Қазақ ССР Шығыс Қазақстан облысын, Семей облысының бір бөлігін Алтай өлкесін қамтитын 200 мың шаршы километрдей ұлан-байтақ жер кен зерттеу жұмыстары күшейтіле келе, ондағы түсті металдар және сирек кездесетін металдар кені меңгеріле келе, екінші бесжылдықтың ішінде «Үлкен Алтай» деп аталды.
Экономикалық-географиялық жағдайы жағынан, Үлкен Алтайдың мынадай екі түрлі ерекшеліктері бар: а) толып жатқан таулық өзендер құятын Ертістің жоғарғы жағының мол суы осы Үлкен Алтай бассейніне жиналады. Су қуаты жағынан, бұл бассейннің бүкіл одақтық және дүние жүзілік маңызы бар; б) совет өкіметі тұсында кен зерттеу жұмыстарының кең өрістетілуі арқасында Үлкен Алтай асыл түсті металдардың және сирек кездесетін металдардың дүние жүзілік мол қоры бар аудан болып қалыптасты. Бұл екі түрлі өзгешелік сипаты Үлкен Алтайдың экономикалық-географиялық жағынан дербес аудан болып бөлуіне толық негіз бола алады.
Алтай өлкесіне орыстар 18 ғасырдың басында келе бастады. 1720 жылы Өскемен қаласы салынды. 1747 жылы императрица Елизаветаның указы бойынша Колыван–Воскресенск кен заводтары округі құрылды. 1759 жылы Уба өзені бойында бекіністер табылды. Патша үкіметі ескі діндегілер мен жер аударылғандарды ықтиярсыз зорлықпен осы бекіністер төңірегінде қоныстануға жіберді.
1786 жылы Риддер (қазіргі Лениногор) салынды. 1791 жылы Герасим Зырянов полиметалл кенін тапты. Бұл жерге Зыяновскі салынды. 1881 жылы Колыван – Воскресенскі заводтары округі Алтай кен округі деп аталды. Қазіргі Үлкен Алтайдың едәуір жері осы округке қарайтын. 1906 жылы Алтай округінің егін егуге жарамды жерлері Переселен басқармасының қарамағына берілді.
Қазір Үлкен Алтайда, Семей облысының оған қараған бір бөлігі, Алтай өлкесін қосқанда, 800 мыңдай халық бар. Үлкен Алтайдың таулық ауа жағдайы адамның денсаулығына жақсы. Үлкен Алтайға қараған Шығыс Қазақстан облысының өзінде ғана егіске жарамды 2,8 миллион гектардан аса жер бар. Оның ішінде: сусыз егістік жер 37,7 процент, суармалы жер 32,7 процент, таулық қара топырақтық жер 20 процент, ойпаттағы тасқын су келетін қара топырақты жер 10 процент. Үлкен Алтай өңірінде 5 миллион гектардан аса шабындық, жайылымдық жерлер бар. 1928 жылдың өзінде ғана Шығыс Қазақстан облысына қараған жайылымдарда 2 миллионнан аса мал бағылды.
Алтайдың өсімдік қоры орасан мол және сан алуан. Алтайда, ең алдымен, орман көп, сол сияқты иісті майлар, әртүрлі бояу, смола, дәрі-дәрмек, витамин, май, бал шығатын және басқа сондай пайдалы өсімдіктер мол. Үлкен Алтайға қараған Шығыс Қазақстан облысының өзінде ғана өсіп жетілген ағаш запасы 64 миллион текше метр болып есептеледі. Шығыс Қазақстан облысының өзінде ғана орман қорына зиян келтірместен, жылма-жыл 1,7 миллион текше метр ағашты пайдалануға болады. Қазіргі уақытта мұның іс жүзінде үштен бірі ғана пайдаланылады. Ормандарды дұрыстап пайдаланса, Үлкен Алтай тек өзінің ғана емес, Қазақстанның Оңтүстік облыстарының да қажетін өтеп отырады.
Үлкен Алтайда неше түрлі айуанаттар көп. Терісі бағалы аңдардың 50-ден аса түрі, оның ішінде тыйын, түлкі, ақ тышқан, бұлғын, қамшат, аю сияқты бағалы аңдар бар. Ондатра, сусар сияқты бағалы аңдарды қолдан өсіріп, аң байлығын молайтуға Алтайдың жаратылыс жағдайы өте қолайлы. Бұрын Алтайда марал өсіріліп келген, бірақ қазіргі уақытта бұл шаруашылық ойдағыдай жолға қойылмай келеді. Үлкен Алтайдың Зайсан көлінде, Ертіс өзенінде және басқа өзендері мен көлдерінде неше түрлі балық байлығы мол. Балықтың бағалы тұқымдарын өсіру жолымен, Зайсан көлінде балық байлығы әлде қайда көбейту мүмкіндігі анықталды. Бұлардан басқа Үлкен Алтайдың өзендерінде пайдалы құстар көп, сол сияқты мұнда мол өнімді бал шаруашылығы күшті.
Үлкен Алтайдың жер, өсімдік, айуанат байлығы, қысқаша айтқанда, осындай. Мұның өзі Үлкен Алтай ел қоныстануға өте қолайлы қоныс екенін көрсетеді. Бірақ Үлкен Алтайдың негізгі байлығы онда емес. Оның негізгі байлығы, ең алдымен, таудан ағатын толып жатқан өзендерінде, су қуатында.
Үлкен Алтайдың су қуаты қоры тек совет үкіметі тұсында ғана тәртіппен зерттеле бастады. Қазір Үлкен Алтайдың тек 35 үлкен өзеніндегі су қуаты қоры 8 миллион киловат болып есептеледі, оның 40 проценті Ертіс өзенінің өзінде, 57 проценті оған ең жақын құятын өзендерде, Ал бұлардан басқа ұсақ өзендердің, жылғалардың жылма-жылғы су қуаты қоры кемінде 5 миллион киловат болып есептеледі. Сонда Қазақстанның барлық су қуаты қорының жартыдан артығы Үлкен Алтайда болып шығады. Үлкен Алтайдың қазіргі зерттелген су қорының өзі мұнда барлығы 4 миллион киловаттық 70-тен аса су электр станцияларын салуға мүмкіншілік береді. Үлкен Алтай өзендерінде де киловат-сағат электр қуаты ССР Одағының қай жеріндегіден болса да арзанға түседі. Үлкен Алтайдағы мұндай орасан көп және арзанға түсетін су электр қуатын пайдалану бұл өлкеде түсті металлургияны мейлінше күшті қарқынмен өркендетуді қамтамасыз етіп, Үлкен Алтайды ССР Одағындағы электр қуатын көп керек қылатын өндірістердің, оның ішінде аллюминий, магний, азот, кислород, водород, тыңайтқыш, аммиак, жасанды каучук өндірістерінің күрделі ауданына айналдыруға мүмкіншілік туғызады.
Үлкен Алтай Советтер Одағындағы түсті металдар, асыл металдар кенінің сарқылмас қоры болып есептеледі. Тіпті арғы заманда, мыс-қола дәуірінде Алтайда кен шығарылғаны мәлім болды. Бұрын кен шығарылған ескі шахталар, қоладан жасалған әртүрлі саймандар табылды. Ал біздің заманымызда Алтайдың кен байлығы XVIII ғасырдың бас кезінде зерттеліп, пайдаланыла бастады. Алғаш рет ұлы Петрдің бұйрығы бойынша 1715-1718 жылдарда Қазақстан мен Алтайға Бухгольцтің, Ураковтың, Соколовтың басшылығымен экспедициялар жіберілді. XVIII ғасырда Алтай мен Қалбаны зерттеушілердің ішінде Гмелинді, Георгты, Палласты, Гольмерсенді, Чихашевті, Чурковскийді атап көрсетуге болады. Алтайда құрылған алтын-күміс рудниктерін басқарған инженерлер ол кезде көптеген ғылыми материал жинады. ХІХ ғасырдың зерттеушілері ішінде Радловты, Потанинді, Ядринцевті, Иностранцевті, Петцті, ал ХІХ ғасырдың аяғында және ХХ ғасырдың басындағы зерттеушілердің ішінде Сапожниковты, Обручевті, Пилицевконы, Седельниковты және басқаларын атап көрсетуге болады.
Географиялық қоғамның Батыс Сібір бөлімі, әсіресе оның Семей және Алтай бөлімшелері Алтайды зерттеуге көп еңбек сіңірді.
Ұлы Октябрь революциясынан кейін Алтайды зерттеу онан сайын кең өрістетілді. Бұған толып жатқан ұйымдар: кен зерттеу, су зерттеу, су шаруашылығын зерттеу және басқа сондай ұйымдар қатысты. Алтай туралы ғылыми әдебиет және Алтайды зерттеушілер үздіксіз көбейе берді. Совет тұсында Алтайды зерттеушілердің ішінде Катульскийді, Нехорошевты, Григорьевты, Буровты, Духовскийді, Ягодкинді, Елисеевті және басқаларын атап көрсету қажет. Оның ішінде Нехорошев жақында Үлкен Алтайдың кенін зерттеу жұмыстарының нәтижесін қорытып, кен құрылысының М 1:500000 картасына түсірді. Үлкен Алтайды зерттеу жөнінде орасан көп жұмыс істеле тұрса да, Алтай кенінің зерттелуі әлі де жеткіліксіз.
Үлкен Алтайдың жалпы кен байлығын зерттеумен бірге совет үкіметі тұсында түсті металдар және сирек кездесетін металдар шығатын негізгі кен ошақтарындағы кен қорын молайту, оған өнеркәсіп тұрғысынан баға беру жұмыстары күшті қарқынмен жүргізіліп келді. Қазіргі уақытта Алтай мен Қалбаның кен ошақтарында Менделеев системасындағы барлық элементтердің кемінде үштен екісі бар екені анықталды. Оның ішінде қорғасын, мырыш, алтын, күміс, кадмий, күкірт, литий, цезий сияқты сирек кездесетін бағалы металдар бар. Совет білімпаздарының еңбегі арқасында Үлкен Алтайды түсті металдардың, асыл металдардың, сирек кездесетін металдардың кең қоры барған сайын молаюда.
Қазіргі зерттеудің өзінде-ақ, ССР Одағындағы географиялық барлық қорғасын қорының 43,7 проценті, барлық өнеркәсіптік қорғасын қорының 53 проценті Үлкен Алтайда болып отыр. ССР Одағындағы барлық категориядағы мырыш запасының 42,4 проценті өнеркәсіптің зерттелген мырыш запасының 43,8 проценті, Советтер Одағындағы барлық геологиялық күміс қорының 44,6 проценті, өнеркәсіп үшін зерттеген күміс қорының 58,8 сегіз проценті, кадмий қорының 67 проценті Үлкен Алтайда. Есепке алынған жалпы алтын қоры жағынан Қазақстан Советтер Одағында бірінші қатардан орын алады, бұл алтын қорының 80 проценті шамасы Үлкен Алтай өңірінде. Литий, цезий қоры жағынан Алтай Советтер Одағында бірінші орын, ал, күкірт қоры жағынан алдыңғы қатардан орын алады.
Қорғасын, мырыш, алтын, күміс кадмий қоры жағынан Үлкен Алтай Советтер Одағында бірінші орын алып отыр, мыс қоры жағынан Оралмен тепе-тең түседі. Үлкен Алтайдың қорғасын қоры Еуропаның, Канаданың, Азия мен Африканың қорғасын қорынан әлде қайда көп. Алтай полиметалл рудасының ерекше және аса маңызды бір өзгешелігі: мұнда мырыш, қорғасын, мыс, алтын, күміс, кадмий, сүрме, мышьяк, темір, күкірт, молибден, висмут, индий және басқа сирек кездесетін металдар ұштасып отырады. Бұл жағынан алғанда Үлкен Алтайдың дүние жүзінде теңдесі жоқ.
Алтайдың полиметалл рудасында алтынның көп болуымен бірге, Алтайда бірыңғай алтын шығатын бірсыпыра рудниктер бар. Негізгі полиметалл рудаларындағы сирек кездесетін металдардан тыс Үлкен Алтайда қалайы, вольфрам, молибден, литий, цезий сияқты сирек кездесетін металдар шығаратын жеке кен ошақтары көп. Бұл металдардың кейбіреулері жөнінде Алтай ССР Одағының негізгі ауданы болып есептеледі.
Үлкен Алтай өңірінде жиырмадан аса жерде көмір, жанар сланец шығады. Мұның ішіндегі ең маңыздысы – Үлкен Алтайдың оңтүстік жағындағы, Зайсан қаласынан 70 километр жердегі Кендрлік көмір және жанар сланец кен ошағы. Бұл жерде 22 қабат қоңыр көмір, 9 қабат тас көмір, екі қабат жанар сланец кені бар. Бұл жанар сланец пен бензин, лигройын сияқты майлар көп шығады. Кендрліктегі көмір және жанар сланец қоры миллиардтаған тонна болып есептеледі.
Үлкен Алтайда әралуан химиялық шикі заттар қоры да мол. Металлургия заводтарынан орасан көп күкірт газдары шығып жатады. Оның үстіне Алтай полиметалл рудаларында орасан көп күкірттік кольчедан қоры бар. Бұл қорларды пайдалану арқасында Үлкен Алтайда күкірт кислотасын шығаратын күшті өндіріс орнатуға болады. Кендрліктің жанар сланец және қоңыр көмірі негізінде, Кендрліктен басқа кен ошақтары негізінде сұйық отын шығаратын, аммияк және химия өнеркәсібінің басқа өнімдерін шығаратын күшті өндіріс орнатуға толық мүмкіншілік бар. Алтаймен іргелес Құлынды көлдерінде орасан мол тұз қоры бар. Үлкен Алтайдың су қуаты қорын пайдалана отырып, бұл тұз қоры негізінде негізгі химия өнеркәсібін күшейтуге кең өріс ашылады.
Үлкен Алтайда темір рудасы да аз емес. Ал, құрылыс материалдардың қоры – цемент жасайтын шикі зат, құмыра және кірпіш жасауға керекті саз, известняк, құм, төбе жабатын сланец және басқалары тіпті көп. Мұның бәрі құрылыс материалдары өнеркәсібін күшейтуге зор мүмкіншілік туғызады.
Алтайдың неше алуан жаратылыс байлықтарының қысқаша тізімі осындай. Оның ішінде су электр қуаты, түсті металдар, асыл және сирек кездесетін металдар бірінші орын алады. Бірақ, осы жаратылыс байлықтары Ұлы Октябрь революциясына дейін өте өз пайдаланылып келді. XVIII ғасырдың бас кезінен бастап Октябрь реовлюциясына дейін Үлкен Алтайда небәрі 10 миллион тонна руда шығарылған. Бұл рудадан 150 мың тонна қорғасын, 31 мың тонна мыс, 2650 тонна күміс, 3 тоннадай алтын айырылған. Алтайдың орасан мол минерал қорын халық шаруашылығы үшін кеңінен пайдалануға тек Октябрь революциясынан кейін кірісілді. Совет үкіметі тұсында Үлкен Алтайдың негізгі орталықтары теміржол арқылы Советтер Одағының негізгі теміржолдарымен жалғастырылды. Қазірдің өзінде орасан көп қорғасын, мырыш, кадмий, алтын, күміс, мыс және басқа сондай металдар беріп жатқан үлкен рудниктер, фабрикалар, заводтар салынды. Үлкен Алтайдың су қорын кеңінен пайдалануға негіз қалаған бірсыпыра электростанциялары салынып іске қосылды.
Сталиндік жаңа бесжылдық жоспар және ұлы жоспар бойынша Үлкен Алтай ауданын онан сайын индустрияландыруға кең өріс ашылып отыр. Жобаланған түсті металлургия орындары салынғанының өзінде Үлкен Алтайда 1955 жылы қорғасын 1913 жылғы бүкіл Ресейдегіден 46 есе көп, мырыш 30 есе көп, мыс 20 есе көп қорытылатын болады. Қазіргі бағамен есептегенде, Алтайдың полиметалл кәсіп орындары елімізге жылма-жыл кемінде 893 миллион сомдық өнім беріп отырады. Оның ішінде алтын мен мырыштың әрқайсысы 29 процент, мыс 18,3 процент, қорғасын 13,5 процент орын алады.
1955 жылы Алтайда қорғасын өнімі 1941 жылы АҚШ-тың атақты үш штатында, Испания және Италия сияқты елдерде шығарылған қорғасын өнімнен екі есе дерлік, 1938 жылы Францияда шығарылған қорғасыннан 1,7 есе асып түседі. Алтайда мырыш өнімі АҚШ-тағыдан артып, Канаданың 1940 жылғы өніміне теңеледі. Өзінің техникалық-экономикалық дәрежесі жағынан Алтай кәсіпорындары дүние жүзінің алдыңғы қатарлы және ең үлкен кәсіп орындарымен бара-бар болады. Мұнымен бірге Үлкен Алтай қорғасын, мырыш сияқты стратегиялық аса маңызды металдар жөнінде елімізді басқа елдерге тәуелді болудан құтқару ісінде ең көрнекті орын алады.
Сталин жолдас 1946 жылғы 9 февральдағы тарихи сөзінде таяудағы үш бесжылдықтың ішінде капиталистік елдерді экономика жөнінде де басып озу міндетін алға қойды. Мұның үшін басқа міндеттермен қатар елімізде шойын өнімін жылына 50 миллион тоннаға жеткізу керек екенін көрсетті. Шойын өнімінің мөлшерімен салыстырғанда, дүние жүзілік экономиканың нешеме жылғы мәліметтері бойынша, қорғасын өнімі 1,6 процент, мырыш өнімі 1,4 процент орын алады. Сонда, ұлы жоспар аяқталар кезде, шойын өнімі жылына 50 миллион тоннаға жеткенде, еліміз өзінің ішкі қорынан жылына 800 мың тонна қорғасын, 700 мың тонна мырыш алатын болу керек. Мұның бірсыпырасы металл сынықтары есебінен өндіріледі. ССР Одағында 1955–1960 жылдарда металл қоры АҚШ-тағыдан кем болғанның өзінде, жалпы металл сынықтары – қорғасын жөнінде 25 процент, мырыш жөнінде 15 процент болуға тиіс. Сонда ұлы жоспардың аяқ шенінде жылына рудадан 600 мың тонна қорғасын, 600 мың тонна мырыш айыру керек болады.
Бұл айтылған мөлшерді негізге ала отырып, Советтер Одағының Түсті металлургиясы елімізге қорғасын, мырыш, мыс өндірісін өркендетудің ұлы жоспарын жасауға қазірден кірісуі керек. Мұның үшін, ең алдымен, түсті металдар шығатын жаңа кен ошақтарын зерттеу, бұған дейін мәлім болған жерлердегі өнеркәсіптік кен қорын молайту жұмыстарын мейлінше өрістету керек. Алайда ұлы жоспарды жасағанда, Советтер Одағының жеке рудалы аудандарындағы түсті металдардың қазіргі есепке алынған қорларын негізге алуға болады. ССР Одағында түсті металдар мәселесін шешу ісінде Қазақстан, оның ішінде мыс жөнінде Орталық Қазақстан, қорғасын мен мырыш жөнінде Үлкен Алтай көрнекті орын алады. Ұлы жоспардың аяқ шенінде Үлкен Алтайда 250 мың тонна қорғасын, 280 мың тонна мырыш өндірілуге тиіс. Қорғасын мен мырышты мұндай мөлшерде өндіргенде Үлкен Алтай онымен бірге елімізге көптеген алтын, күміс беріп, ССР Одағының ақша қорын нығайтады.
Үлкен Алтайдың келешегі одан әлдеқайда зор. Мәселен, Лениногордың рудалы алаңында қазір зерттеу жүргізіліп жатқан жер 12 проценттен, Зыряновскіде 11 проценттен аспайды. Олай болса бұл аудандарда өнеркәсіптік кен қорының келешекте 4–5 есе молаюын күтумізге болады. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымыздай, Алтай рудасы неғұрлым бағалы келеді. Мұның өзі оған жұмсалған қаражаттың неғұрлым жақсы нәтиже беруін қамтамасыз етеді.
Түсті металдар, әсіресе, қорғасын мен мырыш қоры қазіргі уақытта дүние жүзінде қазіргі кәсіп орындарында оншама ұзақ уақыт қамтамасыз етерліктей мол емес. Мәселен, дүние жүзінің қорғасын қоры 83 миллион тонна болып есептеледі, ал, 1943 жылғы дүние жүзінде 1,755 мың тонна қорғасын шығарылды. Егер рудадан көп дегенде 80 процент қорғасын айрылатын болса, сонда 1943 жылғы өнімді негізге алғанда жоғарыда көрсетілген қорғасын қоры 16 жылға жетеді. Дүние жүзінің мырыш қоры қазір 57 миллион тонна болып есептеледі, ал, 1943 жылы 1954 тонна мырыш қорытылды. Рудадан 80 процент айырылғанда, дүние жүзінің мырыш қоры 23,5 жылға жетеді.
Олай болса, ұлы жоспар бойынша ССР Одағында қорғасын және мырыш мәселесін шешу түгелінен дерлік Үлкен Алтайға жүктеледі. Демек, Үлкен Алтайдың халық шаруашылығы жоспарында түсті металдар, әсіресе, қорғасын мен мырыш ерекше орындалуға тиіс. Үлкен Алтайдың халық шаруашылығының басқа салаларының бәрі оның негізгі өндірісі – түсті металлургияны өркендетуге қызмет ететін болу керек.
Осы айтылғандарға сәйкес, Үлкен Алтайдың түсті металлургиясын өркендетудің негізгі міндеттері мынадай болу керек:
Түсті металдардың өнеркәсіптік қорын мейлінше молайту мақсатымен Үлкен Алтайда кен зерттеу, кен іздеу, кенді жерлерді қатарға түсіру жұмыстарының қарқынын мейлінше күшейту керек. Бұл жұмыстарды қай жағынан болса да толық қамтамасыз ету керек. Сөйтіп, бұған дейін мәлім болған, пайдаланылып жатқан полиметалл кен ошақтарындағы рудалы алаңдардың бәрін өнеркәсіп үшін толық зерттеп қана қоймай, Үлкен Алтайға қараған жердегі түсті металл белгілері бар жүздеген орындарды зерттеп, өнеркәсіп қажеті тұрғысынан баға беру керек. Мұнымен бірге Үлкен Алтайдағы түсті металдар, сирек кездесетін металдар рудасының составын зерттеу, жергілікті құрылыс материалдарының неше алуан түрлерін зерттеу, Үлкен Алтайдағы минерал қорларын, оның ішінде көмір, жанар сланец, қара металл, химиялық заттарды және басқаларын зерттеу жұмыстарын барынша күшейту керек.
Үлкен Алтайдағы полиметалл рудаларын ашудың, пайдаланудың неғұрлым өнімді технологиялық жолдарын белгілеу жөніндегі ғылыми-зерттеу, тәжірибе жұмыстарын барынша күшейту керек, сөйтіп кен жұмыстарының қауіпсіз болуын, кен қорының толық пайдаланылуын, түсер бағасының азайтылуын қамтамасыз ету керек.
Алтай полиметалл рудасын байытудың, балқытудың неғұрлым өнімді жолдарын анықтау, рудадағы пайдалы тектердің бәрін неғұрлым толық айыру жөнінде біздің металлургтарға, байытушыларға, химиктерге жауапты және ардақты міндет жүктеледі. Қазір Үлкен Алтайдың фабрикалары мен заводтарында тек қосымша металдар, сирек кездесетін металдар ғана емес, орасан көп негізгі металдар да босқа ысырап болады. Мәселен, рудадағы алтынның 25–50 проценті, қорғасынның 30–40 проценті, мыстың 30–50 проценті байыту фабрикаларының қалдығына, металлургия заводтарының қалдығына кетеді. Рудадағы кадмий, күміс айырылған мөлшеріне қарай есептеледі, қаншама ысырап болғаны анықталмайды, ал рудадағы мышьяктің бәрі желге кетеді. Ал, тек Ертіс заводында шаңмен кеткен мышьяктің өзі Қазақстан мен Орта Азияның қажетін толық қамтамасыз ете алар еді. Үлкен Алтай полиметалл рудаларындағы түгелінен желге кететін висмут, таллий, телур, индий және басқалары сияқты тектер өзіне басқа. Технологтар рудадағы осы тектерді неғұрлым толық айырудың әдістерін табуға тиіс.
Үлкен Алтайдың энергетика базасын, транспорттың, ауыл шаруашылығын, бүкіл халық шаруашылығын қайта құру, өркендету, мұның негізінде Үлкен Алтайдың бүкіл халық шаруашылығын комплексті жолмен күшейтудің ұлы жоспарын жасау жұмыстарын жүргізу керек. Бұл жоспар оның негізгі өндірісі – түсті металлургияны өркендетуге неғұрлым қолайлы жағдай туғызатын болу керек.
Үлкен Алтайдың жұмысшы кадрлары, инженер-техник қызметкерлері мәселесін терең зерттеу керек. Күшті қарқынмен өркендетілетін түсті металлургияны ғана емес, Үлкен Алтайдың негізгі жаратылыс-өндіріс күштерінің бәрін халық шаруашылығы үшін неғұрлым толық пайдалану қажетін кадр жағынан қамтамасыз ету тұрғысынан, бұл ауданның еңбек ресурстарының балансын жасау керек.
Үлкен Алтайдың неше алуан және орасан мол жаратылыс-өндіріс күштерін ұштастыра отырып, толық пайдалану міндетін ойдағыдай орындаудың ерекше маңызы бар. Бұған совет ғылымының күштерін барлық жағынан және неғұрлым толық жұмсау керек болады.
Тек біздің елде ғана ғылымға ерекше көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетіліп отыр. Біздің елдің білімпаздары алдында өздерінің творчестволық білімін жұмсауға кең өріс ашылды. Еліміздің халық шаруашылығы ғылым негізінде жоспарланып, өркендетілуде. Қазір біздің алдымызға тарихи ұлы міндет – Үлкен Алтайдың ұшан теңіз жаратылыс байлықтарын еліміздің социалистік халық шаруашылығы үшін неғұрлым шапшаң және нәтижелі пайдаланудың жолдарын белгілеу міндетті қойылып отыр. Біз бұл міндетті абыроймен орындауымыз керек.
Еліміздің халық шаруашылығын өркендетудің ұлы жоспарында қорғасын мен мырыш мәселесін толық шешу негізінде Үлкен Алтайға байланысты. Ұлы Ленин пролетариат мемлекеті үшін Үлкен Алтайдың минерал байлығының ерекше маңызы бар екенін атап көрсетті. Ленин өзінің данышпандығы арқасында Үлкен Алтайды шет ел капиталистеріне үкіметінің жаңадан құрылған кезінің өзінде концессияға бермей, сақтап қалды. Кемеңгер Сталин бастаған БК(б)П Орталық Комитетінің Саясаттық Бюросы Үлкен Алтайға ерекше көңіл бөліп отырады. Ұлы орыс халқының туысқандық көмегімен, большевиктер партиясының, халықтардың данышпан көсемі Сталин жолдастың басшылығымен Қазақстанның және Үлкен Алтайдың еңбекшілері өздерінің алдына қойылған аса маңызды тарихи міндеттерді ойдағыдай орындайтындығы күмәнсіз.
ҮЛКЕН АЛТАЙДЫҢ ЖАРАТЫЛЫС БАЙЛЫҚТАРЫ
Бұл мақала 1947 жылы 26 шілдеде «Социалистік Қазақстан» газеті мен 1947 жылы 1 тамызда «Алтай большевигі» газетінде жарық көрген. Мақала өлке өндіргіш күштерін зерттеу жөніндегі конференция карсаңында жазылғандықтан, ғалым Алтай кен көздерін ашу және кен өндіру мәселелеріне байланысты ойларын ортаға салады. Құрамынан қорғасын мен мырыштан басқа, бай мыс, асыл және сирек кездесетін металдар табылып отырған Алтай полиметалл кендерін игеріп, халық шаруашылығына пайдаланудың кезек күттірмейтін мемлекеттік міндет екенін ескертеді.
Мәтін ішіндегі «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп, «өкмет» – «өкімет», «жыйналады» – «жиналады», «сыяқты» – «сияқты», «топрақ» – «топырақ» деп өзгертілді. Мақалада кездесетін «процент», «завод» сөздері өзгертілмей сол күйінде берілді.
Мақала осы академиялық толық жинаққа «Алтай большевигі» газетінің 1947 жыл 1 тамызындағы №146 санындағы түпнұсқадан алынып, тұңғыш рет ғылыми айналымға еніп отыр.