Үйі / Жаңалықтар / Өткен жыл өркенді істердің ұйытқысы болды

Өткен жыл өркенді істердің ұйытқысы болды

Жаймен жылыстап өтіп бара жатқан Барыс жылы Еліміздің ғылым саласында есте қаларлықтай айтулы оқиғаларға толы болды.
• Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Ғылым және жоғары білім министрлігі жеке шаңырақ көтерді;
• Берекесі кетіп, несібесінен айырылып, қатардағы қоғамдық ұйымға айналып кеткен Ұлттық Ғылым Академиясы қайтадан мемлекеттік мәртебеге ие болды;
• Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылып жұмыс істемекші;
• Қазақстан Республикасының «Ғылым» туралы Заңына біршама оңды өзгерістер мен толықтырулар жасалды және ол әлі де жалғасады;
• Іргелі ғылыми зерттеу жүргізетін (негізінен гуманитарлық сала) ғылыми салалардағы жетекші ғалымдар базалық қаржыландыру негізінде тұрақты жалақы алу мүмкіндігіне ие болды.
Осындай ғылымның өркендеуі мен қарқынды дамуын ұйымдастырып, үйлестіруге тікелей әсер ететін нақты шаралар ғалымдардың көңіліне үкілі үміт пен сенім ұялатты. Мемлекет басшысының қолдауынан жігерленген Ғылым және Жоғары білім министрлігі де тың талпыныстар жасап, өрелі істерге мұрындық болуда. Ең бастысы, басшылық пен ғалымдар қауымдастығы арасында өзара сенім мен берік ынтымақтастық орнай бастағаны қуантады. Ғалымдардың мәртебесін көтеріп, мерейлерін өсіріп әлемдік әріптестерімен үзеңгілесе жемісті жұмыс жасауына жағдай туғызатын осындай мемлекеттік қамқорлық жүйелі жүргізілгені жөн. Ғалымдар қауымдастығы өткен жылдың өркенді істеріне ризашылық білдіре отырып, жаңа жылда жаңаша жұмыс істеуге жігерлене кіріседі деп сенеміз.
Барыс жылында атқарылған Еліміздегі өркенді істері баянды болсын, жаңа Қоян жылы бұдан да жарқын, жемісті, жеңісті болсын, ағайын!

  28 желтоқсан 2022 г.