Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1920-1927 жылдары жарық көрген еңбектері

ТОМ ҚАЛАСЫНДА ҰЛТТАР КЕШІ

Осы жылдың 10-ыншы апрелінде Том қаласында Сібір халықтарының ән-күй, салт-санасына арналған сауық кеші болып өтті.
Сауықты жасаушылар Том қаласында оқып жатқан жергілікті халықтардың азаматтары мен «ғылым қайраткерлерінің» ұйымы. Сауық 3 пердеге жіктелді. Алғашқы екі пердеде тамашаға қазақ, бурят, якут, ойрат, шор, хакас, башқұрт және басқа ұлттардың әндері айтылып, күйлері ойналды. 3-пердеде ойрат бақсысы «Шаманның» науқас адамдардың бойына жабысқан «перілерін» қалай көшіретіндігі; шор жұртының кәрі ертекшілері қыстың ұзақ түндерінде домбырамен қосылып тыңдаушыларға ескі ертегілерді қалайша айтатындығы және қазақ жұртындағы жаңа түскен жас келіншектерге жасайтын «шашу» беташар, отқа май салар сияқты ырымдары жанды сүгірет түрінде көрсетіліп өтті. Қазақ өлеңдерінен: «Екі жирен», «Бір күн көшіп дүние» (айтушы Ғалымтай Сәтбайұлы), «Қара торғай», «Еркем» (айтушы Омар Толбайұлы) әндері айтылды. Декламацияға Мағжанның «Тез барам»-ы айтылды (айтушы Қазали). Сауықта айтылған әндердің бәрін де нотаға салып, рояльға қосу жолында оларға үйлес болған лебіз үндестігі (гармония) тәртібін жасаушы Александров дейтін шебер профессор, әншілердің бәрі де әндерін рояльға қосылып айтты (буряттардан басқасы). Өлеңнің ішіндегі сөздері тиісті әндерінің алдында жұртқа орыс тілінде ұқтырылып және оқылып отырды. Декламацияларға да осы жол қолданылды. Сауық алдында Сібірдің жергілікті халықтарының ән-күйлерінің өзгешелік жақтары туралы жалпы сынау түрінде профессор Александров баяндама жасап өтті.
Баяндаманың негізі төмендегілер:
Сібірдің жергілікті халықтары ән-күй өнеріне бай, шебер ән лебіздерінің жасалу негізі Еуропаның лебіз жүйесінен өзгеше. Осы лебіз жүйесіне қарағанда, оларды екі жікке бөлуге лайық: 1) Қиыр Шығыс бөлімінің жігі: бұған бурят, монғол әндері кіреді. Бұл жіктегі әндер жасалым негізі ырғақ, екпін және өлшеу жақтарынан қарағанда Европа музыкасының жүйесіне тіпті үйлесімсіз, одағай. Нота бетіне таңбалау үшін бұларға түбінде әдейі талданып, соны белгілер жасалмаса, қолданып жүрген таңбалар бұған қолдануға жарамсыз деуге болады; 2) Оңтүстік және Батыс жігі: бұған қазақ, ойрат, шор, башқұрт әндері кіреді. Бұл жіктің ішіндегі әндер Еуропаның қазіргі қолданып отырған «7 сатылы лебіз жүйесіне» өлшеу, екпін, ырғақ жақтарынан көп шалыс келсе де, оларды таңбалау жөнінде қолданып жүрген Еуропа нота белгілерін қиыстыруға мүмкіндігі бар. Бұл жіктегі әндердің көбі бұрынғы грек (юнан) жұртындағы дәуірлеген 5 яки 4 сатылы, жалпыша «толымсыз» деп аталатын «лебіз жүйесіне» үйлес келеді. Ән сарынының әдемілік, сүгіретшілік, толғау және нақыс жақтарынан қарағанда, бұл жіктегі әндер (әсіресе қазақ пен шор әндері) аса жоғары дәрежеде деуге болады.
Александровтан кейін Сібір халықтарының ауыз әдебиеті туралы баяндаманы университет кітапханасының бастығы Наумба Широков және Сібір халықтарының жалпы салт-санасы туралы баяндаманы музейдің бастығы Иванов дейтін профессор сөйлеп өтті. Мұндай сауық кеші Том қаласында тұңғыш рет жасалғандығынан, тамашаға жиналған жұрт аса көп болды.
Сауық көңілді болды. Шығындарын өтегенде сауықтан түскен таза пайда 300 теңгеден артық. Мұның жартысы Том университетінің ішіндегі ескілік мәдениеттерді зерттейтін музейдің пайдасына, жартысы Томдағы Сібірдің жергілікті халықтарынан оқушы студенттерінің ашқан «Аймақтану» ұйымының пайдасына берілді.
Қолына түскен ақшаға соңғы ұйым ұсақ ұлттардың өмірін зерттеу жолына түзелген өзінің «Аймақтану» програмын бастырғалы жатыр.

Қаныш

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ТОМ ҚАЛАСЫНДА ҰЛТТАР КЕШІ


Бұл мақала алғаш рет «Қазақ тілі» газетінің 1926 жылғы 28 мамырдағы №37 (690) санының 4-бетінде жарияланған. Сол уақыттан бастап Қаныш Сәтбаев еңбектерінің 1989 жылдан бастап шыққан кітаптарында енгізілген:
Сатпаев К. И. Избранные статьи о науке и культуре. – Алма-Ата: Наука, 1989. – 440 с. – C.340-341.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 389-390 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2001. – 440 с. – 68-69 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 317-318 бб.
Мақаланың әр жылдардағы басылымдарында мәтіндік өзгешеліктер байқалады. Мәтінді салыстыру барысында біз 1926 жылы шыққан мақаланың алғашқы нұсқасын негізге алып отырмыз.
Мақала ішіндегі екінші абзацтағы сөйлем ішінде «оқып жатқан» деген тіркес 1989, 1999, 2000, 2007 жылдардағы кітаптарда «өтіп жатқан» деп берілген. Ал 1926 жылғы газетте – «оқып жатқан».
1926 жылғы мақалада «жас келіншектерге жасайтын «шашу» беташар, отқа май салар сияқты ырымдары» деген бір сөйлем 1989 жылдан бастап шыққан жинақтардың бәрінде екіге бөлініп, «Отқа май салар» деп жаңа сөйлем ретінде басталады. Газетте шыққан мақаладағы «бұл жіктегі әндердің көбі» дегендегі «көбі» деген сөз барлық кітапта «күйі» деп өзгертіліп жазылған.
Бұл жинаққа аталған мақаланың 1926 жылы газетке шыққан алғашқы нұсқасы емле ережелеріне сай түзетіліп берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы