Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1961-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

БАРЛЫҚ РЕЗЕРВТЕР ІСКЕ ЖҰМЫЛДЫРЫЛСЫН!

Совет ғалымдарының үлкен ұжымында Республика Ғылым академиясының ғалымдары да творчестволықпен еңбек етуде. Еліміздің ұшан-теңіз табиғат байлықтарын түгел зерттеп, толық пайдалану академияның жұмысындағы басты бағыт болып табылады, деп мәлімдеді президент. Геологтардың, кеншілердің, металлургтардың, химиктердің, физиктердің, энергетиктердің, экономистердің, биологтардың және басқа да ғалымдардың күш-қимылы осы басты проблеманы шешуге бағытталып отыр.
Қазақстан әсіресе минерал ресурстарға бай. Бұлардың кендері, әдетте, комплексті кендер болып табылады. Руда шикізатындағы барлық пайдалы компонеттерді толық пайдалану міндетін ойдағыдай шешу үшін рудалардың геологиясын, минералогиясын, геохимиясын егжей-тегжейлі, жете зерттеп, оларды өндірудің және технологиялық жағынан қайта өңдеудің неғұрлым прогрестік жолдары мен әдістерін іздестіру қажет.
Академияның геологтары республиканың минерал байлықтарын ойдағыдай ашу ісінде геологиялық барлаушыларға және рудник геологтарына зор көмек көрсетуде. Кеншілер руда шығарудың ең өнімді жаңа жүйелерін жасап, рудниктерде енгізу мәселелеріне негізінен баса көңіл бөлуде. Олар өндірісшілермен бірлесіп, Лениногор комбинатында руданы еріксіз блоктап құлатудың жаңа жүйесін ойлап тапты да, оны өндіріске енгізді. Бұл жүйе еңбек өнімділігін анағұрлым арттырып, руданың құнын 35% кемітті, мұның өзі комбинаттың зиян шегіп келген кәсіпорындар қатарынан пайдалы жұмыс істейтін кәсіпорындар қатарына қосылып қана қоймай, сонымен бірге руданың көп қорын игеруіне, сөйтіп, рудамен қамтамасыз ету дәрежесін анағұрлым арттыруына мүмкіндік берді. Қазір бұл прогрестік жүйе Зырян, Салаир, Норильск, Алтынтапқан комбинаттарында өндіріске ойдағыдай енгізілуде.
Жезқазған руднигі жағдайында жер астындағы жұмыстарды түгел механикаландыру жүйесі жасалды. Бұл жүйе кен жұмыстарында еңбек өнімділігін 3-4 есе арттыруға, руда шығарудың өзіндік құнын мықтап кемітіп, мыстың орасан көп қорын тиімділікпен жаппай игеруге мүмкіндік берді. Бұл істің халық шаруашылығы үшін орасан зор маңызы бар екенін ескере отырып, 1964 жылы Жезқазған руднигінде жер астындағы бүкіл руда шығару жұмысын, ал 1965 жылы Мырғалымсай руднигінде бүкіл руда шығару жұмыстарын жаңа жүйеге толық көшіру ұйғарылды. Қазір егжей-тегжейлі техникалық-экономикалық баяндама әзірленуде; бұл баяндама еліміздегі барлық түсті рудалардың 85 %-ін және барлық қара металлургия рудаларының 90 %-ін шығаруды осы жүйеге көшірудің мүмкін екенін көрсетеді, міне, сонда жыл сайын 100 млн. сом қаржы үнемделеді.
Ал оның бер жағында Жезқазған руднигінде жаңа технологияны қолдануға әзірлену жұмыстары өте сылбыр жүргізілуде, өйткені Қазақ халық шаруашылығы кеңесі мен Республиканың Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы, шынына келгенде, бұл үлкен істен оқшау қалып отыр.
Тіпті бұдан үш жыл бұрын академия перфоратордың «БК-33» дейтін жаңа түрін жасаған болатын. Бұл үшін ССРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде Алтын медаль берілді. Дегенмен де, осы бұрғылайтын аспапты біздің рудниктерімізде енгізу үшін әлі күнге дейін ештеңе де істелген жоқ, ал оның бер жағында мұндай перфоратор еңбек өнімділігін 1,5-2 есе арттырып, терең шпурларды бұрғылауға мүмкіндік береді.
Академия принцип жағынан мүлде жаңа циклондық металлургия процесін ұсынады; бұл процесс руда концентраттарын қорыту шапшаңдығын мықтап арттырады, отын жұмсауды едәуір кемітіп, руда шикізатындағы барлық бағалы компонентті түгел айырып алуды қамтамасыз етеді.
Циклондық әдістің тамаша ерекшеліктеріне және экономикалық жағынан тиімділігіне қарамастан, бұл әдіс республикамыздың түсті металлургиясында осы уақытқа дейін өте баяу енгізілуде; ал расында бұл әдіс минерал тыңайтқыштар мен сирек кездесетін металдар өндірісіне қазірдің өзінде-ақ енгізілуде.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

БАРЛЫҚ РЕЗЕРВТЕР ІСКЕ ЖҰМЫЛДЫРЫЛСЫН

«Барлық резервтер іске жұмылдырылсын» мақаласы алғаш «Социалистік Қазақстан» газетінің 1963 жылғы, 9 маусымындағы №135 (12181) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. –133-134 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 216-217 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 158-159 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Жезқазған руднигі жағдайында жер астындағы жұмыстарды түгел механикаландыру жүйесі жасалды. Бұл жүйе кен жұмыстарында еңбек өнімділігін 3-4 есе арттыруға, руда шығарудың өзіндік құнын мықтап кемітіп, мыстың орасан көп қорын тиімділікпен жаппай игеруге мүмкіндік берді. Бұл істің халық шаруашылығы үшін орасан зор маңызы бар екенін ескере отырып, 1964 жылы Жезқазған руднигінде жер астындағы бүкіл руда шығару жұмысын, ал 1965 жылы Мырғалымсай руднигінде бүкіл руда шығару жұмыстарын жаңа жүйеге толық көшіру ұйғарылды. Қазір егжей-тегжейлі техникалық-экономикалық баяндама әзірленуде; бұл баяндама еліміздегі барлық түсті рудалардың 85 %-ін және барлық қара металлургия рудаларының 90 %-ін шығаруды осы жүйеге көшірудің мүмкін екенін көрсетеді, міне, сонда жыл сайын 100 млн. сом қаржы үнемделеді» – абзацындағы «3-4 есе арттыруға» үзіндісіндегі сан орнына кейінгілерде «34» саны жазылып кеткен. Сөзбен жазылған «процент» сөзі «%»-ге алмастырылған.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы