ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы


Қазіргі поэзиядағы модификация

«Қазіргі поэзиядағы модификация: стиль, ырғақ, форма»

«Қазіргі поэзиядағы модификация: стиль, ырғақ, форма»: Ұжымдық монография. -Алматы: «Қазына», 2024. -240 б.

poezyaforma

Ұсынылып отырған «Қазіргі поэзиядағы модификация: стиль, ырғақ, форма» атты ұжымдық монография – ХІХ ғасырдан бүгінге дейінгі қазақ өлеңінің құрылымдық, стильдік және ырғақтық эволюциясын кешенді түрде талдауға арналған көлемді ғылыми еңбек. Зерттеу жұмысын ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландырған және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жас ғалымдары жазған.
Монографияда қазақ поэзиясының дәстүрлі арналары мен жаңа көркемдік үрдістері тарихи-әдеби контекстпен сабақтастырыла қарастырылған. Зерттеудің өзегінде – тәуелсіздік жылдарындағы әдеби парадигмалардың ауысуы, поэтикалық тілдің жаңғыруы, форма мен мазмұнды түрлендіруге деген ұмтылыс, еркін өлеңнің күшеюі, ырғақтық-мәтіндік құрылымдардың күрделенуі сияқты ХХ–ХХІ ғасыр поэзиясының басты тенденциялары тұр. Еңбекте қазақ өлеңінің ғасырлар бойы жалғасқан ұлттық поэтикалық дәстүрлеріне (ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы, жазба поэзия) сүйене отырып, осы дәстүрлердің қазіргі әдеби үрдісте қандай жаңа сипат алғаны жан-жақты талданған.
Зерттеуде қазақ поэзиясының ішкі даму логикасын айқындауға ерекше мән берілген. Авторлар поэтикалық модификация құбылысын белгілі бір кезеңдермен байланыстыра отырып, оның бастау көздерін анықтаған.
Монографияда стиль, ырғақ және форма категориялары өзара ажырағысыз бірлікте қарастырылып, олардың поэзиядағы қызметі нақты мысалдармен айқындалған. Әсіресе, өлеңдегі фонетикалық, лексикалық, интонациялық, мелодикалық ерекшеліктердің қазақ поэзиясының ұлттық табиғатын айқындайтын бірегей поэтикалық белгі екені атап көрсетіледі. Авторлардың пікірінше, қазақ өлеңінде әр сөздің мәдени кодпен сабақтастығы поэзияның стильдік және ырғақтық даралығын қамтамасыз етеді, сондықтан қазіргі өлеңдерді белгілі бір қалыпқа сай «верлибр», «ақ өлең» деп нақты жіктеу қиындық туғызады.
Монографияның маңызды тұстарының бірі – поэтикалық формалардың жаңғыруына тарихи ықпал еткен әлеуметтік-мәдени факторларды көрсетуі. Авторлар тәуелсіздік кезеңінде қазақ поэзиясында тақырыптық және құрылымдық ізденістердің кеңейгенін, ұлттық болмыс, рухани жады, философиялық рефлексия сияқты іргелі мәселелердің жаңа көркемдік тәсілдер арқылы бейнеленгенін жүйелі түрде көрсете білген. Сонымен қатар, өлеңнің ішкі құрылымындағы өзгерістер – дәстүрлі өлшемдердің түрленуі, еркін ырғақтардың көбеюі, тыныс белгілерінің көркемдік қызметінің артуы, логикалық-эмоциялық акценттердің жаңа формалары – поэзиядағы модификацияның негізгі тетіктері ретінде қарастырылған.
Еңбектің әдіснамалық құндылығы – поэзияны құрылымдық, мазмұндық және тарихи тұрғыдан қатар талдауы. Авторлар өлең мәтінін құрылымдық деңгейде жіктеп, стиль мен ырғақтың көркемдік қызметін нақты әдеби мысалдар арқылы түсіндіреді. Бұл тәсіл поэзиядағы жаңашылдықты жалаң сипаттамай, оның ішкі механизмдерін ашуға мүмкіндік береді.
Монографияның жаңалығы – қазіргі қазақ поэзиясындағы модификацияны ұлттық әдеби дәстүрдің табиғи жалғасуы әрі көркемдік үдерістердің нәтижесі ретінде қарастыруы. Зерттеуде әдебиеттегі қайшылықты пікірлер мен түрлі көзқарастардың болуы поэзия теориясының күрделілігіне тән заңдылық ретінде бағаланады. Авторлар осы пікір алуандығын ғылыми плюрализмнің көрінісі және поэтикалық ізденістердің тереңдігін көрсететін белгі деп түсіндіреді.