Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1940-1943 жылдары жарық көрген еңбектері

БІРЛЕСКЕН ТІРЕКТІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСТЕРІ

Жезқазған кен зерттеушілер коллективі 1941 жаңа жылға айтарлықтай өндірістік жеңістермен келді.
1940 жылғы басты жұмыстардың пландары – колонкалық бұрғылауды 20 октябрьге, ал зерттеу планының барлығында Қазақ ССР-ның құрметті ХХ жылдық юбилейіне орындадық. Жыл аяғының қорытындысында барлық жылдық зерттеу планы 111,6 ал, колонкалық бұрғылауда 119,2 процент орындалды.
Кен зерттеу жұмысында өндірістік жеңістерге жетуіміздің негізгі себебі кеншілер коллективіміз алған міндеттерін орындау үшін қажырлы күресті, алдағы мақсаттары үшін берік ұйымдасты.
Кен зерттеушілер қатарында басшы маман жұмысшылар көптеген жылдар тұрақты қызмет атқарғандығынан, іс сапасы да арта түсуде. Кен зерттеу жұмысындағы 43 инженер-техниктер басшы мамандардан 20-сы 10 жыл бойы, 35 адам бес жылдан аса уақыт, ал тек 8-і ғана 5 жылдан кемірек жұмыста болып келеді.
Зерттеу жұмысындағы негізгі жұмыскерлер есебінде саналатын смендік бұрғы мастерлерінің 90 проценті жергілікті жерден өскен және де өндірісте 5 жылдан 10 жылға дейін үздіксіз бұрғы жұмысында болғандар.
Осындай басшы маман жұмыскерлер күштері кен зерттеу жұмысын айрықша алға бастырды. Олар кен зерттеу жұмысын меңгерумен және өз мамандықтарын басқаларға да ауыстыра білгендіктен, әлденеше маман жұмыскерлер өсумен бірге стахановшылар қатары да күн санап көбеюде.
Коллективіміздегі инженер техниктердің өндіріске тұрақты істеулері өз істерін сүюшілікке ұмтылып, үлгілі еңбек етіп, өнім молшылығы үшін күресті арттырды. Олар кертартпашыл кесір мінезге түспей, еліміздегі зерттеу техникасындағы жаңалықтарды кідірмей қолданып отырды. Техникалық мамандықтарын үздіксіз өсірумен қатар, бағалы ұсыныстар мен зерттеу істерін жақсарта беруді мақсат етті, істе жүзеге асырып та келеді.
Бұрғылау жұмысының техникасын меңгергендігінің арқасында 1931 жылды 1940 жылмен салыстырғанда, дроппен бұрғылайтын станоктардың айлық өндірісі екі еседен аса өсті. Бұрғышылар бірнеше жылдар бойы бір жерде жұмыс істегендіктен зерттеу техникасының тетігіне жетіліп, сапалы меңгерді.
Бұларға ақы еңбегіне қарай өсірме прогрессивка жолымен төленуі жұмыс өнімділігін арттыруға көмекші болды. Бұрғышылар арасында социалистік жарыс пен есеп жұмысы жақсы жүруі еңбек молшылығына жетуге жағдай жасады.
ҚК(б)П Орталық комитеті мен ҚССР Халық Комиссарлары Советінің республикамыздың ХХ жылдық атындағы социалистік жарыстың ұйымдасқан түрде жүргізу мен бірінші сентябрьге 40 жылдың 10 айлық планын орындауға шақыруын коллективіміз арасында жыл басынан ақ толық түсіндіріп, 10 айлық планды 1 – сентябрьге орындауға міндеттеме алып, қызу қарқынмен кіріскендіктен, 10 айлық план 1 – сентябрьге жылдық планымызды ХХ жылдық мереке қарсаңында орындадық.
Бұл еңбегімізді партия мен үкіметіміз бағалап, ауданның көлеміндегі басқа өндіріс орындарымен салыстырғанда, саны көп емес зерттеушілер коллективінің: бір адамын Ленин орденімен наградтады, біреуін «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен наградтады, екеуін ҚССР Ұлы Советінің «Құрмет грамотасымен» наградтады, біреуіне түсті металл Халық комиссарының «Отличник» значогын берді және үшеуіне түсті метал халық комиссариатының «Мақтау қағазын» берді.
– Наградталғандар арасында бұрғылау істерінің көрнекті жетік мастерлері – стахановшы Тұңғышбаев Мырзабек, Байсалбаев Егзек және кен зерттеу істеріне мейлінше берілген инженер-геолог Левин Е.А. және В. И. Стефанов бар.
1940 жылғы өндірістік пландарды орындаумен бірге зерттеу жұмысының қорытындыларында да көптеген табыстар көрінді. 1940 жыл ішінде Үлкен Жезқазған комбинатының жұмысы үшін бірінші кезекте алынатын көптеген жерлерде жатқан кендердің денелерін, олардың көлемін толық ашып шығу керек еді. Жезқазғанда 40-41 жылы құрылып жатқан бес жаңа шахталар төңірегіндегі рудалар тегін айқындап ашып беру міндеті бар еді. Бұл жұмыстарды 1940 жылғы ноябрь айының басында орындадық. Онымен бірге бірнеше жаңа жерлерде мысты руда запастары зерттелді. Онда геолог-инженер Сейфуллиннің учаскасінде (Жезқазғанның солтүстігінде 45-50 километр) Ұлытау ауданындағы Жыланды өзенінің бойынан көптеген мыс запасы барлығы анықталды. Оның бірсыпырасы зерттеліп, бірнешеуі 50 метр тереңдікке дейін бұрғыланды.
Бұл ауданда тереңде жататын өндірістік сульфидті мысты руданың табылуы бірінші рет кездесті. Бұл жерде кен запасының мол екендігі байқалды.
Осымен бірге, Жезқазған мен Жыланды арасындағы аумағы кең жерде руда болуы мүмкіндігі болжанды. 40 жыл ішінде мыс зерттеумен бірге Қарсақбай және Найзатастағы темір рудалар тексерілді. Бұлар – Жезқазған мен Қарсақбай комбинаттарының флюс базалары.
Онымен бірге Қияқты және Байқоңыр көмір запастары зерттелді және де Жезқазған комбинатының Кеңгір бойындағы салынатын жерлеріне нақтылы геологиялық пландау жұмыстары жүргізілді.
1940 жылғы зерттеу нәтижесінде: аудандағы темір мен көмір запастарының мол екендігін дәлелдейді.
Темір зерттеу жұмыстарын басқарған инженер Вогданчиков, көмір зерттеу жұмыстарын басқарған Пастухов, Кеңгір бойындағы зерттеу жұмыстарын басқарған инженер-геолог Левин жолдастар болды.
1940 жыл Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысын қарқынмен жүргізген жыл болды. 40 жылы Қарсақбайдан Қазақстанның қара металлургия орнын ашуға СССР үкімет орындары рұқсат беріп отыр.
Кезекті істе Қияқты мәселесін шешу ісі тұр. Жезқазған тау-кен зерттеушілерінің көптеген жылдар бойы көксеп талаптанған мақсаттары өз нәтижелерін бере бастады. Сөйтіп Жезқазған ауданы СССР және Қазақстанда ірі өндірістік орталықтың біріне айналуда.
Өткен жылды қуанышты, табысты етіп өткізумен қатар Жезқазған кен зерттеушілер колективі 41 жылдың өндірістік жаңа міндеттерін нәтижелі етіп орындап шығуға даяр. БК(б)П-ның ХVIII конференциясына жаңа сыйлықтармен барады.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

БІРЛЕСКЕН ТІРЕКТІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСТЕРІ

Мақала алғаш рет 1941 жылы 1 қаңтарда «Жезқазған аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық советінің «Қызыл кенші» атты газетінің №1 (862) санында жарық көрді. Одан кейін жарыққа шыққан жинақтардың ешқайсысында берілмеген.
Бұл академиялық жинаққа аталған мақала алғаш рет беріліп отыр. Мақала ішінде әр түрлі ғылыми терминдер кездескен:
Флюс (нем. Flus – ағын, ағыс) – домна пешінің шихтасына бос жыныстардың балқу температурасын төмендету және күл мен күкіртті қож түрінде ығыстыру үшін қосылатын минералды заттар.
Сульфидтер – табиғи жағдайда көптеген металдар күкіртпен қосылған минералдар түрінде кездеседі. Күкірттің қасиеті көп жағдайларда оттекке ұқсас. Егер металдардың химиялық қосылыстарға, яғни минералдарға айналатын жағдайларында оттек жетіспей, күкірт кездесетін болса, онда тотық орнына сульфидтер пайда болады.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы