Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1940-1943 жылдары жарық көрген еңбектері

РУДА БАЙЛЫҚТАРЫ ОТАН ҮШІН ПАЙДАЛАНЫЛСЫН

Қазақстан жері кенге бай. ССРС Ғылымдары академиясының Қазақстандық филиалының менің басқаруымдағы геология институтының ондаған экспедициялары жаңа кендер тауып, оны аз уақыттың ішінде-ақ отан қорғау ісіне пайдалану үшін зерттеуде.
1942 жыл Қазақстан геологтары біз жұмысымыздың қорытындыларын шығаруда қанағаттанатындай іс істегенімізді көріп отырмыз.
Болаттың қандай түрін болса да жасап шығару үшін марганец керек екені айқын. Марганец рудалары жаратылыста өте сирек кездеседі. Соғысқа дейін Советтер Союзының қара металлургиясы марганецті Никопольский бассейнінің рудаларынан алып келді. Гитлершілдер Украинаның бірсыпыра облыстарын уақытша оккупациялағаннан кейін, металлургиялық заводтарымыздың жұмыстарына елеулі қауіп туды. Міне, осы сынды кезде Казақстан марганеці табылды. Марганец шығатын жерді зерттеп тапқан және оны меңгеруге көмектескен біздің геологтар болды. Қазақстанның байтақ даласының түкпірлерінің бірінде соғыстағыша қарқынмен аса ірі марганец руднигі салынды. Қазір рудник Магнитогорскийге және басқа көптеген металлургия заводтарына мыңдаған тонна аса бағалы рудалар беріп, оларды марганец жөніндегі керегімен толық қамтамасыз етіп отыр.
Біз 1942 жылы сынап, кобальт-қалайы, қорғасын, мыс және марганец рудаларының ондаған аса бай кен шығатын орындарын зерттеп тауып, оларды меңгеруге өнеркәсіп орындарына бердік. Біздің тапқан темір рудалары шығатын кендер үлкен металлургия заводтарын бұл жөніндегі керегімен қамтамасыз ете алады. Қазір Қазақстанда осы сияқты заводтар салу ісі қолға алынып отыр. Қазақстанда алдағы уақыттарда металлургия комбинаты да болмақ.
Біз жақында Қазақстанда темір және марганец рудалары шығатын жерлердің толық геологиялық-экономикалық мәліметін жасадық. Бұл жақын жылдар ішіндегі геологиялық зерттеу жұмысын пландауға негіз болмақ.
Түрксиб ауданындағы кондициялы көмір шығатын орындарды зерттеу жұмысы да табыспен аяқталды. Батыс Қазақстанда үлкен қоңыр көмір бассейні бар екені анықталды. Бұл теміржол транспортының жұмысын жеңілдетеді, мұнайдың едәуірін отан керегіне жұмсауға мүмкіншілік береді.
1942 жылы Қазақстан геологгарының белсенді көмегінің арқасында бірнеше жаңа рудниктер пайдалануға берілді. Қазір Қазақстаннан табылған сирек кездесетін металдарды совет танктерінің, артиллерия зеңбіректері, пулеметтер, винтовкалар стволдарының, кемелердің, самолеттердің қайсысынан болса да кездестіруге болады. Ержүрек жауынгерлерімізге арнап, гитлершілерді жою үшін шығарылып жатқан оқтардың әрбір он оғының тоғызы Қазақстан қорғасынынан жасалған. Бұл жөнінде де геологтарымыздың еңбегі аз емес.
Жергілікті құрылыс материалдары, минералдық отын жатқан жерлерді зерттеп табу ісіне де көбірек көңіл бөлгелі отырмыз. Солтүстік Қазақстанның шым тезекке бай екені белгілі. Оңтүстік облыстарынан қоңыр көмір, республикамыздың батыс облыстарынан жанатын сланец табылып отыр. Бұл байлықтарды тезірек меңгерудің соғыс күндерінде ерекше маңызы бар.
Қазақстанның су байлықтарын зерттеу де планымызға енгізіліп отыр. 1942 жылы Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның 150-ден аса тау өзендерінің су күшін зерттедік, бұл жұмысты 1943 жылы жүргізе бермекпіз.
Қазақ геологтарының көптеген жылдар бойы жүргізген барлық зерттеу жұмыстарын негізге ала отырып, геология институты қорғасын, ванадий рудалары, қоңыр көмір, аса көп фосфориттері бар Орталық Қазақстанның, Қаратау ауданының пайдалы кен орындарының структуралық-тектоникалық картасын жасайды.
1943 жылы халықтың аса зор сенімін ақтау үшін, барлық күшімізді жұмсаймыз. Қазақстанның ежелгі далалары мен тауларында жаңа руда байлықтарын тауып, оны өнеркәсібіміздің тез арада меңгеруіне көмектесеміз.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

РУДА БАЙЛЫҚТАРЫ ОТАН ҮШІН ПАЙДАЛАНЫЛСЫН

Мақала 1943 жылы 3 қаңтарда «Ленин туы» газетінде алғаш басылған. Мақала авторы ретінде «Қ.Сәтбаев — Геология ғылымдарының докторы, Сталиндік сыйлықтың лауреаты» деп көрсетілген. Сол уақыттан бастап аталған мақала Қаныш Сәтбаев шығармаларының көптомдық басылымдарында беріліп келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 178-180 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 5. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 1999. – 456 с. – 50-51 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 147-148 бб.
Академиялық жинаққа әр жылдардағы жарық көрген басылымдарды өзара салыстыру негізінде беріліп отыр.
Мақала ішіндегі кездесетін терминдер:
Марганец (лат. Manganum; Mn) – элементтердің периодты жүйесінің VII-тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 25, атом массасы 54, 938.
Фосфорит – апатит және мартинит сияқты минералдар тобынан тұратын аморфты немесе микрокристалды кальций фосфаттарын өз құрамына молынан кіріктіретін таужыныстардың жалпылама атауы. Фосфориттер құрамындағы фосфаттың ең төменгі мөлшері 18%-дан кем болмауы шарт. Алайда геологиялық барлау тәжрибесінде құрамындағы фосфат мөлшері 5% таужыныстарды да фосфорит кендері деп атайды.
Тектоникалық карта – жер қыртысының немесе оның жекелеген аудандарының құрылымдық ерекшеліктері мен белгілі геологиялық уақыт шамасындағы даму жолдарын сипаттайтын арнаулы карта.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы