Қазақтың
бас ақыны

1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласы

Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, хәттә, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан. Абайдың сөздері кітап болып, басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді.

Қай жерде ақындар жайынан, иә ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім.

1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін, ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі.

Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған. Абайдың қандай болғанын көзбен көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз. Сөзінің қандай екендігін сөйлеген соң, өзінің де қандай екенін айтып, білдіріп өткеніміз теріс болмас.

Абай Семей облысының қазағы, руы Тобықты. Ұлы атасы Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз деген өзен бойында туған екен. Ырғызбай халқының қолбасы, батыры һәм ел ағасы би екен. Тобықтының аймағы аз кезінде Түркістаннан елін ертіп ауып келіп, Шыңғыс тауы малға жайлы деп, қоныс еткен екен. Кіші атасы Өскенбай би халық арасында ғаділ би атанған. Өз елі түгіл, басқа алыстағы елдер де араларындағы зор дауларын Өскенбай бидің алдына келіп бітіседі екен. Өз әкесі Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған. Қазақты төрелер билеп, сұлтандар төрелерден қойылып тұрған заманда, солармен таласып, қарадан сұлтан болған адам екен. Шешесі Ұлжан бәйбіше Қарқаралы үйезіндегі Әбдірей, Мыржық деген жердегі Қаракесектің Бошан руынан, Бертіс бидің тұқымынан. Шеше тұқымы күлдіргі, қалжың, әзілге ұста Қантай, Тонтай деген күлкімен сөгіп, қалжыңмен жеңіп, аты шыққан адамдар нәсілінен. Тонтай малды адам болған екен. Ауырғанында өзгелерден гөрі қожа, моллалар көңілін жиірек сұрайтынын байқап жүреді екен. Өлер жылы қатты ауырып жатқанда молдалар көңілін сұрай келіп отырғанда айтқан: «Баяғыдан бері жазыла-жазыла қожа, молдалардан да ұят болды, енді өлмесе болмас», – деп.

Абай 1845-ші жылы туған. Жылы жылан екен. Ибраһим деген атын бұзып, «Абай» деп ат қойған шешесі екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан көбірек айтылады. Абай 10 жасынан 13 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыған. Он үш жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медресесінде оқыған. Медреседе оқып жүргенде 3 айдай орысша да оқыған. 4 жыл мұсылманша оқып, 3 ай орысша оқып, сонымен оқуды қойған. Он бес жасында-ақ, балалық қылмай, үлкендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа араны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда, Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. 20 жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атана бастаған. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдерінің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен.

Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған. Абай жұрт алдына білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген. «Білімнен мал артық болушы ма еді», – деп, Абай жұрттың онысына көнбей, таласқан, сөйтіп, партия ылаңына кіріп кеткен, өнер-білімін партия ісіне салған. Білімінің қызығын жалғыз ғана Тобықтылар көріп, басқаларға пайдасы тимей, болыстыққа құмар көп қазақтың бірі болып, бәлки, сол күйімен өліп те кетуі ықтимал еді. Қазақтың бағына ондай болудан Құдай сақтаған.

80-ші жылдарда жер аударылып барған Михаэлис деген бір білімді кісімен, қазақ ғұрпындағы қағидаларды жиуға елге шыққан Гросс деген екеуімен Абай таныс болған. Бұлар Абайдікіне қонаққа келіп-кетіп жүрген. Абайдың тегін адам емес екенін байқап, олар болыстықтан гөрі жақсырақ нәрсе барлығын Абайға сездірген. Абайдай зерек адамға жөн сілтесе болғаны, онан арғысын өзі іздеп табады. Олар орыстың атақты ақындары Пушкин, Лермонтов, Некрасов барлығын, қара сөзді келістіріп жазғыш Толстой, Салтыков, Достоевский барлығын, сөз сыншысы Белинский, Добролюбов, Писарев барлығын Абайға білдірген; олардың кітаптарымен таныстырған. Өлең жазған Пушкин, Лермонтов, Некрасовтар қазақтың би-болыстарынан гөрі қадірлі екендігін Абайға түсіндірген. Ғылымды жұртта өлең жазу, сөз жазу нағыз қадірлі істің бірі екенін Абай енді ұққан. Ақындық, өлеңшілік ел көзіне қадірсіз көрінсе, ол кемшілік ақындық пен өлеңшілікте емес, ақындық пен өлеңшілікті орнына жұмсамағандықта екендігін, ақындық пен өлеңшілікті қазақ ақындары, өлеңшілері қайыршы-тіленшілік орынға жұмсағаннан өлеңнің қадірі кеткенін Абай әбден білген соң, өлең жазуға түскен.

Абай жас күнінде күлкі үшін қалжың өлендер, қыздарға ғашық өлеңдер жазған, есейген соң арланып, тастаған екен. Михаэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен, бәлки, кетер еді. Қандай үлгілі, қандай мағыналы, қандай асыл, қандай терең сөздер жерге көмілер еді?! Абай сөздері дүниеде қалғаны – қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды ылақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер. Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл, тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай – оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тындаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, маңызды, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп, өте шығатын жеңіл сөздерді тыңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген. Сол сөзінен Абайдың сыншылығы, өлең жақсы болуға не керектігін білетіні де көрініп тұр.

Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек! Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алса да, орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан да болса толық. Жалғыз-ақ міні бар: ол мін – өлең бунақтары тексеріліп орынына қойылмағандық. Оны оқығанда иә әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді. Мысалы, төселіп желіп келе жатып, шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтары алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса түзеледі. Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын. Кейбіреулердің айтатын «ауырлығы бар» деген сөздер, ол өлеңнің қисынын келтіре алмағаннан емес, өрнегінің жаңалығынан, қазақ өлеңдерінің дағдылы түрінен басқарақ болған соң, оқушылар жаттыққанша жатырқайды. Сонан ғана ауыр сияқты көрінеді.

Абайдың өзі тексергіш болған соң, оның өлеңін тексеріп, қата шығарып ешкім жарыта алмайды. Абайдың қандай сыншы, сөз тексергіш екендігін төмендегі сөзінен байқауға болады:

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын Пайғамбар мен және Алласы?

Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,
Мінәжат ғалымдардың зар-наласы.
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс, сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін «бай» деп мақтар Құдай қарғап.

Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да бай болмапты қанша малды ап.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді соларды аңдап.

Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!
Сендерге де келейін енді аяңдап.

Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.

1887-ші жыл. (Абай)

Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалғыз өлең емес. Көп нәрсені Абай сөз қылған; сол сөздерінің бәрінде де Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз.

Абай сөзінен Әбубәкірдің «шайды, кебісті әркім тұтынып кеткені асылды қорлау болды» деп қайғырған сөздері табылмайды. Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Мысалы, «Аттың сыны» деген өлеңінде сыпайышылық жүзінен құлаққа жағымсыз тиетін сөздер бар, бірақ аттың сынына керек мүшелері болған соң, оларын айтпаса, аттың сыны толық болып шықпас еді. Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңін оқығаныңда көз алдыңда сол жақсы аттың өзі тұрғандай, пішіні келіп елестейтіні – жақсы атқа бітетін мүшелердің бірін қалдырмай жазғандықтан. Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда, «мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар» деп, тайсақтап, тартынбаған. Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалыбында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Еуропа білім иелерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма халін, жазушы Әлихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Луис, Дрейпер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған. Сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар. Хәттә, осының мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өлеңді алып қарасақ, айтылған пікірде, ол пікірді сөзбен келістіріп айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса, ол кемшілік оқушыда. Сондай түсінуге қиын көретін сөздерінің бірі мынау:

Көк тұман алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған.

Ол күндер өткен күнмен бәрі бір бәс.
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншық күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе, өлсін, оған бекі!

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Ғәділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Адам ғапыл дүниені дер «менікі»,
«Менікі» деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Соны ойлашы, болады не сенікі?

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін!,
Харекет қыл!, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелде Тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін.

Көптің бәрін көп деме!, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.
Ғадәләт пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.

Әркімнің мақсұты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.

1897-нші жыл

Абайдың осы сөзінің дұрыс емес, қата айтылған, теріс айтылған, жұмбақ қылып, ашпай айтылған еш нәрсесі жоқ. Бәрі де дұрыс, түзу, тиісті орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді.

Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайдың сөздері 1909-ншы жылы кітап болып басылып шықты, бірақ жұртқа таралмай жатыр. Басылған кітап Ақмола, Семей облысынан басқа облыстарға таралмай жатқаны кісі таңқаларлық іс. Абайдың сөзін Семей лапкесіне қамап, жасырып қоймай, күллі қазақ баласы бар уәлаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де мағазиндерінде жүргізу керек еді. Абайды қолымыздан келген қадарлы жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз.

А.Б.

ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТЕР

Бұл мақала «Қазақ» газетінің 1913 жылы 23, 30 қараша мен 22 желтоқсан күнгі №39, 40, 43-сандарында «Оқшау сөз» айдарымен редактор атынан жарияланған, әр санында мәтіннің соңына «А.Б» деп қол қойылған.

«Қазақтың бас ақыны» атты мақала – ұлттық әдебиеттану тарихындағы алғашқы ғылыми зерттеу ғана емес, Абай Құнанбайұлы туралы арнайы жазылған алғашқы еңбектердің бірі. Мақала: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деген аса жоғары бағалаумен басталған, онда ақынның өмірі, өскен ортасы, орыс әдебиеті мен мәдениетімен идеялық байланысы айтылады. Абай шығармашылығы жөнінде алғаш Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Кәкітай Ысқақұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов өмірбаяндық сипатта пікір айтқанмен, Абайтану ғылымының бастауына айналған осы мақалада ақынның ойлы поэзиясына, өлең өрнегінің жаңалығына назар аударылған. Абай ақынның өлеңге қоятын биік талабы, ой шеберлігі, өлең мазмұны, түр мен ырғақтағы жаңа үлгі, бунақ туралы, оның поэзиясының реалистік және көркемдік сипаттары көрсетілген.

Абай ақын дүниеден озбастан бұрын әкеден қалған асыл сөзді шәкірттері Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы бас болып ел ішінен жинап, кітап етіп бастыру қамына кіріседі. Бұл жұмыстарға қолқабыс жасаған Алаш көсемі Ә.Бөкейханмен қатар ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы да Абай өлеңдерімен Мүрсейіт Бікіұлы қолжазбасы арқылы 1903 жылдары танысқан. 1909 жылы Санкт-Петербургте жарияланған Абайдың тұңғыш жинағында Кәкітай Ысқақұлы атынан берілген «Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлының өмірі» атты көлемді мақаладағы ақын өмірбаянына қатысты кейбір деректер А.Байтұрсынұлының мақаласында көп өзгеріссіз қайталанады.

Ұлт ұстазының есімі ресми ақталғаннан кейін оның «Қазақтың бас ақыны» еңбегі 1989 жылы 1 қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды (баспаға дайындаған Т.Әбдірахманов). Кейін А.Байтұрсынұлының 1989 жылғы «Шығармалары» жинағына [5, 298–304], 1991 жылғы «Ақ жол» жинағына [6, 216–222], 2003 жылы бес томдық шығармалар жинағына [7, 154–162], 2013 жылғы алты томдық шығармалар жинағына [8, 141–148] енген.

«Қазақ» газетіндегі түпнұсқалық мақала ғалымның 1989, 1991, 2003, 2013 жылғы жинақтарындағы мәтінмен жолма-жол салыстырылды, нәтижесінде бірнеше өзгертулер мен түзетулердің орын алғаны анықталды.

Мақала «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 39-санында «Қазақтың бағына ондай болудан Құдай сақтаған» деген сөйлеммен аяқталып, «Тағы да бар» деген ескертпе берілген; 40-санында: «Басы 39-нші нөмірде» деп көрсетілген, «80-ші жылдарда жер аударылып барған Михаэлис деген бір білімді кісімен…» деген сөйлеммен басталып, «1887-ші жыл. (Абай)» деген жолмен жалғасады, мұнда да жалғасы бар екені айтылған; ал 43-санында: «Басы 39 һәм 40 нөмірлерде» деп көрсетілген, «Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалғыз өлең емес» деген сөйлемнен басталып, «Абайды қолымыздан келген қадарлы жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз» деген соңғы сөйлемге дейін қамтылған.

Газеттің №39-санында мақаланың басында: «Абай кітабы. Бағасы–70 тиын. Семейде Көпбай Байысов лапкесінде сатылады» деген жарнама жол астындағы сілтемеде берілген.

1913 жылғы газет басылымында (№ 39-саны), 1989 (298-б.), 1991 (216-б.) жылғы жинақтарда «Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады» деген бірінші абзацтағы сөйлемде курсивпен көрсетілген сөз 2003 (154-б.), 2013 (141-б.) жылғы жинақтарда «едәуір» болып жазылған.

Мақалада Абайдың өлеңді өнер деңгейінде бағамдайтын, поэзияға қоятын талабын танытатын «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген ғибраттық мазмұндағы он бес шумақ өлеңі мысал ретінде тұтас күйінде алынбаған, автордың көзқарасына орай соңғы төрт шумағы қысқартылған.

Газеттің 40-санында шығарманың жазылу мерзімі мен авторын айғақтайтын «1887-ші жыл (Абай)» деген анықтама 2003 (160-б.), 2013 (146-б.) жылғы жинақтарда көрсетілген, ал 1989 (303-б.), 1991 (220-б.) жылғы жинақтарда берілмеген. А.Байтұрсынұлы мақалада Абай өлеңдерінің жазылу мерзімін көрсетіп отырған, бұл оның 1909 жылғы Санкт-Петербургте жарияланған Абайдың тұңғыш жинағымен жете таныс болғандығын айқындайды.

1991 жылғы жинақта: «Қосарлы бейітсымал келді арасы» деген өлең жолындағы «бейітсымал» деген сөзге жол астындағы сілтемеде «өлең, жыр», «Мінәжат ғалымдардың зар-наласы» деген тармақтағы «ғалымдардың» деген сөз «уәлилердің» деген сөзбен алмастырылып, жол астындағы сілтемеде «әулие, Пайғамбар» деген түсінік берілген [6, 219].

Абайдың «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» деп аталатын өлеңінің бесінші шумағы «Қазақ» газетіндегі мәтінде қысқартылған:

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды. –
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.

1991 жылғы жинақта бұл өлеңнің жазылу мерзімі түпнұсқаға сай «1897-нші жыл» деп берілген [6, 221], ал 1989 (304-б.), 2003 (161-б.), 2013 (148-б.) жылғы жинақтарда көрсетілмеген.

ҚР Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорында сақтаулы «Қазақ» газетінің № 39–40, 43 нөмірлерінің көшірмесі Институттың қолжазба қорына алынды. 2003 (382-б.), 2013 (363–364-б.) жылғы жинақтардың ғылыми түсінігінде микрофильм сапасының нашарлығына байланысты 43-сандағы мәтінді оқу мүмкіндігі болмағандықтан, 1989 жылғы жинақ негізге алынғаны ескертілген.

1913 жылғы газетте (№ 39-саны, 3-б.), 2003 (156-б.), 2013 (143-б.) жылғы жинақтарда: «Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың би болатын заманға қарсы туған» деген сөйлемдегі курсивпен көрсетілген сөз 1989 жылғы басылымда «таспен» болып [5, 300], 1991 жылғы жинақта «тасың» деген сөзден кейін «таспен» деген сөз жақшаға алынып, қосарлана берілген [6, 218].

1913 жылғы газет басылымында (№ 39-саны), 1991 (216-б.) жылғы жинақта: «Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың… Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады» деген үшінші абзацтағы сөйлемде курсивпен көрсетілген сөздер 1989 (289-б.), 2003 (154-б.), 2013 (141-б.) жылғы жинақтарда «олардың», «қаласың» болып берілген.

1913 жылғы газет басылымында, 1989 жылғы жинақта (299-б.): «Ауырғанында өзгелерден гөрі қожа, молдалар көңілін жиірек сұрайтынын байқап жүреді екен. Өлер жылы қатты ауырып жатқанда молдалар көңілін сұрай келіп отырғанда айтқан: «Баяғыдан бері жазыла-жазыла қожа, молдалардан да ұят болды, енді өлмесе болмас», – деп» деген бесінші абзацта курсивпен көрсетілген сөздер 2003 (155-б.), 2013 (142-б.) жылғы жинақта «ауырғанда», «отырғанында», «өлмесем» деп, ал 1991 жылғы басылымда (217-б.) алғашқы екі сөз 2003 жылғы жинақтағыдай өзгертілген, ал кейінгі сөз «өлмесе» деп өзгеріссіз берілген.

1913 жылғы газет нұсқасында, 1991 жылғы (217-б.) жинақта: «Он үш жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медресесінде оқыған. Медреседе оқып жүргенде 3 айдай орысша да оқыған» деген алтыншы абзацта курсивпен көрсетілген сөздер 1989 (299-б.), 2003 (156-б.), 2013 (142-б.) жылғы жинақтарда «Ахмед Ырзаның», «жүрген кезінде» деп берілген.

«80-ші жылдарда жер аударылып барған Михайлыс деген бір білімді кісімен, қазақ ғұрпындағы қағидаларды жиюға елге шыққан Грос деген екеуімен Абай таныс болған» деген сөйлемде курсивпен көрсетілген сөздер 1989 (300-б.), 2003 (156-б.), 2013 (143-б.) жылғы жинақтарда «1880-ші жылдарда, Михаэлис, Гросс» деп берілген, 1991 жылғы жинақта (218-б.) түпнұсқадағыдай «80-жылдарда» болып, ал кісі есімдерін беруде орыс тілінің емлесі сақталған.

1989 (302-б.), 2003 (159-б.), 2013 (145-б.) жылғы жинақта: «Неге айтсын Пайғамбар мен және Алласы?» Курсивпен көрсетілген сөз 1913 жылғы газет нұсқасында «жана» деп жазылған. 1991 жылғы басылымда: «Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы?» болып берілген.

Кейбір сөздер мағыналық жағынан қате танылған, мысалы, түпнұсқа бойынша «теріс айтылған», «қадарлы» деген сөздер 1989 жылғы жинақта: «теріс айтылған», «қадірлі»; 1991 жылғы жинақта: «теріп айтылған», «қадарлы» түрінде жазылған. Ал 2003, 2013 жылғы басылымдарда: «теріп айтылған», «қадірлі» деп өзгертілген.

1991 жылғы жинақта: «Басылған кітап Ақмола, Семей болысынан басқа облыстарға таралмай жатқаны кісі таңқаларлық іс», 2003 (162-б.), 2013 (148-б.) жылғы жинақтарда: «Басылған кітап Ақмола, Семей болысынан басқа болыстарға таралмай жатқаны кісі таңқаларлық іс» болып өзгеріске түскен. Түпнұсқалық мәтінде және 1989 жылғы жинақта «облыс» түрінде берілген.

1989 жылғы жинақта қазақ тіліне тән әріптер кейбір сөздерде қате басылған, мысалы, ауыр – ауьф, аттың – аттыц, құлаққа – қулаққа, өнегелі – енегелі болып берілген. 2013 жылғы жинақта да осындай техникалық қателер ұшырасады, мысалы, «Ақындары ақылсыз, надан келіп» деген тармақта басқы сөз «аңындары» болып қате басылған.

«Абайды білетін адам кем, хәттә, жоқ деп айтса да боларлық» және «Хәттә, осының мағынасы не деп сұрағандары да бар» деген сөйлемдерде курсивпен көрсетілген «тіпті» деген мағынадағы араб сөзі дұрыс танылмай, 1991 (216, 221-б.) жылғы жинақта: «құты», 1989 (298, 303-б.), 2003 (154, 160-б.), 2013 (141, 147-б.) жылғы жинақтарда: «тіпті» болып берілген.

Түпнұсқада «Луис, Дрейпер» деген кісі есімдері 1989 жылғы жинақта: Льюис, Дрипр, 1991 жылғы жинақта: Луис, Дрепер, 2003, 2013 жылғы жинақтарда: Льюс, Дрепер болып жазылған.

1913 жылдардағы жазу емлесіне байланысты қосынды дыбыстар ұу, үу түрінде таңбаланса, қазіргі қазақ тілінің емле заңдылығына сәйкес жалаң у әрпімен таңбаланады: тұура – тура, желдей гүулеп – гулеп, ажарлы болұуына – болуына, айтұуына – айтуына, бұуынды бұунақтары – буынды бунақтары. Бұл жинақта бұл сөздер қазіргі жазу емлесі бойынша берілді.

Бұрынғы жинақтарда «1909-шы, ләпке, магазин, уез, лақпай, қате» тұлғасында жазылған сөздер осы академиялық жинақта «1909-ншы, лапке, мағазин, үйез, ылақпай, қата» түрінде алынды. 1913 жылғы «Қазақ» газетінде «һөнер, һәркім, һәр, һәрбір, һәрнәрсе, һәртүрлі, һешкім, һеш, һеш нәрсе» түрінде жазылған сөздер академиялық жинақта қазіргі жазу емлесіне сәйкес «өнер, әркім, әр, әрбір, әрнәрсе, әртүрлі, ешкім, еш, еш нәрсе» болып берілді.

2003 (162-б.), 2013 (148-б.) жылғы жинақтарда «мазлұм» сөзіне жол астындағы сілтемеде «зұлымдыққа ұшыраған адам» деген түсінік берілген.

А.Байтұрсынұлы 1903-жылы Абай өлеңдерімен қолжазба нұсқасында танысқаннан кейін ақынның ой шеберлігіне, сыншылдығына, терең біліміне ден қойып, ақындық пен даналық танымы жағынан кемелдікке жеткеніне тәнті болған. А.Байтұрсынұлының «Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз» деген пікірі Абай феноменін қапысыз танығанын аңғартады. Алаш қайраткерлері Абай дәстүрін ұлттың өркениетті елдер қатарында даму жолындағы темірқазық ретінде қабылдаған. Автор Абай ұлағатының дұрыстығын ұғынып, тиісті орнында қолданылған бәтуалы сөздің ой тереңіне бойлап, дәл айтылған сөздің мән-мағынасын түсінуге зерделі оқырманның табылуы үшін ақын мұрасын таратып насихаттау қажеттігін алға тартады. Мақалада Абай ақынның бүкіл қазақ еліне даңқы жайыла қоймағаны, оның ұлттық руханияттағы ерекше құбылыс екені айтылады.

Мәтін бұл жинаққа 1913 жылғы газет нұсқасы негізінде дайындалды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы