Сегіз қанат ақ орда іші толы адамдар. Оң жақта төсек алдында маңғаз ақ бәйбіше құлаштап қымыз сапырады. Оның жанында тізелес үй иесі Шиман ақсақал отыр. Ол – орысша киінген, сүйікті, тәрбиелі, ел ішіне көсем, сөз сөйлеп шешен, ескі сөзге шебер жайматоп, кең алқаның маңдай ақсақалы. Біз қонақтар, төрде отырмыз. Алдымызда кесе-кесе қара сабаның қымызы. Әбден бөртіп шекеміз қызып алған, жүрек лепірген, көзге от ұрынған… Қонақтардың уақыт хоштығын табу үшін босаға жақта бір әйел ән салып жатыр; жасқа толған кексе әйел, әйтсе де даусының ырғағы, толқыны аса майда нәзік. Заманында талай бозбалалардың жүрегін жалмағаны көрініп отыр. Ол әр түрлі ескіге әндерге салады, сарынынан кейде өксу, зарлау, үмітсіздік мұңдары, кейде шықпаған құшыр, қанбаған құмарлықтың қызулы зығырлары сорғалайды.
Дауыс мың түрге құбылады, құлпырады, бытырайды. Көз алдыңа Сарыарқа, сайран жер, нулы ел, сары қымыз, саф ауа, сайын еркіндіктің ұшқындары елестейді. «Қызықты, қайран дәурендер! Өттің, кеттің, қайрылар күнің болар ма?» деген сияқты жүрекке бір түрлі тәтті уайым, майда сағыныш түскендей жіңішке, нәзік дауыс бір мезгілде тіпті солқылдайды, зарлайды:
Жарың биік Обаған суық сәтті,
Үшбу қасірет жаныма жаман батты.
Тобыл өтіп Обаған келгенімде,
Алшаңкер мен Аягөз арам қатты, –
деп тұрып өксиді, күңіренеді. Көз алдыңа жапан далада жүрегін кернеген шерді қайда көмерін білмей сандалып жүрген жалғыз адам елестегендей… Шыдай алмай бұл ән не? – деп сұраймын. Әнші әйел үшін ақсақал жауап береді. «Бұл «Обаған» деген қазақтың ескі әні, осы уақытта мүлде ұмытылып бара жатыр, біздің бала кезімізде «Обағанды» білмейтін әнші жоқ болушы еді. (Біраздан кейін) бұл әннің қалай шыққанын да білмейсіңдер ғой?» – дейді. Біз бір ауыздан «естігеніміз жоқ», – дейміз. Ақсақал көзін төмен салып біраз отырды да, саусағымен сақалын тарап қойып, бірер рет даусын кенеп алып сөзге кіріседі:
«Обаған дейтін – өзен аты. Сол Обаған өзенінің кең алқап, терең сай, биік жарында бұрынғы заманда Өсіп дейтін мырза болған екен. Өсіп мырзаның байлығы алты ру алашқа жайылып, төрт түлік малы Обаған өзенінің кең түбектерін қайыстырады дейді. Өсіптің бала дегенде «Ахық» дейтін жалғыз ғана қызы болыпты. Ен дәулеттің арқасында өрім талдай бұралып өскен Ахық сұлуға Құдыкейкі Ахмет Жантуриннің офицер әкесі ғашық болады. Жаңа өспірім, сымбатты жас офицер Жантуринге Ахықтың да көңілі бұрылады. Сөйтіп екі ғашық өлі денеге рух беретін, іш елжіреп, жүрек өртенетін, тас балқытып, тау соғатын жалынды махаббаттың бірінші толқынына әбден шомады.
Бұлар жазды күні, айлы түні, аңқыған гүл, майда ескен жел, сайраған бұлбұл, сарқыраған су жиегінде махаббаттың жемістерін орып жүргенде, Өсіп мырза қызы Ахықты Көкшетаудағы атақты Шыңғыс төренің баласы Сұлтанмахмұт деген адамға бермекші болады. Уағда байлайды, құда түседі, сөз бітеді. Екі ғашықтың күні қараң болады, гүлі солады.
Мергеннің оғына ұшқан жолбарыстай, құмары қайнап, қаны тасыған Ахық сұлудың қыпша белі, нәзік құшағы қызу қойнына есі шығып, бойы еріп, төзімі билеп, ақылы жасыған долы ғашық Жантурин Өсіп мырзаға кісі салады. Ахықты сүйгеніне берсе маған берсін, болмаса Сұлтанмахмұтпен жеңісіп біріміз аламыз дейді.
Жантуринге беруге Шыңғыспен байласқан уәдесін жұта алмай, Сұлтанмахмұтқа беруге қызының көз жасын қия алмай Өсіп мырза сандалады. Сөйтіп жүргенде, Жантуринді әскер бастығы ұлық Орынборға шақыртып алып кетеді. Орынборға барып ашық кеуде, сырлы бет, құбылмалы, қала әйелдерімен жүріп, бояма ғашықтықпен әбден танысып алған соң Жантуриннің көңілі басылады, махаббаты сөнеді, Ахық ұмыт болады. Жалғыз-ақ жас махаббаттың қызулы жалыны жарынан айырылып жаны күйген жаралы Ахықтың жүрегіне орнайды, тұтанады, жанады, рақымсыз тағдыр болмайды. Екі жылдан соң Шыңғыстың баласы Сұлтан келіп, күйеушілеп жатып, ырым-жырымы біткен соң, Ахықты ұзатып алып кетеді. Сүйгенінен айырылып, қанаты қайрылған құстай ұшуға дәрмен жоқ, есіл-дерті асыл Жантурин болып күндіз күлкі, түнгі ұйқыдан айырылып, сорлы Ахықтың жүрегі қайғы-шермен бітеді. Келешектен үміт кесіп, өткенмен өмір сүріп, Обаған жиегіндегі сылдыр қаққан өзен жанында, жылмың қаққан жұлдыз астындағы Жантуринмен байласқан серт, айтысқан ант, қызулы құшақ, құшырлы сүйіс, құмарлы түндерін еске алып, Жантуриннің шығарып берген әлгі өлеңдерін үнемі әндетіп айтып отырады екен. Келіншегінің не шаруа, не әзіл, не қалжыңмен ісі болмай, тізесін керіп сарнап отыруы Сұлтанмахмұтты ойға салады, қапаландырады. Сырын сұрап, шерін қозғаған Сұлтанға Ахық бір күні шынын айтады, жүрегін ақтарады. Төре тұқымы текті Сұлтан бұл іске намыс қылады, зығырланады, қаны қайнайды, сорлы Ахықты масқаралап, төркініне әкеп тастайды. Сонымен не сүйгені Жантуринге бара алмай, не берген күйеуі Сұлтанмахмұтта тұра алмай, екі ортада дал болып, Ахық сұлу қалған өмірін өз үйінде арылмас қайғы, ашылмас шерде өткізген екен. Сол уақыттағы Ахықтың әндетіп, шырқап көңілін басатын әні осы «Обаған» екен. Мұның ішіндегі сөздерін сүйген досы Жантурин шығарып берсе керек. Ол сөздері мынау:
«Суың тәтті Обаған жарың биік,
Қасіретіңді мен тарттым жаным күйіп.
Ғашық болған арқада бір бала едің,
Кете алмадым жолыңа жаным қиып.
Бір саласы Жайықтың Ешкіқырған,
Түнде тұрып қолыңды ши сыдырған.
Қай қылығын еркемнің ұмытайын,
Уағда қылған жерінде үш күн тұрған.
Жарың биік Обаған суың тәтті
Үшбу қасірет жаныма жаман батты,
Тобыл өтіп Обаған келгенімде
Алшаңкер мен Аягөз арам қатты.
Дәйім менің мінгенім торы жорға,
Жорғалатып шығамын биік қырға
Кел деген Орынборға әмір шықты
О дағы ойлап тұрсам біздің сорға
Мәңгілік сеніменен айырылған соң
Кетемін қапа болып Орынборға.
Жаудырап екі көзің телміресің,
Ілінбей қаршығадай түскен торға
Бүйтіп күйік болғанша саған еркем
Жығылып өлсем нетті қазған орға».
Тағы да аяғы бар еді ұмытып қалсам керек. Ескі сөз есте тұра ма?» — деді де тоқтады ақсақал. Біз де үндемедік. Үйдегі адамдардың бәрінің басы төмен иілген, бәрі ойланған, шыбын ұшса естілерлік… сол минутта кімнің не ойлағанын қайдан білейін, өзімнің ойлағаным: Ахық сияқты зарлы қазақ әйелі біреу емес, мың, бастағы шашты сана да оларды сана, көптігі бірдей шығар. Өткен күндерде, қазіргі күндерде, қазіргі заманда көпшіліктің ішінде мұратына жете алмай, ішінен тынып, түнеріп жүрген талай үнсіз, тілсіз, мұңды, шерлі Ахықтар, Жантуриндер жүрген шығар. Бірақ олардың ішін ақтарып, түпкі сырын кім көрген, кім білген?…
Байшуақ
ОБАҒАН
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бұл әңгімесі Байшуақ» атты бүркеншік есіммен 1923 жылы «Қазақ тілі» газетінің 13 желтоқсан №121 (391) санының 2-3 беттерінде төте жазумен жарияланған. Аталған әңгіме Қаныш Имантайұлының бізге жеткен жалғыз көркем шығармасы ретінде саналады.
«Обаған» әңгімесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сатпаев К. И. Избранные статьи о науке и культуре. – Алма-Ата: Наука, 1989. – 440 с. – C.345-348.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 385-388 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2001. – 440 с. – 65-67 бб.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 314-316 бб.
1923 жылы газет бетінде жарияланған мақаланың алғашқы нұсқасындағы «ел ішіне көсем» деген сөз тіркесі 1989, 1999, 2001, 2007 жылғы кітаптарда «ауыл ішіне көсемшіл» деп жазылған.
«Қазақ тілі» газетінде жарияланған нұсқадағы «Ол әр түрлі ескіге әндерге салады, сарынынан кейде өксу, зарлау, үмітсіздік мұңдары, кейде шықпаған құшыр, қанбаған құмарлықтың қызулы зығырлары сорғалайды» деп басталатын сөйлем ішіндегі «Ол әр түрлі ескіге әндерге салады» дейтін жері қалған жинақтардың бәрінде түсіп қалған Жинақтарда аталған сөйлем «Сарынынан кейде өксу…» деп басталған.
Мақала ішіндегі «Алшаңкер» деп аталатын жер аты 1989, 1999, 2001, 2007 жылдардағы нұсқа «Алшаң кер» деп бөлек жазылған.
Мақаланың түпнұсқасындағы «Әнші әйел үшін ақсақал жауап береді» дейтін сөйлем 1989, 1999, 2001 жылғы жинақтарда – «Әнші әйел, Бұшық ақсақал жауап береді». 2007 жылғыда – «Пұшық».
1923 жылғы мақала ішінде берілетін «айлы түні» деген қолданыс 1989, 1999, 2001 жылғы кітаптарда «апрель түні», 2007 жылғы кітапта «Сәуір түні» деп жаңсақ басылып кеткен.
Мақала ішіндегі «су жиегінде», «жемістерін орып жүргенде», «ақылы жасыған долы ғашық», «уәдесін жұта алмай» деген қолданыстар 1989 жылдан бастап жарыққа шыққан жинақтардың бәрінде «су етегінде», «жемістерін теріп жүргенде», «ақылы жасыған ғашық», «уәдесін бұза алмай» деп өзгертіліп берілген.
1923 жылғы кітаптағы «Екі ғашықтың күні қараң болады, гүлі солады. Мергеннің оғына ұшқан жолбарыстай, құмары қайнап, қаны тасыған Ахық сұлудың қыпша белі…» деген екі абзац арасындағы сөйлемдер 1989, 1999, 2001, 2007 жылғы жинақтарда «Гүлі солады, мергеннің оғына ұшқан жолбарыстай…» деп бірігіп кеткен. Түпнұсқада «Мергеннің» деп басталатын сөйлем жаңа абзацтан тұрады.
Мақала соңындағы Ахықтың ішкі мұңы, сағынышы сипатталатын өлең жолдарының ішіндегі мына шумағы 1989 жылғы жинақтан бастап барлық басылымда қате беріліп келген.
Мысалы 1923 жылғы нұсқада:
«Бір саласы Жайықтың Ешкіқырған
Түнде тұрып қолыңды ши сыдырған
Қай қылығын еркемнің ұмытайын
Уағда қылған жерінде үш күн тұрған».
1989 жылдан бастап шыққан жинақтарда:
«Бір саласы Жайықтың Ешкіқуған
Түнде тұрып қолыңды шомылдырған
Қайғысын еркемнің ұмытпайын
Уағда қылған жерінде үш күн тұрған».
«Обаған» әңгімесі бұл академиялық жинаққа 1923 жылғы түпнұсқа бойынша алынып отыр. Шығарма ішінде тыныс белгілері қазіргі емле ережесі сай өзгертілді.