Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1940-1943 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚИЯҚТЫ КӨМІР БАССЕЙНІ

Орталық Қазақстанның елі сирек даласындағы Жезқазған маңы Совет өкіметі тұсында геологиялық зерттеу жүргізілуі нәтижесінде жер қойнындағы байлығының саны және неше алуандығы жағынан Советтер Союзындағы ең алдыңғы қатарлы ауданның бірі болып шықты. Мұнда дүние жүзіндегі ең ірі мыс кенінің бірі – Жезқазған бар. Мұны кеңінен пайдалану Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысы аяқталысымен, үстіміздегі бесжылдықтың аяқ кезінде басталмақшы.
Бұл маңдағы Қарсақпай кендерінің тобынан өндірістік запасы мол темір кені ашылып отыр. Қарсақпай-Қарағанды қара металлургия комбинатын құру негізінде бұл кенді пайдалану таяу жылдарда қолға алынуға тиіс.
Жезқазған маңында мыс, темірмен қатар көмір запасы да болып шығып отыр. Көмірдің дені Қияқты бассейнінде.
Қияқты бассейні Жезқазған ауданының батыс жағында, Байқоңыр көмір кенінен 40 километр жерде. Байқоңыр кені мен Жезқазған руднигі арасында тар табанды теміржол бар. Ол Жарық-Жезқазған теміржолының ең соңғы станциясына барып жалғасады. Сөйтіп Қияқты көмір бассейні қазіргі теміржолдан небәрі 40-ақ километр жерде. Байқоңыр мен Қияқтының арасы теп-тегіс жазық. Мұнда теміржол салудың ешбір қиыншылығы жоқ.
Қияқты бассейні 1929 жылы ашылған, әзірше толық зерттелген жоқ. Зерттеу жұмысына жеткілікті қаржы босатылмай келді. Қазіргі кезде Қияқты бассейнін зерттеу мыс өндіріс кәсібінің Жезқазғанды зерттеуге берген ақшасының есебінен жүргізіліп келеді.
Осы аз ғана зерттеудің өзінде де Қияқты бассейнінде қазір 85 миллион тонналық көмір запасы барлығы анықталды, мұны Бүкілсоюздық запас комиссиясы бекітіп те отыр. Бассейнінің жалпы запасы ең кемінде 200-250 миллион тонна болады деп шамаланады.
Бассейнінің көмірі бар жерінің шамасы 100 шаршы километрдей, содан әзірше 20 шаршы километрдей жер ғана зерттелді. Зерттелген жерлерде көмірдің 5 пласты анықталады. Кейбір пластардың қалыңдығы 1,5-нан 3 метрге жетеді. Анықталған пластардың жағдайы көмірді қуалай салынатын сұлама шахта системасын қолдануға мүмкіндік береді. Көмір пластының ең тереңі 100 метрден аспайды. Көмір запасының көбі жердің бетінен 50-60 метр тереңдік шамасында, ал бірсыпырасы 10 метр шамасы ғана тереңдікте. Міне, бұл көмірді ашық қазу әдісімен алуға да мүмкіндік береді.
Қияқты бассейнінің көмірі қоңыр көмір түріне жатады. Көмірдің күлділігі жеке пластарда 10-нан 23 процентке дейін болып келіп, жалпы кен бойынша орта есебі 14-15 процент шамасында. Мұндағы көмір жалынды, ұшқынды көмір түріне жатады. Көмір ылғалы 8-11 процент, күкірт – 1,5 процент шамасы. Міне, бұл көмірдің ашық ауада тез бұзылып, көпке дейін жатып қалса, өзінен-өзі жанып кететіндігін көрсетеді. Мұндай нашар қасиет қоңыр көмірдің бәрінде де кездеседі. Тиісті техникалық шаралар қолданылып тұрса, бұл кемшілікке жол берілмеуіне болады. Қияқты көмірінің қызуы өте жоғары.
Қияқты көмірінің бұл қасиеттері ол энергетика орындарына, коммуналық мұқтаждарға, паровоз паркіне, ұнталмалы отын қолданылатын отражатель пештеріне өте қажетті отын екенін көрсетеді.
Көмір запасының жақсылығы, запасының көптігі Қияқты бассейнін Қазақстандағы маңызды отын базаларының біріне айналдырмақ. Жері қолайлылығы, теміржолға жақындығы бұл бассейнді халық шаруашылығы пайдасына неғұрлым тезірек пайдалану қажеттігін көрсетеді.
Ең алдымен Жезқазған және Қарсақпай мыс қорыту комбинаттарының отын жөніндегі керегін осы Қияқты қамтамасыз етуі керек. Бұл комбинаттарға жылына 750 мың тонна шамасында көмір керек болады. Байқоңыр кенінің техникалық және запас жағдайы нашар, ол жылына 100 мың тоннадан артық көмір бере алмайды. Қалған 650 мың тонна көмір жыл сайын Қияқтыдан алынатын болуға тиіс. Қияқты Жезқазғанға Қарағандыдан 3 есе жақын. Жезқазған комбинаты Қияқты көмірімен қамтамасыз етілетін болса, бұл Қарағанды бассейнінің жұмысын жеңілдетеді. Оның кокстелетін көмірімен Оралдың қара металлургиясын, көп кешікпей Қазақстанның қара металлургиясын жабдықтап отыруына жол ашады. Жезқазған комбинатын Қияқты көміріне қарату ВК (б) П XVIII съезінің жергілікті көмірді өндіру ісін барынша өркендете беру керек деген қаулысына толық сай келеді.
Ал Жезқазған комбинатының Гипроцветмет жасаған генеральный проектінде бұл комбинатты отынмен түгелімен Қарағанды жабдықтап отырады деп көрсетілген. Гипроцветметтің осы сияқты таңқаларлық «техникалық саясатын» дереу өзгеріп, Жезқазған комбинаты отынды түгелімен Қияқты бассейнінен алатын ету керек. Мұны іске асыру үшін тек 40 километр жерге жаңа теміржол салып, қазіргі Жезқазған-Байқоңыр теміржолын кең табанды жол ету керек. Айта кететін бір жағдай, жолдың Жезқазған-Қарсақпай учаскесіндегі бөлігі Қияқтыға жол салыну, салынбауына қарамастан, кең табанды жолға айналдырылады. Қарсақпай-Байқоңыр арасындағы 57 километр жолды қайта құру шығыны Жезқазған комбинатына көмірді Қарағандыдан тасымай Қияқтыдан тасудан қысқартылатын расходтармен де өтеліп кетеді.
Қияқты бассейнінің өркендей беруі, кейіннен оның теміржол арқылы Жосалы немесе Арал теңізі тұсынан Орынбор теміржолына жалғасуына және болашақ зерттеу жұмыстарының нәтижесіне байланысты. Қияқты бассейні мен Орынбор теміржолының арасы (Жосалыға дейін) 280 километрден артпайды. Бұл екі орта тегіс келеді. Қияқты мен Жосалы станциясының арасында Мыңбұлақ су бассейні бар. Бұл болашақ теміржолды сумен жабдықтау мәселесін шешетіні былай тұрсын, оның үстіне, мұнда күрделі күріш-мақта совхозын ұйымдастыруға да мүмкіндік береді.
Орынбор теміржолының бойында Чкалов қаласынан Ташкентке дейін тиянақты отын базасы жоқ. Бұл жолдың бойындағы Бершығыр, Домбаровский көмір кендерінің запасы аз, теміржолды отынмен толық қамтамасыз ете алмайды. Орынбор теміржолы, оның маңындағы аудандар осы уақытқа дейін Қияқтыдан 10 есе алыс жердегі Кузнецкіден көмір тасып келді. Қияқты-Жосалы теміржолын неғұрлым тез салу қажет дейтініміз де осыдан. Міне, бұл да ВК (б) П XVIII съезі қойған міндеттерге, еліміздің халық шаруашылығын социалистік жолмен жоспарлау негізіне сай келеді. Мұнда жол салынса, қазіргі тұйық қалып отырған Жарық-Жезқазған теміржолына өріс беріледі.
Қазақстан мемлекеттік пландау комиссиясының мәліметіне қарағанда, Орынбор теміржолы, оның маңындағы аудандар 1939 жылы Кузнецкіден бір миллион тонна көмір алдырып жаққан. Мұны қызу беру жағынан салыстырғанда Қияқты көмірінің 1.400 миллион тоннасына шамалас. Егер олар Қияқты көмірін пайдаланатын болса, Кузнецк көмірін тасымалдауға шығатын миллиондаған шығын мемлекет пайдасына қалар еді.
Жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады:
Жезқазғанда, теміржолдарға жақындығы жағынан, запасының көптігі жағынан алып қарағанда, Қияқты көмір бассейні Қазақстанда Қарағандыдан кейін екінші орын алуға тиіс. Бұл бассейнді геологиялық жағынан зерттеуді күшейту, оның осы күнде анықталған мол көмір запасын тезірек пайдалануға кірісу үстіміздегі бесжылдықтың аса маңызды міндеттерінің бірі болуға тиіс.
Үлкен Жезқазған комбинатының генеральный планын өзгертіп, ол отынды Қияқты бассейнінен алатын ету қажет.
Қияқты бассейнін пайдалану, меңгеру ісін бірте-бірте жүргізу керек. Қияқты бассейні алғашқы кезде жылына 650 мың тонна көмір беріп тұруға тиіс. Өйткені Жезқазған, Қарсақпай комбинаттарына жылына осындай көмір керек болады. Қияқты бассейнін өркендету жөнінде бірінші кезектегі жұмыс Жезқазған комбинатын пайдалануға беруге дейін, яғни 1942 жылдың аяғына дейін аяқталуы керек. Қияқты көмір бассейнінің бірінші кезектегі құрылысын басқаруды оның көмірін пайдаланатын ең басты орын – Жезқазған комбинаты құрылысының басқармасына тапсырған жөн болады.
Қазақстанның үкімет орындары Қияқты бассейнін Орынбор теміржолымен байланыстыру жағын тезірек шешу туралы кешікпей жалпы союздық орындардың алдына мәселе қою керек. Бұл теміржолдың, оның маңындағы аудандардың отын қажетін Қияқты көмірімен қамтамасыз етіп тұратын болуды қарастыру керек.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚИЯҚТЫ КӨМІР БАССЕЙНІ

Бұл мақала «Социалистік Қазақстан» газетінің 1940 жылғы 22 қыркүйегіндегі санында жарық көрген.
Одан кейін Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың төмендегі басылымдарында жарыққа шыққан:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 55-58 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 100-103 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 47-49 бб.
Мақала ішінде әр жылдары басылған басылымдар арасында кездесетін текстологиялық өзгерістер бар.
1940 жылы шыққан мақаланың алғашқы нұсқасындағы «Советтік союз» сөзі 2000, 2007 жылғыларда «Одақ», 1999 жылғы еңбекте «Союз» деп жазылады. Сонымен бірге газеттегі мақалада «көмір запасы» деген қолданыс 1999, 2007 жылғы жинақтарда «көмір запасы» деп берілсе, 2000 жылғыда «көмір қоры» деп қазақша нұсқасы берілген.
«Пайыз» сөзі 2000 жылғы еңбекте «%» белгісімен қойылса, 1999, 2007 жылғы кітаптарда «Процент» деген нұсқада жазылған.
«Километр» деп аталатын өлшем ұғымы 1999, 2007 жылғы кітаптар толық «километр» деп жазылса, 2000 жылғыда – «км».
2007 жылғы кітапта «сызықша», «дефис» секілді тыныс белгілері дұрыс қойылмаған нұсқада берілген.
Мақала академиялық жинаққа 1940 жылы шыққан алғашқы мәтін негізінде берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы