Бүкіл ССРО-ның жерлерін зерттеу сияқты, Қазақстанның геологиясын мұқият зерттеу жұмысы да Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін ғана басталды. Әсіресе бірінші бесжылдықтан бастап, Қазақстанда геологиялық барлау жұмысының көлемі жылдан жылға өсіп отырды.
Бұл үнемі өсіп, ұлғайып отырған геологиялық зерттеу жұмыстарының барысында Қазақстанның геологиялық кадрлары да өсіп, шыңдалып отырды. Қазір олар еліміздегі геологтар армиясының неғұрлым көп және күшті отрядтарының біріне айналған.
Тарихи тұрғыдан алғанда, осы қысқа уақыттың, яғни небары отыз жылдың ішінде Қазақстанның орасан зор территориясы – Австралия құрлығының үштен біріндей, ал РСФСР-ді қоспағаңда, еліміздің барлық одақтас республикаларының жерлерінен тұтас алғанда анағұрлым артып түсетін жері – геологиялық жағынан бұрын сыры белгісіз өлкеден азды-көпті қанағаттанарлық дәрежеде зерттелген өңірге айналды. Оның бүкіл аумағының 70 %-нің мемлекеттік геологиялық картасы жасалды. Геологиялық зерттеу жұмысының мұндай қарқынмен жүргізілуі мәдени және экономикалық өмірді дамытудың жетекші күштерінің бірі ғылым болып отырған социализм елінде ғана мүмкін еді.
Бұл үздіксіз ұлғайтылып, жан-жақты жүргізіліп келген зерттеу жұмыстары Қазақстанның геологиялық құрылысының әрі күрделі, әрі көрікті бейнесін жоспарлы және тиянақты түрде кең ашты.
Қазақстанда геологиялық ғылымға белгілі магмалық таужыныстардың негізгі түрлерінің бәрі, оның ішінде тереңдік және сырттық түрлерінің бәрі бар екендігі анықталып, баяндалды. Ол таужыныстардың көбі белгілі бір маңызды металдардың рудасын сақтаушы болып шықты.
Мүмкіндігі болысымен-ақ Қазақстан далаларындағы өткен заманғы континенттер мен теңіздердің талай рет алмасулары, таулар мен жазықтардың, полюстік және тропиктік ауа райларының, тақыршылық пен қалың өсімдіктердің алмасуы, олардан кейін көмірдің, темірдің, марганецтің, минерал тұздардың және басқа көптеген пайдалы қазыбалардың пайда болу тарихы зерттелді.
Ұзақ және бұлжымас тарихи-геологиялық дамудың барысында Қазақстан жерінің тұлғасы мен қазыналарында белгілі сапалық ірі-ірі өзгерістер жасалуына себепші болған жағдайлар, Қазақстан геологиясының даму тарихындағы басты-басты кезеңдердің сыры ашылды.
Мұнда Қазақстанның геологиялық құрылымы төтенше күрделі және мәнді екендігін, оның Орал, Кавказ сияқты және басқа неғұрлым жақсы зерттелген геологиялық өңірлерге қарағанда, сапалық жағынан елеулі айырмашылығы бар екендігі анықталды.
Қазақстанның жер қазынасы өзінің геологиялық құрылысының сан алуан сырлы, негізгі элементтері мол болуымен қатар, оның даму кезеңдері уақыт жағынан алғанда, күрделі және ерекше бола отырып, минерал шикізаттардың көптеген аса маңызды түрлеріне өте бай болып шықты. Оның көлемі мен саны жыл сайын үздіксіз өсіп отырады.
Мұнда мынаны ерекше айта кету керек: Қазақстан геологиялық жағынан әлі зерттеліп болмай тұрған кездің өзінде-ақ ванадий мен хром жөнінде дүние жүзінде бірінші орын; темір, мыс, қорғасын, мырыш, кадмий, вольфрам, бор және түрлі минерал тұздар жөнінде КСРО-да бірінші орын; көмір, марганец, алюминий, молибден, никель, фосфорит жөнінде және басқа бірқатар пайдалы қазбалар қоры жөнінде алдыңғы орындардың бірін алып келді.
Жыл сайын совет геологтарының зерттеулері Қазақстан жерлерінен пайдалы қазбалардың неғұрлым жаңа түрлерін, сирек кездесетін кендерін ашып отырады. Шындығында, Менделеев системасындағы элементтердің Қазақстаннан кені табылмағаны жоқ. Мұнда Қазақстанның жер қойнауының байлығы зор екендігі соншалық, оның практикалық мүмкіншіліктерін ашып жеткізу үшін әлі де көптеген жылдар бойы геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек болады.
Совет өкіметі тұсында Қазақстанның минерал байлықтарын пайдалану оны КСРО-ның қуатты индустриялы-аграрлық республикасының біріне айналдырды. Әсіресе түсті металлургия, көмір өнеркәсібі Қазақстанда ерекше өркендеді. Қазіргі уақытта СОКП Орталық Комитетінің июль Пленумының тарихи қаулылары тұрғысынан алғанда, Қазақстан өнеркәсіпті дамытуда сапалық жағынан жаңа алға басу кезеңінде тұр. Бұл кезең алтыншы бесжылдықтан басталады. Қазақстанның таяу уақыттағы индустриялық дамуының негізгі сыйпаты мен бағытын, үстірт те болса, баяндап көрейік.
Ең алдымен, алтыншы бесжылдық Қазақстанның энергетикалық жағынан қарулануын шұғыл арттыруға тиіс. Бұл бесжылдықта Бұқтармадағы қуатты су электр станциясы қатарға қосылады, тағы да аса зор су электр станциялары салынады. Мұнымен республикамыздың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі биік таулардан ағатын он миллиондаған киловаттық су қуатын жоспарлы түрде неғұрлым толық пайдалану шаралары басталады. Сонымен бірге, республиканың батыс және солтүстік аудандарында, Орталық Қазақстанда күшті-күшті бу-электр станциялары салынуға тиіс. Олар Екібастұзда, Майкөбеде, Қарағандыда, Құсмұрында, Күшікте, Қияқтыда, Ақтөбе облысында ашық карьермен өндірілетін көмір кеніне арзан электр қуатын береді. Әсіресе Қазақстанның батыс, солтүстік және орталық облыстарында егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының мұқтаждарына желдің күшін пайдалану жұмысы шұғыл арттырылады.
Алтыншы бесжылдық республикада нағыз зор қара металлургияны – ауыр өнеркәсіп пен машина жасау өнеркәсібінің бұл негіздерінің негізін салудың пионері болады. Бұған темір рудаларының қоры жөнінде Қазақстанның қазір КСРО бойынша бірінші орын алып отырғандығы дәлел.
Алтыншы бесжылдықга Сарыбай-Соколов кен-байыту комбинаты салынып, Қарағанды металлурғия заводының құрылысы аяқталумен қатар, Қазақстанда тағы бір ірі завод салынбақшы. Бұл завод Қостанай торабындағы фосфоритті темір рудалары негізінде және оған қосымша Қаратау фосфориттері негізінде жұмыс істейтін болады. Мұның өзі, шойын мен болатты орасан көп алумен бірге, Қазақстанның солтүстігіндегі астықты аудандарды фосфор тыңайтқыштарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Республикада ірі-ірі жаңа металлургия заводтары салынуына байланысты, Қазақстанда марганец рудаларының кеңінен пайдаланылатыны сөзсіз. Қазақстанның марганец рудаларында фосфорит аз. Сондықтан одан жоғары сапалы ферромарганец шығаруға ғана емес, сонымен бірге металл марганец шығаруға да мүмкіндік бар.
Қазақстан түсті металдар қоры жөнінде КСРО-да бірінші орын алады. Полиметалл және мыс өнеркәсібін одан ары өркендету жөнінде біздің республикамыз орасан зор жұмыстардың майданы болатынын айта кету керек. Мұнда ғылыми қызметкерлер үшін де, өндіріс мамандары үшін де өндіріс процестерін күшейтуде, технологиялық жаңалықтар ашуда творчестволық батыл ізденулердің шексіз мүмкіншіліктері ашылады.
Қазақстан соңғы жылдардың ішінде ванадий, хром, вольфрам, молибден сияқты және басқа сирек кездесетін металдардың қоры жөнінде одақ бойынша бірінші орын алып келеді. Машина жасау және қорғасын өнеркәсібі үшін өмірлік маңыз алатын бұл металдарды өндіру жұмысы іс жүзінде әлі тым баяу жүргізіліп келеді.
Қазақстанның геологтары соңғы жылдардың ішінде аса сирек кездесетін және шашыраңқы металдардың кендерін ашу жөніңде де елеулі табыстарға жетті. Бұл металдар жаңа техниканың соңғы жетістіктері мен талаптарына байланысты, бейбітшілікке кеңінен пайдаланылып отырған атом қуаты, электроника және реактивтік техника жөніңдегі талаптарға байланысты өте-мөте маңызды болып отыр.
Сирек, тым сирек және шашыраңқы металдардың шикізат базасы жөніндегі соңғы табылған жаңалықтарды ескергенде, Қазақстан алтыншы бесжылдықта түрлі болат пен арнаулы қорытпалар өндірісінің де орталығы болады.
Еліміздің болатқа деген зор талабын өтеудің неғұрлым прогрессив және нақты жолы болат конструкциялар мен машиналардың салмағын жеңілдету болып табылады.
Жұртқа мәлім, бізде де, сол сияқты шетелдерде де қазіргі уақытта салмағы онша ауыр болмаса да, беріктігі анағұрлым зор болаттың көптеген маркалары жасалады.
Бұл болаттар аз асылдандырылған болат тобына жатады. Мұндай болаттар кәдімгі көмір текті болатқа асылдандыратын металдар қосу жолымен жасалады. Асылдандыратын металдардың қатарына хром, ванадий, никель және басқалары жатады.
Бұл онша асылдандырылмаған болаттардың қатарында ванадийлі болат ерекше маңыз алады. Ванадийлі болатты 0,10-0,25 %-пен құрастырғанда, әсіресе тиісті термалық өңдеуден өткеннен кейін ерекше беріктікке айналады. Ал, мұнда конструкцияның салмағын техниканың сапасына ешқандай нұқсан келтірмей-ақ 30 %-ке дейін кемітуге болады.
Конструкциялық ванадийлі болатты транспортқа қолдану ерекше пайдалы. Өйткені, вагондар мен паровоздардың өз салмағын кеміту нәтижесінде тасылатын жүктің салмағын арттыруға мүмкіндік туады.
Осыған байланысты Оралдағы вагон жасайтын заводтың бас конструкторы Д. Лоренцо жолдастың «Известия» газетінің 1954 жылғы 8 майдағы санында басылған «Вагон жасаудың маңызды мәселелері» деген мақаласын келтіруге болады. Ол онша асылдандырылмаған болатты вагон жасауға пайдаланудың маңызын айта келіп, былай дейді: «…Мұнда әңгіме тек үнемделген материалда болып отырған жоқ. Вагонның өз салмағын кеміту нәтижесінде пайдалану шығындарының азаюы онан да зор экономикалық маңыз алады. Жүк вагонының өз салмағының әрбір тоннасын пайдалануға жыл сайын екі мың сомнан қаржы жұмсалатынын ескеру керек».
Есептеп қарағанда, ванадийлі болаттарды пайдалануда әрбір жүк вагонының өз салмағы кемінде 2,5-3 т кемитіндігі анықталды. Мұның өзі ондаған және жүздеген мың теміржол вагондарының әрқайсысын пайдалануда жыл сайын кемінде 5-6 мың сомнан қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Демек, мұнда миллиардтаған сом қаржы үнемдеуге жол ашылғалы отыр.
Автомобиль және транспорт жасайтын кәсіпорындарды ванадийлі болатпен қамтамасыз ету ол машиналардың төзімділігін арттырады, сынуын, қирауын кемітеді, жөндеу жұмыстарын азайтады, гараждар мен МТС-тердің артық бөлшекті жұмсауын кемітеді.
Ванадий тез кесетін болат шығарудағы міндетті қосынды болып табылады. Ванадийлі болаттардан аспап-саймандарды көп шығару металл өңдеуді шапшаңдатуға, аспап саймандардың қызмет ету мерзімін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл айтылғандар біздің елімізде ванадийлі шикізаттар өндірісін тез ұлғайтуды талап етеді. Осыған байланысты Қазақстанда ванадий қорының көп екенін айта кету керек. Республикамыздағы ванадий шикізатының байлығы еліміздің барлық талабын қамтамасыз етуге жарайды. Сонымен бірге, ішкі мұқтаждықтардан артылдырып, шет елдерге шығаруға да бұл металдың біздегі байлығы жетеді. Соңдықтан бұл мүмкіншіліктерді алтыншы бесжылдықтан бастап тез пайдалануға кірісу керек.
Осыған байланысты Қазақстанда салынбақшы болып отырған ірі металл заводы бір ғана феррованадий шығаруға маманданбай, сонымен бірге ферровольфрам, ферромолибден, ферроникель, ферротитан және басқа көптеген арнаулы қорытпалар шығаруға тиіс. Бұл қорытпалар жергілікті жердің өзінде, бұл металдардың Қазақстандағы бай қазбаларын пайдалану есебінен шығарылуға тиіс.
Қазақстандағы неғұрлым арзан электр қуаты өндірілетін аймақта салынуға тиіс болып отырған жаңа электр металлургия заводында алтыншы бесжылдықтан бастап әртүрлі аса бағалы арнаулы қорытпалар шығаруды ұйымдастыру қажет.
Сол сияқты, алтыншы бесжылдықтың ішінде Қазақстанда жеңіл металдар – алюминий және басқа металдар шығаратын, күкіртті, тұзды, қышқыл, сода, азот-калий және фосфор өндіретін ірі-ірі өнеркәсіп орталықтары салынуға тиіс.
Жоғарыда айтылған ірі-ірі металлургия өнеркәсіп орталықтары салынғаннан кейін, еліміздің шығыстағы аудандары өнеркәсіп пен құрал-сайман жасаудың қандай саласын болса да дамыту үшін қуатты жергілікті базаға ие болады. Мұның өзі СОКП Орталық Комитеті июль Пленумының қаулысына жауап береді.
Қазақстанда ауыр өнеркәсіпті өркендетудің жоғарыда айтылған кең программасын жүзеге асыруда, әрине, совет ғылымы көрнекті орын алады. Осыған байланысты Қазақстандағы ғылыми ұйымдардың жұмысы қазіргі уақытта белгіленіп отырған зерттеу жұмыстарының көлемін тіпті де толық қамти алмай отырғанын айта кету керек.
Бұл талаптарды қанағаттандыру үшін Қазақ ССР Ғылым академиясының бір өзінің ғана күші мүлде жеткіліксіз. Ол үшін Қазақстанда бірқатар аса маңызды жалпы одақтық салалық ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының филиалдарын ашу қажет.
Қазақ ССР Ғылым академиясы ғылыми жұмыстарын үздіксіз дамытып, өндірістік және ғылыми-эксперименттік базасын ұлғайта беру керек. Мұны орындамайынша, ол республиканың алдыңғы қатарлы ғылыми және техникалық ой-пікірінің орталығы бола алмайды.
Қазақстанды одан ары индустрияландырудың сипаты мен қарқыны жөнінде алтыншы бесжылдықта мықтап алға басу міндетін жүзеге асыру үшін Советтік Қазақстанның барлық еңбекшілеріне, бүкіл қазақ халқына зор жауапкершілік жүктеледі. Қазақстан еңбекшілерінің, бүкіл қазақ халқының, оның ішінде Қазақстан ғалымдарының да, СОКП Орталық Комитетінің июль Пленумының тарихи қарарларымен қаруланып, өздерінің алдарына қойылған аса маңызды мемлекеттік міндеттерді ойдағыдай орындау үшін бар күшін аямай жұмсайтындығына сенуге болады.
ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУ БОЛАШАҒЫ
Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1955 жылы 5 қараша күні жарық көрді. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 116-122 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 161-166 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 95-100 бб.