Балалар әдебиетінің пәнаралық аспектілері
Балалар әдебиетінің пәнаралық аспектілері: Ұжымдық монография. – Алматы: «Қазына» баспасы, 2024. – 240 б.

Бұл ұжымдық монография қазіргі қазақ балалар әдебиетінің мазмұндық, әдіснамалық және пәнаралық қырларын кешенді талдауға арналған. Еңбектің негізгі мақсаты – балалар әдебиетін тек эстетикалық немесе педагогикалық феномен ретінде ғана емес, түрлі ғылым салаларының түйісу нүктесінде қарастыру арқылы кеңейтілген теориялық-тәжірибелік модель ұсыну. Монография ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің гранттық жобасы аясында дайындалғаны және жетекші ғалымдардың қатысуымен жүзеге асқаны оның ғылыми салмағын арттыра түседі.
Зерттеудің басты идеясы – балалар әдебиетін қазіргі білім беру кеңістігіне интеграциялау, оқушылардың оқырмандық мәдениетін қалыптастыру және тұлғалық дамуына ықпал ететін мәтіндік, психологиялық, лингвистикалық факторларды жүйелі түрде талдау. Авторлар балалар әдебиетінің аксиологиялық табиғатын айқындап, оның құндылықтық бағдарларды қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударады. Зерттеу жұмысында балалар әдебиеті жас оқырманның әлеуметтік-психологиялық портретін жасауға мүмкіндік беретін мәдени-әлеуметтік феномен ретінде қарастырылады.
Монографияда балаларға арналған мәтіндерді іріктеудің ғылыми критерийлері кең сараланған: оқылым дағдылары, тілдік-стильдік ерекшеліктер, жанрлық табиғат, жас ерекшелігіне сәйкестік, тәрбиелік ықпал т.б. Әдебиетті оқытуда қолданылатын мультимедиялық және кинематографиялық дереккөздерге жасалған талдау – кітаптың маңызды жаңалықтарының бірі. Әдеби шығармалардың экранизациясы мәтінді қабылдау мен түсінуді тереңдететін құрал ретінде бағаланып, көркем бейненің визуалды және вербалды табиғаты салыстырмалы тұрғыдан қарастырылады.
Монографияның ерекшелігі – балалар әдебиетін таза әдебиеттанулық категория ретінде емес, педагогика, психология, лингвистика, әлеуметтану ғылымдарымен байланыстыра отырып талдауы. Бұл еңбекті пәнаралық зерттеулер сәтті үлгісі ретінде көрсетуге болады. Авторлар сонымен бірге мектеп бағдарламасындағы әдебиет пәнінің концептуалдық мәселелерін де назардан тыс қалдырмаған: дәуірлеудің оқытудағы орны, әдебиет пәні мен әдебиеттану ғылымының ара-жігі, оқылым – тыңдалым – жазылым дағдыларының өзара байланысы.
Зерттеудің практикалық маңызы жоғары. Ұсынылған әдістемелік бағыттар мен теориялық тұжырымдар балалар әдебиеті бойынша оқу бағдарламаларын жетілдіруге, оқулықтар мен хрестоматиялар дайындауға, мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға қолдануға болады. Сонымен қатар, монография балалар әдебиетін тереңірек зерттеуге қызығушылық танытқан ғалымдарға, магистранттар мен докторанттарға құнды ғылыми-әдіснамалық база ретінде қызмет етеді.