Республикамыздың ен байтақ даласы әр алуан кендерге, сирек кездесетін металдарға өте бай. Қазақстан мыс, қорғасын, цинк, никель запастары жөнінде Советтер Союзында бірінші орын алады.
Шығыста – Алтай алабы, Оңтүстікке – Қаратау қойнауы, Орталық Қазақстанның рудалы жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі міне осылардың бәрі түсті металлургияның сарқылмас көзі, СССР-дың түсті металл қоймасы. Қазақстан кендерінің бір қасиеті сол, мыс шыққан жерден алтын да, күміс те, қорғасын да, тағы басқа сирек кездесетін металдар да шығады.
Орталық Қазақстанның кен байлықтары да Алтайдан асып түспесе, кем соқпайды. Мұнда әсіресе Жезқазған маңы кенге өте бай.
Жезқазған маңында салынған кәсіпорындары бұрын шет ел капиталистерінің қолдарында болды. Олар бұл жерді ірі өндіріс кәсібіне айналдыруды көздемеді, тек қымбатты рудаларын кустарлық әдістермен қазып алып, Жезқазған жерінің байлығымен спекуляция жасады. Қарағанды мен Успеннің кен байлықтарына «Спасск мыс рудаларының қоғамы», Жезқазған маңындағы байлықтарға «Атбасар мыс рудаларының қоғамы» дегендер «қожа» болып, осы байлықты солар ғана пайдаланды. Ұлы Октябрь социалистік революция ғана бұларды Қазақстан жерінен түріп айдап шықты, ен байлықты, мол қазынаны өзінің шын иесіне – жұмысшылар мен шаруаларға қайтарып алып берді.
Тек Ұлы Октябрь революциясы ғана, сталиндік бесжылдықтардың даңқты дәуірі ғана, ұлан-байтақ Советтер елінің барлық түкпірлеріндегідей, Жезқазған маңының да экономикасы мен мәдениетіне дем беріп, олардың дамып өркендеуіне даңғыл жол ашты. Шет ел концессияларының сала бастап тастап кеткен Қарсақпай мыс қорыту комбинатының құрылысы 1925 жылы қолға алынып, ол 1928 жылы елімізге тұңғыш рет мыс бере бастады.
Жезқазған – мыс рудаларының нағыз орталығы. Бүгінге дейін жүргізілген зерттеудің нәтижесіне қарағанда, мұнда СССР-дағы мыс запастарының төрттен бірі бар екендігі анықталды. Ал бүкіл Қазақстандағы мыс запасының тең жарымдайы (47 процент) осы Жезқазғанда. Мыс запасы жөнінде Жезқазған бүкіл жер жүзінде төртінші орын алады.
Жезқазған рудаларынан шығатын ең негізгі металл – мыс. Сонымен қатар рудаларда күміс, қорғасын, молибден, мышьяк, сүрме, цинк те бар. Айта кету керек, Жезқазған маңының мыс жөніндегі байлықтары әлі де толық зерттеліп жеткен жоқ.
Жезқазғанға жақын, Қарағандыдан 600 километр тұратын Қарсақпайда темір рудалары табылып отыр. Оның составы мен құрылысы Кривой Рог бассейнінің рудаларына ұқсас. Алдын ала жүргізілген барлауға қарағанда, мұнда бірнеше миллион тонна темір рудасының запасы барлығы анықталды.
Қияқты мен Байқоңырдағы көмір кендерінің, Жезді мен Найзатастағы жоғары сортты марганец рудаларының, Ұлытау, Арғанаты, Найзатастан табылған алтын рудаларының, Қорғасын мен Жезқазғандағы қорғасынның запасы бірнеше миллионға жетеді. Жезқазған маңында фосфорит, барит, асбест, пирит кендері, құрылыс материалдарының көп запасы да табылып отыр. Жезқазған маңының байлығы бұдан да көп екендігіне, совет геологтары оларды толық зерттеп табатындығына сенім зор.
Жезқазған маңының байлықтарын зерттеумен қатар, оны өндіріс жолымен игеру жұмыстары да кеңінен жүргізілді. 12 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қарсақпай мыс комбинаты жыл сайын мыңдаған тонна құнды металл береді. Жезқазған байлықтарын молынан пайдаланып, оны Отанымыздың игілігіне айналдыруға кесел болып келген жолсыздық жойылып, жаңадан Жарық-Жезқазған теміржолы салынды. Жезқазған қазір республикамыздың барлық орталықтарымен, бүкіл Советтер Союзымен болат жол арқылы жалғасып отыр. Қарсақпай комбинатын қайта құру жұмысымен қатарласа Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысы да тез қарқынмен салынып жатыр. Оның бірінші кезегі бір-екі жылдан кейін пайдалануға беріледі. Өзінің көлемі мен қуаты жөнінен бұл комбинат Союзда бірінші орын алмақ.
Жезқазған маңын индустрияландыру бағдарламасы Үлкен Жезқазған комбинатын салумен аяқталмайды. Қарсақпайдың бай темір рудасы мен Қарағандының коксталатын көмірі базаларында республикамызда тұңғыш рет ірі қара металлургия комбинаты салынғалы отыр. Қияқты көмір кені Қазақстанның Қарағандыдан кейінгі екінші көмір бассейніне айналады.
Жезқазған маңындағы толып жатқан түрлі кен байлықтарын комплексті түрде пайдалану нәтижесінде Жезқазған Қазақстанның, бүкіл Советтер Союзының өте ірі индустриялы.
ҚАЗАҚСТАН – ТҮСТІ МЕТАЛ ҚОЙМАСЫ
Мақала алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1940 жылғы 6 қарашадағы №258 (5564) санының 5-бетінде «Инженер-геолог Қ.Сәтбаев» деп жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сатпаев К. И. Избранные труды, Т.5. Статьи, публицистика и материалы к библиографии. – Алма-Ата: Наука, 1970. – 326 c. – C. 121-122.
Сатпаев К. И. Избранные статьи о науке и культуре. – Алма-Ата: Наука, 1989. – 440 с. – C.194-196.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 99-101 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 139-140 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 82-83 бб.
Жоғарыда көрсетілген жинақтардың бәрінде мақала атауы «Қазақстан – түсті металдар қоймасы» деп берілген. Бірақ мақаланың 1940 жылғы газет бетіне шыққан алғашқы нұсқасында «Қазақстан – түсті метал қоймасы» деп жазылған.
Мақаланың алғашқы нұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
1940 жылғы алғашқы нұсқада 1-сөйлем ішіндегі «Республикамыздың ен байтақ даласы…» деп басталатын жолдарындағы «ен» сөз 1970, 1989, 1999, 2000, 2007 жылдардағы жинақтардың бәрінде түсіп қалған Сөйлем «Республикамыздың байтақ даласы» болып жалғасып кетеді.
Мақала ішінде «СССР» қысқартылған атауы барлық нұсқада «СССР» деп беріліп, тек 2000 жылғы жинақта «ССРО» деп жазылған.
1940 жылғы түпнұсқадағы «Қазақстан кендерінің бір қасиеті сол, мыс шыққан» деп басталатын мақала ішіндегі «сол» сөзінің орнында басқа жинақтың бәрінде « – » берілген.
«…Жезқазған жерінің байлығымен спекуляция жасады» деп жалғасатын 1940 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде берілген мақала ішіндегі «спекуляция» сөзі 1970, 1989, 1999, 2000, 2007 жылдардағы кітаптарда «…Жезқазған жерінің байлығымен сауда жасады» деп қате берілген. Біздіңше, бұл қателік жоғарыдағы жинақтарда бірінде жасалып, қалған жинақтарды құрастырушылар соның ізімен ұсынған секілді.
Мақаланың түпнұсқасындағы «Ұлы Октябрь социалистік революция ғана бұларды Қазақстан жерінен түріп айдап шықты» атты сөйлем ішіндегі «түріп» сөзі одан кейін жарыққа шыққан барлық жинаққа енбей қалған. Сонымен қатар «Социалистік Қазақстан» газетіндегі мақаланың алғашқы нұсқасында «Тек Ұлы Октябрь революциясы ғана, сталиндік бесжылдықтардың даңқты дәуірі ғана, ұлан-байтақ Советтер елінің барлық түкпірлеріндегідей, Жезқазған маңының да экономикасы мен мәдениетіне дем беріп, олардың дамып өркендеуіне даңғыл жол ашты» деп берілген сөйлем ішіндегі «сталиндік бесжылдықтардың даңқты дәуірі ғана», «даңғыл» тіркестері барлық жинақ ішінде берілмеген. Тек мақаланың 1940 жылғы нұсқасынан ғана аталған тіркестерді көре аламыз.
Мақаланың алғашқы нұсқасындағы «Бүгінге дейін жүргізілген зерттеудің нәтижесіне қарағанда, мұнда СССР-дағы мыс запастарының төрттен бірі бар екендігі анықталды. Ал бүкіл Қазақстандағы мыс запасының тең жарымдайы (47 процент) осы Жезқазғанда. Мыс запасы жөнінде Жезқазған бүкіл жер жүзінде төртінші орын алады» атты сөйлем ішіндегі «төрттен бір», «47 процент», «төртінші орын» секілді статистикалық мәліметтер әр жылдары шыққан көптомдықтарға енгізілмеген. Олардың орнына «жарымдайы», «көрнекті орын» деп жалпылама ақпарат ұсынған. Мақала ішінде кездесетін «цинк» элементі 1970 жылдан бастап барлық жинақта «мырыш» деп аударылып берілген. Сондай-ақ мақала ішінде кездесетін «запас» сөзі 2000 жылғы жинақта «қоры» деп өзгертілген. Қалған нұсқаларында «запас» деген нұсқасы сақталынған. Мақала ішіндегі «Қорғасын» атты жер атауы 1970 жылдан бастап шыққан басылымдарда енгізілмей қалған.
Академиялық жинаққа аталған мақаланың 1940 жылғы алғашқы нұсқасы қазіргі талап сай өзгертілген тыныс белгілерімен беріліп отыр.
Мақала ішінде кездесетін терминдер:
Молибден (лат. Molybdaenum; Мо) – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент. Табиғатта тұрақты 7 изотопы (массалық сандары 92, 94 – 98, 100) бар. Молибден ашық сары түсті металл, тығыздығы 10,2 г/см3, балқу температурасы 2620ӘС, қайнау температурасы 4600ӘС.
Сүрме (лат. Stіbіum; Sb) – элементтердің периодтық жүйесінің V тобындағы химиялық элемент, атомдық нөмірі 51, атомдық массасы 121,75. Сүрмені сульфидті кентастарды күйдіргеннен қалған өнімдерді немесе тотыққан кентастарды тотықсыздандыру арқылы алады.
Цинк (лат. Zincum; Zn) – элементтердің периодты жүйесінің II-тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 30, атом массасы 65,39. Мырыш ерте заманда жез түрінде белгілі болған, таза түрі 16 ғасырда алынған.
Никель (лат. Nіccolum; Nі) – элементтердің периодтық жүйесінің VІІІ тобындағы химиялық элемент, атомдық нейтроны 28, атомдық массасы 58,70. Күмістей ақ, иілгіш, созылғыш металл.