Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

Қаныш Сәтбаев — Қазақстанның индустриялық-ғылыми қуатын қалыптастырған ұлттық көрнекті тұлға

«Үлкен Жезқазған» кен орнын ашуы

Сәтбаев Жезқазған өңіріндегі мыс кенін зерттеп, оның әлемдегі ең ірі қорлардың бірі екенін ғылыми түрде дәлелдеді. Оның табандылығының арқасында өңірде ірі мыс қорыту комбинаты салынды.

Қазақстан Ғылым академиясын құруы

1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырып, оның тұңғыш президенті болды. Ол еліміздің барлық ғылым салаларын бір орталыққа біріктіріп, кадрлар даярлау ісіне зор үлес қосты.

Металлогения мектебінің негізін салуы

Ғалым пайдалы қазбалардың қай жерде орналасқанын алдын ала болжайтын кешенді металлогениялық карталар жасау әдісін енгізді. Бұл әлемдік геология ғылымындағы үлкен жаңалық болды.

ЖЕР ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ

Академиялық басылымның бірінші томына Қ.И. Сәтбаевтың 1927- 1963 жылдар аралығында жарық көрген еңбектері жинақталған. Қазақстанның табиғи байлықтары және қазақ халқының ғылымы мен мәдениетін дамыту жайлы жазылған әр жылдардағы ғылыми мақалалары сол кездердегі басылымдардан өзгертілмей алынды. Ғалымның 1920-1930 жж. төте жазумен және латын әліпбиімен берілген мақалалары алғаш рет кириллицаға көшірілді.

1935-1936 жылдар

1937-1940 жылдар

1941-1943 жылдар

1947-1958 жылдар

1961-1963 жылдар

Қаныш Сәтбаев ашқан басты кен орындары

Жезқазған-Ұлытау: мыс, көмір, темір, марганец

Қарсақбай, Қияқты, Байқоңыр: көмір

Жезді: марганец

Атасу бассейні: қорғасын, барит, марганец

Қаратау: фосфориттер

Маңғышлақ түбегі: мұнай және басқалар

ҒЫЛЫМ, БІЛІМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

Академиялық басылымның бірінші томына Қ.И. Сәтбаевтың 1927- 1963 жылдар аралығында жарық көрген еңбектері жинақталған. Қазақстанның табиғи байлықтары және қазақ халқының ғылымы мен мәдениетін дамыту жайлы жазылған әр жылдардағы ғылыми мақалалары сол кездердегі басылымдардан өзгертілмей алынды. Ғалымның 1920-1930 жж. төте жазумен және латын әліпбиімен берілген мақалалары алғаш рет кириллицаға көшірілді.

1920-1927 жылдар

1941-1944 жылдар

1945-1949 жылдар

1950-1955 жылдар

1956-1959 жылдар

1960-1965 жылдар

Қаныш Сәтбаев — Қазақстанның минералды байлығын ұлттық қазынаға, ал ғылымын елдің негізгі қозғаушы күшіне айналдырған стратег

Соғыс жылдарындағы стратегиялық еңбегі

Ұлы Отан соғысы уақытында Сәтбаевтың жетекшілігімен Жезді марганец кен орны өте қысқа мерзімде (38 күнде) іске қосылды. Бұл КСРО-ның танк бронын жасауға қажетті марганец тапшылығын жойып, Жеңіске айтарлықтай үлес қосты.

Сарыарқаны суландыру жобасы

Орталық Қазақстанның өнеркәсіптік аймақтарын сумен қамтамасыз ету үшін Ертіс өзенінің суын бұру идеясын ұсынды. Ертіс-Қарағанды каналы бүгінде Қарағанды мен Астана аймағы үшін стратегиялық маңызға ие.

Сан қырлы мәдени мұрасы

Ол қазақ мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосты, ұлттық кодты ғылыми деңгейде сақтау мен насихаттаудың жарқын үлгісін көрсетті. Қазақ тілін байытып, ғылыми терминологияны қалыптастырды. Қазақтың бай фольклорын, музыкасын, өнерін әлемдік сахнаға шығарды.

Мұхтар Әуезов:

«Қаныш – қазақ ғылымының атасы, оның есімі тарихымызда алтын әріптермен жазылады».

margulan

Әлкей Марғұлан:

«Қаныш Сәтбаев – біздің заманымыздың энциклопедист-ғалымы».

АЛҒЫ СӨЗ

Аса көрнекті геолог-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ғылым ұйымдастырушысы ретінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бар өмірін ғылым жолына арнады. Ғалымның бірегей зерттеулері ел экономикасы мен өнеркәсіп саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол қазақ даласының сарқылмас қазына кеніштерін ашып, зерттеді. Біртуар тұлғаның ғылымның көптеген салаларына – тарих пен мәдениетке, фольклор мен әдебиетке қатысты энциклопедиялық білім қоры өз қатарластарын қайран қалдыратын. Қ. Сәтбаев Қазақстанда металлогендік картаның негізін салды. Ұлытау – Жезқазған мыс кен орнының бай қорын ашты.
Болашақ академиктің алғашқы ғылыми ізденістері туған халқының көркем өнерімен – қазақ ән орындау және жыршылық мәдениетімен де байланысты болды. Ол 1942 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Президиумының төрағалығына тағайындалды. Осы кезде елде Ғылым академиясын құруды армандайды. Украинаның алғашқы ғылым академиясының президенті, КСРО Ғылым академиясының толық мүшесі В.И.Вернадский КСРО Ғылым академиясының Президенті В.Комаровқа Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметіне геолог Сәтпаевты ұсынды. Осылайша, Қазақ КСР Үкіметіне Ғылым академиясын құру туралы ұсыныс жасалды. 1946 жылы 1 маусымда Алматыда Қазақстан Ғылым академиясы құрылып, Каныш Сәтбаев 11 ғылыми-зерттеу институтының ашылуына мұрындық болды. Оның жетекшілігімен Ғылым академиясы пайдалы қазбаларды зерттеумен ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық ғылымдарды, медицинаны, ауыл шаруашылығын және басқа да негізгі бағыттарды дамытумен күш салды. Ғылымды халықтың игілігіне айналдыру туралы тұжырым Қ.Сәтбаевтың сан салалы қызметіндегі басты бағдар болды.
Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметі – тұлғаның тарих көшін өзгерте алатындығының жарқын мысалы. Ол өзінің қажырлы еңбегімен Қазақстандағы ғылыми прогрестің негізін қалай отырып, өзінен кейінгі жас ғалымдарды жаңа биіктерді бағындыруға қанаттандырды. Қ.И. Сәтбаев еліне қызмет ету мен биік мақсаттарға талпынудың үлгісі, зиялылық пен патриотизмнің, риясыз қайраткерліктің символы болып қала бермек.
Биыл Қаныш Имантайұлының туғанына 125 жыл, өмірден өткеніне 60 жыл толып отыр. Осыған байланысты, Қазақстан ғылымының мақтанышына айналған бірегей ғалымның орасан зор мұрасын жинап, жүйелеу жұмысын қолға алатын уақыт пісіп-жетілді. Ғалым еңбектерінің толық академиялық жинағы оның идеяларының даму эволюциясын зерделеуге жол ашпақ. Сонымен қатар, нақты ғылыми міндеттерді шешудегі оның түрлі көзқарастарын айқындауға, теориялық зерттеулерінің практикалық қолданыспен сабақтастығын айқара ашуға мүмкіндік туғызады.
Қаныш Сәтбаевтің толық академиялық шығармалар жинағын дайындау ісінің өзектілігін бірқатар ғылыми және мәдени аспектілерде негіздеуге болады. Толық жинақ оның ғылыми мұрасын болашақ ұрпақ үшін қаз-қалпында сақтап қалуға бағытталған. Академиялық жинақ оның ғылыми мақала, оқулық, монография, есеп, картография, геологиялық экспедиция материалдары, техникалық әзірлемелер, сондай-ақ тарих пен мәдениет саласындағы жарияланымдар түріндегі сан салалы материалдарын жүйелеп, біріздендіруге мүмкіндік береді. Бұл басылым студенттер, докторанттар мен ғалымдар үшін геология, ғылым тарихы және Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу ісінде маңызды дереккөз бола алады. Қаныш Сәтбаевтің көптеген ғылыми бастамалары, әсіресе табиғи ресурстарды іздеу, пайдалану тұрғысындағы идеялары бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан емес. Жаңа басылым маңызды идеяларды қазіргі заман талаптарына сай қайта пайымдауға деген қызығушылықты оятуы бек мүмкін. Ғалым мұрасының толық академиялық жинағы Қазақстан ғылымының жетістіктерін насихаттау, ұлттық бірегейлікті нығайту істеріне ықпал етеді. Қаныш Сәтбаев – тек ғалым ғана емес, ол сонымен қатар қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан мәдениет қайраткері. Жинақ ғалымды жаңа қырынан тани түсуге жаңа жол ашады.
Филолог (оның ішінде текстологтар мен библиографтар) және геолог мамандардан құралған редакция алқасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев еңбектерінің академиялық толық жинағын дайындау бойынша кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғалымның барлық еңбектерін іздестіру, жинау, жүйелеу; басып шығаруға әзірлеу; сыни талдаулар жүргізіп, ғылыми түсініктер жазу; ғылыми аппарат пен архивтік материалдарды қамтитын томдарды басып шығару, сондай-ақ көпшілік қауымға қолжетімді болу үшін электрондық архив жасау бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар атқарылды. Қ.И. Сәтбаевтің «Қызыл Қазақстан», «Правда», «Известия», «Правда Востока», «Московский комсомолец», «Советский Казахстан» және басқа да басылымдарда ертеректе жарияланған ғылыми мақалалары, қысқаша жазбалары, хабарламалары мен ол туралы материалдарды текстологиялық саралау бойынша ғылыми талдаулар жасалды. Бестомды басылымды құрастырушылардың назарынан аймақтық газеттер мен ғылыми бюллетеньдер, арнаулы альманахтар мен ғылыми жинақтар да тыс қалған жоқ.
Алғашқы томға Қ.И. Сәтбаевтің араб графикасымен жазылған мақалалары, мысалы «Қарағанды-Спасск зауытының қазіргі жағдайы және болашағы» (1927), «Тұрлан (Қаратау) кендерінің көлемі мен болашағы» (1928), «Қарсақпай зауытында мыс өндіру және оның болашағы» (1928), «Шортанды – Ақмола – Қарағанды теміржолының пайдалы қазбаларды өндіруге әсері» (1928) және басқа да еңбектері енді. Бестомдықта мақалалар хронологиялық тәртіпте берілді. Олардың авторлық редакциясы қалпына келтірілді. Ғалымның бұған дейінгі көптомдық жинақтарына енбеген бірқатар материал ғылыми айналымға қайта қосылып отыр. Екінші томға «Геологтар» (1938), «Жезқазған аймағы – КСРО інжу-маржаны» (1939), «Қажырлы және жұмылған еңбектің нәтижелері» (1941) және басқа да мақалалар енгізілді. Әдебиеттер тізімін рәсімдеуде авторлық нұсқа сақталды.
Қаныш Сәтбаев еңбектерінің академиялық толық жинағын баспаға әзірлеудегі текстологиялық талдаулардың маңыздылығын ерекше атап өткен жөн. Ғылыми жинақтың құрастырушылары ғалымның еңбектерін бастапқы жарияланымдарымен салыстырып, олардың кейінгі өзгеріске ұшырау жағдайын анықтауға тырысты. Осылайша, мәтінтанулық сараптамалар мәтіндердің түпнұсқасын айқындап, олардың түрлі версияларын анықтауға, кейінгі басылымдар мен аударламаларда орын алған кемшіліктері мен қысқартуларын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Материалдарды өзара салыстырулар нәтижесінде, автордың негізгі ойларын дәл әрі толық бейнелейтін ең толымды нұсқалары анықталды. Бұл орайда ғалымның өзіндік қолтаңбасын сақтау басты назарда болды.
Қаныш Сәтбаев Қазақстанның қарқынды ғылыми, мәдени өзгерістері кезеңінде өмір сүріп, қызмет етті. Сондықтан бұл процестердің ғалым еңбектеріндегі ғылыми дискурста көрініс таппауы мүмкін емес еді. Ал текстологиялық сараптама автордың кейінгі жылдардағы редактура мен цензура салдарынан бұрмаланған, қысқартылып, түзетілген мәтіндерінің бірегей стилистикалық сөз саптау ерекшеліктерін қалпына келтіруге негіз болады. Академиялық талдауларда Қ.Сәтбаев еңбектерінің жазылу жағдайы ескеріліп, сол уақыттағы тарихи-мәдени ахуалдың авторлық мәтіндердің мазмұны мен сипатына ықпалы пайымдалды. Қаныш Сәтбаевтің шығармалары ғылымның әр түрлі салаларында, әсіресе геология, минералогия және Қазақстанның географиялық зерттеулері бойынша ғылыми терминологияға бай. Текстологиялық талдаулардың аудармада немесе терминдерді түсіндіру барысында қателіктерге жол бермеу үшін де маңызы зор.
Академиялық толық жинақ біртұтас форматта және жоғары ғылыми стандартқа сәйкес дайындалды. Текстологиялық талдаулар негізінде ғылыми түсініктемелер, аннотациялар мен анықтамалық материалдар дайындалды. Терең мәтінтанулық зерттеулер Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің қазақстандық және әлемдік ғылымға қосқан үлесін дейектей отырып, оның мұрасының қазіргі заманғы зерттеушілер мен көпшілік қауымға қолжетімді бола түсуіне іргетас болады. Ғалымның академиялық жинағын баспаға әзірлеу ісі мұндай жан-жақты саралаусыз толымды деңгейде іске аспайтыны анық. Бұл процесс тек мәтіндерді қалпына келтіріп қана қоймай, Қазақстанның мәдени және ғылыми жадын сақтауға да үлес қосады.
Әр том ғылыми-анықтамалық аппаратпен жабдықталған. Оған ғылыми түсініктемелер, адам аттарының көрсеткіші, мақалада сөз болған геологтар туралы өмірбаяндық мәліметтер кіреді. Сонымен бірге баспасөздің тізбесі мен жер-су атаулары, қысқартылған сөздер де қамтылады. Алғашқы жарияланымдардың тарихнамасы туралы құнды деректер келтірілген. Жинақтың құндылығын арттыратын тағы да бір айрықша деректеме – әлемге әйгілі тұлғаның өмірі мен ғылыми қызметінің маңызды кезеңдерін бейнелейтін хаттар. Парасатты ғалым-ұстаз ретінде Қаныш Имантайұлы жастарға қамқорлық жасап, болашақ ғалымдар буынын қатыптастыруға жағдай туғызды. Ол Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мәдениет қайраткерлеріне, ұстаздарға, жас ғалымдарға, студенттер мен оқушы шәкірттерге ерекше қамқорлықпен қарады.
Мәтінтанулық тұрғыда терең зерделеуден өткізілген, ғылыми түсініктемелерімен бірге ұсынылған Қ.И. Сәтбаев еңбектері өнеркәсіптік қуат пен ғылымды дамытуға, ел геологиясының тарихына үлес болып қосылған маңызды ғылыми мұра ретінде зерттеушілер мен мамандардың кең аудиториясына арналады.
Сөз соңында Қаныш Имантайұлы Сәтбаев шығармаларының академиялық толық жинағын әзірлеу барысында ғалым еңбектерінің әр жылдардағы басылымдары мен сирек нұсқаларын, түпнұсқа суреттері мен деректерін ыждаһаттылықпен жинап-жүйелеуге атсалысқан «Ғылым ордасы» РМК-ның «Орталық ғылыми кітапханасына», ҚР Ұлттық кітапханасына, ҚР Орталық мемлекеттік архивіне ерекше алғыс айтып, ризашылығымызды білдіреміз.

Редакциялық алқа

Қазақтың жер қойнауындағы құнды минералдар

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы