Есімдер көрсеткіші

Ағыбай батыр (1802–1885) – Кенесары Қасымұлының Ресей отаршылдығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Жорықта жолы болғыштығы үшін «Ақжолтай батыр» атанған. Он үш жасынан бастап қолына қару алып, 1824 жылы Қарқаралы аймағында Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласты. Кенесарының бас батыры Ағыбайдың өмір жолы бірқатар қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған. Шортанбай Қанайұлының «Ақжолтай Ағыбай батыр» атты дастаны бар. С. Сейфуллин «Ақжолтай батыр» деген роман жазған.

Айса, Иса – «кітап түсірілген» төрт пайғамбардың бірі. Иса Мәсіхтің есімі христиан дініндегі сияқты исламда да ілтипатпен еске алынады. Құран Кәрімде Иса пайғамбарға біраз орын берілген, оның анасы Мәрия хазіретке арналған сүре бар.

Андас Стамбекұлы XIХ ғасырдың бас кезінде туып 120 жасаған қазақтың биі әрі батыры. Ол 1804-1807 жылдары туып, 1924-1927 жылдары қайтыс болса керек. Андас Қоқан хандығына қарсы соғыста ерлікпен қаза тапқан Саурық батырмен туысқан. Екеуі де шапқыншы жауға қарсы күресті бастаған батырлар. Андас бидің шыққан тегі Шапырашты, одан Есқожа – Қарасай батыр, одан Өтеп – Көшек – Түркпен. Көшектен Түкті-Құрт, одан Көшке, Стамбек, Көшкеден Сұраншы батырдың әкесі Әсімбек, Стамбектен Андас, Саурық батырлар тарайды. Андас Шапырашты, Айқым, Есқожа ұрпақтарының басын құрап ел етуде, олардың жаудан қауіпсіз болуы жолында зор еңбек сіңірген ел басы, аға биі.

Битуған, Бұқай, Байтыл – Орман ханның қолындағы жауынгер жігіттер. Қырғыз тарихында батырлығымен атағы шықпаған. Орман ханның айдап салуымен қазақ ауылдарын талай шапқан. Саурық батырды өлтіріскен.

Бұғыбай – батыр, қолбасы. Ұлы жүздегі Шапырашты тайпасының Ысық руынан. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күреске белсенді түрде қатысып, ерлігімен көзге түскен. 1847 жылы жазда қырғыздарға жасалған жорық кезінде қоршауда қалып, ерлікпен қаза тапқан. Бұғыбайдың ерлігін Нысанбай жырау «Кенесары – Наурызбай» дастанында, Доскей ақын «Кенесары» дастанында жырға қосқан. М.Әуезовтің «Хан Кене» атты пьесасында Бұғыбай бейнесі негізгі кейіпкердің бірі ретінде берілген.

Бұқар жырау (1693-1787) – қазақтың ұлы жырауы. Абылай ханның ақылшы биі, абыз. Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін жырлаған. Бұқар жыраудың Абылай ханға, Бөгенбай, Қабанбай, Олжабай батырларға шығарған арнаулары, насихат жырлары ел есінде сақталып қалған.

Бұқарбай батыр – XVIII ғасырда өмір сүрген қазақ батыры, әрі шешен. Ол 1822 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жалағаш кентінде дүниеге келген. Бала кезінен батырлығымен көзге түсіп, кішігірім жорықтарға аттанып тұрған. Бұқарбай батыр – Кенесары ханның оң қолы, Жанқожа Нұрмұхамедұлының ең жақын досы ретінде және Кенесары ханның ірі жорығына белсене қатысуы арқылы тарихта қалған.

Дулат Бабатайұлы (1802-1874) – қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ірі ақын. Оның поэзиясында өз кезінің қоғамдық өмір шындығы, көкейкесті мәселелері бейнеленеді. Ақын отаршылдық тауқыметін суреттей отырып, өз бастарының қамын ойлап кеткен атқамінерлерді аяусыз шенеді. Дулат халықтық шығармаларды, алдыңғы дәуірлерден жеткен ұлттық поэзия үлгілерін жаттап өскен, құрметпен қарай білген, көне түркі поэзиясынан тағлым алған.

Жанғараш, Жантай – қырғыздың атақты манаптары. Кенесарыны өлтіріп, басын Омбыдағы генерал-губернаторға тарту қып беріп, үлкен шен, мақтау алған.

Карл Маркс (1818-1883) – немістің экономист ғалымы, саяси экономист, революционер, философ, саясаттанушы, әлеуметтанушы, тарихшы, ғылыми коммунизм теориясының іргетасын қалаушы.

Кәрібоз – 1) Қырғыздың манабы; 2) Дулаттың ақылгөй, шешен қариясы, Сұраншымен замандас.

Кенесары (1802-1847) – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылдар арасындағы ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы. Қазақ жұртының соңғы хандарының бірі. Кенесары Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Кенесары 1841 жылы хан болып сайланады. Халықты ұйымдастырып, Ресей отаршыларына қарсы соғысады. 1847 жылы өзімен бірлесіп соғысудан бас тартқан қырғыздарға да қарсы шабуыл жасаған.

Керім – Жетісудағы атақты байдың бірі. Сұраншы батырдың тұсында Қоқан жағына тыңшылық жасаған.

Колпаковский Г.А. (1819-1896) – XIX ғасырдың алпысыншы жылдарындағы Жетісу облысының әскери губернаторы және казачествоныңатаманы, қазақ-қырғыздарды қарудың күшімен жаулаған Ресей монархиясының зорлықшыл генералы.

Қарасай батыр (1589-1671) – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі Шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Шежіре дерегі бойынша, Шапырашты Шам (Ыстық), одан Малды, Желді, Қалды есімді үш ұл туады. Малдыдан Екей, Еміл, Емілден Жайық пен Есқожа туады. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш есімді үш ұл туған. Алтынайдың үшінші әйелінен Қарасай батыр туған.

Құланаян Құлмамбет (1826-1903) – айтыс өнеріндегі айтулы тұлғалардың бірі. Оның ақындық даңқы Жетісу, Сарыарқа, Алатаудың күңгей беті Қырғыз еліне де кең тараған. Заманында қазақтың Түбек, Жанақ, Бақтыбай, Майкөт, Тезек төре сияқты ақындарымен айтысқан. Жамбыл Жабаев «Құлмамбет туыла бермейтін мықты ақын» деп ерекше бағалап, өнеріне тәнті болған. Ақынның өлеңдері жинақ болып шыққан.

Ленин В.И. (1870-1924) – саясаткер, Кеңес үкіметінің негізін қалаушы. 1917 жылы 7 қарашада төңкерісті ұйымдастырып, Кеңес одағын құрды. 1917-1924 жж. Кеңес үкіметін басқарды.

Мұса – пайғамбар, Алла Тағаладан кітап жіберілген төрт пайғамбардың бірі. Мұса (ә.с.) – Алла Тағаламен тілдескен және онымен жүздескен бірінші пайғамбар (Адам Атадан соң). Алла Тағаламен сөйлескендіктен, Мұса пайғамбарды Мұса Кәлим (Алламен тілдесуші) деп дәріптеген.

Орман – қырғыздың манабы. Кенесары, Наурызбайды өлтіріп, патшадан шен алған. Кейін Саурық батырды да өлтірген. Сұраншымен соғысқан.

Өтеген Өтеғұлұлы (1699-1773) – Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан батыр. Өтеген батыр он бес жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа қатысқан. Тауасар, Хангелді, Райымбек, тағы басқа батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасқан. Іле бойында қалмаққа қарсы жасақ жинаған Төле би әскеріне қосылып, Өтеген батыр елін жаудан азат етеді.

Рүстем төре – ХІХ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген. Жетісудағы төре Рүстем.

Саурық Ыстанбекұлы (1798-1854) – Ұлы жүз құрамындағы Шапырашты тайпасының Есқожа руынан шыққан, Қоқан, Қырғыз хандарының шапқыншылығына қарсы күрестерінде қол бастаған қазақ батыры. Саурық – ел қорғауға халықты бастай білген, осы жолда талай-талай ерлік көрсетіп, жалпақ жұртына тегіс танылған батыр. Саурықтың алғашқы ерлік істері Қарақыстақ аңғарының ішінде Тікендісай бұлағының құйылысында, 1816 жылдың жазында Қастек аңғарының Бестамақ деген жерінде Орман хан басқыншыларына қарсы жүргізілген қиян-кескі шайқастарда анық танылған. Содан былай қарай Саурық батыр күншығысы – Қарғалы, Ұзынағаш, күнбатысы – Дегерес, Жиренайғыр маңындағы қалың елдің жауға қарсы ұмтылған сарбаздарына қолбасшылық жасаған.

Сталин (Джугашвили) Иосиф Виссарионович (1878-1953) – кеңестік мемлекеттік, саяси және әскери қайраткері, 1922 жылдан бастап Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық комитетінің бас хатшысы, Кеңестік Үкіметінің басқарушысы. Сталиннің басшылығымен ауыл шаруашылығын коллективтендіру қолға алынып, байлар мен кулактарды тап ретінде жою саясаты жүзеге асырылды. Сталин елде қуғын-сүргін саясатын жүргізіп, тоталитарлық жүйені қалыптастырды. Ұлттық интеллигенция өкілдерін «халық жаулары» ретінде қуғындауды күшейтті.

Сұраншы Ақынбекұлы (1812-1864) – Ұлы жүз құрамындағы Шапырашты тайпасының Есқожа руынан шыққан батыр. Оның аталары – Қарасай батыр, Түрікпен, Мырзабек, Қашке ел арасына атағы шыққан шешен, батыр болған адамдар. Сұраншы Жетісу жерінің Іледен батысқа қараған өңірлеріндегі елді билеп, халыққа тізелерін қатты батырған Қоқан бектерінің зорлық-зомбылық әрекеттеріне қарсы шыққан. Осы озбырлыққа қарсы күреске Сұраншының сарбаздары белсене қатысты.

Сүйінбай Аронұлы (1815-1898) − әйгілі ақын, айтыс өнерінің майталманы. Сүйінбай айтыскер ақындығына қоса эпикалық жырлардың асқан шебері болған. Елдік мұратты көксеп, бастарын бәйгеге тіккен Өтеген, Қарасай, Сұраншы, Саурық батырлар туралы көшелі жырлар шығарған. Ал, Қатаған ақынмен, Тезек төремен арадағы айтыстары айтыс өнерінің тамаша үлгілері болып саналады. Сүйінбайдың шешендік тапқырлықтары, ғибратты нақылдары, сондай-ақ әлеуметтік-психологиялық сықақ өлеңдері оның заманы мен қоғамына белсене араласып отырған сергектігін білдіреді. Жамбыл ақын: «Менің пірім Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай…» – деп, оны өзіне ұстаз тұтқан.

Сыпатай Әлібекұлы (1781–1868) – Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Ботпай руынан шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділділігі мен ақылдылығы ел жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Батыр қазақ, қырғыз хандықтарының Қоқан ханына қарсы қозғалыстарына белсене қатысушылардың бірі. 1806 жылы Дулатқа тиген Қарабалтадан Түркістанға дейінгі жерге жау келтірмеген, еліне тиген жауларға өзі қол бастап, қарсы тұрған.

Тезек төре – Абылай тұқымы, Ұлы жүздің бір бөлігінің ханы, Ресей империясының Жетісу және Қырғыз жерін жаулауына белсене араласқан адам.

Черняев М.Г. (1828-1898) – Ресей империясының Қазақстанды отарлау саясатына белсене араласқан әскери генерал, ол 1864 жылы 5 маусымда Әулиеатаны (қазіргі Тараз қаласы), 1864 жылы 21 қыркүйекте Шымкентті, 1865 жылы 9 мамырда Ташкент қалаларын күшпен басып алған.

Шернияз Жарылғасұлы (1817-1881) – халық ақыны. Кіші жүз қазақтарының Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оның жалынды жыршыларының бірі болған. Шернияз жырларында көтеріліс тақырыбы басты орын алады.

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) – өз заманының жалынды ақыны, шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей – кепшік, момын шаруаларының тұрмыс-тіршілігінің шынайы куәгері.

Жинаушылар туралы мәлімет

Алтайский-Королев Константин Николаевич (1902-1978) – ақын, жазушы, аудармашы, Жамбыл Жабаевтың негізгі аудармашыларының бірі. К.Алтайский псевдонимімен белгілі. Алғашқы өлеңдерін С.Есенинге еліктеп шығарған. Маршал Клим Ворошиловтың биографы. Ол 1938-1954 жылдары екі рет саяси айыппен тұтқындалып, жер аударылады.

Кеңес жазушыларының Бірінші съезінен соң Ленинград және қазақ жазушыларының шығармашылық байланысы нәтижесінде К.Алтайский Жамбыл шығармаларын орыс тіліне тәржімалайды. Ол Жамбылдың 1938 жылы Мәскеуде жарық көрген «Песни и поэмы» жинағын құрастырған. Ілияс Жансүгіровтың бірнеше өлеңін орыс тіліне аударған. М.Қаратаевпен бірге «Гудок в степи» (Алма-Ата, 1960) романын, «Казахстан мой» (1958) өлеңдер жинағын жариялаған.

Амандықов Якуда – филология ғылымдарының кандитаты. Жамбылтанушы ғалым. 1935 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. 1953 жылы Созақ орта мектебін бітірген соң, 1962 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін бітірді. Ол «Жамбыл жырлайды» (1996) атты музыкалық-этнографиялық жинақ жариялаған.
Әбдіғұлов Рафат (1951-2017) – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1991-1995 жылдары М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жамбылтану және халық ақындары шығармашылығы бөлімінде жұмыс істеген. Осы жылдары халық ақындары шығармашылығына қатысты библиографиялық көрсеткіш дайындау жұмыстарымен, Жамбыл айтыстарын зерттеумен айналысты.

Әбдіқадыров Қалмақан (1901-1964) – ақын, жазушы, аудармашы. 1927-1929-1930 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің жұмысшы-тілшілер бюросының меңгерушісі, 1930-1932 жылдары Алматы қаласында Коммунистік жоғары оқу орнының студенті, 1932- 1935 жылдары қайтадан «Социалды Қазақстан» газетінде әдеби-сын бөлімінің меңгерушісі болды. 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналы бас редакторының орынбасары қызметіне ауысады және Қазақстан Жазушылар одағы партия ұйымының хатшысы болып сайланады. Осы жылдары жыр алыбы Жамбылдың әдеби хатшысы, кейін ақынның әдеби-мемориалдық мұражайының директоры, Қазақстан Жазушылар одағында халық ақындары секциясының жетекшісі, 1937-1941 жылдары Қазақтың көркем әдебиет баспасында редактор болып істейді.

Бегалин Сапарғали (1895-1983) – жазушы, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап жинақ етіп шығарды («Халық ақындары», 1953; «Өмір жыры», 1953), өнер саңлақтары жөнінде («Сахара сандуғаштары», 1976), жыр алыбы Ж.Жабаев туралы монография жазды. Жамбыл ақынның өмірбаяны мен ақындық ортасын арнайы зерттеді.


Бұлдыбай Анарбай – фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты, жамбылтанушы ғалым. 1950 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1974-1989 жылдары М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жамбылтану бөлімінде қызмет еткен. А.Бұлдыбайдың зерттеулерінде Жетісу жыраулық, жыршылық, ақындық дәстүрі, Жетісу өңіріндегі авторлық ауыз әдебиет өкілдері Қабан жырау, Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл, Құлмамбет т.б. шығармашылығы қарастырылады. Жамбыл Жабаев, Қалқа Жапсарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Қалихан Алтынбаев, Қуат Терібаев ақындардың жыр жинақтарын, «Өсиет», «Мәңгі көктем», «Жайқоңыр» жинақтарын құрастырған.

Ғұмарова Мәлике (1918-1994) – фольклортанушы, мәтінтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. Жамбыл шығармаларын жинаған, жариялаған, текстологиясын зерттеген. «Қамбар батыр», «Қыз Жібек» жырларының ғылыми басылымын дайындады. Халық ақындарының өлеңдері мен айтыстарын жинады.

Жароков Тайыр (1908–1965) – ақын. Батыс Қазақстан облысы, Жетібай ауылында туған. Алғаш білімді ауылда ашылған бастауыш мектепте алды. 1932-1933 жж. жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, 1933-1934 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, 1938-1942 жж. халық ақыны Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарды.

Кәрібаев Үмбетәлі (1889-1969) – ақын. Қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Үмбетәлі Кәрібаев ауылында дүниеге келген. Жасынан домбыра тартып, өлең-жыр шығарған Үмбетәлі ауылда оқып, хат таныған. Бақтыбай мен Тезек, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарын, «Мың бір түн», «Тотынама» дастандарын жатқа айтып, ел арасына таратты. Орынбай, Иса, Кенен, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай, т.б. белгілі халық ақындарымен айтысқан. 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оны жырға қосты. Үмбетәлі ақынға Алматы облысында ауыл аты берілген және мұражай-үй ашылған.

Орманов Ғали (1907-1978) – ақын, 1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған. Жамбыл мен Ғ.Орманов арасында ерекше достық пен сыйластық болғанын ақынның Ғалиға арнаған бірнеше өлеңінен байқауға болады. Жамбыл «Қалжың», «Жетіппін жүре-жүре қыр басына», «Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң», «Кекілік ұшып дүр етті», «Кәрілік», «Иісті майға» өлеңдерін арнаған.

Садырбаев Сұлтанғали (1931-2013) – фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол «Фольклор жөне эстетика» (1976), «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1977), «Қазақ халық әдебиеті» (1990), «Халық әдебиетінің тарихи негіздері» (1992), «Жамбыл жөне фольклор» (1996), «Фольклор жөне публицистика» (2002) атты оқулықтар мен монографиялардың авторы. Сүйінбай өлеңдерін жинау, зерттеп, жариялау ісіне үлкен үлес қосты. 1982, 1996 жылдары Ж.Жабаевтың академиялық толық жинағын шығарды.

Сариев Әбдіғали (1900-1964) – ақын, Жетісу жыр мектебінің өкілі. Сүйінбай, Жамбыл дәстүрінде тәлім алған. Ауыл мектебінде оқып сауатын ашқан. Жетісу ақындарының 1919 жылы Алматыда, 1923 жылы Ұзынағашта болған слеттеріне қатысқан. Өлең-жыр, толғау, дастандарын ауызекі шығарып, өзі қағазға түсіріп отырған. «Қарасай», «Саурық», «Алатау майданы» атты дастандары бар. Ақынның өлеңдер жинағы 1951, 1976 жылдары жарық көрген.

Сарыбаев Шамғали (1893-1958) – тілші ғалым, қазақ тілі әдіснамасының негізін салушылардың бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Қазақ тілі және оны оқыту әдістемесі, педагогика туралы 100-ге тарта ғылыми мақаласы, сондай-ақ он шақты монографиясы жарық көрген. Көп жылдар бойы қазақ, қарақалпақ ауыз әдебиеті материалдарын жинады. Жамбыл туралы алғаш рет 1925 жылы «Терме» журналының 1-санында мақала жазды.

Тәжібаев Әбділда (1909-1998) – ақын, драматург, әдебиет, театр зерттеушісі. Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшыларының бірі болған, көптеген шығармаларын ақынның өз аузынан жазып алған. 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. «Жылдар, ойлар» атты еңбегінде Жамбыл, Нұрпейіс, Иса ақындар мен М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Жұбанов, тағы басқа әдебиет және өнер қайраткерлері жайлы естеліктерін жариялады.

Тілепов Жұмат – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. 1944 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. 1978-1999 ж. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет етті. Жамбылтану бөліміне басшылық жасады. 1996 жылғы Жамбылдың екі томдық таңдамалы шығармалар жинағын құрастырушылардың бірі.

Шәріпов Сабыр (1882-1942) – жазушы, қоғам қайраткері. 1903 жылы Павлодар ауыл шаруашылығы мектеп-интернатын бітірген, Ақмола мен Атбасардағы ауыл шаруашылық машиналары қоймасының қызметшісі, 1907 жылға дейін Атбасар уезі Сарысу болысының іс жүргізушісі, бұдан кейін Ақмола, Көкшетау уездерінде ағаш шебері, кеңсе хатшысы, аудармашы болған. Ақпан революциясын Көкшетауда қарсы алған. Сібір, Түркістан, Көкшетау, Петропавлда Кеңес өкіметін орнату ісіне араласқан. Ауыз әдебиет үлгілерін, халық мұраларын жинаған.

Ысмайылов Есмағамбет (1911-1970) – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі. Жамбылдың әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан игерудің негізін салған зерттеушілердің бірі. Ақмола облысы Еңбекшілер ауданында дүниеге келген. Жамбыл шығармаларының 1940, 1946 жылғы басылымдарын шығаруға қатысты. Ауызша әдебиеттің төлтума сипаттары сараланған «Ақындар» монографиясын жазған.

Жер-су атаулары

Ақсеңгір – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы ауыл. Ұзынағаш кентінен солтүстікке қарай отыз бір шақырым жерде, Ақсеңгір өзенінің жағалауында орналасқан.

Ақтоғай – Шығыс Қазақстан обылысына қарайтып елді мекен.

Ақтөбе – Орталық Қазақстандағы көне қаланың аты.

Ақшелек (Шелек) – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл. Шелек ауылы «Шелек» батырдың атымен аталады. Соныменқатар, Шелектің желі соқса, жұрт Шелек батырдың мінезіндей жел ұйытқып жатыр деген. Шелек ауылы тек Алматы облысында ғана емес, бүкіл Қазақстандағы ең үлкен ауыл болып табылады.

Алатау – қатарынан орналасқан тау жоталарының жалпы атауы. Оларға Күнгей Алатауы, Кузнец Алатауы, Талас Алатауы, Қырғыз Алатауы, Жетісу Алатауы, Іле Алатауы т.б. жатады.

Алматы – Республикалық мәртебесі бар ең ірі қала. Қазақстанның оңтүстік-шығысында Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан. 1927 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды.

Алтай – Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Алтай Солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гоби жазығына дейін жан-жаққа таралған.

Аңырақай – Жамбыл облысының Шу ауданы жеріндегі тау сілемі. Аңырақайдағы Итішпес көлінің маңында 1729 жылы қазақ жасақтары жоңғар басқыншыларын ойсырата жеңген.

Арыс – Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзен.

Аспара – Жібек жолы бойындағы көне қаланың атауы.

Асы – Іле Алатауының шығыс сілеміндегі жайлау.

Балқаш көлі – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңізінен кейінгі үшінші орында.

Дегерес – Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауыл, Дегерес ауылдық округі орталығы.

Ертіс – Батыс Сібір мен Қазақстан жеріндегі өзен. Обътың сол саласы. Монғол Алтайының оңтүстік батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады.

Есік – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы қала, аудан және Есік қалалық әкімдігі орталығы. Есік қаласының орнын адамдар өте ертеден мекендеген. Қаланың солтүстік жағында сақ мәдениетінің б.з.б. V–IVғасырлардағы аса көрнекті ескерткіші – Есік обасы орналасқан.1854 жылы бұл көне қоныс орнында Надеждинская станицасы қаланды. 1923 жылдан ол Есік станицасы болып аталды. 1968 жылы қала мәртебесіне ие болды.

Жалалабад – Қырғыз республикасындағы қала. Ферғана аңғарында, Бішкек Ош тас жолының бойында орналасқан.

Жалаңаш – Алматы облысы, Райымбек ауданындағы ауылдық әкімшілік округ орталығы. ХІХ ғасырдың аяғында казак-орыстардың станицасы, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қарқара ауданының орталығы болған.

Жетісу – еліміздегі ең ірі өлкелердің бірі. Жетісудың аумағында 1867 жылы Семиреченская облысы құрылып, ол 1922 жылы Жетісу облысы, 1924 жылы Жетісу губерниясы болып аталып, 1932 Алматы облысы бөлініп шықты.

Каспий – Еуразия құрлығының орталығында, мұхиттардан алыста, оқшау жатқан тұйық су алабы. Дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су айдыны, үлкендігіне қарап теңіз деп атайды. Каспий теңіз өңірі көптеген Еуразия елдерінде тарихи-мәдени өлке болып табылады.

Кеген – ауыл, Алматы облысы Кеген ауданының және Кеген ауылдық округі орталығы.

Келес – Сырдария алабындағы өзен.

Көкшетау – жақпартасты, орманды-көлді таулар жүйесі. Сарыарқаның солтүстігінде, Көкшетау қыратының солтүстік-шығыс бөлігінде, Шортанды ауданында оқшау орналасқан.

Күрті – Іле аймағындағы өзен. Алматы облысының Қарасай және Жамбыл аудандарымен ағады.

Қапал – Алматы облысының Ақсу ауданындағы елді мекен. Кезінде Қапал ауданының орталығы болған. Таулы, шипалы емдік судың мол қоры жинақталған.

Қарақастек, Қарақыстақ – Алматы облысының Жамбыл ауданындағы ауыл, ауылдық әкімшілік округі, аудан орталығы. Аудан орталығы Ұзынағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай он тоғыз шақырым жерде, Қарақыстақ өзенінің аңғарында, жусан аралас боз, бетеге, сұлыбас, көде өскен тау етегінің бозғылт қоңыр, қоңыр топырақты жонды-белесті келген құрғақ даласында орналасқан.

Қарғалы – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы ауыл. Қазақстан өңірінде Қарғалы атымен өзен, жайлау, қыстау бар.

Қарқара –Алматы облысының Райымбек ауданындағы өзен, тау, жайлау, ауыл атауы. Биік тау етегінен Шырғанақты өзеніне дейін созылып жатқан кең алқапты және сол өзен жағасындағы ауыл атын жергілікті халық Қарқара атайды. Осы жер 1916 жылы Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс ошағының бірі болғаны тарихтан белгілі.

Қарқаралы – Сарыарқаның шығысындағы тау жоталары. Түсті металл кендері бар тау. Тауда қарағай өсіп, етек жағы орманды келеді.

Қарой – Алматы облысы Іле ауданындағы елді мекен. Қаскелен өзенінің жағасында орналасқан.

Қарсықұзар – Түрікмен мен Иран арасындағы шөлдің аты.

Қасқасу – Оңтүстік Қазақстандағы кішігірім өзен. Мұндай өзен атаулары Қазақстан территориясында көптеп кездеседі.

Қозыбасы – Жетіжол жотасының солтүстік-шығысындағы аласа тау.

Қордай – тау, асу аты. Жамбыл облысындағы аудан орталығы. Шу-Іле тауларынының оңтүстік-шығысындағы Кіндіктас және Жетіжол жоталары аралығындағы асу.

Қызыл қия – Шығыс Қазақстан облысы Семей ауданындағы тау жотасы.

Қырым – Алтын Орда ыдыраған соң пайда болған хандықтардың бірі, ХVII ғасырдың екінші жартысына дейін дербес мемлекет болған. Қазіргі Қырым түбегінде орналасқан.

Нарынқол – Алматы облысы, Райымбек ауданындағы ауыл. Бұрын Нарынқол ауданының орталығы болған.

Орал – қала, Батыс Қазақстан облысының орталығы. Қала Жайық өзенінің жағасында, Шағанның Жайыққа құяр тұсында орналасқан.

Сарыарқа, Арқа – Қазақстанның бүкіл орталық бөлігін алып жатқан аймақ. Солтүстікте Қазақ жазығынан басталып оңтүстікте Бетпақдала мен Балқаш көліне дейінгі аралықта орналасқан.

Сарыбел – Жетісу Алатауының оңтүстік жоталар тобына кіретін жайлау.

Сарыкемер – Жамбыл облысы, Байзақ ауданының орталығы.

Сырдария – Орта Азиядағы ірі өзен. Қарадария мен Нарын өзендерінің Ферғана қазаншұңқырының шығыс бөлігіндегі қосылған жерінен баста Сырдария аталынып, Арал теңізіне құяды.

Талғар – Алматы облысындағы көне қала. Талғар ауданының орталығы. Алматы қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.

Түрген – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл, округ орталығы. Аудан орталығының Есік қаласынан шығысқа қарай 12 шақырым жерде, Түрген өзенінің жағалауында, Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан.

Ұзынағаш – Алматы облысы, Жамбыл аудынындағы кент.

Шу –Теріскей Алатау мен Қырғыз Алатауынан бастау алатын Жуанарық және Қошқар өзендерінің қосылған жерінен бастап Шу аталады. Ірілі-ұсақты 80 саласы бар, ірілері: (Қазақстанда): Қорағаты, Мерке, Қарабалта, Ақсу т.б.

Іле – Қазақстан мен Қытай жеріндегі өзен. Алматы облысының Райымбек ауданынан бастау алып, Қытай жері арқылы елімізге оралып, Балқаш көліне құяды. Шекарадан бері аталған облыстың Ұйғыр, Іле, Балқаш аудандарының жерлерін басып өтеді.

Хан Тәңірі – Шығыс Тәңір тауындағы шың, Қырғызстан мен Қазақстан (Алматы облысына таудың солтүстік-батыс бөлігі қарайды) және Қытай шекарасында. Солтүстік жер жартышарындағы ең биік нүкте. Жергілікті қазақ пен қырғыздар бұл тауды кешке күн батарда қызарып кететін түсіне қарап «Қантау», «қантоо» деп те атаған.

Ру атаулары

Абақ – Ұлы жүз Үйсіннен тараған ру. Абақ (Ақсақал), Тарақ (Жансақал) ағайынды болған.

Албан – Ұлы жүз құрамына енеді. Қазақ шежіресі бойынша, Бәйдібектің Домалақ ана (Нұрила) есімді кіші әйелінен туған Жарықшақтың тұңғыш ұлынан тараған тайпа. Ұраны – Бақтияр, тайпалық ұраны – Райымбек, Бәйдібек, таңбасы – дөңгелек.

Ботбай – Ұлы жүз Дулат тайпасының бір руы. Ботбайдан: Құдайқұл, Шағай, Қоралас, Бұйдас.

Дулат – Бәйдібектің кіші әйелі Домалақ анадан туған баласы. Жарықшақтан тараған тайпа. Дулат Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр болып бөлінеді.

Екей– Шапыраштыдан өрбіген ру. Екей өз ішінен Жәрімбет, Бейімбет болып таралады.

Есқожа – Шапыраштыдан тарайтын ру. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш тарайды.

Жалайыр – Үйсіннің құрамындағы тайпа. Үйсіннен – Тарақ (Жансақал), одан – Жалайыр, Жалайырдан: Сырманақ, Шуманақ.

Жаныс – Дулаттың Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда кең тараған тармағы. Ел ішінде ескілердің «Жаныс көп пе, қамыс көп пе» деген сөзі қалған.

Суан – Жарықшақтан тараған тайпа. Суаннан: Байтүгел, Тоқарыстан, Бағыс.

Тарақ – Ұлы жүз Үйсін тайпасынан тараған, «Жалайыр» атанып кеткен ру.

Үйсін – Жетісуда кең жайылған ел. Төбе биден – Майқы би, одан – Бақтияр, Бақтиярдан: Үйсін, Ойсыл.

Шапырашты – Бәйдібектің Жалмамбет атты ұлынан тараған тайпа. Шапыраштыдан: Асыл, Шыбыл, Екей, Еміл, Есқожа, Айқым.

Ысты – Жалмамбеттен өрбіген тайпа. Ыстыдан – Жауатар, одан Ойық, Тілік тарайды.

СӨЗДІК

Ажайып /а/ – ғажайып.
Ақберен – асыл болаттан соғылған жапырақ торлы сауыт; болаттан құйылған ұзын ұңғылы шиті мылтық.
Алмас – қару жасауға қолданылатын шынықтырылған асыл болаттың түрі.
Алпарысу – арпалысу.
Ашына – сырлас, мұңдас.
Әйла /т/ – жасау, істеу.
Әлемет – пәле, қырсық.
Бандура – украина халқының музыка аспабы.
Бел қылу – тірек ету, арқа тұту.
Берен – мықты, қайратты, өжет.
Енжер – енжар, немқұрайды, селқос.
Гіл – кілең, ылғи.
Ғайыперен, Қайберен – көзге көрінбейтін, қысылған шақта демеу беретін пір, қамқоршы.
Ғиззат /а/ – құрмет, сый, ізет.
Дүз – жүз.
Жалауы – еңбекақы, құны.
Жәлдеп – қу, сұм.
Жел сөз – алыпқашпа әңгіме; өлең сөз.
Заклад /о/ – кепілзат.
Залалкер – зиян келтіруші.
Зәндем – сұм, залым, айлакер, қу.
Землемер /о/ – жер өлшеуші.
Зияфат – қонақасы, салтанатты кеш; құрмет; сый-сияпат.
Ерентал – әскери шен.
Кеп – сөз.
Крестиан /о/ – шаруа.
Қанжілік – жөнді бапталмай бəйгіге қосылып, зорыққандықтан болатын ауру; жілігінің ішіне қан кету.
Қоздану – пайда болу, туындау; жандану.
Қыбырат – ғибрат.

Қырым – қиян, алыс.
Қышырлы – күшті, тегеурінді, мықты.
Магазин /о/ – дүкен.
Мәулет, мәулид /а/ –– туған жер, туған уақыты.
Меймана – байлық, дәулет.
Мелжем – күш, қуат, қайрат.
Мехнат /а/ – қиындық.
Меһер /а/ – қалың мал.
Мизам /а/ – заң, ереже.
Мұғаллақ /а/ – дел-сал.
Мұқам /а/ – мақам; сөзді ырғағына келтіріп айту.
Міскін /а/ – бейшара, ғаріп.
Өктәбр/о/ – Қазан төңкерісі.
Өртең – ескі шөбі өртеліп, орнына көк шөп шыққан жер.
Өтрәт /о/ – жасақ, отряд.
Помещик /о/ – ірі жер иесі
Піркәшік /о/ – іс жүргізуші.
Сиық – сыртқы түр-тұрпат, келбет.
Сұрау/т/ – ел билеу, басқару.
Суарылған алмас – мұқалмайтын етіп өткірлеу үшін қызған кезінде суық суға салып қатайту әдісімен соққан алмас қылыш, семсер.
Сірі – етіктің өкшесіне қойылатын қатты қалың көн; көн болып қатып қалған.
Тоғанақ – бума, жүк.
Төлежі, төлежу – құлпыру, ажарлану, түрлену, түлеу.
Тіллә /а/ – алтын ақша, алтын, ділда.
Уәжіп /а/ – міндет, борыш.
Шабағаншы – шапқыншы.
Шаңыт – шаңдатып, шаң борап тұрған.
Штраб /о/ – айыппұл.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Жамбылдың өлең-жырлары. – Алматы–Мәскеу: Қазкөркемәдеббас, 1938. – 224 б.
2. Жамбыл. Шығармаларының жинағы. 1 том. / Редколлегия: Т.Жароков, Ғ.Орманов, Қ.Сағындықов, Е.Ысмайылов, Ә.Тәжібаев. – Алматы: Қазақ көркем әдебиет баспасы, 1940. – 444 б.
3. Жамбыл. Шығармаларының толық жинағы. 1 том. / Редакциясын қарағандар: С.К. Кеңесбаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев (редактор). – Алматы: Қазақтың біріккен мемлекет баспасы,1946.– 736 б.
4. Жабаев Жамбыл. Шығармалар жинағы. 3 томдық. 1 том. / Редколлегия: Н.Сауранбаев, О.Нұрмағамбетова, М.Ғұмарова (жауапты ред.), Құраст. Қ.Тұрғанбаев, Т.Сыдықов. – Алматы, 1955. –215 б.
5. Жабаев Жамбыл. Шығармалар жинағы. 3 томдық. 2 том. / Редколлегия: Н.Сауранбаев, О.Нұрмағамбетова, М.Ғұмарова (жауапты ред.), Т.Сыдықов. Құраст. М.Ғұмарова, О.Нұрмағамбетова, З.Сейтғаппарова.– Алматы, 1955. – 351 б.
6. Жабаев Жамбыл. Шығармалар жинағы. 3 томдық. 3 том. – Алматы, 1955. –280 б.
7. Жабаев Жамбыл. Шығармалар: (Шығармаларының толық жинағы, үшінші рет басылып шығуы) / Ред алқасы: М.О. Әуезов, М.Базарбаев, Е.Исмаилов, О.Нұрмағамбетова, М.Ғұмарова. Құраст. О.Нұрмағамбетова, М.Ғұмарова, Т.Сыдықов. – Алматы: Қазақтың мемл. Көркем әдебиет баспасы, 1957. – 736 б.
8. Жабаев Жамбыл. 2 томдық шығармалар жинағы: 1 том.Жыр-дастандары / Құраст.: С.Садырбаев, К.Сейдеханов. – Алматы, 1982.–336 б.
9. Жабаев Жамбыл.2 томдық шығармалар жинағы: 2 том.Жыр-дастандары / Құраст.: С.Садырбаев, К.Сейдеханов. – Алматы, 1982.– 439 б.
10. Жабаев Жамбыл. 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағы. 2 том. Жыр, дастандар. – Алматы, 1996. – 312 б. Жалпы ред. басқ. С.Садырбаев. Құраст. Несіпбек Айтов, Мылтықбай Қараев, Жұмат Тілепов.
11. Жамбыл. Толық шығармалар жинағы. 2 том. Жыр, дастандар. / Құраст. Б.Ыбырайым, Р.Әбдіғұлов. – Алматы, 2014. 336 б.
12. Жамбыл. Шығармалар жинағы. 4 томдық. 2 том. Жыр-дастандар. / Құраст. Б.Ыбырайым, Р.Әбдіғұлов. – Алматы, 2016. 336 б.
13. Жамбыл Жабаев. Сұраншы батыр: Поэма және өлеңдер. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1939.

14. Жамбыл. Таңдамалы өлеңдері / Құраст. Т.Нұртазин. Жауапты ред. Қ.Шаңғытбаев. – Алматы: Қазбіріккенмемл.баспасы, 1946. 84 б.
15. Жабаев Жамбыл. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1967. – 320 б.
16. Жабаев Жамбыл. Таңдамалылар / Құраст. Мұхамеджан Етекбаев.– Алматы: Жазушы, 1971. – 312 б.
17. Жамбыл Жабаев творчествосы / Жауапты ред.: М.Дүйсенов; Жауапты шығарушы: К.Сейдеханов; Алматы: Ғылым, 1989.–272 б.
18. Жабаев Жамбыл. Жапанға біткен бәйтерек / Р.Сейсенбаев. – Алматы, 2013. – 280 б.
19. Жабаев Жамбыл. Үні кетпес құлақтан. — Алматы, 1970. (Ленин туралы өлеңдері)
20. Жабаев Жамбыл. Ұлы заң. – Алматы: Жазушы, 1972. – 96 б.
21. Махаева А. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы. – Алматы, 2007.
22. Исмайылов Е. Ақындар: Жамбыл және халық ақындарының творчествосы туралы монография. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1956.
23. Садырбайұлы С. Фольклор және Жамбыл. – Алматы: Ана тілі, 1996.
24. Эпостар жана мурастар. – Бишкек, 2002. 15-том.
25. Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: Арыс, 2007. – 800 б.
26. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 1-15 том / Жалпы ред. басқ. А.Ысқақов, Н.Уәли. – Алматы: Арыс, 2006-2011.
27. Қазақ тілінің аймақтық сөздігі / Құраст. Ғ.Қалиев, О.Нақысбеков, Ш.Сарыбаев, А.Үдербаев және т.б. – Алматы: Арыс, 2005. – 824 б.
28. Қалиев Б. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2014. – 728 б.

Қолжазбалар
Жабаев Ж. Замана ағымы. Жазып алған С.Шәріпов. ОҒК: 645-бума, 2-дәптер.
ОҒК: 641-бума.
ОҒК: 561-бума.
ӘӨИ: 159-бума
ӘӨИ: 160-бума
ӘӨИ: 161-бума
ӘӨИ: 162-бума

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы