Я, Алла, құрметіңде достың Махмұт1,
Тілге жар бер, білінсін тура мақсұт.
Һарун Рашид халифа заманында
Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт.
Шаһардан бір күн Масғұт шықты тысқа,
Барды ма кезі келіп бір жұмысқа?
Бір ұры бас сап тонап жатқан жерде
Бір бишара кез болды шал байғұсқа.
Шал байғұс айғайлайды аттан салып,
Айырып алған жан жоқ оны барып.
Кім де болса бір ерлік қылайын деп,
Масғұт ұшты ұрыға оңтайланып.
Масғұтты ұры шапты қылышпенен,
Тәуір-ақ жан сақтапты жұмыспенен.
Есен-аман шал-дағы құтылыпты,
Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен.
Масғұтқа келді әлгі шал көзін тіктеп,
Көрсе, бастан ағып тұр қан дірілдеп.
Мұның қарызын мен де өтеп кетейінші,
Жігіт қой ер көкірек, жаужүрек деп:
– Ей, жігіт, не қылсаң да, ер екенсің,
Көргейсің ерлігіңнің берекесін.
Себеп боп мені ажалдан сен айырдың,
Маған қылған қарызыңды Алла өтесін.
Бай емен, батыр емен, хан емеспін,
Атақты артық туған жан емеспін.
Себеп болып айырдың мені ажалдан,
Жақсылықты білмейтін шал емеспін.
Мен бір шал дүниеде жиһан кезген,
Ертең түсте кетемін шаһаріңізден
Ертерек пәлен жерден тосып тұрып,
Алып қал бір базарлық, жаным, бізден.
Пұл үшін қызықпассың, сен де бір ер,
Сені маған кез қылған пәруардігер.
Бір Алла хақы үшін мен тілеймін,
Қабыл көр, сертім үшін қолыңды бер!
– Ұрыға жібермедім мен намысты,
Кім бұлдар мұндай-мұндай қылған істі.
Құданың хақы деген соң амал да жоқ,
Барайын деп уағда етіп, қол қағысты.
Ол жерге ерте тұрып жігіт барды,
Шал да душар алдынан бола қалды.
Қолынан ұстап алып, ертіп барып,
Далада бір бұзылған тамға апарды.
Барса, тамда бір гүл бар солқылдаған,
Басында үш жеміс бар былқылдаған:
Бірі – ақ, бірі – қызыл, бірі – сары,
– Таңдап ал, мен берейін бірін саған.
Ағын жесең, ақылың жаннан асар,
Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,
Егерде қызыл жеміс алып жесең,
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар.
Ол жігіт сөзін ұғып тұра қалды,
Көзін төмен жіберіп, аз ойланды.
Ақ пен сары екеуін алмаймын деп,
Қызыл жеміс жеймін деп қолқа салды.
– Мен беремін, танбаймын айта тұра,
Өкінбесең түбінде жүре-бара.
Ақ пен сары екеуін алмағаның,
Мәнісін айтсаң екен, жаным, сірә.
– Мен болсам, егер ағын жемек едім,
Ақылды болдым елден бөлек дедім.
Мен ақылды билемен, не қылсам да,
Мені ақыл билесе керек дедім.
Ақылды жан табылмас маған сырлас,
Көріне тентек көп надан мойын бұрмас.
Әділетсіз, ақылсыз, арсыздарды
Көре тұра, көңілде тыныштық тұрмас.
Адам дертті болмай ма құса тартып,
Тұщы ұйқы ұйықтай алмай түнде жатып.
Ептеп бағып, есерге ем таба алмай,
Тәтті тамақ жей алман дәмін татып.
Сарыны жеп, мен болсам байдың өзі,
Аузында жанның болдым сөзі.
Пәленшеден бір нәрсе алсақ-ау деп,
Тігілер тамам жан біткеннің маған көзі.
Жұрт күндер жұрттан артық байлық үшін,
Бұлдайды біреу күшін, біреу түсін.
Не қылса да, надандар алмақты ойлар,
Мал антұрған күйдіріп елдің ішін.
Еңбексіз мал дәме етпек – қайыршылық,
Ақылды ерге ар болар ондай қылық.
Оны ойларлық бұл күнде адам бар ма,
Пайда ойламай қылады кім татулық?
Берсең, қалар оларда несі ардың?
Бермесең, сен дағы ит бірге болдың.
Не өзің ит, немесе бар елің ит,
Дауасыз бір пәлеге міне қалдың.
Қызылды жесем, мені әйел сүйер,
Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер?
Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,
Деп едім бір пайдасы маған тиер.
Еркектің еркек адам болса қасы,
Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы?
Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,
Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?
Тегінде адам басы сау бола ма?
Бойында тексерілмес дау бола ма?
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?
Соны ойлап, қызыл жеміс мен таңдадым,
Берсеңіз жемек болып бел байладым.
Топа-торсаң бұл сөзді айтқаным жоқ,
Басында ойлап, тегін де абайладым.
Бұл сөзге салып тұрды шал құлағын,
– Ендеше тауып айттың, же, шырағым.
Ақыл, дәулет әуелден өзіңде екен,
Өміріңше артылсын, жаным, бағың!
Бұл шал бөтен шал емес, Қыдыр еді,
Ебін тауып даруға кезі келді.
Сөзіне, ақылына, қылығына
Разы болғаннан соң, бата берді.
Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты,
Соңында Шәмсі-жиһан атаныпты.
Мағынасы: «бұл дүниенің күні» деген,
Жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты.
Сол заманда-ақ надандар шырыш бұзған,
Жалғанның дәмін бұзып, жоқ қылғызған.
Ақыл мен мал екеуін асырай алмай,
Арашаны іздепті қатын, қыздан.
Ендігіге не сұрау бұл заманда?
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе тұрмас едім осы маңда.
Сол Масғұт халифаға уәзір бопты,
Тарқатыпты алдынан көп пен топты.
Бағанағы Қыдыр шал бір уақытта
Түсінде аян беріп жолығыпты.
– Ей, балам, пәлен күні жауын жауар,
Сол жауынның суында кесапат бар:
Жеті күн жынды болар суын ішкен,
Жеті күн өткеннен соң және оңалар.
Ол судан тамам суға су құйылар,
Сел болып, судың бәрі кесел болар.
Ертерек таза судан су жиып ал,
Бұл – хабарым, сақтансаң, жаным, жарар.
Бұл сөзбен халифаға Масғұт барды,
Хабарын естіген соң хан да аңғарды.
Айтқан кезі жақындап келген шақта,
Ертерек таза судан құйып алды.
Болған соң уәделі күн жауын жауды,
Судан ішкен жынды боп, ақылы ауды.
Күні-түні шуласып, таласады,
Ұмытты тамақ жеу мен және ұйықтауды.
Бұлар шулап бір күні келді ордаға,
Хан мен уәзір қарайды тамашаға.
Бәрі де есі шығып, жынды болған,
Бос шулап жүр кіші іні, үлкен аға.
Ол халқының алдына жақын барды,
Сөз айтып әрбір түрлі, ақыл салды.
– Бір кеселге, байғұстар, жолығыпсың,
Үйіңе бар, ұйықтаңдар! – деп шығарды.
Олар шықты есіктен ханға өкпелеп,
Көшеде шулап және жылаған көп:
– Хан мен уәзір ақылдан айрылыпты,
Өлтірейік екеуін, жынды екен, – деп.
Өлтіргелі ордаға қайта жүрді,
Бұлардың сөзін естіп, хан да көрді:
– Бұрынғыдан мұнысы қиын болды,
Енді, уәзір, ақыл тап, қайттік? ‒ деді.
– Құтылар хал болмады мына дудан,
Біз де ішпесек болмайды жынды судан.
Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,
Жынды деп есі дұрыс бізді қуған.
Екеуі жынды судан ішіп салды,
Құтырып көп алдына жетіп барды.
Өңкей жынды, байқамай айтыппыз деп,
Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарды.
Сонымен бет-бетімен тарқап кетті,
Әйтеуір, тарқайтұғын уақыт жетті.
Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін,
Еріксіз есті екеуін есер етті.
Көптің бәрі осындай, мысал етсең,
Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.
Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың,
Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең.
1 Махмұт – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар.
«Масғұт» поэмасы. 1882–1903 жылдар аралығында жазылған деп саналады. Абай мұрасын зерттеген ғалымдар бұл шығарманың алғашқы бөлігі орыстың аса көрнекті жазушысы И. С. Тургеневтің «Восточная легенда» атты әңгімесімен үндес екенін анықтап, әрі Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасындағы «Масғұттың» тұсындағы «Тургеневтен» деген жазуға арқа сүйеп, Абай өз поэмасының сюжетін, бір жағынан, И. Тургеневтен, екінші жағынан, Шығыс фольклорынан алған деген пікір айтады. 1970 жылдары З. Ахметов өз зерттеулерінде «Масғұттың» Тургеневте жоқ екінші бөлігін бирма халқының ертегісінен тауып, оны Абайдың шығармасымен салыстырып, екеуінің сарындастығын анықтады.
Енді Тургенев әңгімесі мен бирма ертегісінің сюжеттерін салыстырып көрейік. И. Тургеневтің шығармасы:
Жапар (орысшада – Джиаффар) жас кезінде Бағдаттың бір көшесінде кәрі шалды қарақшылардан құтқарып алады. Шал риза болып, ертесінде базардың маңындағы бір кішігірім баққа алып барады да, өсіп тұрған ағаштан үш түсті (ақ, қызыл, сары) алманың біреуін ал дейді. Ақты алсаң – елдің бәрінен ақылды, қызылды алсаң – Ротшильд еврей сияқты бай, ал сарыны алсаң – кәрі әйелдердің сүйіктісі боласың, – дейді. Жапар сары алманы үзіл алады. Сонда шал оған: «Дұрыс істедің – деді. Себебі сен Сүлеймендей ақылдысың, өзің де кейін байыйсың. Ал, мына байлығыңа, яғни кәрі әйелдерге, ешкім қызықпайды». Содан кейін Жапар шалдан халифтің кәрі анасы қайда тұратынын сұрайды. Шал жолды көрсетеді.
Бирма ертегісінің сюжеті мынадай:
Ерте-ертеде бір елде, патша сарайында әуедегі жұлдыз бойынша алдағыны болжайтын бір данышпан болыпты. Бір күні аспандағы жұлдыздарға қарап, ол жеті күннен кейін бір сұмдық жауын болатынын біледі де, патшаға келіп: «Жеті күн бойы жаңбыр жауады. Оның суын ішкен адам ақылынан адасады», – дейді. Патша сарайдағы ыдыстарға таза суды толтыртады. Жеті күн өткен соң жаңбыр басталады. Жеті күн жауады. Жаңбыр тоқтаған соң патша мен данышпан калаға шықса, елдің бәрі тыр жалаңаш көшеде қыдырып жүр. Олар киімі бар бұл екеуін «жынданған» деп қуады. Патша мен данышпан қашып сарайға келеді де, ақылдасады, содан соң жауынның суын ішеді. Сөйтіп, екеуі де жынды болады. (Қараңыз: Сказки народов Бирмы. М, 1976, 263–264-бет).
Міне, Абайдың «Масғұт» поэмасына негіз болған екі сюжет екі түрлі шығармада баяндалған. Әрқайсысы – өзінше жеке хикая. Абай екеуін қосып, бір шығармаға айналдырған, оларды өз кейіпкерінің өміріндегі екі кезеңді көрсету үшін пайдаланған. Тургеневтен алынған сюжет Масғұттың жастық шағын бейнелейді. Бірақ Абай орыс жазушысының әңгімесін сол қалпында ала салмаған, оған өзгеріс енгізген, нақты есімдер мен детальдар қосқан. Айталық, Тургеневте халифтің аты аталмайды. Абай оны Һарон Рашид деп, Шығыс фольклорында көп айтылатын тарихи тұлғаның өзін кіргізеді. Сондай-ақ Тургеневте Жапардың қарақшылардан құтқарған адамы бір шал делінсе, Абайда ол Қыдыр болып көрсетіледі. Бұл айтылғандардан басқа да өзгерістер бар. Мысалы, Тургеневте Жапар сары алманы үзіп алса, Абайда Масғұт қызыл жемісті таңдап алады. Сөйтіп, Тургеневтің суреттеуіндегі кәрі әйелдің символын Абай жалпы әйел символы болып есептелетін қызыл түспен алмастырады. Осы қызыл түсті не себепті таңдап алғанын Масғұт Тургеневтің Жапарынан мүлде өзгеше түсіндіреді.
Ал, жоғарыда келтірілген бирма ертегісінің сюжетін Абай Масғұттың егде тартқан кезін суреттеуге пайдаланған. Бұл жолы да Абай ертегіге біраз өзгеріс енгізген. Ертегіде патша мен оның көріпкел жұлдызшы уәзірінің аты-жөні белгісіз. Абай оларға нақты есім беріп, ертегі оқиғасы атақты Һарон Рашидтің және оның уәзірі Масғұттың басынан кешкен болып әңгімеленеді. Сондай-ақ аспаннан сұмдық жаңбыр жауатыны туралы ертегіде патшаға уәзір жұлдызға қарап айтса, Абайда бұл хабарды Масғұтқа, Һарон Рашидке емес, Қыдыр айтады.
Жалпы, бас кейіпкердің мінез-құлқын, іс-әрекетін Абай Тургеневтен басқаша сипаттайды. Мәселен, Тургеневтің әңгімесінде Жапар сары алманы жеп, сол арқылы Халифтің кәрі анасына ұнағандықтан уәзір болды деген ой жатыр. Ал, Абайдың поэмасында Масғұт өз қасиетінің арқасында емес, Қыдырдың көмегімен уәзір болады. Егер Тургеневте және ертегіде уәзір өзінің тапқырлығын немесе данышпандығын көрсетсе, Абай Масғұтты тек Қыдырға ғана арқа сүйеген адам ретінде көрсетеді. Ол ертегідей данышпан да емес, алдағыны да болжай алмайды.
Абай Масғұтқа риза емес, өйткені Масғұт қолында бар зор мүмкіндікті дұрыс пайдалана білмейді, ешнәрсенің парқына бармайды, ақылға салмайды, өмірдің ағымымен жүре береді. Өз бетімен ештеңе істемейді, біресе Қыдырдың айтуымен жүреді, біресе халифтің айтқанын істейді, біресе көптің ырқына көнеді. Абай мұндайға қарсы. Соның үшін де ол поэмасын «Ғапіл боп, көп нәрседен құр қаласың, аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең!» деген оймен аяқтайды. (Кеңірек қараңыз: З.Ахметов, Современное развитие и традиции казахской литературы. А., 1978, с. 62–73; С. Қасқабасов. Абай Құнанбаев – Кітапта: «Қазақ фольклористикасының тарихы». А., 1988, 187–193 бб.).
«Масғұт» – 1909 жылғы кітапта басылған (17-бөлік. «Әңгіме Масғұт», 98–100-беттер), көлемі отыз бір шумақ, бір жүз жиырма төрт жол өлең.
«Ендігіге не сұрау бұл заманда,
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе тұрмас еді осы маңда», –
деп аяқталады.
Дастанның «Сол Масғұт халифаға уәзір бопты» деп басталатын екінші бөлімі (он үш шумақ, елу екі жол өлең) 1939 жылғы жинаққа қосылған. «Масғұттың» бұл II бөлімі бұрын басылмаған» деген ғана түсінік берілген (252-бет). Екінші бөлім туралы 1945 жылғы жинақта «Нұсқасы Мүрсейіт қолжазбасынан алынған». Бұл дастан «Мың бір түн» жүйесіндегі әңгіменің бір түрі сияқты» делінген (439-бет).
1957 жылғы жинақта бұл дастанға берілген түсінікте: «Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында Тургеневтен деп көрсетілген.
И.С.Тургеневтің «Восточная легенда» атты қысқа әңгімесі мен «Масғұт» дастанының бірінші бөлімінің сюжеті бастан аяғына дейін дәл түсіп отырады. Бұл «Восточная легенда» мен «Масғұттың» Шығыс елінің белгілі бір сюжеті негізінде құрылғандығын анықтайды» (355-бет) дей келіп, Тургеневтің 1883 жылы жазған «Восточная легенда» әңгімесі орыс тілінде келтірілген (356–357-беттер)» (1995 жылғы жинақ, 322-бет).
«Масғұт» поэмасын Абай барша мұсылман, Пайғамбар үмбетінің үрдісімен Алла атымен бастайды:
«Я, Алла, құрметіңде достың Махмұт,
Тілге жар бер, білінсін тура мақсұт».
Поэмада Абайдың әлеуметтік лирикасының мызғымас арқауы болған қазақ қоғамындағы күйсіздік, берекесіздік, бәтуасыздық, жатып ішер жалқаулық құбылыстарға күйіну сарынымен үндес, сабақтастық бар.
«Ақылды жан табылмас маған сырлас,
Көріне тентек көп надан мойын бұрмас.
Сол үшін ақ жемісті жемеймін дейді.
Сарыны жеп, мен болсам байдың өзі,
Аузында тамам жанның болдым сөзі.
Пәленшеден бір нәрсе алсақ-ау деп,
Тігілер жан біткеннің маған көзі».
Абайдың қара сөздерінде айтылатын ой бағу, мал бағу, бала бағу әрекеттеріне қатысты тоқтамдарымен үндес пайымдар айтылған.
Абай бұл ғибратқа құрылған шығармасында да заманы мен сол заманның адамына іштей наразылық көңілін білдірмей қала алмаған. Надандықтың ел шырқын бұзған құбылыстары, ер жігіттен ес кетіп қатын, қызынан ақыл сұрағанынан шошына түскен ақын елден безіп кету де ойына келетінін бүгіп қалмайды.
«Ендігіге не сұрау бұл заманда?
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе тұрмас едім осы маңда».
Мұхтар Әуезов Абайдың бұл аңызды өзінің адамгершілік үгітіне мысал етіп, өзіндік ойларын тарату жөнінде үлкен кәдеге жаратқан дейді.
Ақынды шығарманың ішінде қызықтыратын бір-ақ геройдың – Масғұттың ғана жайы. Сол Масғұтты бірнеше ерекше халдерге, уақиғаларға ұшыратып барып, Абай оған үлкен сапалы адамгершіліктің қасиеттерін бітірмек болады. Бұл жағынан қарағанда, Масғұт кай заманның адамына болса да, Абайдың ұғымынша үлгі боларлық, жоғары дәрежедегі ұжданды адам (нравственная личность).
Өзі үгіттеп жүрген жақсы жастардың өз заманындағы мінез-құлқына, адамгершілігіне Масғұтты үлгі етеді. Масғұт қандай боп танылады? Ол ақылдылықтан қашады. Байлықтан қашады. Соның екеуін де сынап, талғап отырып, жиреніп шығады. Сол Масғұттың ақылдан қашуы – Абайдың өз басындағы, өз ортасындағы күйге аса жақын келеді. Ол көп айтатын шерлі уайымы бойынша, көп наданның арасындағы бір жалғыздың халін қандай трагедиялық, ауыртпалық хал деп отыр. Масғұтқа Абай сол өз басының аянышты күйін айтқызып отыр. Байлық турасында сөйлегенде де, Масғұт Абай заманындағы байлық аздырып жүрген байдың өзін де және оның қоршау-қошаметтерін де сынайды. Кейін Масғұт қызыл жемісті алғанда, жеңсікшіл, нәпсіқұмар көп жастың жолынан жырақ шығады. Ол әйелді, ең алдымен, адамзаттың қақ жарымы деп түсінеді. Әйелдің достығын ерекше қадір тұтады. Адам баласына дос боламын деген үлкен адамгершілік талапты өз өмірінің мақсаты етіп қояды. Ер жынысы мен әйел жынысы адамдық алдында терең дәрежеде бағаланады. Осы ойлардың барлығы да біз тексеріп өткен Абай шығармаларында ақынның өзі көп үгітпен көркем жырлар, терең ойлар тудырған тақырыптары емес пе еді?
Ендеше, Масғұт аузыменен Абай өз заманындағы, өз ортасында қанықты болған жайларды айтады. Үлкен гуманист ақын сол өзі таратпақ болған мораль философиясын жаңа түрде шартты мазмұнға байланыстырып ұсынып отыр…».
«Сол Масғұттың ақылдан қашуы – Абайдың өз басындағы, өз ортасындағы күйге аса жақын келеді. Ол көп айтатын шерлі уайымы бойынша, көп наданның арасындағы бір жалғыздың халін қандай трагедиялық, ауыртпалық хал деп отыр. Масғұтқа Абай сол өз басының аянышты күйін айтқызып отыр» (Әуезов М. Әр жылдар ойлары. А., 1959, 554 б.).
Поэмада Абай әйел адамды (Құран Кәрімде) Алла ер адамға дос, жанашыр, тілекші етіп жаратқан, екі жарты – бір бүтін, өмір сонда ғана толық деген ежелгі тағылымды ғибрат етеді.
Абай шығарма желісінде дүниеден безіп кетердей сәттердегі өз басының күйзеліс күйін, «көп шуылдақтың» айтқанға жүрмес, ақылға көнбес, түбі құрдымға апармай қоймас рухани дағдарысын кіріктіріп, қосып отырған.
Бұл шығарма Мүрсейіт Бікіұлының 1906 жылғы қолжазба көшірмесінде «Масғұд қиссасы» (112–115-беттер) деп жазылған.
1907 жылғы қолжазбада «Масғұт Тургеневтан» болып берілген. 1909 жылғы жинақта (17-бөлік. Әңгіме Масғұт) деген тақырыппен басылған. 1995 жылғы жинақта «Масғұт поэмасы» деп жарияланған.
Дастанның 1-шумағындағы 2-тармақ Мүрсейіт қолжазбасында, 1909 жылғы кітапта екі түрлі қалыпта жазылған.
1906 жылғы қолжазбада – «Тілге жар берілсе, тұғры мақсұд».
1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда – «Тілге жар бер, білінсін тура мақсұт».
2-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Барды да кезі келіп бір жұмысқа» деп жазылған. Бұл 1907 жылғы қолжазба, 1909, 1995 жылғы жинақтарда: «Барды ма кезі келіп бір жұмысқа?» боп беріліпті.
Осы шумақтың төртінші тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Бір бейшара кез болды шал байғұсқа» болып жазылған. 1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1995 жылғы жинақтарда: «Бір бишара кез болды шал байғұсқа» деп басылған.
4-шумақтың 2-тармағы 1906, 1907 жылғы көшірме қолжазбаларда: «Тәуір-ақ жан сақтайды жұмыспенен» болып жазылған. 1909, 1995 жылғы жинақтарда: «Тәуір-ақ жан сақтапты жұмыспенен» деп алынған.
Осы шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Масғұттан жау қашқан жоқ ұрыспенен» деп берілген. 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда: «Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен» деп басылған.
5-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Көрсе, ағып тұр басынан қан дірілдеп» деп жазылған. 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы кітаптарда: «Көрсе, бастан ағып тұр қан дірілдеп» болып алынған.
Осы шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «Мұның қанын мен де өтеп кетейін» деп жазылған. 1909, 1995 жылғы басылымдарда: «Мұның қарызын мен де өтеп кетейінші» деп басылған.
7-шумақтың соңғы тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Қарызыңды білместей шал емеспін» деп жазылған. 1907 жылғы қолжазбада осы тармақ: «Қарызыңды білмейтін шал емеспін» деп жазылса, 1909, 1995 жылғы жинақтарда: «Жақсылықты білмейтін шал емеспін» деп басылған.
8-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Ертең түсте шығамын шаһарыңыздан» деп жазылған.
1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда: «Ертең түсте кетемін шаһаріңізден» деп басылған.
9-шумақтың соңғы тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда: «Қабыл көр, сертім осы, қолыңды бер!» деп жазылыпты.
1909, 1995 жылғы басылымдарда: «Қабыл көр, сертім үшін қолыңды бер!» деп басылған.
11-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы көшірме қолжазбада: «Ол жерге ертең түсте жігіт барды» болып жазылған.
1907 жылғы көшірме қолжазбада, 1909, 1995 жылғы жинақтарда: «Ол жерге ерте тұрып жігіт барды» деп басылған.
Осы шумақтың 3-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбалар мен 1909 жылғы жинақта «Қолынан ұстап алып, ертіп барып» болып жазылған. 1995 жылғы басылымда «Қолынан ұстай алып, ертіп барып» деп басылған.
12-шумақтың 1-тармағы 1906, 1907 жылғы көшірме қолжазба: «Барса, тамда бір гүл бар солқылдаған» деп басылған.
1909 жылғы жинақта «Барса, тамға бір гүл бар салқылдаған»; 1995 жылғы жинақта: «Барса, тамда бір гүл тұр солқылдаған» деп жазылған.
14-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Жігіт шал сөзін ұғып тұра қалды» болып жазылыпты. 1907 жылғы қолжазбада да солай. 1909 жылғы жинақта «Ол жігіт» деп бастайды. 1995 жылғы басылымда да осы алынған.
16-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазба нұсқасында, 1909 жылғы жинақта – «– Мен болсам, әгар ағын жемек, – дедім» деп басылған.
1907 жылғы көшірме қолжазбада, 1995 жылғы жинақта – «жемек те едім».
Осы шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада – «Мен ақылды билемен, не қылса да», 1909, 1995 жылғы жинақтар мен 1907 жылғы қолжазбада – «Мен ақылды билемен, не қылсам да» деп келеді.
18-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Адам дертті болмай ма ғаса тартып» деп басылған. 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда «ғаса тартып» емес, «құса тартып» деп жазылған.
19-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Тұшты ұйқы ұйықтаман түнде жатып» болып жазылыпты. 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы кітаптарда «Тұщы ұйқы ұйықтай алмай түнде жатып» деп басылған.
18-шумақтың 2-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазба көшірмелерде: «Аузында тірі жанның болдым сөзі» деп жазылған. 1909, 1995 жылғы кітаптарда «Аузында тамам жанның болдым сөзі» деп басылған.
Осы шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Тігілер тамам жанның маған көзі» деп басылған. 1909, 1995 жылғы кітаптар мен 1907 жылғы қолжазбада «Тігілер жан біткеннің маған көзі» делінген.
22-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмесінде – «Бермесең, сен де бір ит бірге болдың», 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда «Бермесең, сен-дағы ит бірге болдың» деп басылған.
26-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Топа-торс бұл сөзді айтқаным жоқ», 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда «Топа-торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ» деп берілген.
28-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Ебін тауып дәруі кезі келді» деп жазылған. Бұл тармақтағы «дәруі» сөзі 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы кітаптарда «даруға» деп басылған.
29-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Бұл» деп басталса, 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы басылымдарда «Сол» деп басталған.
30-шумақтың 1-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда «Сол заманда надандар шырыш бұзған», бұл тармақтағы «заманда» сөзі 1909, 1995 жылғы кітаптарда «заманда-ақ» деп басылған.
Бұл шумақтың 2-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазбаларда «Жалғанның дәмін бұзып, хауіф қызған» деп жазылған. 1909 жылғы жинақта «Жалғанның дәмін бұзып, жоқ қылғызған», 1995 жылғы кітапта «Жалғанның дәмін бұзып, қауіп қылғызған» деп басылған.
Осы шумақтың соңғы тармағы 1906 жылғы қолжазбада «Арашашы сұрапты хатын, қыздан», 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы кітаптарда «Арашаны іздепті қатын, қыздан» деп басылған.
1906, 1907 жылғы Мүрсейіт Бікіұлының қолжазба көшірмелерінде дастан отыз бірінші шумақпен аяқталған. Әрі қарайғы 13 шумақ 1909 жылғы жинақта да берілмеген. Соңы 1939 жылғы басылымда енгізілген.
Бұл басылымда жекелеген түзетулер енгізіліп, 1939 жылғы нұсқасы бойынша берілді.