Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 1 желтоқсан күні ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың алыбы – Абай» атты апталық аясында «Абай Құнанбайұлы мұрасы және цифрлық өркениет: ғылым, білім, руханият тоғысындағы жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғылыми форум өтті. Шараның мақсаты – Абай мұрасын заманауи цифрлық өркениет жағдайында жаңаша талдап, оның шығармаларындағы адамзаттық құндылықтарды бүгінгі ғылыми-технологиялық даму үдерістерімен байланыстыра қарастыру.
Форум жұмысына Нидерланд, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан елдерінен және еліміздің түрлі ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарынан келген әдебиеттанушылар, абайтанушылар, зерттеушілер, қоғамдық қайраткерлер, сондай-ақ педагогтер мен студенттер қатысты.
Форумды университеттің Филология факультетінің деканы Алуа Василийқызы Таңжарықова жүргізді. Шара университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілептің алғысөзімен ашылды. Ректор өз сөзінде Абай мұрасын цифрлық өркениет жағдайында жаңаша зерделеудің маңызын атап өтіп, форумның ғылыми және рухани құндылығына тоқталды.
Салтанатты ашылу барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Қансейіт Әбдезұлы, шығыстанушы, әдебиеттанушы ғалым Зифа-Алуа Әуезова, құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасының әлемдік өркениеттегі маңызына тоқталды.
Форумның ашылуына арнайы қатысқан М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов құттықтау сөзінде Абай мұрасын цифрлық дәуірде жаңаша түсіндірудің өзектілігін атап өтті. Сонымен бірге қазіргі қоғамдағы жасанды интеллекттің рөліне, гуманитарлық білімнің жаңа форматтарына тоқталып, Абай шығармаларын цифрлық ортаға енгізудің ғылыми-танымдық маңызына назар аударды. Абайды тану – ұлтты тану, ал хакім ойларын жаңа технологиялық кеңістікпен сабақтастыра зерделеу – бүгінгі гуманитарлық ғылым алдындағы маңызды міндет екенін айқындады.
Форум барысында академик Кенжехан Матыжанов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Абай Құнанбайұлы шығармаларының үштомдық толық академиялық жинағын ресми түрде табыстады. Бұл жинақ – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында жарық көрген ғылыми мәні жоғары басылым. Жинаққа ақынның барлық шығармалары, сондай-ақ қолжазбаларға сүйене отырып түзілген мәтіндері толық енгізілді. Әрбір мәтін бойынша терең текстологиялық салыстыру жұмыстары жүргізіліп, қолжазба нұсқалары, алғашқы басылымдар және кейінгі мәтіндік редакциялар өзара салыстырылып, ең сенімді ғылыми нұсқасы қалпына келтірілді.
Басылым құрамында әр шығармаға арналған жан-жақты ғылыми түсініктемелер, тілдік, тарихи-мәдени, терминологиялық ескертпелер беріліп, Абай шығармаларының қалыптасу тарихы мен мәтіндік табиғатын дәл айқындайтын толыққанды ғылыми аппарат ұсынылған.
Форумда ғалымдар Абай мұрасын цифрлық талдау, виртуалды платформада оқыту, жасанды интеллект жүйелеріне енгізу бағыттарында ғылыми ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар форум барысында Жабал Шойынбеттің «Абайды қорғау – қазақты қорғау» атты еңбегінің және Марат Бекбосыновтың Абайтануға арналған зерттеу еңбектері топтамасының таныстырылымы өтті.
Апталық аясында ұйымдастырылған дәрістер, шығармашылық кездесулер, театрландырылған қойылымдар мен мәдени-ағартушылық іс-шаралар 5 желтоқсанда қорытындыланады.
(Фотосуреттер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің баспасөз қызметінен алынды).




