Жезқазған – Ұлытау ауданы Қазақстан аумағының нағыз геометриялық орталығында орналасқан. Жезқазған геологтарының ертерек кездегі зерттеуі бойынша, бұл ауданның жер көлемі жүз мың шаршы километрге жуық болады. Мұның өзі Закавказье одақтас республикаларының территориясынан асып түседі.
Жезқазған – Ұлытау ауданының минерал ресурстарын зерттеу ісі тек Совет өкіметі тұсында ғана жүргізілді. 1929 жылы Қазақстанның геологиялық тұңғыш тұрақты ұйымы Қарсақпай комбинатының геологиялық барлау бөлімі құрылды. Бұл бөлім Жезқазғанның және осы аймақтың геологиялық жағдайы мен минерал байлығын жоспарлы түрде, комплексті зерттеу мәселесін алғашқы кездің өзінен-ақ мықтап қолға алды. Қазақ ССР Геология және кен қорғау министрлігінің қазіргі Жезқазған комплексті геологиялық-барлау экспедициясы Қарсақпай комбинатының геологиялық-барлау бөлімінің негізінде құрылған болатын. 1929 жылдан бастап отыз екі жыл бойына бұл ұйым Қазақстанның, Москва мен Ленинградтың геологтарымен, ғылыми мекемелерімен, өндіріс орындарымен тығыз ынтымақ жасап, Жезқазғанның, сондай-ақ бүкіл Жезқазған-Ұлытау ауданының жер қойнауындағы тамаша байлықты үнемі зерттеп келеді.
Бұл байлық – ұшан-теңіз. Жезқазған-Ұлытау ауданының пайдалы қазбалары алуан түрлі. Оның жер қойнауында халық шаруашылығы үшін аса зор маңызды түсті металдар, қара металдар, сирек кездесетін және бытыраңды, бағалы металдар, жанатын заттар, химия өнеркәсібі үшін минерал шикізат, кен-руда шикізаты, құрылыс материалдары бар.
Бүкіл Орталық Қазақстандағы сияқты, Жезқазған ауданында да мыс ерекше маңыз алады. Жезқазған мысқа бай. Сонымен қатар, оның рудасында қорғасын да бар. Жезқазған рудасындағы маңызды кендердің бірі – күміс. Сол сияқты оның рудасында рений тәрізді сирек кездесетін, әрі қымбат металл да бар. Бұл металл дүниежүзілік рынокта күмістен елу есе қымбат тұрады. Жезқазғанның рудаларында күкірт, мырыш, кадмий, сурьма, молибден, алтын, тағы басқа элементтер кездеседі. Жезқазғанның рудасы көбінесе қабатталған түрде жатыр деуге болады. Мұның өзі қуатты тік шахталар арқылы жерасты әдісімен руда өндіруге мүмкіндік береді. Руданың бүкіл қорының 30 %-ке жуығын ашық әдіспен өндіруге болады.
Жезқазғанның жер қойнауындағы мыс қорының 90 %-ке жуығы сульфид рудада, ал қалған 10 %-ті тотыққан-сульфид және тотыққан рудада кездеседі. Сульфид руданы коллективтік флотациялау руда құрамындағы пайдалы металл компоненттерінің 92-94 %-ін концентратқа қалдыруға мүмкіндік береді. Бұдан кейінгісі – металлургиялық өңдеу жолы, Жезқазғанның коллективтік концентраттарын қайта өңдеу мәселесі әзірге толық шешілген жоқ. Мұның өзі Қазақ ССР Ғылым академиясының Жезқазған сессиясында металлургия секциясы жұмысының негізгі мәселесі болмақ. Жезқазғанның тотыққан және аралас рудаларын қайта өңдеудің технологиясы да толық шешілмей отыр.
Жезқазғанның мыс рудасы ресурстарын одан ары көбейту міндеттері туралы айтқанда, қазір Жезқазған руднигіндегі жағдайға тоқталмай өтуге болмайды. Шынында, Жезқазған руднигінде үлкен кемшілік орын алып келеді.
Анағұрлым бай руданы селекциялық өңдеу ұдайы қолданылып келе жатқандықтан, мыс пен қорғасын ысырапқа ұшырауда. Өйткені металы біршама аз руда «уақытша» деген желеумен жер қойнауында қалдырылып қойылады да, оған ешкім қайтып оралмайды. Осы сияқты және басқа себептердің салдарынан Жезқазған руднигінде мыс ысырабы үлкен орын алып отыр. Бұл кемшіліктер тезінен жойылса, Жезқазғанның жер қойнауындағы мыс қорын тек осының есебінен ғана молайтып отыруға болады.
Жезқазған – Ұлытау ауданында қорғасын да өнеркәсіптік маңыз алады. Бұл аудандағы қорғасын руда құрылысымен тығыз байланысты. Мұнда қорғасын мыспен қоса өндірілуі керек. Жезқазғанда қорғасын айыруды кеңінен өрістетудің ірі резерві бүкіл мыс және мыс-қорғасын рудаларын Үлкен Жезқазған байыту фабрикасында коллектив флотациялауға көшу болып табылады. Өйткені селекциялық флотация мыстың да, қорғасынның да көп ысырап болуына әкеліп соғады.
Жезқазған рудаларында мырыш қорғасыннан гөрі аз кездеседі. Бұған қарамастан, Жезқазғанда мырыш қоры да жеткілікті. Мырыш рудасы мыс пен қорғасын рудаларынан оқшауланып, жеке-дара бөлікше болып жатыр. Мысалы, Анненск руда ауданының шығыс бөлікшесіндегі жағдай осындай. Никель мен кобальт рудалары Жезқазған-Ұлытау ауданының көптеген жерлерінде кездеседі. Никель мен кобальт рудаларының Шайтантас сияқты Талдысай, Ешкіөлмес кендері әлі де жете зерттелген жоқ.
Жезқазған – Ұлытау ауданында қара металдардың – темірдің, марганецтің, ванадийдің және титанның бай рудасы бар. Қарсақпайдың темір кварцит рудасы құрамы, жасы және геологиялық жағдайына қарағанда Кривой Рог рудалары тәріздес келеді. Қарсақпай заводына таяу маңда темір рудалары жер бетіне жақын жатыр. Бұл 30-40 км-ге созылған Керегетас, Балбырауын, Қаратас, Қарашоқы, Сазтөбе кендері болып табылады. Рудада 30-60 % шамасында темір бар. Темір рудасының 40 %-ке жуығын ашық әдіспен өндіруге болады.
Ленинградтың «Механобр» институты Қарсақпай рудасын байытудың экономикалық жағынан қолайлы технологиялық схемасын белгіледі. Мұның өзі рудадағы барлық темірдің 90 %-ін концентратта қалдыруға мүмкіндік береді. Осы технология бойынша өндірілген концентратта 55 % темір болады. Атасуда, Қостанайда темір кендері ашылғандықтан, Қарсақпай кенін игеру кейінге қалдырылды. Қазір, еліміздің шығыс аудандарында қара металлургияны жедел өркендету міндеті алға қойылып отырған кезде, мен Қарсақпайдың рудасын зерттеу және оны игеру проблемасымен шұғылдану қажет деп есептеймін.
Жезқазған-Ұлытау ауданы марганец рудасының қоры жөнінен Қазақстандағы ең негізгі аудандардың бірі болып табылады. Мұнда 1942 жылдың көктемінде, аса қысқа мерзім ішінде – небәрі алты айда жапан далаға Жезді марганец руднигі салынды. Ұлы Отан соғысы жылдарында, еліміздің негізгі марганец базасы Никополь мен Чиатури кендері индустриялы Уралдан уақытша қол үзген кезде, Жезді руднигі өте зор рөл атқарды. Жездінің бай марганец рудасы сол кезде Уралдағы металлургия өнеркәсібіне жөнелтіліп жатты. Мұның өзі Жезқазған геологтарының минерал ресурстарды комплексті зерттеу жұмыстарының тамаша нәтижесі болды. Жезді марганец рудасы, Атасу кенімен бірге Павлодарда салынып жатқан ірі ферросплав заводы үшін шикізат базасы болып табылады. Жезқазғанның солтүстігінде Қаратас кені бар. Мұнда да Жездідегі сияқты марганец рудасы табылды.
Жезқазған-Ұлытау ауданы отынға да бай. Қияқты кенінде жүздеген млн. т қоңыр көмір қоры бар. Мұның жарымын ашық әдіспен өндіруге болды. Ал көмірдің күлділігі 20 %-тен аспайды. Осының бәрі Қияқты қоңыр көмірінің технологиялық жағынан алғанда аса құнды екенін айқын сипаттайды.
Бұл ауданда кен-руда және құрылыс шикізатының өте көп резерві бар. Ешкіөлмес асбест кені Қазақстанда екінші орын алады. Мұнда қазірдің өзінде барланған асбест қоры үш млн. тоннадан асып жатыр. Сондай-ақ, асбест кені Қаным, Айыртау, Шайтантас, Дүйсенбай және басқа жерлерден де табылды. Ешкіөлмес асбест кенін тезінен игеру Орталық Қазақстанда барған сайын өріс алып отырған индустрия құрылысы үшін аса қажет екенін атап айту керек. Ешкіөлмеске таяу жерден Қараадыр әктас кені ашылды. Мұның өзі Ешкіөлместе асбест-цемент өндірісін салуға мүмкіндік туғызып отыр. Болашақта асбест өнеркәсібін өркендету үшін Ешкіөлмес ауданында әктасты және минерал шикізаттың басқа түрлерін, сондай-ақ су қорын одан әрі зерттеу қажет.
Жезқазған-Ұлытау ауданының ағын су ресурстарын су-канал жобалау институты және басқа ұйымдар 1930 жылдары-ақ зерттей бастаған болатын. Аудан көлеміндегі өзендердің су мөлшері тексеріліп, есепке алынды. Осының негізінде Үлкен Жезқазғанды өнеркәсіптік сумен жабдықтайтын Кеңгір су қоймасы салынды. Қазіргі кезде осы ауданда өнеркәсіп орындарының құрылысы кеңінен жүргізілумен байланысты басқа да бірталай су қоймаларын салу жобаланып отыр. Сол сияқты Жезқазған-Ұлытау ауданында жер астының су ресурстарын зерттеу жұмысы да ойдағыдай жүргізілуде. Қазір Жанай қойнауындағы жерасты суын пайдалану негізінде Жезқазғанның рудниктерін ауыз сумен жабдықтау ісі жүзеге асырылуда. Жезқазған-Ұлытау ауданының батыс және оңтүстік бөлігінде гидрогеологтар тұщы судың аса ірі екі шыңырау бассейнін тапты.
Өзінің минералдық ресурстары алуан түрлі болуымен байланысты, Жезқазған-Ұлытау ауданы Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар бүкіл Совет Одағындағы аса бай кен-экономикалық аудандардың бірі болып табылады. Совет геологтарының, ең алдымен, Жезқазган геологиялық-барлау экспедициясы геологтарының қажырлы және жоспарлы түрде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұл аудандағы минерал ресурстар кеңінен ашылды. Осы байлықтардың ең бастысы – түсті металдар. Әсіресе Жезқазған кенінің мысы мен қорғасыны республика еңбекшілерінің мақтанышы болып табылады. Жезқазған ауданында мыс пен қорғасынның қоры бұдан былай да молая бермек. Аудандағы мыс пен қорғасынның жаңа қорын іздеп табумен қатар, Жезқазғанда ашылған мыс және қорғасын кендерін жете игеріп отырудың да үлкен маңызы бар. Сонымен бірге мыс және қорғасын рудаларын жер астынан өндіруден бастап, оларды байытуға дейінгі бүкіл технологиялық операцияларда ысырапқорлыққа жол бермеу қажет.
Мыс кендерін ғана емес, сол сияқты Жезқазған-Ұлытау ауданында марганец, темір, никель, кобальт, тағы басқалардың жаңа кенін іздеу, зерттеу – бүгінгі таңдағы аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл үшін Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясының жұмысын онан әрі жақсарту керек. Қазақ ССР Ғылым академиясы және басқа ғылыми-геологиялық ұйымдар Жезқазған-Ұлытау аумағындағы минерал ресурстарды бұрынғыдан да көп ашу ісіне белсене қатысып отыруға тиіс.
ЖЕЗҚАЗҒАН-ҰЛЫТАУ МАҢЫНЫҢ МИНЕРАЛ РЕСУРСТАРЫ
«Жезқазған-Ұлытау маңының минерал ресурстары» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1961 жылғы 30 наурыздағы №10 санына жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 55-56 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 62-64 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
Мақала тақырыбы кейінгі нұсқаларда «Жезқазған-Ұлытау маңының минералдық ресурстары» деп берілген.
Мақалада кездесетін геологиялық терминдер:
Күкірт – химиялық элемент, сары түсті, қатты кристалл зат. Табиғатта минералды қосылыстар түрінде кездеседі, мысалы, күкіртті сутек және сульфаттар. Химия өнеркәсібінде, тыңайтқыштар өндіруде және медицинада қолданылады.
Мырыш – химиялық элемент, күміс түсті, жұмсақ металл. Коррозияға қарсы жабын ретінде, қорытпаларда және дәрі-дәрмек құрамында пайдаланылады. Адам ағзасында метаболизмге маңызды рөл атқарады.
Кадмий – химиялық элемент, күміс түсті, улы металл. Негізінен батареялар өндірісінде, қорытпаларда және бояу пигменті ретінде қолданылады. Улы қасиетіне байланысты экология мен денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.
Сурьма – химиялық элемент, сұр түсті, қатты металл. Қорытпалар жасауда, өртке қарсы жабындарда және жарылғыш заттар өндірісінде қолданылады. Ауыр металл, көбінесе күмістей ақ немесе күңгірт көк түсті, жұмсақ, сынғыш зат.
Молибден – химиялық элемент, күміс түсті, қатты металл. Болат және басқа қорытпаларды нығайту үшін, сондай-ақ катализатор ретінде пайдаланылады. Ағза үшін де маңызды микроэлементтердің бірі болып табылады.