Үйі / Жаңалықтар / «Көдек Байшығанұлы – заманның шындығын айтқан, әділдік үшін күрескен ақын» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

«Көдек Байшығанұлы – заманның шындығын айтқан, әділдік үшін күрескен ақын» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Бүгін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Көдек Байшығанұлы – заманның шындығын айтқан, әділдік үшін күрескен ақын» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға ғалымдар, әдебиет және өнер зерттеушілер, қаламгерлер, БАҚ өкілдері, өнер қайраткерлері арнайы қатысты.

Конференцияны институттың Бас директоры, ф.ғ.д., Қазақстанның ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов жүргізді. Ол кіріспе сөзінде Көдек ақынның тағдырлы ғұмыры мен артында қалған рухани мол мұрасына және қазақ әдебиеті тарихындағы алар орны мен шығармаларының әдебиеттану ғылымы аясында зерттелу деңгейіне тоқталды.

Шара барысында ф.ғ.д., профессор Айгүл Ісімақова «Көдек Байшығанұлы поэзиясындағы заман шындығы»; ф.ғ.к., профессор Анарбай Бұлдыбай «Көдек Байшығанұлының жоқтаулары мен дауыстары»; ф.ғ.к., Сағатбек Медеубекұлы «Көдек Байшығанұлы – қоғамдық санаға қозғау салған замансөз зергері»; т.ғ.д., профессор Жомарт Сімтіков «Көдек Байшығанұлы және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс»; ф.ғ.к., доцент Санагүл Майлыбай «Мұхтар Әуезов және Көдек ақын»; өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлия Сабырова «Жетісу өңіріндегі авторлық әндердің өзіндік ерекшелігі»; PhD, өнертанушы Бағылан Бәбіжан «Көдек әндерінің әуездік құрылымы»; әдебиет зерттеуші Нұрлан Сәрсенбаев «Көдек Байшығанұлының ақындық айналасы»; ф.ғ.к., доцент Советхан Тілеубаев «Көдек өлеңдерінің көркемдік сипаты»; өнер зерттеуші Тілеулес Құрманғалиев «Көдек әндерінің табылуы және жариялануы»; зерттеуші Нұрлан Әбдібекұлы «Көдек поэзиялық туындыларының жиналуы, жариялануы» тақырыптарында баяндама жасап, келелі ойларын ортаға салды. Ал ф.ғ.д., жазушы Нұрдәулет Ақыш Көдек ақын туралы өз пікірін білдірді.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иснтитутының ғылыми қызметкері, қолжазбатанушы, әдебиет зерттеуші Нұржұма Елесбай «Қолжазба қорларындағы Көдек мұралары» тақырыбында слайд көрсетіп, ақын шығармаларының текстологиясы жайында ақпарат берді. Ал әнші Т. Құрманғалиев К. Байшығанұлының әндерін орындады.

Конференция соңында Көдек Байшығанұлының жаңа жарық көрген үш томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Конференция Көдек өмір сүрген заман және халық тағдыры; Көдек өмірінің ақтаңдақтары; Көдек шығармашылығының белгісіз беттері; Көдек шығармаларындағы тарихи ақиқат; Көдек шығармаларының көркемдік кестесі; Көдектің ақындық айналасы; Мұхтар Әуезов және Көдек; Ілияс Жансүгіров және Көдек; Көдек Байшығанұлы – замансөзгер; Көдек аңсаған әділеттілік және қазіргі уақыт секілді бағыттарды қамтыды.

Көдек шығармаларында ел шежіресі, жеке тұлғалар тағдыры, қоғамдық-әлеуметтік шындық, адамдық болмыс, табиғат көріністері нақты деректермен көркем сипатталады. Оның шығармалары – ақиқат пен көркемдіктің үйлесімінен туған асыл мұра. Ол мұраларда әділдік үшін күрес рухы асқақтайды. Сондықтан да әділетті Қазақстан құруға бет алған бүгінгі ұрпақ үшін бағалы да қажетті.

  21 желтоқсан 2022 г.