Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1961-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

ЖЕЗҚАЗҒАН АЙМАҒЫНЫҢ КЕЛЕШЕГІ ТУРАЛЫ: (ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНДА БОЛҒАН КӨШПЕЛІ СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН КІРІСПЕ СӨЗІ) ДАҢҚТЫ ТАРИХ, ТАМАША БОЛАШАҚ

Бұл күңдері біздің жас қала­мыздың өмірінде, оның өнеркәсібін, құрылысын транспортын, қа­ланы көркейтуді, Жезқазған ең­бекшілерінің мәдени-тұрмыс дәрежесін жақсартуда жаңа кезең басталуда. Ұлан байтақ Отаны­мыздың түпкір-түпкірінен мұнда ғалымдар, халық шаруашылығы­ның алған түрлі салаларының ма­мандары келіп, олар Қазақстан­ның болашақ түсті магниткасы – Жезқазған туралы кеңесіп әңгіме етуде. Қазақ ССР Ғылым академиясының республиканың биология және жер қойнауындағы байлықты сақтау министрлі­гімен, Қарағанды халық шаруа­шылығы советі және Жезқазған кен-металлургия комбинатымен бірлесіп өткізіп отырған бұл сессияға қатысушылардың ішінде Қазақ ССР ғылым Академиясы­ның президенті, академик Қ. И. Сәтбаев, академик А. Л. Цефт, академик Ш. Ш. Шоқин, академик А. П. Полосухин, академик Д. А. Зыков, СССР құрылыс жә­не архитектура академиясының мүше-корреспонденті М. М. Меңдіқұлов және басқа республикамыздың ірі ғалымдары, геолог­тары, металлургтары, кеншілері, энергетиктері, ауылшаруашылы­ғының мамандары, денсаулық сақтау қызметкерлері, құрылыс және транспорт ұйымдары, өндіріс зататтары республикалық және Қарағанды халық шаруа­шылығы советтерінің, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қарағанды облыстық комитетінің басшы қызметкерлері бар.
28 мартта Металлургтердің мәдениет Сарайында сессия ашылды. Зал мерекедегіше сәулеттендірілген. Сахнаның төрінде Коммунистік партия мен Со­вет мемлекетінің негізін қалау­шы Владимир Ильич Лениннің үлкен бюсті. Президиум столында бұрынғы Қазақстанның құлазы­ған қу даласы болған – кәзіргі мыс қаласы Жезқазғанда өсірілген тамаша жанды гүлдер.
Сағат күндізгі 12. Залдағылар өзінің ондаған жыл өмірін, көптеген күш-жігерін Жезқазғанның бай кен қойнауын игеру ісіне, социалистік жаңа қала құрылы­сына жұмсаған адам, Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің президиум сто­лына келуін ду қол шапалақтаумеп қарсы алды.
Қаныш Имантайүлы Сәтбаев жиналғандарға арналған кіріспе сөзінде былай деді:
Қымбатты жолдастар! Біз, бү­гін Жезқазғанда – Қазақстан­ның тарихи орталығына жиналып отырмыз. Мен мұны «тарихи» деп жай әсерлі сөз ретінде айтып отырғаным жоқ. Жезқазған шын мәнісінде де Қазақстан тарихында маңызды орын алады.
Археологиялық дәлелді мәлі­меттер Жезқазған адамзаттың мыс-бронзы мәдениеті орнаған жердің бірі, адамның өмірінде тұңғыш рет металл қолдану мә­дениеті болғаны туралы айтады. Ескі заманның руда қазушылары Жезқазғанның жер қойнауынан мыңдаған жылдар бойына миллионнан астам тонна бай мыс рудасын өндірді. Жезқазған орыс әдебиетіне бұдан 190 жыл бұрын ғана белгілі болды. Бұдан 57 жыл бұрын Жезқазғанға ағылшын концессионерлері келе бастады. Олар Жезқазғанда аюандық, жыртқыштық жолмен барлау жасап, 14 жылдың ішінде небәрі 60 тонна ғана мыс өндір­ген. Ұлы Октябрь социалистік революциясы ағылшындарды Жезқазғанның жер бетінен сыпырып тастады.
Жезқазған Советтік Қазақстан­да социалистік индустрияландыруды өрбіткен жер болды. Бұдан 36 жыл бұрын, 1925 жылғы 10 июньде Еңбек Қорғаныс Со­веті Қарсақпай мыс кәсіпшілігін салып бітіруге кірісуге бұйрық берген болатын. Бұдан үш жыл өткеннен кейін, 1928 жылдың Октябрь мерекесі күндерінде, Қарсақпай комбинаты – елімізде алғаш мыс берді.
Міне осы уақыттан бастап, яғни 33 жыл бойына Жезқазған мысы барған сайын кең көлемде өндіріліп біздің елімізде коммунистік қоғам құрылысы ісіне қызмет етіп келеді.
Мен Советтік Жезқазғанның бұдан былайғы өркендеу тарихына жете тоқталмаймын. Үлкен Жезқазған үшін күрестегі бір­ сыпыра қиыншылықтардың кез­десуіне қарамастан, дегенменде бұл орасан зор индустриалды комплексті жүзеге асыру ісі ой­дағыдай ілгері басып келе жатқандығын атап өткім келеді. Тек Совет геологтары ғана Жезқаз­ғанды СССР да мыс запасы жөнінен көрнекті орындарға шығар­ды.
Осыған байланысты СССР ауыр өнеркәсібінің командармы, кәзір қайтыс болған Серго Орджоникидзенің құрылысы туралы 1936 жылғы дана бұйрығын еске түсірмеске болмайды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында еліміздің Отан қорғау өнеркәсібінің өмірінде Жезқазғанның ерекше роль атқарғандығы тарих бетінде алтын әріппен жазылды. Мемлекеттік Отан қорғау коми­тетінің жауынгерлік Қызыл Туының Жезқазғанда мәңгі сақталып қалуы мұның айқын дәлелі бола алады.
Үлкен Жезқазғанның құрылы­сы – ұлы құрылыстар қатарына жатады. Жезқазғанды даңқты комсомол қамқорына алып отыр. Жезқазған біздің партиямызбен үкіметіміздің үнемі қадағалаған бақылауында.
Міне, сондықтанда, жуырда Совет үкіметінің басшысы Никита Сергеевич Хрущев Алматы­да болған кезінде Жезқазған туралы, оның жағдайы мен болашағы туралы аса назар аударып, сұрап жатты. Қазір Үлкен Жез­қазған қауырт даму үстінде тұр.
Біздің осы сессиямыз Жезқаз­ғанның осы дамуының кезеңінде шақырылып отыр. Үлкен Жез­қазғанды өркендетудің басты проблемаларын бірлесіп шешуге, оның бұдан былайғы кезеңін бел­гілеу үшін жиналып отырмыз.
Біздің біріккен сессияда және оның жеті секцияларында, жал­пы алғанда, 135 баяндама тың­далып, талқыланатын болады. Бұл 135 ірі мәселелер деген соз.
Қазақ ССР ғылым Акаде­миясының Қазақ ССР геоло­гия және жер қойнауы бай­лықтарын сақтау министрлігімен, Қарағанды Халық шаруашылығы Советі және Жезқазған кен-металлургия комбинатымен біріккен сесспясын ашық деп жариялау­ға рұқсат етіңіздер.
Сессияның жұмысшы президиумы сайланды.
Сессияға қатысушылар ду қол шапалақтау үстінде, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Д. А. Зыковтың ұсынуы бо­йынша Н. С. Хрущев жолдас бас­таған КПСС Орталық Комитеті Президиумыныц құрамы құрметті президиумға сайланды.
Жезқазған-Ұлытау аудан­дарының минералдың байлықта­рының кәзіргі жағдайы мен перспективасы жөнінде баяндама жасау үшін сөз академнк Қ. И. Сәтбаевқа берілді.
Баяндамашы бұл ауданның жер қойнауында сақталып жат­қан зор байлықтар жайында то­лық айта келіп, Жезқазған ауданындагы мыс деді, Қ. Сәтбаев жолдас, жетекші орын алады. Мыстың барланған запасы бойынша Жезқазған бүгінгі таңда Советтер Одағында көрнекі орындардың бірінен саналады.
Жезқазған рудаларында қор­ғасын және басқа да металдар бар. Жезқазған-Ұлытау аудан­дарында темір, марганец және басқа да қара металдардың ресурстары мол.
Сол сияқты жанатын кендердің мол қоры барлығы анықталып отыр. Қияқты кен орнының жартысын ашық карьермен өндіруге болады.
Жезқазған-Ұлытау ауданда­рында кен рудасы және құрылыс шикізаттарының да мол резервтері бар. Атап айтқанда, мұнда асбест кен қоймасы орналасқан. Сонымен бірге Қараадыр извест кен орны да болашақ … цемент өндіру жөніндегі резерв болмақ.
Жезқазған төңірегінде құры­лыс қажетіне жарайтын құм, тас, кірпіш жасайтын топырақ және басқалардың ірі карьерлері ашы­лып пайдаланылуда.
Баяндамашы онан әрі аудан­ның су ресурстарына тоқтала келіп, бұл араның табиғи байлық­тарын пайдалануды онан әрі жан-жақты зерттеу жөніндегі міндет­терді атап айтты.
Сөзінің қорытындысында Қа­ныш Имантайұлы Сәтбаев былай деді:
– Мұнан 33 жыл бұрын «Қа­зақстанның халық шрауашылығы» журналының 1928 жылғы январь номерінде менің Жезқаз­ған ауданының перспективасына арналған алғашқы еңбектерін жарияланған болатын.
Ол уақыттарда Қарсақпай комбинаты жаңадан салынып жат­қан болатын. Мең оны Қазақстанның өркендеу дәуіріндегі алғашқы қарлығашы деп атадым.
Ол жылдары мен жас едім. Бір жағынан лирикаға бейімдеу болатынмын. Бірақ ол адамды игілікті еңбекке итермелейтін ұлы арман еді. Міне, осындай ұлы арманмен Жезқазған геологтары қажырлы еңбек етті және кәзір де қажырлы еңбек етуде.
Менің бұл еңбегімнің жарияланғанынан бері ондаған жылдар өтті. Бірақ сол кездердегі арман бүгінгі таңда шындыққа айналып отыр. Жезқазған өз атағын ақтауда. Даңқы көп жерлерге бел­гілі болды.
Қарағанды мен Балқаштың, Қазақстан магниткасының отта­ры жарқырап, бүкіл Қазақстан еңбеккерлері болашаққа қарап алып адаммен алға басып барады.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ЖЕЗҚАЗҒАН АЙМАҒЫНЫҢ КЕЛЕШЕГІ ТУРАЛЫ: (ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНДА БОЛҒАН КӨШПЕЛІ СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН КІРІСПЕ СӨЗІ) ДАҢҚТЫ ТАРИХ, ТАМАША БОЛАШАҚ

«Жезқазған аймағының келешегі туралы: (Қазақ ССР Ғылым академиясының Жезқазған қаласында болған көшпелі сессиясында сөйлеген кіріспе сөзі) даңқты тарих, тамаша болашақ» мақаласы алғаш «Жезқазған жұмысшысы» газетінің 1961 жылғы, 30 наурызындағы №40 (518) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Осыған байланысты СССР ауыр өнеркәсібінің командармы, кәзір қайтыс болған Серго Орджоникидзенің құрылысы туралы 1936 жылғы дана бұйрығын еске түсірмеске болмайды» – жолындағы «кәзір» сөздері «қазір»-ге алмастырылған.
Мақалада кездесетін терминдер:
Индустрия – экономиканың өнеркәсіптік өндіріс саласын сипаттайтын ұғым. Тауар мен қызметтерді ірі көлемде өндіруді қамтиды және технологиялық, өндірістік, ұйымдастырушылық процестерге негізделеді.
Командарм – «командующий армией» деген сөздің қысқартылған түрі, яғни әскерге немесе ірі әскери құрамаларға басшылық ететін жоғары шенді әскери адам.
Марганец – қарапайым зат, қатты, сонымен бірге сынғыш өтпелі металл, күміс, ақ түсті. Түсті металдарға жатады.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы