Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1940-1943 жылдары жарық көрген еңбектері

ЖЕЗҚАЗҒАН БАЙЛЫҚТАРЫН МЕҢГЕРУ МІНДЕТТЕРІ

Жезқазған маңында кен барлау жұмысы совет өкіметі тұсында, 1926 жылдан басталды. Бұл осы өткен 14 жылдың ішінде советтің кен барлаушылары Жезқазған байлықтарын, ағылшын концессионерлерінің 11 жылдың ішінде тапқан запастарына қарағанда 80 есе арттырды. Жезқазған өзінің мыс рудаларының запасы жөнінен Оңтүстік Американың Чуквикамат кенінен соң екінші орын алады.
Жезқазғанда кен барлау жұмысы, оның барлық минерал байлықтарын комплексті түрде пайдалану мақсатымен жүргізілді. Барлау жұмыстарына өткен 14 жылдың ішінде 11,7 миллион сомдай қаржы шығарылды. Оның ішінде, мыс кендерін барлауға 9,8 миллион сом, темір, марганец кендері мен құрылыс материалдарын барлауға 1,1 миллион сом жұмсалды. Көмір кендерін барлауға 700 мың сом жұмсалды.
Осы 14 жылдың ішінде жұмсалған қаржыны Оралда кен барлау жұмысына жұмсалған қаржымен салыстырсақ мынаны көреміз: Оралда ашылған мыс руда запасының әрбір тоннасына 40 сом жұмсалған. Ал Жезқазғанда ашылған мыс руда запасының әрбір тоннасына одан бірнеше есе кем жұмсалды. Бұл цифр кен барлау жұмысының Жезқазғанда көп экономиямен орындалғанын көрсетеді. Мыс кенін барлау жұмысы Советтер Союзының өзге кендерінен Жезқазғанда көп арзанға түсті.
«Цветметразведканың» Жезқазғандағы кен барлау конторы мыс кенін барлаумен қатар, өзге кендерді қабат іздестіріп отырды. Осы жұмыстың нәтижесінде Жезқазған өзінің байлықтары жөнінен Союзымыздың келешегі мол, бай ауданына айналды. Дүние жүзілік маңызы бар мыс запасымен қатар, Жезқазған маңында 100 миллион тоннадан артық өндіріс кәсіптік маңызы бар темір рудасының запасы табылды (Сазтөбе, Қарсақпай, Балбырауда). Бұл кендердің рудаларында темір 51 проценттен асады. Мұнымен қатар Жездіден 3,5 миллион тоннадан артық жоғары сапалы марганец рудасы табылды. Рудада марганец орташа 35 процент. Найзатастан бір жарым миллион тоннадан аса темір-марганец рудасы табылды. Бұл кендер Қазақстанда қара металлургия өндіріс кәсібін жасау үшін база болып саналады.
Қияқтыдан 66 миллион тоннадан артық қоңыр көмірдің запасы ашылды. Мық, Ақшоқы, Шайтантаста алтын кендері бар. Қорғасында, Жезқазғанда қорғасын рудасының толып жатқан запасы ашылды. Қарқаралыда фосфорит, Мықта молибден, Ұлытауда олова, Шайтантаста, Айыртауда хромит, асбест, магнезит сияқты кендер табылды. Бұл кендердің өндірістік маңыздарын анықтау үшін барлау жұмыстарын бұдан былай да жүргізе беруіміз керек.
Жезқазған ауданының кен табылған жерлерінің көлемі кең. Осылай бола тұрса да, кен барлау жұмысы жақында басталғанымен, едәуір көрнекті нәтиже берді.
Өзге кендерге қарағанда ауданның мыс, темір, марганец, көмір кендері тыңғылықты зерттелді. Бұлардың запасы мол болумен қатар, сапалары жақсы. Міне, осы кендердің негізінде үлкен алып – Үлкен Жезқазған комбинаты салына бастады. Жезқазған комбинатын салу, Қарсақпай комбинатын қайта құру жөніндегі міндеттерді болат нарком Л. М. Каганович жолдас өзінің 1938 жылғы февральдың 13-де берген бұйрығында белгілеп берген болатын. Біздің үшінші бесжылдықтағы міндеттеріміз сол бұйрықта көрсетілген болатын. Нарком Каганович жолдастың бұйрығын орындау жөнінде, бұдан былайғы жерде істейтін істеріміз, 1940 жылдың міндеттері мынадай болмақшы:
Жезқазған ауданының кен байлықтарын зерттеу, оның геологиялық құрылыстарын анықтау жұмысын тынбай жүргізе беру керек. Бұл жұмысқа Жезқазғанның кен барлаушыларымен қатар өзге ұйымдардың барлаушылары да қатынастырылуға тиіс.
Кен барлау жұмыстарына биылғы жылы кемінде 3 миллион сомдай қаржы босатылуға тиіс. Осындай қаржы бұдан былайғы жылдарда да ұдайы беріліп отыруға тиіс. Сонда жақындағы 5-10 жылдың ішінде ауданның байлықтары негізінен анықталып, қазіргі запас мөлшері екі еседей арта түспек. Өйткені біз осы күнге дейін руда бар деп шамаланған жерлердің 30 процентін ғана зерттедік.
Жезқазған комбинатын салу жөнінде биыл мынадай жұмыстар істелуге тиіс: Кенгір өзенінен бөгет салу керек. Бұл Жезқазған комбинатын сумен қамтамасыз ететін база болмақшы.
Биыл 3 шахтаның проходкасын аяқтап, қуатты төртінші шахтаның проходкасын қазуға кірісу керек. Бұл жұмыстар істелмесе комбинаттың ең негізгі базасы – руда базасын жасау жұмысы артта қалып қояды, сонымен 1942 жылы комбинаттың бірінші кезегінің пайдалануға берілуін кешеуілдетеді.
Жезқазған комбинатының системасына кіретін барлық кәсіпорындарының шаруашылық, басшылық жұмыстарын қосып, оның барлығын Жезқазған комбинатының директорына бағындыру керек. Сол сияқты Жезқазған руднигі мен «Цветметразведка» тресінің Жезқазғандағы кен барлау конторын да комбинат директорына бағындыру керек. Осындай ұйымдастыру жұмысын жүргізудің нәтижесінде комбинат құрылысына басшылық ісі бұрынғыдан едәуір оңдала түспек. Құрылысқа кедергі бола бастаған жеке шаруашылық ұйымдардың осылай бір орталыққа бағынуы әбден қажет.
Қарсақпай комбинатын қайта құру жұмысының мықтап қолға алынбай келе жатқанына биыл үшінші жыл болады. Қайта құрылыс жұмысының орындалмауы – құрылыс жұмыстарының ұйымдасқан түрде жүргізілмей, шаруашылық әдіспен, кустарлық жолмен комбинаттың өзі жүргізіп отырғандықтан болды. Қарсақпай комбинатын қайта құру жұмысын Жезқазған комбинатын салып жатқан құрылыс ұйымдарына беру керек.
Жезқазған мыс кендерінің қышқылданған және қышқыл рудалармен араласқан рудаларын дұрыстап өндеу жұмысының технологиялық схемасын биыл толық зерттеп бітіру керек. Әсіресе, жердің жоғарғы бетіндегі қышқыл рудаларды өңдеудің технологиялық схемасын биылдан қалдырмай бітіру қажет. Өйткені бұл жұмыстар шахта салу үшін керек болып отыр.
Қарсақпай, Атасу темір рудаларының негізіне қара металлургия комбинатын салу мәселесі қазір жоғарғы органдарда талқыланып жатыр. Партияның тарихи XVIII съезі Қарсақпай, Атасу темір кендерін зерттеп, оның өндіріс маңызын анықтау жұмысын үшінші бесжылдықта бітіру керек деп директива берген болатын. Осы директиваны орындау үшін жоғарыдағы аталған кендерді зерттеу жұмысына арналып биыл 1,5 миллион сом қаржы босатылуға тиіс. Бұл қаржы темір кендерін зерттеумен қатар қара металлургия комбинатын салуға керекті известь, доломит, кварц, марганец кендерін зерттеуге, сол сияқты су іздеу жұмыстарына жұмсалады.
35 процент марганеці бар 3,5 миллион тоннадан артық запасы бар марганец рудаларының кені Қазақстанда салынбақшы қара металлургия комбинатының көмекші флюс базасы болу шегінен көп артық. Бұл кенді пайдалану жұмысын тездетіп, марганец рудаларын Оралға шығару жағын қарастыру керек. Өйткені Орал осы күнге дейін марганец рудасын алыстан – Никополь мен Чиатуриден тасымалдап келтіріп жүр.
Жезді марганец кенін тыңғылықты түрде зерттеу жұмысына, сол сияқты осы кеннің кедей рудаларын байыту жұмыстарын зерттеуге биыл 500 мың сомдай қаржы босатылуы керек. Кедей рудаларды байытып пайдаланудың нәтижесінде, кеннің өндіріс кәсіптік маңызы бар руда қоры 5 миллион тоннаға дейін көбейетін болады.
Қияқты көмір кені Жезқазған мен Қарсақпай комбинаттарының негізгі жергілікті отын базасы болып саналады. Бұл қоры мол, келешегі зор кен. Алыстан тасымалдап, Кузбас көмірін жағып отырған теміржол транспортын да Қияқты көмірі толық қамтамасыз ете алады. Бұл үшін Қияқтыдан Орынбор жолына дейін баратын ұзындығы 250 километр Қияқты-Жосалы теміржолын салу керек. Бұл жол геолог Петрушевкий жолдастың 1937 жылы ашқан артезиан құдықтарының Мыңбұлақ бассейні арқылы өтеді. Мыңбұлақ бассейнінің тұщы суы жолдың керегін, сонымен қатар бау-бақша егістерінің де керегін толық өтей алады. Бұл жол Жарық-Жезқазған жолымен түйіскенде үлкен магистрал жолға айналады.
Қияқты бассейнінің запасын толық анықтау үшін, бірінші кезегі пайдалануға берілген кезде, комбинатты көмірмен толық қамтамасыз етерліктей ету үшін биыл мынадай жұмыстар істелуге тиіс:
а) Жезқазған-Қияқты-Жосалы жолын салудың зерттеу жұмысын аяқтау;
ә) жылына 1,5 миллион тоннадай көмір берерлік Қияқты кенішін салу жұмысының проектісін аяқтау керек;
б) Қияқты көмір кенін ішімдік және өндірістік сумен қамтамасыз ету жөніндегі зерттеу жұмысын аяқтау керек;
в) уақытша жұмысшылар қаласын және электр станциясын салуға кірісу керек;
г) ұзындығы 40 километр Байқоңыр-Қияқты теміржолын салып бітіру керек.
Қияқты көмір кенінде кен барлау жұмысын жүргізу үшін биыл 500 мың сом мол қаржы босатылуға тиіс.
Жезқазған комбинатын салуға керекті және басқа кәсіпорындарын салуға керек құрылыс материалдың барлығы жергілікті жерден табылады. Комбинатты салуға керекті құрылыс материалдары қазірдің өзінде-ақ зерттеліп болды. Ауданда цемент өндірісін ұйымдастыруға керек шикізат та бар. Осылардың негізінде биылдан бастап Кенгір өзенінің бойында жылына 100 мың тонна цемент өндіретін завод салуға кірісу керек.
Жоғарыда осы айтылғанның бәрі де Жезқазғанның тез қарқынмен дамуына мүмкіншілігі мол екендігін көрсетеді. Комбинатты салу жөнінде едәуір жұмыс істелумен қатар алда істелетін іс әлі көп.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ЖЕЗҚАЗҒАН БАЙЛЫҚТАРЫН МЕҢГЕРУ МІНДЕТТЕРІ

Мақала 1940 жылы 6-наурызда «Социалистік Қазақстан» газетінің №54 (5360) санының 3-бетінде алғаш жарық көрді. Одан кейін Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың төмендегі басылымдарында жарыққа шыққан:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 50-54 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 96-99 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 43-46 бб.
Мақала ішінде әр жылдары басылған басылымдар арасында кездесетін текстологиялық өзгерістер бар. Мысалы:
1999, 2000 жылдары шыққан еңбектерде «Совет үкіметі» деген сөз 2007 жылғы жинақта «Совет өкіметі» деп берілген. Сонымен бірге «руда қоры» деген сөздергі «қоры» сөзі 1999, 2007 жылғы жинақтарда «руда запасы» деп берілсе, 2000 жылғыда – «руда қоры» деп қазақша нұсқасы берілген.
«Советтер Одағы» деген сөз 2000, 2007 жылғыларда «Одақ», 1999 жылғы еңбекте «Союз» деп жазылады.
«Пайыз» сөзі 2000 жылғы еңбекте «%» белгісімен қойылса, 1999, 2007 жылғы кітаптарда «Процент» деп жазылған нұсқада ұсынылған.
Марганец (лат. Manganum; Mn) – элементтердің периодты жүйесінің VII-тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 25, атом массасы 54, 938.
Фосфорит – апатит және мартинит сияқты минералдар тобынан тұратын аморфты немесе микрокристалды кальций фосфаттарын өз құрамына молынан кіріктіретін таужыныстардың жалпылама атауы. Фосфориттер құрамындағы фосфаттың ең төменгі мөлшері 18%-дан кем болмауы шарт. Алайда геологиялық барлау тәжрибесінде құрамындағы фосфат мөлшері 5% таужыныстарды да фосфорит кендері деп атайды.
Молибден (лат. Molybdaenum; Мо) – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент. Табиғатта тұрақты 7 изотопы (массалық сандары 92, 94 – 98, 100) бар. Молибден ашық сары түсті металл, тығыздығы 10,2 г/см3, балқу температурасы 2620ӘС, қайнау температурасы 4600ӘС.
Қалайы (лат. Stannum; Sn) – элементтердің периодтық жүйесінің ІV-тобындағы химиялық элемент, атомдық нөмірі 50, атомдық массасы 118,69. Қалайы күміс түсті ақ, жұмсақ, иілгіш металл.
Хромит – тотықтар класына жататын минерал. Химиялық формуласы: FeCr2O4. Қатты Моос шкаласы бойынша 4,5-5,5, тығыздығы 4,5-5 грамм/куб сантиметр.
Асбест (гр. ἄσβεστος) – силикаттар класының серпентиндер мен амфиболдар топтарындағы аса жіңішке талшықты минерал. Асбест грекше asbestos – сөнбес, бұзылмас дегенді білдіреді. Химиялық құрамы жөнінен магний мен темірдің, ішінара натрийдің сулы силикаты болып табылады.
Магнезит (лат. magnesіa – магнезия) – минерал, карбонаттар класының кальцит тобына жатады. Химиялық формуласы MgCO3, MgО — 47,82%, СО2 – 52,18%, изоморфты қоспа түрінде Fe, сирек түрінде Mn, Ca болады. Механикалық қосындылар ретінде халцедон, сазды заттар, су, доломит кездеседі.
Кварц – табиғатта ең көп таралған тау жынысын түзуші минерал. Оксидтер класына жатады, химиялық формуласы: SіO2.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы