Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1947-1958 жылдары жарық көрген еңбектері

ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МИНЕРАЛ БАЙЛЫҚТАРЫ

Орталық Қазақстанға Көкшетау, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстары, сол сияқты Қостанай облысының шығыс бөлігі мен Семей облысының батыс бөлігі кіреді. Орталық Қазақстанның жер көлемі 900 мың шаршы километрден асады, яғни республика аумағының үштен бір бөлегін алып жатыр. Басқаша айтқанда, бұл аймақ өзінің жер көлемі жағынан Украина мен Белоруссия Советтік Социалистік Республикаларының территорияларын қоса есептегендегіден көп, сол сияқты Франция мен Германияның территорияларын қосып есептегендегіден де көп.
Геологиялық жағынан алып қарағанда Орталық Қазақстан батыста Торғай ойпаңымен, солтүстікте Батыс Сібір, шығыста Ертіс, оңтүстікте Шу-Балқаш ойпаңдарымен шектеліп жатқан, палеозой кең өңірі болып табылады.
Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін іс жүзінде зерттелмеген Орталық Қазақстанның геологиясын зерттеуде Совет өкіметі жылдарында көптеген нәтижелі жұмыстар істелді.
Орталық Қазақстанның геологиялық құрылысы еліміздегі Орал, Кавказ және басқа кен руда аудандарындағыдан өте күрделі, оның минерал байлығы алуан түрлі. Орталық Қазақстанды зерттеген сайын пайдалы қазба кендерінің жаңа орындары табылып, оның тізімдері ұлғая түсуде.
Қазір Орталық Қазақстанның жер қойнауы республикамыз бен бүкіл еліміздің шын мәнісіндегі бай қазынасына айналды. Мұнда Қарағанды бассейні, Балқаш комбинаты сияқты индустрия алыптары пайда болды. Үлкен Жезқазған мыс комбинатының жобасы іске асуға жақын, халқымыз Қазақстан Магниткасы деп атаған Қарағанды металлургия заводының, Екібастұз бассейнінің, Атасу және Аменкелді рудниктерінің, тағы басқа ірі өнеркәсіп орындарының құрылысы кеңінен өрістетілуде.
Орталық Қазақстанды индустрияландырудың қазіргі дәрежесі қаншалықты зор болғанымен, ол осы аймақты шын мәнісінде комплексті түрде индустрияландыру ісін онан ары неғұрлым тез және кеңінен жүргізуге көшу сатысы болып табылады.
Орталық Қазақстанда тас көмір шығатын 80-ге жуық кенорындар табылды, олардың ішінде Қарағанды, Екібастұз және Майкөбе бассейндері сияқты алыптар бар. Олардың көмір запасы 84 млрд тоннаға жетеді.
Қарағанды бассейнінің жалпы геологиялық көмір запасы 51 млрд т. Оның ішінде белгілі тереңдікке (жер бетінен 600 м) дейін баланстық қоры 16,9 млрд тонна, ал кокс көмірі 4,5 млрд тонна болады.
Барлық кокс көмірдің үштен бірі долинка кен қабатының жоғары сапалы көмірі болып табылады. Кокс көмір өндіретін жаңа шахталарды кезінде іске қосу және байыту фабрикаларын уақытында салу басты міндет болып отыр.
Орталық Қазақстанның халық шаруашылығын онан әрі дамыту үшін Екібастұздың тас көмірінің мол қорын және Майкөбе бассейнінің күлі аз қоңыр көмірін ашық әдіспен өндіру мүмкіндігінің маңызы зор. Екібастұзда 12 млрд, Майкөбеңде 21 млрд т. көмір қоры бар. Бұл екі бассейн ең таяудағы жылдар ішінде Қазақстанның солтүстік облыстарын ғана емес, сонымен бірге Орал мен Батыс Сібірдің көптеген аудандарын ең арзан көмірмен қамтамасыз ете алады. Екібастұз көмірінің күлінен от қызуына төзімді құрылыс материалдарын өндіруге мүмкіндік бар.
Орталық Қазақстанда күлі аз коксті көмір шығатын жерлерді зерттеу ісін барынша күшті жүргізу қажет. Мұнда алдымен зерттелетін жерлер Қарағандының батысы мен солтүстік батысын алып жатқан аудандар болып табылады.
Орталық Қазақстан көмірге өте бай болғанымен, бұл аумақтардан мұнай мен газ табудың болашағы шамалы. Қарағандыда 200 метрден аса тереңдікте өндірілетін көмір қабаттарындағы көмірдің әрбір тоннасында 10-28 текше метр метан газы бар деп мөлшерленеді. Жергілікті метан газын пайдалану есебінен Қарағанды бассейнінің қалалары мен жұмысшы поселкелерін газдандыру ісін жобалау қажеттігі туып отыр.
Орталық Қазақстан еліміздегі темір рудасының қуатты базаларының біріне айналды. Темір рудасының зерттелген өндірістік запасы Атасу, Қарсақпай, Кентөбе-Тоғай, Атансор аймақтарында орналасқан. Орталық Қазақстанның темір руда запасын әлі де жете зерттеп табуға мол мүмкіндіктер бар.
Орталық Қазақстан, осылармен қатар, мыс рудасының қоры жағынан елімізде көрнекті орын алады. Оның ішінде алдымен Жезқазғанды, оның кен техникалық және технологиялық жағынан пайдаланылуға қолайлы артықшылықтарын атап айту керек.
Бұл аймақтағы мыс өндірудің екінші көзі – Қоңырат. Ол Балқаш заводының таяу жердегі руда базасы болып табылады. Бұл салада әлі де көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізу керек болады.
Айтпасқа болмайды, Жезқазғанның мыс байлығын игерудегі ысырапқорлық элементтерін жоятын уақыт жетті. Ал Қоңыратта карьер шаруашылығын қайта құру керек.
Орталық Қазақстанда қорғасын кенінің едәуір қоры табылды. Орталық Қазақстан қорғасын қоры жағынан іс жүзінде Алтаймен салыстырылып келді, ал келешекте Алтайдан да асып түсуі ықтимал. Орталық Қазақстанда мырыш, алюминий және басқа түсті металдар түрлерінің қоры аз емес.
Орталық Қазақстан рудадан басқа шикізаттарға да бай. Мұнда құрылысқа керек, от қызуына төзімді материалдармен қатар, химиялық шикізаттар түрлерінің ірі қоры бар. Екібастұз аймағында шыны жасап шығаруға керекті жоғары сапалы кварц құмының ірі қоры бар екені мәлім. Жезқазған аймағында жоғары сапалы гипс қабаттарының ірі қоры бар. Ертіс, Балқаш, Теңіз көлі маңында ас тұзының және басқа тұздардың ірі қоры анықталды.
Екібастұз және Қарағанды көмірлерінің күлінен от қызуына төзімді материалдар мен құрылыс материалдарын жасап шығаруға болады. Балқаштағы және басқа жерлердегі заводтардан шыққан шлактарда мыс қорыту заводы мен байыту фабрикаларының қалдықтарында ауыл шаруашылық дақылдарының шығымдылығын арттыруға қолдануға болатын элементтер бар, сондықтан олар жақсы тыңайтқыш заттар болып табылады.
Еліміздің, республикамыздың халық шаруашылығы мен мәдениетін одан әрі өркендету үшін Орталық Қазақстанда су мәселесін шешудің маңызы зор. Бұл аймақта жер бетіндегі су көзі өте аз. Кейінгі жылдар ішінде Орталық Қазақстанда жер астынан бірсыпыра су бассейндері табылды. Артезиан сулары ғасырлар бойы ондаған, жүздеген млрд. текше метр су қорын жинақтаған жер астындағы орасан зор табиғи су қоймасы болып табылады. Орталық Қазақстанның кейбір аудандарында жер астындағы су қоры өте мол. Оны мынадан да көруге болады. РСФСР-дің Қазақстанмен шектес солтүстік аудандарында жер астындағы суды шахта типтес терең құдықтан алып, ірі елді пункттер мен жаңа совхоздарды сумен қамтамасыз ету ісі жүзеге асырылып келеді. Бұл жерлерде гидрогеологиялық барлау жұмыстарын онан әрі күшейте беру керек. Сонымен бірге Ертіс-Қарағанды каналын салу жөніндегі дайындық жұмысын да батыл жүргізу қажет. Бұл канал жүздеген км жерге дейін созылатын болады. Мұның өзі бүкіл Орталық Қазақстанның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау мәселесін толық шешеді.
ССРО халық шаруашылығын өркендетудің 1959-1965 жылдарға арналған жоспарының жобасы бойынша бүкіл еліміздегідей, біздің республикамыздың алдында да зор келешектер тұр. Алдағы жетіжылдықта экономикалық-географиялық аудандардың шаруашылығын онан әрі мамандандыру және комплексті өркендету ісі жүзеге асырылады. Сондай-ақ өндіргіш күштерді орналастыруда да елеулі өзгерістер болуға тиіс.
1959-1965 жылдарда шығыс аудандарын, оның ішінде Оралды, Сібірді, Қиыр Шығысты, Қазақстанды және Орта Азияны өркендетуге барлық күрделі қаржының 40 %-тен көбі бөлінеді.
Алдағы жетіжылдықта барлық республикалармен қатар Қазақстанның алдына да зор міндеттер қойылып отыр. Қазақстан халық шаруашылығын өркендетуге жұмсалатын күрделі қаржы жетіжылдықта шамамен 116-119 млрд сом мөлшерінде көзделіп отыр. Мұның өзі өткен жеті жылда республиканың халық шаруашылығына жұмсалған күрделі қаржыдан екі еседен аса асып түседі. Партиямыздың күнбе-күнгі қамқорлығы республика еңбекшілерінің алдына жаңа міндеттер қояды. Бұл міндеттерді шешуде Орталық Қазақстанның минерал байлықтарын неғұрлым толық игерудің маңызы зор.
Қорыта келгенде, Орталық Қазақстан еліміздегі минерал байлықтары мол аймақтардың бірінен саналады. Оның жер қойнауында аса маңызды көптеген қазба кендердің түрлері қат-қабат ұштасып келеді. Ал олардың кейбіреулерінен республикамыз ССРО-да көрнекті орын алады. Орталық Қазақстанның минерал байлықтарын кең және жоспарлы түрде онан әрі зерттеу – бірінші кезекті аса маңызды міндет.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МИНЕРАЛ БАЙЛЫҚТАРЫ

«Орталық қазақстанның минерал байлықтары» мақаласы алғаш рет «Советтік Қарағанды» газетінің 1958 жылы 28 қарашасындағы №235 (6942) санының 3-бетінде жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 129-132 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 201-204 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 153-157 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Еліміздің еңбекшілері Н. С. Хрущев жолдастың КПСС XXI съезінде жасайтын баяндамасының тезистерін қызу мақұлдап, кеңінен талқылауда, бұл тарихи документте коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасаудың міндеттері жан-жақты көрсетілген.
СССР-де коммунизм орнатудың таяудағы он бес жылға белгіленген экономикалық программасының құрамды бір бөлігі болып табылатын жетіжылдық жоспарды ойдағыдай орындауда республикамыздың, оның ішінде, Орталық Қазақстанның минералдық байлықтарын онан әрі игерудің зор маңызы бар» – деп келетін екі абзац кейінгі жинақтарда алынып тасталған.
Барлық «қәзір» сөзіндегі «ә» әрпі «а» әрпіне, «СССР» сөзі «ССРО» өзгертілген.
«Н. С. Хрущев жолдастың «СССР халық шаруашылығын өркендетудің 1959-1965 жылдарға арналған бақылау цифрлары» туралы КПСС XXI съезінде жасайтын баяндамасының тезистерінде атап көрестілгендей, алдағы жеті жылдың ішінде өндіргіш күштерді орналастырудағы негізгі өзгерістер ең алдымен, еліміздің шығыс аудандарының экономикасын жеделдете өркендету бағытымен жүргізіледі», – деген тұсы, және: «Бұл мінжетті ойдағыдай шешу елімізде коммунизм орнату ісіне қосылатын елеулі үлесі болып табылады», – жолдары алынып тасталған.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы