Әр жылдары айтылған өлең-толғауларының толық нұсқасы
ӘКЕМЕ
Сөртінің ұрлап қара атын,
Жазықсыз қиып қанатын.
«Жапанда жаяу қалдырып»,
Жайым жоқ қарғыс алатын.
Ел арасын ығыр қып,
Ойым жоқ шұрқан2 салатын.
Қоныстан елді бостырып.
Неміз бар енді шабатын!
Өлең мен сөзді дос қылып,
Құрамын ақын санатын!
Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.
Жапаның ұлы ақын боп,
Жақсы істепті дер, әке!
Домбыра алып сөйлейін,
Күнде жасап мереке.
Мерекелі болған соң,
Елде болар береке.
Ұрлық түбі – қорлық деп,
Болармыз құр келеке.
ТӘЙТІ МЕН ШЫБЫЛ ШАЛҒА
Қажыдан кеше ғана келді дерек,
Союға мал, шашуға ақша керек.
Тәйтекем ұжмақтан орын тапты,
Қаза тауып жарықтық елден ерек.
Ақшаңды шаш, ағайын, малыңды же,
Жақсы өлімге жабығу болар қате.
Жас қалып, алдында кәрі кетсе,
Оның өзі емес пе, той-мереке.
* * *
Мекеге біреу барса, Шыбыл барсын,
Шыбылдан басқаң барсаң, шығындарсың.
Кебінін өлгендердің жиып алып,
Ақыретке барғанда шырылдарсың.
САРЫБАЙҒА
Сарыеке, салдым бір сөз сыныңызға,
Сіздің сын таразы ғой сырымызға.
Қолыма домбыра алып талап қылдым,
Бересіз қандай баға ұлыңызға?
Жаманның көңілі көкте, жерде басы,
Алыс қой аңғарғанға екі арасы…
Жақсының өзі кішік, ойы биік,
Бірдей ме екеуінің мәртебесі?
Біреулер малмен бәрін бөктеріп жүр,
Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.
Көтеріп дүниенің көң-қоқырын,
Апарып қай шұқырға төккелі жүр?
Біреулер «қайтемін» деп қалтаңдап жүр,
Әркімнің аузына бір жалтаңдап жүр…
Біреулер біліп тұрып жете алмайды,
Аяғын қандай нәрсе арқандап жүр?
Көңілі кейбіреулердің бұлтта жүр,
Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр.
Біреулер қара сөзді қамшы қылып,
Қуды мініп, құланды құрықтап жүр.
Қайсысын маған соның еп көресіз?
Әкетсем өзім таңдап өкпелерсіз…
Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз,
Өлең болсын серігің деп бересіз!
* * *
Айрылдым арманменен, қайран Бұрым,
Айдай ед толықсыған аппақ нұрың.
Алдаңдым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын.
БАЙҰЗАҚ МОЛДАҒА
Отынға екеу кетті, бірі – молда,
Мінгені молдасының шұбар жорға.
Молдасы Сарыекемнің ұрлық қылып,
Құдая, кешіре гөр, өзің тоба?!
КӘМШАТ ҚЫЗ
Кермиық Кәмшат қыздың көрдік көркін,
Қондырған шекесіне құндыз бөркін.
Секілді алтай түлкі сылаң қағып,
Шеніне келтірмейді-ау емін-еркін.
Қырандай қияннан-ақ ілер едім,
Қырқада қызыл жүзін бұрса бертін.
Шаң жұқпас шашасына саңлақ едім,
Сан жерде шаршы төске самғап едім.
Жұртшыдай жұрт торымай, алысқа ұшып,
Алатын тоятымды таңдап едім.
Айдынның ақ шортанын жібермейтін,
Жасымнан жаза баспас қармақ едім.
Болғанмен сыртым қораш, ішім сұлу,
Сол ғана жүрегіме берген жылу.
Ажары бет пен жанның бірдей емес,
Керек-ау, Кәмшат, соны пайым қылу!
Солмай ма көктемдегі әдемі гүл,
Оңбай ма бетке біткен әдемі түр?!
Еңкейіп екіндіге күн құласа,
Көріксіз көрінбей ме дүние бір.
Осының бәрі мысал ойлағанға,
Кәмшат қыз, ойлан, ойлан ба, оны өзің біл.
Көңілге келіп бір сөз қалғаннан соң,
Тынар ма, айтып өтпей қу қызыл тіл!..
* * *
Сыртың бір сұлу жан екен,
Сыпайы көзге көрінген.
Сыр-мінезің бар екен,
Сөйлесуге ерінген.
Қамқа-қамзол киініп,
Қас-қабағың керілген.
Қарапайым адамнан,
Қомытсынып жерінген,
Жұбайыңды есіттім,
Таңдап тапқан еліңнен.
Өзі қарау, тарыншақ,
Қас Қарымбай делінген.
Салғаныңды көрермін,
Соған барып серуен.
Сөйлесермін оралып,
Сонда, Кәмшат, сенімен!
САРАҢ БАЙ МЕН ЖОМАРТ КЕДЕЙ
Малы көп бай жылайды қар жауғанда,
Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.
Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,
Әйелі шелек толы сүт сауғанға.
Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,
Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап.
Ең болмаса айранға тойғызса деп,
Жатса, тұрса тілейді «а, Құдайлап».
Сараң байдың үйіне қонақ келсе,
Қояды кәрі қойын ол ыңғайлап.
Кедей жомарт үйіне мейман келсе,
Жалғыз қойдың тұрады басын байлап.
* * *
Бай жалтаң, кедей қалтаң, халық дархан,
Көп жердің дәмін таттық сыбай-салтаң.
Елімнің азаматын таныс қылған,
От жырым, қызыл тілім, сенің арқаң!
ӨЛЕҢШІ ОМАРҒА
Жағынба босқа байға, Омар ақын,
Байлардан саған мынау кедей жақын.
Енеңді мықтап мырза бір боқтайды,
Берерде қойға қоңыр шолақ атын.
Тек отыр, меніменен айтыспай-ақ,
Жетеді саған ақын некен-саяқ.
Үрпиіп жүні түскен қоңыр қаздай,
Соғуға қанатыммен тұрмын аяп!
ЖАНЫС АҚЫНҒА
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай!
Сүйінбай – деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай!
Екпініме кезіккен
Кетер ме екен жығылмай!?
Құлаштап бір кетейін,
Көбен3 құсап тығылмай.
Қашсаң қуып жетейін,
Бізге жабы4 бұйым ба-ай!
Селтеңдеген ақынды,
Көрмеуші едім шыбындай.
Кәне, сөйлеп жіберші,
Айтыспағың шының ба-ай?!
Деп келдің бе Жамбылды
Күнде жеңген Шыбылдай5.
ЖЫЛҚЫШЫ
Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,
Салқын күзде бір жылы үйді білмей.
Сахарада салақтап күндіз-түні,
Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей.
Саяқ іздеп Саркемер, Сартауқұмнан,
Табылса деп, жонымыз бір тілінбей.
Байтал түгіл бас қайғы болып жүріп,
Қайтпекші едік, төсектен біз түңілмей!
ПҰШЫҚТЫҢ ҰРЫҒА АЙТҚАНЫ
Шығып ем бүгін мініп көк байталға,
Кез болдым екеуіңе көк қайқаңда.
Көк байтал өзі семіз, өзі буаз,
Жануар шаба алмаса өкпе айтам ба?
Екеуің келе сала пұшықты алдың,
Өкпесін өзі дімкәс қысып та алдың.
Қалғандай қағындысы құрттан әлі,
Пұшықты бартылдатып ұшықтадың.
Олжалап кетерсіңдер байталымды,
Қалмаймын мен де бүгіп айтарымды.
Осы өлең қайда барсаң қиқу салып,
Қуалар бойларыңнан сайтаныңды.
Білемін, бірің Манас, бірің Сырым,
Пұшықты тонағаның жаман ырым.
Атыңды біреуіңнің бірің атап,
Көріп пе ең, адам тонап бұдан бұрын.
Ала бер байталымды, Сырым, Манас6,
Байталға мейлің өліс, мейлің талас.
Атыңды екеуіңнің біліп алдым,
Аржағы керегі жоқ, болды қалас!
КЕТІПТІ ҒОЙ БАСЫҢ АУЫП
Болысжан, жүрген жерің күнде сауық,
Пенденің бойында көп қатер-хауіп.
Екейдің жындысымен жарысам деп,
Сенің де кетіпті ғой басың ауып.
ӘЗІЛ
Жамбылға астың жауырын,
«Таңдап-ақ астың тәуірін».
Түйе қарап жүрген бұл Жамбыл
Аймалап бассын әуірін.
САРАҢ КЕЛІНГЕ
Естемес бастас болдың Кәсенменен7,
Сөйлейді мына келін
Аузын ашып әсемменен.
Бар екен деп асыңды төгіп-шашпай,
Бұдан былай асып жүр бәсеңменен.
КЕСІРЛІ ҚАТЫНҒА
Қызғалдақтай жүзі бар Саймасайдың,
Кесірлі қатыны бар Алмасайдың.
Қырғыз, қазақ бас қосса, топ жарады,
Жиреншедей тілі бар ер Қосайдың!
Ел жұтаса, екі елі кемімейді,
Қара қазан қатыны сараң байдың.
* * *
Ел едің құт дарыған Есім-Малай,
Қыдырып қызығыңды көрдім талай.
Арқаңда үрлеп ішіп, шайқап төктім,
Қайтқалы бет түзедім елге қарай.
Кең біткен етек-жеңі ағайын ең,
Беріпті саған дәулет соған жарай.
Балаңа бесіктегі белгілі ғой,
Санатқа ілінбеген Қожан қалай?
Барармын баян қылып бәрін төске,
Бейілің берекеңмен болар есте.
Адамның алыс жүрсе аңсары ауып,
Көруге құмартары сол емес пе?!
Жан екен жағын сауған аларманда,
Артымнан мен кеткен соң солай деспе.
Ат міндім, атан алдым, шекпен кидім,
Жөнім жоқ сені мақтап сөйлемеске.
Ағайын-туған есен бол,
Алшайып атқа мінейін.
Енді айналып келгенше,
Аңсай-аңсай жүрейін.
Шүйгініңе сонылап,
Шынарыңа түнедім.
Қош аман бол, құрметті ел,
Қадіріңді білейін!
ҚУҒЫН
Екі жылқы алдырдым,
Майтөбенің жонынан.
Бергенім жоқ қолымнан,
Ұры әкетті торыған.
Ізі осылай ойысты,
Қуып келем соңынан.
Сөзім емес, Бәйеке,
Сізді ұрыға жорыған.
Қыдыр шалған жылқыңның,
Қаратыңыз тобынан!
Табылмаса тобыңнан,
Көрейін өз сорымнан.
ШӘБДЕНГЕ
Уа, шаһибаз, хан Шәбден!
Атым арып келді әбден.
Тоным тозып жүдедім,
Орын бермей жан төрден.
Ақ ордаңа енейін,
Аман-сәлем берейін,
Аз дамылдап алайын,
Өзіме-өзім келейін.
Жан таң қалған сөзімді,
Алдыңа бір төгейін.
Күн қиядан батқанша,
Ай қиядан асқанша,
Ағыл-тегіл тер болып,
Жорғалайын, желейін.
Басы биік Алатау!
Жер өмірден көрінер,
Арнап келдім, батыр-ау,
Амандасып қолың бер!
Ауыл алыс болса да,
Атағыңды көрдім бел.
Атым арық, тон тозық,
Қысып келді аштық, шөл.
Жерімізде жұт болып,
Өспей қалды биыл төл.
Бұйымтайым, мұңым да,
Әзірше айтар сізге сол.
СЫРТТАНҒА
Қыдыралы, Құлшаннан,
Құлаш ұрған Сырттаным.
Жерді болжап күн шалған,
Жүргеніңді ұққамын.
Қыдыралы, Есімбек,
Эрентальды сабаған.
Ер туған ұл десін деп,
Бір кәдеге жараған.
Маманыңның өрені,
Тиын-тебен санаған.
Құтылғалы кетіпсің,
Олар жапқан жаладан.
Енді ниет етіпсің,
Кім кірмеген қаладан.
Сендей қазақ аз шығар,
Үміт қылған баладан.
Екі балаң жетілсе,
Құтыларсың табадан.
Дәметкемін жетімше,
Сендей білгір ағадан.
* * *
Төментіннен келесің екі қуым,
Елдің жәйін білесің буын-буын.
Қанын сорып екеуің атқа мінсең,
Тағы кімнің тартасың сары суын.
Елден тиын қоймайсың түтін санап,
Есебіңнің аяғын шығарарда
Рахмет пұшықты алдың талап.
СЫЗДЫҚ СҰЛТАНҒА
Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің,
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды,
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде,
Дұшпандарың бас ұрған.
Даңқыңды естіп жүруші ем,
Шартарапқа шашылған.
Ақ жүзіңді көрген соң,
Енді мауқым басылған.
Ауылға жүр, қонақ бол,
Атан алып, ат мініп,
Ағайынға беріп қол,
Аттанарсың, Сыдеке,
Ата жолы деген сол!
Арнап келіп алғаның,
Алтын жүзік, сары қасқа ер.
Атаңыздың аруағын,
Сыйлайды екен бір тайпы ел.
Екеуінің8 қалғаны –
«Он бір жыра» деген жер.
Оны да айтты ағайын,
Іштен шықты қайғы-шер.
Атаның не арманы –
Іздеп келіп артынан,
Бата қылса сіздей ер!
ЕСТЕ ҚАЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕРДЕН9
Кенесары, Наурызбай заманында жаннан асқан ер болды. Қазақты орысқа бермеймін деп, Сарыарқада соғыс салды. Ақмоланы, Ақтауды, Адырлы қалаларын алып, солдаттарды қойдай қырды. Бірақ жер-дүниені алып қаптаған патша әскері азаймады, күн сайын көбейе берді, зеңбірегін сүйретіп, Кенесары, Наурызбайдың соңынан қалмады. Қазақтың Көкшетау, Есіл, Нұра, Баянауыл, Қарқаралы сияқты жақсы жерлерін тартып алды. Елді қойға тиген қасқырдай талады. Кенесары, Наурызбай сол таланған елді қорғаймын деп, қасына мың сан батыр қол ертіп жүрді. Бірақ Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді? Ол етектен алған «иттерден» жеңілді ғой. Қазақтың алауыздығы оңған ба? Кенесарының тілеуіндемін деп жүрген байлардың, төрелердің барлығы да патша әскеріне болысып кетті, елдің ішіне іріткі салды. Олар патшадан шен-шекпен алды, аға сұлтан болды, заседатель болды. Сөйтіп, ел іші өзара бірлігі кетіп, ынтымағы жойылған кезде патшаның солдаттары Кенесары, Наурызбайды Сарыарқаға
тұрғызбай, мазасын ала берді: ауылын шапты, мал-мүлкін талады, қатын-балаларын тұтқындады. Ақырында Кенесары Ұлы жүзге – Алатауға қарай беттеп көшті. Әуелі Балқашта, Іленің қойнауында, жалайырдың шетінде жатты. Бұл жер жұттан шалғай еді.
Орыс әскерімен белдесуге күш жию үшін:
Қамауда жатып хал болмас,
Қолыңа қалың ел қонбас, –
деп, Кенесары соңынан ерген елімен, батырларымен Ілені кесіп өтіп, Шу бойын өрлей көшпеді ме?! Сонан Қордайда шапырашты Тойшыбек батырдың ауылына тоқтады ғой. Атағы жер жарған Кенесары, Наурызбай келді деген соң Ұлы жүз – Дулат
елі қалмай жиналды, күні-түні Кененің ауылын босатпады. Дулаттың батыры Сыпатай да, шапыраштының ерлері Саурық, Сұраншы да, қоңыраттан шыққан Байзақ та, төре Рүстем де қалмай келді. Кенесары екі күн ұдайы ешбір адаммен сөйлеспей, маңдайын ұстап, ауыр ойланып, төмен қарап отырып алды.
Рүстем төре де, Сыпатай батыр да Кенесары отырған ақ боз үйдің алдынан анадай жерден түсіп, «алдиярлап» қолын қусырып, рұқсат сұраудан басқа бір ауыз тіл қатуға бата алмаған. Келгендердің бәрімен Наурызбай ғана сөйлескен. Сонда 19 жасар жас батыр Сұраншы атының басын Кенесары отырған үйге тіреп тұрып, есіктің маңдайшасын көтеріп, былай депті:
– Хан бетін басып, басын тұқыртып, неге төмен қарай береді? Біз ұялшақ қатын көргелі келгеніміз жоқ, ондай қатындар ауылымызда жеткілікті, біз ел бастаған, жау жасқаған батырды көргелі келдік, – депті.
Сонда Кенесары басын жұлып алып:
– Уа, ерім екенсің ғой, атыңнан түсіп, жоғары шық! – депті.
Сұраншыға оң тізесінен орын беріпті. Сонан кейін барып Сыпатай, Рүстемдер де «алдиярлап» үйге кірген екен. Бірақ Кенесары олардың бірде-бірімен жылы сөйлеспей, өзінің үйіне баса-көктеп кірген ер жігіттермен ашылып сөйлесіпті. 17 жасар Байсейіт батыр да атымен құйғытып шауып келіп, Кенесарының отырған үйінің дәл табалдырығының алдына тоқтапты. Әкесі Тойшыбек:
– Бұл не бейбастық, сен ханды басынамысың? – деп шыға келіп ұрысқан екен, Бәйсейіт кимелеп:
– Мен хан деп келгем жоқ, батыр деп келдім, батырдан батыр қорықпайды, – деп, үйге кіре беріпті. Кенесары бұған да оң тізесінен орын берген. Кенесарыға еріп келген өңкей батырларға Жетісудың кілең айбынды ерлері қосылып, Алатауды сілкінткендей бір қалың, қайратты қол құралады. Кенекеңнің Жетісуға келгенін бір кезде Сүйінбай бәріміз ұзақ жырмен айтушы едік, сонан есте қалғандары тіпті аз…
Алдына дабыл өңгерген,
Артына сауыт бөктерген,
Кенекем келді алыстан.
Ақауызы арқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
Жауар бұлттай түйіліп,
Найзасын көкке үйіріп,
Наркескені жарқылдап,
Наурызбай келді арыстан.
Жауды көрсе қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Табыннан шыққан Бұқарбай,
Ту ұстаған Нәпбай,
Жортуыл жолшы Бұғыбай.
Жалаң қылыш байланған,
Жау қайда деп сайланған,
Батырлар келді Қордайға…
Кенесары келген соң,
Өңкей ерді көрген соң,
Ерлігін жаннан асырған,
Бес қаруын асынған.
Келді Саурық, Сыпатай,
Жас Байсейіт, Сұраншы,
Келді бәрі қалмастан,
Кенесары алдына
Өңкей көкжал бас қосқан…
Қара тасты айырар,
Қайраттары алмастан.
Сондай ерлер өтті ғой,
Дұшпанымен айқасқан… – деп толғаушы едік.
МӘМБЕТКЕ
Уа, қадірлі Мәмбетім,
Ауылыңда алты күн,
Дамыл алмай әндеттім.
Ән мен күйді тоғылтып,
Айналаңды сәнді еттім.
Атан беріп, ат беріп,
Ақырында дәндеттің.
Алты ай өтіп арада,
Ауылыма сен жеттің.
Жамбыл үйі жаман деп,
Атақ жайып сен кеттің.
Үйім жаман болғанмен,
Сөзімді жұрт сыйлайды.
Айтқандарым жаққан соң,
Алыс, жақын тыңдайды.
Сен жамандап кетсең де,
Мені жұртым қимайды.
Бай есіркеп бермейді,
Айтқаныма улайды.
Қайтармасаң бодауын,
Тағы артынан тулайды…
Айтпасыма болмайды,
Қылығы ішке сыймайды.
Түк қайыры болмаса,
Несіне мал жинайды?!
* * *
Садырмекке ат шапты,
Суықтөбе баурында.
Қырғыз, қазақ бас қосты,
Сәке болыс ауылында.
Қатарлап үйді тіктіріп,
Қамбалап қазан қайнаттың,
Желілеп бие байлаттың.
Сауын айтып, ас беріп,
Ақындарды сайраттың.
Атаңа зорлық көрсеткен,
Мырзабек пен Кәшкенің,
Басына таяқ ойнаттың.
СӘТ САЙЛАНАРДА
Лашын құстай таранып,
Сыртың сұлу көрінген,
Неңді медеу саналық,
Жел еседі жеріңнен.
Қайымады түйелер,
Қысырады биелер,
Қыста қырсыз, жұт болдың.
Елге жүгіңді үйе бер.
Шығынмен де шаршаттың,
Енді қайтіп күй енер?!
Көргеніміз сол болса,
Неміз қалды сүйенер!
Қазбасам да мен онша,
Елдің өзі-ақ жүйелер.
ЖАЛҒЫЗБЫН ДЕП ЖҮРМЕСІН
Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда!
Бір жұтқан судай дүниесін,
Ащысын татып күймесін.
Жапанға біткен байтерек,
Жалғызбын деп жүрмесін.
Кемелге келген асыл-ай,
Тасқынды тәңір басуы-ай.
Нар көтерген ауырға,
Арқасын тоссын жасымай!
ТІЛЕМІСКЕ
Ей, Тілеміс, Тілеміс!
Тілің мірдің оғындай.
Тиіп кетсе күйдірген,
Сексеуілдің шоғындай.
Қарсы келген жау болса,
Құтылмайды соғылмай.
Құр сүлдесі қалғанша
Қара терге шомылмай!
Кебекбай мен Ноғайбай,
Тіліңнен-ақ именіп,
Жүр ғой сені соға алмай!
АБЫШҚА
Мәмбетәлі ауылында,
Атандым мен абышқа10,
Абышқа деп мына қыз,
Тиіп кетті намысқа.
Абышқаның сақалы,
Әлде бұған таныс па?
Абышқаны байқасам,
Емес екен алыста.
Абышқа ма, қарашы,
Біздің әсем дауысқа,
Ұзақ таңға қарлықпас,
Ұлы дүбір шабыста.
Айтқан сөзім шет болса,
Сынатайық қалысқа.
Не болмаса жөнде өзің,
Тұлғаң түзу жан екен,
Түсінетін әр нұсқа…
МӘҢКЕ ТУРАЛЫ
Жанғойлық болысы пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді.
Екі арадан ептеп жерінде,
Көздерін қысып келеді.
Сөздерін ұзарта келеді,
Өңешін қызарта келеді.
Өнімі азырақ жерде,
Үстіне тұз арта келеді.
Ыңыранып отырып алады,
Әр алуан қырға салады.
Ақыры Құдай жарылқап,
Қалталарын толтырып алады.
АРТЫҚША ТУҒАН АЗАМАТ
Жігіттіктің кезінде,
Жігерлі болса ер болар.
Тұрмаса жігіт сөзінде,
Нәсілі оның кем болар.
Қажырлы болса майданда,
Халыққа сөзі ем болар.
Ел үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария кең болар.
Бірлігі кетсе ағайын,
Әркімдерге жем болар.
Білімсіз болса жолдасың,
Қылған қайырың сел болар.
Артықша туған азамат,
Халыққа үлкен бел болар.
Серт адамды байлайды,
Ер жігіт серттен таймайды.
Өршеленген кезеңде,
Өлімді кім ойлайды.
Жігері болса жігітің,
Орындамай қоймайды.
Атқан оқтан қайтпайтын,
Өтірік сөз айтпайтын.
Кезеңді жерде кез болса,
Қорқып тізгін тартпайтын,
Батыр Қараш, Саурық,
Шапырашты Өтеген,
Батырлардың еңбегі,
Таныс маған ертеден.
Жамбылдың да серті бар,
Әділдік көрмей өмірден,
Жүрегінде дерті бар.
Ішіне Жамбыл түскен дерт,
Зұлымның салған өрті бар.
Қырандай Жамбыл қалқыса,
Өзі салған өрт жалын,
Зұлымға қарай шалқыса,
Елдің серті – ер серті.
Дұшпанның басын шарпыса!
ҚАБАТ ТУСЫН КҮН МЕН АЙ
«Аумиін» деп қолыңды жай,
Қабат тусын күн менен ай.
Алғаның болсын сайма-сай,
Қапалық болмай кезінде,
Ылғи болсын мамыражай.
Қос-қостан тауып ұл мен қыз,
Мінгені болсын жорға тай.
Ертең ерте біреуі –
Қойға кетсін қудалап,
Түйеге кетсін біреуі –
Екі көзін уқалап,
Егін ексін біреуі –
Су сағасын томалап,
Оттың басын шаңдатып,
Біреуі жатсын домалап.
Жылқы бақсын біреуі –
Асауларды күделеп.
Сөз сөйлесін біреуі –
Көп ішінде сүбелеп.
Жақсы лепес – жарты ырыс,
Ескіден қалған мақалды
Соза беріп, қайтейін,
Бата аяғы тақалды.
ӨСИЕТ
Ой-хой, дүние серуен!
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Кірсе – лебіз, шықса – жоқ,
Қауіп етіңдер өлімнен.
Қылышбайдан таралып,
Сөз нұсқасы келінген.
Дос-жаранға, кемтарға
Қайырлы бол делінген!
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден.
Дәулетіңнен не пайда,
Таусылмастай көрінген!
Жалғыз мұраң сол болар,
Қол қайырың берілген.
Басқа дүние бірі де,
Көмілмейді кебінмен.
* * *
Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашан да жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға.
ШАЛТАБАЙҒА
Салқын келіп тоң-торыс,
Сыртқа сыздап қарайсың.
Сенен басқа жоқ болыс,
Деп өзіңді санайсың.
Шарға түсер шағыңда,
Қара тер боп сабылдың.
Аялған жоқ малың да,
Ақ жем болып шабылдың.
Елге сөзің жеткенше,
«Жамағат!..» деп жалындың.
Қол билікке жеткен соң,
Салғырттыққа салындың.
Сан рет кеп алдыңда,
Сағым сынып сарылдым.
Сазаратын Жамбылға,
Саған сонша не қылдым?!
Бақсы басы қаңғырар,
Бабын таппай тамырдың.
Жанды есінен тандырар,
Қиынын-ай бабыңның!..
ҚАЛИҒА
Ей, Ордабай ұлы Қалиым!
Үстіңде тұр ақ үйің.
Қасыңда тұр қара үйің.
Атағыңды білемін,
Сыртыңнан-ақ танимын.
Атан сұрап, ат сұрап,
Деп келгем жоқ жариын,
Байдабектің бірі едің,
Сары бәйбіше ұлы едің.
Сартауқұмды мекендеп,
Баяғыдан жүр едің.
Сахарада қонысың,
Малға толы өрісің.
Сойылыңды соғып тұр,
Ұлығың мен болысың.
Біздей жаһанкезбені,
Қомытсынсаң қомытсын.
Бірақ айтып кетейін,
Жүзім қайтып көрген жоқ,
Сенен қорқып нетейін.
Күле-күле жүрсін ел,
Менменсіген бейліңді,
Елге жайып өтейін.
КӨКІМГЕ
Бері отыршы, Көкімім,
Қандай екен өкімің.
Елді билеп алуға,
Қай арадан бекідің.
Әлде бекіп келдің бе,
Арын сатып бетіңнің?!
Бір тояйын дедің бе,
Ақысын жеп жетімнің.
Әлде ғарып көз жасын,
Көрейін деп бекіндің.
Ашып жауап қайыршы,
Көкім, сенен өтіндім.
ТОҚТАҒҰЛҒА
Келдің бе, ақиығым, алыс жерден,
Өтіпсің самғап ұшып асқар белден.
Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген,
Хан-төре айналмай ма сендей ерден.
Ер ғана елін табар іздеп жүріп,
Жүрсе де ғұмырында қорлық көріп.
Құландай-ақ бұғауын үзіп қашқан,
Жетіпсің енді, міне, елге келіп.
КЕДЕЙ КҮЙІ
Ұзынағаш, Қаратас,
Қалқабайдай қайран жас.
Бекеттен11 нан қоймайды,
Жалаң аяқ, жалаң бас.
Оған ауыз жарымас,
Сондадағы ар қылмас.
Қалт-құлт етіп жүргені,
Қысы-жазы қарны аш.
Қайтып жаның ашымас,
Неткен заман қатыбас.
Еткен еңбек, төккен тер,
Қалай түкке татымас.
Болмайды ішкен асың ас,
Қайтіп сүйек жасымас.
Мұныменен Қалқабай,
Сордан көзің ашылмас.
Ағайынмен, бар, сырлас,
Тегін тамақ татырмас.
Жарылқары жалғыз-ақ:
«Жетерсің» дер, «басың жас!»
ӘДІЛДІК КЕРЕК ХАЛЫҚҚА
Ұзынағаш базарында, Сарыбайдың баласы – Қисыбай болыс болып тұрған кезде, қан базардың ортасында, қасында бірнеше ұлықтар, төрелер бар Қисыбай кездесіп: «Мынау Жамбыл деген қазақтың ақыны», – деп таныстырады. Төрелердің тілмашы
Жамбылды қылышымен нұсқап:
– Бұл қандай ақын, айғайлап ағаш алғанның бәрі ақын, анық ақын болса, бізді өлеңге қосып айтып көрсін, – дейді.
Сонда ұлықтың жақтырмағанын білген Жамбыл ішінен ызаланып өлеңдетіп қоя береді.
Қолына қылыш ұстаған,
Ақыл-ойы қысқадан.
Қазақты қорлап жақтырмай,
Қылышымен нұсқаған.
Кедейді көрсе керіліп,
Сөйлесуге ерініп.
Сендерге ермек болуға,
Жүргенім жоқ зерігіп.
Базарға келсем тиын жоқ,
Киетұғын киім жоқ.
Кісі өлтіргіш ұрыға,
Ұлықтан да тыйым жоқ.
Байдың бабын таппаған,
Ұлыққа сөзім жақпаған.
Жалған ақын мен емес,
«Жазықсыз төре» сен емес.
Жарлы-кедей халықты,
Жамбыл осы жақтаған.
Шаруаның күйі жоқ,
Кіруге бүтін үйі жоқ.
Егін салар жері жоқ,
Сөзін сөйлер ері жоқ.
Қолына егер жер тисе,
Байлардан оның кемі жоқ.
Жарлы-кедей жасының,
Күйі жоқ бір басының.
Қадірлемей ұлық жүр,
Халықтың нелер асылын.
Байдың орып астығын,
Табалмай әділ бастығын.
Ақыны байдан ала алмай,
Сорлы кедей жасыдың.
Байдың малын бағасың,
Күз пішенін шабасың.
Қолына түсіп қалған соң,
Еңбекті қайдан аласың?!
Жарлыны бай жалмасын,
Ұмытқан соң тәубе Алласын.
Ұлықтан сол тілегім:
Анық шындық жүрегім,
Нашарға салық салмасын.
Сарнасын, ақын сарнасын,
Төреге сөзін арнасын.
Тыңдамаса ол төре,
Халық тыңдар жалғасын.
Жарлыға қорлық көрсетіп,
Әуреге бай салмасын.
Ағылсын жырым бұлақтай,
Төгілсін сырым құрақтай.
Болыс-төре жүрген жоқ,
Халықты қорлап, жылатпай.
Шабарманы шаптығып,
Барады елді шыдатпай.
Болыс-төре, билерді,
Кедейлер отыр ұнатпай.
Жаз жатақта қалдырып,
Салыққа малын алдырып,
Кедейлерге теңдік бер,
Қысы-жазы шулатпай!
Халықтың сырын терейін,
Қалықтап ұшып көрейін.
Шындықты айтқан Жамбылды,
Төрелер кетті ұнатпай.
Сонда төрелер Жамбылды жаратпай, Қисыбайға ала көздерімен қарап, базардан сырғып кеткен екен. Халық «тара» деген ұлық сөзін тыңдамай, Жамбылды қоршап, «айта беріңіз» деп тұрып алыпты. Қызып алған Жамбыл халықтың қызығып, сүйсіне тыңдағанына өршелене түседі. Домбырасын шертіп, өлеңді ілгері қарай өршіте береді:
Төгейін жырды халқыма,
Халық тыңдап сөзіңді,
Жақсы көрсе өзіңді,
Тартынба, Жамбыл, тартынба!
Бұлбұлдайын сайрайын,
Жігерімді қайрайын.
Сәулемді елге түсіріп,
Аспандағы айдайын!
Тас бұршақтай ұшырып,
Екпіні күшті сөз дайын.
Жиналып халық тұрғанда,
Тыңдауға көңіл бұрғанда,
Сөз дариясын қозғайын.
Толқыны кетсін серпіліп,
Тоқталмасын іркіліп.
Болыс елді аралап,
Жарлыны шауып, жаралап,
Сөзін сөйлеп малдының,
Көзін ойып жарлының,
Ас берсе бай саралап.
Иттей көрдім төрені,
Тамаққа тойса үретін.
Халықтың ақын перзенті,
Ақтарып сырды беретін.
Жүйріктің ақын өрені,
Бәйгеде жауырын керетін.
Айтқандары өтірік,
Ұлыққа кім бар сенетін.
Сыздауық жара секілді,
Денені сыздап керетін.
Жамбыл ақын сөйлесе,
Жарасы қалар жарылып,
Ел аңғарып көретін.
Қызыл тілім іркілме,
Шер-құмардан шығайын,
Құмармын жастан шіркінге,
Неден қорқып бұғайын.
Шерімді айтсам арылтып,
Түзелер тасып шырайым!
Іштегі өрт-жалынды,
Жасырып кімнен тығайын.
Күннен күнге күшейсе,
Ақтармай қалай шыдайын.
Тыңдасын халқым құлақ сап,
Біраз сөйлеп көрейін.
Халықтан аяп қайтемін,
Алланың берген көмейін.
Жамбыл көрді жасында,
Шабындыны, шаңдарды.
Біреуді біреу талаған,
Жыртқыштықты, заңдарды.
Халықты асқан дараға,
Сатылып тамақ параға,
Көрдім сондай хандарды.
Жүрсе де халық ашынып,
Осыны қашан аңғарды.
Көрсеткендер қарсылық,
Қайыршылап сандалды.
Сандалдырып малды алды,
Малды алмады жанды алды,
Жарлының батып жанына,
Сермеген ханның қылышы,
Бітіп тірлік тынысы,
Ханның қолы қандалды.
Түн қараңғы дүниенің
Ататұғын таңы бар.
Қараңғының шырағы –
Жанатұғын шамы бар.
Дүниенің тұрағы –
Тағдырдың өлшеу сынағы,
Өркендейтін заңы бар.
Бақшалы сарай бағында,
Әділетті шағында,
Салтанат құрған халыққа,
Шындық пенен аныққа,
Сайрайтын бұлбұл табылар.
Бақыты үшін заманның,
Халықтың сүйген ақыны,
Бұлбұл болып танылар.
Базарға келсем ақшам жоқ,
Сүйікті қонар бақшам жоқ.
Сорлы кедей шаруаның,
Қайырлы таңы атқан жоқ.
Қаралы елдің халқына,
Дұрыстықты айтқан жоқ.
Хан-төрелер алдаса,
Би-болыстар арбаса,
Шаққыш жылан уытты,
Халықта шыр қалмаса.
Заманның айғақ ақыны,
Кім айтар Жамбыл болмаса?!
Сөз тыңдар заман кез болса.
Зарықтырмай тез болса,
Жамбыл куә емес пе?!
Сөзімді халқым тыңдаса,
Ақындар жаттап сарнаса.
Жырыма үлес жыр қосып,
Жамбылға да арнаса.
Қисық жол тура шабылса,
Елден қырсық арылса.
Жамбылдың жыры тасқындап,
Селдей болып ағылса!
Алым-салық жинаған,
Жарлыны жаныштап қинаған,
Дұшпанға құрық салынса.
Елдігі кетіп барады,
Хан жайлаған қазақтың,
Қорлығы өтіп барады,
Халық көрген азаптың.
Жарлы-жалшы кедейлер –
Ермегі күлкі-мазақтың.
Араны байдың ашылған,
Барды жоқ деп жасырған.
Тебеген есек секілді,
Тепкілеп орын бермейді
Бос жатқан жер қасынан.
Осындай азап түрлері,
Жүздеп өтіп келеді,
Замананың басынан!
Жаман әдет халықта,
Бай айтса болды «жарайды».
Бай шығармас жарыққа,
Жаны ашып кімге қарайды.
Жарлыға біткен жалғызды,
Бай өзіне санайды.
Қанын сорып қанайды,
Диуанадай талайды.
Қасқыр көрген жылқыдай,
Шұрқырасар иіскелеп,
Жұлдырып қоңын тарайды.
Бай жібермес пайдасын,
Өткізіп арбап, айласын.
Міне, осындай сұмдарға,
Жігері Жамбыл қайнасын!
Байлықтың түбі пайдадан,
Өтірік-қулық, айладан.
Ұрлық-зорлық, талаумен,
Жүздеп жылқы, мыңдап қой,
Байлар судай айдаған.
Жарлының көз жасынан,
Жиналған малы зұлымның,
Көпіріп көлдей тасыған.
Бай байлығын мадақтап,
Көзі жетпей осыған,
Тұншығып босқа тұманда,
Адасып талай халықтар,
Төте жол таппай жасыған.
Бал аштырып бақсыдан,
Адастырып жақсыдан.
Көңілі қалды халықтың,
Хан, төре, ұлық-тақсырдан.
Қысым жасап халыққа,
Ары болды қанішер,
Қойға тиген қасқырдан.
Өмір бойы осылар
Аяусыз елге қас қылған.
Екі қазан бір үйге,
Қысым жасап астырған.
Жуан білек қамшымен,
Нашарларды қорқытып,
Мазалаған састырған.
Салындыдай суға аққан,
Қалған халық мажаурап,
Қалың өрт, апат, тасқыннан.
Айтшы халқым, бекер ме,
Өмір өстіп өтер ме?!
Жылжып жылдар өткенмен,
Айлар асып кеткенмен,
Күндер қуып жеткенмен,
Көкейден, сірә, кетер ме?!
Еркіндік жоқ елімде,
Иелік жоқ жерімде,
Бағасы жоқ, пайда жоқ,
Бақытсыз сорлы қайда жоқ,
Желмен ұшқан тозаңдай,
Босқа кетті терім де.
Халықпен бірге қалықтап,
Айналаны шарықтап,
Көз көргенді анықтап,
Еңбегім бар менің де.
Асқар тау ғаріп емес пе –
Айдынды көлі болмаса,
Ер жігіт ғаріп емес пе –
Белгілі елі болмаса.
Ел де ғаріп емес пе –
Белгілі белге қонбаса.
Ағаш ғаріп емес пе –
Мәуесі өсіп тұрмаса.
Су да ғаріп емес пе –
Арнасы тасып толмаса.
Әйел ғаріп емес пе –
Ерден бағы жанбаса.
Малдар ғаріп емес пе –
Шөп-шүйгінді шалмаса.
Жаз да ғаріп емес пе –
Құрғақшылық торласа,
Қыс та ғаріп емес пе –
Қарсыз тонмен мұздаса.
Көрік ғаріп емес пе –
Салған темір қызбаса.
Ұста ғаріп емес пе –
Темірдің суын таппаса.
Ақын ғаріп емес пе –
Байды өтірік мақтаса.
Заман ғаріп емес пе –
Әділеттен аттаса.
Халық ғаріп емес пе –
Айтқаны іске аспаса.
Жігіт ғаріп емес пе –
Еңбегі алға баспаса.
Арғымақ ғаріп емес пе –
Арам тер болып ақсаса.
Малшы ғаріп емес пе –
Малын жөндеп бақпаса.
Бақсы ғаріп емес пе –
Өтірік айтып ақтаса.
Көл де ғаріп емес пе –
Қаз-үйрек келіп қонбаса.
Шебер ғаріп емес пе –
Ағашты дұрыс жонбаса.
Заманның сыры емес пе –
Заманға қайғы жемес пе,
Домбырасын қолға алып,
Жамбыл ақын толғаса!
Көрдім талай байларды,
Халықтың бағын байлаған.
Айдаһардай айбарлы,
Елді сорып жайлаған.
Талайлар кетіп жай қалды,
Өмірден соры қайнаған.
Ақын қанат жаза алмас,
Халықтың іші тазармас,
Бұзық болса айналаң.
Домбыраны қолға алып,
Жамбыл ақын гулетті.
Іштегі шер қозғалып,
Күй артынан күй жетті.
Осы өлеңге Жамбылды,
Көкірегі даңғылды,
Өмір шіркін үйретті.
Уайым өсіп, ер жетті,
Елді қайғы тербетті.
Бас қоса алмай бірігіп,
Тоз-тоз болып ел кетті.
Ақыл айтар адам жоқ,
Қарсы тұрар шамаң жоқ.
Елдің қамын ойлайтын,
Сауық-думан ойнайтын,
Қасіретсіз заман жоқ.
Қор болған елде талай ер,
Ерді басқан қайғы-шер.
Ер еңбегі көрінбей,
Пайдасыз кеткен аққан тер.
Жамбыл отыр сарнаған,
Елге сөзін арнаған.
Жыр да кетті төгіліп,
Тасыған судай арнадан.
Жамбылдың жағы талмаған,
Жері жоқ Жамбыл бармаған.
Жүйрік тарлан секілді,
Жүгірістен танбаған.
Таудан ұшқан қырандай,
Қонар жерін таңдаған.
Денесі қызып алғанда,
Алдына жан салмаған.
Қызып Жамбыл шапқанда,
Кімдер жолда қалмаған!
КӘДІРБАЙДЫҢ ТӨБЕТІ
І
Аяқтарын алдырып,
Астымда атым болдырды.
Айдалада қалдырып,
Құба жонға қондырды.
Жаяу қалдым қаңғырып,
Не жаздым мен сол ғұрлы.
Жұртта қалған жұрынмен,
Ат аяғын байладым.
Дәрі шөппен ем қылып,
Өлтірмеуге ойладым.
Маңайынан шыбынды,
Бүркіп, сілтеп айдадым.
Елді сорған төредей,
Атқа қонған елемей,
Бүгелектерді айдадым.
Түйе жүрген соқпақтан
Таптым сулы бір апан,
Атымды әбден суардым,
Сілкінді атым есінеп,
Қоя берді кісінеп.
Өзім баурында отырған,
Қырға қарап салдым ән.
– Шыда біраз, жануар,
Енді жолда болдырма.
Жолдас та жоқ жалынар,
Тек ермегім домбыра!..
Таудан асты күн бұғып,
Ай көрінді бір жақтан.
Келеді екен бір жігіт,
Қылаң атқа жүк артқан.
Көтеріле салдым ән,
Атын бұрды ол маған,
Жөн сұрастық жалма-жан.
– Шырағым, мен Жамбылмын,
Өзің қайдан, атың кім?
Ауылдарың қай жерде?
Қатын, балаң бар ма әлде?
Тоқ па үйдегі балалар?
Қанша ед үйде ұл мен қыз?
Мол ма ед үйде ет, қымыз?
Жігіт жерге түсті аттан:
– Менде болмайды ол мақтан,
Бала түгіл қатын жоқ,
Қатын алар затым жоқ,
Елді кезген сен ақын.
Кәдірбайға бір барып,
Жайың бар ма тоятын?
Біз қалдырған қай-қайда,
Жолаушысың бұ күнде,
Барып кетсең болмай ма
Кәдірбайдың үйіне?
Кеше өліп бір төбеті,
Бай қайғысы болды көп.
Шақса керек қарақұрт,
Ит арсылдап жұлынып,
Әбден ығыр болды жұрт.
Жер тырналап дөңгелеп,
Өлді ақыры сол төбет.
Итті көріп Кәдірбай,
Жылап, ұрсып, салды ойбай.
Ат шаптырды жан-жаққа,
Ақын-жыршы дегеннің,
Бәрін жиып алмаққа.
Бай бейілін, мейірін,
Сән-салтанат сейілін,
Ақыл, күшін, зейінін,
Ең ақыры төбетін,
Күймен, жырмен мадақтап,
Бәйіт12 қылып беретін.
Бай сыйламақ боп отыр,
Зерлі шапан, елу қой,
Екі бірдей жорға атын.
Ет-қымызды былай қой,
Жүз тақта шай, бір қатын…
Сенен озар жоқ ақын,
Сен ғой соны алатын.
ІІ
Жыршыларда дамыл жоқ,
Күндіз-түні айқайлап.
Кәдірбайды мақтап кеп,
Терлеп-тепшіп сор қайнап:
«Тәңір ашқан бағыңды,
Қыдыр баққан малыңды.
Жүйрігің – тек жұлдызың,
Жорғаң – судың құндызы.
Өз мінезің қырмызы,
Ел-жұртыңа жағымды,
Шынжыр балақ, шұбар төс,
Ата тегің мәлім-ді.
Жандаралмен жақын боп,
Талай атың жайылды.
Губернатор келмесе,
Тамағыңды сағынды.
Атың сенің ендеше
Патшаға да танылды.
Атамандар іздеп кеп,
Бірге түлкі қағысты.
Қымыз ішіп, етің жеп,
Үйіңде дем алысты».
ІІІ
Жыршы біткен шуылдап,
Мақтағаны – Кәдірбай.
Итін жоқтап бір уақ,
Елден маза, кетті жай.
Шаршады, әбден терледі,
Жамбылға да сөз берді.
Тұрды төрден Кәдірбай,
Қарап қойды Жамбылға,
Қитар көзін төңкеріп,
Сандықтарын бір шолып,
Түлкілерін бір көріп,
Қымыз жұтып алды да:
– Жырлайды деп естідім, –
Аузыңа түскенді.
Ауылында бел шешпейді,
Қорқыт болып түз кезіп,
Қайда болса жүр безіп,
Ішіңде бар сұмдығы,
Күйлерің боп шер, жылау,
Салады деп жұртқа ылау.
Кәне, бері жақын кел,
Төбетімді жырлап бер,
Кебісіңді шеш, – деді.
ІV
Күй жосылып жөнелді,
Екі шектен боратып,
Қоя бердім өлеңді,
Жыршыларға қаратып:
– Ей, жыршылар, жыршылар,
Жыр айта ма осылай!
Сөздеріңнің дәмі жоқ,
Күйлеріңнің сәні жоқ,
Пайдасыз жұртқа құр айқай.
Мақтағанға сабылып,
Ұятсыз, арсыз сараң бай,
Бастарыңды көтерші,
Тіленіп, сұрап жыланбай!
Сөздеріңе күйіндім,
Қанша айтсаң да тойғам жоқ,
Шықпай қалды бүйірім.
Жамбылға құлақ салыңдар,
Сөзімнен пайым алыңдар,
Жарлыдан безген байымас,
Тілене берген жарымас.
Байға жылап жалынған,
Жұрт болмайтын нағыз нас.
Өлеңсіз адам – есіркер,
Ақылсыз адам малмен тең.
Байларға басын имеген,
Еркін боп өтер дүниеден.
Өлеңін сатқан қу кезеп,
Ол бір шыбын, сұр көжек.
Ей, жыршылар, құлақ сал,
Сөздеріңді тыңдадым,
Байға селтең қақтыңдар,
Шыдады әзер қу жаным.
Ал, Кәдірбай, құлақ сал!
Жамбыл сөзін тыңдап қал:
Итіңді жаман демеймін,
Күзетіп жүр малыңды.
Көпшілікті бүлдіріп,
Ұрлап алғандарыңды.
Итің қуып қасқырды,
Ауылдан талай қашырды.
Таңынан талай тартқылап,
Қасқырды талай састырды.
Даусыменен шошытып,
Қасқырларды тықсырып,
Таудан талай асырды.
Естісең, міне, расымды!
Айтсам сөзім нанымды,
Өлеңім оттай жалынды.
Ауылды торып аңдыған,
Қасқырды талай қан қылған,
Сенен жұртқа ит жақсы,
Күзеткен қотан, ауылды.
Кетпеймін айтпай онымды:
Қайнатып Құдай сорыңды.
Ит өлмей-ақ, сен өлсең,
Болар еді тым-ақ орынды.
ӨСТЕПКЕДЕ
Үйсін, Найман саңлағы,
Өстепкеге жиылдың.
Жолдың ұшып шаңдағы,
Алматыға құйылдың.
Елде жүрген егейлер,
Қалада құр үйілдің.
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай,
Жапырылып иілдің.
Жүріппіз сыр алыспай,
Жайларыңды түйіндім.
Келтірдіңдер намысты,
Бек қорланып күйіндім.
Бүйтіп қызық көргенше,
Өзі жақсы үйімнің.
Шұлғымаймын сендерше,
Керегі жоқ сыйыңның.
Қор болмаймын өлгенше,
Өлеңіме-ақ сыйындым.
* * *
Халықтың еркі кетті баласынан,
Сөзімнің ғибрат ал сарасынан.
Ақ патша бұйрық қылды солдат бер деп:
Он тоғыз – отыз бірдің арасынан.
Осыған тірі отырып көнеміз бе,
Іріктеп бар боздақты береміз бе?!
Болмаса елдік қылып, тізе қосып,
Батырға қол бастаған ереміз бе?!
ПАТША ӘМІРІ ТАРЫЛДЫ
(1916 жылғы оқиға)
Қызығыңды көп көрдім,
Қарабастау, Құлансаз.
Күндерімді өткердім,
Сенде жүріп ұзақ жаз.
Көкорайға жайылған,
Секілді едік үйрек, қаз.
Ештеңе жоқ уайымнан,
Жүруші едік көңіл мәз.
Патша әмірі тарылды,
Оған қылар бар ма лаж?!
Ішке толған зарымды,
Кімге айтармын қылып наз!
Көген көзді қосақтап,
Қалай қиып берерміз?!
Көздің жасы моншақтап,
Көңіл шер боп өлерміз.
Көк жайлауды қалдырып,
Қайда көшіп кетерміз?
Көкіректі зар қылып,
Қорлықпен қайтіп өтерміз?!
«Бес үйден бір жігіт!» – деп,
Болыстар жүр шапқылап.
Жасауыл үй тінтпек,
Қылыштары жарқылдап.
Бүйтіп көрген күн құрсын,
Жапырақтай қалтырап!
Таусылғандай тынысың,
Күнде жүрек қансырап…
Дүниенің кеңдігі –
Жүргеніңде басың бос.
Жан қысылса, белгілі,
Таба алмайсың жақын дос.
Өз араңнан шыққандар
Таяқ соғар өзіңе.
Әр нәрсеге бір зауал,
Дейтін еді кезінде.
Би, болысты Тәңір атты,
Ел қорғауға жарамай.
Ағайынды еңіретті,
Көз жасына қарамай.
Енді ойласақ, не қалды,
Ата жұрттан кету бар.
Жолға тігіп не жанды,
Тәуекелге беку бар.
Не болмаса, шыбындап,
Тағдырыңа көну бар.
Көнсең күнде шығындап.
Ит қорлықта өлу бар!
ЗІЛДІ БҰЙРЫҚ
«Верныйден» жандаралдар бұйрық қылды,
Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.
«Отыз бір – он тоғызды алад» деген,
Суық хабар халықты бұлқындырды.
Жылады сорлы халық малын айтып,
«Кеткен соң қолдан шығып, келмес қайтып», –
Дейді де еңірейді, егіледі,
Қайғының күндіз-түні күйін тартып.
«Верныйдың» қадам баспай қаласына,
Кемпір-шал жылап жатыр баласына.
Ешбір ем табылмады іздесе де,
Халықтың жүректегі жарасына.
Пристав келіп қалды бала сұрап,
Ел жатыр бермейміз деп қойдай шулап.
«Қырсаң да баламызды бермейміз» деп,
Тайсалмай әке-шеше жатыр сұлап.
Пристав ашуланды «аламыз» деп,
Жігіттер тұр: «бармаймыз, қаламыз» деп.
«Егер де бұл түріңді өзгертпесең,
Басыңа бір ойранды саламыз» деп.
Ел-ел боп, жиылды кеп әрбір сайға,
Ал әлеумет, қараңдар мына жайға.
Сеңдей болып соғылып, толқындады,
«Бір сая бола ма деп шыбын жанға?»
Жиылды бозбалалар бір кезеңге,
Қарғалы деген тасқын бір өзенге.
Пристав кетті «еріксіз аламын» деп, –
Көресің бұл істі деп, кезегінде.
Бәрін де ол пристав жаттап алды,
Басшыларын қағазға хаттап алды.
Аттандырып бұл елге солдаттарын,
Басты-басты кісіні саптап алды.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жанында қан, малында қалмай маңыз,
Оразаның күні еді сол уақытта,
Бұл күнде оразаны не қыламыз!
Суында Қарғалының ауыз ашты,
Бір бәлекет халыққа душарласты.
Басшылары кеткен соң тағат алмай,
Жиылған жұрт дағдарып жанталасты.
Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жөнелді абақтыға соры қайнап.
Жақсыдан жақсы қоймай алды сайлап,
Қамалды абақтыға қырғыз, қазақ.
Білмеді не болғанын сырттағы жұрт,
Қамалғандар тірідей тартып азап.
Шулайды абақтыға қамалған көп,
Сырттағы жүр: «біз енді қайтеміз?» – деп.
Губернатор, жандарал жауапқа алды:
«Жайлауда ту көтеріп шапқан кім?» деп.
Ешқайсысы айтпаған соң айғай сап кеп,
Өзі айтқан жандаралдың «Бекболат!» деп.
Бекболат бола қалса ту көтерген,
Бұйрық қылды «дарға асып, тарт!», – деп.
Қалиқұлды бірге жазды дарасына,
Байбосын қоса кетті арасында.
Абақтыда қалғандар естен танды,
Көзінің қамшы тиіп қарасына.
Әкетті байғұстарды арбаға сап:
«Иманыңды айтатын молдаңды тап,
Үндеріңді шығарма, өңкей надан.
Мұнан былай сөйлеме, аузыңды жап!»
Самсыны13 алған екен Ботбай14 қамап,
Оларға жігітімен кетті сабап.
Тұтқындарды босатып ала алмады,
Бір пәлеге екінші пәле жамап.
Пристав та Самсыға барған екен,
Жаныбектің мешітін қамап алған екен.
Жаныбек қажы жанына ара тұрды,
Бір болыс ел жиналып барған екен.
Ала алмай күні бойы әлек болды,
Жаныбек приставқа себеп болды.
Ертеңінде құтылып, Ұзынағашқа,
Шаңдатып келе жатты қара жолды.
Бөлек-бөлек топтанып шоқтай болып,
Бай көпесті өлтірді Ботбай болып.
Қолына онан басқа түк түспеді,
Кезсе де бұл маңайды әбден шолып.
Ақыры ұлыққа түк қыла алмастан,
Не боларын бұл істің біле алмастан.
Күш жинамай, қарусыз ұрыс қылып,
Бозбаланы бітірді кек алмастан.
Шиенде15 де әскерлермен ұрыс болды,
Сол ұрыста топбасы Саттар өлді.
«Саттар өлді, ел қашты» деген хабар
Ел-елдерге жайылды оң мен солды.
Шұбырып тауға қарап ел жөнелді,
Не боларын соңының кім біледі?
Тауға шығып, өрмелеп, тасқа бұғып,
Елдің бәрі жанынан түңілді енді.
Ертеңінде ел-елге әскер барды,
Шапшаң түсіп, келсін деп хабар салды.
«Қашқындарды атады» дегеннен соң,
Таудағылар кірер жер таба алмады.
…Аттандық ұлығының қонысына,
Елді сорған борсықтай болысына,
Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,
Көксеген азаттықтың соғысында.
ХАЛЫҚ КЕГІ
Бой бермес ел өмірі, асау шері,
Тұрса да құрсауланып тоқсан жері.
Бірде от, бірде суды көктей көшіп,
Талпынып тілегіне басты ілгері.
ЖОЛ ҮСТІНДЕ
Ақмырзаның баласы,16
Ежелден едік сырдесте.17
Атым арық, қарашы,
Амалым жоқ мінбеске.
Жол үстінде болдырып,
Ант еткендей жүрмеске.
Айдалаға қондырып,
Кетер ме екен бір кеште.
Сырдесте адам осыны,
Айттырмай-ақ білмес пе!
Кеусенім18 деп тарыдан
Берсе қайтер бір десте?!
ТАППАСПЫН СЕНДЕЙ САЛАҚТЫ
Атаң сенің Таңат-ты,
Жұртты аузына қаратты.
Мені үйіңе шақырып,
Алып кепсің арақты.
Қарасаңшы, шіркін-ай,
Жырым-жырым балақты.
Тарғап, Самсы ауылынан
Таппаспын сендей салақты.
1 Шұрқан – бүлік, жанжал мағынасында.
2 Көбен – арықтап жүріп, ет алған жылқы.
3 Жабы – қарапайым жылқы.
4 Шыбыл – Ұлы жүздегі ру аты.
«Шағым» – Өлеңді 1941 жылы жазып алған – Ғ.Орманов (қолжазбасы сақталмаған). Алғаш 1946 жылы Жамбыл Жабаевтың 100 жылдық мерейтойына орай шыққан бір томдық толық жинағында берілген. Ақынның кейінгі барлық негізгі жинақтарына кірген. 1946, 1955 жылғы жинақтарда өлең екіге бөлініп берілген. 12 жолдан тұратын, «Не жазып ем сол ғұрлы?» деген жолмен аяқталатын алғашқы бөлігі барлық жинақтарда бірдей. «Оқымаймын молдадан», – деп басталатын екінші бөлігінің екінші жолы 1946 жылғы жинақта «Елі шығып қамдаған» болса, 1955 жылғы жинақтан бастап «Не оқытпақшы ол маған?» деп берілген. 1946 жылғы жинақтағы «Жем аңдыған дорбадан» тіркесі кейінгі жинақтарда «Жем дәметкен дорбадан» деп берілген. Осындай аздаған стильдік өзгешеліктері болмаса, өлеңнің негізгі мазмұны бірдей. 1946 жылғы жинақты дайындауға ерекше мән беріліп, ақынның өлеңдерін жазып алуға тағайындалған топ (Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Сатыбалдин, Қ.Тоғызақов, Ә.Тәжібаев, т.б. жинақты дайындауға ғылыми жетекшілік жасаған Е.Ысмайылов, Жамбылдың шығармашылық өмірбаянын жазған С.Бегалин) жазып алған өлеңдерін Жамбылға тыңдатып барып, жинаққа дайындап, жауапты жұмыстар атқарған. Осы себепті кейінгі жылдары шыққан жинақтарға 1946 жылғы жинақ негіз болған. Жинақ түсініктері де сол уақыт үшін жоғары ғылыми деңгейде жазылған. Өлеңді жазып алған Ғ.Ормановтың айтуынша, бұл өлең 1860 жыл шамасында айтылған. Өлең айтылған кезде Шапырашты Екей руы қазіргі Қарасай ауданының жерінде Қаскелең, Шамалған маңындағы Жая жайлауында тұрса керек. Сол жерде Жапа баласы Жамбылды ауыл молдасына оқуға берген.
«Есте қалған әңгімелерден» – Жамбылдың Жетісуға Кенесары Қасымов келген кездегі оқиғаларды, көтерілістің барысын, сол кездегі тарихи жағдайды қара сөзбен, өлеңмен баяндаған шығармасы. Шығарма мәтіні Қазақстан Республикасы Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазба қорындағы 1328-бумада сақталған. Алғаш 1993 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Хан
Кене» жинағында (146-148-бб.) жарияланды. Жинаққа дайындап тапсырған фольклортанушы ғалым – Кенжехан Матыжанов.
Шығарма мәтінінде баяндалатын оқиғалар, сол кездегі тарихи ситуациялар, кейіпкерлер Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысын зерттеген тарихшы Бекмахановтың зерттеулері мен М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасының мәтіндерінде бар, мазмұндық, идеялық жағынан сәйкес келеді. Егемендік
алғаннан кейінгі кездегі тарихшы, әдебиетшілердің, журналистердің жұмыстары мен Жамбыл шығармасында қысқаша айтылған, аталып өткен фактілер көрсетіліп жүр. Ғылыми зерттеулерде көп айтылып жүрген көтеріліске қатысушылармен қатар Саурық, Сұраншы, Байсейіт, Нәпбайлар аталады. Саурық, Сұраншы батырлардың Хан Кененің соңғы жорығына қатысуы туралы кейінгі кезде мұрағаттық деректер табыла бастады.
Байсейіт Тойшыбекұлы жайында да деректер бар. Ал Нәпбай («Ту ұстаған Нәпбай») туралы ізденістер керек. Кенесары Қасымов Жетісуға келген кездер шамасында туған, ес білген, жас шағында ел есінде сақталған оқиғаның негізгі қатысушыларын Жамбыл ұмытпаған болу керек.