СОКП Орталық Комитеті июль Пленумының Н. А. Булганин жолдастың баяндамасы бойынша қабылданған шешімі – еліміздің өнеркәсібін онан ары өркендетудің программасы. Пленумның қаулысында басқа мәселелермен қатар, өнеркәсіпті жер ыңғайына қарай орналастырудағы үйлеспеушілікті жою керек екені көрсетеді. Металдар мен көмір кендерінің басым көпшілігі еліміздің шығыс аудандарында екені мәлім. Солай бола тұрса да, бұл аудандарда еліміздің бүкіл өнеркәсіп өнімінің небары 16 % өндіріледі. Минерал шикізаттағы барлық пайдалы компоненттерді комплексті жолмен пайдаланып, сирек кездесетін және бытыраңқы, екінші дәрежелі элементтерді айыру, негізгі компоненттердің айырылу дәрежесін мейлінше арттыру керек екенін СОКП Орталық Комитетінің Пленумы ерекше атап көрсетті.
СОКП Орталық Комитеті Пленумының бұл нұсқауының Қазақстан үшін ерекше маңызы бар. Совет геологтарының қажырлы еңбегі арқасында Қазақстанда көптеген пайдалы кендердің сарқылмайтын мол қоры ашылды. Біздің республикамыз қазір хром мен ванадийдің қоры жағынан дүние жүзінде бірінші орын, темірдің, мыстың, қорғасынньщ, мырыштың, кадмийдің, вольфрамның, бордың, минерал тұздардың қоры жағынан КСРО-да бірінші орын алады, ал көмірдің, мұнайдың, молибденнің, марганецтің және минерал шикізаттың басқа бірсыпыра маңызды түрлерінің қоры жағынан КСРО-да алдыңғы қатардан орын алады.
Мұнымен бірге совет геологтарының пайдалы кендерді ашқан үздік табыстары Қазақстанның жер қойнауындағы кен байлықтарын тіпті де түгел қамтымайтынын көрсету қажет. Республиканың аумағы геология жағынан әлі толық зерттелмегенін көрсетудің өзі бұған жеткілікті дәлел. Қазақстанның ұлан-байтақ жерінің геологиялық құрылысын егжей-тегжейіне дейін картаға түсіру үшін әлі көп жылдар қажырлы еңбек ету керек болады. Республиканы неғұрлым егжей-тегжейлі, комплексті геологиялық карталау және іздеу жұмыстарын онан ары жүргізудің барысында әлі де көптеген жаңа пайдалы кен ошақтары ашылатындығы күмәнсіз.
Қазақстанның орасан мол кендерін жоспарлы тәртіппен үнемі аша беруге, қуатты өндірістік геологиялық қызмет орындарымен қатар, ғылыми геологиялық күштер де белсеніп қатысуда. Мысалы, Қазақ ССР Ғылым академиясының Геологиялық ғылымдар институты Орталық Қазақстанның системаға салынатын геологиялық құрылыс картасын жасады. Онда бұл аумақтарда орындалған барлық геологиялық карталау мәліметтері қорытылды. Бұл карта, көптеген пайдалы кен ошақтары бар ұлан-байтақ ауданның геологиялық құрылысының басты-басты ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді.
Осы институт өндірістік геологиялық ұйымдармен бірге, Орталық Қазақстанның темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, молибден, вольфрам және қалайы рудаларын зерттеудің металлогениялық болжау картасын да жасады. Бұл картада қара, түсті және сирек кездесетін металдар кендерінің жер ыңғайына қарай орналасуының негізгі заңдылықтары ғылыми негізде терең қорытыланды. Геологиялық іздеу және геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелілігін арттыру үшін мұның маңызы зор. Бұл карталардың екеуі де, практикада пайдалану үшін өндірістік геологиялық ұйымдарға тапсырылды.
Алтайдың өндірістік геологиялық ұйымдарымен тығыз творчестволық ынтымақ жасай отырып, Зырян ауданының, Қалбаның және Ертіс бойының металлогениялық болжау картасы жасалды. Республиканың Ғылым академиясының геологтары Алтайдағы және Орталық Қазақстандағы ең ірі полиметалдар кен ошақтарының, сол сияқты Қазақстандағы және еліміздің басқа аудандарындағы мысты құмтас кендерінің минералогиясы мен геохимиясының монографиялық сипаттамасын аяқтады. Республиканың бірсыпыра аса маңызды кен ошақтарының рудаларындағы сирек кездесетін және бытыраңқы элементтердің мөлшерін анықтау жөніндегі маңызды жұмыс орындалды. Жанғыш және бейруда кендерді зерттеу, сол сияқты республиканың су қорын анықтау жұмыстары қорытыланды. Қазақстанның көмірі бар жерлерінің болжау картасы жасалып, жарияланды.
Алайда, геологиялық зерттеулердің барысында едәуір үйлеспеушілік болып келеді. Ондағы негізгі үйлеспеушілік – геологиялық зерттеулердің байланыстырылмай, көптеген ұйымдарға бытыратылуы. КСРО Геология және Кен сақтау министрлігінің өзінен Қазақстанда бір-біріне бағынбайтын он геологиялық ұйым жұмыс істейді. Бұл жұмыстардың нәтижелері туралы материалдар көптеген қалаларға – Москваға, Ленинградқа, Свердловскіге, Уфаға, Новосибирскіге, Ташкентке, Қостанайға, Қарағандыға, Алматыға және басқа қалаларға бытырап жиналады, мұның өзі ол зерттеулерді қорытындылап, бүкіл жұмысты бір ізге салуға зор қиыншылық туғызады.
КСРО Ғылым академиясының, Қазақ ССР Ғылым академиясының, әртүрлі жоғары оқу орындарының, сол сияқты кейбір министрліктер мен ведомстволардың бірсыпыра салалық ғылыми-зерттеу институттарының көптеген ғылыми экспедициялары Қазақстанда өзара ынтымақтаспай жұмыс істейді, көп уақытты бірінің жұмысын бірі атқарады, өндірістік геологиялық ұйымдармен тиісті байланыс жасамайды. Мұның бәрі, әрине, көптеген экспедициялардың жұмысының ғылыми-практикалык пайдалылығын едәуір кемітеді. Бұл істе тиісті тәртіп орнату қажет.
Ашылған кен ошақтарын игерудің қарқынын және шығарылатын рудалардан барлық пайдалы компоненттерді айырудың комплекстілігін арттыру саласында көп жұмыс істелді, бірақ істелуге тиісті жұмыстар онан да көп.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Кен істері институты өндіріс мамандарымен творчестволық ынтымақ жасай отырып, руданы қабаттап табиғи жолмен және күшпен құлату системаларын белгіледі және мұны Текелі, Лениногор полиметалл комбинаттарының рудниктерінде өндіріске енгізді. Мұның өзі еңбек өнімділігін біржарым есе арттыруға мүмкіндік туғызды. Жезқазған мыс кендерін шығарудың жаңа, неғұрлым өнімді системаларын, сол сияқты Мырғалымсай және Зырян полиметалл кендерін, Бозшакөл мыс, Аят және Лисаковск темір кендерін шығарудың неғұрлым өнімді ашық системасын қолдану мүмкіндігі зерттеліп, дәлелденді. Өткен жылы институт Қарағанды бассейніндегі көмір қабаттардың көмірін шығарудың нәтижелі тәсілдерін зерттеп белгілеуге, Шерубай-Нұра, Тентек және басқа өнеркәсіпті аудандардағы шахта құрылысының тыңғылықты параметрлерін анықтап белгілеуге, сол сияқты бұл бассейндегі шахталардың газдылығын зерттеуге кірісті.
КСРО Көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды ғылыми-зерттеу институтына Қазақ ССР Ғылым академиясының Кен істері институтымен бірге, бассейннің шахталарында циклдік графикті енгізу, комплексті механикаландыру, жұмыстың бірқалыпты атқарылуын ұйымдастыру және кенді ашудың, шығарудың неғұрлым нәтижелі системаларын енгізу жөнінде көп жұмыстарды істеуге тура келеді.
Қарағандыда жаңа техника мен прогрестік технологияны енгізудің жайы нашар екенін мына мысалдан көруге болады. Өткен жылы № 8/9 шахтада көмір шығарылатын төрт лавадан бір лава циклдік графикке көшірілді. Бүкіл шахта бойынша көмір шығарудың тәуліктік жоспары 850 тонна, ал циклдік жұмысқа көшірілген лавада 847 т. мөлшерінде белгіленді. Сонда қалған үш лава күн тәулігіне үш тонна ғана көмір беруге тиісті болады. Циклдік графикті орындап отырғанда, шахтаның тәуліктік көмір шығару жоспарын едәуір асырып орындауға мүмкіндігі бар екені мүлде айқын.
Қарағанды бассейнінің көп шахталарында бірқалыпты жұмыс ұйымдастырылмаған. Тіпті № 31 алдыңғы қатарлы шахтаның өзінде көмір бірінші сменада әрдайым екінші сменадағыдан көп шығарылады. Көмір шығарудың тәуліктік жоспары шахталарда орындалмаған кездерде, жөндеу-әзірлік ауысымы көмір шығаратын сменаға айналады. Мұның өзі, әрине, машина-жабдықтың мезгілінен бұрын тозуына себеп болады, бүкіл шахтадағы жұмыстың берекесін кетіреді.
Бассейнде көмір шығаруды комплексті механикаландыру шабан жүзеге асырылады. Жыл сайын бірнеше млн.т. көмір конвейерге қол күшімен тиеледі.
Мұнда көмірді бүкіл қабаттың ұзына бойына қазудың неғұрлым жетілген системасының енгізілуі де нашар. «Верхняя Марианна» қалың қабатының көмірі әлі болса екі қабатты ою тәсілімен шығарылады, сонда бір қабат көмір қалып қояды. КСРО Ғылым академиясының арнаулы комиссиясы 1942 жылдың өзінде ұсынған әрқабаттап шығарудың үш қабаттық тиімді системасы қолданылмайды. Көмірді әрқабаттап шығарудың үш қабаттық системасы комплексті механикаландыруды неғұрлым толық қолдануға, қабаттағы кокстелетін көмірдің 30 %-тін мұнымен бірге қоса пайдалануға мүмкіндік береді, ал қазір бұл кокстелетін көмір жер астында қалып, ысырап болады.
Ғылыми қызметкерлер өндірісшілерге Қазақстандағы, оның ішінде Екібастұздағы, Құсмұрындағы, Кендірліктегі, Теңіз-Қоржынкөлдегі, Сарыбай-Соколовскідегі, Аяттағы, Лисаковкадағы, Жезқазғандағы, Бозшакөлдегі, Николаевкадағы және басқа көптеген кен ошақтарындағы руда және көмір кендерін ашық тәсілмен пайдалану көлемін мейлінше кеңейтуге көмектесуге тиіс. Кенді ашық әдіспен пайдалану системасының уақытты екі есе аз керек ететіні және руданың жер астынан шығаруға қарағанда, бір жарым, екі есе арзанға түсетіні мәлім. Мұнымен бірге, кенді ашық әдіспен пайдаланғанда еңбек өнімділігі төрт-бес есе артық болады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Металлургия және байыту институты өндіріс мамандарымен ынтымақтастық жасай отырып, Балқаш мыс заводының шағылдырғыш пештерінің технологиясын жақсарту, концентраттарды, шихтаны, штейнді балқытқанда жылу энергиясының режимін және балансын зерттеу жөнінде бірсыпыра жұмыстарды орындады. Мұның өзі мыс қорыту өндірісіндегі агрегаттардың қызулық режимін мықтап жақсартуға, шағылдырғыш пештердің қуатын арттыруға мүмкіндік туғызды. Балқаш мыс заводының мамандарымен бірге Институт алғаш ренийді шығарды. Шымкент қорғасын заводының, сол сияқты Алтай заводтарының қорыту және пісіру цехтарының тозаңындағы тектерді айыру процестері зерттелді, бұл тозаңдағы тектерді айырудың гидрометаллургиялық схемасы жасалды, бұл схема ол тозаңнан мырыш, мышьяк өнімдерін (оларды ауыл шаруашылығында пайдалануға болады), кадмийді, таллийді, индийді, сол сияқты пісіруге берілетін күкірт қышқылды қорғасынды (қатты қалдық түрінде) айыруға мүмкіндік туғызды. Бұл жүмыстар негізінде Шымкентте тозаңнан әртүрлі тектерді айыратын цех салу жобасы жасалуда.
Институт бокситтерден глинозем (алюминий тотығын) айырудың жаңа технологиясын жасады. Бұл технология глиноземді Байердің тәсілі бойынша айырудың қолданылып жүрген схемасынан анағұрлым нәтижелі.
Орталық Қазақстанның боксит рудаларынан титан және темір айыру жұмыстары жүргізілуде. Лабораториялық зерттеулер қызыл шламды флотациялау жолымен титанның қос тотығының едәуір бөлігін концентратқа айыруға мүмкіндік береді. Бұл процесте алынатын кеуекті темірді, қышқылды мыс рудаларын профессор В. Я. Мостовичтің тәсілімен байытқанда жақсы пайдалануға болады.
Сол институт Ақтөбе маңындағы Жайсаң қоңыр көмірін байытудың схемасын жасады. Күлділігі небәрі 9-10 % көмір концентраттары алынды. Олардың жылу беру қуаты 5 мың калорий, концентратқа шығуы шикі көмір салмағының 65 %-тіндей. Мұнымен бірге 36-40 % күкірті бар және шикі көмір салмағының 16-18 %-дей пириттік концентрат алынады. Көмір концентраты Ақтөбе ферросплав заводына жақсы энергетикалық отын бола алады, ал Ақтөбе химия комбинатында пирит концентратты пайдалану, оған Орал пириттерін алыстан тасып әкелуді толық тоқтатута мүмкіндік береді.
Жезқазған мен Бозшакөлдің тотыққан және сульфид-тотық мыс рудаларын пайдаланудың лабораториялық зерттеулері жасалды. Бозшакөл рудаларын байыту үшін біріктірілген процестің – мысты күкірт қышқылымен сілтіден тазартып, кеуек темірмен цементтеудің, оны кейіннен флотациялаудың тиімділігі дәлелденді. Мұнда мыстың концентратқа айырылуы 85 % болады.
Жезқазғанның тотыққан және тотық-сульфид мыс рудаларын байыту үшін институт қазір жаңа, біріктірілген схеманы жасауда. Бұл схема рудаларды күкірт қышқылымен өңдеп, кейіннен күкіртті натрий енгізуді және одан алынған күкіртті мысты флотациялауды көздейді.
Институт Қазақстанның силикат-тотық никель рудаларынан никель айыруды арттыратын жаңа екі технологиялық схема жасады. Оның ішінде Г. И. Людоговский жасаған бір схема бойынша руданы агломерациялағанда гипс орнына фосфорит қолданылады. Агломераттарды балқытқаннан кейін жақсы минерал тыңайтқыш – фосфатшлак алынады, ал никель мен кобальттің темірлі қоспалары оттекті үрлеу жолымен кондициялық ферроникель дәрежесіне дейін тазартылады. Бұл схема бойынша жасалған лабораториялық тәжірибелерде металдар көп айырылды – «Южуралникель» комбинатындағы қазіргі дәрежесінен никель 15 %, ал кобальт кемінде 50 % асып түсті. Г. И. Людоговскийдің схемасы кезінде КСРО Түсті металлургия министрлігі басшыларына мәлімделді. Олар «Южуралникель» комбинатына бұл схеманы өндірістік жағдайда тезінен тексеруді тапсырды. Бірақ, амал не, ол осы уақытқа дейін тексерілген жоқ. Өндірісшілермен тығыз ынтымақ жасай отырып Институт белгілеген екінші схема бойынша, «Южуралникель» комбинатында қолданылатын қазіргі технологиялық қайта балқыту схемасы өзгертілмейді. Мұнда никельге байытылған шлак пеште шойынмен араласады, мұның нәтижесінде никель қосылған шойын алынады. Мұнымен бірге 15 %-тей қосымша никель айырып алынады.
Республика Ғылым академиясының Металлургия және байыту институтының жаңа технологиялық схемалары, әртүрлі тектері аздау силикат-тотық кобальт-никель рудаларының мол ресурстарын таяудағы уақытта пайдалануға нақты мүмкіндіктер туғызады. Мұндай рудалар Орталық Қазақстанның көп жерлерінде қазірдің өзінде ашылды.
Республика Ғылым академиясының Металлургия және байыту институты, сол сияқты Химия институты Қазақстанның қазіргі ванадий кен рудаларындағы ванадийді, молибденді және бірсыпыра бытыраңқы элементтерді айырудың технологиялық схемаларын жасауда. Осы институттар Қаратау фосфориттерінен термофосфаттар айырудың жаңа технологиялық схемасын жартылай өндірістік жағдайда сынау дәрежесіне жеткізді. Бұл термофосфаттар қант қызылшасының, бидайдың, картоптың, мақтаның шығымдылығын арттыруға келгенде, суперфосфаттан қалыспайды. Фосфорлы тыңайтқыш әзірлеудің жаңа тәсілінің артықшылығы мынада: бұл тәсілді қолданғанда, алыстан әкелінетін және қымбатқа түсетін күкірт қышқылының қажеті болмайды, оның орнына түгелінен табиғи сульфаттар қолданылады, ал бұл сульфаттар сол Жамбыл облысының өзінде, Қаратау фосфорит кені маңында едәуір көп.
Республика Ғылым академиясының Құрылыс және құрылыс материалдары институты орындаған жұмыстардың ішінде Оңтүстік және Орталық Қазақстандағы қабатталған гипс кендерін кеңінен пайдаланудың технологиялық тәсілдері белгіленгенін көрсету қажет. Бұл гипс негізінде өте жақсы гипсблоктар, метлах плиталарын, эстрих-цемент және тұрғын үйлер мен өндірістік үйлер құрылысын едәуір тездетіп, арзанға түсіретін басқа бұйымдар жасап шығаруға болатыны дәлелденді. Институт Мұғалжар, Екібастұз, Шымкент және басқа жерлердегі әйнектік құмдардың технологиялық қасиеттерін зерттеп, бұлардың сапасы жақсы екенін дәлелдеді, сөйтіп бұл құм негізінде үлкен әйнек заводтарын салуды ұсынды. Бұл әйнек заводтарын салу мерзімдерін КСРО Құрылыс материалдары өнеркәсіп министрлігі үнемі бұзып отырғанын қынжылғандықпен көрсету керек болады.
Осы институт, индустрия және құрылыс кәсіпорындары үшін зор маңызы бар доломиттердің, цементтік және металлургиялық әктастардың, кірпіш, черепица және керамика жасайтын саздардың, фарфор-фаянстық, бейруда басқа шикізаттың технологиялық сапасын зерттеді. Амал не, көптеген министрліктердің енжарлығы, кертартпалылығы отқа төзімді және құрылыстық шикізаттардың бұл аса маңызды түрлерін пайдалану жөнінде институттың жасаған ұсыныстарын жүзеге асыруға бөгет болып отыр. Қарағандыда техникалық фарфор және онан бірсыпыра маңызды бұйымдар жасайтын үлкен завод салуды КСРО Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрлігі орындамай келеді.
Республика Ғылым академиясының Геологиялық ғылымдар институты мен Құрылыс материалдары институты мұнан сегіз жыл бұрын Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясына жүздеген жерлердегі әктастардың, мергельдердің, саздардың, гипстердің және минерал құрылыс материалдарының басқа сондай маңызды түрлерінің сапасы, қоры және технологиялық қасиеттері туралы егжей-тегжейлі материалдар тапсырды. Бірақ бұл шикізат запастарын пайдалануға әлі күнге ешқандай практикалық шаралар қолданылмай келеді.
Энергетика институты Оңтүстік Қазақстанның энергетикалық ресурстарының мейлінше мол түрлерін есепке алып, пайдалану жөнінде күрделі жұмыс жүргізді. Осы институт Іле бассейнінің гидроэнергетикалық ресурстарын пайдалану схемасын егжей-тегжейлі жасады. Бұл институттағы теплотехниктердің еңбектері Балқаш мыс заводына елеулі көмек көрсетті.
Қазақ ССР Ғылым академиясының жақын арада Өскеменде ашылған Алтай ғылыми-зерттеу институты ондаған практикалық ұсыныстар жасады, бұл ұсыныстар қазір Алтайдың полиметалл және сирек кездесетін металдар өнеркәсібіңде ойдағыдай енгізілуде.
Республика Ғылым академиясының Гурьевтегі Орал-Ембі базасы, мұнай шығарудағы су-газдық репрессияның жаңа прогрестік тәсілін белгіледі, бұл тәсіл қазір еліміздің бірсыпыра мұнай кәсіпшіліктерінде ойдағыдай қолдануда.
Қазақ ССР Ғылым академиясы институттарының республикадағы орасан мол минерал ресурстарын зерттеу және пайдалану жолындағы жұмысының кейбір қорытындылары осындай. Бұл жұмыстар республикамыздың қуатты және үздіксіз өркендеп отырған ауыр өнеркәсібінің тілектерінен туатын қажет ғылыми зерттеулерді тіпті де түтел қамтымайтыны айқын. Алдағы жұмыстардың бәрін орындау үшін бір ғана Қазақ ССР Ғылым академиясының күші жеткіліксіз. Республикамызда әртүрлі министрліктердің бірсыпыра жалпыодақтық салалық ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының филиалдарын тезінен ашу қажет.
СОКП Орталық Комитеті июль Пленумының шешімдері Қазақстанды одан ары неғұрлым тездетіп және кеңінен индустрияландыруға көмектеседі. Алтыншы бесжылдық біздің республикамызда ауыр өнеркәсіптің түпкі негізгі – үлкен қара металлургия және оның өзегі машина жасау өнеркәсібін орнататын бесжылдық болатындығы күмәнсіз.
Темір рудаларының қоры жағынан Қазақстан қазір КСРО-да бірінші орын алып отыр. Сондықтан алтыншы бесжылдық жоспарда Сарыбай-Соколов кен-байыту комбинатын салумен және Қарағандының аса зор металлургия заводының құрылысын аяқтаумен қатар, Қаратау фосфориттерін қолдана отырып, Лисаковск және Аяттың фосфорлы оолит темір рудалары негізінде жұмыс істейтін тағы бір жаңа завод салуды көздеу қажет. Қостанай ауданында фосфорлы оолит рудалар қоры орасан мол – миллиардтаған тонна. Қазақ ССР Ғылым академиясының Металлургия және байыту институтының зерттеулері бұл рудаларға Қаратау фосфориттерін қосу томастық шойынның кондициялық маркаларын құйып шығаруға және өнеркәсіптік қалдық ретінде, дәнді дақылдардың шығымдылығын арттыруға керек, өсімдіктер жақсы сіңіретін мол фосфор қоспалары бар орасан көп фосфат-шлактар алуға мүмкіндік туғызатынын көрсетті.
Қазақстанның марганец рудалары сапасы жағынан ең жақсы екені мәлім. Бұл рудаларда марганецтің әрбір процентіне шаққандағы фосфор Никополь және Чиатури рудаларындағыдан үш есе аз. Сондықтан Қазақстанның марганец рудаларын стандарт домналық ферромарганец өндірісінде де пайдалануға болады.
Республиканың мыс өнеркәсібінің едәуір ішкі резервтері бар. Бұл резервтер қазіргі рудниктерде, байыту фабрикаларында және заводтарда пайдаланылуға тиіс. Мұнымен бірге, біздің пікірімізше, ашылған кендер негізінде Бозшакөл және Николаевск комбинаттарын салуға мүмкіндік және қажеттілік туды. Мұның өзі Үлкен Жезқазган комбинатын салумен қатар, Қазақстанның алтыншы бесжылдықтан бастап, еліміздің негізгі және шешуші мыс өндірушісі болуын қамтамасыз етеді.
Мыс өнеркәсібінде, өндірістік процестерді тездетудің жаңа тәсілдерін тауып енгізу саласында да, рудалардағы барлық пайдалы компоненттерді, негізгі компоненттерді ғана емес, екінші дәрежелі бытыраңқы компоненттерді де, комплексті жолмен неғұрлым толық айырудың жаңа технологиялық схемаларын жасау саласында да, ғылым қызметкерлері мен өндіріс мамандары алдында еңбегіне кең өріс ашылады.
Полиметалл өнеркәсібінде пайдаланылмаған резервтер мен мүмкіндіктер мыс өнеркәсібіндегіден де көп. Полиметалл рудаларының негізгі компоненті қорғасынды айыру дәрежесі әзірге 65-70 % шамасынан аспайды. Екінші дәрежелі және бытыраңқы компоненттердің де едәуір бөлігі көп ысырап болады. Селен және теллур сияқты элементтер Алтай рудаларынан да, сол сияқты Балқаш заводының шламдары мен тозаңынан да мүлде айырылмайды.
Ғалымдар мен мамандардың негізгі міндеті – барлық негізгі және екінші дәрежелі компоненттерді полиметалл, мыс рудаларынан айыру дәрежесін мейлінше арттыру, оның ішінде селенді айыру технологиясын меңгеру.
Қазақстанның орасан мол ванадий, хром, вольфрам, молибден және басқа сирек кездесетін металдар қоры бар. Алайда, елімізге аса қажет бұл металдардың шығарылуы әлі күнге өте шабан және өнімсіз. Аса мол хромит рудаларын пайдаланудың жайы мұнан біраз өзгеше. Ақтөбе ферросплав заводының осы рудалар негізінде жұмыс істейтіні мәлім.
Совет Одағының шығыс аудандарында металлургияның және машина өнеркәсібінің әртүрлерінің келешекте шапшаң өсетінін ескеріп, біз алтыншы бесжылдық Қазақстанда аз қоспалы конструкциялық және аспаптық болаттардың, сол сияқты әртүрлі ферросплавтардың ірі өндірісін орнататын бесжылдық болуға тиіс деп есептейміз.
Қазақстанда таяу уақыттың ішінде, жоғарыда көрсетілген арнаулы металлургия кәсіпорындарын жасаудың қажеттілігі және мемлекеттік тұрғыдан қолайлылығы, республикада оларға керек шикізаттың барлық түрлерінің мол запастары болуы үстіне, мынадай керектерден туады.
Еліміздің өнеркәсібінің барлық салаларының шапшаң өркендеуімен қатар, металдарды, ең алдымен шойынды және болатты тұтыну мықтап өсетіндігі күмәнсіз. Теміржолдарды салу және оларды жөндеу, машина жасау өнеркәсібі, өнеркәсіп құрылысы, көпірлер салу және кеме жасау өнеркәсібі, сол сияқты халық шаруашылығының басқа салалары болатты барған сайын көп керек етеді. Еліміздің болатқа деген қажетін өтеудің неғұрлым маңызды жолдарының бірі – болат конструкциялардың, машиналардың салмағын жеңілдетіп, оның арқасында көптеген металды басқа қажетке босату.
Жеңіл конструкциялар жасау үшін, қазіргі уақытта пайдаланылатын көміртекті конструкциялық болаттан анағұрлым берік болат қажет. Біздің елімізде, шетелдерде де берік конструкциялық болаттың көптеген маркалары жасалып, зерттелгені және сыннан өткізілгені мәлім. Бұл болаттар (хром-никельді, коміртекті-ванадийлі, хром-ванадийлі болат және басқалар) аз қоспалы болаттардың тобына қосылады және көміртекті болатты балқытқанда оған аздаған жақсартушы қоспалар – хром, ванадий, никель және басқа металдар қосу жолымен жасалады.
Аз қоспалы болаттар қатарында ванадий қосқан болаттар ерекше маңызды орын алады. Ванадийді болатқа тіпті аз қосудың өзі (0,10-0,20 %) болаттың құрылысын өте жақсартып, оның механикалық қасиетін едәуір арттырады. Әсіресе тиісінше қызу күшімен баптағаннан кейін, 0,10-0,25 % ванадий қосқан конструкциялық болаттарда конструкциялардың немесе олардың жеке тораптарының салмагын 30 % кемітуге мүмкіндік беретін қасиеттер пайда болады.
Бұл болаттардан өнеркәсіптің әртүрлі салаларына керек бірсыпыра маңызды бөлшектерді жасау өте тиімді келеді. Ванадий қосқан конструкциялық болатты транспортта қолдану ерекше тиімді. Вагондар мен паровоздардың өз салмағын кеміту нәтижесіңде оған сәйкес пайдалы жүктердің салмағын арттыруға мүмкіндік туады, тасылатын жүктердің әрбір тонна-километріне жұмсалатын отын мен энергияның шығыны да едәуір азаяды.
Ванадийлі болаттан жасалған рельстер мен бандаждарды қолдану олардың төзімділігін арттырады, қызмет мерзімін ұзартады, бандаждар мен рельстерді ауыстыру шығынын және теміржол транспортындағы аварияларды азайтады. Автомобиль және трактор өнеркәсібін ванадийлі болаттардан жасалған бөлшектермен толық қамтамасыз ету автомобильдер мен тракторлардың тозуын және сынуын, олардың қарап тұратын уақытын және жөндеу шығынын, запас бөлшектердің қажеттілігін мықтап азайтуға мүмкіндік береді.
Конструкциялық болаттардағыдай, аспаптық және тез кескіш болаттарға ванадий енгізу олардың сапасын мықтап арттырды. 0,25–0,30 % ванадий қосқан көміртекті аспаптық болат, сол қажетке арналған дағдылы көміртекті болатқа қарағанда, едәуір берік, мықты болады және оның кескіш қасиеті екі есе дерлік артады.
Ванадий тез кескіш болаттарға міндетті түрде қосылып отырады. Тез кескіш болаттарға қосылған 1 % ванадий кесудің және тесудің нәтижелілігін 100 % арттыратыны анықталды. Аспаптық және тез кескіш ванадийлі болаттарды шығаруды ұлғайтып, оларды аспаптық көміртекті болаттар орнына қолдану металды механика жолымен өңдеудің (кесу және тесу) шапшаңдығын арттыруға, аспаптың қызмет ету мерзімін ұзартуға, станоктардың аспапты ауыстырғанда бос тұратын уақытын азайтуға мүмкіңдік береді.
Ванадийлі болаттарды халық шаруашылығына кеңінен енгізудің жоғарыда айтылған және басқа пайдалы жақтары біздің металлургия өнеркәсібіміздің ванадийді тұтыну нормасы жағынан буржуазиялық елдерді басып оза алатынын көрсетеді. Мұның үшін ванадийлі руданы шығару және оны феррованадийге айналдыру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.
Орасан мол ванадий запастары болып отырған Қазақстан еліміздің қажетін, қандай мөлшерде болса да, ванадиймен қамтамасыз етіп қана қоймай, ванадий өндірісінің өнімдерін экспорттың маңызды түрлерінің біріне айналдыра алады. Бұл мүмкіндіктерді алтыншы бесжылдықтан бастап жедел пайдалану керек. Қазақстанда салынуға тиіс үлкен ферросплав заводы, қазір ашылған ванадий, вольфрам және молибден рудалары негізінде феррованадий, ферровольфрам, ферромолибден шығаруға мамандана алады.
Қазақстанның ферросплав заводтары өнімінің орасан мол резерві, сол сияқты Қарағандыда, Екібастұзда және Құсмұрында карьерде шығарылатын қоңыр көмірмен жұмыс істейтін үлкен электр станцияларынан арзан электр қуатын алу мүмкіндіктері негізінде, алтыншы бесжылдықта республикада көп қоспалы болаттар мен арнаулы балқымалар шығаратын үлкен электрметаллургия заводын салу қажет. Мұндай электрметаллургиялық заводта, жергілікті металл хром және металл титан негізінде ыстыққа төзімді қоспалар өндірісін Қазақстанның жаңа ферросплав заводынан алынатын феррохром, ферровольфрам және феррованадий негізінде аспаптық, тез кескіш болаттар өндірісін шарикподшипниктік, тотықпайтын және басқа автотракторлық болаттар өндірісін, электрон және электрвакуум өнеркәсібіне керек жаңа магниттік балқымалар өндірісін ұйымдастыруға болады.
Қазақстанның қоспалы болаттар шығаратын жаңа электрметаллургия заводы іске қосылғаннан кейін, Совет Одағының шығыс аудандарының өздерінің, машина және аспап жасау өнеркәсібін күшейтуге керек металлургиялық базасы болады, мұның өзі СОКП Орталық Комитетінің июль Пленумының шешіміне толық сай келеді.
Қазақстанның өндіргіш күштерін онан ары өркендетудің келешектегі кейбір жолдары, біздің пікірімізше осындай.
Қазақстанда ғылымның практикадан кейін қалып қоймай, оны басып озуы үшін, таяудағы уақыттың ішінде республикада, ең алдымен, қара металлургия (Гипромез, Гипросталь, Гипроруда, ЦНИИЧермет және басқалары), түсті металлургия (Механобр, Гипроцветмет және басқалары), көмір және мұнай өнеркәсібі (ВНИГРИ) министрліктерінің, сол сияқты құрылыс материалдары өнеркәсібі (әйнек, темір-бетон конструкциялары институттары және басқалары), Геология және кен қорғау (ВИМИС, ВИРГ және басқалары) министрліктерінің бірсыпыра негізгі салалық ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының жергілікті, республикалық филиалдарын ашу қажет.
КСРО Геология және кен қорғау министрлігі Қазақстанда өзінінің Оралдағыдай үлкен технологиялық лабораториясын ашуға тиіс; Қазақстан аумағындағы барлық геологиялық материал Алматыдағы Қазақ геология басқармасы жанындағы республикалық геология қорына жиналатын болу керек. Мұның өзі республиканың үкіметтік және ғылыми органдарына республиканың шеңберінде көптеген ұйымдар мен ведомстволар жүргізетін кең көлемдегі геологиялық жұмыстардың жоспарлары мен қорытындыларын толық біліп отыруға мүмкіндік береді. Ақыр соңында, біздің пікірімізше, Қазақ ССР Геология және кен қорғау министрлігін құру туралы мәселенің пісуі жетті. Мұның өзі қазір Қазақстан алдына қойылып отырған мемлекеттік міндеттер дәрежесіне толық сай келеді.
Қазақ ССР Ғылым академиясы өзінің өндірістік және ғылыми эксперименттік базасын үнемі кеңейте беру тиіс. Мұнсыз ол республикадағы ғылыми ойдың шын мәнісіндегі орталығы бола алмайды.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨНДІРГІШ КҮШТЕРІН ОДАН АРЫ ДАМЫТУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Мақала «Қазақстан коммунисі» журналының 1955 жылғы № 9 санында 14-22 беттерінде жарияланды. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 102-115 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 149-160 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 84-94 бб.