Мұзды мұхиттан басталып, Қара теңізге дейін созылған майданда біздің айбынды Қызыл Армия жаудың жанталасқан шабуылдарына асқан батырлықпен күшті соққы беріп жатыр. Тылда – еңбек майданында, бүкіл совет халқы Сталиндік вахтаға тұрып, еліміздің барлық күшін, резервін отан қорғау ісіне жұмылдырып отыр.
Отан соғысының қажетін өтеуде республикамыздың, әсіресе, түсті металл өнеркәсібіне өте жауапты және зор міндеттер жүктелді. Өйткені, Қазақстан еліміздің түсті металды республикасының бірі. Қазақстанда Шымкент, Лениногорск қорғасын заводтары, Балқаш, Ертіс, Қарсақпай мыс заводтары сияқты жаңадан салынған ірі заводтар, Жезқазған, Қоңырат, Ащысай, Лениногорск, Зырян, Белоус сияқты запасы мол рудниктер істейді. Бұлармен бірге сталиндік бесжылдықтардың ішінде республикамызда олово, молибден, вольфрам, сурьма сияқты сирек кездесетін металдарды өндіру ісі де жолға қойылды.
Қазақстанның түсті металл жөніндегі мүмкіншілігі, резерві шексіз мол. Ол резервтер, ең алдымен, біздің рудниктерімізде шығарылып жатқан руданың сапасына байланысты. Жезқазған руднигі берген рудасының сапасын бір процентке ғана арттыратын болса, немесе Қоңырат руднигі 0,2 процентке ғана арттыратын болса Балқаш, Қарсақпай мыс заводтарының өнімділігі 25 процентке артқан болады. Қазір біздің кеншілеріміз, кен барлаушыларымыз, ең алдымен, бай руданы пайдалануға назар салуы керек.
Республикамыздың барлық рудниктерінде де руданы қазу жұмысын үздік арттырарлық мүмкіндіктер бар. Бұл мүмкіндіктер тау-кен шаруашылығын тәртіптеуге, Семиволос-Янкиннің кен бұрғымен көп забойды бұрғылау әдісін, республикамыздың Сафин жолдас сияқты белгілі бұрғышыларының терең бұрғылау әдісін кең колдануға байланысты.
Біздің металлургия заводтарымызда, байыту фабрикаларымызда да толық пайдаланылмай келе жатқан резервтер мен мүмкіндіктер көп. Бұларда технологиялық процесті оңдап, ысырапты тек бір процент кемітудің есесінен ғана елімізге қосымша жүздеген тонна металл беруге болады. Республикамыздың ірі, алып заводтарының жұмысын үздік оңдап, өнімділігін арттыра түсумен бірге, қолөнершілер кооперациясы мен жергілікті өнеркәсібі тарапынан түсті металдарды өндіретін ұсақ кәсіпорындарын ашу ісін мейлінше кең өрістетуіміз керек. Мұндай кәсіпорындарына негіз боларлық кендер республикамыздың көп жерінде бар. Әсіресе, Орталық Қазақстанда, Алтайда, Оңтүстік Қазақстанда көп.
Ұсақ кәсіпорындарын ұйымдастыру жұмысы оңай бола қоймағанымен, толық мүмкіндік бар айқын міндет болып саналады. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын ата-бабаларымыздың қорғасынды, мысты жабайы әдістермен қорытып алып жүргендігі белгілі ғой. Ал қазіргі техника дәрежесінің, металлургия әдістерінің өскенін ескерсек, бұл міндет аса көп қиыншылықты кездестірмейді. Сөйтіп республикамыздың барлық бай кендерін мейлінше сарқа пайдаланатын болуымыз керек. Қолөнершілер кооперациясы мен жергілікті өнеркәсібінің ұсақ кәсіпорындарын ашу арқылы Атбасар ауданындағы Спасс, Қима сияқты, Баянауыл ауданындағы Баяндықұдық Қожаншат, Жезқазған ауданындағы Қорғасын, Солтүстік Балқаштағы Қызылеспе, Гүлшат, Қарқаралы ауданындағы Берікқара, Күзеуадыр, Саманбет, Алматы ауданындағы Қаскелең, Ұзынсу, Жамбыл ауданындағы Сүлеймен-сай сияқты кендерді пайдалануға болады. Бұлар сияқты кендер Алтайда әр жерден кездеседі.
Заводтар маңайындағы, жол бойындағы Кеншоқы, Алмалы сияқты кендердің рудасын Шымкент қорғасын заводына, Өспен маңындағы рудниктердің рудасын Балқаш мыс заводына, Жартас кенінің рудасын Қарсақпай мыс заводына, Қаршыға сияқты бай кендердің рудасын Ертіс мыс заводына тасымалдау жұмысын ұйымдастыруымыз керек.
Міне, осындай мол жаратылыс байлықтарымызды пайдалану негізінде Қазақстанның түсті металшылары отан соғысының қажетіне түсті металды қанша керек болса, сонша бере алады.
Республикамыздың мұнайшылары мен көміршілеріне жүктелетін міндет те зор. Моторлар соғысы болып отырған қазіргі соғыста мұнайдың маңызы қаншалық екендігі әркімге айқын. Қазақстан мұнайшылары бірде-бір скважинаны, бірде-бір бұрғылау агрегаттарын бос тұрғызбай, мейлінше сарқа пайдалану үшін күресіп жатыр. Бұл күресті бұдан былай да күшейте беру керек. Қазір, ең алдымен, мұнай кендерінің де бай жерлерін пайдалануымыз керек. Мұнайды суға, тағы басқа сондай зиянды заттармен араластырмай, жоғары сапалы етіп беру, ысырапсыз өндіру – мұнайшыларымыздың ең ардақты міндеті.
Еліміздің жағармай жөніндегі резервін молайта түсу мақсатымен республикамыздың автотрактор паркін қатты отын жағуға, коңыр көмірді жағуға көшіре беру ісін тынбай кең көлемде жүргізе беру керек. Қарағандының, Майқайыңның, Кендірліктің, Байқоңырдың, Қияқтының, Ленгердің, тағы басқа көмір кендеріміздің коңыр көмірі, сол сияқты Кендірліктегі, Үстірттегі жанатын сланецтер газогенераторлы автотрактор паркінің негізгі отыны болуға тиіс.
Еліміздің негізгі металлургия орталығы болып отырған Орал заводтарының, әсіресе Магнитогорск металлургия комбинатының отын базасы біздің Қарағанды болып саналады. Бұл заводтардың отан соғысының қажетіне болатты, шойынды неғұрлым мол беруі ең алдымен Қарағанды көміршілерінің жұмысына байланысты.
Қазақстан өнеркәсібінің, теміржол транспортының, қалаларының, тағы басқа шаруашылық салаларының отын жөніндегі барлық қажетін жергілікті отын есебінен толық өтеуге болады. Республикамыздың бұл жөніндегі мүмкіншілігі ересен мол. Көмір кендері барлық облыстарымызда бар. Жергілікті көмірді, торфты ағаш отындарды молайта өндіру жұмысын мейлінше кең өрістетуіміз керек. Жезқазған, Байқоңыр, Қарағанды сияқты көмір қабаттары көп жерлерде көмір брикеттерін жасау жұмысын ұйымдастыру керек. Бершүгір, Ленгер, Шоқпақ, Келтемашат, Кендірлік кендерін күшті қарқынмен дамыта беру керек. Солардың арқасында Түрксиб және Орынбор теміржолдары алыстан тасымалданатын отынды мүлде пайдаланбайтын болу керек. Кенді Алтайды, Батыс және Оңтүстік Қазақстанды жергілікті отынмен толық қамтамасыз етуіміз міндет. Бұлар жөніндегі жауапты және құрметті міндет Қазақстан қолөнершілері мен жергілікті өнеркәсібі жұмысшы, қызметшілерінің армиясына жүктеледі.
Цементтің, үй төбесіне жабылатын қаңылтыр темірдің көпшілігін Қазақстан осы күнге дейін басқа республикалардан алып келді. Міне, бұлар жөніндегі қажетімізді өтеу жолында да көп жұмыстар істелуге тиіс. Республикамыздың қолөнершілері цементтің орнына жүретін материалдарды өндіру жөнінде тамаша инициатива көрсетіп отыр. Осы сияқты түсті металлургия заводтарымыздың, электр станцияларымыздың қалдық шлактарын пайдалану жөніндегі бастаманы мықтап қолдау керек. Республикамыздың көп жерінде бар утасты өндіруді күшейту керек. Үйдің төбесіне жабылатын каңылтыр темірдің орнына черепицаны кең түрде қолдану керек. Бұларды өндіруге қажет шикізаттар (утас, сланец, доломит, тағы басқалары) республикамызда әбден көп. Бұлар табылмаған облыстарда барлау жұмыстары ұйымдастырылуға тиіс.
Қазақстан шыны, сұйық шыны, отқа күймейтін кірпіш, сода, минералды бояу өндіруге керекті шикізаттарға әбден бай. Міне, бұларды көбірек ашып, тез қажетке жарату ісіне көмектесу республикамыздың ғылыми-техника қызметкерлерінің ардақты борышы болып саналады.
Қазақстанның ұлан-байтақ жері әр алуан жан-жануарға, өсімдікке де әбден бай. ССРС Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының ботаника секторының коллективі осы күнге дейін 3 мыңнан астам өсімдіктерді жинап, зерттейді. Қазір коллектив профессор Павлов жолдастың басшылығымен республикамыздың жабайы және мәдениетті бояу өсімдіктерін, кермектерді, таусағыз өсімдіктерін, май өсімдіктерін, улы өсімдіктерді, тағы басқа өсімдіктерді анықтау, оларды өңдеу жолдарын зерттеп жатыр.
Республикамыздың бай мал шаруашылығының продуктылығын арттыра беру, тұқымын асылдандыра беру, санын көбейте беру, оларды түрлі індеттен аман сақтау жолында аянбай қызмет ету – сталиндік вахтаға тұрған зоологтар мен зоотехниктердің айбынды міндеті.
Оқымыстыларымыз, ғылыми-техника кызметкерлеріміз республикамыздың байлығын арттырып, отан қорғау, күш, қуатын нығайта беру жолында бұдан былай да аянбай қызмет етеді.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАРАТЫЛЫС БАЙЛЫҚТАРЫН ОТАН ҚОРҒАУ ІСІНЕ ЖҰМЫЛДЫРАЙЫҚ
Бұл мақала «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылғы 16-қыркүйектегі №218 (5827) санының 3-бетінде жарияланған. Мақала астында «Қ.Сәтбаев, ССРС Ғылыми академиясының Қазақстандық филиалы президиумы председателінің орынбасары» деп көрсетілген. Аталған мақала Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген көптомдық еңбектерінде басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 172-175 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 5. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 1999. – 456 с. – 22-25 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 141-144 бб.
Мақаланың 1941 жылғы алғашқы нұсқасын көптомдық еңбектердегі нұсқасымен салыстыра отырып зерттеу барысында, текстологиялық өзгерістердің бар екендігін аңғардық. Мысалы:
«Қолөнершілер кооперациясы мен жергілікті өнеркәсібінің ұсақ кәсіпорындарын ашу арқылы Атбасар ауданындағы Спасс, Қима сияқты, Баянауыл ауданындағы Баяндықұдық Қожаншат, Жезқазған ауданындағы Қорғасын, Солтүстік Балқаштағы Қызылеспе, Гүлшат, Қарқаралы ауданындағы Берікқара, Күзеуадыр, Саманбет, Алматы ауданындағы Қаскелең, Ұзынсу, Жамбыл ауданындағы Сүлеймен-сай сияқты кендерді пайдалануға болады. Бұлар сияқты кендер Алтайда әр жерден кездеседі» деген 1941 жылғы мақала ішіндегі сөйлем 1999 жылғы (1-томдық, 2007 жылғы жинақта осылай толығымен берілсе, 1999 жылғы (көптомдық. 5-том) кітапта абзац соңы «Алматы ауданындағы Қаскелең, Ұзынсу, Жамбыл ауданындағы Сүлеймен-сай сияқты кендер Алтайда әр жерден кездеседі», — деп қысқартылып берілген. Сонымен бірге 1941 жылғы мақала ішіндегі «ССРС» атауы одан кейін жарыққа шыққан еңбектердің бәрінде «ССРО» деп өзгертіліп беріледі.
Бұл жинаққа мақаланың 1941 жылғы алғашқы нұсқасы қазіргі тыныс белгі ережелерімен беріліп отыр. Мақала ішіндегі терминдерге назар аударсақ:
Молибден (лат. Molybdaenum; Мо) – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент. Табиғатта тұрақты 7 изотопы (массалық сандары 92, 94 – 98, 100) бар. Молибден ашық сары түсті металл, тығыздығы 10,2 г/см3, балқу температурасы 2620ӘС, қайнау температурасы 4600ӘС.
Вольфрам (лат. Wolframium; W) – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент; атомдық нөмірі 74, атомдық массасы 183,85. Вольфрам (латынша Wolframіum) табиғатта аз тараған, жер қыртысының 1Ч10-4 %-ын құрайды. Бос күйінде кездеспейді, оның минералдары – вольфраматтар, аздап оксидтер және сульфидтер күйінде кездеседі.
Сүрме (лат. Stіbіum; Sb) – элементтердің периодтық жүйесінің V тобындағы химиялық элемент, атомдық нөмірі 51, атомдық массасы 121,75. Сүрмені сульфидті кентастарды күйдіргеннен қалған өнімдерді немесе тотыққан кентастарды тотықсыздандыру арқылы алады.
Доломит – карбонаттар класының минералы. Түсі сұрғылт ақ, кейде сарғыш, қоңыр немесе жасыл реңді болады. Қаттылығы 3,5–4, меншікті салмағы 2,85 г/см3, шыныдай жылтыр, морт сынғыш.