Үйі / Жаңалықтар / Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойын атап өту бойынша кеңес өтті

Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойын атап өту бойынша кеңес өтті

Кеше Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің ұйымдастыруымен Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойын атап өту бойынша кеңес өтті.
Кеңеске төрағалық еткен ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов жиынға қатысқан Республиканың Мәдениет басқармалары мен 76 жуық Мемлекеттік ұйымдардың басшыларына Құрманғазы Сағырбайұлының өмір сүрген жылдарына байланысты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 06.12.2017 ж. №056/486 тіркелген сараптау қортындысын таныстырды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Әділханұлы Жүдебаев мамандардың пікірінің негізінде Ғылыми кеңестің шешімін ұсынып, ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының өмір сүрген жылдары 1823-1896 жж. деп мәлімдеді.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директордың орынбасары Қыдыр Төрәлі 1996 жылы зерттеушілер Мақсот Жолжан мен Қуанғали Жұмалиев ізденістер барысында анықтаған деректерді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сарапшылық комиссиясына тапсырғандығын баяндады. Комиссия құрамындағы – ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, ө.ғ.д. Б.Ерзакович, филол.ғ.д. ҚР ҰҒА академигі С.Қасқабасов, ө.ғ.д. Б.Қарақұлов және филол.ғ.д. А.Сейдімбек қортынды шешімі «Егеменді Қазақстан» газетіне жарияланғандығын айтты. Сол кездегі: «Архив деректері мен зерттеушілер М.Жолжановтың, Қ.Жұмалиевтің, И.Кенжалиевтің, Ұ.Рахматуллиннің пікірлерін мұқият сараптай отырып, сарапшылық комиссия халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы дүние салған деген қорытындыға келді. Мұндай тоқтамға келуге, әсіресе, Астрахань облыстық архивінен табылған құжаттар бұлтартпас дәлел бола алады» [Егемен Қазақстан, 1996, 20 қыркүйек] – деген қаулы қабылданғандығын ортаға салып, аға буын ғалымдардың шешімін бүгінгі зерттеушілер ұстанатындығына баса назар аударды.
Бұл отырыста Құрманғазы Сағырбайұлының өмір сүрген жылдарымен қатар, бүгінгі күні ұлы күйшінің шығармашылығына байланысты өзекті мәселелер де талқыланды.
Кеңеске төрағалық еткен ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов жиынға қатысқан Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдыққа орай өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейде атқарылатын жылдық іс-шаралар тізімін 2023 жылдың 10-қаңтарға дейін анықтап, нақты ұсыныстардың жүзеге асырылуына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

  30 желтоқсан 2022 г.