Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1920-1927 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТ ТЕАТРЫ ТУРАЛЫ

Январьдың 13 күні Қызылорданың ойын үйінде Қазақстанның мемлекеттік қазақ труппасы жасаған сауық кешінде болдық. Бұл күнгі сауық труппаның бір жылдық тойына арналған екен.
Бір жылдық өмір театр сияқты негізді жұмысқа көп уақыт емес. Әйтсе де, сауық кешінен қазақ труппасының осы аз уақыттың ішінде көп тәжірибе алып, ысылып, бойы өсіп, бұғанасы қату жолында түзу бет алғаны көрініп отыр.
Мұнан бір жыл бұрын Қазақстанда бірыңғай театр өнеріне арналған ешбір ұйым болған емес. Семей, Қызылжар сияқты қалаларда анда-санда қойылып отыратын сауық кештері көбінесе шәкірттер, мұғалімдер сияқты талапкерлерден құралып, олардың жасалу, өркендеу себептері театр негізінен шет, түрлі өзгерме шарттарға байланатын. Мұндай сауық ұйымдары шынында қазақтың ұлттық театрына тек «жетекшілік» қызметін атқаруға шамалы еді. Сондықтан Қазақстанның ұлттық театр труппасын жасап шығару Оқу Комиссариатының көптен келе жатқан борышы болушы еді. Қазір ол группа жасалып, бір жастан екіншіге аяқ басқан шенінде өзінің «қаз тұруға» жарап қалғандығын қойған соңғы сауық кешінде толық көрсетті деуге болады.
Сауықтың алғашқы бөлімінде «Малқамбай» дейтін үш перделік күлдіргі қойылды. Аз-мұз кемшілігін сөз қылмай, жалпы алғанда ойнаушылардың бойы сахнаға үйреніп, ойындарында өздерін – саспай, кең ұстауға бет алғандығы сезіледі.
Соңғы екі бөлім – концертке арналған. Мұнда: ән, хор, декламация айтылды.
Әміре бұл жолы назарын «Қанапия», «Жанбота» сияқты шырқалып, шалқып салынатын қазақтың ескі, ескекті әндеріне молырақ бөлгендей көрінді. Бұл, әрине, сүйсінерлік нәрсе. Мұнан былай да Әміре сияқты әншілер осы бағыттан таймауы дұрыс болар еді. Өйткені: «Қанапия», «Жанбота», «Сырымбет», «Алты басар», «Топайкөк», «Шама» сияқты ескі әндер – қазақ елінің саф әуе, сайын дала, сары қымызға емін-еркін өрістеп жүрген дәуіріндегі шығарған сарындары, сондықтан олардың нақысында еркіншілік, еркелік, өжеттік сезімдер күшті. Бұл жөнінде көрсетерлік аз кемшілік – Әміренің «Қанапияның» аяғын тым шолағырақ қайыратындығы.
Қанапия – өткен ғасырдың 60-шы жылдарында шыққан қазақтың ең соңғы батырларының бірі. Оның әкесі қыпшақ Басығара батыр Кенесарының қолбасыларының бірі болған. 1838 жылы Кенесары Қараөткел қаласын қамағанда, осы Басығара батыр: «орыстың құмалақтай қорғасыны кісі өлтіруші ме еді» деп қамалға шауып, оққа ұшқан. Ол кезде Қанапия да әкесінің жолын қуып, қол жиып, «батыршылық» істеген. Бір жағы Омбы мен Қызылжар, екінші жағы Сыр мен Шу өлкесінің арасындағы байтақ жерде Қанапия өз заманында қанды ойынды әбден-ақ салған. Бірақ бұрыңғы Кенесары заманында емес, ел реңкі де, жер реңкі де өзгеріп, ауданы тарылған уақытта бір соғыста қуып жүрген орыстың отряды Қанапияның 16 жігітін ұстап, көгендей тізіп, Қараөткелдің абақтысына жабады. Тұтқындағы жолдастарын басқа жолмен босата алмайтындығына көзі жеткен соң, Қанапия өз еркімен келіп қолға түсіп, абақтыдағы жолдастарын шығарады. Тұтқында өзі қалады. Артынан елдегі қатын-баласы мен жолдастары амандасуға келгенде, абақты бастығы оларға Қанапияны жолықтырмайды. Сол кезде абақты терезесінің темір торына сүйеніп тұрып, жүрегін кернеген ыза мен шерін Қанапия жақындарына осы әнмен білдірген екен дейді. Сондықтан бұл әннің сарыны да алғашқы шенінде қанбаған құшыр, сөнбеген құмарлықтың зарлы өксігі, аяққы шенінде, әсіресе, кенет көтеріп әкелетін ащы айқайынан былай, арыстанның гүрілі сияқты өзгеше күшті долдану мен уытты, күшті зығырдың шалқыған жалыны елестейді. Қанапияны «ауыз естідік» деп салатын Арқадағы кәрі әншілер (әсіресе, Баянауыл тауындағы Сапарбек дейтін шал) Қанапияның сарынын жоғарғы бейнеге дәл келтіруші еді.
Әміре де кейінгі айтуларында «Қанапияның» нақысын солардай түзеп алар деп сенеміз.
Иса туралы сөзді көп ұзартуға болмайды. Өйткені оның бойындағы ақындық, толғану қасиеттері «өзі мен өзі» болмаса, басқа «сыртқы» күштерге «бас июге» көп көне бермейтіндігі айқын көрініп тұр. Жалғыз-ақ айтатынымыз: 1) Иса қазақ труппасының ең көрнекті күштерінің бірі («бірегейі» деп айтуға да болар еді). 2) Исаның «Толғауларынан» сахна жүзінде көпшіліктің көзіне баяғы Асан қайғы, Бұқар сияқты қазақтың қасқа жолды, қырағы, дәу «жырауларының» бейнесін елестетуге мүмкін.
Дүйсенғалидың бастапқы айтқан «Қойшының қиялы» қандай көркем, көрнекті болса, артынан шақырғанда шығып айтқан «Шиқылдағы» соншама сиықсыз, сәйкессіз болып өтті.
Тегінде декламация, не әнмен айтылатын мелодекламация сияқты сахна көріністерінде әуелгі «нөмірмен, кейінгі шақырулардың арасында пішін мен мазмұн үйлесімдері (гармония) толық орынды болуына керек. Сонда ғана көрушінің алатын әсері болмақшы, әрі күшеймекші.
Концерт бөліміндегі нашар шыққан – Құрманбектің «хоры». Ол шынында хор емес. Өйткені шын хор – тенор, альт, бас сияқты әр дауыстың үндестігінен құралуы керек. Құрманбектің хорына келсек, олай емес, бір-ақ дауыстан құралған (унисон). Бұған шынында Құрманбек кінәлі емес, Қазақстанның қазіргі мәдениеті, театр күштерінің лебіз жүйесінде жалпы «топастығы», жастығы кінәлі. Хор мен оркестр құрау үшін алдымен лебіз жүйесінің жалпы заңдарын жете білу керек («гармония заңдары»). Бұл қазақ әншілерінің әуелі Еуропа музыкасының жалпы жүйе, техникасымен таныс болуын шарт қылмақшы.
Қалибектің мысқылдары мен Мұқамедидің «балеті» айрықша көз салып, көңіл бөлерлік нәрселер, өткір, орынды, улы мысқыл, көпшіліктің міндерін түзеу жолында ең күшті құралдың бірі екендігі даусыз, өйткені «жабайы сөздер» тек «сүйектен өтетін» болса, улы мысқыл оның ар жағында бүйректен де тесіп өтуіне» мүмкін. Қазақ елі мысқылды, «қулықты» бағалайды. Сондықтан қазақ ұлт театрында келешекте осы күлдіргі сөз, «мысқыл бөлімі», жоғары сатыға қойылар деп сенуге болады.
Қазақ елінде «билеу» деген жоқ. Билеу бұрын бар болса да, қазір де ұмыт болған. Сондықтан «зерттеу», «байқау» жөнінен болса да Мұқамедидің жасап келе жатқан «қазақша балетіне» айрықша назар салу керек. Оның өзіне бірер жыл болса да, Мәскеудегі балет студиясына жіберіп, үлгі көрсетсе, тіпті жақсы болар еді.
Қазақ труппасының жалпы бір кемшілігі – ішінде «күйшілердің», музыкаға шебер күштердің мүлде жоқтығы. Бұл – зор кемшілік. «Еуропаша» болмаса да, «қазақша» домбыра мен мандолинаны қосып отырса, не скрипкаға қазақ әндері сахна жүзінде шебер ойналып отырса, тыңдаушыға көп әсер беруінде дау жоқ.
Қорытып келгенде, қазақ ұлт театрының келешектегі жолына төменгі 3 бағыт «негіз» болуына керек деп білеміз.
1. Театр – ел өмірінің түзу айнасы.
2. Театр – ел міндерінің құрулы тезі, төреші ұстазы.
3. Театр – қазақтың салт-сана, күйі, сарындары сияқты мәдениет-өнер «кендерінің терең ошағы», ұйытқысы.
Бұл негіздерді жүзеге асыру жолында ұлт театрына әлі де болса келешекте көп қайрат, қажыр, қазына керек болады. Соңғы шарттар бірыңғай ұлт труппасындағы ойыншылардың ғана қолында емес, әлеуметтің түзу сыны, көмегімен, көбінесе Қазақстанның Оқу Комиссариатының қолында (әсіресе, жалпы бағыт, үлгі, қаражат жақтарынан). Бұл жөніндегі кезекті мәселе труппаның ішіндегі шебер ойыншыларды іріктеп, Мәскеудегі түрлі «сахна студияларына» жіберіп, «өнегелендіру» жұмысы (қазіргі ең қажетті музыка, сурет, декорация мен драма студияларының үлгісі болуға керек).
Қазірде ұлт труппасының басында Жұмат сияқты театр жұмысын шын сүйетін, қалам өнеріне де шебер, қажырлы азаматымыз отыр. Бұда ұлт театрының келешекте түзу жолмен жүріп, тез өркендеуіне сенім болуға жарайды.
Қазақ театрының көркеюіне тілектеспіз.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТ ТЕАТРЫ ТУРАЛЫ


Бұл мақала «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы қаңтар айының 24 күнгі №18 (746) санының 3-бетінде басылған. Мақалада қазақ театр өнерінің қалыптасу, даму мәселелері кеңінен қарастырылады.
Мақала Қаныш Имантайұлының осы күнге дейін шыққан барлық басылымында беріліп келеді:
Сатпаев К. И. Избранные труды. Т.5. статьи, публицистика и материалы к библиографии. – Алма-Ата: Наука, 1970. – 326 c. C.213-215
Сатпаев К. И. Избранные статьи о науке и культуре. – Алма-Ата: Наука, 1989. – 440 с. – C.342-345.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 391-394 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2001. – 440 с. – 70-72 бб.
Қаныш Сәтбаев. Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 208 б. – 194-198 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 317-318 бб.
Мақаланың үшінші абзацындағы «құралып», «байланатын» деген сөздері кітаптарда «құралушы еді», «байланысты болатын» деп берілген екен. Мақала ішіндегі келесі «Мұндай сауық ұйымдары шынында қазақтың ұлттық театрына тек «жетекшілік» қызметін атқаруға шамалы еді» дейтін сөйлем 1970, 1989, 2001, 2003, 2007 жылғы кітаптарда толығымен енбей қалған. Келесі сөйлем ішінде мақаланың алғашқы нұсқасымен кейінгі жылдарда шыққан басылымдар арасында сөздер орнының ауысуы секілді мәселе кездеседі. Мысалы 1927-де: «Сондықтан Қазақстанның ұлттық театр труппасын жасап шығару Оқу Комиссариатының көптен келе жатқан борышы болушы еді». Ал 1970 жылдан бастап шыққан кітаптарда: «Сондықтан ұлттық театр труппасын жасап шығару Қазақстан Оқу Комиссариатының көптен келе жатқан борышы болушы еді» деп берілген.
«Аз-мұз кемшілігін сөз қылмай жалпы алғанда ойнаушылардың бойы сахнаға үйреніп, ойындарында өздерін – саспай, кең ұстауға бет алғандығы сезіледі» деп басталатын сөйлем ішіндегі «аз-мұз» деген сөз басқа жинақтарда «аз-маз» деп берілсе, «бойы, ойындарында өздерін» деген сөздер мүлдем жазылмай кеткен. Сол секілді келесі абзацтың бірінші сөйлемі 1927 жылы мақалада «Әміре бұл жолы назарын «Қанапия», «Жанбота» сияқты шырқалып, шалқып салынатын қазақтың ескі, ескекті әндеріне молырақ бөлгендей көрінді» деп берілсе, 1970 жылдан бастап шыққан еңбкетерде «назарын» сөзі енгізімей, «бөлгендей көрінді» деген «бөлгендігін көрсетті» деп өзгертілген.
Келесі абзацтағы «Оның әкесі қыпшақ Басығара батыр Кенесарының қолбасыларының бірі болған. 1838 жылы Кенесары Қараөткел қаласын қамағанда осы Басығара батыр: «орыстың құмалақтай қорғасыны кісі өлтіруші ме еді» деп қамалға шауып, оққа ұшқан» деген мәлімет 1970, 1989, 1999, 2001, 2003, 2007 жылғы кітаптарда «Оның әкесі қыпшақ Басығара батыр бір көтерілісте «патша әскерінің құмалақтай қорғасыны кісі өлтіруші ме еді» деп қамалға шауып, оққа ұшқан» деп Басығара батырдың Кенесары ханның батыры екендігі, оқиғаның қай жылы болғандығы туралы мәлімет берілген тұстары алынып тасталынған. Ол кезде Қанапия да әкесінің жолын қуып, қол жиып, «батыршылық» істеген.
«Бір жағы Омбы мен Қызылжар, екінші жағы Сыр мен Шу өлкесінің арасындағы байтақ жерде Қанапия өз заманында қанды ойынды әбден-ақ салған. Бірақ бұрыңғы Кенесары заманында емес, ел реңкі де, жер реңкі де өзгеріп, ауданы тарылған уақытта бір соғыста қуып жүрген орыстың отряды Қанапияның 16 жігітін ұстап, көгендей тізіп, Қараөткелдің абақтысына жабады» деген мақаланың алғашқы нұсқасындағы сөйлем әр жылдары шыққан жинақтарда Сонымен бірге абзац ішінде «орыстың отряды» деген тіркес «патша отряды» болып өзгертілген.
Мақал ішіндегі «ауыз естідік» деген қолданыс жинақтарда «өз аузынан естідік» деп берілген.
1927 жылы шыққан мақала ішіндегі «1) Иса қазақ труппасының ең көрнекті күштерінің бірі («бірегейі» деп айтуға да болар еді); 2) Исаның «Толғауларынан» сахна жүзінде көпшіліктің көзіне баяғы Асан қайғы, Бұқар сияқты қазақтың қасқа жолды, қырағы, дәу «жырауларының» бейнесін елестетуге мүмкін» деген сөйлем ішіндегі «бірегейі» деп айтуға да болар еді», «қазақтың қасқа жолды, қырағы, дәу «жырауларының» деген ақпарат 1970, 1989, 1999, 2001, 2003, 2007 жылғы Қ.Сәтбаев еңбектерінде жоқ.
«Пішін мен мазмұн үйлесімдері (гармония) толық орынды болуына керек» дейтін сөйлем ішіндегі «толық орынды болуына керек» деген тіркесі 1970 жылдан бастап шыққан кітаптардың барлығында «сақталуы керек» деп қана қысқартылып берілген. Сонымен қатар «Бұған шынында Құрманбек кінәлі емес, Қазақстанның қазіргі мәдениеті, театр күштерінің лебіз жүйесінде жалпы «топастығы», жастығы кінәлі. Хор мен оркестр құрау үшін алдымен лебіз жүйесінің жалпы заңдарын жете білу керек («гармония заңдары»)» деген сөйлем ішінде «топастығы» деген сөз кітаптарға енбей қалса, «оркестр құрау» тіркесіндегі «құрау» сөзі «құру» деп берілген.
Келесі абзацтағы «Мұқамедидің «балеті» деген тіркес кітаптарда «Мұқамедидің биі» деп басылып кеткен.
Мақала ішіндегі «Мәскеу» қаланың аты кітаптардың бәрінде «Москва» деп жазылыпты.
1970 жылдан бастап шыққан кітаптардың ішінде «көмегімен, көбінесе» деген тұсы енгізілмей қалса, «қолында» сөзі «көмегінде» деп өзгертіліп жазылған.
Академиялық жинаққа мақаланың 1927 жылғы нұсқасы толығымен берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы