Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1920-1927 жылдары жарық көрген еңбектері

СӨЗ БАСЫ
(«Алгебра» оқулығына)

Оқушылардың алдына тартылып отырған кітап 1919 жылдан былай басталып, онан бері талай тартыстар арқылы созылып келді. 1924 жылдың басында аяқталып отыр. Жазылған кезінде пәннің өз жүйесі мен әдістеу тәсілдерінің қиыншылығының үстіне, керекті терминдер табылып отыруы да ауыр жұмыс болды. Қай пәнде болсын, әсіресе есеп пәндерінде, әрбір ұғымның сөз жоспары мен атын әрі ықшам, әрі дәл түрінде тауып отыру аса керек және ауыр нәрсе.
Мұның үстіне қазіргі Қазақстан баспасөзінің қолданып отырған «пән тілін көпшілік тілінен алыстатпасқа» деген ережесін еске алсақ, пән ұғымдарына дәл үйлесетін және көпшілік тілінің ішінен орын алатын керекті пән сөздерін табудың қиыншылығы артық қабат ұсталмақшы. Кітап ішіне кірген пән сөздерінің бәрі де Орынбордағы білім кеңесінің талқысына салынып, сыннан өтіп отыр. Сөйтсе де мұндағы алынған терминдердің бәрі де тиісті ұғымдарға дәл үйлес келеді деп кесіп айтуға әрине болмайды. Өйткені тұңғыш нәрсенің іші мен тысы «шу дегеннен мүлтіксіз» мінсіз және пішінді болып отырмайтындығы мәлім. Қашанда тұңғыш нәрсенің ең ауыр міндеті кейінгі буынның сын пікірінің назарына тек өзінің туғандығын ғана көрсетіп өту болмақшы. Мұнан кейін оның ішіндегі кемін толықтырып, артығын мінеп, пішінін лайықты үлгіге салып, түзетіп әкету көптің талқысынан туатын тұрлаулы сынның ғана қолынан келетін нәрсе.
Есеп пәндерінің ішіндегі амал және әлпет белгілері мәдениетті жұрттарда қашанда ортақ түрде болып келе жатыр. Бұл ортақшылықтың ғылымға беретін пайдасы санап бітіргісіз, өйткені пәндердің меншікті тілінің өзі осы белгілер ғана екені мәлім. Есеп тілінің жалпылануы: бірінші, пәннің кеңеюіне; екінші, оны үйрену, білудің және әдістеу жолдарының жеңілдеуіне көп себеп болатыны айқын. Есеп әлпеттерінің меншікті тілі Европа елдерінде алатын (рим) әріптері болушы еді. Сондықтан қай тілде болып жазылған есеп кітаптарының тек ішіндегі сөздері бөлек болғанымен әлпеттері, өрнектері, пішіндері бәрінде бір түрде болып отыратын. Өрнек пішіндерінің ортақ түрде болғандығы өз елінің ана тіліндегі мектептеріне қанағаттанбай негізгі ішіндегі сөздері бөлек болғанымен әлпеттері, өрнектері, пішіндері бәрінде бір түрде болып отыратын. Өрнек пішіндерінің ортақ түрде болғандығы өз елінің ана тіліндегі мектептеріне қанағаттанбай негізгі білім алу үшін, шет жерлерге барып оқитын, әсіресе, кезбе шәкірттерге қолайлы еді. Мысалы, бұрынғы патша заманында үкіметтің қуғыншылығына ұшырап, орыс университетінен шығып қалған студенттер шет мемлекеттердің жоғары сатылы мектептерінің біреуіне түсерде, ол елдің ана тілін аса жетік білмесе де, есеп пәндерінен керекті емтиханды ұстап кетіп отырған. Бұл үшін сынаушы адам сұрайын деп отырған есеп ережесін класс тақтайының бетіне өрнек түрінде жазып, емтихан ұстаушы шәкірт сол тақтайда берілген өрнектің жүйесін, шешімін және зерттеу жолдарын ғана жазып шығады екен.
Енді қазақ елінің ана тіліндегі мектептеріне келсек, олардың ішіндегі оқылатын пәндердің тәртібі мен көлемі шәкірттерді толық қанағаттандырады деп айтуға болмайды. Оған түрлі себептер бар: оқытушылар күшінің тапшылығы, оқу құралдарының кемшілігі, оқытушы адамдарға негіз боларлық ана тілінде жазылған маңызды ғылыми кітаптардың жоқтығы, тағы сол сияқты.
Жоғарғы кемшіліктердің бәрін де бір күнде, не бір жылда оңай жоғалтып жіберуге болмайды, бұл үшін әлі де болса, кеміне 10 не 20 жылдық уақыт мезгілі және тынымсыз еңбек керек болмақшы. Олай болса қазіргі заманның және келешек буынның оқушы қазақ жастары көп уақытқа шейін тәрбиесінің негіздерін орыстың яки басқа жұрттың жоғарғы сатылы мектептерінен алуына керек екендігі ашылады. Мұнан қазақ тіліндегі есеп кітаптарында да әлпеттері мен өрнек жүйесі бар халыққа ортақ түрде болатын латын әрпі мен белгілеуінің керек екендігі ұсталып отыр. Олай болса да бұл кітаптың ішіндегі әлпет жүйелері латын емес араб әріптерімен көрсетіліп отыр. Бірақ бұған жауапты жазушының өзі емес, Қазақстанның білім кеңесінің көпшілігі.
Есеп кітаптарындағы қолданылатын латын әріптері шынында әліпби ретінде емес, тек пән белгілері (знаки) мәнісінде болатындығы тақырыпты әлпет пішіндерін латын әрпімен белгілеу мәселесі латын әліппесін Қазақстанда жалпыша қолдану, қолданбау жұмысынан бөлек өзгеше түрде қаралуы керек. Сондықтан әлі де болса есеп белгілерінің мәселесі білім кеңесінде қайта зерттеліп, кейінгі басылатын есеп кітаптарындағы әлпеттер пішіні мәдениетті елдердің белгілерімен ортақтасар деген сенім бар. Мен алгебраны жоғары оқу орнына әзірленіп жүргенде аудара бастап едім, оны студенттік өмірдің ауыр кезеңдерімен қарбалас аяқтадым. Арасында өмірдегі және тұрмыстағы қиыншылықтар да аз бөгет жасаған жоқ. Сондықтан бұл аударма арасында өтіп кеткен қателіктер болуы мүмкін. Сондай жағдайларды атап көрсеткендерге алдын ала алғысымды айтамын.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

СӨЗ БАСЫ
(«Алгебра» оқулығына)

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың «Алгебра» оқулығы 1919-1924 жылдары жазылған. Кітаптың алғашқы нұсқасы алдымен араб әріптерінде жазылып, кейін латын жазуына көшірілген. Мақала туралы деректер «Қ. И. Сәтбаевтың «Алгебра» оқулығы туралы» деген тақырыппен «Қазақстан ғылымы» журналының 1999 жылғы №3 (135) санында жарық көрді. Мақала авторлары белгілі ғалымдар – Ш.Айталиев, Н.Білиев, Ш. Біләлов. Бұл мақала ішінде Қаныш Имантайұлының «Алгебра» оқулығының арабша нұсқасы 593 беттен, латыншасы 1467 беттен тұратындығы туралы ақпарат берілген.
«Сөз басы» деп аталатын Қаныш Имантайұлының оқулық жайындағы мақаласы осы уақытқа дейін жарық көрген ғылыми еңбектерде беріліп келеді. Бірақ оқулықтың толық нұсқасы ешқашан жарыққа шықпаған.
Оқулықтың жазылу, жариялану тарихы туралы Кәкімбек Салықов «Ана тілі» газетіне берген мақаласында былай деп жазады: «Б. М. Қосановтың айтуынша, Қ. И. Сәтбаевтың қазақ тіліндегі тұңғыш «Алгебра» оқулығының қолжазбасын Қазақстан Халық ағарту комиссариатына (ХАК) 1924 жылы тапсырған һәм қолжазба Комиссариаттың ғылыми-әдеби кеңесінде мектеп оқулығы ретінде мақұлданып, баспаға ұсынылғандығы жайындағы құжаттар сақталған екен. «Казиздатта» Сәтбаев ұсынған алгебралық таңбаларды белгілейтін шрифтер мен матрицалардың болмауына байланысты «Алгебраны» басып шығару созбалаңға түскен көрінеді. 1927 жылы оқулықтың Мәскеудегі «Центриздатқа» жіберілгені жөніндегі қағаздар айқын екен. Бірақ «Центриздат» пен «Казиздат» арасындағы түсініспеушіліктердің салдарынан кітаптың басылуы құрдымға кетеді. Қазақстан жазуының 1929 жылы латын алфавитіне ауысуына байланысты Қ. И. Сәтбаев оқулықтағы формулаларды бастан-аяқ латын әріптерімен түзеп шығып, 1929 жылы наурыздың 3-і күні латыншаға көшіріп, қайтадан баспаға өткізеді. Бірақ 30-жылдардан бастап Кеңестер Одағында бірыңғай ортақ оқулықтарға көшу басталып кетеді де, Қ. И. Сәтбаевтың «Алгебра» оқулығын баспадан шығару ісі аяқсыз қалады. Оған қоса Қаныш ағаның Том қаласындағы индустриялық институтты бітіріп, қазақтың тұңғыш кен инженер-геологы болып шыққан 1926 жылдан бастап, Жезқазған кен орнымен шұғыл айналысып, басқа жұмыстардан қол үзіп кетуі де үлкен себеп».
Жоғарыда келтірілген деректер негізінде «Алгебра» оқулығының сол кезеңдегі қазақ қоғамы, ғылымы үшін маңызды орын алғанын аңғарамыз.
Бұл академиялық жинаққа да Қаныш Имантайұлының «Алгебра» оқулығына жазған алғы сөзі беріліп отыр.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы