Түсті металлургия халық комиссариатының Жезқазған геология барлау конторы жұмысты бірқалыпты істей отырып, өзінің өндірістік программасын жылдан-жылға артығымен орындап келеді. Атап айтқанда, 1940 жылдың планы барлық жағынан 112,5 процент, оның ішінде колонкалық бұрғылау планы 120,6 процент орындалды. Барлық жұмыстың жылдық орта бағасы пландағыдан 14,7 процент арзандатылды.
Бұрынғы жылдардағы сияқты, 1940 жылғы геология барлау жұмыстарының нәтижесі де ойдағыдай болды, соның арқасында кен запасы арта түсті. Мынадай мысалдар келтіруге болады: Жезқазған кенінде 1940 жылы табылған мыстың запасы бұған дейін табылған барлық запастың 25,5 процентіне жетті. Егер Жезқазғанда бұдан бұрын табылған мыс запасы орасан көп болғандықтан, мұндағы мыс запасы бүкіл Союздағы мыс запасының 25 процентіне жеткендігін еске алатын болсақ, онда Жезқазған барлаушыларының 1940 жылы жүргізген жұмысының өте көлемді екендігін көреміз.
Жезқазған барлаушылары социалистік жарыста алған міндеттемелерін абыроймен орындау жолында күресе отырып, бұрғылау жөніндегі 1940 жылдың планын Қазақ республикасының XX жылдық мерекесіне дейін, ал бүкіл барлау жұмысының жылдық планын Сталиндік Конституция күніне дейін орындап шықты. Табысқа жетудің ең негізгі шарты – барлаушылар коллективінің ұйымшылдығы, еңбек дисциплинасының беріктігі, жұмысшылардың бір орында тұрақтап істеуі болды. Мәселен, инженер-техник қызметкерлердің арасында 20 адам барлау жұмысында 10 жылдан артық уақыт істейді. Ал 35 адамның істегеніне 5 жылдан артық уақыт болды. Сменалық бұрғы мастерлерінің 90 проценті жергілікті жердің өзінде даярланған, Жезқазғанда 5-10 жылдан бері істейтін қазақ кадрлары. Олар өз істерінің мамандары.
Барлаушылар коллективінің табысқа жетуінің тағы бір мәнісі және оның бір өзгешелігі сол, коллектив мүшелері ескі әдістерді қолданып қана отырмайды, керісінше, геология-барлау жұмысының техникасын жақсарту және рационализациялау жөніндегі барлық жаңалықтарды іліп алып, өз жұмысында толық қолданып отырады.
1936 жылдың аяғында «Жер қойнауын барлау» деген журналда Донбастағы геологиялық барлау партияларының бірінде қолданылған кенді ірі зарядтармен бұрғылау әдісі жөнінде кішкене хабар басылды. Жезқазған барлаушылары 1937 жылдың басында осы әдісті өздерінде тұңғыш рет қолданып, тәжірибе жұмыстарына кірісті. Бұрғылаудағы старший мастер, коммунист Есілбай Бекенесов жолдастың, Жезқазған бұрғылау партиясының бастығы және техникалық жетекшісі А. Д. Никитиннің техникалық басшылығымен жүргізілген тәжірибе жұмыстары 1937 жылдың бірінші тоқсанынының аяғында жақсы нәтижелер берді, бұрғылау жұмысының өнімділігін ескі нормалардан 25 процент арттыруға мүмкіндік тудырды. Бұл әдіс Жезқазғандағы барлық бұрғылау станоктарында қолданылатын болды.
Двигательдер үшін бетоннан жасалған, бір жерден екінші жерге көшіріп жүруге болатын фундаменттерді қолдану, бұрғылау вышкаларының конструкциясын оңайлату, Жезқазған кендерін бұрғылау жұмыстарын бұлжымайтын категорияға бөлу, оларды нормалау ісін дифференциялау, осылар сияқты басқа да толып жатқан рационализациялық шараларды іске асыру геология-барлау ісінде жұмыс уақытын барынша толық және жақсы пайдалануға бірден-бір жол ашты.
Әрбір жұмысшының жұмыс нормасын жақсы білуі, оны ойдағыдай орындауы, еңбекке үстемелі (сдельный) ақы төлеу системасының қолданылуы, өндірістік тәртіптің берік болуы, жұмыста технологиялық процестің берік сақталуы, сонымен қатар бұрғышылар арасында социалистік жарыстың кеңінен өрістетілуі – осының бәрі геология-барлау жұмыстарында еңбек өнімділігінің жоғары болуына, планды тапсырмалардың толық және артығымен орындалуына тікелей мүмкіндік беріп келеді.
Жезқазған геология-барлау конторының жұмысындағы тағы бір өзгешелік сол, мұнда жер астындағы кендердің барлығы комплексті әдіспен зерттеледі. Дүние жүзілік маңызы бар мыс рудаларының запастарымен қатар, Жезқазған барлаушыларының күшімен темір, марганец рудаларының, көмірдің, құрылыс материалдарының ірі запастары табылды. Бұған Қарсақпай темір рудасы, Қияқты көмірі сияқты болашағы зор ірі кендер кіреді.
Түсті металлургия Халық Комиссариатының геология-барлау конторларының 1940 жылғы Бүкілсоюздық социалистік жарысында Жезқазған конторы озып шықты. Халық комиссариатының геология жөніндегі Жоғарғы басқармасының жюриі Халық Комиссариаты мен түсті металдар профсоюзының Орталық Комитетінің ауыспалы қызыл туын берді. Бұл ту 1941 жылы да біздің қолымызда қалып отыр.
СССР Түсті металлургия Халық Комиссары Ломако жолдас өзінің осы жылғы 13 марттағы құттықтау телеграммасында былай деп жазды: «Жезқазған геологтарының коллективі Жезқазғанның кенге бай қойнауын комплексті жолмен зерттеу жөнінде бұдан былай да шын ықыласпен көп жұмыстар істейді және еңбектің стахановтық әдістерін кеңінен қолдану негізінде 1941 жылы жаңа табыстарға жетеді, өндіріс жолымен пайдаланылатын металдардың запасын арттырады, сөйтіп Ұлы Отанымыздың қорғампаздық күш-қуатын нығайту ісіне жаңа үлес қосады деп сенемін».
Халық Комиссарының шақыруын Жезқазған барлаушылары асқан жігермен қарсы алды. Олар жеңіп алған туын зор абыроймен берік ұстау жолында, кеннің жаңа байлықтарын табу жолында күресіп жатыр.
1940 жыл Жезқазған геологтары үшін еңбек өнімділігінің рекордтық көрсеткіштеріне жету және зерттелген жердің кен запасын арттыру сияқты табыстармен қатар, олардың еңбегімен өндірілген продукцияны іс жүзіне асырудың тарихи жылы болды. Бұлай дейтініміз, дүние жүзіндегі ең күрделі мыс комбинаттарының бірі – Үлкен Жезқазған мыс қорыту комбинатының құрылысын салу жөніндегі жұмыстар 1940 жылы тұңғыш рет кеңінен жүргізіле бастады. Ең соңында, Қияқтының ірі көмір кенін өндіріс жолымен игеру жұмысы және оның мерзімі 1940 жылы ғана белгіленіп отыр. Сөйтіп, Жезқазған геологтарының республикамыздың өте артта қалған өлкесі – Орталық Қазақстанды кеңінен индустрияландыру үшін мықты шикізат базасын жасау жөнінде көп жылдар бойына жүргізген қажырлы еңбегі 1940 жылдан бастап өзінің алғашқы жемістерін бере бастады.
Жезқазған барлаушыларының коллективі жеткен табысқа мастанбайды, тоқмейілсімейді. Олардың алдында әлі де зор міндеттер тұр. Бұл міндет – Орталық Қазақстанның батыс аудандарында осы уақытқа дейін зерттелмей жатқан бай кендердің составын барлық жағынан зерттеп, оның запасын анықтау жөнінде көп жұмыстар істеу болады. БК (в) Р XVIII съезі мен XVIII конференциясының тарихи қаруларымен қаруланған Жезқазғанның партияда бар және партияда жоқ барлаушылары бұл міндетті де абыроймен орындап шығады.
ЖЕЗҚАЗҒАН БАРЛАУШЫЛАРЫ
Бұл мақала «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылғы 23 сәуірдегі №95 (5704) санының 3-бетінде жарыққа шыққан. Мақала соңында «Қ.Сәтбаев. Жезқазған геология-барлау конторының бастығы және бас инженері» деп көрсетілген
Одан кейін Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың төмендегі басылымдарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 59-61 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 113-115 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 50-52 бб.
Мақала ішінде әр жылдары басылған басылымдар арасында кездесетін текстологиялық өзгерістердің бар екендігіне көз жеткіздік. Мысалы:
1941 жылғы мақаладағы «программа» деген сөз, 2000 жылғы кітапта «бағдарламасын» деп жазылса, 1999, 2007 жылғы кітаптарда «программасын» деп берілген. Сол секілді статистика көрсетілген жерлерде «процент» ұғымы 2000 жылғы кітапта «%» деген белгімен жазылса, қалған нұсқаларында «процент» деп жазылған.
«Одақ» деген сөз 1941 жылғы мақалада «Союз» деп жазылса, 1999, 2000, 2007 жылғы еңбектерде «Одақ» деп жазылады. «Қоры» сөзі тек 2000 жылғы жинақта «қоры» деп берілсе, қалған нұсалардың бәрінде «запасы» деп берілген. Сонымен қатар мақаланың алғашқы нұсқасындағы «старший мастер», «двигатель», «фундамент», «нормалау» сөздері барлық жинақта «аға мастер», «қозғағыш», «іргетас», «мөлшерлеу» деп аударылған.
1941 жылғы мақала ішінде «СССР Түсті металлургия Халық Комиссары Ломако жолдас» деген сөйлем ішіндегі Халық комиссары «Ломако» есімі одан кейін шыққан жинақтар ішінде аталмай, тек «халық комиссары» деп жазылған.
1941 жылғы мақала ішіндегі «Сталиндік Конституция» деген қолданыс барлық жинақ ішінде «Советтік Конституция» деп өзгертілген.
Мақаланың түпнұсқа (алғашқы) нұсқасындағы «Жезқазған барлаушыларының коллективі жеткен табысқа мастанбайды, тоқмейілсімейді. Олардың алдында әлі де зор міндеттер тұр. Бұл міндет – Орталық Қазақстанның батыс аудандарында осы уақытқа дейін зерттелмей жатқан бай кендердің составын барлық жағынан зерттеп, оның запасын анықтау жөнінде көп жұмыстар істеу болады. БК (в) Р XVIII съезі мен XVIII конференциясының тарихи қаруларымен қаруланған Жезқазғанның партияда бар және партияда жоқ барлаушылары бұл міндетті де абыроймен орындап шығады» деген соңғы абзац 1999, 2000, 2007 жылғы кітаптарда мүлдем енгізілмей қалған.
Академиялық жинаққа бұл мақаланың 1941 жылы шыққан алғашқы нұсқасы толық беріліп отыр.