіңнің?!
Бір тояйын дедің бе,
Ақысын жеп жетімнің.
Әлде ғарып көз жасын,
Көрейін деп бекіндің.
Ашып жауап қайыршы,
Көкім, сенен өтіндім.

ТОҚТАҒҰЛҒА

Келдің бе, ақиығым, алыс жерден,
Өтіпсің самғап ұшып асқар белден.
Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген,
Хан-төре айналмай ма сендей ерден.
Ер ғана елін табар іздеп жүріп,
Жүрсе де ғұмырында қорлық көріп.
Құландай-ақ бұғауын үзіп қашқан,
Жетіпсің енді, міне, елге келіп.

КЕДЕЙ КҮЙІ
Ұзынағаш, Қаратас,
Қалқабайдай қайран жас.
Бекеттен11 нан қоймайды,
Жалаң аяқ, жалаң бас.
Оған ауыз жарымас,
Сондадағы ар қылмас.
Қалт-құлт етіп жүргені,
Қысы-жазы қарны аш.
Қайтып жаның ашымас,
Неткен заман қатыбас.
Еткен еңбек, төккен тер,
Қалай түкке татымас.
Болмайды ішкен асың ас,
Қайтіп сүйек жасымас.
Мұныменен Қалқабай,
Сордан көзің ашылмас.
Ағайынмен, бар, сырлас,
Тегін тамақ татырмас.
Жарылқары жалғыз-ақ:
«Жетерсің» дер, «басың жас!»

ЕСЕНӘЛІ МЕШКЕЙГЕ

Жаралғалы жегенің қазы, жамбас,
Қарның ашты дегенге адам нанбас.
Ет пен майды ішіңе нығап тығып,
Адамшылыққа инедей орын қалмас.
Ылғи лас көтерген өміріңше,
Атан өгіз сияқты сен бір маубас.
Сен тойғанмен, біреулер аш қалып жүр,
Деп ойлама түбінде теріңді алмас!

ҚИСЫБАЙҒА

Ей, Қисыбай, Қисыбай,
Бері қарашы қымсынбай.
Шапаныңды бергенше
Көңілім тұр тыншымай.
Етігіңді қоса бер,
Жүрсін десең шымшымай.
Бұл Жамбыл бір сөйлесе қызып кетер,
Пәтуа-бірлігіңді бұзып кетер.
Ебін тауып ұстамай өшіктірсең,
Байлап-матап қойсаң да үзіп кетер!

* * *
Үштоқал болыс болды атпай-шаппай,
Қисыбай іс істедің ебін таппай.
Күртібай Үштоқалға еріп кетті,
Адасқан ай жарықта ақбоз аттай.

ӘДІЛДІК КЕРЕК ХАЛЫҚҚА

Ұзынағаш базарында, Сарыбайдың баласы – Қисыбай болыс болып тұрған кезде, қан базардың ортасында, қасында бірнеше ұлықтар, төрелер бар Қисыбай кездесіп: «Мынау Жамбыл деген қазақтың ақыны», – деп таныстырады. Төрелердің тілмашы
Жамбылды қылышымен нұсқап:
– Бұл қандай ақын, айғайлап ағаш алғанның бәрі ақын, анық ақын болса, бізді өлеңге қосып айтып көрсін, – дейді.
Сонда ұлықтың жақтырмағанын білген Жамбыл ішінен ызаланып өлеңдетіп қоя береді.
Қолына қылыш ұстаған,
Ақыл-ойы қысқадан.
Қазақты қорлап жақтырмай,
Қылышымен нұсқаған.

Кедейді көрсе керіліп,
Сөйлесуге ерініп.
Сендерге ермек болуға,
Жүргенім жоқ зерігіп.

Базарға келсем тиын жоқ,
Киетұғын киім жоқ.
Кісі өлтіргіш ұрыға,
Ұлықтан да тыйым жоқ.

Байдың бабын таппаған,
Ұлыққа сөзім жақпаған.
Жалған ақын мен емес,
«Жазықсыз төре» сен емес.

Жарлы-кедей халықты,
Жамбыл осы жақтаған.
Шаруаның күйі жоқ,
Кіруге бүтін үйі жоқ.

Егін салар жері жоқ,
Сөзін сөйлер ері жоқ.
Қолына егер жер тисе,
Байлардан оның кемі жоқ.

Жарлы-кедей жасының,
Күйі жоқ бір басының.
Қадірлемей ұлық жүр,
Халықтың нелер асылын.

Байдың орып астығын,
Табалмай әділ бастығын.
Ақыны байдан ала алмай,
Сорлы кедей жасыдың.

Байдың малын бағасың,
Күз пішенін шабасың.
Қолына түсіп қалған соң,
Еңбекті қайдан аласың?!

Жарлыны бай жалмасын,
Ұмытқан соң тәубе Алласын.
Ұлықтан сол тілегім:
Анық шындық жүрегім,
Нашарға салық салмасын.

Сарнасын, ақын сарнасын,
Төреге сөзін арнасын.
Тыңдамаса ол төре,
Халық тыңдар жалғасын.
Жарлыға қорлық көрсетіп,
Әуреге бай салмасын.

Ағылсын жырым бұлақтай,
Төгілсін сырым құрақтай.
Болыс-төре жүрген жоқ,
Халықты қорлап, жылатпай.
Шабарманы шаптығып,
Барады елді шыдатпай.
Болыс-төре, билерді,
Кедейлер отыр ұнатпай.
Жаз жатақта қалдырып,
Салыққа малын алдырып,
Кедейлерге теңдік бер,
Қысы-жазы шулатпай!

Халықтың сырын терейін,
Қалықтап ұшып көрейін.
Шындықты айтқан Жамбылды,
Төрелер кетті ұнатпай.
Сонда төрелер Жамбылды жаратпай, Қисыбайға ала көздерімен қарап, базардан сырғып кеткен екен. Халық «тара» деген ұлық сөзін тыңдамай, Жамбылды қоршап, «айта беріңіз» деп тұрып алыпты. Қызып алған Жамбыл халықтың қызығып, сүйсіне тыңдағанына өршелене түседі. Домбырасын шертіп, өлеңді ілгері қарай өршіте береді:
Төгейін жырды халқыма,
Халық тыңдап сөзіңді,
Жақсы көрсе өзіңді,
Тартынба, Жамбыл, тартынба!

Бұлбұлдайын сайрайын,
Жігерімді қайрайын.
Сәулемді елге түсіріп,
Аспандағы айдайын!
Тас бұршақтай ұшырып,
Екпіні күшті сөз дайын.
Жиналып халық тұрғанда,
Тыңдауға көңіл бұрғанда,
Сөз дариясын қозғайын.
Толқыны кетсін серпіліп,
Тоқталмасын іркіліп.
Болыс елді аралап,
Жарлыны шауып, жаралап,
Сөзін сөйлеп малдының,
Көзін ойып жарлының,
Ас берсе бай саралап.

Иттей көрдім төрені,
Тамаққа тойса үретін.
Халықтың ақын перзенті,
Ақтарып сырды беретін.
Жүйріктің ақын өрені,
Бәйгеде жауырын керетін.
Айтқандары өтірік,
Ұлыққа кім бар сенетін.
Сыздауық жара секілді,
Денені сыздап керетін.
Жамбыл ақын сөйлесе,
Жарасы қалар жарылып,
Ел аңғарып көретін.

Қызыл тілім іркілме,
Шер-құмардан шығайын,
Құмармын жастан шіркінге,
Неден қорқып бұғайын.
Шерімді айтсам арылтып,
Түзелер тасып шырайым!
Іштегі өрт-жалынды,
Жасырып кімнен тығайын.
Күннен күнге күшейсе,
Ақтармай қалай шыдайын.

Тыңдасын халқым құлақ сап,
Біраз сөйлеп көрейін.
Халықтан аяп қайтемін,
Алланың берген көмейін.
Жамбыл көрді жасында,
Шабындыны, шаңдарды.
Біреуді біреу талаған,
Жыртқыштықты, заңдарды.

Халықты асқан дараға,
Сатылып тамақ параға,
Көрдім сондай хандарды.
Жүрсе де халық ашынып,
Осыны қашан аңғарды.
Көрсеткендер қарсылық,
Қайыршылап сандалды.
Сандалдырып малды алды,
Малды алмады жанды алды,
Жарлының батып жанына,
Сермеген ханның қылышы,
Бітіп тірлік тынысы,
Ханның қолы қандалды.

Түн қараңғы дүниенің
Ататұғын таңы бар.
Қараңғының шырағы –
Жанатұғын шамы бар.
Дүниенің тұрағы –
Тағдырдың өлшеу сынағы,
Өркендейтін заңы бар.

Бақшалы сарай бағында,
Әділетті шағында,
Салтанат құрған халыққа,
Шындық пенен аныққа,
Сайрайтын бұлбұл табылар.
Бақыты үшін заманның,
Халықтың сүйген ақыны,
Бұлбұл болып танылар.
Базарға келсем ақшам жоқ,
Сүйікті қонар бақшам жоқ.
Сорлы кедей шаруаның,
Қайырлы таңы атқан жоқ.
Қаралы елдің халқына,
Дұрыстықты айтқан жоқ.

Хан-төрелер алдаса,
Би-болыстар арбаса,
Шаққыш жылан уытты,
Халықта шыр қалмаса.
Заманның айғақ ақыны,
Кім айтар Жамбыл болмаса?!
Сөз тыңдар заман кез болса.
Зарықтырмай тез болса,
Жамбыл куә емес пе?!
Сөзімді халқым тыңдаса,
Ақындар жаттап сарнаса.
Жырыма үлес жыр қосып,
Жамбылға да арнаса.

Қисық жол тура шабылса,
Елден қырсық арылса.
Жамбылдың жыры тасқындап,
Селдей болып ағылса!
Алым-салық жинаған,
Жарлыны жаныштап қинаған,
Дұшпанға құрық салынса.
Елдігі кетіп барады,
Хан жайлаған қазақтың,
Қорлығы өтіп барады,
Халық көрген азаптың.
Жарлы-жалшы кедейлер –
Ермегі күлкі-мазақтың.
Араны байдың ашылған,
Барды жоқ деп жасырған.
Тебеген есек секілді,
Тепкілеп орын бермейді
Бос жатқан жер қасынан.
Осындай азап түрлері,
Жүздеп өтіп келеді,
Замананың басынан!

Жаман әдет халықта,
Бай айтса болды «жарайды».
Бай шығармас жарыққа,
Жаны ашып кімге қарайды.
Жарлыға біткен жалғызды,
Бай өзіне санайды.

Қанын сорып қанайды,
Диуанадай талайды.
Қасқыр көрген жылқыдай,
Шұрқырасар иіскелеп,
Жұлдырып қоңын тарайды.

Бай жібермес пайдасын,
Өткізіп арбап, айласын.
Міне, осындай сұмдарға,
Жігері Жамбыл қайнасын!

Байлықтың түбі пайдадан,
Өтірік-қулық, айладан.
Ұрлық-зорлық, талаумен,
Жүздеп жылқы, мыңдап қой,
Байлар судай айдаған.

Жарлының көз жасынан,
Жиналған малы зұлымның,
Көпіріп көлдей тасыған.
Бай байлығын мадақтап,
Көзі жетпей осыған,
Тұншығып босқа тұманда,
Адасып талай халықтар,
Төте жол таппай жасыған.

Бал аштырып бақсыдан,
Адастырып жақсыдан.
Көңілі қалды халықтың,
Хан, төре, ұлық-тақсырдан.
Қысым жасап халыққа,
Ары болды қанішер,
Қойға тиген қасқырдан.
Өмір бойы осылар
Аяусыз елге қас қылған.
Екі қазан бір үйге,
Қысым жасап астырған.
Жуан білек қамшымен,
Нашарларды қорқытып,
Мазалаған састырған.
Салындыдай суға аққан,
Қалған халық мажаурап,
Қалың өрт, апат, тасқыннан.

Айтшы халқым, бекер ме,
Өмір өстіп өтер ме?!
Жылжып жылдар өткенмен,
Айлар асып кеткенмен,
Күндер қуып жеткенмен,
Көкейден, сірә, кетер ме?!

Еркіндік жоқ елімде,
Иелік жоқ жерімде,
Бағасы жоқ, пайда жоқ,
Бақытсыз сорлы қайда жоқ,
Желмен ұшқан тозаңдай,
Босқа кетті терім де.

Халықпен бірге қалықтап,
Айналаны шарықтап,
Көз көргенді анықтап,
Еңбегім бар менің де.

Асқар тау ғаріп емес пе –
Айдынды көлі болмаса,
Ер жігіт ғаріп емес пе –
Белгілі елі болмаса.
Ел де ғаріп емес пе –
Белгілі белге қонбаса.
Ағаш ғаріп емес пе –
Мәуесі өсіп тұрмаса.
Су да ғаріп емес пе –
Арнасы тасып толмаса.
Әйел ғаріп емес пе –
Ерден бағы жанбаса.
Малдар ғаріп емес пе –
Шөп-шүйгінді шалмаса.
Жаз да ғаріп емес пе –
Құрғақшылық торласа,
Қыс та ғаріп емес пе –
Қарсыз тонмен мұздаса.
Көрік ғаріп емес пе –
Салған темір қызбаса.
Ұста ғаріп емес пе –
Темірдің суын таппаса.
Ақын ғаріп емес пе –
Байды өтірік мақтаса.
Заман ғаріп емес пе –
Әділеттен аттаса.
Халық ғаріп емес пе –
Айтқаны іске аспаса.
Жігіт ғаріп емес пе –
Еңбегі алға баспаса.
Арғымақ ғаріп емес пе –
Арам тер болып ақсаса.
Малшы ғаріп емес пе –
Малын жөндеп бақпаса.
Бақсы ғаріп емес пе –
Өтірік айтып ақтаса.
Көл де ғаріп емес пе –
Қаз-үйрек келіп қонбаса.
Шебер ғаріп емес пе –
Ағашты дұрыс жонбаса.
Заманның сыры емес пе –
Заманға қайғы жемес пе,
Домбырасын қолға алып,
Жамбыл ақын толғаса!

Көрдім талай байларды,
Халықтың бағын байлаған.
Айдаһардай айбарлы,
Елді сорып жайлаған.
Талайлар кетіп жай қалды,
Өмірден соры қайнаған.
Ақын қанат жаза алмас,
Халықтың іші тазармас,
Бұзық болса айналаң.
Домбыраны қолға алып,
Жамбыл ақын гулетті.
Іштегі шер қозғалып,
Күй артынан күй жетті.
Осы өлеңге Жамбылды,
Көкірегі даңғылды,
Өмір шіркін үйретті.
Уайым өсіп, ер жетті,
Елді қайғы тербетті.
Бас қоса алмай бірігіп,
Тоз-тоз болып ел кетті.

Ақыл айтар адам жоқ,
Қарсы тұрар шамаң жоқ.
Елдің қамын ойлайтын,
Сауық-думан ойнайтын,
Қасіретсіз заман жоқ.
Қор болған елде талай ер,
Ерді басқан қайғы-шер.
Ер еңбегі көрінбей,
Пайдасыз кеткен аққан тер.

Жамбыл отыр сарнаған,
Елге сөзін арнаған.
Жыр да кетті төгіліп,
Тасыған судай арнадан.
Жамбылдың жағы талмаған,
Жері жоқ Жамбыл бармаған.
Жүйрік тарлан секілді,
Жүгірістен танбаған.
Таудан ұшқан қырандай,
Қонар жерін таңдаған.
Денесі қызып алғанда,
Алдына жан салмаған.
Қызып Жамбыл шапқанда,
Кімдер жолда қалмаған!

КӘДІРБАЙДЫҢ ТӨБЕТІ
І

Аяқтарын алдырып,
Астымда атым болдырды.
Айдалада қалдырып,
Құба жонға қондырды.
Жаяу қалдым қаңғырып,
Не жаздым мен сол ғұрлы.
Жұртта қалған жұрынмен,
Ат аяғын байладым.
Дәрі шөппен ем қылып,
Өлтірмеуге ойладым.
Маңайынан шыбынды,
Бүркіп, сілтеп айдадым.
Елді сорған төредей,
Атқа қонған елемей,
Бүгелектерді айдадым.
Түйе жүрген соқпақтан
Таптым сулы бір апан,
Атымды әбден суардым,
Сілкінді атым есінеп,
Қоя берді кісінеп.
Өзім баурында отырған,
Қырға қарап салдым ән.

– Шыда біраз, жануар,
Енді жолда болдырма.
Жолдас та жоқ жалынар,
Тек ермегім домбыра!..
Таудан асты күн бұғып,
Ай көрінді бір жақтан.
Келеді екен бір жігіт,
Қылаң атқа жүк артқан.
Көтеріле салдым ән,
Атын бұрды ол маған,
Жөн сұрастық жалма-жан.
– Шырағым, мен Жамбылмын,
Өзің қайдан, атың кім?
Ауылдарың қай жерде?
Қатын, балаң бар ма әлде?
Тоқ па үйдегі балалар?
Қанша ед үйде ұл мен қыз?
Мол ма ед үйде ет, қымыз?
Жігіт жерге түсті аттан:
– Менде болмайды ол мақтан,
Бала түгіл қатын жоқ,
Қатын алар затым жоқ,
Елді кезген сен ақын.
Кәдірбайға бір барып,
Жайың бар ма тоятын?
Біз қалдырған қай-қайда,
Жолаушысың бұ күнде,
Барып кетсең болмай ма
Кәдірбайдың үйіне?
Кеше өліп бір төбеті,
Бай қайғысы болды көп.
Шақса керек қарақұрт,
Ит арсылдап жұлынып,
Әбден ығыр болды жұрт.
Жер тырналап дөңгелеп,
Өлді ақыры сол төбет.
Итті көріп Кәдірбай,
Жылап, ұрсып, салды ойбай.
Ат шаптырды жан-жаққа,
Ақын-жыршы дегеннің,
Бәрін жиып алмаққа.
Бай бейілін, мейірін,
Сән-салтанат сейілін,
Ақыл, күшін, зейінін,
Ең ақыры төбетін,
Күймен, жырмен мадақтап,
Бәйіт12 қылып беретін.
Бай сыйламақ боп отыр,
Зерлі шапан, елу қой,
Екі бірдей жорға атын.
Ет-қымызды былай қой,
Жүз тақта шай, бір қатын…
Сенен озар жоқ ақын,
Сен ғой соны алатын.

ІІ
Жыршыларда дамыл жоқ,
Күндіз-түні айқайлап.
Кәдірбайды мақтап кеп,
Терлеп-тепшіп сор қайнап:
«Тәңір ашқан бағыңды,
Қыдыр баққан малыңды.
Жүйрігің – тек жұлдызың,
Жорғаң – судың құндызы.
Өз мінезің қырмызы,
Ел-жұртыңа жағымды,
Шынжыр балақ, шұбар төс,
Ата тегің мәлім-ді.
Жандаралмен жақын боп,
Талай атың жайылды.
Губернатор келмесе,
Тамағыңды сағынды.
Атың сенің ендеше
Патшаға да танылды.
Атамандар іздеп кеп,
Бірге түлкі қағысты.
Қымыз ішіп, етің жеп,
Үйіңде дем алысты».

ІІІ
Жыршы біткен шуылдап,
Мақтағаны – Кәдірбай.
Итін жоқтап бір уақ,
Елден маза, кетті жай.
Шаршады, әбден терледі,
Жамбылға да сөз берді.
Тұрды төрден Кәдірбай,
Қарап қойды Жамбылға,
Қитар көзін төңкеріп,
Сандықтарын бір шолып,
Түлкілерін бір көріп,
Қымыз жұтып алды да:
– Жырлайды деп естідім, –
Аузыңа түскенді.
Ауылында бел шешпейді,
Қорқыт болып түз кезіп,
Қайда болса жүр безіп,
Ішіңде бар сұмдығы,
Күйлерің боп шер, жылау,
Салады деп жұртқа ылау.
Кәне, бері жақын кел,
Төбетімді жырлап бер,
Кебісіңді шеш, – деді.

ІV
Күй жосылып жөнелді,
Екі шектен боратып,
Қоя бердім өлеңді,
Жыршыларға қаратып:
– Ей, жыршылар, жыршылар,
Жыр айта ма осылай!
Сөздеріңнің дәмі жоқ,
Күйлеріңнің сәні жоқ,
Пайдасыз жұртқа құр айқай.
Мақтағанға сабылып,
Ұятсыз, арсыз сараң бай,
Бастарыңды көтерші,
Тіленіп, сұрап жыланбай!
Сөздеріңе күйіндім,
Қанша айтсаң да тойғам жоқ,
Шықпай қалды бүйірім.
Жамбылға құлақ салыңдар,
Сөзімнен пайым алыңдар,
Жарлыдан безген байымас,
Тілене берген жарымас.
Байға жылап жалынған,
Жұрт болмайтын нағыз нас.
Өлеңсіз адам – есіркер,
Ақылсыз адам малмен тең.
Байларға басын имеген,
Еркін боп өтер дүниеден.
Өлеңін сатқан қу кезеп,
Ол бір шыбын, сұр көжек.
Ей, жыршылар, құлақ сал,
Сөздеріңді тыңдадым,
Байға селтең қақтыңдар,
Шыдады әзер қу жаным.
Ал, Кәдірбай, құлақ сал!
Жамбыл сөзін тыңдап қал:
Итіңді жаман демеймін,
Күзетіп жүр малыңды.
Көпшілікті бүлдіріп,
Ұрлап алғандарыңды.
Итің қуып қасқырды,
Ауылдан талай қашырды.
Таңынан талай тартқылап,
Қасқырды талай састырды.
Даусыменен шошытып,
Қасқырларды тықсырып,
Таудан талай асырды.
Естісең, міне, расымды!
Айтсам сөзім нанымды,
Өлеңім оттай жалынды.
Ауылды торып аңдыған,
Қасқырды талай қан қылған,
Сенен жұртқа ит жақсы,
Күзеткен қотан, ауылды.
Кетпеймін айтпай онымды:
Қайнатып Құдай сорыңды.
Ит өлмей-ақ, сен өлсең,
Болар еді тым-ақ орынды.

ӨСТЕПКЕДЕ

Үйсін, Найман саңлағы,
Өстепкеге жиылдың.
Жолдың ұшып шаңдағы,
Алматыға құйылдың.
Елде жүрген егейлер,
Қалада құр үйілдің.
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай,
Жапырылып иілдің.
Жүріппіз сыр алыспай,
Жайларыңды түйіндім.
Келтірдіңдер намысты,
Бек қорланып күйіндім.
Бүйтіп қызық көргенше,
Өзі жақсы үйімнің.
Шұлғымаймын сендерше,
Керегі жоқ сыйыңның.
Қор болмаймын өлгенше,
Өлеңіме-ақ сыйындым.

* * *
Халықтың еркі кетті баласынан,
Сөзімнің ғибрат ал сарасынан.
Ақ патша бұйрық қылды солдат бер деп:
Он тоғыз – отыз бірдің арасынан.
Осыған тірі отырып көнеміз бе,
Іріктеп бар боздақты береміз бе?!
Болмаса елдік қылып, тізе қосып,
Батырға қол бастаған ереміз бе?!

ПАТША ӘМІРІ ТАРЫЛДЫ

(1916 жылғы оқиға)

Қызығыңды көп көрдім,
Қарабастау, Құлансаз.
Күндерімді өткердім,
Сенде жүріп ұзақ жаз.
Көкорайға жайылған,
Секілді едік үйрек, қаз.
Ештеңе жоқ уайымнан,
Жүруші едік көңіл мәз.
Патша әмірі тарылды,
Оған қылар бар ма лаж?!
Ішке толған зарымды,
Кімге айтармын қылып наз!
Көген көзді қосақтап,
Қалай қиып берерміз?!
Көздің жасы моншақтап,
Көңіл шер боп өлерміз.
Көк жайлауды қалдырып,
Қайда көшіп кетерміз?
Көкіректі зар қылып,
Қорлықпен қайтіп өтерміз?!
«Бес үйден бір жігіт!» – деп,
Болыстар жүр шапқылап.
Жасауыл үй тінтпек,
Қылыштары жарқылдап.
Бүйтіп көрген күн құрсын,
Жапырақтай қалтырап!
Таусылғандай тынысың,
Күнде жүрек қансырап…
Дүниенің кеңдігі –
Жүргеніңде басың бос.
Жан қысылса, белгілі,
Таба алмайсың жақын дос.
Өз араңнан шыққандар
Таяқ соғар өзіңе.
Әр нәрсеге бір зауал,
Дейтін еді кезінде.
Би, болысты Тәңір атты,
Ел қорғауға жарамай.
Ағайынды еңіретті,
Көз жасына қарамай.
Енді ойласақ, не қалды,
Ата жұрттан кету бар.
Жолға тігіп не жанды,
Тәуекелге беку бар.
Не болмаса, шыбындап,
Тағдырыңа көну бар.
Көнсең күнде шығындап.
Ит қорлықта өлу бар!

ЗІЛДІ БҰЙРЫҚ

«Верныйден» жандаралдар бұйрық қылды,
Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.
«Отыз бір – он тоғызды алад» деген,
Суық хабар халықты бұлқындырды.

Жылады сорлы халық малын айтып,
«Кеткен соң қолдан шығып, келмес қайтып», –
Дейді де еңірейді, егіледі,
Қайғының күндіз-түні күйін тартып.

«Верныйдың» қадам баспай қаласына,
Кемпір-шал жылап жатыр баласына.
Ешбір ем табылмады іздесе де,
Халықтың жүректегі жарасына.

Пристав келіп қалды бала сұрап,
Ел жатыр бермейміз деп қойдай шулап.
«Қырсаң да баламызды бермейміз» деп,
Тайсалмай әке-шеше жатыр сұлап.

Пристав ашуланды «аламыз» деп,
Жігіттер тұр: «бармаймыз, қаламыз» деп.
«Егер де бұл түріңді өзгертпесең,
Басыңа бір ойранды саламыз» деп.

Ел-ел боп, жиылды кеп әрбір сайға,
Ал әлеумет, қараңдар мына жайға.
Сеңдей болып соғылып, толқындады,
«Бір сая бола ма деп шыбын жанға?»

Жиылды бозбалалар бір кезеңге,
Қарғалы деген тасқын бір өзенге.
Пристав кетті «еріксіз аламын» деп, –
Көресің бұл істі деп, кезегінде.

Бәрін де ол пристав жаттап алды,
Басшыларын қағазға хаттап алды.
Аттандырып бұл елге солдаттарын,
Басты-басты кісіні саптап алды.

Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жанында қан, малында қалмай маңыз,
Оразаның күні еді сол уақытта,
Бұл күнде оразаны не қыламыз!

Суында Қарғалының ауыз ашты,
Бір бәлекет халыққа душарласты.
Басшылары кеткен соң тағат алмай,
Жиылған жұрт дағдарып жанталасты.

Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жөнелді абақтыға соры қайнап.

Жақсыдан жақсы қоймай алды сайлап,
Қамалды абақтыға қырғыз, қазақ.
Білмеді не болғанын сырттағы жұрт,
Қамалғандар тірідей тартып азап.
Шулайды абақтыға қамалған көп,
Сырттағы жүр: «біз енді қайтеміз?» – деп.
Губернатор, жандарал жауапқа алды:
«Жайлауда ту көтеріп шапқан кім?» деп.

Ешқайсысы айтпаған соң айғай сап кеп,
Өзі айтқан жандаралдың «Бекболат!» деп.
Бекболат бола қалса ту көтерген,
Бұйрық қылды «дарға асып, тарт!», – деп.

Қалиқұлды бірге жазды дарасына,
Байбосын қоса кетті арасында.
Абақтыда қалғандар естен танды,
Көзінің қамшы тиіп қарасына.

Әкетті байғұстарды арбаға сап:
«Иманыңды айтатын молдаңды тап,
Үндеріңді шығарма, өңкей надан.
Мұнан былай сөйлеме, аузыңды жап!»

Самсыны13 алған екен Ботбай14 қамап,
Оларға жігітімен кетті сабап.
Тұтқындарды босатып ала алмады,
Бір пәлеге екінші пәле жамап.

Пристав та Самсыға барған екен,
Жаныбектің мешітін қамап алған екен.
Жаныбек қажы жанына ара тұрды,
Бір болыс ел жиналып барған екен.

Ала алмай күні бойы әлек болды,
Жаныбек приставқа себеп болды.
Ертеңінде құтылып, Ұзынағашқа,
Шаңдатып келе жатты қара жолды.

Бөлек-бөлек топтанып шоқтай болып,
Бай көпесті өлтірді Ботбай болып.
Қолына онан басқа түк түспеді,
Кезсе де бұл маңайды әбден шолып.

Ақыры ұлыққа түк қыла алмастан,
Не боларын бұл істің біле алмастан.
Күш жинамай, қарусыз ұрыс қылып,
Бозбаланы бітірді кек алмастан.

Шиенде15 де әскерлермен ұрыс болды,
Сол ұрыста топбасы Саттар өлді.
«Саттар өлді, ел қашты» деген хабар
Ел-елдерге жайылды оң мен солды.

Шұбырып тауға қарап ел жөнелді,
Не боларын соңының кім біледі?
Тауға шығып, өрмелеп, тасқа бұғып,
Елдің бәрі жанынан түңілді енді.

Ертеңінде ел-елге әскер барды,
Шапшаң түсіп, келсін деп хабар салды.
«Қашқындарды атады» дегеннен соң,
Таудағылар кірер жер таба алмады.

…Аттандық ұлығының қонысына,
Елді сорған борсықтай болысына,
Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,
Көксеген азаттықтың соғысында.

ХАЛЫҚ КЕГІ

Бой бермес ел өмірі, асау шері,
Тұрса да құрсауланып тоқсан жері.
Бірде от, бірде суды көктей көшіп,
Талпынып тілегіне басты ілгері.

ЖОЛ ҮСТІНДЕ

Ақмырзаның баласы,16
Ежелден едік сырдесте.17
Атым арық, қарашы,
Амалым жоқ мінбеске.

Жол үстінде болдырып,
Ант еткендей жүрмеске.
Айдалаға қондырып,
Кетер ме екен бір кеште.

Сырдесте адам осыны,
Айттырмай-ақ білмес пе!
Кеусенім18 деп тарыдан
Берсе қайтер бір десте?!

ТАППАСПЫН СЕНДЕЙ САЛАҚТЫ

Атаң сенің Таңат-ты,
Жұртты аузына қаратты.
Мені үйіңе шақырып,
Алып кепсің арақты.
Қарасаңшы, шіркін-ай,
Жырым-жырым балақты.
Тарғап, Самсы ауылынан
Таппаспын сендей салақты.

1 Шұрқан – бүлік, жанжал мағынасында.
2 Көбен – арықтап жүріп, ет алған жылқы.
3 Жабы – қарапайым жылқы.
4 Шыбыл – Ұлы жүздегі ру аты.

ТҮСІНІКТЕР

«Шағым» – Өлеңді 1941 жылы жазып алған – Ғ.Орманов (қолжазбасы сақталмаған). Алғаш 1946 жылы Жамбыл Жабаевтың 100 жылдық мерейтойына орай шыққан бір томдық толық жинағында берілген. Ақынның кейінгі барлық негізгі жинақтарына кірген. 1946, 1955 жылғы жинақтарда өлең екіге бөлініп берілген. 12 жолдан тұратын, «Не жазып ем сол ғұрлы?» деген жолмен аяқталатын алғашқы бөлігі барлық жинақтарда бірдей. «Оқымаймын молдадан», – деп басталатын екінші бөлігінің екінші жолы 1946 жылғы жинақта «Елі шығып қамдаған» болса, 1955 жылғы жинақтан бастап «Не оқытпақшы ол маған?» деп берілген. 1946 жылғы жинақтағы «Жем аңдыған дорбадан» тіркесі кейінгі жинақтарда «Жем дәметкен дорбадан» деп берілген. Осындай аздаған стильдік өзгешеліктері болмаса, өлеңнің негізгі мазмұны бірдей. 1946 жылғы жинақты дайындауға ерекше мән беріліп, ақынның өлеңдерін жазып алуға тағайындалған топ (Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Сатыбалдин, Қ.Тоғызақов, Ә.Тәжібаев, т.б. жинақты дайындауға ғылыми жетекшілік жасаған Е.Ысмайылов, Жамбылдың шығармашылық өмірбаянын жазған С.Бегалин) жазып алған өлеңдерін Жамбылға тыңдатып барып, жинаққа дайындап, жауапты жұмыстар атқарған. Осы себепті кейінгі жылдары шыққан жинақтарға 1946 жылғы жинақ негіз болған. Жинақ түсініктері де сол уақыт үшін жоғары ғылыми деңгейде жазылған. Өлеңді жазып алған Ғ.Ормановтың айтуынша, бұл өлең 1860 жыл шамасында айтылған. Өлең айтылған кезде Шапырашты Екей руы қазіргі Қарасай ауданының жерінде Қаскелең, Шамалған маңындағы Жая жайлауында тұрса керек. Сол жерде Жапа баласы Жамбылды ауыл молдасына оқуға берген.

Бала Жамбыл молданың қатал тәртібіне шыдамай, қашып кеткен. Әкесі молдаға қайта апармақ болғанда Жамбылдың айтқан өлеңін әдеби хатшының жазып алуына олардың Жамбылмен әңгімелескенде ақын өміріндегі негізгі кезеңдік, өмірлік эпизодтарды арнайы сұрағандары себеп болуы керек. Әйтпесе Жамбылдың ұзақ өмірінде әр жерде, әр жағдайларда айтылған мыңдаған өлеңдерінің уақыт қабаттарында қалғаны анық.
«Бұл жинаққа өлеңді 1982 жылы шыққан 2 томдықтың 1-томында Жамбыл Жабаев мұражайындағы қолжазба бойынша берген нұсқасын алып отырмыз» деп 2014 жылғы 4 томдықтың 1-томындағы түсінікте жазылған.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
қолжазба қорындағы 160-бумадағы кирилл әрпімен машинкада терілген нұсқасында өлеңнің: «Қозғалтпайды жонымды» деген үшінші жолы «Қозғалтпайды жон жағым» деп берілген. Мұндағы «жонымды» және «жон жағым» деген сөз тіркесі өлеңнің негізгі мағынасына ешбір нұқсан келтіріп тұрған жоқ.
Сондықтан 2014 жылғы жинақтағы жарияланымына өзгеріс
жасамадық. Ал Жамбыл мұражай қорындағы латын әрпіндегі («Оригиналы стихов и поэм») деп аталатын бумада өлең екіге бөлініп:
«Оқымаймын молдадан,
Не оқытпақшы ол маған?
Бала келсе сабаққа,
Жем дәметкен дорбадан.
Ақ сәлдесін төңкеріп,
Көзін жұмып теңселіп,
Күн ұзынға боздаған,
Оқығанша мен одан,
Домбыраны қолға алам,
Өлең кірген түсіне
Жөргегінде мен болам.
Қинама, әке, қинама,
Болмас енді зорлаған», – дейтін жолдары «Молда» деген атпен өз алдына бөлек өлең болып берілген. Өлеңнің: «Жаңа өлең айта бастаған шағым еді, әкемнің оқы деп молдаға ұстап бергені есімде. Жая жайлауында едік. Молдаға бардым, босағасын аттағанымда-ақ бір тар қапасқа кіргендей болдым. Енді шықсам дүниенің түгіне қарамай, беталды лағып кеткім келді…
Сабақтан шығысымен қалың қарағайға зеңіп жоғалдым.
Бірақ іздеп тауып алысты. Әкем зорлайын деді оқуға. Сонда былай дегенім есімде бар (деп қос нүкте қойылып, аталған өлең жолдары берілген). Оның соңына: «Содан былай әкем де үндеген жоқ» дейтін Жамбылдың кіріспе сөзі бар. 2014 жылғы жинақтағы түсінікте өлеңнің екіге бөлініп берілгені жазылған, ондағы стильдік өзгешеліктер де мысалдармен көрсетілген, бірақ Жамбылдың осы кіріспе сөзі өзге жинақтарына енбеген.
Бұл жинаққа өлең 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Әкеме» – Әкесі Жапаға айтқан өлеңі. Жапа Ыстыбайұлы
жас кезінде қарулы ер жігіт болып, жортуылға, барымтаға жүрген көрінеді. Ауқаттылардың Жапаны барымташы ретінде ұстағаны жайлы деректер бар. П.Кузнецовтың «Джамбул внук Ыстыбая» атты романында Жапа 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі Бекболат Әшекеевтің аталары ұстаған жортуылшы жігіттерінің қатарында суреттеледі. Қамшыгер деген даңқы көпке белгілі болған. Жапа Жамбылдың өзіндей мықты жігіт болуын, жортуыл жолына түсуін қалап, ұлының қолына домбыра алып, ақындық жолға түсуін қолдамаған. Бала Жамбыл «Әкеме» өлеңін әкесінің осындай бір талабынан кейін шығарған.
Өлең бірінші рет 1946 жылы шыққан жинаққа беріліп, кейінгі негізгі жинақтарының бәріне кірген. 1946 жылғы жинақта он
жолы екі шумақ етіп берілсе, 1996, 2010 жылғы жинақтарда әр шумақ жеке өлең ретінде жарияланған.
1946 жылғы жинақта «Ойым жоқ шұрқан салатын» деп берілген жолдағы «шұрқан» сөзін 1955, 1957 жылғы жинақтарда «бүлік» сөзімен ауыстырған. Одан кейінгі жинақтарда алғашқы қалпымен берілді. 1946 жылғы жинақта өлеңнің алғашқы «Сөртінің ұрлап қара атын» деп келетін жолындағы «Сөртінің» деген сөзді 1982 жылы шыққан жинақта «Сорлының» деп өзгерткен. Осы жинақта «Әкеме» өлеңіне берілген түсінікте С.Бегалиннің Жамбылдың көзі тірісінде жинаған өмірбаяндық материалында «Сөртінің» деген сөздің орнында «Сорлының» деген сөздің тұрғанына сілтеме жасайды. Жамбыл шығармаларын жариялау барысындағы негізгі еңбек – ақынның 100 жылдық мерейтойына орай шыққан 1 томдық толық жинағы. Қазақстан біріккен мемлекет баспасынан шыққан, Қазақ ССР Ғылым академиясы дайындаған жинаққа үлкен көңіл бөлініп, әдебиетші ғалымдардың, ақынның әдеби хатшыларының үлкен тобы жұмылдырылған. Жинақтың ғылыми түсініктерін Жамбыл шығармашылығының білгірі Е.Ысмайылов пен Қ.Тұрғанбаев жазған.
1946 жылғы жинақтағы «Әкеме» өлеңіне берілген түсінікте:
«Жамбыл 15-16 жасынан домбыра тартып, өлең айтуға құмар
болған. «Өлеңнен басқаға көңілім соқпай, басым ауған жаққа
кетіп қалушы едім», – дейді Жамбыл. Той-жиындарда ақындардың думанын көріп, Жамбыл соған еліктеген. Кейбір жиында ән салып, Сүйінбайға сынатқан. Сүйінбай ақын болады екенсің деп баға берген. Бұл өлеңнің жазылуы туралы Ғали былай дейді:
– Жамбыл ақындарға ілесіп, бір ай ел аралап кеткен екен. 19
жасар Жамбыл ел аралап көпті көріп, қайта оралғанда, әкесі
ұрсып:
– «Сенің жолың бұл емес еді, Үйсін-Найман арасында жүрген менің жолымды ұстауың керек еді» – деген. Сонда Жамбыл
әкесіне осы өлеңмен жолының басқаша екенін айтып, батасын сұраған. Баласынан жеңілген әке:
– Ендеше жолың болсын! – деп батасын берген.
Мұнда Жамбылдың өз әкесі – Жапаны жеңу мәнісі: әкесінің Сөрті батырдың қара атын олжа қып алуын айтқаны. Сөрті
Найманда Қаптағай ішінде Көлдей деген елдің батыры. Көлдей, бөлек Шоқай (Калек-Шолақ батыр) Жапаның нағашысы екен.
Жапа, Ғалидың айтуынша, бір жортуылда Матай ішінде Қайнар Қаражомарт деген досында жатып, Сөртінің Найманға мәлім  «Қара киік» деген атын олжалап әкеткен. Соның кесірінен Қаптағай мен Шапырашты соғысып, бұл жақтан Қашкенің үлкен баласы – Сұраншы, Саурықтың ағасы (Саурықтың әкесі) Стамбек өліп, ол жақтан Рүстем төренің алдауымен Естемес батыр бастатқан тоғыз батыр өліп, ақыры екі ел егер болып зорға тынған. Жамбыл бұл өлеңінде әкесіне соны аңғартқан көрінеді.
Өлеңді Жамбылдың өз айтуынан жазып алған Ғали. Жинаққа
бірінші рет кіріп отыр», – деп нақты мәліметтер берілген. Бұл
оқиға туралы кейінгі кезде тарихшылар да жазды.
Жамбылдың біраз сюжеттік белгілері бар өлеңдерінің
(«Кәдірбайдың төбеті», «Зілді бұйрық», т.б.) бұрын көлемді
жыр деңгейінде айтылғаны туралы деректер бар. «Әкеме» өлеңін де Жамбыл жастау кезінде көлемді жыр түрінде айтса керек.
Өлеңнің әр жылғы жарияланымдарына текстологиялық салыстырулар жүргізілді. ӘӨИ 160-бумадағы кирилл әрпімен машинкада терілген нұсқада «Жапанда жалғыз қалдырып» деген өлеңнің үшінші жолы «Жапанда жаяу қалдырып» деп берілген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Тәйті мен Шыбыл шалға» – Бұл өлеңнің бір шумағы (Мекеге біреу барса, Шыбыл барсын… Ақыретке барғанда шырылдарсың) алғаш 1955 жылғы жинақта беріліп, 1957 жылғы жинақта қайталанды. 1982, 1996 жылғы жинақтарда «Тәйті мен Шыбыл шалға» атауымен Жамбыл музейінен алынған ақынның ауылдасы Омардың айтуынан жазып алынған нұсқа бойынша берілді. Алғашқы нұсқа (шумақ) Үмбеталы Кәрібаевтан жазып алынған.
Жамбылдың әкесінің інісі Тәйті Мекеге барып, қажы болып
қайтпақ сапарында қаза болады. Жиналған халық қалай естіртудің есебін таппай абыржып отырғанда, Жамбыл келіп, өзі естіртеді.
Мекеге барған жерде өлген Тәйтінің киіміне, ақшасына
Шыбыл руының қажысы Сауырбай деген ие болады.
Сауырбай алғашында «Тәйтінің дүниесін мен алғаным жоқ»
деп танады, бірақ Мекеге бірге барған сапарлас адамдары куә болып, алғандарын қайтарып береді. Осы орайда «Қажымызды ұры атандырды» деп, Шыбылдар жағы қызынып, көп сөз болады.
Жамбыл болса «қажы болып қайттық» деген Сауырбайдың
мінезін ажуалап, өлең шығарады. Бұл өлеңді 2010 жылы шыққан жинақта «Тәйтіге» және «Шыбыл шалға» деп екі шығарма ретінде берген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Сарыбайға» – Өлең 1946, 1957, 1982, 1996, 2010 жылғы жинақтарда берілген. Жамбылдың айтуынан Ғали Орманов жазып алған. Ақынның өзіне оқып бергенде: «Бұрын ұзақ айтушы едім, қазір көп жерін ұмытып қалыппын», – деген.
Сарыбай Айдосұлы (1821-1890) бұрынғы Жетісу облысы,
Верный уезі, Ұзынағаш болысы 1-ауылда туған. Жамбылдың
ағайыны, Шапырашты Екей руы Ізбасар атасынан. Бейіті
Ұзынағаштан Жамбыл ауылына (мұражайына) баратын жолдың бойында. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында барымта, кісі өлімі себептерінен айыпты болып, айыбын өтей алмаған Екей руының аталары бытыраған кезде Сарыбайдың әкелері Іленің оң жағына өтіп кетеді. Алғашқы орыс переселендерімен араласқан алғыр бала Сарыбай орысша тіл үйренеді. Орыстың отаршыл әкімшілігі Іленің сол жақ бетіне (Зайлисский край) өткенде, Сарыбайды тілмаш, жолбасшы етіп алады. Орыс әскерімен бірге 1860 жылдарға дейін Қазақстанның оңтүстік бөлігін билеп, аса қатыгез, халықтың намысын таптайтын мағынасыз саясат жүргізген Қоқан хандығына қарсы соғыстарға қатысады.
Кейін орыс әкімшілігі арқылы Екей руының байырғы жерлерін қайтарып алып, Шымкент пен Талдықорған арасында, Балқаш көліне дейін бытырап кеткен руластарын жинап орналастырған.
Осы кезде жер дауы сияқты қиын мәселелерді шешуде үлкен
табандылық көрсетеді. Ақылды, ұстамды саясат жүргізіп, үлкен беделге ие болады. Верный уезіндегі үлкен жиындарға қатысып, жер дауы, құн дауы, мал дауы, т.б. мәселелерді шешуде ақылдылығымен, әділдігімен көзге түсіп, сол кездегі баспасөз беттерінде жақсы жақтары сипатталған материалдар шыққан.

1867 жылы патшаның «Дала облыстарын басқару туралы Уақытша ережесі» жарияланды. 1868 жылы 28 февральда «…Уақытша ереженің» жергілікті жерде жүзеге асу барысын тексерен комиссиясының қорытындысында Сарыбай туралы «…ақылды және ісіне берік, шығу тегі – төменгі саты», – дейді. (Қазақ ССР Мемлекеттік Орталық архив, ф.44, оп.1, д. 28659, 331-бет).
Жамбылдың Сарыбайға арналған өлеңі 1865 жылдар шамасында айтылған. Жамбылдан жазып алған – Ғали Орманов.
Өлең бұл кітапқа 2014 жылғы толық жинағы бойынша
берілді.
«Айрылдым арманменен…» – Жамбылдың Бұрым деген
сүйген қызына арнап айтқан өлеңі. Алғаш ақынның 1982 жылғы жинағына Жамбыл мұражайынан алып берілген.
Айқым руындағы Қыдырма деген кісінің көрікті қызы Бұрым
мен Жамбыл айтысады. Ақылына көркі сай Бұрымды Жамбыл қатты ұнатады. Бұрым да Жамбылдың ақындық өнеріне бас иеді.
Бұрым Шыбыл руындағы бір бай адамның баласына айттырылып қойғандығын өлеңмен жұмбақтап жеткізеді. Егер Жамбыл алып қашса, қарсы емес екенін астарлап айтады.
Жамбыл Бұрымды алып қашуға бел байлағанымен, ондай
әрекеттің реті келмейді. Ел жайлаудан күзеуге көшіп келе жатқанда, Жамбыл Бұрымды алып қашып, бірден өз үйіне әкелмей, Сарыбай бидің інісі Саржанның үйіне түсіреді.
Қыздың төркіні оны кім алып қашқанын сезіп: «Бұрымды
алып қашқан Жамбыл көрінеді, қайдан тапса да тапсын», – деп әкесі Жапаға сөз салады.
Араға Жапаның інісі Тәйті жүреді. Сарыбайға «төрелік
айт, Жамбыл бізді тыңдамас» деп өтініш білдіреді. Сарыбай
Жамбылды шақыртып алып, осы сөздің шындығын сұрайды.
Жамбыл мойындайды.
Сарыбай қиын мәселені шеше алмай қиналып, екі жақтың
да көңілін қимай барып: «Жамбыл шырағым, Бұрымның қайын жұрты қатал, Екей жаңадан ел болып келе жатыр еді, тағы да бүлінеді, тілімді алсаң, Бұрымды төркініне қайтар!» – дейді.
Жамбыл аға сөзін аттап кете алмайды, көнеді.
Қызды алып қашқан Екей руының айыбы деп, Шыбылдар
қызды үш тоғыз айыппен қайтарып алады. «Сарыбайдың абыройынан аса алмадым, алғашқы арманым Бұрымнан осылай айрылдым», – деп Жамбыл қатты қапаланған.
Өлең бірінші рет 1982 жылғы жинақта жарияланғаннан кейін
1996, 2010 жылғы жинақтарға Жамбыл мұражайындағы қолжазба бойынша толықтырып, «Бұрымға» деген атаумен берілген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Байұзақ молдаға» – Өлең алғаш 1946 жылы «Әдебиет және
искусство» журналында жарияланған. Кейін 1982 жылғы жинақта берілді. Сарыбай Айдосұлының ауылда ұстаған молдасы ұрлық істеп, ұсталып қалады. Осы оқиғаға қатысты айтылған бір шумақ экспромт өлеңде дінді даттау, идеялық сипат жоқ.
Оқиғаны қысқа, нақты баяндаған реалистік сөз.
Бұл жинаққа 2014 жылғы басылым бойынша берілді.
«Кәмшат қыз» – Алғаш 1946 жылғы жинақта берілген.
Содан кейін Жамбылдың негізгі жинақтарының бәріне кірді.
Өлеңнің «Кермиық Кәмшат қыздың көрдік көркін» деген жолы 1982 жылғы жинақта ғана «…көрдім көркін» болып берілген.
Өлең атауы 1946 жылғы жинақта «Кемшат қыз», 2010 жылғы
жинақта «Камшат қыз» деп берілген. Бұл жинаққа «Кәмшат
қыз» нұсқасын алдық. 1996, 2010 жылғы жинақтарда өлең тұтас шығарма ретінде берілген. Басқа жинақтарда қара өлең түріндегі алғашқы жартысы мен жеті буынды екінші бөлігі жұлдызшалармен бөлінген.
1982 жылғы басылымға Жамбыл мұражайындағы қолжазба
бойынша аздаған текстологиялық өзгерістер жасалған. Өлеңнің ЖМҚ-дағы нұсқасында: «Көкірек елінде Керім дегеннің Кәмшат дейтін сұлу қызы бар екен. Ақын екен өзі. Ел кезіп жүріп бір кезім келеді сол үйге. Білмеймін, қорашсынды ма мені, әйтеуір онша бойына тоғытыңқырамады қыз. Алайда бірдеңе деп кетейін деген оймен, таңертең аттанарымда бір-екі ауыз өлең айттым» деген ақынның кіріспе сөзі бар. Өлеңнен мынадай өзгертулер кездесті: «Шаң жұқпас» – «шаң қонбас» (ЖМҚ), «Ажары бет пен жанның (ӘӨИ 160 бумада «іштің») бірдей емес» (ме екен? ЖМҚ. («Оригиналы стихов и поэм»). «Сан жерде шаршы төске самғап едім» деген жол ӘӨИ 160-буамадағы кирилл әрпімен машинкада терілген нұсқада: «Шалдықпай шаршы төске самғап едім» // «Жұртшыдай жұрт торымай, алысқа ұшып» ӘӨИ 160-буамадағы нұсқада: «Құмайдай құрт аңдымай, қиянға ұшып» // «Сол ғана жүрегіме берген жылу» ӘӨИ 160-буамадағы кирилл әрпімен машинкада терілген нұсқада: «тұлабойға» // «Оңбай ма бетке біткен («арудағы» ӘӨИ 160-бумада) әдемі түр?!» – деп берілген.
Жамбыл 29-30 жас шамасында Шудың бойындағы Күнту руының ауқатты адамы Керім дегеннің Кәмшат деген сұлу қызын көреді. Қыз Жамбылды менсінбейді. Қыз бойынан мін таба алмаған Жамбыл қыздың болашақ күйеуінің «…қарау, тарыншақ» екенін айтады. Осындай жерлерде айтылатын өлеңдердің ішінде бұл өлең ұстамды сипатымен ерекшеленеді. Өлеңді Жамбылдың айтуынан жазып алған – Ғали Орманов.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Сыртың бір сұлу жан екен» деп басталатын өлең «Кәмшат қызға» айтқанының жалғасы.
«Сараң бай мен жомарт кедей» – Өлең алғаш 1971 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Жамбыл Жабаевтың таңдамалы шығармалар жинағында жарияланған. Кейін негізгі жинақтарының бәріне енген. 1982, 1996 жылғы жинақтарда соңғы бір шумағы жұлдызшалармен бөлініп, бір атаумен берілген. 2010 жылғы жинақта соңғы шумақ «Бай жалтаң» деген атаумен жеке берілген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Өлеңші Омарға» – Өлең алғаш Жамбыл мұражайының қолжазба қорынан алынып, 1982 жылғы жинаққа берілген. Омар деген өлеңші ақын бір жиында Жамбылмен айтысуға ниеттенеді. Өлең – айтыс тууы мүмкін ситуациялардың айтысқа ұласпау себептерінің бір мысалы ретінде құнды материал.

«Жаныс ақынға» – Өлең алғаш 1946 жылғы жинаққа беріліп, кейін негізгі жинақтарының бәріне кірді. Жамбылдың бұл өлеңі шамамен жиырма жасында айтылған сияқты. Жамбыл алғаш өлең айта бастаған кезінде Жаныс ақын кездесіп, Жамбылмен айтыспақшы болады. Жамбыл сұрастырып қараса, Жаныс Шыбылдан шыққан Шықай ақынды жеңген екен. Жамбыл Ғалиға өлеңді жаздырып отырып: «Жаныс ақынның жағын аштырмай баурап жібергім келіп, осы өлеңді қоя бердім», – депті.
Жаныс ақын қайырып өлең айта алмапты. Бұл өлең – айтыстық ситуацияның өрбімей қалуының тағы бір мысалы. Өлеңді жазып алған – Ғали Орманов.
Өлең бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Жылқышы» – Жамбылдың бұл өлеңі алғаш 1946 жылғы жинақта шығып, кейінгі негізгі басылымдарының бәріне кірді.
Дәл, үнемді стильмен жазылған реалистік сипаттағы өлең. 1870 жылдары қыстыгүні тау бөктеріндегі елдің жылқысы, қойы төмен құмға кетеді. Жамбыл да жасында кей жылы жылқы баққан екен. Екей ішінде жылқышы орыс баласы бір күні Жамбылға жолығыпты.
– Менің алғалы жүрген қалыңдығым бар еді, сол келмедің деп өкпелеп сәлем айтыпты. Соған бір ауыз өлең үйретіп бер, сәлем айтып жіберейін, – депті.
Жылқышыға Жамбыл сонда осы өлеңді шығарып берген.
Өлеңді әдеби хатшысы Ғали Орманов Жамбылдың өз аузынан жазып алған. 1946 жылғы жинақтағы түсініктегі «жылқышы орыс баласы» дегендегі орыс баласы – Екей руының бір атасы.
«Пұшықтың ұрыға айтқаны» – Өлең алғаш 1946 жылғы жинақта беріліп, кейінгі жинақтарға сол нұсқа бойынша кірген.
Өлең уытты сөздің әсерінің айқын бір мысалы. Жамбыл өлеңді Ғалиға жаздырып отырып: «Осы өлеңді шығарғанда жиырма бес жасымда едім, Жиембек деген пұшық Суықтөбе қайқаңында келе жатса, елсіз жерде екі ұры кез болып, астындағы көк байталын аударып әкетіпті», – деген. Жиембек жаяу келе жатқанда Суықтөбенің бауырында Жамбыл жолыққан.

Осы өлеңді жазып алған Ғали Ормановтың айтуынша:
– Байталыңды тауып берейін, алған адамдардың белгісін білесің бе? – дейді Жамбыл.
– Белгісі есімде жоқ; әйтеуір бірінің аты Манас, бірінің аты Сырым екен, – дейді Жиембек.
– Сол да тәубаға жарайды, – деп Жамбыл осы өлеңді пұшыққа үйретіп береді, өзі де жүрген жерінде осы өлеңді айтады.
Ақыры Қасқараудың жұртқа мәлім ұрылары байталды сіңіре алмай, айыбымен Жиембекке қайтарып береді.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Кетіпті ғой басың ауып» – Өлеңді ел аузынан жазып алған Сапарғали Бегалин. Бірінші рет 1946 жылы «Әдебиет және искусство» журналының алтыншы санында жарияланған. 1982 жылғы жинаққа сол нұсқа бойынша берілген. Өлеңде өмірде болған, ел арасында ауызша әңгіме түрінде сақталған оқиға айтылады. Бірде Есқожа елінің болысы Құдайбергеннің үйіне Жамбыл келеді. Сөз арасында Құдайберген Жамбылды кемітпек болып:
– Бір жынды Екеймен жарысамын деп, атым өліп қалды, –
дейді.
Құдайберген Ұзынағаш базарынан Қарақыстаққа қайтып келе жатқанда Екей елінің Таңат деген бозбала жігіті болыстың қасынан шауып өтеді.
– Екейден атым қалса, атым Құдайберген болмасын! – деп бұл да тұра шауыпты. Содан екеуі ерегесіп, ауылға жеткенше жарысыпты. Келісімен болыстың аты қызылмай болып, дөңгеленіп өліпті.
Болыстың осы қылығын естіген Жамбыл ыза болып, келемеждеп өлең шығарған.
Бұл жинаққа өлең 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Әзіл» – Өлең 1946 жылы «Әдебиет және искусство» журналының алтыншы санында жарияланған. 1982 жылғы жинаққа сол нұсқа берілген.
Бірде түйе қарап жүріп, Жамбыл бейтаныс біреудің үйіне қонады. Келген қонақтың кім екендігін білмегендіктен, үй иелері Жамбылды әншейін біреу шығар деп жөнді ықылас-пейіл көрсетпейді. Өлең тамаққа бата жасалғанда айтылған. Көшпелі тұрмыста кездесіп тұратын қазақы мінездің, өкпенің бір мысалын реалистік сипатта көрсеткен.
«Сараң келінге» – Өлең алғаш рет 1946 жылы «Әдебиет және искусство» журналының алтыншы санында жарияланған.
Ақынның 1982 жылғы жинағына сол нұсқа бойынша берілген.
Өлеңді Бұйдалы руындағы Аба байдың баласы Естіместің сараң әйелінің қылығына орай айтқан.
Бұл жинаққа өлең 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Кесірлі қатынға» – Жамбылдың көлемі шағын болғанмен, мазмұнды, әлеуметтік сипаты мол, аз штрихты портреттері бар өлеңі туралы 1982 жылғы жинақтағы түсінікте: «Өлең 1946 жылы «Әдебиет және искусство» журналының алтыншы санында жарияланған, өлеңді баспаға ұсынған Сапарғали Бегалин. Түпнұсқа сол журналдан алынған.
Бір жылы қыста жұт, жазда індет болады. Елдің күйі төмендеп тұрғанда, Жамбыл Алматының күншығысындағы (Талғар ауданы, Қызылту селосы) Саймасай болыстың ауылына барады.
Алты қанат ақ үйдің тұсына келіп:
– Мынау тұрған ақ үй кімдікі? – деп жөн сұрайды Жамбыл есіктің алдында жүрген қызыл күрең семіз әйелден.
– Қызыл болыстыкі, – деп жақтырмай жауап береді әлгі әйел.
Әйелдің «Қызыл болыс» дегені Саймасай болыс еді.
Жамбыл болыстың үйінде қонақ болады, «ақын келіпті, өлең тыңдаймыз» деушілердің арасында омыраулап отырған әлгі қызыл-күрең әйелді көзі шалып қалған ақын сөзді бірден әзілден бастайды. Саймасайдың ағасы Алмасай дегеннің әлгі әйелі ел ортасында қатты қысылып, ақыннан кешірім сұрапты», – деп жазған. Өлеңде аты аталған Саймасай – М.Әуезовтің «Қилы заман» повесінің прототипі. Қосай шешен де өмірде болған, дерегі бар кейіпкер.
Өлең мәтіні жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Ел едің құт дарыған…» – Өлең алғаш 1946 жылғы жинақта шыққан. Жамбылдың айтуынан жазып алған Ғали Орманов.
Жамбыл 30-дар ішінде, Шу бойынан шығып Балқаш бойына барып, Есім-Малай деген Ыстының бір руы ішінде болады. Бір ай жүріп ел аралаған. Қайтарында елмен «Ел едің құт дарыған Есім-Малай» – деп басталатын өлеңмен қош айтысқан.
Есім-Малай туралы Жамбыл Ғали Ормановқа мынадай әңгіме айтыпты:
– Бір атадан үш ұл бопты. Малай бәйбішенің баласы екен де, Есім, Қожан тоқалдың баласы екен. Бірақ Қожан пысық боп, ағасы Есімді қой соңына салып қойыпты. Ақыры Қожанның қорлығына шыдамай, Есім Арғынға барып, сонда жүріп үйленіпті. Есім – кең пейіл, адал адам екен, соңынан Есімнің аты шығып, оған қулық қылған Қожан санатқа ілінбей қалыпты.
Өлең 1996, 2010 жылғы жинақтарда «Ағайын туған есен бол» деп аталған. Мәтіндерінде ешбір өзгеріс жоқ.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Қуғын» – Өлеңді Ғали Орманов жазып алған. Алғаш 1946 жылғы жинақта берілген. Осы нұсқа кейінгі жинақтарға кірді.
Жамбыл: «Осы өлеңді айтқанда отыз екі жаста едім», – депті әдеби хатшысы Ғали Ормановқа. Егін жинап жатқан кезде екі жылқы ұрлатып, қырғызға іздеп барған. «Кіші-кебін» деген жерде бір бай қырғызға жолығып, осы өлеңді айтыпты. «Бәйке» деп тұрған Жамбылдың сөзін жыға алмай, жылқының ішінен екі саяқты тауып беріпті.
Өлеңдегі «Бәйке» адам аты емес. Қырғыз тілінде «аға» деген мағынада қолданылады.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Шәбденге» – Өлең алғаш 1946 жылғы жинақта жарияланды. Осы нұсқа кейінгі жинақтарға да берілді. Жантайұлы Шәбден – ХІХ ғасырда өмір сүрген қырғыздардың шоң манабы.
Халыққа беделді болған, кей тұста қырғыз-қазаққа атағын шығару үшін «жомарттық» әдісті де пайдаланған. Ресей әкімшілігі полковник атағын беріп, қырғыздарды басқаруға пайдаланған.
Жамбыл, қазақтың басқа да ақындары Шәбденге барып, өнерлерін көрсетіп, сый-сияпаттарын алып тұрған. Шәбден жайында баспасөз бетінде материалдар шыққан. Архивтерде көптеген деректер бар.

1879 жылы жұт болып, көктем кезінде Жамбыл ауылы қатты ашыққан. Сонда Жамбыл қырғыз елін аралап, өлең айтып, сауын жиған. «Үлкен-кебінде» отырған Шәбден ауылын іздеп барып, өлең айтқан. Осы өлеңді жазып алған Ғали Ормановқа Жамбыл: «Алғашқы сәлемдескендегі өлеңім еді», – депті. Шәбден Жамбылға он сегіз жылқы айдатыпты. Бұл көмек ашыққан елге дер кезінде жетіп, жазға ілініп кетуіне сеп болған.
Өлең мәтіні жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Сырттанға» – Өлең алғаш рет 1946 жылғы жинақта жарық көрген. Жамбылдың негізгі жинақтарының ішінде 1955 жылғы үш томдық жинағына кірмей қалған. 1982 жылғы жинақта өлеңнің:
«Дәметемін жетімше,
Сендей білгір ағадан», – деген соңғы екі жолы берілмеген.
Жамбыл 1880 жылдары Верный қаласында (қазіргі Алматы) Найман руының біраз адамдарымен кездескен. Олардың ішінде аты әйгілі Маман бай, Тәнекенің Есімбегі, Құлшаннан Сырттан батыр болған. Соларға арнап, ақын осы өлеңді шығарған. Өзінің екі баласы Барлыбек пен Тұрлыбекті Верныйға оқуға берген Сырттанды бұл өлеңінде Жамбыл көтере айтады. Сырттан – кедей болған адам. Сондықтан байлар оған шет қақпайлық та жасаған. Жамбыл «екі балаң жетілсе, құтыларсың табадан», – деп оған емеурін білдірген.
Өлеңде айтылған Эренталь – елдің тыныштығын бұзып қаталдық көрсеткен Қапал уезінің бастығы.
Есімбек Эрентальды сабап, Верныйға айдалса да уездің бастығын жеңіп шығады. Сол үшін Жамбыл Есімбекті мақтап айтады. Есімбек – Біржан салмен айтысқан ақын Сараның жақын ағасы.
Жамбыл осы өлеңінде Маман балаларының саудагерлігін сынаған. Өлеңді жазып алған – Ғ.Орманов.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Төментіннен келесің…» – Өлең алғаш 1982 жылғы жинақта Жамбыл мұражайының қолжазба қорындағы мәтін бойынша жарияланды. Өлеңде «Рахмет пұшықты…» дегеннен басқа ешкімнің аты аталмаған. 1982 жылғы жинақтағы өлеңге берілген түсінікте:
«Қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданының батыс жақ бөлігі – ол кезде Батыс Қастек болысы деп аталған, өлең сол болыстың старшыны мен елу басы Андасов Әбілқасым мен Сүлейменұлы деген екі атқамінердің ел ішіндегі лаңына қарсы айтылған. Олар ойдан шығарып, «қара шығын» деген алым-салықтың түрлерін көбейтіп, халық содан ығыр болған», – деген деректер бар.
«Сыздық сұлтанға» – Өлең алғаш Жамбылдың 1946 жылғы жинағында шыққан. Өлеңді жазып алған – Ғ.Орманов. Ал кейінгі 1955, 1957, 1982 жылдары шыққан жинақтарда берілмеген.
Мұның себебі – Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық күресіне кеңестік идеологияның теріс баға беруі. Сыздық (Садық, Сыдық, Саддык деп те аталатын жерлер кездеседі) әкесі Кенесары қайтыс болғанда, 10 жаста қалған. Есейгеннен кейін алғырлығымен, ержүрек батырлығымен, қолбасшылық қасиеттерімен ерекше көзге түседі. Үнемі Орта Азиядағы Ресейге қарсы ұлт-азаттық қозғалыстардың ішінде жүріп, өмірі жорықта өткен Сыздық әскери тактикалық өнердің, әскербасылық таланттың ерен үлгілерін көрсетумен болған. Жамбыл өлеңінде Сыздық Кенесарыұлы өмірінің бір кезеңі жайлы қысқаша баяндалған.
Өлең алғашқы жарияланымынан кейін 1996 жылға дейін қайта басылмаған. Ұлы Отан соғысы кезінде саябырсыған солақай идеологиялық саясат 50-жылдарда қайта өршіген. Ақынның 1955 жылы шыққан үш томдық толық жинағының бірінші томындағы алғы сөзде: «Ақынның өзі қайтыс болғаннан кейін шыққан 1946 жылғы жинағында жарияланған кейбір өлеңдер тарихи деректер мен архив материалдарына және Жамбылдың өз көзқарасына негізінен қайшы келеді. Жамбылдың өз шығармаларында халықтың қас жауы, қара басының қамын ойлаған қанішер Кенесары Қасымов туралы айтқан өлеңдері жоғарыда келтірілді. Кенесары Қасымовтың баласы Сыздық туралы Жамбыл мақтау өлең айтты деу тарихи шындықты бұрмалау», – деп жазылған. Әрине, бұл пікір – сол кездегі қатал идеологиялық талаптың әсері.

1946 жылғы жинақта «Сыздыққа» өлеңіне жазылған түсінікте: «1884 жылдар шамасында Сыздық Кенесарыұлы қырғызға келген. Қырғыздар үй тігіп, мал сойып, құрметпен қарсы алған.
Қырғыз, қазақтан Орман ауылына 17 ақын жиналған. Солардың ішінде Жамбыл да болған.
Қырғыз ағайындар басында әкесінің кегін жоқтайды деп Сыздықтан қымсынса да, соңынан райласып сөйлескен.
«Сонда Сыздықтың айтқаны мынау еді», – депті Жамбыл Ғалиға:
«Мен сендермен шабысқалы келгем жоқ, табысқалы келдім. Сен де туысқанымсың. Жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ, жалғыз-ақ тілегім: әкемнің сүйегін бер – аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, сары қасқа ерін бер – астыма мінейін, бұйымтайым осы-ақ еді», – дейді.
Қырғыз ағайындар Кенесарының алтын жүзігі мен сары қасқа ерін береді де, сүйегін тауып бере алмайды. «Он бір жыра» деген жерге көмілген екен, білетін адам өліп қапты деп жауап береді.
– Қап болмас! – деп отырды да Сыздық, сары қасқа ердің басын қанжармен қақ айырып шапты да, жіліншік-жіліншік алтындар алды. «Әкемді өлтіруін білсеңдер де алтынын алуды білмеген екенсіңдер. Уақасы жоқ, бұйырған нәсіп қой!» – деп қалтасына салды дейді.
Жамбыл Сыздыққа осы өлеңді сонда айтыпты. Сыздықпен кездескенін Жамбыл кейін үлкен ертегі қылып та айтқан.
Сыздық батырдың жалғыз көзді дәумен кездесіп, үңгірге қамалып, одан қалай құтылғаны жайлы ертегіні өте қызық етіп айтады».
1993 жылы шыққан «Хан Кене» кітабында, ақынның 1996, 2010, 2014 жылғы жинақтарында өлең «Сыздық сұлтанға» деген атауымен, ал 1946 жылғы жарияланымында «Сыздыққа» деген атпен берілген.
Бұл кітапқа 2014 жылғы жинақ бойынша беріліп отыр.

«Есте қалған әңгімелерден» – Жамбылдың Жетісуға Кенесары Қасымов келген кездегі оқиғаларды, көтерілістің барысын, сол кездегі тарихи жағдайды қара сөзбен, өлеңмен баяндаған шығармасы. Шығарма мәтіні Қазақстан Республикасы Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазба қорындағы 1328-бумада сақталған. Алғаш 1993 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Хан

Кене» жинағында (146-148-бб.) жарияланды. Жинаққа дайындап тапсырған фольклортанушы ғалым – Кенжехан Матыжанов.
Шығарма мәтінінде баяндалатын оқиғалар, сол кездегі тарихи ситуациялар, кейіпкерлер Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысын зерттеген тарихшы Бекмахановтың зерттеулері мен М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасының мәтіндерінде бар, мазмұндық, идеялық жағынан сәйкес келеді. Егемендік
алғаннан кейінгі кездегі тарихшы, әдебиетшілердің, журналистердің жұмыстары мен Жамбыл шығармасында қысқаша айтылған, аталып өткен фактілер көрсетіліп жүр. Ғылыми зерттеулерде көп айтылып жүрген көтеріліске қатысушылармен қатар Саурық, Сұраншы, Байсейіт, Нәпбайлар аталады. Саурық, Сұраншы батырлардың Хан Кененің соңғы жорығына қатысуы туралы кейінгі кезде мұрағаттық деректер табыла бастады.
Байсейіт Тойшыбекұлы жайында да деректер бар. Ал Нәпбай («Ту ұстаған Нәпбай») туралы ізденістер керек. Кенесары Қасымов Жетісуға келген кездер шамасында туған, ес білген, жас шағында ел есінде сақталған оқиғаның негізгі қатысушыларын Жамбыл ұмытпаған болу керек.
2014 жылғы жинаққа «Есте қалған әңгімелерден» шығармасы «Хан Кене» кітабындағы мәтін бойынша берілген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Мәмбетке» – Өлең алғаш 1946 жылғы жинақта жарияланып, кейінгі жинақтарының бәріне кірген. Жамбылдың айтуынан Ғали Орманов жазып алған.
1880 жылдардың ақырында Жамбыл Меркедегі Ботпай елін аралап, Мәмбет байдың үйінде алты күн жатып өлең айтқан.
Мәмбет Жамбылға түйе бастатқан тоғыз беріп аттандырған.

Сол жылы күздігүні Қастекте (Жамбыл ауданы) бір жиын болып, Мәмбет Жамбылды іздеп келіпті. Жамбылдың үй тұрмысы нашар екен, Мәмбет қонбай аттанып:
– Жамбылға сәлем де, түзде көріп, үйде көрмейтін кісі екен! – деп кетіпті.
Ертеңіне Жамбыл ағайындарынан сол сөзді естіп, Мәмбеттің соңынан іздеп барып, шаршы топта осы өлеңді айтқан. Сол кездегі ақындық кәсіптің сырларын ашатын реалистік өлең.
«Садырмекке ат шапты…» – Өлең Жамбылдың 1982, 1996, 2010 жылғы жинақтарында берілген. Ақынның шығармашылық өмірбаянын зерттеумен айналысқан Сапарғали Бегалин 1944 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы «Қоғамшыл» колхозының мүшесі Мұстафа Дөненұлынан жазып алған өлеңнің түпнұсқасы Жамбыл музейінің қолжазба қорында сақталған. Өлең Садырмек деген қадірлі адамның асында айтылған.
Аталған ас 1895 жылы болады, бұған Шапырашты мен Дулаттан көп адамдар қатынасады. Оның себебі, Садырмек пен оның інісі Сәке әртүрлі себептермен бытырап кеткен Тайторы деген рудың басын қосады, оларды Жиренайғыр деген жерге орналастырады. Мырзабек, Кәшке секілді байлардың қорлығынан құтқарады.
Міне, осындай қазақ, қырғыз, дүңген халықтары қатынасқан ұланасыр үлкен жиынды басқару Жамбылға тапсырылады. Сәке 1916 жылғы ұлт-азаттық күресі басшыларының бірі. Мырзабек, Кәшке Шапырашты Еміл-Есқожа руларының аталары.
«Сәт сайланарда» – Өлең 1946 жылғы жинақтан бастап, Жамбылдың барлық негізгі басылымдарында берілген.
Дулаттың ішінде Жаныстан шыққан ауқатты адам Сәт Ниязбеков Ұзынқарғалы болысына екінші рет болыстыққа сайланардағы әрекеттері кезінде біраз ел наразы болады. Бұрынғы болыстық кезеңіне көңілі толмаған адамдар Жамбылдан «өлең шығарып, Сәтті жығып бер», – деп сұрайды. Жамбыл себебін сұрағанда, «қыста жұтқа ұрындырды, жазда шығынмен шаршатты», – дейді. Қарғалы, Қаскелең маңындағы елдер бас қосқан жиында Жамбыл осы өлеңді айтқан. Жамбыл мұнда өзінің сыншылық, әшкерелеушілік қуатын барынша пайдаланбаған. «Қазбасам да мен онша…» деп, өтініш жасаған елдің тілегін ғана орындаған. Сәт кейін Жамбылмен жақсы қарым-қатынаста болған. Сәт
Ниязбековтың 1916 жылғы ұлт-азаттық күресіне қатысушылардың қатарында болғаны жайлы деректер бар. Өлеңді жазып алған – Ғали Орманов.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Жалғызбын деп жүрмесін» – Абай Құнанбаевтың ұлы Әбдірахман қайтыс болғанда айтылған өлең. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында осы оқиға, Әбдірахманды алып қайтуға келген туыстарына Жамбыл мен Сәт Ниязбекұлының көңіл айтуға келуі жеке тарауда суреттелген. Романда Әбдірахман Алматыда (Верныйда) өледі. «Абай» энциклопедиясында
Ташкентте қайтыс болған деп айтылған.
Өлең 1978 жылы жамбылтанушы ғалым Нысанбек Төреқұловтың ұсынуымен «Жетісу» газетінде және Н.Төреқұловтың «Жамбыл мен Кенен» кітабында шыққан.
Жамбылдың 1982 жылғы жинағында өлеңге берілген түсінікте: «Әбдірахман Абайұлы Семей қаласындағы уездік мектепте оқыған, 1886-1889 жылдары Тюмень қаласындағы реалдық училищесінде 5, 6, 7-кластарды бітірген, 1890 жылы унтер-офицер, 1892 жылы портупей-юнкер, содан соң подпоручик деген
әскери шенге ие болған.
Әбдірахман (Әбіш) Ибрагимов 1891 жылдары науқастанады, 1892 жылы жазда Одессада, содан соң Кавказдағы Абас-Туман госпиталінде емделеді, күзде Ташкентке қызметке ауыстырылады.
Әбіштің денсаулығы біртіндеп төмендей берген соң, Семейге бір табан болса да жақын ғой деп Верныйға келеді. Ақыры Әбдірахман әкесі Абайға хат жазады: «Мағауияны жіберіңіз, Мағрипа келмей-ақ қойсын, жас баласы бар ғой…», – деп дерек келтірілген.
Дәл осы тұста Абайдың баласы ауырып жатыр дегенді естіп Жамбыл мен Сәт болыс Верный қаласындағы Әпсемет деген кісінің үйінде сырқаттанып жатқан Әбдірахманның көңілін сұрауға арнайы келеді.

Арада аз уақыт өткен соң 1895 жылы ноябрь айында Әбдірахман қайтыс болады, сүйегін уақытша Верныйға (Алматыға) қояды.
1896 жылы көктемде Алматыдағы Әбдірахманның сүйегін алып қайту үшін Мағауия бастаған Ысқақ Солтабаев, Тәнеке Байтуовтар Әпсеметтің үйіне келеді.
Әпсемет – Құнанбайдың інісі Жақыптың қызынан туған жиені. Ол Жамбылмен сыйлас, құрметтес адам болған.
Семейден келген қаралы көш Әбдірахманның сүйегін былғары табытқа салып, Алатаудан аттанар алдында, Абайға арнап Жамбыл ел атынан осы өлеңді айтады», – деген мәліметтер берілген. Өлең ақынның 1996, 2010 жылғы жинақтарға 1982 жылғы жинақтағы нұсқа бойынша берілген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Тілеміске» – алғаш 1946 жылғы жинақта жарияланып, кейін негізгі жинақтарынының бәріне кірген. Бұл өлеңнің тарихы туралы 1946 жылғы жинақта: «1896 жылдары Жамбыл қырғызға бара жатып Сұлутөрдегі Қасқарауларға соғып, Ноғайбай ауылында болыпты. Сол ауылда Қасқарау Кебекбай батыр жатыр екен дейді. Таңертең бәрі тысқа шығып тұрса, бір тастың басында шақшақ торғай құйрығы қылп-қылп етіп тұр екен.
Кебекбай батыр Тілеміске:
– Анау шіркін не деп қылпылдап тұр? – депті. Сонда Тілеміс:
– Ол, Ноқаң екеуіңе ұқсап, ауыры болса алып кетейін, жеңілі болса тастап кетейін деп тұр ғой, – депті.
– Ай, Тілеміс тілің кесілсін, – деп, Ноғайбай теріс айналып кетіпті.
Сонда Жамбыл жұлып алғандай Тілеміске осы өлеңді айтып жіберген», – деген деректер берілген. 1946 жылғы жинақты дайындауға үкімет тарапынан үлкен талап қойылып, арнайы редакция құрылып, ақынның өлеңдерін жазып алуға қатысқан барлық әдеби хатшылары жұмылдырылған. Түсініктерді негізінен сол кездегі халық ауыз әдебиетінің, Жамбыл шығармашылығының білгірі Есмағамбет Ысмайылов жазған.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Абышқа» – Өлең 1946 жылғы жинақта шыққан. Жамбылдың айтуынан жазып алған Ғали Орманов. 1896 жылдары Жамбыл қырғыз елін аралаған. Бұл өлең туралы Жамбыл Ғ.Ормановқа: 
«Мәмбетәлінің ауылын іздеп жүріп, кешке жақын бір ауылға келдім, – күн сілбіреген жауын, тысқарыда ешкім жоқ екен.
– Уа, кім бар-әй! – деп бар даусыммен айқай салдым. Бір қыз жүгіріп шықты да:
– Қоқый, абышқа тұрбай бар! – деп қайта кіріп кетті. Атты байлай салып мен де кірдім. Үй іші тоң-торыс қарсы алды… Ат жөнімді сұраған соң ғана түс жылытты.
Ел орынға отыра мені есітіп Мәмбетәлі де келді. Ұзақ өлең айтып, күлісіп отырдық. Әлгі мені «абышқа» («абыш» қырғызша «шал» деген сөз) деген қызды айттырған елу бес жастағы біреу ұрын келіп жатыр екен» дейді. Жамбыл осы өлеңді сонда айтыпты.
«Мәңке туралы» – өлең алғаш 1946 жылғы жинақта берілген. Жазып алған – Ғали Орманов. Кейін негізгі жинақтардың бәріне кірген.
1900 жылдары Шамалған өзені бойында үлкен той-жиын болады. Бұрынырақ Жамбылдың аты жоғалып, оны Байтілес руының адамы Қаржаудан көреді. Жанғойлық болысы Мәңке Смайыловқа арыз берсе, Байтілес жағынан пара алып қойған болыс әділ шешім шығармайды. Жамбыл соған байланысты тәмпіш, ел жегіш, парақор болысты ел алдында әжуа етіп өлеңге қосқан.
«Артықша туған азамат» – нақыл, толғау түрінде айтылған өлең. Мазмұнына қарағанда ақынның ел арасында үнемі айтып жүретін шығармаларының бірі болуы керек. Ғ.Ормановтың жазып алған мәтіні Жамбыл мұражайында сақталған. 1982, 1996, 2010 жылғы жинақтарға сол нұсқа берілген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Қабат тусын күн мен ай» – Жамбылдың үйлену салтына байланысты берген батасы. Жазып алған – Әлімқұл Жамбылов.

Жамбыл мұражайындағы мәтін бойынша 1982 жылғы жинақта шыққан. 1996, 2010 жылғы жинақтарға «Бата» атауымен берілген.
Бұл кітапқа 2014 жылғы жинақ бойынша берілді.
«Өсиет» – нақыл түрінде айтылған өлең. Жамбыл өлең мәтінін жазып алған Ғ.Ормановқа: «Есімде қалған бір шумағы осы еді», – депті.
1901 жыл шамасында Бесмойнақ тауында ел арасында беделді, ауқатты болған Сәмбет деген кісіге ас беріледі. Алматы аймағы, Әулиеата жақ, көрші қырғыздар шақырылған асқа Жамбыл да барады. Осы аста Сәмбеттің жақсы қасиеттерін мысал етіп, асқа жиналған ел алдында шығарылған өлең. Алғаш 1946 жылғы жинақта жарияланды. Өлеңнің 2014 жылғы жинақтағы: «Не әкетесің өмірден» деген жолы ӘӨИ 160-бумада: «Не әкетесің өзіңмен» деп берілген. Басқа өзгешелік кездеспеді.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Көп қарға тең келмейді…» – өлең алғаш 1971 жылы шыққан Жамбылдың таңдамалы өлеңдер жинағында жарияланды.
1982, 1996, 2010, 2014 жылғы жинақтарға сол нұсқа бойынша берілген. Нақыл, мақал түріндегі шумақ.
«Шалтабайға» – өлеңді Жамбылдың айтуынан Ғ.Орманов жазып алған. Алғаш 1946 жылғы жинаққа кірген.
Шапырашты Есқожаның Мырзабек елінен шыққан Құдайберген болыстың баласы Шалтабай 1905 жылы болыс болған екен. Шалтабай болыстыққа сайланар кезінде Жамбылға әлденеше рет өлең айтқызып, сыйлап жүріпті. Кейін, шар салынып, болыстыққа сайланып алған соң, Шалтабай Жамбылға
сырт бере бастаған: алдына барса сөзін бітірмей, әуре қылған. Жамбыл бұған шамданып, бір жиында Шалтабайға осы өлеңді айтыпты. Шалтабай 1928 жылы тәркілеуге ұшыраған.
Туыстарымен жер аударылып, 1932 жылдың аштығына ұшырап, көп қудаланып, қорлық көрген. Жамбылдың Құлмамбетпен айтысында аталатын Құттықсейіттің Құдайбергені осы Шалтабайдың әкесі.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.

«Қалиға» – жазып алған – Ғ.Орманов. Алғаш 1946 жылғы жинаққа кірген. Негізгі жинақтарының бәрінде берілген.
Өлеңнің кейіпкері – Қали Ордабаев гимназияда білім алған, ауқатты отбасынан шыққан, әскери шені бар, сол кездегі әкімшілік қызметтер атқарған белгілі адам. 1928 жылы тіркіленген.
Елі Алматының солтүстігіндегі Күрті өзенінің аңғарын жайлаған. Бұл өлеңнің туу туралы 1946 жылғы жинақтағы түсінікте:
«1908 жылдары Жамбыл төмен Сартауқұмдағы Сарыүйсіндерге барып, Әлімқұл датқаның ауылдарын аралапты, өлең айтып көп сыйлықтар алыпты. Бұл жөнінде Ғали Орманов мынадай дәлелдер келтіреді:
Бері қайтарда Күрті өзені бойында отырған Ордабай ауылына түскен. Жамбыл Қали Ордабаевта екі күн қонақ боп, өлең айтқан екен. Сары Үйсін Байбурыл ақын:
Екейдегі Жамбылым,
Ел аралап қаңғырдың.
Елер ме екен Қали деп,
Екі күндей аңдыдың.
Ақырында шаршадың,
Төрде отырып қалғыдың, – депті. Бірақ Қали өзі гимназияда оқыған, қарапайымды менсінбейтін адам екен. Жамбыл мен Байбурылды «қайыршы» деп мысқыл қылыпты.
Көзін жұмып ойланып отырған Жамбыл сол кезде: «Ей, Ордабайұлы Қалиым» – деп осы өлеңді қоя беріпті», – деген нақты деректер келтірілген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Көкімге» – алғаш 1946 жылғы жинақта жарияланады.
Жазып алған – Ғали Орманов. Кейінгі жинақтарға осы нұсқа бойынша берілген.
1911 жылы Екей еліне старшын болған Көкім Мәйкеұлының жағымсыз әрекеттерін байқаған Жамбыл Алматы қаласында кездескен Көкімге осы өлеңді айтқан. Көкім 1933 жылы қайтыс болған.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.

«Тоқтағұлға» – өлең алғаш 1978 жылы «Жетісу» газетінің 20 қазандағы санында шыққан. Мәтінін Қырғыз ССР Ғылым академиясының қолжазба қорынан тапқан Нысанбек Төреқұлов.
Қырғыз халқының даңқты ақыны Тоқтағұл Сатылғанов 1864 жылы Ош аймағында дүниеге келген, 1898 жылы Сібірге жер аударылған. Айдаудан қайтқанда қазақ жерін басып өтіп, Жамбылмен кездескен. 1912 жылы қырғыздың Үлкен Кебін жайлауында манап, орыс үкіметінен полковник шенін алған Шәбден Жантаевқа үлкен ас беріледі. Қырғыз, қазақ түгел шақырылған аста Жамбыл Тоқтағұлға жолығып осы өлеңді айтқан.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Кедей күйі» – өлеңді Жамбылдың айтуынан Ғали Орманов жазып алған. Алғаш 1946 жылғы жинақта жарияланды. Шағын өлеңде терең әлеуметтік қатпар, гуманистік сипат бар. Ауыр жұт жылдары күйзелген елдің жағдайын ақын аяушылықпен өлеңге қосады. Реалистік сипаттағы шығарма. Бала-шағаның қамымен азық іздеп сандалып, қиналып жүрген ағайыны Қалқабайға
жаны ашып айтқан өлең.
«Есенәлі мешкейге» – алғаш Жамбылдың 1955 жылы шыққан үш томдық жинағының бірінші томында жарияланады.
Жамбылдың айтуынан жазып алған – Ғали Орманов. Ақынның басқа да көп өлеңдері сияқты бұл өлеңнің де өмірбаяндық сипаты бар. Бірде Жамбыл Есенәлі деген байдың үйіне қонаққа барады. Сонда Жамбылдың кедейлігін кекеткен болып: «Жамбылдың жүрегіне май батады дейсің бе?» – дейді Есенәлі мешкей, табақтағы қазыны өзіне қарай тартып. («Жамбылдың жүрегіне май батады дейсің бе, – деп Есенәлі деген бай қазыны асап отырғанда, мен оған өлең айтамын» деген ақын айтқан аз сөз ӘӨИ 160-бумада, ЖМҚ-да («Оригиналы стихов и поэм») бар.
Сараңдықпен аты шыққан Есенәлінің өз дастарханының берекесін өзі кетіргеніне ыза болған Жамбыл мысқылдап өлең шығарады.
Өлеңнің түпнұсқасы Жамбыл музейінің архивінде сақталған.
Өлең ақынның 1955, 1957, 1982 жылғы жинақтарына кірген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.

«Қисыбайға» – өлеңді хатқа түсірген – Ғали Орманов.
Жамбылдың 1946, 1957, 1982, 1996, 2010, 2014 жылғы жинақтарына кірген.
Қисыбай – Сарыбай Айдосұлының баласы. Ел билігіне араласып, Ұзынағаш болысына болыс болған. Қазақтың белгілі, әділ билерінің бірі болған әкесіндей беделі, атағы болмаса да біраз жыл ел басқарған. Жамбылға ағайын. Шапырашты Екей руының Ізбасар атасынан. Жасы Жамбылдан біраз кіші. Ағайындық тұрғыдан жақсы қарым-қатынаста болған. Жамбыл өмірінің бір
сәтінен хабар беретін өлеңнің тууы туралы 1946 жылғы жинақта өлеңге берілген түсінікте: «Сарыбайдың баласы Қисыбайға айтылған өлең (шамасы Сарыбайдың асы болған, 1886 жылдары).
Бұл өлеңнің шығу мәнісі былай екен: «Қарақастекте той болғалы жатыпты. Соған баруға Қисыбай жаңа шапан, бешбент, етік тіктіреді. Жамбылдың жаңа киімі болмайды. Сондықтан Жамбыл: «Жаңа киімдерді маған бермесең, басқаларға бұрылып кетем», – деп сазарып отырып алады:
Бұл Жамбыл бір сөйлесе қызып кетер,
Бәтуә-бірлігіңді бұзып кетер.
Ебін тауып ұстамай, өшіктірсең,
Байлап-матап қойсаң да үзіп кетер, – деп өлең айтады. Қисыбай бір киімін беруге ыңғайланса, «Ей, Қисыбай, Қисыбай!» – деп өлеңді тағы қоя береді. Сөйтіп Қыйсыбайдың жаңа тіктірген бар киімін алады. 1946, 1957 жылғы жинақтарда өлеңнің алғашқы алты жолы берілген. 1982 жылғы жинақта 4 жолды бір шумақ қосылған. Ал өлеңнің соңғы осы бір шумағы ӘӨИ 160-бумада
жоқ. 1996, 2010 жылғы жинақтарда «Қисыбай» атауымен осы бір шумақ өлең ғана берілген.
Бұл кітапқа 2014 жылғы жинақ бойынша берілді.
«Үштоқал болыс болды…» – бұл бір шумақ өлең 1982 жылғы жинақта «Қисыбай» өлеңінің соңында жұлдызшалармен бөлініп берілген. 1996, 2010 жылғы жинақтарда «Қисыбай» атауымен осы шумақ қана берілген. Бұл жинақта әрқайсысын жеке шығарма етіп берудегі себеп: кейіпкері бір болғанмен, екі өлеңнің суреттеп отырған оқиғалары бөлек, уақыты, өткен орны
басқа. Бір уақытта айтылмаған. Бұл бір шумақ өлеңде айтылатын оқиғаның деректері әлі күнге дейін ел арасында сақталған.
23 атадан тұратын Екей руы Бәйбішенің балалары, Үштоқал деп шартты түрде бөлінеді. Бір болыс сайлауында Қисыбайға өкпелі болған Күртібай аталастарымен бірге (бәйбішеге жатады) Үштоқал жағының кандидатына дауыс береді. Болыстықты қарсы жақ алғаннан кейін Жамбыл Қисыбайға ренжіп осы өлеңді айтқан.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Әділдік керек халыққа» – Жамбылдың ұзақ өлеңді, қарасөзді шығармасы. Эпостық құрылыс, элементтер бар. Шығарманы жазып алушы өлеңнің шығу тарихын ақынның өзі айтқан деректері бойынша өз атынан баяндайды. Өлеңді мәтін түгелдей Жамбылдың өз сөздері. Өлеңді мәтінде жыраулық поэзияның элементтері, тарихи шолу, толғау, терме үлгілері кездеседі. Жамбылдың ұлықтардың көзіне айтқаны мен олар кеткенде айтқанында мағыналық айырмашылықтар бар. Алғашқысында нақты ситуацияға орай айтылған адресті сыни-реалистік поэзия басым болса, екінші жартысында толғау, насихаттық, термелік сипат басым.
Шығарма Жамбыл мұражайының архивінен алынып, алғаш 1982 жылғы жинақта берілген. 1996, 2010 жылғы жинақтарда 9 бет шамасындағы шығарманың бір беттейін («Асқар тау ғаріп емес пе» деген жолынан бастап «Жамбыл ақын толғаса» деген жолға дейін) «Жаратылыс сыры» атауымен жеке берген. Соңғы жинақты құрастырушылар таза термелік сипаты айқын, формасы, өлең құрылысы бірдей келетін жерін бөліп алған.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Кәдірбайдың төбеті» – Жамбылдың өлеңмен айтылған сюжетті шығармасы. Шығарманың кіріспесі Жамбылдың Кәдірбайға айтқан өлеңінің алдындағы әрекеттерді, оқиғаны баяндаған мәтін. Жырға келмейді. Көлемі аз, көтеріңкі екпіні жоқ реалистік әңгіме түрінде өрбиді. Бірінші жақтан айтылады. Төрт бөлімнен тұратын шығарманың төртінші бөлімі Жамбылдың тікелей Кәдірбайға қаратып айтқан өлеңі. Кең көлемді кіріспенің болуы бұл өлеңді ақынның көп жылдар ел ішінде айтып жүргенін көрсетеді. Жамбыл бұрын бұл шығарманы анағұрлым ұзақ айтқаны туралы деректер кездеседі.
Кәдірбайдың өлген итін жоқтап, ақындарды жинап өлең айтқызбақ болғаны Жамбылдың намысына тиіп, соған шығарған өлең.
Жамбылдың айтуынан Ғали Орманов жазып алған. 1955, 1957, 1982, 2014 жылғы жинақтарға кірген.
Өлеңнің ӘӨИ және ОҒК қолжазба қорларында сақталған нұсқасында мынадай өзгешеліктер бар. 2014 жылғы жинақтағы: «Атымды әбден суардым» деген жолынан кейін «Жараларын жуа алдым» деген бір жолы ӘӨИ 160-бума мен ОҒК 651-бума 4-дәптерде кездесті. Ал «Өзім баурында (мен де орнымда, ОҒК
651-бума 4-дәптер) отырған» және де «Бай қайғысы болды көп» (бөлекті ОҒК 651-бума 4-дәптер) деп берілсе, «Ауылында бел шешпейді, Қорқыт болып түз кезіп, Қайда болса жүр безіп» деген үш жолы ӘӨИ 160-бума, ОҒК 651-бума 4-дәптерде бар. Бұрыңғы жинақтарда қысқартылған болуы мүмкін. Біз осы үш жолды 2014 жылғы кітаптағы мәтінге енгіздік. Өлеңде: «Күзетіп жүр малыңды» (Күзеткен қора малыңды, ӘӨИ 160-бума, ОҒК 651-бума 4-дәптер), «Көпшілікті
бүлдіріп» (Жалпақ жұртты шулатып, ӘӨИ 160-бума, ОҒК 651-бума 4-дәптер) деп берілген. Бұларды түсінікте келтіріп отырмыз.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Өстепкеде» – 1913 жылы Романовтар династиясының патшалық құрғанына 300 жыл толуына орай Ресей мен Ресейдің қол астындағы аймақтарда отаршылық үкімет тарапынан мерейтойлық шаралар ұйымдастырылды, тойлар өтті. Осы шаралардың бір пунктінде жергілікті халықтардың этнографиясын, тұрмысын, өнерін көрсету, көрмелер ұйымдастыру туралы айтылған. Алматыда (Верныйда) Бас арықтың (қазіргі Абай даңғылы) бойында көптеген киіз үйлер тігіліп, қазақтың тұрмысы, үй-жайы, қолөнеріне қатысты ұлттық бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Қазақтың қару-жарағы, сауыт-сайманы көрсетілді. Бұл үшін Ұзынағаш болысынан Мақыш Райымбеков батыр шақырылған. Көрме көріністерінен фотограф Лейбин фотоальбом жасады (Ұлттық кітапхананың сирек материалдар қорында сақтаулы). Көрмеге 30 ақын шақырылған. 1982
жылғы жинақта берілген түсінікте төмендегі ақындар аталған: Жамбыл Жабаев, Қарабек, Байсалмақ, Мақыш, Сүлеймен, Арғынбай (Екей руынан), Арқабай, Мамырайым (Меркіден), Мүсірепұлы Сәдібек, Шүкітай (Жаныс руынан), Жанақбай (Бұйдас), Әбдіқадыр Қасымбаев, Өмірзақ Қарғабаев (Есқожа),
Мұхаметжан (Қасқарау), Манақ (Жалайыр), Шарғын (Шағатай), Ізбасар, Жалымбет (Төлеміс), Байбурыл (Сарыүйсін), Қожантай (Құралас), Қарақбай (Дулат), Бекалы, Бектұрсын, Рысқұл, Құрама (Ысты); Үмбетәлі Кәрібаев (Айқым), Кенен (Қасқарау), Бармақ ақын, Қуандық (Сәмбет), Әмір (Тілеуқабыл).
Бұлардың ішінде жасы үлкені де, ең атақтысы да Жамбыл болатын. Патша әулетін мадақтап өлең айтуға тиісті ақындарды үйге қамағандай ұстап отыруды Жамбылға тапсырған. Ақындар көрмені аралап кеткенде Жамбылға: «неге тараттың?» – деп орыс әкімі қол жұмсайды. Шарғын ақын екеуі таяқ жейді.
Жетісу облысынан жиналған Үйсін, Найман, қырғыз бай-болыстарының жағымпаздығын көріп, етіне таяқ тигеніне намыстанып, осы өлеңді айтқан. Өлең тез арада ел ішіне тарап кеткен.
Өлеңді Жамбылдың айтуынан Ғали Орманов жазып алған.
1946 жылдан бастап барлық жинақтарына беріліп келеді.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Халықтың еркі кетті…» – 1916 жылы Ресей үкіметі шет аймақтағы бұратана халықтардан 1-дүниежүзілік соғыстың майданында қара жұмыстар атқару үшін адам алу туралы жарлық шығарды. Айдаладағы империалистік елдердің эгоистік пиғылдарынан туындаған соғысқа баруға халық өкілдерінің қарсы болуы заңды тілек болатын. Астамшылықпен ешбір дайындықсыз, ескертусіз жарлық шығарып, шұғыл тізім жасауға кіріскенде Қазақстанның әр жерлерінде наразылықтар туды. Әсіресе Торғайда, Жетісу өлкесінде халық жаппай көтерілді. Қолында отты қаруы жоқтың қасы болған. Қазақтарды тұрақты патша әскері, казактар, шұғыл түрде қаруландырылған орыс шаруалары аяусыз қырғынға ұшыратты. Елдің көбі шекара асып, Қытайға ауды.
Қазіргі Жамбыл, Қарасай аудандарының Үшқоңыр, Қарғалы, Ұзынағаш, Қастек, Шиен, Самсы, Тарғап деген жерлеріндегі көтерілісшілер арасында Жамбыл бастан аяқ болып, өз өлеңдерімен жігіттерді жігерлендірді. Патша әкімшілігі жасаған қара тізімнің ішінде басқа көтеріліс басшыларымен бірге Жамбыл да
болды. Ақынның 1916 жыл оқиғасына орай туған бірнеше шығармалары бар.
Бұл өлең ақын мұражайы архивінен алынып, 1982 жылғы жинаққа кіргізілген. 1996, 2010, 2014 жылғы жинақтарда берілген.
Жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Патша әмірі тарылды» – өлең алғаш 1946 жылғы жинақта жарияланған. Жамбылдың айтуынан жазып алған – Ғали Орманов. 1946 жылғы жинақта өлеңге берілген түсінікте: «1916 жылы июнь жарлығын естігеннен кейін ел іші қатты дүрліккен. Патша әміріне қарсы көтеріліс жасауға бел байлаған.
Жая, Қасқасу, Үшқоңыр, Құмбел, Үлкенсаз, Қарақия, Майтөбе, Қарабастау, Құлансаз жайлауында жалғас отырған елдер хабарласып, патша үкіметіне қарсы соғысуға бәтуа жасаған.
Жамбыл сол қозғалыста алдымен өлең айтып елге жар салған. Бұл өлең сол кезде айтылған. Бұған қоса «Зілді бұйрық» деген өлең шығарып, ел жаттап әкеткен.
Кейін, Қарғалы бойындағы Қарамолда деген елдің ереуілін қалаға хабарлап, «отряд» шығып, қозғалыс басшылары Бекболат пен Байбосынды ұстап алып, дарға тартқан соң ғана, ел толқыны толастаған. Бірақ, Жамбылдың өлеңі ел аузында сақталып қала берген», – деген.

Бұл аймақтағы көтеріліс тарихы кейінгі жылдары көптеген жаңа деректермен толықты. Патша әкімшілігінің көтерілісті басуға әскер шығаруына тек қана Қарамолда деген елдің қарсылығы ғана емес, Қастек, Шиен, Самсыдағы көтерілісшілердің шұғыл қимылдары – орыс әкімшілігінің елеулі орталықтарының бірі Ұзынағаш бекетіне қауіп төнуі де әсер еткен.
Өлеңде көтерілістің оқиғалық жағынан гөрі ұлт-азаттық идеяны толғау түрінде жырлау басым. Жамбылдың негізгі жинақтарының бәріне кірген.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Зілді бұйрық» – өлең 1946 жылғы жинақта жарияланған.
Өлеңге берілген түсінікте: «Бұл Жамбылдың 1916 жылдың ұлы қозғалысы кезінде айтқан өлеңі. 1916 жыл жайында көптен жиналып келе жатқан бай фольклор материалдың арасынан тапқан Есмағамбет Ысмайылов. Өлеңді 1939 жылы Жамбылдың өзіне оқып көргенімізде – менің жырым мұнан мол еді, бұл сол кезде айтқан жырымның оннан бір бөлігі ғана дейді. Өлеңнің бірде-бір сөзі өзгерместен алғаш 1940 жылғы Жамбыл шығармаларының бір томдығында (105-108-бб.) басылған.
Байбосын, Бекболат екеуі де көтерілістің айбынды басшылары, Алматыда дарға асылған. Бекболат туралы халық ақыны Иса Дәукебаев шығарған дастан бар. Қалиқұл, Ботпай, Саттар да сол көтерілісті бастаған ерлер», – деген деректер берілген.
Жамбылдың «Зілді бұйрықты» кезінде көлемді жыр деңгейінде айтқандығы туралы деректер бірнеше жерде кездеседі.
Көлемді сюжетті өлеңде толыққанды тарихи жырдың нобайы анық байқалады. Кіріспеде «Верныйдан» жандаралдар бұйрық қылды» деп бастап, содан кейінгі халықтың күйін суреттейді. Әрі қарай «Пристав келіп қалды бала сұрап», «Ел жатыр бермейміз деп қойдай шулап», «Пристав кетті – еріксіз аламын»
деп 1916 жыл оқиғасын рет-ретімен суреттейді. Көтерілістің барысы «Суында Қарғалының ауыз ашты», «Бір бәлекет халыққа душарласты», «Келді де алып кетті жақсыны айдап» деп әр шумақ сайын қозғалыстың бір кезеңін беріп отыр. Бекболат Әшекеевтің дарға асылуы «Қалиқұлды бірге жазды дарасына, Байбосындар қоса кетті арасында» деген жолдармен жалғасады.
Мұнда аталған Байбосын Тамабаев, Қалиқұл Сапаевтар туралы деректер Бекболат бастаған Үшқоңыр көтерілісі жайлы архивтегі тергеу материалдарында көп кездеседі. «Зілді бұйрық» өлеңінде айтылатын көтерілісшілердің орыс пикеті Самсыны алуы, Ұзынағашқа (ол кезде Казанско-Богородское селосы) шабуылға дайындалуы, Шиендегі соғыс, сонда Сатай Көбегенұлы батырдың оққа ұшуы тарихи деректермен салыстырғанда дәлме-дәл келеді. Сатайдың аты 1940 жылғы жинақта Саттар болып қате жазылған. Кейінгі жинақтарда да солай берілген. 2014 жылғы басылымда Сатай деп жазылған.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Халық кегі» – Өлең алғаш рет 1940 жылғы жинақта жарық көрген. 1982 жылғы жинаққа 1940 жылғы басылым негіз болған.
Көркемдігі жоғары, патриоттық сипаты айқын бір шумақ өлеңде 1916 жыл оқиғасы кезіндегі халықтың көңіл-күйін берген.
«Жол үстінде» – өлең алғаш 1946 жылғы жинақта шыққан.
Өлеңге берілген түсінікте: «1917 жылы Жылан жұты болған. Көктемде (1917 жылдың басында) ел тым ашығып, көп адамдары шығынданған. Аяғы жеткендер қадақтап, бұттап қаладан астық алып, егін салған. Сол кезде Жамбыл:
Жылан келді жалақтап,
Жұртты кетті тамақтап,
Қалаларға шұбырып,
Бидай жидық қадақтап, – деп айтқан өлеңі бар. Бірақ елдің бәрі бірдей астық салып үлгермеген. Көбі күздігүні кеусендеп, мал сатып астық жинаған.
Жамбыл үйі де астық сала алмаған. Күздігүні ел қыдырып, қырман аралап кеусен жинаған. Сол кезде Ұзынағаш аяғында тары жинап жатқан Ақмырза деген елге кездесіп, «Жол үстінде» деген осы өлеңін Жамбыл сол кезде айтыпты.
1940 жылы Жамбыл «Еңбекші арал» колхозына (Жамбыл ауданы) барғанда Ақмырзаның бір шалы:
– Жамбыл сен баяғыда осылай деп едің-ау! – деп есінде жүрген осы өлеңді айтып береді. Өлеңді жазып алған – Ғали Орманов. Бұл жинақта бірінші рет басылып отыр», – деген деректер берілген.
Ақмырза 23 атадан тұратын Екей руының бір атасы. Қазір негізінде Алматы облысы Жамбыл ауданында Қарасу, Еңбекшіарал ауылдарында тұрады.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.
«Таппаспын сендей салақты» – бұл өлеңді «Қазақ әдебиеті» газетінің 1982 жылғы 2 көкектегі санына жамбылтанушы ғалым Нысанбек Төреқұлов ұсынған. Сол жылы шыққан Жамбылдың екі томдық шығармалар жинағының бірінші томына берілген.
Сол жинақтағы түсінікте: «Бірде Жамбыл Қордай жақтан қайтып келе жатқанда, Самсы селосындағы Қаттаубай қарттың үйіне түседі. Енді аттанып қайтайын деп тұрғанда сол ауылдың бір жігіті келіп:
– Жәке, біздің үйге де ат басын бұра кетіңіз, – деп қиылып өтініш айтады.
Жамбыл жас жігіттің көңілін қимай шақырған үйге барған бетте дастарханның үстінде тұрған бір шөлмек арақты көреді, бұған назаланғандықтан әлгі жігітке арнап осы өлеңді айтқан», – деген мәлімет берілген.
Өлең 1996, 2010 жылғы жинақтарда жарияланған.
Бұл жинаққа 2014 жылғы кітап бойынша берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы